Ж. №1 басылым беттің


- өзара (оқушының жолдасының іс-әрекетін бақылауы)



бет6/11
Дата05.06.2017
өлшемі2,18 Mb.
#17855
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

- өзара (оқушының жолдасының іс-әрекетін бақылауы);

- өздік бақылау (өзінің іс-әрекетін өзі бақылауы).

Педагогика үшін жалпы «Қалай бақылау керек?» деген мәселе тұр. Педагогикалық коммуникация құралдары бойынша бақылауды, әр түрлі көзқараста қарастыруға болады:



  • тәсілдер (дәстүрлі немесе дәстүрден тыс);

  • сипаты (субъективті, объективті);

  • оқытудың техникалық жабдықтарын пайдалану (техникалық, техникасыз);

  • түрі (ауызша, жазбаша);

  • уақытына қарай (алдын ала, бастапқы, негізгі, ағымдағы, аралық, жалпылау, қорытынды);

  • қамтылуы (дара, топпен, жаппай);

  • бақылаушы тұлға (мұғалім, оқушы-серіктес, өзіндік бақылау);

  • дидактикалық материалдар;

  • дидактикалық материалсыз бақылау (шығарма, ауызша сұрақ, пікірталас);

  • дидактикалық материалмен (таратпа материалдар, тестілер, билеттер, бақылаушы программалар);

  • таныс, талданған және меңгерілген материалдар негізінде;

  • бұрын меңгерілген материалдың түріне және мазмұнына сәйкес жаңа материалды меңгеру негізінде.

Педагогикалық бақылау жүйелерінің тиімді қызметі үшін бірнеше шектеулі шарттарды сақтау қажет:

  • объективтілік (барлық мұғалімдерге бірдей білім бағалау критерийлері болу керек және бұл критерийлер оқушыларға алдын ала белгілі болуы тиіс);

  • жариялылық, кез келген қызығушы тұлға нәтижелерді талдап және сәйкесінше қорытынды жасай алуы қажет;

  • талдау, педагогтың қойған бағасы күдік туғызбауы қажет.

Мектептің іс тәжірибесінде оқушының білімі мен біліктілігін бақылауға арналған дәстүрлі бақылаудың мынадай түрлері қалыптасқан:

  • жат жазу;

  • қысқаша өздік жұмыс;

  • жазбаша бақылау жұмысы;

  • зертханалық бақылау жұмысы;

  • өтілген тақырып бойынша ауызша сынақ.

Қысқаша өздік жұмыс. Жұмыстың бұл түрінде оқушыларға өзінің дәйекті жауабын беретіндей сұрақтардың тобы беріледі. Берілетін сұрақтардың үлгісі ретінде оқушының білімін анықтайтын теориялық сұрақтар, берілген тақырып бойынша оның біліктілігін анықтайтындай есеп шығару; нақты құбылысты тану біліктілігін көрсететіндей немесе тұжырымдар бере алатындай нақты жағдайлар; сонымен қатар нақты жағдайларды ғылыми деректер мен түсініктер тұрғысынан модельдеуге арналған тапсырмалар беріледі.

Өздік жұмысқа ұзақ уақытты талап етпейтін, жаңа ұғым жасауға арналмаған барлық іс әрекет түрін қамтитын тапсырмалар беріледі. Бақылаудың мұндай түрін орындағанда оқушы өздік жұмыс жоспарын ойластырып, сол жоспар бойынша әрекет етеді, сонымен қатар өз ой түйіні мен шешімін жасайды. Жат жазуды орындағанға қарағанда, бұл бақылау жұмысын орындауға көп уақыт кетеді.



Жазбаша бақылау жұмысы. Мектеп тәжірибесінде көп қолданылатын бақылаудың түрі. Дәстүрлі бақылау жұмысы тақырып пен тарауларды оқытқаннан кейін оқушының бойында қалыптасқан білім мен біліктілікті, түрлі есептер мен тапсырмаларды орындау мүмкіндігін, жеткен соңғы нәтижесін анықтауды мақсат етеді. Жазбаша бақылаудың мазмұнын тест, эксперименттік тапсырмалар құрауы мүмкін. Сөйтіп құрылған бақылау жұмысы арқылы оқушының білімі мен біліктілігінің шағын көлемін анықтауға болады. Тақырып бойынша тапсырмаларды орындауда эксперименттік есептер мен жаттығулар орындайды. Тарау оқытылып болғаннан кейін оқушының білімі мен біліктілігін бақылау мақсатында жүргізілетін болса, «бақылау жұмысы» деген ұғым кеңейтіліп, онда орындалатын тапсырмалар кеңейтіліп, түрлендіріліп бірнеше тапсырмалар топтамасы түрінде қолданылуы мүмкін. Бақылау жұмысының нұсқаларының түрлілігі әлі де даулы мәселе. Қазіргі мектептерде бақылау жұмысының 2, 4, 6, 8 нұсқасы қолданылады. Бұл мәселе әр оқушының дербес жұмысын ұйымдастыру үстінде мұғалімнің өз біліктілігіне байланысты шешіледі. Бақылау жұмысының құрамына дидактикалық талдау жасай келе, оны информатика пәнінде пайдаланудың мынадай тиімді ұстанымын атап өтуге болады:

  • оқушы білімді қаншалықты толық меңгергендігін анықтауға болады;

  • тапсырмалардың күрделілігі әр түрлі болады: бұл мұғалімнің оқушы білімді қаншалықты толық меңгергенін анықтауына жағдай туады. Егер тапсырманы кімде кім орындай алмаса, онда орындауға қажетті ақпаратты қандай деңгейде меңгергендігін, тақырыпты меңгеру мүмкіндігінің қандай дәрежеде екендігін көруге болады;

  • орындалуы күрделендірілген тапсырмалар болып кіруі мүмкін. Оларды орындау міндетті болмауы керек, бірақ оны орындаған оқушы қосымша көтеріңкі баға алады, ал мұғалім бағдарлама талаптарына міндетті түрде кірмейтін оқушы білімі мен біліктілігін айқындап алуға мүмкіндік алады;

  • бақылау жұыстарының құрамына тек қана есептеу тапсырмалары ғана емес, мысалы, үдерісті графикалық түрде сипаттауды немесе нақты жағдайдағы құбылысқа талдау жасауды талап ететін сапалық тапсырмалар да кіреді.

Бақылаудың жазбаша түріне бақылау жұмыстары, диктанттар, рефераттар, карточкалар бойынша жауап беру, тәжірибе жұмыстары, сынақ, емтихан жатады.

Білім беру жүйесінде емтихандық жазба жұмыстары ең жиі қолданылатын бақылау құралы болып табылады. Барлық зерттеулерде бірауыздан дәстүрлі жазбаша білімді бақылаудың әділдігі, нақтылығы, сенімділігі жеткіліксіз екені және сыныптан сыныпқа, пәннен пәнге өткен сайын баға ауқымында айтарлықтай айырмашылықтар пайда болатыны дәлелденді. Жазба жұмыстарының әділдігі жеткіліксіз екенін көрсеткен зерттеулердің қорытындысын жалпылай келе, барлық пән бойынша емтихан жұмысының бағасына мыналар әсер ететінін көреміз: 1) жазба жұмысының сыртқы түрі; 2) бағалаудың реті; 3) сыналушы туралы белгілі болған ақпараттың сипаты; 4) грамматикалық қателері; 5) қолтаңба; 6) оқушыға көзқарас; 7) сыныптың үлгерім деңгейіне қатысты бағалаудың салыстырмалы жүйесі. Жазба жұмыстарының сенімділігі мен нақтылығын зерттеу де жағымсыз қорытынды береді. Баға қойғанда, мұғалім сапаның абсолюттік ауқымына емес, сынып үлгеріміне бағдарланған жеке сапа ауқымын алады. Оқушының біліміне алған бағасы оның білімінің сапасы емес, бүкіл сыныпқа қойылатын бағаға және сонымен қатар оқушыны бағалаушы мұғалімге де тәуелді болады. К.Ингенкамп өзінің зерттеуінде бір пәннің өзі, егер ол мектепте негізгі болмаса, әр түрлі бағаланатынын, яғни пәннің “қиындығы” оның мазмұнына тәуелді емес екендігін дәлелдейді.



Зертханалық бақылау жұмыстары. Тақырыпқа сай оқулықтағы немесе оған сәйкестендірілген тапсырманың үлгісі. Ол бір эксперименттерді шешуге, ғылыми фактілер мен құбылыстарды елестету арқылы орындауға арналады. Зертханалық жұмыс – бақылаудың ерекше түрі. Оны орындау оқушыдан тек білім қорын қажет етіп қана қоймай, жаңа жағдайда өз білімі мен біліктілігін шеберлікпен қолдана білуді талап етеді. Жаңа жағдайда жинақтылықты қажет етеді.

Зертханалық жұмыс оқушының танымдық белсенділігін арттырады. Өз қолымен істеген жұмысты дәптеріне түсіріп орындау оқушының ынтасын арттырып, белсенділігін жетілдіреді.



Тақырып бойынша ауызша сынақ. Бұл жоғары сыныптағы бақылаудың негізгі түрінің бірі. Оның артықшылығын мынадан көруге болады: оқушының білімі мен біліктілігін кешенді түрде нақтылауға мүмкіндік береді. Оқу үстінде зертханалық жұмыс, тапсырманы орындап, мұғаліммен өз білгені туралы пікірлеседі. Мұғаліммен ауызша пікірлесу оқушының дүниетанымының қалыптасуын бақылауға, білімдегі олқылықтарды білуге, курс бойынша түсініксіз мәселелерді анықтауға болады. Бұл жағдай сынақ алудың басқа түрінен артықшылығын көрсетеді. Бұл бақылаудың неғұрлым дараландырылған үлгісі болып табылады. Мұғалім осы жүргізілген бақылаудың нәтижесінде әр жеке тұлға қандай білім мен біліктілікке назар аудару қажеттігін анықтайды. Әр оқушыға өзіне тән тапсырма бере алады. Сынақ алу ұзақ уақытты талап етеді, сондықтан тақырыпты жақсы меңгерген топты одан босатуды жөн санайды. Тақырып бойынша сынаққа әзірлеудің, оны өткізудің ұстанымы:

  • сынақ алуға кемінде 2 сағат бөлінуі керек;

  • сынақтың өтетіні оқушыларға алдын ала хабарланады, тақырыпты бастамас бұрын сынақтың уақытын хабарлап, оның билеттеріне кіретін теориялық сұрақтармен таныстырады;

  • теориялық сұрақтардың жиыны 20-дан артпайды;

  • сынақтың осындай күрделі жағдайын ескере отырып, сынақты жоғары сыныптарда ғана өтуі құпталады.

Тақта алдында оқушыдан ауызша сұрау кең таралған, тексерілетін тақырыптың көлеміне қарай және қойылатын мақсатқа сай әр түрлі ұйымдастырылатын бақылау түрі. Бақылау мақсатының қойылуына қарай, мынадай жағдайларды бөліп көрстеуге болады: үй тапсырмасының орындалуын тексеру, жаңа өтілген сабақты меңгеруін бақылау, жаңа білімді игеру деңгейін анықтау. Ауызша тексеру әдісі екі бөліктен, тексеру сұрақтары мен тапсырмаларын құрудан, оқушылардың қойылған сұрақтарға берген жауаптарынан тұрады.

Ауызша тексеру тәсілдері сабақтың әр түрлі кезеңінде қолданыла береді. Тәсілді таңдау сабақтың мақсаты мен логикалық жүйесіне қатысты болады.



Ауызша түріне жататындар: тақта алдында сұрау, жаппай (фронтальді) сұрау, көзбен шолып бақылау (ескерту, талқылау, баяндамалар), оқушылардың өзара бақылауы, сынақ, емтихан.

Барлық ресми емтихандарда бақылаудың ауызша түрі маңызды роль атқарады. Соған қарамастан ол бақылаудың аз зерттелген түрі болып табылады, өйткені ауызша жауап ұзақ уақыт бойы оны қайтадан талдауға мүмкіндік беретін түрде бейнеленбей келді.

Білім беруде ауызша сұрау үлкен роль атқарады, ол мұғалімге оқушыларды өз ойын айтуға үйретуге мүмкіндік береді. Оқушы өз ойын сауатты түрде айтып үйреніп, сонымен қатар ойлай білуге де үйренеді. Соған орай, ауызша бақылау мәселесін көтергенде мыналарды ескеру керек:

1) жауапта барлық маңызды нәрселер айтылды ма;

2) оқулыққа не қосылды;

3) баяндау реті;

4) ой түйіндерінің дәйектілігі; қорытындының дұрыстығы;

5) оқушының сөйлеуі.

Оқушы жауабының мынадай жобасын ұсынуға болады:

1) не туралы сөз болуда;

2) не алынуы керек;

3) бұл қалай алынады.



Тестік бақылау. «Тest» - ағылшын сөзі, байқау, сынау деген мағына білдіреді.

Дамыған елдер мектептеріне тест енгізіп, оны жетілдіру, тез қарқынмен дамыды. Мектеп үлгерімін анықтау үшін ұқсас үлгіден дұрыс жауапты тану, қалған әріпті, цифрды, сөзді, формуланың бөлігін толықтыру үлгісіндегі тестер мен диагностикалық тестер кең етек алды.

Орындалуы жеңіл осындай тапсырмалар арқылы көптеген статистикалық материалдар жинақталды, оларды математикалық өңдеу арқылы тестік тексерудің алдындағы міндеттер анықталды. Тестер қазір жинақ түрінде баспадан шығып, оқулыққа қосымша электрондық дискі түрінде таратылады
11-ДӘРІС. «Ақпараттың берілуі және ақпараттық процестер сызығы.

Жалпы әдістемелік нұсқаулар.
Информатика пәні мұғалімінің әдістемелік шеберлігі сабақтағы күнделікті әбігерлікпен, ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді шешумен жалпыға бірдей білім беретін, дамытатын және прагматикалық сынды пәнді оқытудың басты мақсаттарын жоғалтып алмауға бағытталуы тиіс. Бұл міндеттерді шешуге төмендегі ұсынымдар көмектесуі керек.

1. Ақпарат – курстың орталық түсінігі. Ақпарат түсінігі – бүкіл курстың негізі. Мұны мұғалім кез келген тақырыпты баяндағанда ойынан шығармауы тиіс. Әрбір бөлім – ақпарат пен ақпараттық үрдістер (ЭЕМ – ақпаратпен жұмыс істейтін әмбебап құрал, алгоритм – басқарушы ақпарат) туралы әңгіме.

2. Жүйелілік ұстанымы (принципі). Пәнді оқу барысында оқушылардың санасында өзара тығыз байланысқан білім жүйесі қалыптасады. Курстың логикасы оның құрылымында да, жеке бөлімдердің мазмұнында да байқалуы тиіс. Оқушылар әр бөлімнің қажеттілігі мен курстың жалпы құрылымында алатын оның орнын түсіну керек, жеке тақырыптар «ағаштарынан» пәннің білім жүйесінің «орманын» көру керек.

3. Курстың іргелі және прагматикалық құрамдастарын игерудегі параллельдік принципі. Курстың іргелі (жалпы білім беретін) және прагматикалық (технологиялық) құрамдас бөліктері қатар (параллельді) жүруі тиіс. Әртүрлі бөлімдерде олардың арақатынасы әртүрлі. АТ-мен байланысты бөлімдерде де міндетті түрде іргелі құрамдас бөлігі болады. Базалық курс үшін ол бірінші ретте.

4. Орындаушы принципі. ЭЕМ қосымшаларына қатысты барлық тақырыптарда: «ЭЕМ + қолданбалы БҚ (бағдарламалық қамсыздандыру) = ақпаратпен белгілі бір жұмысты орындаушы» әдістемелік тұжырымдамасы жүзеге асады. Мұнда орта, жұмыс режімі, бұйрықтар жүйесі, деректер (өңделетін ақпарат) сияқты құрамдастармен сипатталатын орындаушының архитектурасы туралы сөз етуге болады.

5. Өзін-өзі оқыту әдістемесін меңгеру принципі. Информатика мен компьютерлік технологиялар – жылдам дамып келе жатқан салалар. Сондықтан қызметі компьютермен байланысты адамға әрдайым өзбетімен білімін көтеріп отыруға тура келеді. Материалды баяндаудың әдістемелік реттілігі (әсіресе АТ арналған бөлімдерде) осы пәнде оқушыларға өзін-өзі оқытуды ұйымдастыру жүйесін беретіндей болу керек. Қосымша анықтама әдебиеттерін оқушылардың өз бетімен қолдана білуіне үйрету керек.

6. Тарихилық принципі. Оқушылар міндетті түрде информатиканың тарихымен танысу керек, онымен байланысты негізгі атауларды білуі тиіс. Тарихи арқауды білу оқушының санасында оқылатын пән туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға, оны қоғамның даму тарихы мәнмәтінінде қарастыруға көмектеседі. Мектептің бір де бір пәні «тұлғалар мен оқиғаларсыз» болмауы тиіс.

Базалық курсты оқыту әдістемесін қарастыра отырып, білім стандартының құрылымына көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан жалпы білім беру стандартының құрылымына сәйкестіріп және М.П. Лапчиктің еңбегіне сүйене отырып баяндайтын боламыз.

Ақпарат бағыты базалық курстың бүкіл мазмұнын қамтиды, себебі ол курстың орталық ұғымы болып табылады. Базалық курстың кез келген тақырыбында ақпараттық процестерді және ақпаратты түрлі әдістермен ұсыну жөнінде айтылады.

Бұл мазмұндық бағыттың қарастыратын басты сұрақтары:

-ақпаратты анықтау;

-ақпаратты өлшеу;

-ақпаратты сақтау;

-ақпаратты тасымалдау;

-ақпаратты өңдеу.

Бұл бағыт бойынша қойылатын негізгі мақсаттар:

- «ақпарат» ұғымынының мәнін – адам өмірі және әрекеттерінің негізінде анықтау;

- «ақпараттық үрдістер» ұғымын енгізу және олардың үш түрін: сақтау, тасымалдау және өңдеу үрдістерін көрсету;

- ақпараттық үрдістерде тілдердің атқарушы рөлін ашу.

1.2. Ақпарат ұғымын анықтау мәселелері

Тақырыпты оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулар

Қарастырылатын сұрақтар:

-ақпарат адам үшін не болып табылады;

-білімді саралау мәселесі, декларативті және процедуралық білім (ақпарат);

-ақпаратқа кибернетикалық тұрғыдан қарау;

-ақпаратты қабылдау кезінде адамның сезім мүшелерінің рөлі.



1. Ақпарат ұғымын субъективті тұрғыдан анықтау

Ақпарат – ғылымның іргелі ұғымы, сондықтан оны қандайда бір қарапайым ұғымдар арқылы жеткілікті анықтау мүмкін емес. Базалық курста ақпарат ұғымын– субьективті және кибернетикалық тұрғыдан анықтау әдісі қарастырылады.

Субъективті тұрғыдан қарау – ақпарат ұғымын адамның өмірінде және іс әрекетінде атқаратын рөліне байланысты анықтау. Әдетте «ақпарат» сөзін бір хабардың мағынасы, маңыздылығымен байланыстырамыз. Осы жағынан алғанда, телеграмма берушінің келетін күні бізге белгілі болса, онда оны хабарлайтын телеграмма ешқандай да ақпарат бермейді. Алайда, мағына мен маңыздылық адамға байланысты, субьективті ұғымдар.

Субъективті тұрғыдан ақпарат ұғымын ашқанда, балалардың ақпарат жөніндегі интуитивті ішкі ойларына сүйену қажет. Әңгімені негізінен балалар жауап бере алатын сұрақ қоя отырып, диалог түрінде жүргізген дұрыс.

Ақпарат – информатикадағы алғашқы, анықтамасы берілмейтін ұғым. Сондықтан оқушылардан бірден ақпараттың анықтамасын талап ету дұрыс емес. Бұл ұғымға оқушыларды сұрақ қою арқылы жеткізу керек. Мұғалім оқушылармен бірге ақпараттың мына анықтамасын алады: адам үшін ақпарат – әртүрлі ақпарат тара-туші көздерінен алатын білім. Бұдан кейін балаларға түсінікті мысалдар келтіріп, бұл анықтаманы бекіту қажет.

Ақпарат анықтамасын адамдардың білімі деп қабылдаған соң, өзінен-өзі – біздің жадымызда сақталған білімнің мағынасы деген қорытынды туындайды. Себебі адамның жады – ақпаратты сақтайтын құрал. Яғни, адамның жадында сақталған ақпаратты, ішкі, жедел ақпарат деп атауға болады. Әйтсе де, адамдар ақпаратты өз жадында сақтап қана қоймай, жазба түрінде қағазда, магниттік тасымалдауы-штарда, т.б. сақтайды. Мұндай ақпаратты сыртқы (адам тұрғысынан қарағанда) деп атауға болады.



2. Адам білімін саралау мәселелері. Сонымен, сөз адамның білімін саралау мәселесіне ауысты. Білімді саралау - өте күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселемен «Жасанды интелект» ғылымы айналысады. Оның басты мақсаты – адамның білімін саралау және модельдеу болып табылады.

Информатиканың базалық курсы шеңберінде білімді – декларативті (баламасы – мәлімдемелік) және процедуралық (баламасы – орындау тәртібі) деп бөлуімен шектелсе жеткілікті.

Декларативті білімнің сипаттамасын мынадай сөздерден бастауға болады: «Мен не екенін білемен» (орысш. – «Я знаю, что...»). Ал, процедуралық білімнің сипаттамасын мынадай сөздерден бастауға болады: «Мен қалай орындауды білемін» (орысш. – «Я знаю, как...»). Мұнда, осы сипаттама негізінде, оқушылар білімнің екі түріне де мысалдарды сенімді келтіре білуін талап ету қажет. Келешекте оқушыларды компьютердің жұмысымен және құрылғыларымен таныстыру үшін білімді осылай бөлінуін алдын ала (проподевтикалық) талдап алу өте қажет екенін мұғалім жақсы түсінуге тиіс.

Компьютерде адамға ұқсас ішкі – жедел және сыртқы – ұзақ уақытты жады болады. Компьютердегі ақпарат туралы сөз қозғалғанда оқушылар ондағы барлық ақпаратты – деректер және бағдарламалар деп екіге бөлінетінін білетін болады. Яғни, деректер – декларативті, ал бағдарламалар – процедуралық ақпаратқа жатқызылады.

Компьютермен адамның ақпараттық қызметі арасындағы ұқсастықты, дидактикалық тәсілмен салыстыру, оқушыларға ЭЕТ- ның жұмысы мен мағынасы тиімдірек жеткізіледі.

3. Ақпарат ұғымын кибернетикалық тұрғыдан анықтау

Информатика және кибернетика бір-бірімен тығыз байланысты. Кибернетиканың негізін 1940-жылдардың аяғында америка ғалымы Норберт Винер қалады. Қазіргі информатика пәнінің пайда болуында кибернетиканың рөлі орасан зор болғанымен, бүгінгі күні кибернетика информатиканың бір саласы ретінде қарастырылады.

Кибернетика күрделі машиналар, тірі ағзалар, қоғамдық жүйелермен жұмыс істеуге қолайлы. Бірақ ол олардың ішкі механизмін түсінуге ұмтылмайды. Оның қарастыратыны – жүйелер немесе олардың компоненттері арасынағы арақатынастар болып табылады. Сондықтан кибернетиканы – тірі және жансыз жүйелерде басқару процестерінің жалпы қасиеттерін зерттейтін ғылым деп анықтайды.

Күрделі жүйелерді сипаттауда кибернетикада «қара жәшік» моделі қолданылады. «Қара жәшік» және «кибернетикалық жүйе» терминдерін синонимдер ретінде қарастыруға болады. «Қара жәшіктің» басты сипаттамасы – кіретін және шығатын ақпарат.

Осындай екі қара жәшікті алып қарастыратын болсақ, олардың арасындағы арақатынас ақпаратты алмастыру арқылы жүзеге асады. Кибернетикалық жүйелер арасындағы ақпарат кейбір тізбекті сигналдар түрінде тасылады.

Ақпараттық алмасу барлық жерде, жан-жақта – адамдар, жануарлар, бірлесіп жұмыс жасайтын техникалық құрылғылар, адамдар мен техникалық құрылғылар, т.с.с. арасында жүріп жатады. Осы жағдайлардың бәрінде ақпараттың табиғаты әртүрлі : акустикалық, жарықтық, графикалық, электрлік, т.б. сигналдар тізбектерімен жіберіледі. Сонымен, кибернетикалық тұрғыдан қарастырғанда: ақпарат кейбір алфавиттің символдарынан (сигналдардан) тұратын тізбек. Ақпарат үғымын дәл осы тұрғыдан қарастыру ақпаратты компьютерде өңдеуге мүмкіндік береді. Ендеше, ақпараттық процестердің үш формаларының бәрі (сақтау, тасымалдау, өңдеу) символдармен жұмыс жасауға әкеледі екен.



4. Ақпаратты қабылдауда адамның сезім мүшелерінің рөлі

Қоршаған ортадан адамның ақпаратты түйсіну проблемасын талдағанда адам көптеген түйсік каналдарға ие екенін, солар арқылы оның миына (жады) ақпараттың түсетінін, оқушылардың назарын аудару қажет. Бұл каналдар – біздің сезім мүшелеріміз. Олар бесеу: көру, есту, дәм, иіс және сезу. Алғашқы екуінің, яғни көру және есту түйсіктерінің рөлі айқын болса, қалғандары түсіндіруді талап етеді. Біз есімізде таныс заттардың иістерін, таныс тағамның дәмдерін сақтаймыз. Сипалау арқылы кейбір заттарды танимыз. Есімізде бар нәрсе – біздің жадымызда сақталып тұрады. Яғни, ол біздің біліміміз, сондықтан – ақпарат болып табылады.

Ақпарат қандай процестерге қатысады, мұндай процестерде ол қандай өзгерістерге ұшырайды? Біздің әрқайсымыз ақпаратты жинауға, сақтауға, тасымалдауға, өңдеуге және пайдалануға болатынын естідік. Жүріп келе жатқан жолымызға қарап, біз көру мүшеміз арқылы ақпарат жинаймыз. Көздің нерв талшықтарында ақпарат өте күрделі түрлендіруден өтіп мидың көру бөліктеріне беріледі. Бұл жерде ол одан әрі өңделеді де, өңделудің нәтижесі бірден пайдаланылады: біздің бұлшық еттерімізге сигналдар (ақпарат) келіп жетеді, сондықтан біз шалшық суларды айналып, ал тастардан аттап өтеміз.

Біздің организмдегі ақпарат жинау мен өңдеу жүйесінің тағы бір жүйесі – жылу реттеу жүйесі. Біздің терімізде 300 мыңға жуық сезімтал клеткалар бар, олар дененің температурасы туралы ақпарат жинайды. Жиналған ақпарат мидың белгілі бір бөліктерінде: атап айтқанда, жылу қайтару орталықтарына (денені суытуды басқаратын) және жылу өндіру орталығына (денені жылытуды басқаратын) беріледі. Бұл орталықтарда ақпарат өңделеді де, қажетті жағдайларда, мысалы жылыту керек болса, тамырларға қан үдемелі түрде жіберіледі, ал суыту керек болса, тер шығару процесі күшейтіледі. Егер жылу шығару орталықтарына «жалған ақпарат» жіберілсе (мысалы, оларды электр тоғымен тітіркендіріп), онда олар денені өте қатты қыздырып, өлу температурасына дейін жеткізуі мүмкін. Адамзаттың қолымен жасалған әр алуан құрылғылар мен жүйелердің әрқайсысында қандай да бір дәрежеде ақпарат жинау мен өңдеу жүргізіледі.



1.3. Ақпаратты өлшеудің мағыналық жолы

Тақырыпты оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулар

Қарастырылатын сұрақтар:

-адам қабылдайтын хабардың ақпараттылығы (орысш.–информативность) неменеге тәуелді;

-ақпараттың өлшем бірлігі;

-хабардағы N теңықтималды оқиғалардың ішінен біреуіндегі ақпарат саны.

Хабардың_ақпаратылығы_–_ұғымын_ашу'>1. Хабардың ақпаратылығы – ұғымын ашу

Мағыналық тұрғыдан қарағанда мына ұғымдар тізбегі байқалады: ақпарат – хабар – хабардың ақпараттылығы – ақпараттың өлшем бірлігі – хабардың ақпараттылық көлемі.

Алғашқы пайымдау ол: ақпарат – адамдардың білімі. Мына сұрақ: хабар деген не?

Хабар – ақпаратты жіберу үрдісінде, оны қабылдайтын субъектке түсетін ақпараттық ағын.

Хабар – біз еститін сөздер (радиодан хабар, мұғалімнің түсіндірмесі), біз қабылдайтын бейнелер (фильм, светафор сигналы) және біз оқитын кітәп мәтіні, т.б.

Хабардың ақпараттылығы деген ұғымды мұғалім өзі және оқушылар келтірген мысалдар арқылы талқылағаны жөн.

Ереже: адамның білімін толықтыратын, яғни оған жаңа ақпарат беретін хабарды – ақпараттылы дейік.

Бір хабар, оның ақпараттылығы жағынан, әр адам үшін әртүрлі болуы мұмкін. Егер мәліметтер «ескі», яғни ол адамға белгілі немесе түсініксіз болса, онда ол үшін бұл хабар ақпараттылы болмайды. Егер қабылдаушы адамға, мәлімет түсінікті және жаңалық болып, оның білімін толықтырса, онда ол ақпараттылы және мағыналы (семантикалық) хабар болғаны.

«Ақпарат» және «хабардың ақпараттылығы» деген ұғымдарды бір мағыналы деуге болмайды.

Ақпараттың мағыналық (семантикалық) тұжырымдамасы шеңберінде, хабардың ақпараттылығы деген ұғымды енгізу, ақпаратты өлшеу тақырыбына бірінші жақындау болып табылады.

Қорытынды: Егер адам хабардан ақпарат алмаса, онда бұл адам үшін хабардағы ақпарат саны нөлге тең. Ақпараттылы хабардаға ақпарат саны нөльден үлкен болады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет