XVIII ғ. Еуропадағы ағартушылық философия (Вольтер, Гольбах, Дидро, Руссо және т.б.) XVIII ғасырды Еуропада Ағартушылық дәуір деп атайды. Ағылшын, неміс, француз, орыс, қазақ халықтарының өзінің Ағартушылық дәуірі бар. Жалпы алғанда ол феодалдық қоғамға қарсы бағытталып, орта таптың, соның ішінде жас, прогрессивті буржуазияның мүддесін қорғады және негіздеді. Бірақ ағартушылық әр елде әр түрлі сипатта болды. Бұл кезеңнің ойшылдары сол кездегі тәртіпті сынға алды, әлеуметтік дамуда оқу мен білімнің және тәрбиенің шешуші рөл атқаратынын негіздеуге тырысып, «барлық қайғы-қасіреттің себебі мен адамдардың бақытсыздығы олардың надандығынан» деді (Гельвеций). Олар XVII ғасырдың метафизикасынан бас тартып, тұрмыстық мәселелермен айналысқандықтан да өзінің назарын XVIIІ ғасырдағы материалистік теорияларға аударды. Олардың мақсаты элитарлық білім емес, халықтың практикалық өмірін жетілдіру және жақсарту. «Бұл өмір жердегі өмірге, қарапайым адамның рақаты мен қызығушылықтарына бағытталған. Антитеологиялық, антиметафизикалық, материалистік практикада олар антитеологиялық, антиметафизикалық, материалистік теорияларға сәйкестендірілуі керек» (К.Маркс).
Еуропадағы ағартушылықтың отаны – Англия (Бэкон, Локк, Гоббс, Юм және т.б.). Еуропадағы классикалық ағартушылық философияның негізін қалағандар Дидро, Д. Аламбер, Вольтер, Монтескье, Руссо болды.
Олар прогресс идеясын негіздеді, ғылым мен философияның жетістіктерін көпшілікке танытты, 30 жылға жуық уақыт бойы 35 томдық «Энциклопедия немесе ғылым тілі мен өнердің, кәсіптің түсіндірме сөздігін» шығарумен айналысты. Дидро «Энциклопедияның» бас редакторы әрі идеялық қолдаушысы болды. Өзімен серіктес редактор – математик әрі философ д`Аламбермен бірге бұл жобаға Вольтерді, Тюргоны, Руссоны, Монтескьені, Гольбахты, танымал жаратылыстанушылар Бюффон мен Добантонды және дәуірдің басқа да көптеген танымал қайраткерлерін тартты.
Бұл дәуірдің ең көрнекті өкілі Шарль Луи Монтескье (1689-1755 жж.) болды. Ол табиғи факторларға сүйене отырып, қоғамның мәні мен генезисін түсіндіріп беруге тырысты. Сондай-ақ, «Әлеуметтанудағы географиялық бағыттың» негізін қалаушылардың бірі болды. Монтескьенің ойынша, халықтың мінез-құлқы, оны басқарудың жолдары мен заңдары сол халық өмір сүріп отырған жердің аумағына, топырағына, ауасына байланысты.