Жалпы бөлім 1-БӨлім. Жалпы ережелер


-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ



бет30/40
Дата12.10.2020
өлшемі0,88 Mb.
#65380
түріКодекс
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   40
25-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ
      153-бап. Аурулар профилактикасының мақсаты мен түрлері
      1. Аурулар профилактикасының мақсаты аурулардың пайда болуының немесе өршуінің, сондай-ақ олардың зардаптары мен асқынуының алдын алу болып табылады.
      2. Аурулар профилактикасы бастапқы, қайталама және жалғаспалы болып бөлінеді.
      Аурулардың бастапқы профилактикасы (жаппай және жеке) аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында тіршілік ету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
      Аурулардың қайталама профилактикасы аурулардың ерте сатыларында өршуінің және олардың зардаптарының алдын алуға бағытталған.
      Аурулардың жалғаспалы профилактикасы өршіп кеткен асқынуды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған.
      154-бап. Салауатты өмір салтын қалыптастыру
      1. Салауатты өмір салтын қалыптастыру денсаулықты нығайту және өмір салтымен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу жолымен салауатты өмір салтын насихаттауды, дұрыс тамақтануды және аурулардың профилактикасын қамтиды.
      2. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті органның үйлестіруімен және әдістемелік басшылығымен басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қамтамасыз етеді.
      155-бап. Медициналық тексеріп-қарау
      1. Медициналық тексеріп-қараудың негізгі мақсаты денсаулықты қалыптастыруға және нығайтуға, ауруларды анықтауға және таралуының алдын алуға, оның ішінде кәсіптік аурулардың, уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің, қандай да бір шаруашылық және (немесе) өндірістік қызметті жүзеге асыратын адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Медициналық тексеріп-қарау міндетті және профилактикалық болуы мүмкін.
      3. Міндетті медициналық тексеріп-қарау алдын ала және мерзімдік болып бөлінеді.
      Алдын ала міндетті медициналық тексеріп-қарау кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жұмысқа тұру немесе оқуға түсу кезінде жүргізіледі.
      Мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарау жұмыс істеушілердің денсаулық жағдайын динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды тараптау мақсатында жүргізіледі.
      4. Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін, сондай-ақ осы қарап тексеруді өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті органмен келісу бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
      5. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарауға жататын қызметкерлердің осындай тексеріп-қараудан уақтылы өтуін қамтамасыз етеді.
      6. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарау жаппай және іріктелген болып бөлінеді.
      Жаппай профилактикалық медициналық тексеріп-қарау ауруларды ерте сатыларында анықтау және аурулардың өршуінің, аурулардың пайда болуына әсер ететін қатер факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында халықтың нысаналы топтарына жаппай әдіспен жүргізіледі.
      Іріктеп медициналық тексеріп-қарау белгілі бір аурудан зардап шегетін немесе қатер тобына жататын азаматтарды динамикалық байқау, олардың ауруларын емдеу және денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
      7. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарауға жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осындай тексеріп-қарауды өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті орган олардың тиімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық тұрғыдан орындылығы туралы дәлелденген ғылыми деректер негізінде белгілейді.
      8. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес осындай тексеріп-қарауға жататын адамдардың профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуі үшін жағдай жасайды.
      9. Өндірістік және шаруашылық қызмет саласында жұмыспен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алдын ала немесе мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтпеген немесе денсаулық жағдайына байланысты жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жібермеуге тиіс.
      10. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
      11. Міндетті және профилактикалық медициналық тексеріп-қараудың уақтылы өткізілуі мен оны уақтылы өтуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында, медициналық қызметтер көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және еңбек жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды.
      Ескерту. 155-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      156-бап. Профилактикалық егуді жүргізу
      1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге міндетті.
      2. Профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, тәртібін, оларды жүргізу мерзімдерін және жоспарлы түрде егілуге жататын халықтың топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.
      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары сатып алатын профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау уәкілетті органның қоймаларында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 156-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      157-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік
                аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы
      1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:
      1) мынадай:
      салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;
      бұқаралық ақпарат құралдары, аурулар профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламалары арқылы халықты хабардар ету;
      созылмалы инфекциялық емес аурулардан зардап шегетін адамдарды өзіне-өзі көмек көрсетудің қажетті әдістеріне үйрету жөніндегі денсаулық мектептерін ұйымдастыру жолымен аурулар қатерінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруды;
      2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының бекітілген тұрғындардың аурулар қатері факторларына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының - жұмыс істейтіндердің кәсіптік ауруларына жүргізетін мониторингін;
      3) мемлекеттік органдардың өз өкілеттігі шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар қатерінің өндірістік факторлары әсерін барынша азайтуды;
      4) созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды халыққа медициналық тексеріп-қарау жүргізу, оларды дәрігерге ертерек қаралуға уәждеу арқылы анықтауды;
      5) азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді, қалпына келтіріп емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;
      6) уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес, медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайына байланысты неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.
      2. Жарақаттанудың профилактикасын сектораралық деңгейде мемлекеттік органдар - өз өкілеттіктері шегінде, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      158-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға
                тәуелділіктің профилактикасы
      1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы:
      1) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің зияны, сондай-ақ оларды тұтынудың медициналық-әлеуметтік-құқықтық аспектілері туралы білімді насихаттауды;
      2) психикаға белсенді әсер ететін заттар айналысы саласындағы жарнамаға тыйым салуды, психикаға белсенді әсер ететін заттарды әзірлеу, дайындау және пайдалану тәсілдері, әдістері, оларды сатып алу орындары туралы насихаттауға тыйым салуды, сондай-ақ мамандандырылған медициналық басылымдарда құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекусорлар бар дәрілік препараттар үлгілерінің жарнамасын шектеуді;
      3) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикасының және мінез-құлқының бұзылушылығы (ауруы) бар қатер тобындағы адамдарды профилактикалық байқауды және есепке алуды;
      4) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктен зардап шегуші адамдарды ерікті түрде, жасырын емдеуді;
      5) нашақорлықпен ауыратындарды ерікті түрде медициналық-санитариялық оңалтуды қамтиды.
      2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасын барлық жеке және заңды тұлғалар өздерінің құқықтары шегінде жүзеге асырады.
      159-бап. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы
                және оны шектеу
      1. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы және оны шектеу халықтың денсаулығын сақтауға, темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін сатып алуға құқылы адамдар үшін жас мөлшерін шектеуді енгізу, темекі шегушілікке, алкоголь өнімін тұтынуға халықтың өмір мен денсаулық үшін аса қауіпті фактор ретіндегі көзқарасын қалыптастыруға, темекі шегушіліктің, алкоголизмнің таралуының профилактикасы жөнінде келісілген іс-шаралар жүргізуге бағытталған.
      2. Темекі бұйымдарын:
      1) он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына;
      2) темекі бұйымының ашық қорабынан немесе бір-бірлеп сатуға;
      3) сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық қондырғылар арқылы;
      4) денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру мен спорт ұйымдарының ғимараттарында және аумақтарында;
      5) өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;
      6) акциздік таңбалармен немесе есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаусыз;
      7) егер темекі бұйымының қорабында жиырма сигареттен кем болса;
      8) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, құрамының деңгейі туралы және кемінде үш зиянды қосынды - жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтер енгізілмесе сатуға тыйым салынады. Темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, олардың деңгейі және жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтерді орналастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді;
      9) темекі бұйымының қорабына темекі шегушіліктің зияны туралы ескерту енгізілмесе;
      10) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына он сегіз жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынғаны туралы жазба енгізілмесе;
      11) темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында "құрамында шайыр аз", "жеңіл", "өте жеңіл" немесе "жұмсақ" деген сөздер не басқаларымен салыстырғанда темекі бұйымының зияны аз екені туралы жалған әсер қалдыратын өзге де, оның ішінде шетел тілдерінде сөз тіркестері болса;
      12) өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінен;
      13) басқа да тауарлармен жиынтық құрамда болса;
      14) балалар ассортименті тауарларының саудасы жүзеге асырылатын сауда ұйымдарының үй-жайларында сатуға тыйым салынады.
      3. Темекі бұйымдарын сату жүзеге асырылатын орындардағы көрнекі жерде мынадай мазмұндағы: «Темекі бұйымдарын он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына тыйым салынады» деген жазба, сондай-ақ темекі шегудің зияны туралы уәкілетті орган бекіткен ескерту орналастырылуға тиіс.
      4. Темекі бұйымдарының саудасын жүзеге асыратын адамдар жас шамасы сырт келбетіне қарағанда он сегізден жасырақ көрінетін азаматтарға темекі бұйымдарын сату кезінде:
      1) сатып алушының шын мәніндегі жасын анықтау мақсатында жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге;
      2) егер жеке басын куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын сатудан бас тартуға міндетті.
      5. Темекі шегуге:
      1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;
      2) денсаулық сақтау ұйымдарында;
      3) қоғамдық тамақтану орындарында;
      4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;
      5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;
      6) поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде;
      6-1) әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында;
      7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
      8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
      9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;
      10) үйлердің кіреберістерінде тыйым салынады.
      6. Темекі шегу үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса, осы баптың 5-тармағының 3), 6), 7) тармақшаларында көзделген нормалар қолданылмайды.
      7. Темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс.
      8. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының барлық маркаларында никотиннің және шайырлы заттардың рұқсат етілетін шекті құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы, өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында өздері шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы есептерді жыл сайын келесі жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынуға міндетті.
      9. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекі бұйымдарындағы никотиннің, шайырлы заттардың және басқа да зиянды қосындылар - жүйелік улардың, канцерогендік және мутагендік заттардың болуын зерттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаларда өз есебінен жүргізеді.
      10. Құрамындағы никотин және шайырлы заттар уәкілетті орган айқындайтын жол берілетін шекті деңгейлерден асатын темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
      11. Темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
      12. Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шегуге тыйым салынғаны туралы белгі орнатылуға тиіс.
      13. Темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында уәкілетті орган бекіткен темекі шегудің зияны туралы ескерту болуға және ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:
      1) темекі бұйымы қорабының, темекі бұйымы қаптамасының ауданы бойынша әрбір үлкен жағының кемінде қырық пайызын алуға;
      2) жылтыр орауыш пленкаға немесе қандай да бір сыртқы орауыш материалға басылмауға;
      3) сурет (пиктограмма, графика) және жазулар түрiнде орындалуға тиіс.
      14. Бөлшек саудада:
      1) алкоголь өнімін жиырма бiр жасқа дейiнгi адамдарға;
      2) мейрамханаларда, барлар мен дәмханаларда өткізуді қоспағанда, алкоголь өнімін:
      сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін;
      этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесімен сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда өткізуге тыйым салынады.
      Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.06.2014 № 210-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 N 229-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      160-бап. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы
      1. Темір тапшылығы анемиясы - организмге тамақ өнімдері құрамында темірдің жеткіліксіз түсуіне және онда жеткіліксіз қорытылуына, асқазан-ішек жолдарының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың көбеюіне, темірге деген қажеттіліктің артуына байланысты болатын организмнің патологиялық процесі.
      2. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
      1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында байытылған тамақ өнімдерінің өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге және айналымының басқа да сатыларындағы қозғалысына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
      2) халықтың нысаналы топтарын құрамында темір бар препараттармен профилактикалық қамтамасыз ету;
      3) темір тапшылығы анемиясынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
      4) ұнды және өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау) принциптерімен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байытылуға (фортификациялануға) жатады.
      Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
      Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      161-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы
      1. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
      1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдік тұз өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
      2) йод тапшылығы ауруларынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
      3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнімінің зиянды әсерінің салдарынан денсаулығынан айырылған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау принциптерімен жүзеге асырылады.
      2. Ас тұзын және жемдік тұзды йодтау Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Каталог: docs
docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
docs -> Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері
docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет