7-БӨЛІМ. ДОНОРЛЫҚ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТТАУ 26-тарау. ҚАН МЕН ОНЫҢ КОМПОНЕНТТЕРІНІҢ ДОНОРЛЫҒЫ 162-бап. Донорлық, қан, оның компоненттерін және препараттарын дайындау 1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін тапсыру (донациялау) арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.
2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан тапсыру (донациялау) - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма тапсыру (донациялау) - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар тапсыру (донациялау) - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар 1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету 1. Донорлық қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігі карантиндеу, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру және Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.
3. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері 1. Тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы айғақтары жоқ, медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жастан асқан жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) өтеусіз жүзеге асыруға;
2) қан мен оның компоненттерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
Ескерту. 165-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау 1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) алдында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер 1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.
2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмысқа шықса, оның орташа айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
3. Адамды қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан босатылады.
5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.
6. Донорларды көтермелеу жүйесін уәкілетті орган бекітеді.
Донорға қан мен оның компоненттерін тапсырудың (донациялаудың) жиынтық санын ескере отырып, берілетін қосымша көтермелеу шаралары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
7. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асырған донор қан мен оның компоненттерін тапсырғаннан (донациялағаннан) кейін өз қанының көлемі мен организмінің әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшердегі оның ақшалай баламасын алады.
8. Донорлық функцияны ақылы негізде атқарған донорға қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді.
Ескерту. 167-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
168-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттері 1. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге;
2) қан мен оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға;
3) донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күні жұмыстан кедергісіз босатуға;
4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.
2. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар.