136 сөз, журналдан
№168 Әл-Фараби
Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан әл-Фараби - ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, логик, музыка зерттеушісі. Қазіргі Шымкент облысының жеріндегі көне Фараб қаласында туған. Жиырма жасына дейін сонда оқып тәрбиеленіп, кейін Самарканд, Бухара, Хива мұсылман шығысының көп жерлерін аралаған, ұзақ уақыт бойы Араб халифатының саясы, мәдени орталығы - Бағдатта тұрған. Арабтың мәдениеті мен ғылымы дәуірлеген шақта сонда оқып, білім алып, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Өмірінің соңғы жылдарын Каирда, Алеппода, Дамаскіде өткізген.
Фараби есімі дүние жүзі мәдениеті мен ғылымының тарихында берік орын алады. Оны Шығыстың Аристотелі деп атаған. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол: жүз алпысқа жуық трактат жазған. Олар ғылымның алуан түрлі саласын қамтиді.
Әл-Фараби шығармаларының біздің заманымызға жеткені қырық шақты. Бұл туындылар әлемдегі әр түрлі елдің үлкен кітапханаларында сақталған және талай тілдерге аударылған. Осы бір асқан ғұлама данышпан бабамыз туралы аңыз да көп.
135 сөз, журналдан
№169 «Тоғызқұмалақ»
Тоғызқұмалақ - қазақтың ұлттық ойны. Оны қырғыз, қарақалпақтар да ойнайды. Тоғызқұмалақты қейде қойшының алгебрасы дейді. Оның мәні бар. Өйткені бұл ойынды тұңғыш тапқан - қойшы.
Тоғызқұмалақ бұрын қойдың құмалағымен ойналған. Жерден тоғыз - тоғыздан шұңқыр, бір-бірден қазан қазып алып, әрқайсысы сексен бірден құмалақ алған. Оны қойшылар журелеп не малдас құрып отырып ойнайды екен. Бара-бара ойын қазақ арасына кең тарап, ұлттық ойынға айналған. Әншіл, сауықшыл қазақ халқы адамның ой-өрісін кеңітетін, ойша есептеуге төселдіретін, ұстамдылыққа, тапқырлыққа баулитын бұл тамаша ойынға бос уақытын көп бөліп, ұрпақтан - ұрпаққа жеткізген. Тоғыз құмалақ ойыны қазір арнаулы тақтада бұршақпен ойналатын болды.
Бұл ойын - нағыз есеп ойыны. Мұнда есепке жүйрік адам ғана жеңеді. Тоғызқұмалақ та, шахмат сияқты, тапқырлықты, қиялдауды керек етеді. Өткен позицияны, не бір-екі жүрістен кейін қандай позиция болатынын есте сақтау, бағдарлау тек шебер, тәжірибелі, ауыз есепке жүйрік адамның ғана қолынан келеді.
140 сөз, журналдан
№170 Наурыз мейрамы
Наурыз мейрамы - адамзат тарихындағы ең көне мерекелердің бірі.
Наурыз - дін мейрамы емес, тұрмыс, шаруашылық мейрамы. Наурыз - жыл басы. Наурыз айының 22-сінде күн мен түн теңеседі. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Қыдыр ата - адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көрінетін қиял-ғажайып персонаж.
Наурыз адамзатты еңбекке баулиды, тәлім-тәрбиелі болуға шақырады. Наурызды қарсы алу - бұл рухыңның көтерілуі , жан дүниеңнің тазаруы.
Наурыз - парсы тілінен аударғанда «жаңа күн не жаңа жыл» дегенді білдіреді. Бұл күнді ата-бабаларымыз жыл басы деп есептеп, мерекелік ас-наурыз көже әзірленген.
Бұл мерекені шығыстың көптеген халықтары тойлайды. Наурыз мейрамында шығыс халықтары соғысты тоқтатып, мемлекеттер уақытша татуласқан. Наурыз мейрамында адамдар ән айтып, көңіл көтереді, ренжіскендер татуласады.
1991 жылы наурыз айының 15-сінде Қазақстан Респубдикасы Президентінің жарлығымен наурыздың 22-сі бүкілхалықтық мереке, демалыс күні болып жарияланады.
132 сөз, журналдан
№171 Шұбат
Шұбат түйе сүтінен ашытылады. Бұл - әрі сусын, әрі тағам. Өйткені бие сүтіне қарағанда түйе сүті өте майлы келеді. Оның емдік қасиеті де мол. Қыр елінде қымыз бен шұбаттан жазылмайтын ауру кемде-кем дейді. Шұбат - өкпе, асқазан, түрлі ішек ауруларына бірден-бір шипалы сусын.
Қымыз ашыту технологиясына қарағанда шұбатты ашыту оңай. Өйткені оны бір қорландырып алса, одан әрі аши береді. Оны қымыз секілді мезгіл-мезгіл пістіп отырудың да қажеті жоқ. Тек кісіге құйып берерде ғана шайқап-шайқап жіберсе, жетіп жатыр. Сонда шұбаттың көпіршігі жақсы араласады.
Шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытады. Осы ыдыстарда бір тәулік ішінде шұбат бабына келе бастайды. Торсықты көбінесе түйенің терісінен жасайды. Сабада баптаған қымыз секілді, торсықта ашытқан шұбаттың иісі аңқып, ерекше дәмді келеді.
Шұбаттың түсі қардай аппақ. Дәмі тіл үйріп, ішкен кісінің тынысын кеңейтіп, жанын рақатқа бөлейді.
Шұбат - ертеден келе жатқан сусын.
Достарыңызбен бөлісу: |