Қызылорда облысы Қазалы қаласы
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Қожанова Нұргүл Тұрғанқызы
Диалогтік оқытуды сабақ барысында пайдаланудың тиімділігі
Мерсер мен Литлтон өз еңбектерінде сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетті. Ал Барнс сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. (МАН, 38 бет)
Мен осы ойларды негізге алдым, себебі бұл адамдардың қолданған әдістерінің барысы менің сабағымда да көрініс тапқандай болды. Сабағымда диалогтік оқытуды пайдаланудың маңызды екенін білдім.
Диалогтік оқыту білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Яғни диалогтік оқыту баланың білімін жетілдіруде көбірек қолданылады. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Диалогтік оқыту тек қана қазақ тілі мен әдебиеті саласында емес барлық пәндер үшін тиімді оқыту түрі болып табылады. Әсіресе тіл дамыту кезінде немесе басқа тілді үйрену барысында көп көмегі тиеді. Ы. Алтынсарин: «Балаға айтып түсіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды» деген. Яғни бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлері мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы айта кететін болсақ кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Яғни сабақ барысында «Оңай және қиын сұрақтар» кестесін қолдану арқылы сұрақтар қояды. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір -біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін. Диалогтік оқыту оқушылар арасындағы пікірталас кезінде көп туындайды. Мұнда оқушылар бір – бірінің жауаптарына қосымша сұрақтар қоя отырып, өз пікірлерін қорғауға қатысады. Оқушылар бір – бірімен әңгімелесу, яғни пікірлесу арқылы диалог құрады. Сабақ кезінде оқушылар берілген тапсырманы орындау барысында бір-бірімен сұхбат жүргізеді. Яғни талқыға салады. Ойдан ой туындайды, идеяларын бөліседі, онысын дәлелдеуге тырысады, бір-бірімен келіспейтін кездері де болып жатады, яғни өздерінің бойына сенімділік ұялап, сабаққа деген ынтасы артып, өздеріне деген жауапкершілікті сезінеді. Мұның барлығы диалогтік әңгіме болып табылады. Оқушыларға ойын кеңейтетін, яғни ойын дамытатын тапсырмалар беріп отырсақ, онда олардың ойлау деңгейлерін көтеріп, сөйлеу дағдыларын арттырамыз деген ойдамын. Сабақ соңындағы кері байланыстың өзін де диалогқа жатқызуға болады. Олардың бұл сабақтан алған білімдері мен сабаққа қатысты ойларын сұрау арқылы да біз диалог құрамыз. Сабақ кезінде көбінесе мұғалімнің сұрақ қойғанынан гөрі оқушының оқушыға сұрақ қойғаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені оқушылар сыныптасының қойған сұрағына қызығушылықпен жауап береді. Мұндай сәтте жауап дұрыс болмай қалған жағдайда басқа жауап беретін оқушы бар ма деп мұғалімнің қайта бағыттауына болады. Егер оқушылардың жауабы дұрыс болмай қалған жағдайда сұрақ қойып отырған оқушы өз ойын ашық білдіріп, мысалдар келтіре отырып, түсіндіріп береді. Яғни оқушылар арсында пікірлесу, әңімелесу, ой бөлісу арқылы сабаққа деген қызығушылық артады, білім беруді қиындататын қиындықтар мен түсінбестіктерді анықтайды, жояды.
Сыныпта тіл қаншалықты қолданылса оқушылардың білім алуы да сол деңгейде болады деп ойлаймын. Сабақ барысында диалог маңызды рөл атқарады, себебі сабақты ұйымдастыру, оқушыға жаңа материалды меңгерту, сабақты бекіту, бағалау, қортындылау диалог арқылы жүзеге асады. Мұғалімнің сұрақ қоюы сабақта маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады, сұрақтың жауабы беріліп, нәтижесінде диалог жүреді. «Диалогтік оқытуды» сабағымда қолданғанда сабағымның өз дәрежесінде өтілуіне өте зор көмектесті, мысалы: 8-сыныпта қазақ әдебиеті пәнінен 1-сабағымда үйге берілген тапсырма Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» кітабы туралы болатын. Мен үй тапсырмасын диалогтық әңгіме арқылы сұрадым.
Ахмет Иасауи кім? «Он екінші ғасырда өмір сүрген ақын, ғұлама, әулие, пәлсапашы»
Өмірі туралы не айтар едің? Қазақ халқының көне мәдениеті тарихында айрықша орны бар. Яссы шаһарында тұрған. Кейін Яссауи атанады. Қожа Ахмет Йассауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі –даңққа бөленген әулие болған, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана).
Ахмед Яссауи Бұхар қаласында діни білім алғаннан кейін Түркістанга келіп, сол кезде Орта Азияда кең тараган софылық білімнің насихатшысына айналады.
Ұстазы Арыстан баб туралы не білесің?
Өз еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан ілім-білімнің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жылы қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Йассауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады, - деп оқушы жауап берді.
Ал осы сұраққа төмендегі оқушының айтқаны күтпеген жауап болды. Тағыбарген Асхаттың жауабы: «Ұстазы Арыстабаб пен Йассауи жөніндегі бір аңызда Мұхаммед пайғамбар Арсытанбабқа бір түйір құрма беріп, оны Қожа Ахмет Иассауиге табыс етуін сұраған. Арыстанбаб сол құрманы ұртында 600 жыл сақтап жүреді. Сосын оны Йассауи Арыстанбаб ұстазына зор құрметін өзінің "Хикметтер" (Диуани хикмет) кітабында баяндайды.
Ислам жолын уағыздаушы данышпан ақын пайғамбар жасына жетіп, Аллаға шүкіршілік етеді, одан әрі, яғни алпыс үш жастан асып, тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен күнә санайды. Сол үшін жер астынан арнайы салынған орынға - қылуетке, арабша - оңашалану түсіп, қалған өмірін сонда өткізеді. Сол жер астында осы кітабын жазады», - деген аңызды айтып берді. Бұл оқушылар үшін тың дерек болды. Сыныптағы балалар үшін жаңа мағлұмат есте жақсы сақталып, нанымды болу үшін, «Бұл деректі қайдан алдың, дәлелің бар ма?» - дегенімде, оқушы: Ғаламтордан Қ.А.Яссауи деп іздедім, сонда оқығаным деп жауап берді.
Иасауи нені жырлады? Ахмед Яссауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен шығармасы «Диуани Хикмет» («Даналық жайындагы кітап») төрт тармақты өлеңмен жазылған. Шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды. Өзінің тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады. Бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды.
Нені насихаттады? Қожа Ахмет Йассауи сопылық ілімді, діни идеяларды насихаттады.
«Даналық кітабынан» алынған үзіндіден өз өмірлеріңе пайдалы нәрсе таптыңдар ма?
«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына қатысты бағалы деректер табуға болады.
Иасауидің өмірлік мақсат-мұраты қандай? Иассауи өзінің адамдық парызы – Алла мен адамның, адам мен қоғамның арасында “көпір – жол” болу деп ұғынады.
Тағы да басқа қандай мәліметтер білесіңдер? -дегенімде
Шарападин Арайлым: Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахсани және тагы басқалар оның жолын қуып, српылық ілімнің жаршысы болган. Ахмед Яссауи туралы ел аузында көптеген ұнамды аңыз-әңгімелер бар, - деп жауап берді. Оқушылар бір-бірін толықтырып отырды. Бір-біріне сұрақтар да қойып отырды.
Оның имандылық туралы ойлары қазіргі заманға сай келе ме? – деп сауал қойған кезімде, сыныпта әңгіме-дебат басталып кетті. Оқушылардың өз ойларын біршама еркін айтуына, пікірталастыруына мүмкіндік беріп, еш сұрақ қойып араласпастан сырттай бақыладым. Әр оқушы таласа, тартыса ойларын ашық айтып жатты. Түйінінде мен күтпеген жауаптар да есітіп қалдым. «Қазіргі таңда адамдар мешіттерге барып, намаз оқып имандылық жолын ұстануда» десе, «имандылық мешіт, намазда емес, адамның жүрегінде» деді Аружан, ал Руслан «Барлық адамдардан имандылық кеткен, сол себепті қылмыс т.б. жамандықтар көп» деді. Мені оқушылардың осындай жауаптары таң қалдырды. Ашық сұрақтарды сабағымда дұрыс қоя білсем, балалар өз ойларын еркін, ашық айтып, дәлелмен сөйлейтіндігіне көзім жетті. Мен бұл сабақтан алдағы уақытта оқушыларға ашық сұрақтар қойып, дәлелмен сөйлеуге дағдыландыру қажет деп ойладым.
Қазақ тілінен өткен «Сөйлем мүшелері туралы түсінік» деп аталатын сабағымда «сөйлем мүшелері туралы не білесіңдер?» деп сұрағанымда «Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш» десе, «тұрлаулы, тұрлаусыз» деді, бұлар сөйлем мүшелерінің түрлері мен құрамдық жіктелуі болғандықтан, одан әрі дамыту мақсатымен «Сөйлем мүшелерін қандай белгілеріне, қызметіне қарай тұрлаулы, тұрлаусыз деп жіктейміз?», «неге тұрлаулы, тұрлаусыз деп жіктейміз?» деген сұрақтарпен жетелей түстім. Диалогты өрбітейін, оқушылардың білім деңгейі қаншалықты құнды екенін білейін деген мақсатта бұл сұрақтарды қойған кезімде әдепкіде үздік оқушыларым жауап берді. «Жақсы», «Керемет», «Тамаша» деген мадақтаулар айттым. Үндемей отырған оқушыларды ортаға араластырайын деген оймен қайта бағыттауға арналған сұрақтарын сабақта жиі қолдандым. Мысалы: «Ал, Аянды тыңдасақ қалай болады?», «Иә, Ақерке сен не айтасың?» деп, қозғау салуым сол еді, мадақтауды естіген оқушылар ойларын тоқтамастан айта берді. Сол кезде оқушыда «Менде айта алады екенмін ғой», «Менде айтып көрсем болар ма?», «Менің ойым да дұрыс екен ғой» деген сенім ұялады деп ойлаймын. Себебі, сабақ кезінде орындарынан өре түрегеліп, қолдарын көтеріп, шуылдап кетті. Өзімнің қуанғаным, осы сабағым сәтті өткізілген сияқты. Өйткені, мүлдем үндемейтін оқушыларым диалог жүргізу арқылы аз да болса, өз ойларын айтты. «Жарайды, келесі сабақты да осылай барлығымыз, белсенділікпен өткізейік» деп, оқушыларға мадақтау сөздер айттым.
Қазақ әдебиетінен 8-сыныптағы «М.Қашқардің мақал-мәтелдері» тақырыбында өткен сабағымда оқушылардың бүгінгі өтетін тақырып бойынша базалық білімін анықтау және сабаққа қызығушылғын ояту мақсатында М.Қашқари суретін көрсетіп, «Бұл кім?» деп сұрақ қойдым. Оқушы өз білгенімен «М.Қашқари», «Түркі ақыны» деп жауап берді «М.Қашқари туралы не білесің?» дегенімде, «ақын, ғұлама, ойшыл, қайраткер», «Диуани лұғат-ат түріктің авторы» деп жауап берді, «Қай кезде өмір сүрген?» дегенде бала ойы сан-саққа шашырап кетті. «ІХ ғасырда», «Х ғасыр», «Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басы», «ежелгі дәуірде», «түркі тектес тайпалар заманында» деген жауаптар берді. Бұл дұрыс емес жауаптар Олармен де санасып, қандай сұрақ қойсам да әрқайсысы өз пікірін айта алатынына көзім жеткендей болды, себебі оқушының көзінен кішкентай болса да ұшқынды байқадым. Алдағы уақытта да жаңадан өткізілетін сабағымның тақырыбын оқушыларға сұрақ түрінде бере отырып, диалогты дамытамын деп жоспарлап отырмын. Мектептегі тәжірибе кезеңінде тізбектелген сабақтар топтамасындағы «Рабғузи» тақырыбын өткен кезімде жаңа сабақты бастамас бұрын «Қиссас-ул әнбия» немесе «Қисас-и Рабғузи» атты бұл кітапты 1310 жылы жаздым. Оны Насредин Тоқбұға бектің құрметіне арнадым. Оны жазған Рабат Оғыз қазысы Бурһанедин ұлы Насредин» - делінген, «Қалай ойлайсыздар, бұны айтқан кім?, неліктен? Неге айтты?» деп түрткі болу сұрағын тастадым да оқушы ойын тыңдай келе, мәтінді мынадай « ХІІІ –ХVІ ғасырда өмір сүрген жазушы», «Қисас ул-әнбия» кітабы (Әулие-әмбиелер туралы қиссалар)», « Қарлығаштың адамға достығы (қисса)», «Лұқман Хакім (қисса)» деген бөлімдерге бөліп бердім. Балалар мәтінді өз бетінше меңгерді және түсіну барысында сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтарын төмендегідей үлгіде қойып отырдым.
Рабғузи кітабы не жайында? Неге ол «Қисас-ул әнбия» деп аталды?
Қиссаларда адамгершілік идеясы қалай көрінеді?
Лұқман хакім туралы бірінші әңгіменің түйіні неде?
Адамның ниеті таза, дұрыс, ақ болуы керек. Үнемі тек жақсылықтар ойлап отыру керек.
Екінші әңгімеден қандай қорытынды шығарар едіңдер?
Бұл жерден тілдің құдіреттілігін көруге болады. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген сөздің себебі осында секілді. Қалай ойлайсындар?
Хакім қалай тірі қалды және сонда да патшаны құтқарды, мұны қалай түсіндірер едіңдер ?
Бұл қиссаларды «Қазақ ертегілермен» салыстырып көрейікші
Ал келесі сабақ барысында диалог жүргізіп, бағыт бағдар беріп, оқушыларға жоғары мәртебелі сұрақтарды қоя отырып, өз деңгейінде ойларының дами түсуін, ойын айту үшін сөйлеу дағдысының, сөйлеу мәнерінің, шығармашылық қабілеттерінің шыңдалып, орташа оқитын оқушының алға ұмтылып, кішкентай да болса өз ойын айта алуын кішкене болса да жеткен жетістігім деп есептеймін. Оқушыларды диалог пен дәйектер, талқылауға тарту белсенді жүргізілген жағдайда олардың оқуы тиімдірек және зиятты жетістіктері жоғары болатынын дәлелдейтін зерттеулер де көбейе түсуде.
Тапсырманы орындау барысында да диалог орын алды, берілген тақырыптар бойынша оқушылар жұпта, топта талдап, ортаға салып жатты. Осы тапсырманы орындау кезінде сыныптағы барлық оқушылардың ой-пікірлері, көзбен көру, ауызша ақпарат жасау, сөйлеу дағдылары қалыптасты, бірақ толығымен орындалды деп айту қиын, себебі үндемей отырған оқушылар да болды. Бұл қиындықты жеңу үшін диалогты өрбіту мақсатында, оқушыларға жабық сұрақтарды жауап беру қабілеттеріне сәйкес болатындай етіп құру қажет деген ой түйдім.
Менің пайымдауымша, диалогтік оқыту белсенді жүргізілген жағдайда оқушылардың білімі, сыни ойлауы жоғары және тиімді болады. Сонымен қатар диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырады, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосады, сабактың белсенді өтуіне әсер етеді. Келешекте оқушының көбірек білуіне, сыныптастарымен, басқа адамдармен қарым-қатынас жүргізе білуіне, сөйлеу қабілеттерінің дамуына көмектесетін диалогты оқыту әдісін кеңінен қолданамын және де әрбір сабақ өткізгеннен кейін оқушыларға сол күнгі алған әсерлері туралы рефлексия жасауды дағдыға айналдыруға үйретемін.
Пайдаланған әдебиеттер:
«Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 ж. Мұғалімге арналған нұсқаулық
С.Мирсейтова «Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде» Қарағанды, 2011жыл
Дәріс материалдары 3-апта, 3 күн
Ғаламтор материалдары
Достарыңызбен бөлісу: |