Жаңашыл сынып жетекшінің жаңашыл тұлға қалыптастыруы «Білім мен тәрбие егіз»



Дата18.11.2019
өлшемі41,91 Kb.
#52012
Байланысты:
Баяндама Жаңашыл сынып жетекшінің

Жаңашыл сынып жетекшінің - жаңашыл тұлға қалыптастыруы
«Білім мен тәрбие егіз»,- деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Мектептегі баланың тәрбиесіне жауап беретін негізгі мұғалім ол әрине, сынып жетекшісі. Бала тәрбиелі болмай, білімді болмайды. Сынып жетекшіні баланың мектептегі екінші анасы деуге тура келеді. Себебі , кез-келген оқушының мінез-құлқын байқайтын, психологиялық ахуалын зерттейтін, сабаққа құлшынысын анықтайтын бірден-бір мұғалім - ол сынып жетекші. Сынып жетекші 1-ші сыныптан бастап алғанда, сыныпты және сынып оқушыларының әр қайсысының мінез-құлқын анықтап,  психологиялық-педагогикалық диагностикасын жасау қажет. Әр жыл сайын диагностикалық картасын жасап отыру қажет.  Себебі, бала есею арқылы оның мінез-құлқы да тұрақты болмайды. Сондықтан үнемі бақылауда ұстау қажет.

Тәрбиенің негізін қалаушы ол ана-ана, бірақ, қазіргі кезде көп ата-аналар балаларына тәрбиені толықтай бере алмай жатқанын байқаймыз, себебі, ол үшін ата-ана баласына үлгі болатындай отбасы болу керек. Қазіргі таңда ата-аналарымыз жеке бас мәселелерінен аса алмай, балаға дұрыс көңіл бөлмейтіні анық. Сондықтан, ата-ана мен сынып жетекші бірігіп жұмыс жасаса, жұмыстың нәтижесі саналы да, сапалы ұрпақ болмақ.

Саналы ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі. Сынып жетекші  ата-аналармен тығыз байланыста болуы керек. Ата-аналар комитетін сайлап, ата-аналар жиналысын үнемі өткізіп отыру қажет. Ата-аналарда бірден жұмысқа кірісе қоймайды , сондықтан мерекелерде арнайы шақырып, балаларымен дайындаған мерекелік іс-шараларға қатыстырып отырғанда, ата-аналардың да қызығушылықтары оянып тығыз байланыста болады. Ата-аналар жиналысын бір сарынды қылып өткізе бермей, әр түрлі бағыттар бойынша  өткізу қажет. Ата-аналарды белгілі топтарға бөліп тастап, олармен жеке жұмыстар өткізіп тұру керек. Ата-аналарды оқыту біздің құзырымызда жоқ, бірақ, сынып жетекші ата-анамен бір қазанда қайнап пісуі қажет. Себебі, ата-анамен сынып жетекшінің алдына қойған мақсаты бір. Мысалы «Жас ата-аналар», «Үлгілі ата-аналар», «Көмекші ата-аналар» деп бөліп тастауға да болады, ата-аналар ренжімей –ақ өздері осы топтарға бөліне қалады, жас ерекшеліктеріне байланысты. Себебі, жасы үлкен ата-аналар өздерінің даналығымен жастарға ақыл кеңес бере алады. Ал кейбір жас ата-аналар расында да баланы тәрбиелеуде неден бастарын білмей қалып, еркелікке жол береді. Кез-келген топ ішінен көмектесуге дайын тұратын ата-аналарда жоқ емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бірігіп істеген істің нәтижесі оң болады.

Ата-аналар арасында жиі сауалнама жүргізіп  отыру қажет. Сауалнама алу барысында  балаларының бос уақытта немен айналысатынын, достары кім, сабақ үлгерімі қалай, көңіл-күйі қалай екендігі туралы сұрақтар беруге болады. Сонда сауалнамаға жауап қайтара отырып, ата-аналар ойлана бастайды. Расында да кейбір ата-аналар өз балаларының қандай мамандық иесі болатындығын, әуелі қандай түс ұнататындығын да білмейді. Ата-ана баласымен жақын қарым –қатынаста болмаса, сынып жетекшінің жалғыз қолынан келмейді. Қазақта жақсы сөз бар «Әкенің берген тәрбиесін, жүз мектеп те бере алмайды»- деген.

Қазіргі таңда қазақтың салт-дәстүрі қалып барады. Сондықтан сынып сағаттарында үнемі қазақ халқының қанына сіңген ізгі адамгершілік қасиеттерінің, халықтың салт -дәстүрлерімен сабақтастығын түсіндіруді негізге алу қажет.

Мысалы: Аударыспақ - бұл ойынға екі оқушы  қатысады. Бір - біріне мақалдар айтып жарысады, жеңілген оқушы  аттан құлады деп саналады.


Асық ойнау - сынып оқушылары бірігіп асық атады, асығы алшысынан түссе сыйлыққа балл қосылады.  Әрбір асықтың құлағаны әртүрлі есептелініп, жеңілген балалар өз өнерлерін көрсетеді.

Арқан тартыс - арқанның екі жағына балалар бөлініп тұрады да, тартысады. Арқанда жазылған парақшалардағы тапсырманы орындайды. Қай жақ жылдамдық танытып тапсырмаларды орындап, арқанды бірінші  болып өз жағына тартып алса, сол топ жеңімпаз атанады.

Қазіргі кезеңде білім- ғылым  саласында инновациялық - педагогикалық технологиялар қаншалықты  маңызды болса, тәрбие бағытында да заманауи технологияларды кеңінен қолдануға болады. Тәрбиені негізге ала отырып, әр-түрлі тәсілдерді меңгерген жөн. Оқушылардың достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында топтық ойын түрлерін  жиі қолдану қажет.

Мысалы:  «Өрмекші шырмауы»  ойынын  оқушылар топ болып отырып, жіпті бір-біріне ұсыну арқылы белгілі тақырып бойынша сұрақ қояды, ол оқушы өзіне қойылған сұраққа жауап беріп, жіпті келесі балаға ұсынып сұрақ қояды ,ойын осылай жалғаса береді,соңында өрмекші шырмауы тоқылып шығады.Тиімділігі: өзара тіл табысады, сөйлеу мәдениеттері қалыптасады.

Оқушылардың арасында пікір-талас, дебат  сабақтарын өткізу өте қызықты болады, тек ол үшін маңызды тақырыпты таңдай білу  қажет. Сыныпты даттаушы және жақтаушы деп бөліп, екі жақ өз сөзін дәлелдеп мағынасын ашады. Негізгі мақсат оқушылардың  өз көз -қарастарын қалыптастыру, өз ойын ортаға сала білу, пікір алмасу. Сонымен қоса, сынып ішінде әр түрлі сайыстар жариялап отыру қажет. Ол сайыстар апталық, айлық, тоқсандық  болып бөлінеді. Сайыс түрлерін әр түрлі жариялауға болады. Мысалы, апталықты «Ең тәртіпті оқушы», айлықты «Ең үлгілі дәптер (күнделік)», тоқсандықты «Ең үлгілі оқушы» деп бөлуге болады. Сонда кез-келген оқушы тәртіп - тәрбиесіне, сабағына көңіл бөліп, үлгілі болуға ұмтылады.

Оқушыларды қызықтыру үшін, сынып ішінде  оқушылар сынып жәшігіне «жұмбақ хат», «ашық хат» жазады. Сынып жәшігі аптаның соңында ашылып,  сынып жетекшісі хаттарды тексеріп, таратады. Жұмбақ хатта оқушылар айта алмай жүрген ішкі құпияларымен бөліседі, сынып жетекшісі баланың айта алмай жүрген құпиясы бойынша, мәселесі  болса, қарастырып, шешудің жолын іздейді. Жұмбақ хатты сынып жетекшіден басқа ешкім оқымайды және жұмбақ хаттың иесі жұмбақ түрінде сақталады. Ал ашық хатта оқушылар бір-біріне тілек, құттықтаулар жазады, ашық хатты жалпыға оқып хат иесіне табыстайды. Ереже қатаң түрде сақталуы тиіс. Сонда сынып ішінде оқушылар тату - тәтті болады, ішкі сырларымен сенімді түрде бөлісе алады. Егер оқушылар ең алдымен сынып ішінде тату болса, сынып ішінде өзін ұстай, жақсы жағынан көрсете білсе, онда мектеп ішінде де өзін тек жақсы жағынан көрсете білетіні айдан анық.

Инновациялық технологиялардың негізгі көзі дидактикалық көрнекіліктер болып саналады. Көрнекіліктер арқылы кез-келген оқушының  зейінін ашуға , қызығушылықтарын арттыруға болады. Мысалы аудио, видео, компьютер, интербелсенді тақта, интернет, мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар,  флипчарт сабақтар. Психологиялық сергіту  ойындарын ойнатып, мысалы «Менің көңіл күйім», «Адал дос»,  «Өзін-өзі тану – өмір талабы» әр түрлі тақырыптарда  аудио тыңдатып, видеороликтар көрсетіп, психологиялық тренингтер өткізу орынды. Оқушылар жағымды немесе жағымсыз әсерлерімен бөлісіп, ойын ортаға салады.

А.И.Шемшуринаның адамгершілік тәрбиесі технологиясы бойынша сынып сағаттарын өткізу қызықты, әрі тиімді.Оқушыларды өзара диалогқа түсіру  барысында, адамгершілік қасиеттері артады. Диалог балаларды өздерінің іс-әрекеттеріне, сөздеріне, ниеттеріне адамгершілікті тұрғыдан қарауға талаптандырады.

Этикалық диалогтың құрылымы:


1. Кіріспе. Мәселенің қойылуы
2. Мәселені ойластыру (тест, тапсырмалар, тәжірибелер, ынталандыру)
3. Шарықтау кезеңі. Адамгершілікті шешім табуға, іс-әрекет таңдауға әкелетін эмоционалдық және интеллектуалдық сәт туындау. Бала мәселені ойластырудан өз мәселесіне ауысады:
Ал мен қандаймын?  — Мұндағы менің іс-әрекетім деген ойлар туындайды.
4 . Адамгершілікті таңдау. Өзін-өзі бағалау. Бағалау жасырын түрде немесе бірін –бірі бағалау жүзеге асады

Шешуші кезең.


Мысалы: «Адал дос» тақырыбында сынып сағатын ұйымдастырсақ,

Кіріспе. Мәселенің қойылуы

«Іс түссе басыңа, келер шын дос қасыңа», – дейді дана халқымыз. Ал енді осы мақалға  көңіл бөлейік .«Іс түссе басыңа» дегенді қалай түсінесіңдер?  «Шын дос» деген не?  Сонда «шын дос» болмауыда мүмкін бе? Дұрыс, адамға доссыз өмір сүру қиын, өйткені достар әр уақытта бір-біріне қолдау жасайды. Ал енді сіздер алдарыңыздағы жасыл жапырақтарға дос қандай болу керек екендігін жазып, ағашқа жабыстырасыздар. (ағашқа жапырақтар ілінеді)

Мәселені ойластыру (тест, тапсырмалар, тәжірибелер, ынталандыру). Ал енді бірнеше топқа бөлініп, келесі жағдайлардың шешуін тауып көрейік:


а) Сіздің досыңыз жағымсыз әрекет жасады. Бұл туралы сіз де, айналадағылардың бәрі де біледі. Сіз не істейсіз?

ә)  Сіздің досыңыз жағымсыз әрекет жасады, ал жазасын сіз тарттыңыз. Ол туралы не ойлайсыз? Досыңыз сізді сатып кетті, сіз қандай шешім қабылдайсыз?  Енді екі жақ өзара диалогка түседі, шешім іздейді. Ортақ шешімге келеді.

б). Топпен жұмыс. Сөзжұмбақ шешу.

Шарықтау кезеңі.

Топпен жұмыс. «Күн сәулесіндегі достық бейнесі» жаттығуы.
І топ: «Мен қандай доспын?»
ІІ топ: «Менің досым қандай болу керек?»
ІІІ топ: «Мен досым үшін не істей аламын?»

Енді өзіміздің басымызда осындай оқиға болды ма? Ойланып көрейікші. Оқушылар ойланып, өзімен-өзі ішкі ойымен сырласады. Бұндай жағымсыз оқиғалар болса қайталамауға тырысады.

Адамгершілікті таңдау. Өзін-өзі бағалау. (мұғалімге айтпауы да мүмкін)
Ал енді өзіміздің бойымызда қандай қасиеттер бар, қандай қасиеттерге ие болғыларыңыз келгенін анықтап көрейік. «Сиқырлы сандық» ойынын өткізу. Қызыл қағазға қандай қасиеттерден арылғыңыз келгенін жазып, мына сандыққа салып, құтыласыз. Және де қандай қасиеттерге ие болғыңыз келетінін сары түсті қағазға жазып, өзіңізге сақтап қоясыз немесе досыңызға сыйлауыңызға болады.
5. Шешуші кезең. Сабақты қорытындылау.

Күтілетін нәтиже: достықтарын нығайту, өзара байланысқа түсу арқылы ойларын жүйелеу, пікір таласу, диалогқа түсу, шешім қабылдау, жаман әдеттен аулақ болу.

Оқушылардың әлеуметтік және заңды құқықтарын қорғау сынып жетекшінің негізгі міндеттерінің бірі болып саналады.

Сынып жетекшібалалардың  құқықтарын  қорғау бойынша отандық және халықаралық құқықтық нормаларын білу қажет. Сынып жетекші айлық, тоқсандық, жылдық жоспарын құра отырып,  құжаттарын  толтырып отырады.Сыныптағы қыздармен, ұлдармен, ата-аналармен өткізетін жұмысқа жоспар құрылады. Жоспарды мектеп психологы, әлеуметтік педагогтар мен  мектеп медбикесінің қатысуымен  бірге жоспарлау керек. Сонда ғана жұмыс оң нәтижесін бермек.

Сонымен сынып жетекшінің мектеп ішіндегі оқушыларды тәрбиелеудегі қосатын үлесі зор, мектептен тыс уақытта да үнемі оқушыларын бақылауда ұстайды. Оқушылармен нәтижелі жұмыс ұйымдастыру үшін, сынып жетекшісі өз оқушыларын, олардың ерекшеліктерін, дара қасиеттерін зерттей білуі керек. Сынып жетекші жан-жақты жұмыстар атқарады: диагностикалық, коммуникативтік, тәрбиелік, жобалаушылық, ұйымдастырушылық-әрекеттік, дамытушылық, әдептілік, ынталандырушылық, бағалаушылық, қорғаушылық-қамқоршылық, түзетушілік қызметтеріне тікелей жауапты.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. «Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар» журналы, 2008,  2010-16,

2. А.Канапьянова, «Тәрбиелік технологиялар», 57-60 бет

3. З.Синница, И.Е. «Педагогтық әдеп және ұстаздық шеберлік»

4. А.И.Шемшуринаның «Этикалық грамматикасы»



5. Тәрбие жұмысының әдістемесі.Астана «Фолиант» -2007-2015ж

 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет