ЖАҢА Әлемдегі жаңА Қазақстан


VІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ



бет2/8
Дата25.01.2017
өлшемі1,5 Mb.
#7735
1   2   3   4   5   6   7   8

VІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Біз осы таяуда ғана тәуелсіздігіміздің он бес жылдығын атап өттік. Өткен жолымыз лайықты жол болды, ал біздің бірлескен шешімдеріміз бен тындырған ісіміздің нәтижелері таңданарлықтай болды.

Мұның бәрі де, жаңа жалпықазақстандық патриотизмнің іргетасын қалап, біздің Отанымыздың, біздің барша көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың, біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар екеніне негізді мақтаныш пен сенімділікті туындатады.

Тарих халық өзінің ерік-жігерін тарихи ауқымдағы жобаларды іске асыру үшін жұмылдырған кезде жаңа даму деңгейіне көтерілетінінің жарқын мысалын аз білмейді.Қымбатты отандастар!

Біз бірге болған кезде табысқа жетеміз. Сондықтан сіздерге жаңа онжылдықтың стратегиясын ұсына отырып, сіздердің қолдау көрсететіндеріңізге сенемін. Және де бұл қолдау әрдайымдағыдай сенімді болатынын білемін. Демек, біз бірлесіп ойға алғанды орындап шығамыз.

Назар аударғандарыңызға рахмет.



ІІ бөлім

ҚАЗАҚСТАН – 2030” СТРАТЕГИЯСЫ



ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ

Ішкі және сыртқы саясатымыздың

аса маңызды 30 бағыты

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Осыдан он жыл бұрын – 1997 жылы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауда еліміздің 2030 жылға дейінгі Дамуының стратегиясы – қоғамымыздың келешектегі келбеті мен мемлекетіміздің мақсат-мұраты баян етілді. Біз бұл ретте қандай қоғам орнатқымыз келетінін, дамуымыздың самғау сызығы қандай болуы керектігін анық білуге, айқын түсінуге тиіс екенімізді ұғындық. Басым мақсатымызды дұрыс айқындап, стратегиямызды таңдап, тиісінше ерік-жігер, төзімділік пен мақсаткерлік таныта білсек, алдымызда тұрған кез келген кедергілерді ойдағыдай еңсеретінімізге біз кәміл сендік. Біз қателескен жоқпыз.

Біз бүгін толық жауапкершілікпен былай деп мәлімдеуімізге болады: Қазақстан өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтті, әрі өз дамуының сапалық жаңа кезеңіне нық сеніммен қадам басты.

Күн тәртібіне еліміз дамуының ой қисыны, сонымен қатар кең ауқымды сипаттағы терең мағынасы бар барынша байыпты түбегейлі қоғамдық міндеттер қойылып отыр. Осы заманғы қыр көрсетулер мен қатерлер әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастардың бүкіл жүйесін неғұрлым серпінді жаңартуды табанды түрде қажетсінеді, мұның өзі Қазақстанның Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі кеңістіктегі әрі Орталық Азиядағы көш бастаушы тұғырын сақтап, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті және серпінді дамып келе жатқан мемлекетінің біріне айналуына мүмкіндік береді.

Қазақстанды жан-жақты жаңартудың Жаңа кезеңіндегі басты басымдықтары ретінде мен ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындап отырмын.

І. Қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге бағытталған мемлекеттік саясат

Бірінші бағыт – Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің орнықты сипатын қамтамасыз етуге бағытталған толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру

Әлемдік шаруашылықтың жаһандық жүйесі – өзінің ережелері бойынша жұмыс істейтін қалыптасқан әрі орнықты тетік. Біз де осы ережелерге сай жұмыс істеуіміз керек. Әлемдік рынокта бізді күтіп тұрған ешкім жоқ, бірақ біз онда қажеттігімізді танытып, іргемізді бекітіп алуымыз қажет. Ол үшін бізге мыналар қажет:

Біріншіден, Қазақстан экономикасының сыртқы рыноктарға шығатын негізгі салаларына олардың экспорттық табыстылығының деңгейі мен соны айқындайтын факторлар тұрғысынан жүйелі талдау, мониторинг және бағалау жүргізу. Мұның өзі, ең алдымен, жоғары өнімділік, жұмсалатын шығындардың төмендігі, басқа елдердің қолы жетпейтін ресурстар мен материалдардың болуы, біліктілігі жоғары білікті жұмыс күші, дербес технологиялар және т.т. Әзірге мұндай жұмыс толық көлемінде орындалмай отыр.

Екіншіден, басқа елдердің бәсекелес өндірістері мен салаларына, сондай-ақ нақ сол халықаралық рыноктарға қатысатын трансұлттық корпорацияларға салыстырмалы талдау жүргізу; қазақстандық экспорттаушылар мен экономика секторларының кейіндеп қалуына әкеліп соғатын немесе, керісінше, оларға салыстырмалы артықшылықтар жасайтын факторларға баға беру.

Үшіншіден, нақты экспорттық салалардың оң және теріс тұстарына баға беру және қолдағы артықшылықтарды қай жерде қолдану, ал керек жерінде орын алған проблемаларды жоюдың бағыттарын айқындау.

Бұл ретте біздің келешегі зор өндірістерді, соның ішінде ішкі рынокты дамыту жөнінде жасалған іс-қимылдың тиімділігіне баға беріп, олардың экспорттық әлеуетін арттыру мүмкіндігін қарастыруымыз қажет.

Төртіншіден, осындай жүйелі талдаудың негізінде біз өнеркәсіптің құрылымын өзгертуге қабілетті әрі едәуір қосымша құнға ие еселемелі тиімділігі, экспорттық және ресурстар үнемдеуші әлеуеті бар серпінді ауқымды зор жобалар әзірлеуіміз қажет.

Бесіншіден, Қазақстан бизнесінің сыртқы рыноктарға шығуы үшін нысаналы жүйелі қолдауды ұйымдастырудың маңызы зор.

Үкіметке экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін сапалы жаңа деңгейге жеткізудің тұтастай Стратегиясын әзірлеп, іске асыруды тапсырамын.

Осы негізде тиісті Іс-қимыл бағдарламасын, оның аралық нәтижелеріне баға беру және оны толығымен іске асыру жүйесін әзірлеген жөн. Онда Кәсіпкерлердің “Атамекен” ұлттық одағымен бірлесе әзірленген ірі, орта және шағын бизнеске арналған ұсынымдар, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу және нақты салаларға мемлекеттік жәрдем жасаудың пәрменді шаралары туралы ақпарат қамтылуы тиіс. Осы нәтижелерге сүйене отырып, біз экономикамызды кемелділікпен қайта құрылымдаудың осы заманғы тұғырларын әзірлей аламыз.

Бәсекеге қабілеттілік және экспорт жөніндегі ұлттық кеңес бұл істің үйлестіруші әрі жұмыс органы болуға тиіс, оны құруды мен Үкіметке тапсырамын.

Екінші бағыт – Әлемдік шаруашылық жүйесінде қазақстандық “тауашаларды” іздестіру, оларды қолға қарату және жасақтау

Біріншіден, біз қазірдің өзінде жетістіктеріміз бен табыстарымызды пайдалана алатын бағыттарды кеңейте беруге тиіспіз. Бұл ретте басты назарды Ресейдің, Қытайдың, Орталық Азияның, Каспий мен Қара теңіз өңірлерінің рыноктарына аударған жөн.

Екіншіден, әлбетте, бір қарағанда, тартымдылығы аз немесе дәстүрлі деуге де келмейтін экспорттық “тауашаларды” да назардан тыс қалдырмай, жаңаларын да іздестіре беру қажет. Бұл жұмысқа өзара тиімділік жағдайында өзіміздің сыртқы әріптестерімізді де тартуға болады.

Үшіншіден, Қазақстанда халықаралық бәсекеге қабілеттілік деңгейіне жете алатын, жаңа экспорттық “тауашаларды” игеруге жәрдемдесетін жаңа, соның ішінде жоғары технологиялық жаңа өндірістерді дамыту.

Мәселен, өткен жылы Солтүстік Қазақстанда біздің ТМД-дағы көршілерімізде баламасы жоқ биоэтанол өндіретін бірегей кәсіпорын ашқанымыз өздеріңізге мәлім.

Биылғы жылы Атырау облысында алғаш рет шоғырланған негізінде мұнай-химия кешенінің құрылысы қолға алынады, ол бізге алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешенін дамытуға мүмкіндік бермек. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты қазірдің өзінде еуропалық стандарттарға сай келетін бензин мен дизель отынын шығара алады.

Төртіншіден, біз шекаралас аудандарда жаңа өнеркәсіп өндірістерін құру мен дамыту мүмкіндіктеріне талдау жасауымыз керек, өзімізге көршілес мемлекеттер онда бүгінгі таңда-ақ сауда-өнеркәсіп, қаржы мен қызмет көрсету құрылымдарын жасақтап үлгерді. Мұндай серпінді жобалар, айталық, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері экономикасының өркендеуіне байланысты болуы мүмкін. Қытаймен шекарада қазақстандық шикізатты өңдеп, осы өніммен, сондай-ақ энергия көздерімен, отынмен және басқаларымен Қытайдың алым алынбайтын сауда аймақтарын қамсыздандыра алатын кәсіпорындар құру тиімді болмақ. Содан кейінгі уақытта біз онда “Қорғас” халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының мүмкіндіктерін іске қосу және “Қорғас – Шығыс қақпасы” сауда-экономикалық аймағын құру арқылы тасымалдау, тауарлар бөлу, материалдық-техникалық қамсыздандыру жөнінде түрлі қызметтер көрсету саласын дамыта алар едік.

Үкімет және бірінші кезекте, Индустрия және сауда министрлігі, сондай-ақ мемлекеттік холдингтер біздің экономикамызға қатысушыларға жауапты ұсынымдар жасау арқылы экспорттық “тауашаларды” қазақстандық тауарлармен және қызметтер арқылы игеріп, кеңейту бағдарламасын әзірлеп, іске қосуға міндетті.



Үшінші бағыт – Іргелі және “серпінді” жобаларға қатысу

Біздің экономикалық жетістіктеріміз Қазақстанның Орталық Азия экономикасында көшбасшылығын айқындады.

Ендігі жерде біздің қолымызда Қазақстанды экономикалық дамудың “өңірлік локомотивіне” әрі оны әлемдік экономиканың табысты “ойыншысына” айналдыра алатындай күш бар.

Біріншіден, Үкімет компанияларымызды келешегі зор өңірлік жобалар жайында ақпараттандыру жүйесін жасап, олардың осындай жобаларға қатысуына және конкурстық негізде мемлекеттік контрактілер алуына жәрдемдесуге тиіс. Бұлар жоғары технологиялық өндірістер, инфрақұрылымдық және басқа да жобалар болуы мүмкін.

Екіншіден, біздің ірі корпорацияларымыздың нақты “серпінді” жобаларды дамыту мақсатында ұлтаралық компаниялармен ынтымақтастығын ынталандырып отыру керек.

Үшіншіден, Қазақстан өңірлік қаржы рыноктарының Алматыдағы қаржы орталығының төңірегінде топтасуын дамыта отырып, бұл өңірде осы заманғы халықаралық сауда технологияларының негізінде тауарлы-шикізат рыноктарын, айталық, астық биржасын құратын болады.

Үкіметке, барлық тиісті органдар мен институттарға, соның ішінде мемлекеттік холдингтерге Қазақстанды “тауарлармен және қызметпен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік орталыққа” айналдыруға қолайлы жағдайлар туғызуды, ең бастысы, қазақстандық компаниялардың өңірлік ірі экономикалық жобаларға қатысуы үшін нақты шаралар қолдануды тапсырамын.

Төртінші бағыт – Мемлекеттік холдингтердің қызметін шоғырландыру және олардың жұмысын халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастыру

Біздің мемхолдингтердің, көп жағдайларда, халықаралық рынокта бәсекеге қабілетсіз, бағынбайтын көп бейінді конгломераттарға айналып кетуіне жол бермеу керек. Сондай-ақ олардың белгілі бір жеңілдіктер жүйесі бар таптаурын қаржылық “астауға” айналып кетуінен де сақтанып, бұған қоса мемхолдингтер өз құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен ұйымдардың қызметін қайталамай, керісінше, осынау экономикалық қызметті жаңа деңгейде топтастырып, міндеттер қосарластығынан, өніксіз бәсекелестік пен томаға-тұйықтықтан арылуға, олардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс екенін ескеру керек.

Бірінші кезекте мемхолдингтер, Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуіне бағытталған ұлттық стратегияның бәсекеге қабілеттілігі мен іске асырылуын қамтамасыз етуде өздерінің жетекші орындарын сайлап алуға тиіс.

Біріншіден, мемхолдингтерге және тиісті мемлекеттік органдарға бүгінге дейін жинақталған талдау, маркетинг және технологиялық тәжірибені сыни тұрғыда саралап, түпкі нәтижелері мен қол жеткізу мерзімдерін көрсете отырып, дәйекті іс-қимылды айқындауды тапсырамын. Біздің экспорттаушыларымызға арналған “тауашалар” қалыптастыру және толымды халықаралық ықпалдастыққа кірігу нақты серпінді жобаларды іске асырудың осы заманғы айқын міндеттері мен жоспарының болуын қажет етеді.

Екіншіден, мемхолдингтер халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар жасау, сондай-ақ олардың Қазақстанға келуіне жәрдемдесу жөнінде белсенді жұмыс жүргізуге тиіс. Біз үшін, әсіресе, шикізаттық емес секторлардағы бірлескен жұмыс ерекше маңызды.

Үшіншіден, мемхолдингтер экономиканы әртараптандыруда өзіндік рөл атқаруға, осы үдеріске қазақстандық шағын және орта бизнесті тартып, оларды ынталандырып, қолдап отыруға тиіс.

Төртіншіден, мұндай міндеттерді шешу үшін мемхолдингтерді біртұтас организм ретінде қайта құрылымдау жоспарын әзірлеу, сондай-ақ тиісті нысаналы, толыққанды жұмыс істейтін, тиімді, икемді әрі ашық ішкі құрылымдар жасақтау қажет. Осыған байланысты әрбір мемхолдингті құрайтын құрылымдарға, олардың тиімділігі мен бейінділігіне тиісінше таңдау жүргізу, содан кейін әрбір мемхолдингтің басқаруында қандай активтердің қалатынын, олардың қалай дамитынын, қайсысын бәсекелестік ортаға енгізу керектігін анықтау қажет.

“Самұрық”

Біріншіден, “Самұрықтың” негізгі міндеті – экономиканың мемлекеттік секторындағы кәсіпорындарды басқара отырып, олардың құнының арттырылуын қамтамасыз ету.

Екіншіден, “Самұрықтың” басшылығына оның құрамына кіретін мемкомпаниялардың қызметтерін айқындайтын, өз дамуының біртұтас стратегиясын жедел қарқынмен әзірлеуді тапсырамын.

Үшіншіден, “Самұрық” барлық отандық инфрақұрылымдық қызметті тұтынушыларға, сыртқы рыноктарда экономиканың тиісті секторларына бәсекелестік артықшылықтар беруге тиіс міндеттер мен жобаларды орындау үшін өзінің мүмкіндіктері мен ресурстарын пайдалануға тиіс. Яғни, кәсіпорындарымыз бен халқымыз, сөзсіз, неғұрлым сапалы әрі мүмкіндігінше арзан энергетикалық, темір жол, телекоммуникациялық және тұрмыстық қызметтермен қамтылуы тиіс.

Төртіншіден, “Самұрық” өзінің стратегиясын қамтамасыз ету үшін жинақтаушы зейнетақы қорларының, даму институттарының және қазақстандық, сондай-ақ шетелдік жеке инвесторлардың қаражатын тартудың айқын схемасын әзірлеуге тиіс.

“Қазына”

“Қазына” өзінің құрамына кіретін барлық институттар мен ұйымдар қызметінің ортақ стратегиясын тұжырымдап, іске асыруы керек. Бәрінің мақсаты бірыңғай болуға тиіс, ол – Қазақстанның шағын, орта және ірі бизнесінің бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыру үшін көмек көрсетілуі мен ынталандырылуын, халықаралық “серпінді” жобаларды қамтамасыз ету және экспорттық “тауашаларды” қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, инфрақұрылымдарды дамыту.

Біріншіден, “Қазына” қоры келешегі зор кәсіпкерлер мен өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен экспортына қолдау жасау үшін қолданбалы зерттеулерді қаржыландырудан бастап, қазақстандық тауарларды сыртқы және ішкі рыноктарға орнықтыруға дейінгі осы заманғы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қор экспортқа сервистік қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттің операторы болуы керек.

Екіншіден, “Қазына” экономиканың басым секторлары мен тиісті компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында жаңа технологиялардың енгізілуі мен қолданбалы ғылымның дамуын қалай ынталандыратынын айқындап алуы керек.

Үшіншіден, “Қазына” қорының өзіміздің озық кәсіпорындарымызға, бастысы, өнім өндірмейтін өнеркәсіпке, соның ішінде қаржыландыруды құрылымдау, экспорттық кредиттер, экспорттық сақтандыру және т.б. арқылы сыртқы сауда-саттық жасауына жағдай туғызуға және экспорттың қолжетімділігін жәрдемдесуге кеңейткен жөн.

Төртіншіден, халықаралық рынокта өз “тауашасын” тауып, ондағы берік тұғырларын сақтай алатын жаңа өндірістерді конкурстық негізде венчурлық қаржыландыру үдерісін жан-жақты зерделеген жөн. Бүгінгі таңда “Қазына” Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетті жаңа өндірістері мен секторларын жасақтау үшін саналуан құралдарды иеленуі тиіс.

Бесіншіден, Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі тиісті халықаралық компанияларды экспорттық әлеуеті мол бірлескен өндірістерге тарту болуы керек.

Алтыншыдан, Қор барынша экспорттық бағытта құрылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға, технопарктерге отандық және шетелдік бизнесті белсене тартуға тиіс.

Жетіншіден, биылғы жылы Қорлар қорын соның ішінде шетелдік қаржы институттарының қатысуымен құру қажет.

“ҚазАгро”

“ҚазАгро” ұлттық холдингі жұмысына да осы тәріздес қадамдар енгізілуі тиіс.

Біріншіден, “ҚазАгроның” негізгі міндеті – ауыл шаруашылығының өнімділік деңгейін көтеру, жердің тозуының алдын алу, еліміздің су және басқа табиғи ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, сонымен қатар ескірген аграрлық технологиялардың қолданылуына, аграрлық ғылымның кенжелеп дамуына тосқауыл қою, сондай-ақ ұсақ шаруа қожалықтарының бытыраңқылығын еңсеру мәселелерін жүйелі түрде шешу.

Екіншіден, “ҚазАгро” алға қойылған міндеттердің ауқымында ауыл шаруашылығының барлық салаларына сапалы талдау жүргізіп, бірінші кезекте өркендету қажет болатын бағыттарды айқындауға міндетті. Мәселен, бүкіл дүние жүзінде жедел дамытыла бастаған ауылшаруашылық өнімдерінің жаңа рыногы пайда болды, бұлар – экологиялық таза өнімдер, жаңа өндірістер және басқалары.

Үшіншіден, “ҚазАгро” таяу уақыттың ішінде экспорттық әлеуеті бар қолданыстағы және жаңа ауылшаруашылық өнім өндірушілерін қаржыландыру жүйесін әзірлеп, іске асыруға тиіс. Мұндай қаржыландыру нысаналы болуы тиіс әрі ескірген агротехнологияларды алмастыруды және жоғары технологиялық агроөнеркәсіп құруды қарастыруы қажет. Бәлкім, бұл үдеріске операторлар ретінде екінші деңгейдегі банктерді тарту қажет.

Барлық мемхолдингтердің, оларға кіретін ұлттық компаниялар мен басқа ұйымдардың басты міндеті корпоративтік басқарудың халықаралық іс-тәжірибесін, есептілік пен ашықтықты енгізу арқылы олардың қызметін ретке келтіру болып қала бермек.

Олар бүкіл Қазақстан бизнесі үшін корпоративтік басқарылымның үлгі-қалыбына айналуы тиіс.

Біріншіден, мемхолдингтердің жұмысы Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес құрылуы қажет.

Екіншіден, мемхолдингтер қызметінің ашықтығын арттыра берген жөн. Қоғам бұл компаниялардың стратегиясы, олардың меншіктік құрылымы, қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері және тағы басқалары жөніндегі ақпаратқа қанық болуы керек.

Үшіншіден, мемхолдингтердің шаруашылық қызметі, жеке құрамды іріктеуі және басқалары ашық конкурстық ресімдер негізінде жүзеге асырылуға тиіс.

Төртіншіден, стратегияны жүргізу үшін басқару, қаржы мен қызмет нәтижелеріне тиімді бақылауды жүзеге асыру үшін Директорлар кеңесінің ұтымды жұмысын қамтамасыз еткен жөн.

Бесіншіден, біздің ойымызша, мінсіз беделге ие тәуелсіз аудитордың тартылуы арқылы мемхолдингтер жұмысының қорытындылары бойынша жүргізілетін жыл сайынғы аудит аталған холдингтер қызметіне айқын, ашық жүйелілікті қамтамасыз етуге және осы жария түрде олардың қызметіне баға беруге жәрдемдесетін болады.

Мұндай қағидаттар барлық мемхолдингтер жұмысын айқындауға тиіс.

Мемхолдингтер басшыларына 2007 жылғы тамыздан кешіктірмей, Президенттің бекітуі үшін өздерінің дамуы мен жаңа құрылымының тұжырымдамасын ұсынуды тапсырамын. Стратегиялары мен құрылымдары бекітілгеннен кейін “Самұрық”, “Қазына”, “ҚазАгро” алдарына қойған міндеттерді іске асыруға кірісулері керек, ал басшылары олардың жұмыс нәтижелері үшін дербес жауап береді.

Бесінші бағыт – Өндіруші сектордың тиімділігі мен макроэкономикалық қайтарымдылығын едәуір арттыру

Біз алдағы уақытта да жауапты әрі өзара тиімді энергетикалық саясат жүргізуге ниеттіміз.

Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетелдік және жергілікті инвесторларды тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстырып, осы арқылы жаңа, келешегі зор өндірістер құру жөніндегі маңызды міндеттерді шешу керек.

Үкімет тиісті заң жобасының қажеттігін қаперге ала отырып біздің табиғи ресурстарымызбен жұмыс істейтін ірі инвесторлардың алдына Қазақстанды индустрияландыруға үлкен әрі нақтылы үлес қосуы жайында мәселе қоюы керек.

Біз, ең әуелі, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз. Бұл ретте біз көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміздің тұрақтылығын, болжампаздығын және ұзақ мерзімді мүдделестігін қамтамасыз етеміз.

Қазақстанның өңірлік энергетикалық кеңістіктегі тұғырын одан әрі нығайтудың тұтастай стратегиясын әзірлейтін уақыт жетті.

Біріншіден, Үкімет мемхолдингтермен бірлесіп, қазақстандық энергияны экспортқа шығарушылардың халықаралық рыноктардағы қолжетімділігін қамтамасыз ету және ынталандыру жөнінде нақты шаралар қолдануға тиіс.

Екіншіден, Үкімет газ өндіру саласының жаңа стратегиясын тұжырымдауы және оны іске асырудың заңнамалық негізін жасауы тиіс.

Үшіншіден, энергетиканы үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін өз көршілерімізбен келелі келіссөздер жүргізіп, олардың көздерін Орталық Азияда өңір мемлекеттерінің энергетикалық желілерінің кешенді жүйесін жасақтау тиімді болатынына, сондай-ақ өңірлік және халықаралық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нарықтық жүйе қалыптастыруға жәрдемдесетін Энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрудың да маңызды екеніне көз жеткізуіміз керек. Мұның өзі өңірдегі барлық елдердің мүддесіне сай келеді.

Төртіншіден, өзіміздің табиғи ресурстарымызды ұқыптылықпен пайдалану және қоршаған ортаның ластануы, ескірген әрі “лас” технологияларды бақылаусыз әкелу, қалпына келетін ресурстарды тиімсіз пайдалану секілді және басқа да проблемаларды шешу үшін ықпалды заңнамалық негіз қалыптастыру қажет.

Каспий қайраңындағы мұнай өндірілетін кен орындарын игеру барысында табиғатты қорғауға бағытталған заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту қажет. Үкімет көмірсутегін өндіру кезінде “Жасыл мұнай” қағидаты бойынша экологиялық стандарттарды қатаң сақтауға міндеттейтін халықаралық сертификаттар енгізу мәселесін қаперге алуы тиіс.

Біздің энергетика мен мұнай-химия салаларын дамытудың басты мәселесі – энергия өнімдеріне қосылған құнды ұлғайту арқылы осы секторлардың табыстылығын арттыру. Әсіресе, мұнай-химия, газ ресурстары, экспорттық энергия маршруттары сияқты басым секторларды басқару пәрменді болуы тиіс.

Біріншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мұнай мен газ өңдеу кәсіпорындарын жаңарту мен қайта жарақтау, жаңа мұнай-химия өндірістерін құру жөніндегі бағдарламалар әзірлеп, оларды іске асыруы қажет. Біз мұнай мен газ секторында қосылған құны жоғары және ілеспе әрі аралас өндірістерді дамытуға тиіспіз.

Үкімет еліміз экономикасының қазіргі кезеңдегі негізгі саласы осы министрлікті – энергетиканың күрделі мәселелерін біліктілікпен шешуге қабілетті осы заманғы кадрлармен толықтыруы қажет.

Екіншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе, энергия үнемдейтін технологияларға көшу жөніндегі практикалық шаралар бағдарламасын әзірлеуге тиіс. Табиғи ресурстарды үнемдеу мен ұтымды пайдаланудың мұндай технологиялары мен бағдарламаларын енгізуді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларды оңтайлы ұштастыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырған жөн. Мұндай бағдарлама, айталық, энергетика өндірісі мен тұтыну қалдықтарын төгу мен орналастыруға қатаң мемлекеттік бақылау енгізу, кәсіпкерлердің экологиялық нормаларды сақтау жөніндегі контрактілік міндеттемелерін орындауы, қалдығы аз технологиялар енгізу және басқа да мәселелерді қарастыруы қажет.

Үшіншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі осы жылдың соңына дейін мұнай мен газ саласында теңдестіре өндіру мен экспортқа шығаруға, сонымен бір мезгілде көмірсутегінің жаңа кен орындарын барлау мен іздестіруге және мұнай-газ ресурстарын пайдаланудың жаңа тәсілдерін пайдалануға бағытталған жаңа даму стратегиясын әзірлеуі тиіс.

Төртіншіден, заңнамалық базаны жетілдіріп, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануы мен міндеттемелерін орындауының кешенді мониторингін жүзеге асыру қажет. Үкімет бюрократиялық кедергілерге жол бермеуге, рұқсат ететін құжаттар тізбесін азайтып, жер қойнауын пайдаланушыларға құқық беру тәртібін оңайлатуы тиіс.

Бесіншіден, Үкіметтің ірі кәсіпорындардың әлеуметтік міндеттемелерін орындауы және шетелдік білікті жұмыс күшін қазақстандық мамандармен алмастыру жөніндегі контрактілік міндеттемелеріне бақылау жүйесін жетілдіруі қажет.



Алтыншы бағыт – Ырықтандыру жағдайында қаржы жүйесінің орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейі

Біріншіден, біздің банктеріміз жергілікті рыноктағы, сондай-ақ өңірлік әрі халықаралық жобалардағы бәсекелестік тартысқа әзір болуы керек. Біздің қаржы жүйемізге резидент еместердің қолжетімділігіне байланысты қойылған бірқатар шектеулерді біз Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздер аясында алып тастадық.

Екіншіден, Қазақстанның банк жүйесі тарапынан экономиканың келешегі зор секторларына нарықтық жағынан орнықты қолдау көрсетуі үшін жағдай жасалуын және банктердің өңірлік экономикалық жобаларға, соның ішінде мемлекеттік – жеке меншік әріптестік шеңберінде қатысуын күшейту қажет.

Үшіншіден, екінші деңгейдегі қуатты банктердің капиталын ұлттық ауқымдағы, әсіресе, энергетикалық, инфрақұрылымдық және “серпінді” жобаларды іске асыру үшін тарту туралы маңызды мәселені шешу қажет.

Төртіншіден, капиталдың қозғалысы саласындағы негізсіз шектеулерді алып тастау жайындағы мәселеге тағы да оралуымыз қажет. Бұл мәселені Қазақстанның оңтайлы жиынтық сыртқы қарызын қолдау қажеттігін есепке ала отырып қарастырған дұрыс. Біздің банктеріміз сыртқы қаржыландыруға шектен тыс иек артады, мұның өзі еліміздің сыртқы жиынтық қарызының бақылаусыз ұлғаюына әкеп соқтыруы мүмкін.

Бесіншіден, біз тиімді жұмыс істейтін қор рыногын құруымыз керек. Халықты өзінің жинақ ақшасын бағалы қағаздарға салуға кеңінен тартпайынша, оның дамуы мүмкін емес. Халықты инвестициялық сауаттылық әліппесі бойынша нысаналы оқыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізу де қажет.

Алтыншыдан, электрондық банк қызметтері инфрақұрылымын кеңейту үшін заңнамалық негізді одан әрі жетілдіру электрондық сауданы дамытудың қуатты факторына айналмақ.

Үкімет Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесе жоғарыда көрсетілген, осындай жұмысты жүргізудің стратегиясы мен қажетті заңнамалық қамтамасыздығын әзірлеуі тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет