Құрмалас сөйлем жасаудың екінші түрі - жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру тәсілі. Сабақтас құрмалас сөйлем деп құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқыларының баяндауыштары тиянақсыз тұлғада келіп,соңғы сөйлемге бағына байланысқан құрмаластың түрін айтамыз. Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді бағыныңқы компонентінің басыңқы компонентпен қандай мағыналық қатынаста тұратындығына қарай шартты бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы, мақсат бағыныңқылы, салыстырма бағыныңқылы, мезгіл бағыныңқылы, себеп бағыныңқылы,амал бағыныңқылы, түсіндірмелі, үлестес делініп 9 түрге бөлініп жүр.
Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем түркі тілдері синтаксистерінің бәрінде бар және солардың барлығында да сабақтас құрмалас сөйлемнің әбден қалыптасқан негізгі түрі деп есептеледі.
1. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың ең негізгі және өнімді тәсілі- бағыныңқы компоненті шартты райға аяқталған түрі.Шартты рай формалы сөз жіктеліп айтылғанымен,тиянақсыз болады, одан кейін ой жалғасы барлығы байқалып тұрады. Мұндайларға кездескен болсаң, баяғыда көше кезіп кеткен болар едің (Ә.Әбішев). Торытөбелдің үстіне бір шықсам, жанға шалдырмас едім (Ғ.Мұстафин). 2. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасауда –а, -е, -й формалы көсемшенің болымсыз түрі де елеулі қызмет атқарады. Мысалы: Шағала келмей, жаз болмас (Мақал). Үрпиген жүрек басылмай, Талапты көңіл елірмес (Абай). 3. Шартты рай формалы етістікке аяқталатын бағыныңқы компоненттер құрамында кім, кімнің, кімге, не дегендер тәріздес сұрау есімдіктерінің бірі келіп, басыңқы сөйлемде сонымен тұлғалас, соған жауап ретінде қолданылатын сол, соның, соған деген сілтеу есімдіктерінің бірі қолданылып, өзара жұптасып, іліктесіп тұратыны да болады. Кім бұрын келсе, сол алады.
4. Жатыс септік тұлғасындағы есімшеден болады: Сендердің сол тұстағы қажырлы еңбектерің болмағанда, мен күрішпен рекорд жасар ма едім (Ы.Жақаев). 5. Етістіктің болымсыз түріне –йынша,-йінше қосымшаларының жалғануынан жасалады: Адамның ауыр еңбегін жеңілдетпейінше, одан ақылды іс шығу мүмкін емес (Ы.Жақаев). Бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің шартын білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін шартты бағыныңқылы сабақтас дейді.
Басыңқыдағы іске бағыныңқыда айтылған іс немесе бағыныңқыдағы іске басыңқыдағы іс қарама-қарсы айтылатын сабақтастың түрін қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем деп айтамыз. Абайдың құбылысы орасан болғанмен, енді Ербол бұны түсіне бастады(М.Әуезов). Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем төмендегідей тәсілдер арқылы жасалады.
1.Бағыныңқылы сыңары көмектес тұлғалы және шығыс тұлғалы есімшеге аяқталады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанымен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әр түрлі (Д.Исабеков). Жаудың өте қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, жігіттер алға басуда еді (М.Ғабдуллин). 2.Бағыныңқы сыңары шартты рай етістігіне аяқталады. Бұндай құрылымдарда сыңарларының арасын қарсы мағынада қоятын - шартты рай жұрнағынан кейін келетін да, де шылаулары және әр сыңар құрамында келетін мағына жағынан бір-біріне қайшы келетін сөздер. Ондай сөздер антонимдер болуы немесе етістіктің болымды, болымсыз тұлғасы да болуы мүмкін: Абылғазының қолындағы Жиреншенің құсы тіленіп талпынса да, Жиренше оны жіберткен жоқ (М.Әуезов). Аламан кемпірді мінгестіру үшін қасына келейін десе, астындағы аты пысқырып жолатпады (Қазақ ертегісі). 3.Бағыныңқы сыңар көсемше тұлғалы етістікке аяқталады да, басыңқы сыңарда бағыныңқы сыңардағы пікірге қайшы мәнде айтылған сөз болады: Кейбір сұрақтары бола тұра, Сырбайдың Масақбай туралы айтқан сөздерін Естай бөлген жоқ (С.Мұқанов). Сырт көрінісі салмақты бола тұра, әкесінің мінезі күйгелектеу (Ерғалиев). –п формалы көсемшенің қарсылықты бағыныңқылы жасайтындығын қазақ тіл білімінде алғаш айтқан Р.Әмір болды. Ғалым оған төмендегідей мысалдар келтіреді: Кіп-кішкентай болып, осы сен сөз аңдағанды қайтесің (С.Мұқанов). Үйір қыламын деп, басыңа секіртіп жүрме (Б.Майлин). Айнала толған проблемаларды өзіміз қолдан жасап алып, өзіміз шеше алмай жүрміз (Қ.Жұмаділов). 4. Бағыныңқы сыңар –ша,-ше қосымшалы есімшеге аяқталады да, сөйлем бағыныңқы сыңардағы іс-әрекеттің болғанынан басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің артықтығын көрсетеді. Бірақ мұнда теңестіру емес, қарсылық мән басым. Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас (Мақал). Қарсылықты бағыныңқылы сабақтастың өзіндік ерекшелігі сол,оның бағыныңқы сыңары мағыналық жағынан басыңқыға меңгерілмейді, белгілі бір сұрауға жауап болып, тұрлаусыз мүшелер тәріздес қызмет атқармайды. Мұндағы бағыныштылық компонент баяндауышының тек формалық жағынан тиянақсыздығында ғана, ал сыңарларының мағыналық қатынастары жағынан алғанда қалыпты қарсылықты салалас сөйлеммен бірдей.
Құрмалас құрамындағы бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің, оқиғаның болу я болмауының мақсатын білдіретін сабақтастың түрін мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем деп атаймыз. Мақсат бағыныңқылы сабақтастағы бағыныңқы жай сөйлем басыңқы сөйлемнің жетегінде айтылып, оған меңгеріле, бағына байланысады да,басыңқы
сөйлемнің немесе оның баяндауышының жетегіндегі тұрлаусыз мүше тәріздес болып келеді. Мысалы: Сұрауым көпшілікке түсінікті болу үшін, сіздерге екі түрлі сұрау берейін (Ә.Әбішев). Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауыштары мынадай формалар арқылы жасалады.
1.Бағыныңқы сөйлем үшін шылаулы тұйық етістікке аяқталады: Қыстың ызғары өтпеу үшін, қоңыз інді терең қазады. Күзетші сезіп қалмау үшін, біз жыраның ішімен еңбектеп кеттік. 2.Шартты, бұйрық және қалау рай тұлғалы етістік пен деп көмекші етістігінің тіркесінен болады: Біржан да Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелердің көңіліне келмесін деп, Базаралыны қостап іле жөнелді (М.Әуезов). Миын ашытқан тоқсан түрлі қиялдан бойым сергір деп, Әсия жанып тұрған отқа қарады (М.Әуезов). Балташты өзімнен біржолата түңілтейін деп, ертеде басымнан өткен уақиғаны айтып салдым (Ж.Аймауытов). 3.Бағыныңқы сөйлем бол көмекшісіне тіркесіп келген –мақ, -мек, -пақ, -пек, -бақ,-бек жұрнақты етістікке аяқталады: Абай осының сәл алдынан өз ісінің аңарын байқамақ боп, бір таныс тілмаш арқылы жаңа келген Лосовскийге сәлем айтқан (М.Әуезов). Станцияға дейін салт мініп барып қайтармақ боп, Дәулет өзімізге белгілі жорғасын есік алдына байлап қойған (С.Мұқанов). Бүгін бірер кітабын алып шықпақ болып, өзі жалғыз кіріп еді (М.Әуезов). Демек, мақсат бағыныңқылы сабақтастың құрмаласуы аналитикалық тәсілмен ғана жүзеге асады.Дәл осы тәсілдер арқылы себеп бағыныңқылы сөйлемдерде жасалады. Бұларды бір-бірінен ажырату үшін сабақтастың компоненттері арасындағы мағыналық қатынаспен қатар, олардың әрқайсысына тән грамматикалық белгілері бар. Бұл бағыныңқы сөйлем баяндауышының қай шақта қолданылуымен тығыз байланысты. Егер мұндай баяндауыш келер немесе осы шақта жұмсалса, мақсат бағыныңқыға тән де, өткен шақпен келсе, себеп бағыныңқылы сабақтас болады.
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің мезгілін білдіретін құрмаластың түрін мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. А.Байтұрсынұлы еңбегінде сабақтастың бұл түрі « мезгіл пысықтауыш бағыныңқы» деп аталған да, оған «Қашан жер отаяды, мал сонда сүттейді» деген мысал берген. Қазіргі қолданылып жүрген « мезгіл бағыныңқылы сабақтас» деген атау алғаш рет 1939 жылы жарияланған оқулықта «мезгілді сабақтас» деп аталады да, келе-келе «мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем» болып өзгертіліп қолданылады.Мезгіл бағыныңқылы сабақтастың бағыныңқы сыңары қашан? қашанға шейін? қашаннан бері? деген сұрақтарға жауап береді.
Қазіргі қазақ тілінде мезгіл бағыныңқылы сөйлемді жасайтын төмендегідей тәсілдер бар:
1.Есімшенің –ған,-ген,-қан,-кен,-ар,-ер түрлері жатыс септік формасында тұрып мезгіл бағыныңқының баяндауышын жасауға қатысады: Осы тоқал келіншек боп түскенде, Нұрым бұзау байлап, қозы бағумен жүретін бала еді (Б.Майлин). Бұлар ауылдан аттанарда, екі жігіт соларға қарай шаба жөнелген еді (М.Әуезов). 2.Атау формасында тұрған есімшелер кезде, шақта, соң, сайын т.б. демеулердің тіркесіп келуі арқылы мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлемді жасайды: Ақтөбе майданында ақтар Арал теңізі станциясына жуықтаған кезде, Ферғана алқабындағы басмашылар қимылды күрт күшейтті (Нұртазин). 3.Барыс жалғаулы есімшеге шейін, дейін шылаулары тіркесіп айтылу арқылы мезгіл бағыныңқының баяндауышы жасалады: Жүргіншілер әбден көзден таса болғанға шейін, бұлар арттарынан қарап тұрды (М.Әуезов). 4.Шығыс жалғаулы есімшеге кейін, соң, бері шылаулары тіркесіп айтылу арқылы мезгіл бағыныңқының баяндауышы жасалады: Ол жұмысқа шыққаннан бері, қалтасынан дәрі-дәрмек арылмайтын (Ғ.Сланов). 5.Шартты рай формалы етістіктен болады: Ербол есік алдына шықса, үлкен ауыл жақтан екі-үш атты кісі келе жатыр екен (М.Әуезов). 6.Көсемше формалы етістіктен болады: Мағаштар жауыз зорлықтың бар көлемін ашқалы, Абай қатты қиналып тыныштық ала алмады (М.Әуезов). Сосын төрге аттай бере, керегенің басында ілулі тұрған тықыр қоржынға көзі түсті (Ә.Кекілбаев). Жылқыға Абылғазы қолы жетіп араласқанша, мың сан тұяқтардың құжырлы серпіндерінен ұшқан қиыршық қар бүкіл өңірді ақ түтек етті (М.Әуезов). Мұрат шығып үлгермей жатып, Ержан кірді ( Т.Ахтанов).
7.-ысы,-ісі қосымшалы етістіктің көмектес жалғаулы түрінен болады: Ауыл ұйқыға кетісімен, уәделі жерге келдім (Ж.Сайын). Бұлар далаға шығысымен, басқалар да кетіп үлгеріпті. Бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемде айтылған іс-әрекеттің болу-болмау себебін білдіріп, басыңқы сөйлемі сол себептен туған нәтижені, салдарды білдіретін сабақтастың түрін себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары не себепті? неге?не деп? неліктен? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы компоненті басыңқы компонентпен мынадай тәсілдер арқылы байланысады:
1.Бағыныңқы сөйлем –дықтан,-діктен қосымшалы есімшеге аяқталады: Шетінен ақын жастар болғандықтан, бұлар соңғы кездерде өлең шығарудың әр алуан үлгілерін байқап көрсететін (М.Әуезов). Сондағы кетпес кегі қазір Абай басына түйілгендіктен, ол соңғы екі-үш жыл бойында Абайдың басына үнемі тор құрумен болған (М.Әуезов). 2.Бағыныңқы сөйлем соң шылаулы өткен шақтық есімшеге аяқталады: Сенгені жыл құсындай көріне бастаған соң, Олжабектің ойына үміт дүниесі келіп қонды (Ғ.Мұстафин). Раушан барамын деп кесіп айтқан соң, Бәкен амалсыздан көнді (Б.Майлин). 3.Бағыныңқы компонент –ып, -іп, -п, -а,-е,-й жұрнақты көсемше тұлғалы етістіктерге аяқталады: Түнде жылқышы ұйықтап қап, қалың жылқы егіске түсіп кетті (М.Әуезов). Қуанышым қойныма сыймай, үйден шыға жүгірдім (Ә.Сәрсенбаев). Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемде компоненттер орын жағынан тұрақты келеді, мұнда себепті білдіретін компонент әрдайым бұрын, нәтижені, салдарды білдіретін компонет кейін келіп отырады.
Қазіргі қазақ тілінде бағыныңқы сыңары формалық жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақсыз болып келіп, басыңқы сөйлемнің бір мүшесіне меңгеріліп тұратын сабақтас сөйлемнің бір түрі - амал бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем. Өйткені ондағы бағыныңқы сыңар тұтасымен басыңқы сыңардың бір мүшесіне меңгеріліп, соның бір ғана тұрлаусыз мүшесі қызметінде келеді де, қалыпты амал пысықтауыш сияқты қалай? қайтіп? деген сұрақтарға жауап береді. Осындай сипатына байланысты ертеректе ғалымдар мұндай сөйлемдерді «амал пысықтауыш бағыныңқы сабақтас» деп атаған.
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің қалай орындалғанын білдіретін сабақтастың түрін амал бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Қазақ тілінде амал бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер синтетикалық тәсілмен де, аналитикалық тәсілмен де жасалады.
1. –а,-е,-й және –ып,-іп,-п тұлғалы көсемшеден болады: Кейде үлкен көзі жарқ етіп, кісінің өңменінен өте қарайды (Т.Ахтанов). Еркежан қатты қайрат көрсетіп, кешегі Шұбарға берген жауабынан аумай тұрып алды (М.Әуезов). 2. Есімше тұлғасына –дай,-дей жұрнағы жалғанып жасалады: Кең бөлме бос қаландай, ой ұясы қаңырап тұр (Ғ.Мүсірепов). Әр өңешке бір өгізше кіріп бара жатқандай, әркімнің аузына қадалады (Ғ.Мұстафин). 3.Амал бағыныңқылы сөйлемдерді жасаудың аналитикалық жолы деп көмекші етістігі арқылы жүзеге асады. Тың адам келді деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді, қайталамайды (М.Әуезов). Мәжит кішкене сәби өзіме үйрене берсін деп, бала қызығатын әдемі нәрселерді сатып алып беретін (Б.Бұлқышев). Компоненттерінде баяндалатын іс-әрекет, жай-күй бір-біріне салыстырыла, теңестіріле көрсетілетін сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін салыстырмалы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Сабақтастың бұл түрі А.Байтұрсынұлының «Тіл құралынан» бері қарай сөз болып келеді. А.Байтұрсынұлының еңбегінде салыстырмалық мәні бар сабақтас сөйлем «сын пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас» деп аталған. 1936 жылы жасалған «Қазақ тілінің бағдарламасында» Қ.Жұбанов мұндай сөйлемді «шақтас бағыныңқы» деп атаған. «Салыстырмалы сабақтас» деген атау алғаш рет 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаев жазған оқулықта қолданылған. Бұл автордың пікірінше, аталған сабақтас сөйлем екі түрлі жолмен жасалады:а) бағыныңқы сөйлемі –дай, -дей жұрнақты есімшеге және ә) сияқты шылауына тіркесе айтылған есімшеге аяқталады. Құрмалас сөйлем синтаксисін арнайы зерттеген Н.Сауранбаев еңбектерінде –дай,-дей жұрнақты есімшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас сөйлем поэзияда қолданылса, салыстырмалы сабақтасқа, прозада қолданылса пысықтауыш бағыныңқылы сабақтасқа жатқызылған.
Тіл фактілеріне қарағанда, құрмалас сөйлемде компоненттер мағыналары бір-біріне салыстырыла, ұқсастырыла, теңестіріле айтылатын сабақтастың барлығын және оның амал бағыныңқылы сабақтастан өзгеше екендігін байқаймыз. Мысалы: Майдандағы сіздердің халдеріңіз қандай болса, мұндағы біздің халіміз де сондай (Әбішев). Сабақтас сөйлемдердің бойындағы салыстырмалық мән ондағы жеке сөздердің қолданысына байланысты болады. Салыстырмалы сабақтас сөйлемдерде соңғы тиянақты компонентте баяндалған жай-күй, әрекет алдыңғы бағыныңқы компоненттегі жай-күймен, әрекетпен салыстырылады. Мұндай сөйлемдердегі салыстырмалық мән кейде бір-бірімен өзара тең түсіп жатса, енді бірде тең түспей, әртүрлі ыңғайда жұмсалады.
Салыстырмалы мағына төмендегідей тәсілдер арқылы жасалады.
1. Шартты рай формалы етістікке аяқталған бағыныңқы компонент құрамында әрқашан қандай, қанша, қалай деген сұрау есімдіктерінің бірі келеді де, басыңқы компонентте сонымен тұлғалас, соған жауап ретінде айтылатын сондай, сонша, солай деген сөздердің бірі айтылады. Сөйтіп, екі компоненттегі жай-күй, әрекет бірдейлік, теңдестік барлығы салыстырыла көрсетіледі. Еңбекті қанша істесең, табысты сонша аласың. Бөлекбастың жүрісі қандай паң болса, сөзі сондай паң. Кісі қалай жүрсе, көлеңке солай жүреді. 2. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем бағыныңқы
компоненттің баяндауышы қызметінде –дай, дей жұрнақты өткен шақтық есімше келу арқылы жасалады. Құлпырған масаты дала денем шамданбасын дегендей, айнала толқыған сағымнан ақырын ғана сілкінеді. Сондай өмір өзіне еліктіргендей, Дәулет ауылдағыдан әлдеқайда сауықшыл болып кеткен сияқты. Сабақтас құрмалас сөйлемнің келесі бір түрі-үлестес сабақтас құрмалас сөйлем.
Үлестес сабақтас сөйлемдердің басқа сабақтардан елеулі айырмасы бар. Онда бағыныңқы компонент басыңқы компонентті мағыналық жағынан айқындап, соған тәуелді болып тұрмайды. Әр компонент өзінше дербес мағынаға ие болып тұрады. Ал басыңқыға бағыныңқының тәуелділігі тек алғашқы сөйлемнің баяндауыш тұлғасының тиянақсыздығынан ғана көрінеді. Сондықтан мұндай сөйлемдерге бағыныңқы деген термин тіркелмейді, тек формалық тиянақсыздығына байланысты «үлестес сабақтас сөйлем» деп қана аталады.
Мұндай сөйлемдерді сабақтастың басқа түрлерінен қалай ажырату керектігі жөнінде мынадай пікір бар:
1. Үлестес сабақтас сөйлемдерде басқа сабақтастардағыдай себептестік қарсылықты, шартты, амалдық, мақсаттық, салыстырмалы қатынастар болмайды;
2.Компоненттер арасындағы тәуелділік тек формалық жағынан болады;
3.Мұндай сөйлемдер бір мезгіл ішінде бірінен кейін бірі іркес-тіркес жалғаса болған я болып жатқан, біріне-бірі тәуелсіз іс-әрекетті, жай-күйлерді баяндайды;
4.Олар көсемшенің –п формасы мен шартты рай тұлғасынан жасалады.
5.Мұндай сөйлемдердің компоненттерінде бір тұлғалас сөздер жұптаса, іліктесе айтылады.
Мысалы: Дастарқан жайылып, қымыз да құйылып жатыр. Жастар жылқы айдап, ересектер ұсақ малдарын түртпектеп жапа-тармағай көше бастады. Бір үйлерде күй тартылып жатса, енді бір үйде ән айтылып жатыр. Ара-тұра үкі үһілеп, әлдеқандай белгісіз құс шар ете қалады.
Демек,бағыныңқы компоненті басынқы компонентке тек баяндауыш тұлғасының тиянақсыздығы арқылы ғана тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, бір мезгілде өтіп жатқан немесе іркес-тіркес өтіп жатқан әрекетті, жай-күйді білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемді үлестес сабақтас құрмалас дейді.