Ламетри Жюльен Оффрэ (1709-1751 жж.) XVIII ғасырдың соңында француз буржуазиялық революциясының идеялық пісіп жетілуіне аса зор үлес қосты. «Қасиетті отбасы» еңбегінде айтқан батыл ойлары үшін Маркс Ламетриді Декарттың «физикасынан» өсіп-өнген бағыт беруші «орталық» деп атаған болатын.
Ламетри патша гвардиясында дәрігер болып қызмет етті, әскери амалдарға қатысып, ақыры ауруға шалдығады. Зерттеуші ретінде өзінің ауруына бақылау жүргізе келіп, адамның психикалық саулығы физиологиясымен байланысты болады деген тұжырым жасайды. Тұжырымын дамыта келе, Ламетри оның философиялық негіздерін толықтырды, жалғыз субстанция – материя бола алатындығы жөнінде өзінің идеясын ұсынды. «Жанның жаратылыс тарихы» жөніндегі алғашқы философиялық еңбегінде ол осы ойларын жинақтап, Жаңа дәуірдің материалистік идеяларын дамытуға негіз қалады. Бұл еңбек те, автор да дінге және идеализмге дұшпандықпен қарағаны үшін қуғынға ұшырады.
Жаратылыстану ғылымдарының нәтижелеріне сүйене отырып, Ламетри өзінің «Адам-машина» атты екінші еңбегінде механистік материализмнің басты ұстанымдарының негізін қалады. Басқа француз материалистері сияқты Ламетри де Декарттың физикасы мен Локктың сенсуализмін әрі қарай дамытты. «Жан» деп адамның сезу және ойлау қабілетін түсінді және сезім күнделікті өмірге ең сенімді жетекші бола алатынын айтты. Қоғамдық құбылыстарды түсіндіруде, әлеуметтік өмірдің қандай болмағы адамдардың мүдделері мен тілек-қалауларына байланысты, ал ол қоғамдағы үстем идеяларға тәуелді болады деген пікірді ұстанды.