23-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕКЕЛЕГЕН
ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ
139-бап. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю
және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану
тәртібі
1. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші науқастарға және кәмелетке толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан мен оның компоненттерін құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.
2. Медицина қызметкерлері өмірді сақтау айғақтары бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.
3. Хирургиялық араласуды, қан мен оның компоненттерін құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайларда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.
140-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Өмірге дем беру
жөніндегі жасанды шараларды тоқтату жағдайлары
1. Биологиялық өлім өмірлік маңызды функциялар біржола тынатын, организм тіршілігінің тоқтауын білдіреді.
2. Биологиялық өлімді медицина қызметкері мынадай белгілердің жиынтығы негізінде растайды:
1) жүрек қызметінің тоқтауы;
2) тыныс алудың тоқтауы;
3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.
3. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шаралар тек қана:
1) биологиялық өлім расталған;
2) консилиум бас миының біржола семуін тіркеген кезде, жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісімі болған кезде тоқтатылуы мүмкін.
141-бап. Эвтаназия
Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
142-бап. Анатомиялық сый
1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, оны тиісінше ресімдеген шарты немесе өсиеті арқылы адам жүзеге асырады.
2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
3. Өсиет етілген тіндерден және (немесе) ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
4. Анатомиялық сый биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
5. Анатомиялық сыйды жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына берудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 142-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
Достарыңызбен бөлісу: |