Жайлау. Саумал желі қарағай басын ырғаған салқын түн. Арғы шеті қараңғылық құшағына астасып, тұтас бетті алып жатқан қалың қарағай. Бергі етегінде шағын ауыл



бет1/2
Дата08.11.2022
өлшемі19,87 Kb.
#157212
  1   2
Байланысты:
Қойшыбек Мүбәрак (1)


Жайлау. Саумал желі қарағай басын ырғаған салқын түн. Арғы шеті қараңғылық құшағына астасып, тұтас бетті алып жатқан қалың қарағай. Бергі етегінде шағын ауыл. Шамасы елу-алпыс, ылғи шәкене ит арқалар, ара-арасында төбесін жай буып, үстіне барды-жоғын жаба салған қара қостар. Аспандағы көшкен ала шарбы бұлт арасынан толған жап-жарық айдың сәулесі анда-санда жарқ етіп қалады.
...Кешкі мезгіл. Қалың нулы қарағайдың ортасын ойып отырған шағын ауыл. Аппақ шағаладай самсаған қалың киіз үй. Қайшыласқан қалың адам. Ортадағы үлкен алты қанатты ақ үйде ас берілген. Үй маңындағы адамдар әлі тарқай қоймаған. Үй іші де тола адам. Кешкі асқа отырған. Есіктен кіре марқұмның бар киім-кешегі, ат-әбзелдері, қару-жарағы ілулі тұр. Төрде отырған ақбасты шалдар мен ақсамайлы кемпірлер алдарындағы төбе дастарханға қолдарын марғау созып, қызу әңгімеге кірісіп кеткен.
...Сызып таң атып келе жатты. Күннің жалқын сәулесі таудан асып маңайға түсе бастағанда келіншектің түнде бұлақтан барып алған жамылғысы күннің сәулесімен көкшіл түтінге айналып жоғалып бара жатты. Көзі шарт жұмулы келіншек қолындағы кемпірдің жіліншігін әлі тауысып жеп отыр. Жамылғы ғайып болған сәтте көзін жарқ еткізіп ашып алып, қолындағы адамның сирағын көріп баж етіп, талып қалды. Біраз уақыттан кейін есін жиған ол ойбайлап шыңғыра жылап, өз басын өзі жерге тоқпақтап, өзін-өзі қарғап-сілеп, айқасып жатқан өліктің анасын бір, мынасын бір “Ағаекем-ау, апатайым-ау, атакем-ау” деп зарлай жылап, шарқ ұрып жүрді. Күн түс әлеті болайын дегенде есінен мүлде адасып жылағанын қойды да, шарқылдап күле бастады.
...Түс ауып кеткен кез. Сай етегіндегі сылдырап аққан судың бойында аңшы жігіт арып-таласып үлкен маралды жәукемдеп жатыр. Көп ұзамай барлық етті бұзып, жас терінің үстіне тастады. Маралдың ішінен шыққан өлі бұзауды шаранасымен қасындағы бір ұшқаттың түбіне тастай салды да, анадайда жатқан буыншағынан кішкене бір дорбадан тұз алып, жас етке себе бастады. Бар жұмысын бітірген соң маңайдағы қу ағаштарды жинап от жақты да, шоғы қалғанша күтіп отырды. Еттің үстінде жатқан кездігін алып, жуандығы саусақтай екі ұзын бұтаны ұштап, сыртын жақсылап тұрып аршыды да, төстіктің етін кере түйреп шоққа қақтай бастады.
...Кеш. Қатты қорылдап ұйықтап жатқан жігіттің жанына аяғын аңдып басып жас келіншек келе жатыр. Жігіт енді қырынан емес, шалқалап жатты. Бұға қалған келіншек тым-тырс ұзақ күтті. Жігітке тесіле қарап жатып бет-аузы бүлк-бүлк етіп, көзі жап-жасыл болып жана бастады. Сонысын сезгендей сол қолымен көзін көлегейлей қалды. Енді жер бауырлап жылжып жігіттің қасына келді. Терінің үстінде жатқан еттерді құшырлана сипап көрді де, алақанына бір нәрсе алып “Сүф, сүф” деп үрлеп қалып еді, жасыл жалқын сұйыққа айналды. Енді ол оны астаудағы етке құйып жаймен араластыра бастады. Әбден араластырғаннан кейін астауды да бір-екі үрлеп орнынан тұрды да, жақын тұрған қарағайдың арасына қарай кетті. Жігіт әлі ұйықтап жатыр. Қарағайдың түбінде ұзақ отырған әйел жігіттің денесінен көз алмай қарап отыр. Тыныс алғандағы көкірегінің көтеріліп басылғанына қызықтап қарайды. Көзін жігіттің төмен жағына қарай сырғыта бастады. Жігіттің ұятты жеріне ұзақ тесілді. Енді екі қолын өзінің екі санының арасына қысып алып арлы-берлі ырғала бастады. Көзі жасаурап ұзақ отырды да, орнынан сүйретіле тұрып, жігітке қарай жүрді. Жерде шашылып жатқан қу шырпылардың бытыр-бытыр сынған дауысынан жігіт оянып кетті. Басын жастанған буыншағынан жұлып алып, келе жатқан келіншекке қадалып қарап қалды. Ақырын қолын созып мылтығын алды. Келе жатқан адамнның әйел екенін көріп жүзіне күлкі үйірілді. Мылтығын қайта жерге қойып жатып есіне бірдеме түскендей селк ете түсті де, өңі қуқылданып, көзі бағжиып қалды. Әйел сөнген оттың басына келіп тізе бүкті. Жігіт әлі қадала қарап отыр. Әйел өксіп жылай бастады. Алыстан әйелмен үндесіп байғыздың сұңқылы естіледі. Жігіт енді орнынан тұрып, жайлап басып әйелдің иығынан ұстай қасына жүрелеп отырды.
...Күндіз. Кешегі аңшы жүгіріп келе жатқанда көрген үлкен үңгір. Үңгірдің ішінде төрт жаққа қағылған қазыққа керіліп байланған аңшы тырдай жалаңаш, ышқына дем алып қиналуда. Түп жағындағы бей-берекет жайылған қалың аң терісінің үстінде тырдай жалаңаш әйел жатыр. Рахаттана ұйықтап жатыр. Талмаусырап талықсып жатқан жігіттің көз алдына кешегі түн елестеді.
...Қыс. Маңайды қалың қар басып, үңгірдің ішін аяз кернеп тұр. Екі аяғы мен бір қолы қазыққа мықтап байланған жігіт қалың терінің арасында тек бір қолы ғана бос, жүні жалбыраған әлдебір аңның сирағын мүжіп отыр. Үңгірдің ауыз жағында қарны шардиып шығып кеткен әйел ауыр қозғалып, шығар есікті қымтап жауып жүр. Өзінің астындағы нәжісінен жиіркенген жігіт қайта-қайта құрғақ лоқсиды да, қолындағы шикі етті лақтырып жібереді.
...Түн ортасы ауған шақ. Далада гуілдеген боранның даусы естіледі. Үңгірдің аузына жабылған терілерді қалдырлатып ішке қарай қар ұшқындары қапалақтайды. Үңгірдің қабырғасына екі алақанымен тіреліп жағалап жүрген әйел бебеу қағып толғатып жүр. Бет аузынан аққан жағал-жағал тер мен араласқан көз жасы иегінен сорғалап, үстіндегі аң терісінен тігілген кеудешесіне тырс-тырс тамады. Енді ол беліндегі көйлек орнына жапсырып алған теріні долдана жұлып алды да, жігітке қарай лақтырып жіберді.
...Көктем мезгілі. Сол үңгір. Жігіт әлі сол орнында байлаулы. Шешесінің жұлмалап жеп отырған шикі етінің бір жағынан қызыл иегімен тістелеп жұлқылап баласы еңбектеп жүр. Жігіт балаға үнсіз қарап отыр. Жалаңбұт ер бала өз табиғатынан тыс есейіп кеткен. Шешесінің етегіне жармасып, тік жүріп жүгіріп кеткісі келетін тәрізді. Кенет сырттан тарс-тұрс мылтықтың даусы естілді.
...Кеш. Таяқ жонып отырған баланың қолындағы пышағы тайып кетіп, сол қолының бас бармағын етін жалбыратып кесіп кетті. Ауырсына ыңыранған бала сол қолын етегімен орай қойып еді, қан тоқтар емес. Ауырсынғаны сонша, көзінен жас парлап кетті. Ақыры етегінен қолын шығарып алып оң қолының алақанына салып мытып ұстап біраз отырды. Көзінен аққан жасын сүртпек болып қолын жоғары көтеріп келе жатып, баланың мұрны қусырыла қалды. Енді тімтініп жан-жақты иіскей бастады. Қолынан қан әлі саулап тұр. Оң қолының қалай босап, жаралы бас бармағының аузына қалай түскенін өзі аңдамай қалды. Саусағын құшырлана сорып барады. Денесінен бір ыстық ағын ағып өткендей жүзі жайнап, көзі қып-қызыл болып жарқырап шыға келді. Ол әзер дегенде аузынан сол қолын жұлып алды. Қолына қараса бас бармағы түбімен жоқ, жеп қойыпты, бір тамшы да қан жоқ, бәрін сорып алған. Орнынан атып тұрған ол қарағайдың ішіне қарай атыла жөнелді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет