Ақпарат желі арқылы жіберілуі үшін тасымалдаудың белгілі бір ережелері керек. Мұндай ережелер «желілік хаттамалар» деп аталады.
Желілік хаттама - желіге біріктірілген компьютерлерге ақпарат алмасуға және қосылуға мүмкіндік беретін ережелер мен техникалық процедуралар жиыны.
Интернет желісінде қолданылатын ең танымал хаттамаларды қарастырайық.
HTTP (Hyper Text Transfer Protocol) - бұл гипермәтінді жөнелту хаттамасы. HTTP хаттамасы бір компьютерден басқа компьютерге web-парақтарды қайта жөнелту үшін қолданылады. Бұл хаттама Web немесе WWW (World Wide Web - «Дүниежүзілік өрмек») сөздерімен аталатын нысандарды жүзеге асырады.
HTTP хаттамасының қалай жұмыс істейтінін қарастырайық. Қолданушы HTML-файлдарды қарау программасы болып табылатын өз браузерінің экранында мәтінді көреді, ал ондағы бұйрықтардың интерпретациясын хаттама жасайды. Сонымен, HTTP хаттамасы мен HTML гипермәтіндік тілі қолданушының компьютеріне әлемнің барлық ақпараттың ресурстарын олардың қай жерде орналасқанына қара- мастан шоғырландырады.
FTP (File Transfer Protocol) - бұл арнайы файлдың серверден шеткі қолданушы компьютеріне файлдарды тасымалдау хаттамасы. FTP сендерге желідегі кез келген компьютердегі файлдармен алмасу мүмкіндігін береді. Бұл хаттаманы құру арқылы қолданушы алыста орналасқан компьютердегі файлдарды өзінің компьютеріне көшіре алады немесе өзінің компьютерінен алыста орналасқан компьютерге файлдарын жібере алады.
TSP/IP
Бұл хаттама - Интернет жұмыс жасауы үшін қажетті хаттама. Негізінде бұл екі хаттама.
Біріншісі - IP, компьютерлік желі арқылы тасымалданатын ақпараттарды дестелерге бөледі. Әрбір десте байттардың әлдебір тізбегін құрайды. Әдетте бір дестенің ұзындығы 1500 байт шамасында. Хаттамаға тасымалданатын ақпараттың мазмұнының қандай екені бәрібір, ол ақпаратты дестелерге «бөледі». Жөнелтілетін ақпарат жоғалмау үшін әр дестеге оны жөнелтуші компьютердің және қабылдаушы компьютердің адресінен тұратын қосымша қызметші ақпарат тіркеледі. Бұл адресі туралы қызметші ақпараттың ұзындығы небәрі 4 байт және оны ІР-адресі деп атайды.
Түйін (хост) - желіге қосылған және басқа құрылғылармен өзара қатынас жасауға қабілетті құрылғы.
Желінің нөмірінен және желідегі түйіннің нөмірінен тұратын желілік адресі әр түйінді бірегей түрде идентификациялауға мүмкіндік береді.
IP хаттамасы мәліметтердің жеткізілгенін растамайды, шыққан мәліметтердің біртұтастығын бақыламайды. ІР-хаттамасы тұрғысынан бөлек дестелер - бұл бөлек дестелер ғана, олар бір-бірімен еш байланыспайды.
Әрине, жіберілетін ақпарат бірден артық дестелер санынан тұруы мүмкін.
TCP хаттамасы мәліметтерді дұрыс жіберу кепілдігін береді. TCP хаттамасы дестелерді жөнелту кезінде олардың бір файлға жататыны туралы қызметші ақпарат қосады.
Қабылдаушының машинасында TCP бұл фрагменттерді дұрыс ретпен жинайды және олардың барлығының жеткенін, тасымалданғанда зақымданбағанын тексереді. Егер қайсыбір пакет жоғалса немесе бұзылса, онда программа машина-жөнелтушіге жетпеген дестелерді қайтадан жіберу туралы өтініш, сұраныс жасайды
ТҮЙІН
Желілердің түрлері: тікелей кабельдік байланыс, жергілікті, аймақтық, корпоративтік, ғаламдық.
Байланыс арналары деп - мәліметтерді тасымалдауды қашықтықтан жүзеге асыруға мүмкіндік беретін техникалық құралдарды атайды.
Арнаның өткізу қабілеті бір уақыт бірлігінде арна арқылы жіберілетін ақпараттың ең үлкен көлеміне тең.
Кедергіге төтеп берушілік тасымалданатын ақпараттың бұрмалану деңгейінің параметрлеріне тәуелді.
Прокси-сервер - браузер мен шеттік web-сервер арасындағы қатынас амалдарын жүзеге асырушы ретінде қолданылатын аралық, транзиттік web-сервер.
Желілік хаттама - желіге біріктірілген компьютерлерге ақпараттарымен алмасуға және қосылуға мүмкіндік беретін ережелер мен техникалық процедуралар жиыны.
ІР-адресі - TCP/IP хаттамасын қолданатын желідегі түйіндерді анықтайтын бірегей идентификатор.