2. ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім берудің зайырлы, гуманистік және дамушылық сипаты, азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуы басымдығы, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту, оқытудың, тәрбиенің және дамытудың бірлігі білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары болып табылады.
Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесі алдында ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуының жоғары деңгейіндегі, инновациялық экономика жағдайында табысты еңбек ететін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу міндеті тұр.
Тәрбие беру үдерісінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін республикада мынадай заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер жүзеге асырылады:
Қазақстан Республикасының Конституциясы;
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасының «Балалар құқықтары туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 227 бұйрығымен бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері.
2018-2019 оқу жылында республикадағы жалпы білім беру мектептерінде балаларды тәрбиелеу жұмысы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісіне сәйкес жүзеге асырылатындығымен ерекшеленеді.
«Мәңгілік Ел» - еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпыазаматтық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құратын жаңа идеологиялық тұжырымдама болып табылады. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру барысында мектеп мұғалімдері мен қосымша білім беру педагогтері жүргізген жұмыстар көшбасшылық қасиеттері дамыған, білімді, таңдау жағдайында өз бетінше шешім қабылдауға дайын, мәдениетаралық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасауға қабілетті, өз халқының тағдыры үшін жауапкершілікті сезінетін тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мектеп басшылары мен тәрбие жұмысын ұйымдастырушыларға Қазақстанның білім беру мазмұнына «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын енгізуде әдістемелік қолдау жұмыстары жүргізілуде.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әзірлеген әдістемелік-нұсқау хатына» «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі» тарауын енгізді.
«Мәңгілік Ел» идеясы мектеп мазмұнына академиялық пәндер, зерттеушілік және сабақтан тыс іс-әрекет, қосымша білім, элективті курстар арқылы енеді.
Бастауыш білім деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған барлық пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларының «Оқыту мақсаттарының жүйесі» атты 3- тарауы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын қамтиды. Орта білім берудің құндылықтары: қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, құрмет, ынтымақтастық, еңбек пен шығармашылық, ашықтық, өмір бойы білім алу.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-сыныптардың білім мазмұны жаңартылған оқу бағдарламаларына енгізілді, 2017 оқу жылы 2, 5, 7-сыныптардың, 2018-2019 оқу жылы 3, 6, 8-сыныптардың, ал 2019-2020 жылы 4, 9, 10-сыныптардың жалпы білім берудің оқу бағдарламаларына енгізіледі. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты үлгі құжат ретінде барлық білім беру процесіне қатысушылардың іс-қимылын реттейтін болады.
Бастауыш білім деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған «Дүниетану» пәнінің Үлгілік оқу бағдарламасы бойынша оқыту мақсаттарының ішінде Қазақстанның ресми сиволына жатпайтын – «Алтын адам», «Бәйтерек» монументтері, «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасының маңызын түсіндіру ұсынылады.
Мектептердің 2017-2018 оқу жылындағы тәрбие жұмысының тағы бір ерекшелігі Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерді терең меңгеру және білім алушылар арасында таратуды ұйымдастыру болып табылады. Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бағдарламалық құжаттың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» І бөлімінде тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтті.
1. Бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
2. Прагматизм – нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау – ұлттық мәдениетті сақтау және ұлттың дамуына кедергі болатын, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
4. Білімнің салтанат құруы. Әрбір қазақстандық табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы керек..
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы
Бүгінде революцияның болмысы өзгерді. Олар ұлттық, діни, мәдени немесе сепаратистік сипатқа ие болды. Бірақ түптеп келгенде көптеген жағдайда бәрі де қантөгіс пен экономикалық құлдыраумен аяқталғанын білеміз. «Сондықтан, - деп жазады Н.А. Назарбаев - әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі».
6. Сананың ашықтығы – дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді, жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу, деген сөз.
Сананы жаңғыртудың жоғарыда аталған бағыттарын жүзеге асыруда Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының критерийлері негізінде тәрбиелік іс-шаралардың педагогикалық талдау жұмысын ұйымдастыру бойынша әзірленген әдістемелік ұсынымдамалары: «Тәрбиелік іс-шара»: алға қойылған мақсатқа жету деңгейінің өлшеу критерийлері (бәсекелік қабілет; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы») сондай-ақ «Оқушының оқырман қызметі» әдістемелік ұсынымдамалары мүмкіндік береді.
Ел Президентінің мақаласында айтылған білім сапасын жақсарту – орта жалпы білім беретін мектептерде гуманитарлық пәндердің оқу процесін жаңғырту мәселесі.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынады. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Білім, экология және абаттандыру, өңір тарихын зерделеу, жергілікті деңгейдегі мәдени-тарихи ескерткіштер мен мәдениет объектілерді қалпына келтіру саласындағы маңызды өлкетанулық жұмыстарды ұйымдастыру қажет.
Патриотизмнің ең жақсы көрінісі – туған жердің тарихын орта мектептерде оқыту. Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның сайтына мұғалімдерге көмек ретінде мына әдістемелік ұсынымдамалар орналастырылған:
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы білім беретін ұйымдарда өлкетанулық жұмыстарды жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдамалар, 2017 жыл;
«Өлкетану»: мәдени–генетикалық кодтың негізі (мәдени мекемелердегі өлкетану сабақтары) (5-7 сыныптар), 2018 жыл;
Сондай-ақ 2018-2019 оқу жылы «Айналаға қара» («Ауыл өмірі», «Қала өмірі»): әлеуметтік –тарихи тәжірибе» атты әдістемелік ұсынымдамалар мен «Туған жер» бағдарламасы арқылы білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың қазақстандық патриотизмін қалыптастыру үшін әдістемелік ұсынымдамалар әзірленетін болады.
Елбасы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жобасы арқылы халықтың санасына басқа да – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз қажет деп санайды.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Бағдарламалық құжат авторы Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды ұсынады. Мұның бәрі де ұлттық бірегейлікті қалыптастырады. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
2017 жылы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары мен кешендерінің 100 нысанының тізімі дайын болды. Жергілікті өңірлердің киелі орындардың тізімі қалыптасуда. «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары мен кешендеріне» Қазақстанның табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары жатады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі нысандар, сондай-ақ ұлттық бірлік пен жаңғыру символы ретінде көрінетін мемлекеттің әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын нысандар мен кешендер кірді.
Көрсетілген аспектіде білім берудің жаңа парадигмасы негізінде мұражайларда «жанды» сабақтар ұйымдастыруға бағытталған «Ұлттық қазына»: мұражайлардағы «жанды» сабақтар» атты әдістемелік ұсынымдамалар, сонымен қатар «Қазақстанның киелі орындары - Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша тәрбие жұмысының құрылымдық жүйесін ұйымдастырудың модельдері» атты, Академия әзірлеген, әдістемелік ұсынымдамаларын қолдану ұсынылады.
Мемлекет басшысы ұсынып отырған тағы бір жоба «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтын немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек. Мыңжылдық тарихымызда біздің мәдениетіміз алғаш рет әлемнің барлық континентінде, жетекші тілдерінде айтыла бастады. Мұғалімдердің назарына «Жас ұрпақты «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының рухани-құндылық бағдарлары негізінде тәрбиелеу бойынша әдістемелік ұсынымдамалар» ұсынылады.
Елбасы Н.А. Назарбаевтың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы үш міндетті орындауға бағытталған:
Өздерінің ақылымен, еңбегімен және дарынымен қазіргі Қазақстанды жасап жатқандардың шынайы бейнесін көрсету.
Танымал замандастарымызға ақпараттық қолдау көрсететін және елге әйгілейтін жаңа мультимедиалық алаң құру.
Тек жалпыұлттық деңгейдегі ғана емес, өңірлік деңгейдегі «100 жаңа есім» жобаларын жасау. Біз ұлтымыздың алтын қорын құратын отандастарымызды білуіміз қажет.
2017 жылдың 1 желтоқсанында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының ақтық кезеңі аяқталды. Көпшіліктің онлайн дауыс беруі нәтижесінде жобаның 102 жеңімпазы анықталды. Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА жобаны жүзеге асыру аясында «100 жаңа есім» жобасының қаһармандары - ұлттың «алтын» қоры» әдістемелік ұсынымдамаларын әзірлеу үстінде.
Адами капиталдың сапасын жақсарту мақсатында, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі керек, онда президент кәсіби білім беруге, жастар патриотизмін тәрбиелеуге және мұғалімдердің сана-сезімін жаңғыртуға аса ерекше мән береді. Аталған бағыттарды жүзеге асыруда Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА әзірлеген «Ұстаз – өзгертуші тұлға. Педагогтердің санасын жаңғырту» және «Саналы азамат»: білім алушының білім алуы мен кәсіби дамуының жеке бағыты» атты әдістемелік ұсынымдамалары көмек болады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен танысу барысында жалпы білім беретін оқу мекемелерінде оқытуда білім алушылардың психологиялық және жас ерекшеліктерін ескеру, тұлғаның дамуына, оның рухани мәдениеті, танымдық қызығушылығы, әлеуметтік ақпаратты объективті қабылдауға мүмкіндік беретін сын тұрғысынан ойлау және әлеуметтік рөлдердегі практикалық қызмет көзқарас жағынан дамытуға назар аудару қажет. Сынып сағатын және басқа да тәрбиелік іс-шаралар өткізу барысында жаңа технологияларды және тәрбиелеудің белсенді формаларын қолдану нәтижелі болады. Ресурстар ретінде ұлттық әдебиет, кинематография, публицистика, поэзиядан алынған мәліметтерді, өмірлік ұстанымдары туралы өздерінің эсселерін пайдалану ұсынылады.
Заманауи жас қазақстандықты қалыптастыруда оның түрлі бағыттағы: әлеуметтік-коммуникативтік, танымдық, сөйлеу мәдениеті, эстетикалық-көркемділік, спорттық сауықтыру жағы маңызды рөл атқарады. Балаларды шығармашылық жұмыс түрлеріне тарту оқушылардың мектептегі оқу процесімен, сонымен қатар сабақтан тыс жұмыстармен тығыз байланысты. Мұнда: факультативтік сабақтар, үйірмелер, секциялар, мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шаралар сияқты қосымша білім беру мүмкіндігін, содай-ақ аптаның алтыншы күнін ұтымды пайдалану қажет. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісіне және қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерін жүзеге асыру аясындағы экскурсия, туристік-өлкетанулық экспедициялар тәрбие процесінде баланың таным көкжиегі мен мәдениетін кеңейтеді, патриот азаматты қалыптастырады, тұлғаны өзін-өзін танытуға ықпал ететін педагогикалық күш –қуат, әлеует болып табылады.
Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер қозғалысы адамгершілік бағыттарды, азаматтылықты, патриотизмді, ұлттық танымды, көшбасшылық қасиетті қалыптастыруда, заманауи жастардың жеке бастамасын ұсынып, жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруда едәуір ықпал етеді. 2011 жылы 11 ақпанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Жас Ұлан» бірыңғай қозғалысы мен «Жас қыран» балалар ұйымының жаңа жүйесін құру арқылы еліміздің жастарын біріктіру қажеттілігін атап өтті.
Қоғамдық бірлестіктер мен білім беру мекемелерінің Қазақстандағы балалар қоғамдық қозғалысының бірыңғай тәрбие кеңістігіне бірігуі, тәрбие мәселелері мен тәрбие жұмысының тиімділігін бағалау мониторингінің жүйесін жасау және қолдау, балалар мен жасөспірімдер ұйымының жарғылық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлауды ұйымдастыру, тәрбие жұмысына әдістемелік инновацияны енгізу - «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының басым міндеттері болып табылады». «Жас Ұлан» жас ерекшеліктері принциптеріне сай екі деңгей бойынша құрылған. 1-4- сынып оқушылары (6-10 жас ) «Жас қыран» мүшелері, ал 5-10-сынып оқушылары (11-16 жас) «Жас Ұлан» мүшелері болып табылады.
1990 жылдардан бастап құрылған «Қазақстан Скауттары» атты Қазақстан Скауттар Қозғалысы ұйымы (ҚСҚҰ) 2017 жылы наурыз айында «Ұлы Дала Скауттары» (ҰДС) деп өзгертілсе, 2008 жылы ресми түрде Дүниежүзілік Скауттар Қозғалысы ұйымына қабылданды. Басты мақсаты – өз бетінше әрекет ететін, алдына мақсат қоятын, өмірлік қиындықтар мен дағдарыстық жағдайларға қарсы тұра алатын жастарды қалыптастыру.
2016 жылғы 22 ақпанда мектеп оқушыларына тиімді патриоттық тәрбие беру үшін жағдай жасауда мақсатты түрде ұйымдастырушылық іс-әрекет жүргізуге арналған, әр оқушының бойында Отанға деген адалдықты, қоғамға және Қазақстанға пайда келтіруге дайын болуды дамытуға оңтайлы жағдайды қамтамасыз ететін, патриоттық тәрбие берудің тиімді жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Қазақстандық жас патриоттар Академиясы» атты жаңа балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды.
2004 жылы пионерлер қозғалысының орнына Республикалық «Жұлдыз» Республикалық Одағы тіркелді. Бүгінде Одақ 500 мыңнан астам оқушыларды, 2 мыңнан астам әртүрлі балалар мен жастар қоғамдық құрылымдарын біріктіреді.
Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер қозғалысының құрылуы мен қалыптасу кезеңдері Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА жасалған «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер қозғалысы: тәжірибе, бастамалар, әлеуметтендіру» («Жас Ұлан», «Ұлы Дала скауттары», жас патриоттар академиясы және т.б.) әдістемелік ұсынымдамаларында талданған.
Қазіргі қазақстандық мектебіндегі тәрбиелеудің идеологиялық мазмұны жоғары әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында барлық санаттағы білім алушыларды толық қамтудың маңыздылығын ескереді. Мұндай жұмыстың тиімділігі үшін оның жүйелігі, сабақтастығы мен реттілігінің болуы шарт. Оны оқу процесіне қатысушылардың барлығы (оқушылар, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар) мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жүзеге асыруы керек.
Тәрбие әрбір педагогтің идеологиясын, стратегиясы мен тактикасын анықтай отырып, кәсіби қызметінің негізін құрайды. Мұғалімнің тәрбиеші ретіндегі кәсібилігі білім алушының жасына, жынысына, субмәдениетіне, коммуникациясының жеке ерекшеліктеріне және білімділігіне негізделген. Тәрбиелеу процесі оқу пәнінің мазмұнымен қатар сабақтан тыс қызметті ұйымдастырудың әрқилы түрлері арқылы да жүреді.
Мұғалімнің тәрбиелік рөлі білім саласындағы ағымдық үрдістерді ескере отырып, оқушыға қажетті білім деңгейін хабардар ету ғана емес, оларды меңгеруге, өз күшімен қол жеткізуге және практикада қолдануға ынталандыру қажеттілігімен күшейеді. Мұғалім белсенді, өздігінен және шығармашылық ойлауды дамытуға бағытталған білім беру және тәрбие үрдістерін үйлестіре білуі керек.
Сабақ барысында мұғалімнің тәрбиелік белсенділігі «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының құндылықтарын білім берудің жаңартылған мазмұнын жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына енгізуге байланысты айтарлықтай маңызға ие болады. Мұғалімдердің жеке қасиеттері, кәсібилігі, оқушылармен қарым-қатынас жасау қабілеті оқу-тәрбие процесінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады.
Осыған байланысты пән мұғалімінің тәрбие беру қызметін жан-жақты дамуы мен шығармашылығын танытуы үшін жағдай жасау арқылы нығайту қажет. Бүгінгі күннің мұғалімі қоғамның идеологиялық, адамгершілік құндылықтарын тасымалдаушы болуы тиіс.
Тәрбие процесіндегі басты тұлға – педагогикалық кеңістікте баламен тығыз байланыста болатын сынып жетекшісі болып табылады. Сынып жетекшісінің міндеті кең, оны орындаудағы басты міндеті - әрбір баланың барынша дамуы үшін жағдай жасау. Бұл ұжымның және оның мүшелерінің күнделікті өмірін, ата-аналар мен басқа педагогтармен өзара әрекеттесуін, іс-шараларды ұйымдастыру және оларға жеке қатысуын бақылау мен талдау. Сынып жетекші жұмысының тиімділігі жеке қызметінің жүйелілігімен және өзінің әр мүшесін өз бетінше тәрбиелей алатын қабілеті бар ұжымды құру шеберлігімен танылады. Жалпы орта білім беретін ұйымдарда сынып жетекшілерінің жұмысын ұйымдастыруға арналған ұсынымдамалар Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтына орналастырылған.
Қазіргі жағдайда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесі мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынасы жағдайында жүргізілуі тиіс. Отбасы - адамның бастапқы әлеуметтенуінің негізі. Мектептің ата-аналармен өзара әрекеттесуі баланы тәрбиелеуге, сенімге, сыйластыққа, шыдамдылыққа және бір-біріне қолдау көрсетуге өзара мүдделілік қағидаттарына негізделуі керек. Мұғалімдердің ата-аналармен бірге қызмет жасауы тәрбиелеу міндеттерін және баланың даму бағдарламасын айқындау, сондай-ақ осы міндеттерді бірлесіп жүзеге асыру болып табылады. Ата-аналардың интеллектуалдық және материалдық деңгейдегі айырмашылықтары, олардың отбасында және мектепте балаларды тәрбиелеудегі ұстанымы, отбасымен қарым-қатынас жасауда жекелеген әдіс-тәсілдері мұғалімдер мен сынып жетекшісінің қызметі үшін негіз болуға тиіс. Бұл үшін отбасылармен және ата-аналармен жұмыс істеудің топтық және жеке түрлері пайдаланылады: тәжірибе алмасу конференциясы, тренингтер, ең табысты ата-аналардың шеберлік сабақтары, пікірталастар, сұрақ-жауап кештері, мұғалімдермен, психологтармен, мектеп әкімшілігімен кездесу, ата-аналар жиналысы, сондай–ақ, ата-аналар мен балалардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастыру. Осының барлығы отбасылық тәрбие мәселелері бойынша ата-аналық жауапкершілік пен құзыреттілік деңгейін көтеруге ықпал етеді. Сынып жетекшілері мен пән-мұғалімдеріне, әлеуметтік-педагогикалық және ата-аналармен жұмыстар ұйымдастыратын психологиялық қызметтер мамандарына әдістемелік көмек ретінде Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтында орналастырылған әдістемелік ұсынымдамалар ұсынылады.
Педагогикалық процеске қатысушылардың өзара әрекеті мектептегідей сынып, клуб, үйірме сияқты әрбір бастапқы бірлестіктерде жоспарлап ұйымдастырылуы тиіс.
Оқушылардың құқықтық тәрбиесі қоғамдағы әлеуметтену табыстылығының басты факторларының бірі болып табылады. Ол оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, дербестігін, бастамашылдығын, толеранттылығын қалыптастыруға бағытталған.
Нәтижесінде оқушы негізгі моральдық-құқықтық нормаларды меңгеруі тиіс: өзгелердің пікірін құрметтеу, күнделікті өмірде мінез-құлық ережелерін сақтау, мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүлікті, табиғатты қорғау, өзіңің және айналасындағы адамдардың денсаулығыңа құрметпен қарау.
Құқықтық білім берудің маңызды міндеті - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау. Оқыту мен тәуекел факторларының, түзету-ағарту жұмыстарының, жасөспірімдердің мектептен бос уақытында жұмысқа орналасуын қамтамасыз етудегі проблемаларды анықтау диагностикасын қамтуы тиіс.
Балалардың азаматтық-құқықтық нормаларын сақтауға жауапты ата-аналар, сонымен қатар, олардың құқықтық мәдениетін жетілдіру үшін жұмыспен қамтуы тиіс. Әдетте тәрбиелік іс-шараларға қатысудан тартынатын «қиын» балалардың ата-аналары ерекше санатта тұрады. Мұнда жекелеген жұмыстармен қатар, отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, отбасылық мәртебені көтеруге бағытталған ата-аналармен бірлескен іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор.
Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықтары - бұл мектептегі маңызды мәселе, ол жеке адамға да, басқаларға да қауіп төндіреді. «Қиын» балалардың пайда болуының басты себебі отбасынан шығады: балаларға назар аудармау, қақтығыстар, ата-аналардың тәрбие туралы білімінің жетіспеушілігі, авторитарлық тәрбие т.б. Қазіргі кезеңде отбасымен жұмыс істеу қиынға айналып, жаңа тәсілдерді қажет етеді.
Жасөспірімдер арасындағы деструктивті құбылыстардың алдын-алу және дер кезінде түзету - ең алдымен, мектеп пен отбасы арасындағы тығыз қарым-қатынасты, сондай-ақ социологтардың, педагогтердің, психологтердің, дәрігерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзара іс-қимылына барып тіреледі. Баланың әлеуметтік бейімділігін дамытуға әсер ететін факторларды үнемі қадағалау және талдау, тәуекел топтарына назар аудару, қажетті әлеуметтік тәжірибе алу, білім беру процесін жүйелі ұйымдастыру қажет, оның сабақтастығы мен үздіксіздігі үшін балалардың осындай іс-шараларға қатысуы маңызды.
Девиантты мінез-құлықты алдын алу бойынша бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру - «қиын балалардың» әлеуметтік ортамен өзара әрекеттесу дағдыларын үйренуге арналған: коммуникативті дағдылар, өзін-өзі ұйымдастыру дағдылары, қақтығыстарды басқару, жалпыға бірдей заңды әдістер және тәсілдер арқылы проблемаларды шешу, «салауатты өмір салты» модельдеріне т.б. ие болуға мүмкіндік туғызады. Мұндай бағдарламалардың, әрбір жасөспірімнің жеке траекториясына дейінгі құрастырылған, дифференциалды көзқарасы болуы керек. Мұндай бағдарламалармен ата-аналарды қамту және оларды үйрету маңызды. Алдын алу әдістері: психологиялық тренингтер, тәрбиелік әңгімелесулер, лекциялар.
«Отбасы-мектеп» тәрбиелеу жүйесінің тағы бір маңызды міндеті - жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін шешу. Бұл көрсеткішке әсер ететін факторлардың қатарында отбасындағы және мектептегі білімнің жеткіліксіздігі, Интернеттегі теріс ақпараттардың ауқымды ағыны, жастардың жаһандану мен қарқынды дамудың заманауи дәуірінде кездесетін көптеген міндеттері мен проблемалары бар. ҰБТ-ны тапсырған кезде сезінетін оқушының стрестік күйі ерекше орын алады.
Балалардың суицидке жақын екенін дер кезінде анықтау керек және олардың эмоционалды күйзелістерін жеңілдету және қайғылы нәтижені болдырмау үшін ата-аналар, бүкіл мектеп ұжымы, білікті психологтер жан-жақты қолдауды қамтамасыз етуі қажет. Отбасы мен мектеп арасындағы тығыз қарым-қатынас балалардың интернеттегі зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттайтын белгілі бір сайттарға қол жеткізбеуін қадағалауға бағытталуы керек.
Суицидті алдын алу бойынша жұмысы жүйелі және үздіксіз жүргізуді қажет етеді. Ол тренингтер, пікірталастар, әңгімелер, түзету жұмыстары, ата-аналық кездесулер, суреттер көрмесі, шығарма жазу байқауы сияқты формаларды қамтуы тиіс. Ұжымның бірлігіне, оның моральдық ахуалын жақсартуға, құрдастар арасындағы достықты нығайтуға, өзара көмекті дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шара жасөспірімдердің суицид мәселесін «Тең теңін оқытады» тәсілімен шешуге көмектеседі.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтында девиантты мінез-құлық пен суицидке бейім, сонымен қатар зорлыққа ұшыраған балалармен жұмыс істеуге арналған («Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту және әлеуметтік бейімдеуді педагогикалық қолдау моделі (оралман -балалары; мигрант-балалары; өмірдің қиын жағдайын көрген балалар) әдістемелік ұсынымдамалар орналастырылған.
3. 2012 ЖЫЛҒЫ МЖМБС ЖӘНЕ 2013 ЖЫЛЫ ЕНГІЗІЛГЕН ОҚУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БОЙЫНША ОҚИТЫН МЕКТЕПТЕРДЕ БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2018-2019 оқу жылында 1-3-сыныптардың білім алушылары жаңартылған білім мазмұны бойынша оқитын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |