22-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ
135-бап. Әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке
кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік
органдар және құқық қорғау органдары
қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен
осы органдардың зейнеткерлеріне медициналық
көмек көрсету
Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы органдардың зейнеткерлеріне медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдастырылады.
2. Қызметін өткеріп жатқан жерде немесе тұрғылықты жерінде олар болмаған жағдайда немесе ведомстволық медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаған жағдайда, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетіледі.
Ескерту. 135-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.06 № 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
136-бап. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған
азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтар медициналық көмекті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алады.
2. Иондандырушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 136-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
137-бап. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен
азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген адамдар санаты жатады.
2. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес медициналық көмек алады.
138-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық
көмек көрсету
Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен көрсетіледі.
138-1-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларға медициналық
көмек көрсету
1. Спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес медициналық тексеруден өтпеген спортшылар спорттық жарыстарға жіберілмейді.
Ескерту. 22-тарау 138-1-баппен толықтырылды - ҚР 03.07.2014 N 229-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
Достарыңызбен бөлісу: |