Ж. Б. Абылхожин (Негізгі бөлім)



бет2/6
Дата15.09.2017
өлшемі1,29 Mb.
#32643
1   2   3   4   5   6

Аталған есепті жылда осы жұмыстардың бірқатары орындалып және халық жадындағы естеліктердіңәр тарихи кезеңдердегі сипатты белгілерін, тарихи фактілерге қатыстылығын тікелей және жанама байланыстарын, сөйтіп, адам жадының «дерек сақтау» қорының шамасын анықтау, оның тарихи деректік күш-қуатын саралаужұмыстары жүргізілді. Қазақ халқының өткен ғасырға дейінгі тарихи жадының естеліктері, тарихнама мәліметтері және ұрпақтан ұрпаққа ауызша дамып жинақталған тарихи мәліметтер мен жазба дәстүрдің тұрақты дамуын қадағалаған ХХ ғасырдың ауызша тарихы жинақталды.

Соңғы ғасырдың бір ерекшелігі мен артықшылығы бар. Бұл кезеңнің техникамен ақпараттық технологиялардың ғасырыболуы, адам жадының құпияларын аршуға өз жәрдемін әр қырынан тигізуде. Мұны материалдар жинау барысында байқауға болады. Жалпы аталған есепті жылда хронологиялық ауқымды бай деректік материалдар сүзгіленді.

Олардың арасында халықтың этникалық тарихы, этногенезіне байланысты этнографиялық мәліметтер, шежірелер, фольклор деректері, қазақ халқының тарихындағы елдік, тәуелсіздік кезеңдерінің жаңа ғасырдағы тарихы, қазақ-жоңғар қарым-қатынасының шиеленіскен кезеңі - Отан соғысының халық жадындағы тарихы, отарлық кезең, империялық метрополияның экономикалық-саяси және әлеуметтік жоғарыдан таңылған өзгерістерінің нәтижелері, кеңестік билік, ХХ ғасырдың катаклизмге толы кескіні, кеңестік модернизацияныңхалықтың тағдырына,өмір сүру құндылықтарына, тарихына қатысты тосын, мүлдем жатәсері мен зардаптарының тарихы туралы сан алуан мағлұматтар кездеседі. Бұл материалдарды қазіргі таңда қолжазбалық нұсқадан компьютерлендірілген нұсқаға өткізіліп, бірегей халық жадының естеліктерінің деректік базасына айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Зерттеушілер бірнеше архив қорларында, кітапханаларда, ғаламтор беттерінде және куәгерлерден естеліктер жинау, іздестіру жұмыстарымен қоса, тарихнамалық, деректанулық талдаулар жасады.

Маңғыстау облысына, Ақмола, Көкшетау өңірлеріне түздік экспедицияға барды. Бұл аймақтарды таңдаудыңөзіндік себептері болды. Негізінен еліміздің ірі архив қорларында көбінесе орталыққа жақын оңтүстік аймақтардың тарихына қатыстыматериалдар жинақталған. Соның негізінде белгілі бір аймақтардың тарихнамалық жүйеленуі қалыптасты. Шеткергі аймақтардың астаналық орталықтардан қашық орналасуы, аймақтың, өлке тарихының бірізге түсірілген ұлттық тарихи білімнен шет қалуы белең алғанын байқатты.

Жоба орындаушылары осы олқылықтарды жою мақсатында аталған аймақтарға барып, ел арасынан тарихымызға, әр ұрпақтың өз өткеніне қатысты естеліктерін жинауды маңызды санады. Тұтас деректемелік қор құру ісі Қазақстан тарихнамасында осындай жан-жақты әр қилы ізденістер мен жаңа концепциялар бойынша дамитыны, қалыптасатыны түсінікті жәйт.Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты тың деректік материалдар, ел жадындағы өткен тарих туралы соны естеліктер табылып, қазіргі қалыптасқан тарихнамалық тақырыптардың деректемелік қоры мен жаңа ғылыми-зерттеу бағыттарына негіз боларлық деректер жинақталып қалды.

Мұның өзі зерттеу мәселесінің тағы да маңыздылығын және уақыты жеткен көкейкестілігін көрсетеді. Өйткені мәлімет беруші аға ұрпақ өмірі мәңгілік емес және адам жадының «тұрақсыздығы» тағы бар. Яғни өмір өзгерістері, тарихи сәттің адам жадында құбылмалыққа ұшырауы, немесе жад үшін маңызды күрделі бетбұрысқа толы кезеңдердің алдыңғы дәуірдің «тарихын» ұмыттыра бастайтыны мәлім. Бұл мәселенің осындай ерекше белгілерін ескеру ауызша тарих және естеліктерді зерттеудің тым күрделілігін және зерттеу методологиясын дамыту мен өзіндік методикасын жетілдірудің маңыздылығын көрсетеді.

Енді нақтылы атқарылған мәселелерге тоқталайық. Қазақ халқының тәуелсіздік кезеңі, Ресей империясына қосылуының тарихи-саяси себептері, оның тарихи алғышарты, атақты Отан соғысы, қазақ-жоңғар қатынасы туралы ауызша тарихтағы біршама тарихнамалық және деректемелік сұрақтар шешілді.

Қазақ пен жоңғар елі арасындағы күрес мәселесі көптеген еңбектерде көрініс тауып, зерттеліп келеді. Негізінен, тарихнаманы шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Олар: төңкеріске дейінгі, кеңестік кезең және қазіргі кездегі тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жарыққа шыққан еңбектер. Ал қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілерін тіпті ертерек кезеңге жатқызуға болады, себебі олардың дүниеге келуі қазақ пен жоңғар арасындағы қатынастардың барысы кезімен-ақ тұспа-тұс келеді. Олар, бір жағынан, тарихи дерек болып табылса, екінші жағынан, ондағы айтылған ойларды тарихнамалық тұрғыдан да қарастырып, ғылыми әдебиеттерде қалыптасқан тұжырымдармен салыстыра сараптауға болатын объект ретінде санауға лайық. Әрі бүгінгі таңда ұлттық идея көзқарасымен, тарих ғылымындағы заманауи методологияны қолдану арқылы қазақ, жоңғар қатынасының төл туындыларымызда сипатталуына тың көзқараспен бет бұру сөзсіз маңызды болмақ.

Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айту дәстүрі арқылы жеткен дүниелердің өзін бірнешеге бөлуге болады. Ауызша тарих деректерінің ішінде түрлеріне қарай қазақтың тарихи жырлары мен тарихи аңыздарды белгілі бір салаларға жатқызуға болады. Тарихи жырлар мен тарихи аңыздар атына сай қазақ халық фальклорындағы түрлі ертегілер, жыр-дастандан, мысалдар, хикаялар, эпостар, айтыстар, өлеңдер, мақал-мәстелдер, нақыл сөздер және басқаларымен салыстырғанда мәліметтері жағынан алғанда тарихилығының жоғарылығымен ерекшеленетінін байқай аламыз. Мысалы, жырларда зерттеу тақырыбымызға қатысты мәселелер «Абылай хан», «Ер қормалы – Абылай хан», «Бөгенбай батыр», «Өтеген батыр», «Шақшақұлы ер Жәнібек», «Олжабай батыр», «Арқалық батыр» және тағы басқаларында кездеседі. Тарихи аңыздарда да тарихи жырлардағыдай белгілі бір тұлға туралы жазылғандары көптеп кездеседі, әсіресе зерттеуіміздің хронологиялық шеңберіне сай келетін билер, батырлар, хандар жайлы тарихи аңыз-әңгімелерді сараптап қарастыру орынды. Мысалы: «Қазыбек би елшілігі», «Абылайдың алғаш көзге түсуі», «Абылайдың тұтқын болуы», «Абылай мен Әмірсананың достығы жайындағы аңыз», «Қаракерей Қабанбай», «Бөгенбай батыр», «Олжабай батыр», «Малайсары батыр» және т.б. Осы жырлар мен аңыздардағы кейбір мәселелердің өзінің бірнеше нұсқалары бар. Олардағы кейбір детальдар бойынша айырмашылықтар болып тұрғанымен негізгі оқиға желісі сақталып отырған.

Ауыз әдебиеті шығармаларының үлгісінде жоңғарларды қалмақ, құба қалмақ, жоңғар деп атап жазғандығын ескерте кету орынды. «Абылай» тарихи жырын алып қарайтын болсақ, онда екі ел қарым-қатынасына, нақтылап айтсақ, қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресіне қатысты біршама мағлұматтар алуға болады. Оның ішінде қазақ пен жоңғар арасындағы негізінен жер үшін болған шапқыншылық соғыстар жүргендігі, бұрыннан екі елдің өзара жауласқан халықтар екендігі туралы мәліметтер кездеседі:

Ежелден қазақ, қалмақ жерге талас,

Ел шауып, кісі өлтіріп жасаған қас.

Жеңіліп кейде олар, кейде бұлар,

Егестен ел ортасы таппай толас [9, 9 б.].

«Өтеген батыр» жырында да қазақ-жоңғар елдерінің бір-біріне деген жауластығы ежелден болғандығы жырланғанына куә бола аламыз:

Қалмақтар қазақпенен жау болыпты,

Арада үзілместей дау болыпты.

Созылған жылдан-жылға соғыс ауып,

Адамдар отырмаған пана тауып [10, 38 б.].

Қазақ пен жоңғардың ежелден жау етіп көрсетілуінің мәні бар. Ғылыми еңбекте де В.А. Моисеев көрсеткендей, қазақ елі өз хандығын құра бастаған кезеңнен бастап-ақ сыртқы саясатындағы бір бағытта жоңғарлардың арғы тегі болып табылатын ойрат тайпаларынан қорғанып бағуға мәжбүр болған. Автор ойынша, моғолстандық ханның Жетісу өлкесінде Қазақ хандығының құрыла бастағанына қарсылық көрсетпегенінің себептерінің бірі қазақтарды ойраттарға қарсы күште қолдануға деген ниетінде жатқан [11, c. 13].

Бұл уақыттағы заманның өзі жырларда жақсы айтылып сипатталғаны да мән беруге тұрарлық, сол жаугершілік кезеңді «құба қалмақ заманы» атаған.

Бірде қазақ шабады, бірде қалмақ,

Заманы тиыштық жоқ бүліншілік.

Бел шешіп төсегіне ер жатпайды,

Жылқыға ат жіберіп оттатпайды.

Үйде найза сүйеулі, белдеуде аты,

Дайындықсыз жүрегіне ас батпайды.

Күнде шу, шығып жатқан аттан айқай,

Қараңғы тиыш өткізбес кешті батқан.

«Құба қалмақ заманы» делінетін,

Найзасын жауға кезеп шартылдатқан [12, 302 б.].

Деректер бойынша Цеван Рабтанның 1697-1727 жж. билік құрған жылдары қазақ пен жоңғар халықтары арасында шиеленісті соғыстың жоғары шегі болып саналады.

Ғалданның мұрагері Суан Рабдан,

Бейбіт елге бүлік сап қылған мақтан.

Қасқыр боп қандыбалақ қойдай қырды

Қазақты Сыр бойында жайын жатқан [9, 11 б.].

Осыған қатысты Ресейдің Жоңғар елінде болған елшісі И. Унковскийдің Цеван-Рабтанның таққа отырысымен Қазақ ордасына қарсы отыз мыңдық әскер ұстағандығын және бірнеше рет қазақтармен соғысқанын көрсеткен пікірін көптеген зерттеушілер қолдайды [13, c. 40].

Дәл осы қоңтайшы кезінде қазақ қауымына жоңғар шапқыншылығының ішіндегі 1723-1727 жж. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары естен кетпестей із қалдырған. Осы оқиға атауының шығуы жайлы аңызда айтылады: «...ауған халық бір көлге келіп сұлап жатады (діңкелеп). Ортадан біреу тұрып: «Уа, балалар, бұл сапарға ат қойып, артқыға тарих қалдырайық», - депті.

«Өзің айт», - депті жұрт.

Сонда ол: «Осы сапарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», - деп атайық дейді. Отағасы: - «Ақтабан» боп жаяу шаңдатып шұбырып келеміз, ал «Алқакөл» дегенің – мына көл. «Сұлама» дегенім – мына өзгеріп, болдырып жатқанымыз», - депті. Жұрт қолдап, шу етеді» [14, 121 б.].

Осы оқиға қазақ қауымына аса ауыр зардаптар әкелгені жырларда төмендегідей суреттелген:

Айырылып ұл атадан, қыз анадан,

Бастағы үй, асқан қазан жұртта қалған.

Тау асып, қайың сауып, тыр жалаңаш,

Арқаға қазақ ауды Сыр бойынан.
Кебінсіз, көмусіз боп өлгендері,

Тірі қалды аш, арып сенделгені.

Тән тозып, ілініп Құдай болды,

Қарысып жаяу-жалпы жүргендері.


Суға кеп жаяу-жалпы жиылыпты,

Ел ағасы қариялар былай депті:

«Дүниеде құлақ естіп, көз көрмеген,

Ақтабан шұбырынды күні кепті» [9, 11 б.].

Ауызша тарихтың қазақ, жоңғар күрестің зерттелуіне қатысты қосқан үлесінің салмақтысы болып осы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының баяндалуы жатады.

Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қайратты күш көрсетіп, жеңіске қол жеткізе алмау себептерінің бірі ел арасындағы ауызбірліктің болмағандығы еді.

Ерегiс заман өзi тұр ғой шалқып.

Қазақ өзi бiреуiн бiрi өлтiрiп,

Бастарын кесiп ап жүр домалатып.

Ерегiсiп қатын үшiн ерлер өлiп,

Бұл қазақ жұрт болады ендi қайтiп?

Талқан қып бiр шетiнен шауып кетер,

Бiр жақтан қалмақ келсе шеру тартып [14, 284 б.]

Ауызша тарихи деректердің жаңа мәліметі Абылай ханның жастық шағы мен оның жоңғар батырын жекпе жек күресте жеңгені туралы оқиғасы болды.

Бірнеше нұсқасы бүгінгі күнде қолжетімді болып отырған Абылай хан туралы жырларда сол кезде Сабалақ атанып жүрген жас баланың жоңғар батыры Шарышпен өткізген жекпе-жегі баяндалған тұста кейбір ерекшеліктер байқалады.

«Абылай хан» жырында Әбілмансұр Шарышпен жекпе-жекке шығу үшін қолбасы Бөгенбай батырдың рұқсатын сұраған.

Сұрады сонда рұқсат: «Мен барам!» - деп,

Сабалақ Бөгенбайға кеп жүгінеді [9, 32 б.].

Ал «Ел қорғаны – ер Абылай» жыры бойынша Шарышпен белдесу үшін рұқсатты Әбілмәмбет хан берген:

Иілді рұқсат сұрап: «Хан ие» - деп, -

Батаңды бер, майданға тартам», - деді.

Жалт қарап Әбілмәммбет жас жігітке,

От шашқан көз нұрынан үміттенді.

Бір қарап көпшілікке, қолын жайып:

«Әруағы батырлардың қолда!» - деді [15, 79 б.].

Осы сұраққа байланысты ғылыми әдебиетке жүгінсек, қоңтайшының Шарыш деген баласы болмаған, алайда Абылай расымен жекпе-жек кезінде белгілі бір жоңғар шонжарын өлтірген екен. Ол туралы Р.Б. Сүлейменов пен В.А. Моисеевтің өз сөздерінен үзінді берсек: « ... Аблай в одном из сражений с ойратами убил любимого сына Галдан-Цэрена Чарчу. На самом деле такого сына у хунтайджи не было. Но Аблай действительно победил в единоборстве одного из знатных джунгарских князей» [16, с. 37]. Ш. Құдайбердіұлының өз еңбегінде: «... Ғалдан Церен деген ханының күйеуі, Хоңтажы деген ғаскер басының баласы – Шарыш деген батыр», - деп көрсететуі шындыққа жақын сияқты [17, 54 б.]. Себебі автор ойынша, Шарыш хан баласы емес, әскербасының ұлы болып тұр.

Абылайдың тұтқынға түсуі екі жырдың желісі бойынша да аңшылық сәтінде орын алғаны ұқсас баяндалған. Оның аңшылықта Өтеген батырмен жүрген кезінде жоңғарлар ұстап алып кеткені жазылған.

Жантайып, атты тұсап, жатып қапты.

Ұйқыға әбден келген қатып қапты.

Қалмақтың жиырмадай жасауылы

Бас салып, осы жерде байлап апты [18, 40 б.].

...елінің (жоңғардың – автор) батыры Жалпы белсеніп шығып, үш жүз мықты палуанды таңдап алып, жолсыз жерден жан жол жасап, Абылайдың аң аулап жататын бейғам жайын бағып, ұстап әкелуге уағда жасайды [15, 96-б.]. Ал тарихи еңбекте Абылай ханның жоңғарлармен болған кезекті шайқастарға тұтқынға түскедігі айтылған. Онда: «В ходе этих сражений с джунгарами Аблай и ряд его сподвижников были захвачены в плен», - деп жазылған [18, c. 34].

«Абылай» жырындағы баян бойынша Абылайдың тұтқындықтан босатылуына оның Қалдан Сереннің алдындай айтқан соңғы сөзі, яғни Абылайдың жоңғар қоңтайшысының жалғыз ұлындай өз аталарынан жалғыз келе жатқандығы және ол өлсе, ұрпақсыз қалатындығы себеп болған екен. Қалдан Сереннің сөзінен үзінді келтірсек:


  • Екенсің сен де жалғыз төрт атаңнан,

Келемін мен де жалғыз төрт атамнан.

Жалғыз ұл жар дегенде – Әмірсана,

Ол өлсе белгі қалмас ұрпағымнан.
Өлімге енді сені қия алмаймын,

Қастандық жалғыздыққа қия алмаймын.

Дос боп өт, өлгеніңше жалғыз ұлмен,

Бұл серттен қайта мойын бұра алмаймын [9, 46 б.].

Сол сияқты екінші жырда Абылайдың бостандыққа шығуына осы мәселе, яғни сұлтанның қоңтайшы баласы сияқты атадан жалғыз ғана тұяқ болып жалғасып келе жатқандығы себеп болғанын Қалдан мен Абылайдың диалогынан көреміз:

«Менің Әмірсанам секілді бұл да жалғыздың бірі екен ғой! – деп қалады.

Жауабын бағып тұрған Абылай мұны естігенде, дереу қол қусырып:


  • Алдияр хан, үкіміңізге құлдық! – деп кішілік білдіреді» [18, 102 б.].

Осылайша жырлар мен аңыздарда бір проблемаға арналған туындылар бірнешеу болса дағы олардағы ақпаратарда кішігірім өзгешеліктер кездесіп тұрғанменен, өткен оқиғаның негізгі желісі, түп мазмұны ұқсас болып келетінін аңғаруымызға болады.

Абылайдың тұтқыннан босатылуына байланысты тарихшылардың өздерінің арасында әлі бір жақты нақты қорытындылар жоқ екенін айту жөн. Себебі бір топ зерттеушелер К. Миллер елшілігі жұмысының нәтижесінде сұлтанның тұтқыннан босағандығы туралы пікірді қолдаса, кейбірі оған қарсы шығып, өздерінің түрлі нұсқаларын ұсынған. Сондықтан бұл түйінді мәселе әлі де нақты зерттеуді, оны ғылыми тұрғыда негіздей түсуді қажет етеді.

Қазақтар үшін Абылай ханның орны ерекше болып саналатындығы сияқты жоңғар елі үшін де өздерінің мықты қоңтайшыларының рөлі ерекше болған.

Жоңғардың елінің, оның қолбасшыларының мықтылығы туралы, әсіресе Қалдан Сереннің заманында олардың дәурені жүріп тұрған кезі болғандығын мына жолдардан аңғаруға болады:

Жоңғарда құба қалмақ қоңтайжысы,

Тұқымы осылардың – бір арысы.

Индыдан келген жаудан сақтайтұғын,

Тұратын барқыт белде қолбасшысы.


Тағы да бір бұтағы Ғалдан деген,

Хан болып, ол да бір кез дәурендеген.

Қан алып қадалғаннан қалғанынша,

Табаны өрт қоздырды тиген жерден [9, 10-11 бб.].

Жалпы, қазақ-жоңғар күресінің тарихын зерттеу барысында халық ауыз әдебиетінің бай мұраларын дерек ретінде сұрыптай отырып пайдалану аса маңызды. Халық ауыз әдебиетінің үлгілері, ауызша тарихи дерек немесе дәстүрлі ауызша тарих ретінде қазақ тарихының келелі мәселелерін зерттеудегі орны бөлек дереккөз ретінде саналады. Ауызша халық шығармашылығы арқылы да қазақ пен жоңғар қарым-қатынастарының көп қырларына қанық болуға мүмкіндік бар. Тек сол дүниелерді қолданудағы түрлі тарихи методологиялық бағыттарымызды жетілдіре түсіп, басқа да деректерді кешенді түрде қатар саралап, әдіс-тәсілдерді орынды қолдана білу арқылы орта ғасыр, соңғы орта ғасыр, жаңа замандағы негізгі оқиғаларды толықтырып, бүге-шігесіне дейін зерделеуге септігін туғызады.

Зерттеу мәселесінде қолға алынған тағы бір маңызды сұрақ, халық көзімен көрген оқиғаларды баяндаудың жазба әдістерінің пайда болған кезеңі. Мәселен, атақты 1916 жылғы көтеріліс тарихы ауызша көзімен көрген куәгерлер естеліктерінде жазылып қалды. Кеңестік кезеңде бұл істің ғылымда орнықты дамуының саяси-идеологиялық себептері болды. Араб, орыс, латын әріптерімен жазылып қалған бұл ауызша естеліктер куәгерлердің қолтаңбасымен немесе сұхбат беруші ретінде жазылып қалған. Бұл мәселеге байланысты орталық мемлекеттік архивтерде ізденістер жүргізіліп, оның тарихнамалық сұрақтары және мұндағы ауызша тарих естеліктерін пайдалану деңгейлері, барысы сараланды. Үстіміздегі жылдың айтулы оқиғаның тарихи датасына байланысты да зерттетушілер өз жарияланымдарын, баяндамаларын көпшілікке ұсынды.

Орталық архивтердің (ҚРОМА мен ҚР ПА) бірнеше қорлары тыл жұмысына қатысты кезеңнің естеліктерін сақтаған.

Мұның арасында халық жадындағы естеліктердің деректемелік маңызы айрықша. Тарихи деректердің бұл түріне өзіне тән ерекшелігіне, субъективтілігіне байланысты түрлі алалаулар болғанымен, сол қоғамдық тарихи құбылысты көзімен көргендердің мәліметтерінің орны толмас құндылығын жоққа шығару мүмкін емес. Халық жадындағы деректерді деректемелік тұрғыдан естеліктерге, ауызша тарих материалдарына қарай сыныптаған ыңғайлы. Деректемелердің аталмыш түрлері еліміздің мұрағат қорларындағы құжаттар тізбесінде, жеке жинақтар түрінде баспалық кітаптар сипатында, сондай-ақ электрондық ресурстар ретінде арнайы сайттарда шоғырланған.

Көтерілістің Жетісу аймағында ауыр сипат алып, қарқынды жүргізілуі осы кезеңнің тарихын зерделеуде бірнеше іргелі сұрақтарды қарастыруды талап етеді.Естеліктер мен ауызша тарих материалдарын терең жан-жақты салыстырмалы-салғастырмалы және қисындылық әдістерімен тарихи тұрғыдан талдау осы сұрақтардың нақтылы жауаптарын ұсына алады.Естелік иелері қарапайым халық пен зиялы қауым және Ресей империясының жергілікті билік өкілдері болды.

Әсіресе Алаш қайраткері, көрнекті қоғамдық-саяси тұлға Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1938) осы кезеңде өзінің күрескерлік, азаматтық рухымен қоса зерттеушілік-ғалымдық қырларын байқатады.Тікелей куәлік етуші ретінде жазылған қайраткердің«Верный округтық соты прокуроры бұйрығымен тергеушіге берген жауабы», «Жетісу және Сырдария облыстарындағы көтерілістің себептері туралы ресми орындарға жазған мәліметтері», «Сырдария облысының әскери губернаторына арналған көтеріліс туралы мәлімдемесі» және т.б. [19] жазбалары шын мәнісінде, жеке дара зерттеу жұмыстары.Ресми билікке заңдылық негізде талап қоя білетін, жастайынан туған еліне адал қызмет етуімен танылған М.Тынышбаевтың өз жазбаларымен қоса, жергілікті халық өкілдерінің оқиғаға қатысты куәгерлік жауап-түсіндірмелерінде өзі растап, қол қоюы барынша белсенділікті және жауапкершілікті көрсетеді.Халық жадының тарихымызды түгендеудегі деректемелік әлеуетін осы тарихи жазбалар айғақтай алады.

Мәселе, алдымен бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардан әскер алудан туғаны белгілі. Қазақ халқы Ресей империясы құрамына қосылғаннан бері бұл міндеткерлік жүктелінбеген. Әскери қызмет қазақтар үшін күтпеген жағдай болып қобалжыту туғызды. Алаш зиялылары бұл мәселемен ертерек айналысқан. «Қазақ» газеті бетінде бұл тақырыпқа байланысты сан алуан мақалалар жарық көрді. Мысалы, газеттің 1915 жылдың желтоқсанынан бастап, 166, 178, 179, 184 нөмірлері қазақтан әскер алынуы жайында материалдар басты. Мақалалар мазмұны соғысты халықтың түсіністікпен қабылдағанын байқатады. Олар мұны әр халықтың басында болып тұратын қалыпты құбылыс ретінде қабылдағанын М. Тынышбаевкөрсетті. Ол негізінен қазақтарды әскери қызметтің қай түріне (атты не жаяу әскер) алынатындығы ғана ойландырғанын жаза келе, былай дейді: «Қазақтардың көпшілігі (оның ішінде мен де) казак-орыспен теңесіп, жерімізді сақтау мақсатында атты әскер қатарында қызмет етудің тиімділігін жақтадық. Қазақтардың тек азғана бөлігі жаяу әскер құрамында болуды қалады». Қазақ халқында туу туралы куәліктің болмайтыны, мұның өзі жағдайды ауырлататыны ескерілді. Сондықтан жақын арада қазақтарды әскери қызметке тарту мүмкін еместігін түсіндіре келіп автор, «бұл мәселе іске асқан жағдайда, аса қиындық болатынын, оны зиялылардың күні бұрын болжап білгендерін» [20-21], – айтты. Осындай шешілуі қиын мәселені орталық үкіметке жеткізу үшін Ә.Бөкейханов бастаған өкілдер Петербургқа аттанған.

Сапардың барысы туралы жазып тұрған «Қазақ» газеті, қазақтан әскер алу кейінгі қалдырылғаны туралы хабарлады. Соған қарамастан қазақтарға әскери қызметтің қайсысы қолайлы деген пікір маусым айына дейін толастамаған [22]. Бірақ қазақтар майданға алынатын болды. Ол туралы 1916 жылы 25 маусымда патша жарлығы шықты. Онда қазақтардың, Орта Азия халқымен бірге майданның қара жұмысына 19-43 жастағы азаматтар жедел шақыртылатыны көрсетіледі.

Стихиялы түрде басталған халық толқуы біртіндеп ашық көтеріліске ұласады. Ол бірден ұлтаралық қақтығысқа айналды.Тамыз айында Жетісу өңірінің көп бөлігі көтеріліс құшағына тартылды. М. Тынышбаев генерал Куропаткин қабылдауында болғаннан кейін, Пішпек қырғыздарын сабыр сақтауға шақырады. Сөйтіп ол соңғы сәтке дейін халыққа болашақты ойлаудың қажеттігін түсіндіріп бақты. Алайда көп кешікпей оның өзі тұтқынға (үй тұтқыны) алынады. Оны үкімет көтеріліске қатысты деп айыптады.

Жетісу өлкесіндегі көтерілістің себебін отаршылдық биліксыртқы жасырын күштерден (әсіресе, түркішілдік және исламшылдық фобия) іздегенін, саяси-экономикалық езгінің ұлтаралық қақтығысқа ұрындырғанын, басқару жүйесінің отар аймақтардағы заңсыз жүгенсіздіктерінің зардаптарын сол кезде-ақ қаймықпай айтып, терең саралап,тіптен сараптамалық талдаулармен зерттеулер жүргізген қазақ зиялылары еді. Мұны да мұрағаттық деректемелердегі естеліктер мен куәгерлер түсіндірмелері айғақтайды.

Қоныстанушы славян тұрғындарының жергілікті халыққа қысымшылығы зорлық-зомбылықпен ұштасты. Облыстың Қапал уезінде казак-орыстар қазақтардың қарсы шығуына да мұрша бермейді. Олар қазақ пышағы мен ескі қылышты пайдаланған ұстаны бүлік ұйымдастырғалы жүр деген желеумен, жолдарында кезіккен екі қазақты қосып алып, Қарабұлақ станциясына алып келеді. Бұларға тағы да 11 қазақты қосып алып, бәрін қолдарын артына қайырып байлап, атып өлтірген [23].

Қоныстанушылардың қазақтарды арандатып, олардың мекен-жайларын тартып алғанын көрсететін фактілер де жеткілікті. Самсы болысы қазағы өз арызында тамыз айында Пішпек уезінің көшпелі болыстарында наразылық басталғанда, бүлікшілер өздерін күшпен қосып алар деген қауіппен, көрші орыстарды бірге қорғануға шақырғандарын айтады. «…Олар аманат үшін адам талап етті. Біз екі отбасы 12 адамды және болыс басқарушысын жібердік. Өзіміз бүліктен аман Покровка селосына көрші қоныстас болуға жинақталып жаттық. Бірақ таң ата өлімші болып жараланған 12 адамның бірі әзер келіп, қалған 11 адамның болыс басқарушысымен қоса орыстардың қолынан өлтірілгенін айтты». Бірге қорғанамыз деп орыстарға үміт артқан қазақтар осылай да жазықсыз құрбан болды. Арыз иесі, одан әрі казак-орыстармен бірге келген орыс шаруаларының өздеріне келіп, ойран салғанын баяндайды: «Бізді ессіз қорқыныш, үрей билеп, бүлік басылғанша бола тұрамыз деген оймен жазғы жайлауымызға, Александров асуына қарай қаша жөнелдік. Бүлікке қатыспасақта, келімсектер өздерінің айуандық әрекеттерін ақтау үшін бізді бүлікшілер деп айыптады».

Сөйтіп, келімсектер қырғыздардың астықты алқапта орналасқан үлесті жерлерін өздері иемдену үшін осындай қатігездіктерге барған. Арыз иесі өтінішінің соңында «…бізге барар жер қалған жоқ. Ашыққан кедейлер өз егіндеріне барып орыстар жинап әкеткенен қалған масақтарын теруге барса, казак-орыстар оларды ұрып-соғып өлтіріп кетуде» [24], - деп жазады.Тарихи сананы қалыптастыру, дамыту өткеннен тағылым алумен, оның сабақтарымен ескерілсе ғана нәтижелі.

Енді тікелей куәгер ретінде М. Тынышбаевтың ресми билікке жауабына тоқталайық. Қазақ зиялысы Верный округтық соты прокуроры бұйрығымен тергеушіге көтеріліске қатысты өзінің көзқарасын, пікірін жазып берді [25].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет