ЖАҢА ақпараттық технологияны оқУ Үдерісінде қолдану ерекшеліктері



Дата30.01.2017
өлшемі121,91 Kb.
#8318
ӘОЖ 37.013:004.42–056.45(574)
Е.И. Байдыбекова п.ғ.к., доцент

Ш.К. Досыбекова, оқытушы


ЖАҢА ақпараттық ТЕХНОЛОГИЯНЫ ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕ ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Резюме


В статье рассматриваются вопросы применения новой информационной технологии в учебном процессе в сочетании с традиционными методами на всех этапах обучении.

Resume


This article is about using of new informational technology in teaching posses and the role of traditional methods in all stages.

Қазіргі әлеуметтік, экономикалық үдерістер тоғысқан күрделі даму кезеңін бастан өткізіп отырған Қазақстан Республикасы зиялы қоғамның талап-тілектеріне толығымен жауап беретін жауапкершілік сезімі жоғары, шығармашылық белсенділігі мен адамгершілік болмысы бірдей үндескен, бойындағы дара мүмкіндіктерін, интеллектуалдық қабілеттерін өз іс-әрекетінде шығармашылықпен қолдана алатын жеке тұлға тәрбиелеу мәселесін өзекті етуде. Сондықтан қазіргі заман мектептерінің басты міндеттерінің бірі – оқу-тәрбие жұмыстарын бірегей жүзеге асыру үдерісінде оқушылардың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, әлемдік өркениет пен ұлттық мәдениеттің үздік үлгілері арқылы шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру[1].

Сондықтан, қазіргі кезде, оқытуды жеке тұлға ерекшелігіне бағдарлау, оқу барысында оқушыларды қажетті оқу материалдарымен қамтамасыз етумен бірге олардың өзіндік іскерлік қабілеттерін дамыту мәселелері ескеріліп, оқу іс-әрекетін мақсатқа сай жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау жүйесін ғылыми тұрғыдан негіздеу, оқу үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды жаппай пайдалану қолға алына бастады.

Кең тараған түсіндірме сөздіктің авторы В. Даль: «Технология – техника туралы ғылым. Техника дегеніміз өнер, білім, іс-әрекеттегі, біліктілік, жұмыс тәсілдері және оларды істе пайдалану», – деп, түсіндірді [2]. Ал оның алғашқы мағынасы өнімді өндіру үдерісінде шикізаттың қалпын, күйін өзгерту, жаңарту әдістерінің жиынтығы дегенді білдірген. Яғни технология – адамның басқаруымен техникалық құралдарды пайдалану арқылы өнім алу үрдісі. Мұндағы ең маңызды мәселе – техникалық құралдар. «Технология» термині латынның «техне» – өнер, шеберлік, жаттыққандық және «логос» – ғылым сөздерінен пайда болған, яғни «шеберлік туралы ғылым» деген ұғымды білдіреді.

Ақпараттық технологиялар өте тез дамып келеді. Бір жағынан, ол көптеген түсініктердің тұрақты бола алмауын көрсетсе, екінші жағынан, осындай динамизм бұрынғы тұрақты деп саналатын түсініктерді қайта карап, соларды толықтыруды талап етеді. Білім саласындағы ақпараттық техноло­гияларды қарастыру кезінде ғылым тілінің осындай проблемалары өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Енді оқу үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологияда жиі пайдаланылатын бірсыпыра түсініктерді атайық, олар:

- оқытудың компъютерлік технологиялары;

- оқытудың интерактивті режимі;

- мультимедиалық технологиялар;

- оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары;

- ақпараттық білім ортасына байланысты түсініктердің әр алуан түрлері.

Оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары - ақпаратты бейнелеу, тасымалдау және жинақтау; оқушының оқу іс-әрекетін бақылау мен басқару сияқты педагогтың кейбір функцияларын модельдейтін компьютерлік техника, телекоммуникациялық байланыс құралдары және интерактивті бағдарламалық өнім негізінде жұмыстың педагогикалық шарттарын жасау тәсілдерінің, әдістерінің, құралдарының жиынтығы. Білім беруде компьютерлік технологияларды пайдалану оқыту үдерісін толық өзгертуге, оқытудың жеке тұлғаға бағытталған моделін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі компьютерлер, телекоммуникациялық байланыс құралдары, қажетті интерактивті бағдарламалық және әдістемелік жабдықтар әр түрлі оқыту формаларын жетілдірудегі, оған қоса оқушылардың өздігінен білім алуын ұйымдастырудағы өзіндік жұмыстарды орындататын әдістемелік құралдары ретінде атқаратын жұмысының маңызы өте зор. Компьютер мен интерактивті бағдарламалық-әдістемелік құралдар мұғалім мен оқушының әрекеттесу формаларын өзгертіп, компьютерді мұғалімнен гөрі ақылдаса отырып көмектесетін кеңес беруші ретінде қарастырады. Ал мұндай өзгеріс оқушының білімге деген ынтасын арттырып, сабақтың, нәтижелік бақылаудың жаңа модельдерін іздеуге жетелейді, оқытудың жеке адамға бағытталған қызықты түрлерін енгізуді керек етеді.

Оқытудың интерактивті режимі – білімгердің жүйемен белсенді түрде өзара әрекеттесуі арқылы орындалатын, әр түрлі оқыту, бақылау, бірінен-біріне ауысу құралдары арқылы мұғалім қызметін атқара алатын білім беру үрдісі субъектілерінің диалогтық жұмыс режимі.

Мулътимедиялық технологиялар – әр түрлі бейнелік мультибағдарламалық және аудиоэффектілік мүмкіндіктерді интерактивті бағдарламалық жабдықтың басқаруымен орындата алатын электрондық құжаттарды дайындау тәсілдері.

Мультимедиа құралдары деп графиканы, гипермәтінді, дыбысты, анимацияны, бейнелік көріністерді пайдалана отырып, тұтынушының компьютермен әрекеттесуін жүзеге асыратын аппараттық және бағдарламалық құралдардың, әр түрлі орталардың біріктірілген кешендерін айтады.

Қашықтан оқыту технологиясы – ақпараттық коммуникациялық технологиялық құралдар, компьютерлер, телекоммуникациялар, мультимедиа құралдары және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алудың күндізгі, сырттай, экстернат формасы. Бүгінгі таңда осы технология өте кең тараған, ол сырттай оқу жүйесіне балама, нақтырақ айтқанда, өзіндік білім алуды дамыту құралы қосымша роль атқарып келеді.

Сонымен бірге жаңа ақпараттық технологияларды оқу үдерісінің кейбір сұрақтарын оқып-үйренудегі сәтті пайдалану тәжрибелері педагогтар арасында оның мүмкіндіктерін асыра көрсету жағдайларына да алып келуде. Басылымдарда білім беруде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану революцияға алып келеді деген мазмұндағы мақалалар жариялана бастады, бұл өз кезегінде, автоматтандырылған оқу үдерісі арзан, сондықтан мұғалім мамандығы қажет емес деген пікірлерді саяды.

Педагогика саласына қатысты технологияның көптеген түсініктері кездеседі. Оқыту технологиясы:


  • оқыту жүйесінің құрамдас, яғни процессуалдық бөлігі;

  • оқыту үдерісін жүзеге асыратын мазмұндық техника;

  • оқытуда пайдаланылатын материалдық және идеалдық құралдар жүйесі мен осы құралдарды пайдалану тәсілдері;

  • білім көлемі, тәрбие әдістері, құралдары мен түрлері және соңғы нәтиже алдын ала жоспарланған, яғни бір мәнді анықталған үрдіс, және т.б..

Оқушының оқу үдерісін, шартты түрде, оқу тапсырмасын орындау, ал оқу тапсырмасын бағдарлық, атқару және бақылау бөліктерінен тұратын операциялардың тізбегі, яғни мақсатты іс-әрекет деп қарастыруға болады. Бағдарлық бөлік, адамды атқару бөлігіндегі операцияларды саналы түрде, яғни оның неге әкелетінін сезіне отырып, орындауға алып келетін операциялар тізбегі. Атқару бөлігі – орындалуы қандай да бір нәтижеге жеткізетін операциялар тізбегінен (алгоритмнен) тұрса, бағдарлық бөлік – алынған нәтиже мен іс-әрекет мақсатының пара-парлығын немесе пара-пар еместігін анықтауға мүмкіндік беретін операциялар тізбегі.

Мұндай іс-әрекеттерде нәтиже алу, мақсатқа жетудің қажетті шарты, ал мақсатқа жету – нәтиже алудың жеткілікті шарты болатыны түсінікті. Мақсат іс-әрекеттің орындалуына қойылатын талаптар түріне дейін нақтыланған жағдайда, мақсат пен нәтиже пара-пар ұғымдарға айналады.

Оқыту үдерісін дәстүрлі сипаттаудың бір қасиеті – оның әрбір компонентінің өзінен алдыңғысымен қандай байланыста болатындығы туралы айтылмайтындығы. Шын мәнінде, ол байланыстың айтылмау себебі, мұнда бір мәнділік болмайды. Өйткені, әрбір компонент өзінен бұрынғы компоненттің бірнеше түрін іске асыруы мүмкін. Мысалы, белгілі бір оқу іс-әрекеті, осы іс-әрекеттің нәтижесін алу үшін, немесе іс-әрекеттің құралын игеру үшін, немесе әдісін игеру үшін, т.с.с. орындалуы мүмкін. Нәтижеде белгілі бір түрде, әдіс пен құрал арқылы, белгілі бір мазмұнды қамти отырып, белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін ұйымдастырылған оқыту үрдісі, іске асырылу барысында тіптен басқа, кейде, тіпті қарама-қарсы мақсаттың орындалуы үшін қызмет жасауы да әбден мүмкін.

Дәстүрлі оқыту үдерісінің, оқыту мақсатының орындалуына кепілдік бермейтін себебі осында жатса керек. Олай болса, оқыту үдерісінің мақсаты, осы үрдіс нәтижелілігінің өлшемі функциясын атқара алмайды. Жағдай дарынды балалардың оқу іс-әрекетін басқару барысында қиындай түседі.

Мәселе оқыту үдерісінің, оның қатысушылары субъектілер болуына байланысты, өте күрделі түрде өтетіндігінде болса керек. Ұстаз іс-әрекеті, дарынды балаға тапсырма берумен аяқталады. Тапсырма алған бала, оны орындауды өз мүддесіне сай өз мақсатын анықтаудан бастайды да, қалған компоненттерді осы мақсатты іске асыру үшін анықтап пайдаланады. Яғни дарынды баланың іс-әрекеті, оқыту мақсатының орнына өз мақсатын жүзеге асыру үшін орындайды. Оқыту мақсаты үрдістен тыс қалады.

Әрине, педагогикадағы бұл қиыншылықтан шығудың жолы – оқыту үрдіс мақсатын, үдеріс нәтижелілігі өлшемдерінің, критерийлерінің жүйесі, басқаша айтқанда, оқу үдерісіне қойылатын талаптар жүйесі түрінде нақтылау. Оқу қызметін инженерлік және техникалық білім деңгейіне сәйкестендіру.

Ал оқыту үрдісі мақсатын, оған қойылатын талаптар жүйесі түрінде нақтылау мен оқу қызметін инженерлік және техникалық білім деңгейіне сәйкестендіру – оқыту технологиясы деп аталады. Оқыту технологиясы механизмдерінің көп түрлілігі, технология түрлерінің де көп болуына алып келеді. Оқыту технологиясының жоғарыда, түсіндірмеге дейін, келтірілген кемшіліктері, педагогикалық қызметтің инженерлік және техникалық білім деңгейіне толық сәйкестендірілу салдары болса керек [3].

Қиындықтан құтылудың жолы - инженерлік және техникалық білім деңгейіне тек ұстаз қызметін ғана сәйкестендіру. Шәкірт өз мүддесі ауқымында қызмет ете беруі тиіс. Оқу үдерісіне қойылатын талаптар жүйесі бала ерекшелігі ескерілетіндей түрде нақтылануы және оқушының оқу іс-әрекеті басқарылуы қажет. Әрине, мұны компьютерсіз іске асыру мүмкін емес. Сондықтан жаңа ақпараттық технологияларды қолдану барысында мұғалімнің оқытушылықпен бірге басқарушылық қызметі ерекше айқындалуы керек.

Жалпы, мультимедиялық құралдар, компьютерлер, компьютерлік энциклопедиялар, электрондық кітаптар, анықтамалықтар т.с.с. бағдарламалық өнімдер білім саласына өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап кіріге бастады. Мультимедиялық технологиялардың дамуы түрлі ақпаратты көрнекі ұсына алатын компьютерді оқу құралы ретінде қолдануға, компьютерлік оқытуға, алып келді. Соның салдары ретінде оқушының шығармашылық потенциалының дамуы, коммуникативті іс-әрекет қабілеттері, тәжірибелік-зерттеушілік жұмыс дағдылары, оқу мәдениеті, оқу-тәрбие үдерісінің қарқындауы және оның тиімділігі мен сапасының жоғарылауы байқалады деп күтілді.

Ал қазіргі кездегі компьютерлік оқыту – арнайы құралдар (ЭЕМ, бағдарламаланған оқулық, т.с.с.) көмегімен алдын-ала жасақталған оқыту бағдарламасы бойынша өзбетінше тұлғалық оқыту технологиясы. Оның белгілері:



  • Материалды игеруге жеңіл болатын бөліктерге бөлу.

  • Әрбір бөлікті игеруге бағытталған белгілі-бір іс-әрекеттерді орындауға нұқсаулар жүйесін енгізу.

  • Әрбір бөлікті игергендігін тексеру. Егер бақылау бөліктері дұрыс орындалса, оқушы материалдың жаңа тапсырмасын алады да оқытудың келесі қадамын орындайды. Тапсырма бөлігі қате орындалған жағдайда компьютер қажетті көмек көрсетеді.

  • Бақылау тапсырмаларын орындау нәтижелерін белгілеу. Нәтижелерді оқушының өзі де (ішкі кері байланыс) және мұғалім де (сыртқы кері байланыс) көре алады.

Технологияны жүзеге асыратын негізгі құрал – оқыту бағдарламасы. Арнайы оқытатын бағдарламалармен жабдықталған компьютерлер барлық дидактикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп есептелінеді.

Бұл айтылғандар, қазіргі кездегі компьютерлік оқытудың дәстүрлі оқытудағы кемшіліктерден арыла алмай отырғанын көрсетеді. Бұған қосымша көптеген техникалық қиындықтар да орын алуда.

Мәселен, компьютердің мониторы ең қауіпті элемент болып табылады. Заманауи технология мониторлардың электромагниттік сәуле шығаруын үстел шамы сияқты тұрмыстық құралдың деңгейіне дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бірақ монитордың жыпылықтауы әлі де болса көзді шаршатады. Сұйық кристалды экранның пайда болуы оның өлшемдік шамалары бойынша шамамен үлкен кітаптай-ақ болып, олардың сәуле шығаруы мен жыпылықтауы да жоқ дерлік. Бұл жағдай, оларды көзге дәптер немесе оқулықтан қауіпті емес етеді. Қазіргі таңдағы олардың жоғары бағасы осындай маниторлармен мектеп компьютерлерін толық жабдықтауға мүмкіндік бермейді.

Мектепке оқытудың компьютерлік технологияларын енгізудің тағы бір қиыншылығы- лицензиялық бағдарламалық қамтамасыздандырылу бағасының жоғары болуы. Бағдарламалық қамтамасыз ету құны көп жағдайларда компьютерлер құнынан да жоғары болып келеді. Білім саласын басқару органдары мектептерді заманауи компьютерлермен жасақтап, компьютерлік сыныптар көптеп пайда болғанымен, бағдарламалық қамтамасыздандырылу мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан кейбір мектептерде оқушылар заманауи компьютерлерде ескірген бағдарламалық қамтамасыздандырылулармен жұмыс істеуіне тура келеді.

Тағы бір қиындық компьютерлік технологиялардың жедел өсуі. Соңғы уақытта жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыздандырылу 1-2 жыл ішінде моральдық тозуға ұшырайды. Бұл қарқынға білім саласын қаржыландыру жүйесі ілесе алмайды.

Сонымен бірге, оқу үдерісінде компьютерлік технологияны ретсіз, мақсатсыз, сауатсыз қолдану ерекше қиындықтарға алып келеді. АҚШ-тың Стенфорд, Израильдің Иерусалим университеттерінде жүргізілген «Техноло­гияларды қолдану қорытындылары» зерттеулерінің жарияланған материалдарында, компьютер алдында көп отырған оқушылардың тесттен алған нәтижелерінің нашар болғаны баяндалған. Крейг Джеральдтың пікіріше оқушылар компьютер алдында оқу мақсаттарынан бөтен істермен айналысып отырады. Компьютерді тікелей оқу мақсатында қолданған оқушылардан олардың көрсеткіштері 20%-ға, ал үйде компьютер қолданатын оқушылар 26% төмен білім көрсеткен. Мұндай көрсеткіштер матеметика және шет тілі пәндерін компьютер көмегімен және дәстүрлі әдіспен оқыту нәтижелерін салыстыру арқылы алынған (4,109) .

Жоғарыда келтірілген және де басқа кемшіліктер, компьютерлік технологиялардың оқу үдерісіндегі тиімділігінің өте төмен болуына алып келуде.

Сондай-ақ әр түрлі техникалық құралдарды оқу үдерісінде пайдалану сабақтың педагогикалық әсерін өзінен-өзі тиімді ете алмайды, ол тек мұғалімнің сол сабақта қолданатын құрал-жабдықтары ғана. Жаңа ақпараттық технологияларды оқу үдерісінде қолданып өтілетін сабақ сапасы бойынша жаңа типті сабақ, өйткені мұғалім сабақ мақсатына сәйкес жүргізетін дәстүрлі әдістерін осы технологияларды қолдану әдістерімен шебер ұштастыра білуі керек.

Жаңа ақпараттық технологияларды қолданып, оқу үдерісін дараландыру мүмкіндігін іске асыруда компьютермен оқыту технологиясы негізінде оқушылардың оқу іс-әрекетін басқарудың дәстүрлі әдістерге қарағандағы, негізгі ерекшелігі екендігі ескерілуі керек. Өйткені, оқытудың басқа техникалық құралдарынан компьютердің артықшылығы – оның икемділігінде, әрбір оқушының іс-әрекеті деңгейіне сай жұмыс жасай алатындығында.

Компьютермен оқыту технологиясына – белсенділендіруші, дараландырылған ізденіс пен зерттеу сипатын беру арқылы оқу үдерісін жоғары сапаға көтеруге болады. Оқу үдерісі компьютердің техникалық мүмкіндіктерінің шектеулі екендігі, оқушылардың жеке ерекшеліктерін мұғалімнің білу қажеттілігі ескеріле отырып, осы ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылып басқарылса, онда дарынды балалардың оқу іс-әрекетін дараландыру мәселесін шешуге болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Шындығында, оқытудың объективті заңдылықтарын түсіну – оқушылар ережелерді, анықтамаларды, тұжырымдарды жақсы игеруі үшін не істеу керектігін «қайтадан ашып» отыру орнына, олардың өз бетінше орындайтын жұмысын ұйымдастырудың мақсатқа сай оңтайлы жолдарын іздестіру.

Біз жаңа информациялық технологияның оқу үдерісіндегі тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы, оқу үдерісіне қойылатын талаптарды, оқушының шығармашыл-ізденіс әдісімен жұмыс жасауына мүмкіндік беру мен оқу үдерісінің «кезеңдермен қалыптастыру шкаласына» сай ұйымдастырылуы түрінде анықтау және ол дәстүрлі оқытуды жоққа шығармай, онымен оқу үдрісінің барлық кезеңдерінде сауатты үйлесім табу деп есептейміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:




  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 27.07.2007ж.

  2. Даль В.И. Толковый словарь живого великоруского языка, под ред. И.А. Бодуэна

де Куртене М. , 1957

3. Клишина М. Информатизация и наукоемкие технологии образования – условие



эффективности его реформирования //Высшая школа Казахстана, №3,2004,с.101-102

4. Бейзеров В. Школа и компьютер // Педагогика, №6,2003,с.109
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет