- оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарды білім, білік дағдылар негізінде кешенді игеруге бағыттау;
- ұжымдық оқыту әдісін тиімді қолдану және білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
- жоғарғы сынып білім алушылары өзінің білімін кіші жастағы сынып оқушыларын оқыту және бағалау кезінде қолдану.
9, 11-сыныптар мектепті бiтiрушiлер болғандығын ескере отырып, олардағы бала саны аз болған жағдайдың өзінде де өзге сыныптармен қосып оқытылмайды.
Шағын жинақты мектептегі қызметті ұйымдастыру дамытатын педагогикалық ортаны құруды талап етеді. Оның негізінде әртүрлі жастағы оқушылардың өзара нәтижелі әрекеттестігі мен өздігінен білім алу идеяларын
жүзеге асыруға болады. Әртүрлі деңгейдегі бір сыныптың аясында оқытуды саралау мақсатында жеке және топтық кеңестер, оқушылармен үйірмелік және факультативтік жұмысты қолдану ұсынылады.
Шағын жинақты мектепте оқу процесін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар: деңгейлеп оқыту, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану, дамыта оқыту, модульдік оқыту, сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазу және т.б. қолданылады.
Деңгейлеп оқыту оқушылардың жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұжымдық оқыту әдісі динамикалық жұптар құра отырып, оқушылардың арасында олардың танымдық өзара қарым-қатынасын, бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып табылады. Ұжымдық оқыту әдісі ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында балалардың қарым-қатынасының тапшылығын азайтуға, монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.
Дидактикалық бірлікті ірілендіру (ДБІ) - ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік жасайды.
ШЖМ-ке электронды оқытуды енгізу жеке және өздігінен оқытуды кеңінен қолдану арқылы әртүрлі жастағы ұжымдарда педагогикалық әрекеттегі қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді. Қашықтықтық технологияларды қолданатын электронды оқыту бейіналды дайындық пен бейінді оқытудың бірыңғай ақпараттық-білім беру ортасын құру үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Физика, химия және биология бойынша виртуалды зертханалар болса, мұғалімдер аталған пәндерді меңгеруге қажетті оқу жабдығының жеткіліксіздігі мәселесін шеше алады. Сондай-ақ, педагог әрекеті ақпаратты жаңғырту емес, оқушыны оқу-танымдық процесте психологиялық-педагогикалық қолдайтын тьютор, сессиялық және сессияаралық кезеңдерде магниттік мектеп оқушыларының проблемалық аймақтарының орнын толтыру бойынша түзету жұмысын ұйымдастырушы рөлінде болады. Мұғалім-тьютордың көмекшісі рөлінде оқу материалын өздігінен игеру дағдылары мен іскерліктерін меңгерген оқушы да бола алады.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - ЭОАЖ) құрылды: білім беру ұйымдарының порталы, Ұлттық білім беру деректер қоры (бұдан әрі - ҰБДҚ), ішкі корпоративтік қор, электрондық кітапхана, білім беру ұйымын басқару жүйесі және электрондық оқытудың басқа да құрауыштары. Берілген электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі https://e.edu.kz сайтында қолжетімді. ЭОАЖ-нің маңызды құрауышы 7511 цифрлық білім беру ресурстары (бұдан әрі - ЦБР) орналасқан электрондық кітапхана болып табылады.
Цифрлық білім беру ресурстары – бұл оқу пәнінің нақты тақырыбына әзірленген, ЭОЖ-ге қосылған мектептерге онлайн қолжетімді цифрлық форматтағы дидактикалық материалдар. Әрбір ЦБР интегративті кешен және оқу пәнінің белгілі бір тақырыбы бойынша мультимедиялық түсіндіру, интерактивті тапсырмалар мен тестілеу сұрақтар элементтерінен тұрады. ЦБР-дің бұл құрылымы электрондық оқыту жүйесінде оқушылардың белсенді өзіндік жұмысын қамтамасыз етеді, ал мұғалімге сабақтың әрбір түрі немесе кезеңінің, яғни жаңа материалды түсіндіру, материалды бекіту немесе оны меңгеру деңгейін тексерудің нақты дидактикалық міндеттеріне байланысты оқытуды ұйымдастырғанда берілген ресурстарды қолдануға мүмкіндік береді.
Мұғалімдерге көмек ретінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану бойынша оқу-әдістемелік құралдар әзірленген. Олар ҚР БҒМ порталының (https://e.edu.kz/98) «Педагогтерге арналған басшылық» бөлімінде, сондай-ақ Ұлттық ақпараттандыру орталығының сайтында: http://nci.kz орналасқан және ашық қолжетімді.
Шағын жинақты мектеп жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы ғылым мен мәдениет және т.б. салаларда ақпараттардың дереккөздерін, электрондық оқу материалдарын пайдалану, қашықтан оқыту, тірек мектебімен (ресурстық орталықпен) сессияаралық кезеңде байланыс орната отырып, олардың білім қорларын пайдалану жүзеге асырылады.