ГельвецийКлод Адриан (1715-1771 жж.) – XVIII ғасырдағы француз материализмі мен атеизмінің аса көрнекті өкілі, Франциядағы буржуазиялық революция қайраткерлерінің идеялық көсемдерінің бірі, «Ақыл туралы», «Адам туралы» деп аталатын еңбектердің авторы. К.Маркс ол туралы: Локктың сенсуализм туралы ойларын жалғастырған бұл еңбектерде «материализм шын мәнісінде француздық мінезге, сипатқа ие болды» деген болатын. Барлық адамға қабілеттің табиғи тең берілетіні, ақылдың жетістіктері мен өнеркәсіп жетістіктерінің бірлігі және тәрбиенің құдіретіне сенім арту – оның ілімінің ең маңызды тұсы болып табылады. Жеке адамның мүддесі мен ықыласын дұрыс түсіну – ойшылдың барлық моральдық көзқарастарына негіз болған.
Гельвеций материалдық болмысты ғана мойындайды. Әлем, Гельвецийдің ойынша, «қозғалмалы материядан басқа ештеңе де емес, ал уақыт пен кеңістік – материяның өмір сүру формасы». Ламетридің және Гольбахтың ізімен, Гельвеций де адамды табиғаттағы жалпы жүйелердің бірі ретінде анықтап, оны табиғи тіршілік иесі деп атайды. Адам туралы негізделген тұжырымдары үшін Париж парламенті Гельвецийдің «Адам туралы» деп аталатын басты еңбегін отқа жағуға үкім шығарды.
Еркін ойлауға қарсы ушыққан репрессия Гельвецийдің зерттеулеріне тосқауыл бола алмады. Адамның миында пайда болатын елестер мен ұғымдарды ол материалдық шындық қатысына қарай екінші орынға қояды. Гельвеций нағыз атеист болды. Ол Құдайға сену бір адамдардың мәдениетсіз, көргенсіз әрекеттерінің нәтижесі және олардың екінші бір адамдарды саналы түрде алдауға баруы деп түсіндірді.