Қызылқұм ауылдық округі – Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда мал азығы дайындалмай, ел көп шығынға ұшырап отырған. Осыған байланысты екінші тың игеру мақсатында мал шаруашылығын дамыту үшін Қызылқұм беткейінен 1964 жылы Қызылқұм кеңшары ашылды. Жердің құмы қызыл түсті болғасын Қызылқұм деп аталған. Қызылқұм – Түркіменстанға дейін созылып жатырған шөлді аймақ.
Лақалы – ауыл. Қазалы қаласынан оңтүстікке ұарай 43 км қашықтықта. Балық атынан қойылған атау.
Майдакөл – ауыл, Алға ауылдық округінің орталығы. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 53 км жерде, Сырдарияның атырауындағы шөлді белдемде орналасқан. Ауыл 1973-96 жылдары күріш өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған.
Майлыаяқ – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Құнарлы, үлкен құдық» мағынасындағы атау.
Майлыбас – темір жол бекеті. Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 36 км жерде. «Шұрайлы жердегі бекет» мәніндегі атау.
Майлыбас – ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Аудан орталығынан 45 км қашықтықта орналасқан. Майлыбас ауылдық округі құрамында 8 елді мекен, оның ішінде – 2 темір жол стансасы және 4 темір жол бекеті бар. Тұрғындар саны – 188.
Матай – төбе. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстігінде. Абс. биіктігі - 72 м. Ру атынан не кісі есімінен қойылған атау.