2016-2017 оқу жылында шағын жинақты мектептерде білім беру қызметін ұйымдастыруда Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңы», Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Жалпыға міндетті білім беру стандарты, «Жалпы білім беру ұйымдарының (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру) түрлері бойынша қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №375 бұйрығы (3-қосымша) (бұдан әрі – Типтік ереже) басшылыққа алынады.
Шағын жинақты мектептің өзіндік ерекшеліктері және қиындықтары бар, оларды оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ескеру қажет: материалдық-техникалық базасының әлсіздігі және инфраструктураның дамымағандығы, әртүрлі жастағы біріктірілген сыныптарда оқыту қиындығы, педагогикалық кадрлардың, оқу-әдістемелік және ақпараттық ресурстардың жеткіліксіздігі. Оқушылар санының аздығы бәсекелестікті және коммуникативті іскерліктердің дамуын төмендетеді. Шағын жинақты мектептің жағдайлары оқушыларды бейінді пәндермен және олардың кәсіби бағытын ескеретін таңдау бойынша курстармен толық қамтамасыз ете алмайды.
Шағын жинақты мектеп (бұдан әрі – ШЖМ) өзінің білім беру әрекетінде келесі ұстанымдар мен тәсілдерді басшылыққа алады:
- білім алушылардың әртүрлі жаста екендігін ескеру;
- бір пәндік және бір тақырыптық ұстанымдарға негізделген кіріктіре оқыту сабақтарын ұйымдастыру;
- оқушылардың оқу барысындағы бір–біріне өзара көмектесуі және ынтымақтастығы.
Типтік ережеге сәйкес шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқыту кезінде және сыныпта 10-16 білім алушы болған жағдайда сынып кіші топтарға бөлінеді.
Сыныптарды басқа бір сынып-кешенге біріктіргенде әртүрлі жастағы білім алушылардың саны 10-нан аспауы тиіс. ШЖМ-дегі сыныптардың толымдығы 3-10 адам және одан көп адамға дейін рұқсат етіледі.
Мектептiң бастауыш білім беру деңгейінде оқушыларды сыныптық-құрамдарға бiрiктiрудiң мынадай нұсқалары болуы мүмкiн: 2+3, 3+4; 2+4, 2+3+4.
1-сынып оқушылары жеке оқытылуы тиіс, себебі мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіннің
тұрақтануы мен ынтасының артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқыту керек.
Екі немесе үш сыныпты бiрiктiру қажет болған жағдайда (мысалы, 2+3+4), әрбiр сыныппен сабақтың белгiлi бiр бөлiгiн жеке өткiзу үшiн жағдай жасау мақсатында сабақтың жылжымалы кестесiн қолданған дұрыс.
Бастауыш шағын жинақты мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек:
- жазу сабағы бойынша: 2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан;
- математика сабағы бойынша: 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта 20 минуттан аспауы тиiс.
Мектептiң негiзгi орта және жалпы орта білім деңгейлерінде сыныптарды бiрiктiру әр сыныптағы оқушылар санына байланысты.
Оқушылар санының аз болуы жағдайында сыныптарды мынадай тәртiпте біріктірген дұрыс: 5+6; 6+7; 7+8. Мұндай бiрiктiруде бір пәндік ұстанымға негізделген пән ішіндегі мазмұны ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқытуға болады.
Пәнішілік байланысты жүзеге асыруға болмайтын жағдайда пәнаралақ кіріктіре оқыту мүмкіндігін қолдануға болады. Сабақтас пәндерді кіріктіре оқытуды ұйымдастырғанда пәндерді келесідей кіріктіре оқыту: тіл - әдебиет, тарих-әдебиет, химия-биология, тарих-география, география-биология, математика-информатика, физика-химия және т.б. ұсынылады.
Кіріктірілген сабақтардың негізіне білім беру мазмұнының басты элементтерін бөлуге мүмкіндік беретін, жүйені құрайтын идеяларды, түсініктерді, оқу әрекетінің тәсілдерін дамытуды қарастыратын пәнаралық байланыстар салыну керек. Кіріктіру, бір жағынан «әлемді біртұтас» көрсетуге мүмкіндік береді, басқа жағынан бейінді саралау үшін қолдануға болатын оқу уақытын босатады.