Ж. Б. Абылхожин (Негізгі бөлім)



бет4/6
Дата15.09.2017
өлшемі1,29 Mb.
#32643
1   2   3   4   5   6

Дәстүрлі қоғам тұрғындары қазақтардың сол кезеңдегі тарихи жады міндетін шежірелік таным атқарды. Көшпелі халық өміріндегі шежіренің ролін, оның ұлтты өзіне танытушы хас белгісін Н.Ә. Назарбаев аталған еңбегінде одан әрі тереңдей талдап береді: «...Көшпелілер қоғамының өзіне тән жағдайында қазақ халқы өзін орнықтыру үшін өз ішінде ғажайып тірек қалыптастыра білген. Сол тірегі, міне, он ғасыр бойы біртұтастығына кепіл болып келеді. Мемлекеттік құрсаудың болған-болмағанына қарамастан қазақ халқының біртұтас тарихи туынды ретінде сақталып қалуына да сол тірек себепші. Бұл жерде әңгіме әрбір қазақтың жеті аталық зердесі туралы болып отыр. Сахараның қазағы үшін шыққан тегін білу айдын төсіндегі теңізшінің қолындағы компас сияқты. Осы қасиет қазақ халқының маңдайына жазылған тарихи, географиялық, шаруашылық, саяси, экономикалық, мәдени ахуалына бірден-бір сай келіп отырған.

...Қазақтың бір тамырдан өсіп-өнген тектік тұтастығының сыр-себебі де осында. Көшпелі қазақтың өз шыққан тегін және рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-этикалық қағидаға айналған. Жеті атасын білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын тарата отырып, одан әрі исі қазақтың біте қайнасқан туыстастығына көзі жеткен» [44, 31-38 бб.].

Бұл ұлттық тұтастықты өмір сүру дағдысымен қоса күйреткен сырттан таңылған кеңестік билік болды. Кеңестік саяси-идеологияға бағындырылған халықтар тағдыры осы саясаттың құралы мен сынағына айналды. Кеңестік биліктің орнығуы кезіндегі әр қазақ баласыныңжәне оның отбасының тағдыры тұтас халықтың өмірін көрсете алады. Жетімдік пен жоқшылықсұхбат берушінің балалық, жастық шағының өкінішті шындығы.Табиғи апат, экономикалық-әлеуметтік мұқтаждық немесе өзара билік үшін соғыстар емес, сырттан мәжбүрлеп таңылған басқыншылықтан туған қасіретті жергілікті ұлттың өкілдерінің өмірдеректері арқылытерең сезінуге, түйсінуге болады.

Кеңестік жүйенің сән-салтанатын, заңдылығын барынша паш етіп, насихаттайтын ресми жазба деректерге таңылған жансыз тарихи танымның тым біржақтылығын мойындайтын уақыт келді. Қоғамның дамуы, оның болашағы өткен тарихты терең зерделеумен, пайымдаумен ұштасқанда ғана баянды. Әсіресе, ұлттық мемлекеттің өз тарихынан алған тағылымына жүгіну ұлттық салқынқандылықты сақтауға ықпал етеді.

Өз азаматтарын дәстүрлі қоғамнан басқа қоғамдық жүйеге өту кезеңіне даярлауға ықыласты болмаған кеңес үкіметі 20-ж. соңына қарай экономикалық науқандарын бастап жіберді. Мұның нәтижесі халықтың орынды наразылығына «Адай көтерілісі» ұштасып, бірқатарының шет елдерге босып кетуіне, ауа көшуіне түрткі болды. Жат елге барған қандастарымыз, өз руы мен ру қонысы арқылы ғана тарихи жадын сақтап қалды. Тек осы факт ғана жат елде мәжбүрліктен жүрген халықтың өзінің тарихи Отанын қандай жағдайда да ұмытпауға жетелейтінТемірқазыққа айналған. Шет елдерде өмірге келген қандастарымыздың ұрпақтары тек осы тарихи сананың мықты белгісіне айналған шежіре деректері негізінде өзін таныды, кім екенін, қайдан келгенін, тарихи Отанын біліп өсті. Бұл тарихи саналық естеліктер Иран, Ауғанстан,Түркия сияқты алыс шет елдерге ауа көшкен халықтыңтәуелсіздіктен соң елге оралуына, өткеннен өзінің ізін табуына мықты рухани, моральдық күш берген.

Сол сияқты өткен ғасырдың 50-ж. соңы 60-жылдарынан бастап Маңғыстау қазба байлығының жаппай игерілуіне байланысты Түрікменстан,Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен оралған қандас ағайындар да атажұртпен сол шежіре - естелік арқылы қауышып, тарихи Отанына сіңісіп кетті.

Бұл пікірімізді сұхбат берушілердің жас жағынан үлкендері қатарынан Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айтмағамбетұлы Мұхамеди (1922 ж.т.) ақсақалдың естелік-сұхбатымен қорыта түселік. «1929 жылы әкесі Бейбіт тәркілеу кезінде ұсталып, бес баламен қалған шешесімен бірге 1933 жылы Түрікменстанға көшкен Мұхамеди 1965 ж. Маңғыстауға оралады. 94 жасқа келгенше қолынан қаламы түспеген, мұнайшы кәсібін игерген Мұхамеди ақсақал өз өміріндегі (Кеңес үкіметінен көрген жетімдігі мен жоқшылығы, жат елге кіріптар болған қиындығы,т.б.) ауыртпалықтарға қарамастан, өзінің ата-тегі, ру шежіресі жайында жанкештілікпен ізденуге кіріскен. Кіші Жүздің Адай-мұңал тайпасына жататын Байбоз руының генеалогиялық шежіресі, қандайда бір сыртқы факторларға қарамастанкөшпенділердің тарихи жадына беріктігін айғақтап береді.

Тарихи жадынан ру шежіресін шығармау, аласапыран жылдарында жан-жаққа бас сауғалап, өміріне араша іздеген ағайынның арадажартығасырдан да көп уақыттан соң туыстарын,аталастарын іздеп-табуына, ағайындарымен қосылуына мүмкіндік берген. Иранға кеткен қандастарымыздың ұрпағы Н. Тобыштың (1957 ж.т.), Түрікменстаннан қоныс аударған Ү. Максимовтың (1960 ж.т.) естеліктері осындай мәліметтерімен құнды[42,10 б.].

Өзі де кеңестік саяси-идеологияның қуғындауына ұшыраған асыл мұра – шежірекөшпенділердің тарихи санасының бірегейлігін негіздеуші тарихи деректік болмысымен қатар қолданбалық міндетін көрсетті. Шежіре жад пен есті жоғалтпай, қайткенде де біріктірушілік миссиясын барынша атқарып шықты.

Кеңестік идеологияның ұлтсыздандыру саясатына қарамастан Маңғыстаудан қоныс аудармаған жергілікті тұрғындар да – шежіренің ұлттық бірегейлікті және өзін айқындаушы рөлін ішкі түйсікпен қабылдаған. Жеті атасын білу шарттылығын қатаң сақтаған жергілікті маңғыстаулықтар ауызша дәстүрде сақталып келген шежірелік танымды меңгергені сауалнамаларда көрінеді [42,15-20 бб.]. Респонденттердің қай-қайсысының да шежіреге мұқияттылығы байқалады.

Әрбір рудың аталарын жалаң тізбектеумен шектелмей, оның немесе сол рудың елге іс-әрекетімен өнеге, үлгі болған, басқа қырларымен танымал адамдарын қоса көрсету шежіренің тарихи, тәрбиелік функциясы екенін ескеру болып табылады. Бұл өлкенің тарихи фольклоры мен ономастикасының зерттелуіне де үлес қосады. Әр ру шежіресінде Маңғыстаудың жер-су атаулары, топонимдері, дәстүрлі ауызша тарих туындылары, батырлық жырлар, тарихи жырлар, аңыздар, «Ақбөбек-Қайып» махаббат дастанына дейін кездесетіні осы бір тарихи фольклордың деректемелік мол қорының сипаты [42,23-25 бб.]. Кеңес үкіметі тұсында да халықтың рухани демеушісі болған Бекет ата тектік-тарихи құндылықтардың тұғырына айналған.

Ауызша тарихтың маңыздылығы жекелей тарихи құбылыстарды ғана көрсететінарнайы деректерден әлдеқайда ауқымды ақпараттық мүмкіндігінде. Сұхбат беруші өз өмірін айтумен ғана шектелмей, ата-бабасының өмір тарихын қосып, тұтас тарихи деректік ақпаратқа жетелейді. Шежіремен өскен қазақ халқының зейінділігі тарихымыздың шындығы ел ішінде сақталғанын меңзей түседі.

Жергілікті маңғыстаулық, Сенек аулының тұрғыны, руы – Адай-Кедей Қ.Нұрғараевтың (1947 ж.т.) естелік сұхбаты тарихи деректік молдығымен сипатталады. Кеңестік кезеңде өмір сүріп тәрбиеленген, жоғары білім алған сұхбат иесінің өз естелігіне кезек берелік: «Мен, Нұрғараев Қойшыбай 1947жылы ақпанның 1-ші жұлдызында (Гурьев) Маңғыстау облысы, Маңғыстау Түпқараған ауданы Таушық елді мекенінде шахтерлер отбасында дүниеге келіппін.

Таушықта 1939 жылдан 1948 жылдарга дейін көмір өндірілді, себеп Украйнаның көміркеніштері Немістердің қолында қалды.

1965 жылы Шахта орта мектебін үздік бітіріп шығып, Ленинград политехникалық институтының автоматика және есептеуіш техника факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы В.И. Ленин атындағы политехникалық институтының азаматтық өндірістік құрылыс инженері мамандығы бойынша үздік бітіріп шығып, институтқа ассисент болып калдырылдым.

1971 жылдың желтоқсан айында СССР қарулы күштер қатарына шақырылып, Венгрия, Монголия республикаларында рота командирінің орынбасары қызметінде әскери қызметімді 1973 жылдың аяғында аяктадым. 1973жылдан 1977 жылдарға дейін Жанақөзен қаласында ГПТУ-162 училищесінде директордың өндірістік және оқу жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 1977 жылы Жаңаөзен мұнайшыларын ауыз су мен қамтитын Түйесу кен орнына Жаңаөзен қалалық атқару комитеті басшылыққа жіберді.

1977 жылдан 2014 жылдарға дейін ҚазМұнайГаз Р.Д. акционерлік қоғамының Түйесу кен орны ұжым бөлімінің басшысы қызметін атқардым.

Әкем Нұрғараев Қыстаубай 1922 жылы Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы Қарашық Сайқұдық жерінде дүниеге келіпті. 1948-1988 жылдарға дейін мал соңында жүріп, 89 жасында өмірден өтті, 6 ұл, қыз тәрбиелеп өсірді. Шешем Әли қызы Фәния (Нұрғараева) 1926 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Шешем 1870 жылы Маңғыстаудағы патшалық Ресейге қарсы шаруалар көтерілісінің қолбасшысы, ақын, батыр, би Тленбайұлы Исаның Орақ деген інісінің Ақбас баласының қызы. Иса Тленбайұлының ұрпақтары қудалауға түскенде шешемнің әке-шешесі қоныс аударып, Кавказға Махачқала қаласында бас сауғалайды. 1942 жылы Таушықта көмір өндірісі ашылғасын елге қайтады.

Балалық, жастық шақтарымыз екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, қираған қалаларды, күйзелген шаруашылықтарды қалпына келтіру, елдің аш жалаңаш жұтаң кезіне тұспа-тұс келді.

Маңғыстау ойында 29 ірілі-уақты колхоз болды. Әке-шешеміз «Қызылтаң» колхозында мал бақты. 6-7 жастан бастап, еңбекке араласып, мал жаю, түнету, қырқу, оны суару үшін таңертеннен кешке дейін шығырға желінген. Көліктін үстінде отырып шаршайтынбыз. Баланың ойыны дегенді ойымызға да алмадық, ауыр жұмыстардан кейін «ай бір тамаққа тойып, сосын ұйқы қандырсақ» – деп армандайтынбыз. 1954 жылы мектепке бардым. Әрине, ол кездерде оқуға деген талап, қатты болатын-ды. Бір сабақтан үлгемесен сол жылы қайтып оқитынсың. Сам орталау мектебіне бірінші сыныпқа оқуға жалаң аяқ, жалаң бас, қолымда киізден тігілген кітапқап бар, әкем алып барды. Жоқшылық не істетпейді.

Салқын түсе денешынықтыру сабақтарында қатарда аяғымыздын астына қый қатып, сыз өтпес үшін тұратынбыз.

Есімде қалғаны 1953 жылы 5 наурызда В.И.Лениннің серігі, коммунистік партиямен Совет халқының данышпан көсемі әрі ұстазы И.В.Сталин қайтыс болды, - деп Левитан радиодан хабарлады. Естіген ауылдағыадамдардың бәрі жылады, кейбіреулері, еңдігі жағдайымыз қалай болар екен, – деген де болды.

1965 жылдан бастап халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары жақсарып, өрлей бастады. Мұны тәптіштеп жазып отырғаным, ол кезеңдерде мектеп қабырғасында оқушыларға саяси сабақ жүргізіліп, жаңалықтар жариялы түрде айтылатынжәне оқушылар материалдарды білуге тиісті еді» [42,26 бб.]. Респондент естелігінде оның әлеуметтік тегі, өмірге көзқарасы, өзі өмір сүрген жүйе тұсындағы тұрмыс шындығы, қоғамдық-саяси ахуал, халықтың әлеуметтік жағдайы, өзінің жеке тұлға ретінде қалыптасуы, әке-шешесінің өмірі, т.б. көзімен көрген, өз басынан өткізген фактілері келтірілуі Ауызша тарихтың тарихи деректер арасындағысалмақты орнын көрсетеді. Респонденттің бұдан да басқа мәліметтерге толы естелік-жазбасына деректанулық талдау жасап, қаншама тың тарихи мағлұматтар алатынымыз шүбәсіз.

Сауалнамаларға жауап беру барысында қарапайым адамдар өз өмірі жайындағы фактілерді талдап, көзқарасын берумен қоса, өздеріөмір сүрген қоғамды оның толыққанды мүшесі ретінде қабылдайды. Бұл билік пен жеке тұлға арасындағы қарым-қатынасты барынша түсіну, мойындаумен сипатталады. Естеліктер қоғамдық мүдденің алдыңғы орынға қойылуымен ерекше. Қазақ халқының қанағатшылдығы, табиғи болмысының кеңдігі кеңестік жүйенің барлық сынына төзімділікпен төтеп берген.

Қарама-қайшылыққа толы кеңестік жүйенің қоғамның рухани байлығын насихаттауға үндеуі сол заманның адамдарына өз нәтижесін берді. Кеңестік кезеңде өмір сүрген еңбек адамдарыныңсауаттылығы,дүниетаным, ойлау жүйелерінің кеңдігі, жаппай оқу-білімге ұмтылыстары жергілікті және Түрікменстан, Қарқалпақстаннан келген қандастарымыздың сұхбаттарында байқалады[42,27 бб.]. Әсіресе басым көпшілігі жергілікті тұрғындар болып табылатын Сенек ауылынан жиналған естеліктерде, сұхбат иелерінің өткен тарихына, өз өміріне қатысты фактілерді қоғамның мүддесі тұрғысында байланыстырады.

Түрікменстан, Қарақалпақстан елдерінің мұрағат қорларының қазақ халқының тарихына қатысты деректерді сақтағанына назар аударуымыз қажет секілді. Сұхбат иелерімен кездесулер барысында ғылыми айналымға беймәлім тарихи деректердің мол қоры табыларына сеніміміз молайды.Теңге, Рахат ауылдары тұрғындары арасында түрікмен тілінде білім алған азаматтар және түрікмен еліне еңбегі сіңген 75 жастағы Әбілхайырова Маусым сынды (Теңге ауылы тұрғыны) адай қыздары мағыналы естеліктерін айтты.

Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы маңғыстаулықтардың тұрмыс-тіршілігі және «Таушыққа түскен неміс бомбасы» жайында да естелік айтушылар кездесті. Педагог, өлкетанушы Қаражанов Қойлыбай (1937 ж.т.) балалық шағындағы қиындық туралы айтып берді. «35-55 грамм нан болмаған кезде тұз қатықпен сұйық көже жеген. Сонымен қатар, 1939-1940 жылдары балалар арасында қызылша ауруы көп болып, біраз балалар осы аурудың құрбаны болған.

1943 жылы Маңғыстау өңірінде малда топалаң ауруы көп болып, оның зардабы адамдарға қауіпті болуынан, Саратов қаласындағы осы ауруды зерттейтін Орталық институттың мамандары шақыртылып, бір топ мал дәрігерлері екпе жұмыстарын жүргізген». Сондай-ақ ағартушы, ұстаз Әбілханқызы Күләш Таушық елдімекеніне түскен неміс бомбасының куәгері екенін естелік-сұхбатында жеткізді.

Маңғыстау қазба байлығының игерілуі, мұнай-газ саласының дамуы жайында, алғашқы мұнай фонтанының куәгерлері, ардагер-мұнайшылар Т.Қойшыбаев, І.Құлжұмыров, Ө. Жалқанұлы т.б. естелік-сұхбаттарында қамтылды. Ауызша тарихтың кең ауқымды мүмкіндігі сұхбат иелерінен өлке экономикасындағы өндірістік бағыттың басымдығы, жергілікті табиғатқа әсері, мұнай игерушілердің басқа ұлт өкілдерімен (кавказ халықтары, орыстар, т.б.) көбеюі, сырттан кадрлар тарту мәселесі, Жаңаөзен қаласының тұрғызылуы,мұнайшы мамандықтарын қазақтардың игеруі, т.б. аса маңызды мәліметтерді куәгерлерден көзбе-көз естуге, жазып алуға қол жеткізді.1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы куәгер, Жаңаөзен мұнай-газ саласындағы сан алуан жұмыстарды атқарған Ж.Мәтжанов (1952 ж.т.) өз естелік-сұхбатында осы кезеңді басқа қырынан тануға ой салды.

Кеңестік экономиканың ауыл шаруашылығындағы табыстары халықты жұмылдырумен,кадр саясатын оңтайлы жүргізумен жалғасты. Жоғары оқу орнын бітірген түлектің кәсіби мамандығына қарамастан партиялық тұрғыдан тәрбиеленуі шаруашылықты жүргізуге, басқаруға жағдай туғызды. Мұны Маңғыстау облысыныңхалық шаруашылығы саласына өмірін арнаған Д.Әріптің (1938 ж.т.) сан алуан деректік мағлұматқа толы баспадан жарық көрген естеліктері және күнделіктері дәлелдей түседі. Маңғыстаудың төл перзенті, қазір Ақтау қаласының тұрғыны, еңбек жолын физика пәнінің мұғалімі болып бастаған тұлғадан алынған Ауызша тарих сұхбатымағыналы, әсерлі жүргізілді. Халыққа, қоғамға адал қызмет етудің негізі білім мен тәрбиені ұштастыру екені, естелік иесінің өмірлік ұстанымына айналған.

Маңғыстау өңіріндегі денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруға бүкіл өмірін арнаған, осы өңірдің жергілікті тұрғыны Б.Тұрарбекпен (1940 ж.т.) кездесуіміз, жиналған естелік-сұхбаттың мәліметтері, бейбіт өмірдің қаһармандары туралы ой туғызды[42,30 бб.].

Естеліктерді тарихи дерек ретінде өлкетанушылық еңбектеріне кеңінен қатыстырған О.Көшбайұлы, М.Ұлықпан, Ж.Көңілімқосұлы[45-47] тәрізді авторлардың сұхбат сауалнамаларға жауаптары, ой-пікірлері өңірдің тарихи өткеніне қатысты деректерімен ерекшеленді.

Өзіміз кездесе алмаған белгілі өлкетанушы Ә. Спанның тарихи тақырыптарға арналған еңбектерінде, жазба мұрағаттық деректермен қатар естеліктер кеңінен тартылғанын ерекше атап өту керек [48].

Сол өңірдің перзенттері немесе тарихи Отанына оралған қандастарымыз болып табылатын бұл өлкетанушылардың мамандықтары әр түрлі (журналистер, мұнайшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, басшы қызметкерлер, малшы, шопан, жүргізуші т.б.еңбек адамдары). Соған қарамастан қоғамдағы тарихи танымғадеген сұраныс пен қажеттілікті өтеуге атсалысқан жандардың азаматтық белсенділіктерінің арқасында, бүгінде арамызда жоқ көнекөз қариялардан өлке тарихының «ақтаңдақтарына» қатысты естеліктері дер кезінде жазып алынды.

Жалпы, бүгінгі таңда Маңғыстау өңірінде қоғамның тарихи жадына, оның отансүйгіштік рухының қалыптасуына терең мән берілетіні байқалады. Бұған облыста тарихи танымдық шаралардың ұдайы және тұрақты түрде жүргізілуі, мәселен, 14 наурыз «Амал» мерекесін кең көлемде насихаттап, атап өту,тарихи, зиярат ету орындарынұлттық тарихи жадының заттай ескерткіштері ретінде тарихи-патриоттық тәрбиеге орынды пайдалана білу, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық киім үлгілерін жарасымды қолдану және жергілікті өлкетанушылардың туған жерінің тарихын зерттеуге, танып-білуге деген ерекше құлшыныстары мен нәтижелі еңбектерін жатқызуға болады.

Естеліктердің Ауызша тарих әдістері тұрғысынан жиналуынан деректік мағлұматы сан қабаттылығымен ерекшеленеді. Сұхбат иелерінің әрқайсысыныңауызша және жазбаша сауалнамаларындағы мәліметтерді талдаудың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Әр алуан тарихи деректерге бай халық жадындағы құжаттарды Ауызша тарих әдісімен деректанулық сыннан өткізу күрделі жұмыстарды талап етеді. Өткен туралы бай ақпараттық тарихи мағлұматтар Ауызша тарих әдісіндегі дерек жинау барысында ғана қалыптасады. Жиналған материалдарға қысқа ғана тоқталған шолудың өзі осындай пікірді алға тартып отыр. Ауызша тарихтың әлеуеті оны отандық тарих ғылымында дербес бағыт ретінде орнықтыруға қозғау салары сөзсіз.

Бұл жерде кеңес билігі тұсында Маңғыстауда көршілес орналасқан елдерге кетудің себептерін жеке қарастырып кеткен жөн. 1928 жылы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақ көлемінде байлар мен ауқатты топтарды жаппай тәркілеу науқаны өз бастауын тапқан болатын. 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-нің Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің біріккен мәжілісінде «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу туралы» декреттік жоба ұсынылған. Осы декрет бойынша кедей және орташа шаруаларды байлар мен орта феодалдардың тәуелдігінен босату көзделді.

Қаулыда төмендегідей іс-шаралардың кешені белгіленді:

1) ірі байлардың қатарына (малдарды ірі қараға шаққанда) 400-тан аса мал мөлшері бар көшпенділер, 300-ден аса мал мөлшері бар жартылай көшпелі шаруа қожалықтары, отырықшы аудандарда 150-ден аса, жеке жағдайларда 100 бас малы барларды да байлардың қатарына жатқызуға рұқсат берілді;

2) жер аударуға ұшыраған отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерлерінде шаруашылықпен айналысу құқығынан айыру;

3) жер аударуға жатқызылған қожалықтардың мекен-жайына қарамастан ауыл шаруашылығына тікелей және жанама қатысы бар мүліктері мен құрал-жабдықтары белгіленген мөлшерден артығы тәркілеу. Тәркілеуге ауыл шаруашылығына қатысы жоқ үй жабдықтары, киім-кешектер, азық-түліктер т.б. жатпайды;

4) кеңес үкіметіне қарсы қызметі үшін патша үкіметінен алған бағалы сыйлықтары, хан, сұлтан тұқымынан, болыстықпен келе жатқан мүліктері тәркіленіп, жер аударылуға тиіс;

5) жер аудару мерзімі 1928 жылдың 1 қарашасына дейін аяқтау жоспарланды [49, 155 б.].

Қаулыда көрсетілген бабтарды орындау мақсатында, жауапты билік органдары жоспарды жүзеге асыру бағытында халықты аралап, мал-мүлікті үздіксіз тәркілеумен айналысты. Маңғыстау өңірінің ауа-райы жағдайына және қалыптасқан тарихи салтқа байланысты мұнда тек мал шаруашылығымен айналысу мүмкін еді. Сондықтан жергілікті халық көшіп-қонып жүріп, мал санын арттырып отырды. Бірақ кеңес өкіметі бұл жағдайға көңіл аудармай, адайлардың малын жаппай тәркіледі. Асқан қатыгездікпен, асыра орындаушылықпен жүзеге асырылған бұл тәркілеудің қорытындысында жергілікті тұрғындар мал-мүлкін жинап, басқа жерге үдере көше бастады. Осылайша, Маңғыстау халқының Қазақстаннан шет жерге қарай қоныс аударудың бірінші толқыны басталды.

Жоғарыда атап өткен тәркілеу науқаны жыл өткен сайын күш ала бастап, бұл процесс Маңғыстауда үздіксіз түрде 30-жылдардың басына дейін жалғасты. Адайлардың ата қонысын тастап кетуінің тағы бір себебі – Ф.И. Голощекин тұсында жүзеге асырылған күштеп ұжымдастыру және көшпелі қазақтарды отырықшыландыру. 1926-27 жылдары басталған ұжымдастыру кезінде Маңғыстауда бірнеше шаруашылықтарды біріктіріп артельдер құрылды. Оның ең алғашқы 1926 жылы 23 тамызда ұйымдастырылып, оған «Еңбек» атауы берілді [49, 162 б.]. 1928 жылы бұл науқаншылдық ерекше етек жайып, өзінің шырқау шегіне жетті. Табиғи жағдайға байланысты дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүрген Маңғыстау тұрғындарына күштеп отырықшылыққа өту қиынға соқты. Бүкіл халық жаппай артельдерге, серіктестіктерге біріктіріліп, оларға балық шаруашылығымен шұғылдануды мәжбүрлетті.

1930 жылдың басында Маңғыстау халқының 23-27 пайызы жаңа кәсіппен – балық шаруашылығымен айналысуға көшті, демек шамамен 1800-2000 отбасы осы салада еңбек етті. 1931 жылы ауданда «Рыбаксоюз» басқармасы құрылды. Жыл өткен сайын кеңестік негізде құрылған шаруа қожалықтарының саны артты: егер 1933 жылы Маңғыстауда 18 колхоз болса, 1939 жылы олардың саны 28 жетті [49, 164 б.].

Ұжымдастыру саясатына қарсы Қазақстанның әртүрлі аймақтарында 1930 жылдардың басында ереуілдер мен бас көтерулер өтті. Дәстүрлі кәсіптерінен, мал-мүлкінен айырылып, жерге күштеп қоныстандырылған Маңғыстау халқы кеңес өкіметінің жүргізіп отырған бұл саясатына ашық наразылық білдірді. Осы толқулардың қатарына 1931 жылы басталған атышулы «Адай көтерілісін» де жатқызуға болады. Адай көтерілісі ХХ ғасырдың 30-жылдары орын алып, кеңес билігіне қарсы бағытталған ең ірі шаруа көтерілістерінің бірі болды.

Енді осы көтеріліске тоқтала кететін болсақ, бастапқыда бұл көтеріліс «Адай-табын» көтерілісі деген атаумен белгілі болса, артынан одан табын руының атауы түсіп қалды. Негізінде адайлардың бас көтерген кезі 1931 жылдың сәуір-қыркүйек айларының арасы еді. Бұл көтерілістің басты себебі – Форт-Александровский түрмесінде «салықтан жалтарды» деген айыппен қамалған кінәлары жоқ 200 адамның қашып шығуы болса, басты алғышарты – ұжымдастыру саясаты мен халықты жаппай жерге отырғызу болды [49, 168 б.].

Адай көтерілісін басуға кеңес өкіметі барынша күш салды. Жалпы адайларға қатысты көрсеткен зорлық-зомбылықтардың ауқымы кең болып, оны зардаптары ұзақ жылдарға созылды. Көтерілістің барысында көрген қиыншылықтармен қоса, малшылықпен күн көрген Маңғыстау халқынан кеңес өкіметі малын тартып алып, өңірді ашаршылық жайлады [42].

Көтеріліс барысында жергілікті тұрғындар тәркіленген, түрлі кооперативтерге айдалып алып кетілген малды қайтаруға күш салып, алым-салықтарды жинаушыларды соққыға жықты. Адайлардың бұл әрекеттері билік тарапынан «бандиттік іс-қимылдар» деп танылып, көтеріліске шыққан ашынған халыққа қарсы еріктілердің есебінен жасақтар құрыла басталды. Өріс алып келе жатқан «Адай көтерілісін» басу мақсатында Маңғыстауға Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ұзақбай бастаған үкіметтік комиссия келді. Оның құрамына Біріккен Мемлекеттік Басқарма бастығының орынбасары Рагозин, Асылбеков, Т. Әлиев кірді. 1931 жылы 21, 23 шілдеде және 9, 19 тамызда аталған комиссияның қатарынан төрт мәжілісі өтіп, оларда мәселенің мән-жайын анықтаумен қоса, көтерілісшілерді басу үшін еріктілер отрядтарын жасақтау қажеттілігі алға тартылды [49, 168 б.].

Бұл оқиғалардың нәтижесінде Қазақстанда жаппай қуғындаумен және соның ішінде Маңғыстауда да көптеген адамдардың өмірін алып кеткен ашаршылық басталды. Адамдар өз үйлерін тастап, басқа жерлерге кетуге мәжбүр болды. Адамдардың біраз бөлігі Түркменстан арқылы Иран мен Ауғаныстанға ауып кетті, ал екінші жартысы Түркменстан мен Қарақалпақстанға көшті.

Осындай қиын кезеңде өз өмірлерін аман алып қалу үшін адамдар басқа жерге кетуге мәжбүр болды, ал балалары мен ұрпақтары XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап өз тарихи отанына, яғни Қазақстанға қайтып келді. Оралу процессі әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.

Біз сұхбаттасқан адамдардың ішінде тек көрші елдерден оралғандар ғана емес, сонымен қатар Маңғыстаудың өзінде де туып-өскендер бар. Маңғыстау облысы мұнайлы жер болғандықтан, респонденттердің басым бөлігі ұзақ жылдар бойы мұнай саласында еңбек еткен адамдар. Дегенмен арасында басқа да салалардың өкілдері кездесті, мысалы, мұғалімдер, ауылшаруашылық мамандары және т.б.

Қазіргі уақытта Маңғыстау өлкесінде 20-30 жылдары орын алған нәубет пен тауқыметті өз көзімен көрген ақсақалдар аз, тіпті жоқ десек те болады. Алайда, жасы келген респонденттердің арасында аға буын өкілдерінен, өз ата-аналарынан естіген оқиғаларды есте жақсы сақтап қалған адамдар да баршылық. Олардың біраз бөлігі өз құнды естеліктерімен бізбен бөлісті1. Мысалы:

Байқұлов Тайжан – 1934 жылы Түрікменстан ССР, Ташауыз облысы Калинин ауылында дүниеге келген. Бұл кісінің әкесі кезінде Хиуаның ханы Жөнейттің сарбазы әрі ұстасы болған. Өзінің әкесі туралы бізге былай баяндап берді: «Енді айтайын, хан Жөнейт деген хан болған. Ол бүкіл Хиауны билеген, менің әкем соның сарбазы болған, әрі керемет ұстасы болған шебер, мылтық, әртүрлі заттар жасаған. Енді ханның сарбазы әрі ұстасы болған Совет үкіметіне қарсы шығып, ақырында жеңіліп қалады. Содан Жөнейт хан Ауғаныстанға қашқан. Ауғаныстанға қашқан соң Түркменстанның Ташауыз облысы мен Ашхабат облысының екі аралығында Ортақ үйі, түркмендер құдық үйі дейді, сол жерде хан Жөнейт сарбаздарына өз елдеріне қайтуға рұқсатын берген. Ал мынау мал, мынау зат ие боласыздар, мен кеттім Ауғаныстанға деп қашқан сол жақа. Осылай біздің әкеміз қалып қойған. Шебер ұсталығының арқасында әртүрлі заттар жасап зат етіп күнін көрген. Түркменстанда тұрғанда, бұл құпия болды. Елдеріміз егемендік алғаннан кейін, ғана бұл жайлы айтыла бастады, ал бұның алдында Совет үкіметінің кезінде еш нәрсе айтылған жоқ. Осындай себептерге байланысты Түркменстанда қашып пісіп бес облысында да бармаған жеріміз жоқ. Інім Ашхабадта Максим Горький атындағы институт бар, сол оқуға түсті, сосын оған шешем тапсырып кетті, айтпа ешкімге айтпа, енді сен аузыңа беріксің ғой деп, мені ерекше көретін. Енді Қазақстанға келгенде маған бір ой келді, әкемнің жасаған заттарын мұражайға тапсырайын деп, осы үйде жоқ болып бара жатыр. Басқа да төс есебінде менің інімнің үйінде мынандай бір темір бар, төс дейтін затты білесің бе, білмейсің бе, шеге анау мынау зат салынған. Сол төс інімнің үйіне беріп қойдым, тұрсын деп әкемнің құралы. Сосын менің үйімде шаппа счет бар, шаппа счетті білесің ба, ағаштан, бір шаппа счет қалды. Сосын наубай заттарды Қазақстанға қайтып бара жатқанда тастап қайттық».



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет