Жалпы орта білім беру деңгейінің «Тіл және әдебиет» білім саласы пәндерінің


-11-сынып оқушысының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар



бет4/14
Дата26.06.2018
өлшемі1,22 Mb.
#44275
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

10-11-сынып оқушысының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

18. 10-сыныптың соңында оқушылар пәндік нәтижелер бойынша:

1) әдеби шығармаларды ұлттық құндылық ретінде ұғынып, ХІХ ғасыр және әлем әдебиеті үлгілерін;

2) эпикалық, лирикалық және драмалық туындылардағы басты кейіпкер келбетін;

3) көркем шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беруді;

4) көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиетінің үлгілерімен салыстыра талдай білуі;

5) ХІХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті үлгілерін әдебиеттің тектері мен жанрларына сәйкес талдауды;

6) шығарма немесе оның ішіндегі кейіпкерлер бойынша ой толғау, пікірнама, сыни мақала жазуды;

7) көркем бейнелі сөздерді орынды қолданып, жазба жұмыстарының күрделі түрлерін (эссе, шығарма, өлең құрастыру, сценарий жазу, т.б.) орындай білуі тиіс;

8) көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық мәнін айқындауды;

9) өзіндік ізденіс жұмыстарына ұсынылатын шығармаларды өздігінен оқып талдауды;

10) көркем шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беруді;

11) сыныптан тыс және өзіндік ізденіс жұмыстарына ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқуды;

12) мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелі жеткізе алуды;

13) өзіндік көзқарасын білдіруді, шешен сөйлеу дағдыларын;

14) көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық, эстетикалық, тәрбиелік, танымдық мәнін айқындауды;

15) көркем бейнелі сөздерді орынды қолданып, жазба жұмыстарын (эссе, шағын шығарма жазу т.б.) орындауды;

16) шығарманы көркемдік тұтастықта талдаудың жолдарын, амал-тәсілдерін меңгеруі тиіс.

19. 11-сыныптың соңында оқушылар:

1) әдеби шығармада бейнеленген оқиғалар мен кейіпкерлер әрекетіне өзіндік көзқарасын білдіруді;

2) өлең сөздің құрылымдық элементтерінің (өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ) мән-мағынасын, негізгі ұғымдарын білуді;

3) мәнерлеп оқудың барлық элементтерін қолдануды;

4) ұлттық мұра ретінде танылған үздік шығармалардың тарихи сипатын, маңызын;

5) әдеби тақырыпқа реферат жазып, жоспарын, тезисін дайындауды;

6) компьютермен, техникалық ақпарат құралдарымен жұмыс істеп, интернет арқылы әлем әдебиетімен таныса алуды;

7) әдебиеттің басқа өнер түрлерімен (бейнелеу, сәулет, саз, мүсін, театр, кино, т.б.) байланысын түсіндіре алуды;

8) сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқуды;

9) берілген мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелеп, толықтырулар енгізуді білуі тиіс;

10) әдеби шығармаларды ұлттық құндылық ретінде ұғынып, ХХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті мен тәуелсіз жылдардағы әдебиет үлгілерін;

11) көркем шығарманың негізгі мазмұнын, мәнін;

12) әдебиеттің өнер түрлерімен байланысын;

13) оқыған көркем туынды бойынша шығармашылық жазба жұмыстар орындауды;

14) көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиетінің үлгілерімен салыстыра талдауды;

15) әдебиеттің өзге ғылымдармен сабақтастығын;

16) сөйлеу дағдыларын меңгеріп, өзіндік көзқарасын білдіруді;

17) әдебиеттану терминдері сөздіктерін, энциклопедияларды пайдалануды;

18) ұлттық мұра ретінде танылған үздік шығармалардың тарихи сипатын, маңызын көркемдік шындық тұрғысынан түсінуді;

19) әдеби білімдері негізінде көпшілік алдында өзіндік пікір білдіруді;

20) шығармада бейнеленген өмір шындығы мен автордың ойын тани алуды және т.б. меңгеруі тиіс.

20. Тұлғалық нәтижелер:

1) қазақ халқының және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа құндылықтарына құрметпен қарауынан;

2) ұлттық құндылықтар мен әлемдік азаматтық құндылықтарды салыстыра пайымдап, дәріптей білуінен;



3) адамдармен қарым-қатынаста жоғары мәдениеттілік танытуынан, этикалық нормаларды сақтай білуінен;

4) көркем туындының кейіпкері туралы қойылған жағдаяттық сұрақтарға жауап беруде әдеби тіл нормалары мен пікірталас мәдениеті талаптарын сақтай білуінен;

5) әдебиеттің өзге ғылымдармен (тіл, философия, тарих, қоғамтану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, жаратылыстану т.б.) сабақтастығын көрсетуінен;

6) қоғамға жат құбылыстарға, идеологиялық, діни ағымдарға және заңды бұзушылық әрекетке қарсы өз көзқарасын негіздей алуынан және жұртты сендіре білуінен;

7) өздігінен білім алуға, өмірден өз орнын табуға және жасампаз еңбекке ынта-ықыласы мен қабілеттілігін танытуынан;

8) белсенді азаматтық ұстанымын, жоғары патриоттық сезімін көрсете білуінен көрініс табуы тиіс.

21. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер:

1) қазақ әдебиетінен алған білімдерін шығармашылық жұмыстарда;

2) қазақ әдебиетінен алған білімдерін басқа салаларда ақпарат көзі ретінде пайдалана алуы;

3) қазақ әдебиетінен алған білімдері негізінде көркем ойлай алатын және өз ойларын бейнелі тілмен шешен жеткізуге дағдылануы;

4) оқырман мәдениеті мен қаламгер шығармашылығына құрметпен қарау мәдениетін игеруі;

5) қазақ әдебиетін әлем әдебиеті аспектісінде түсініп, әдеби үдеріске талдау жасай алуы;

6) өзіне қажетті ақпаратты іріктеп алып, өңдеп, өзгелерге түсінікті етіп жеткізуге дағдылануы;

7) әдебиеттану терминдері сөздіктерін, энциклопедияларды;

8) көркем әдебиет туралы ғылыми сын мақалаларды түсініп оқып, көркемдегіш құралдарды әдеби талдауда орынды қолдануы тиіс.



«Қазақ әдебиеті» пәнінен оқу бағдарламасы

(жаратылыстану-математикалық бағыт)
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес әзірленген.

2. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы оның көркем әдебиетінде көрініс табады. Оқушыларды көркемдік әлеміндегі тұтастықты, қоршаған ортадағы үйлесім мен жарастықты және адамзат баласына тән барлық ізгі қасиеттерді оқушы бойына ұялатуға ерекше орын алатын бағдарлама оқытудың жаңа талаптарына сай мазмұндық, құрылымдық және әдістемелік жағынан жаңартылып ұсынылып отыр.

3.Жаратылыстану-математика бағытындағы қазақ әдебиетi бағдарламасы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қазақ әдебиетi бағдарламасының бiлiм мазмұнын толық қамтиды. Бағдарламада сағат санының аздығына байланысты ақын-жазушылардың өмiрi мен шығармашылығына тоқталу тек шолу түрiнде болады.

4. Білім мазмұнын сұрыптауда ғылымилық, түсініктілік, жүйелілік, іс-әрекеттілік, пәнаралық байланыс, сабақтастық сияқты дидактикалық ұстанымдар басшылыққа алынып, оқушылардың бейіндік ерекшеліктері ескерілді.

5. Бағдарламада ақын-жазушылар шығармашылығы хронологиялық сипатта ұсынылды. Қайталанған шығармалардың орнына басқа ақын-жазушылардың шығармашылықтары енгізілді.

7. Әдебиеттiң теориялық мәселелерi, әдебиеттанудың салалары, әдеби ағымдар мен бағыттар, көркем шығарманы талдау әдістері, әдеби шығарманың болмыс-бітімі, ұлттық мәдениет, әдебиет және көркемдік шындық, әдебиеттiң өзге ғылымдармен байланысы, қазiргi әдебиеттегi проблемалық мәселелер, оқырман мәдениеті, сөз өнерi және шығармашылық үдеріс, қаламгер стилі өзек етiлiп, көркем шығармашылық туралы жүйелі ұғым қалыптастырылады.

8. Пәнді оқыту мақсаты - әдебиетті өмірмен байланыстыра оқыту, әдеби шығарманың тәрбиелік мәнін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, оларға азаматтық, адамгершілік, елжандылық, көркемдік-эстетикалық тәрбие беру және олардың ой-өрісін кеңейтіп, ауызша сөйлеу мен жазба тіл мәдениетін қалыптастыру.

9. Пәнді оқыту міндеттері:

1) көркем шығарма арқылы оқушылардың санасына көркем сөз құдiретiн, эстетикалық, танымдық тәрбиенi сiңiру;

2) оқушыларға әдебиеттің өнердің бір түрі екендігін танытып, әдеби білім мазмұнын меңгертуді ұйымдастыру;

3) әдебиеттің ұлттық ерекшелігін, шығармалардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің көркем бейнеленуін, көркем туындының идеялық мазмұнын ұғындыру;

4) оқушылардың көркем шығарма оқу әрекеттерін, образбен ойлау қабілеттерін өзіндік ізденіс шығармашылықпен жетілдіріп, олардың сөз өнерін рухани құндылық ретінде қабылдауына мүмкіндік туғызу;

5) ойын еркін, шешен жеткізе алу, әдеби-теориялық білімін жазба жұмыстарда сауатты қолдана алу біліктілігін қалыптастыру болып табылады.

10. Оқыту үдерісінде «Қазақ әдебиеті» пәні төмендегі оқу пәндерімен тығыз байланыста оқытылады:

1) «Қазақ тілі»: филологиялық ғылым салаларын байланыстыра оқыту үздіксіз, жүйелі жүргізіледі, бұл арқылы оқушылардың сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту жүзеге асырылады;

2) «Қазақстан тарихы»: әдебиет пен тарихты байланыстыру оқушылардың тарихи шындықты көркем шығармада бейнелеу ерекшеліктерін түсіну дағдыларын қалыптастырады және оқушылар нақты мәліметтерді талдай алуға, өзіндік баға беруге үйренеді;

3) «География»: көркем шығармада бейнеленген, суреттелген немесе оқиғалар өрбіген жердің географиялық ерекшеліктерін автор көзімен көруге, оны өзіндік байқауларымен, білімдерімен салыстыруға үйренеді;

4) «Музыка»: әдеби шығарма мен музыканының ішкі иірімдерін салыстыра алуға дағдыланады, әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық ән-әуендегі мазмұны мен талғамын түсінуге мүмкіндік береді;

5) «Бейнелеу өнері»: әдебиет сабақтарында бейнелеу өнерінің туындыларын пайдалану оқушылардың кейіпкер бейнесі мен оқиғаларды, жалпы суреттелген мәселелерді көзбен көре, терең сезінулеріне мүмкіндіктер жасайды.

11. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі.

10-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;

11-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағатты құрайды.

12. Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде жүзеге асады.





  1. Оқу пәнінің 10-сыныптағы базалық білім мазмұны

13. 10-сыныпта «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытуға 68 сағат бөлінген, оның ішінде, шығармаларды оқып, талдауға – 56 сағат, шығармашылық жұмыстарға -8 сағат, сыныптан тыс оқуға – 2 сағат.

14. Курстың мазмұны мынадай тақырыптарды қамтиды:

1) жалпы шолу -1 сағат (ХІХ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай, ел ішіндегі отаршылдыққа қарсы күрес, оның сол кездегі әдебиетте Махамбет, Дулат, Сүйінбай, Нысанбай шығармашылықтарында көрініс табуы. Тәуелсіздікті, азаттықты аңсаудан туған өлең-жырлар, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихында әртүрлі ағымдардың пайда болуы, «Зар заман» ақындарының шығармаларына ортақ сарын. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті, Ыбырай мен Абай негізін салған демократтық, ағартушылық бағыттағы әдебиеттің тууы. Ағартушылық идеяның алдыңғы орынға шығуы. ХІХ ғасыр поэзиясы – өз дәуірінің шындық жайларын жинақтап қамтыған көркемдік шежіре, әдебиеттің реалистік сипаты, романтикалық үлгідегі шығармалардың пайда болуы);

әдебиет теориясы: сыншылдық дәстүр;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Х.Сүйіншәлиев, ХІХ ғасыр әдебиеті –Алматы, 1992);

2) Абыл Тілеуұлы (1777-1864 жж.) «Арғымақ атта сын болмас» жыр-толғауы мен «Қырымның қырық батыры» дастаны - 2 сағат (Абылдың туған, тәлім алған ортасы. Абыл шығармаларының бізге жету тарихы. «Арғымақ атта сын болмас» толғауындағы дидактикалық сарын. Жырларында халық қамын ойламаған бай-сұлтандарды сынауы. Абыл шығармаларының өзінің алдындағы жыраулармен үндестігі. «Қырымның қырық батыры дастанындағы» тарихилық пен көркемдік мәселелері. Абыл дәстүрін жалғастырушылар);

әдебиет теориясы: эпикалық жанр;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: «Жеті ғасыр жырлайды» кітабы;

3) Дулат Бабатайұлы (1802-1874 жж.) «Еспембет» дастаны− 2 сағат (Ақынның өмірі мен шығармашылығы, «Еспембет» дастанының тақырыбы мен идеясы, сюжеттік даму ерекшелігі, ұлттық салт-дәстүрдің сипатталуы, кейбір сюжеттердің басқа ақын шығармаларында көрініс табуы, композициялық құрылымы, дастандағы Ақбөрте тұлпардың образы. Дулат жырларының көркемдік ерекшеліктері, ақын шығармаларындағы отаршылдықтың зардаптарына қарсылық идеясы, «Еспембет» поэмасының батырлар жырына ұқсастығы мен айырмашылығы);

әдебиет теориясы: аллитерация, ассонанс, эпитет, метафора, теңеу;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: «Бес ғасыр жырлайды» кітабы;

4) Махамбет Өтемісұлы (1803-1846 жж.) «Менің атым Махамбет», «Атадан туған аруақты ер», «Тайманның ұлы Исатай» өлеңдері −3 сағат ( Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы, ақынның ел азаттығы, халық бостандығы туралы ойлары, оның шығармаларындағы ел қорғайтын азамат ердің тұлғасы, «Менің атым Махамбет», «Атадан туған аруақты ер», «Тайманның ұлы Исатай» өлеңдеріндегі Исатай батыр бейнесінің ақын шығармаларында көркем жинақталуы, үш өлеңдегі батыр образының ұқсастықтары мен ерекшеліктері, ақынның халықтың қолдауына сенуі. Поэзиясындағы реалистік, романтикалық сипат, көркемдік ерекшелігі мен жанры, ақын шығармаларының қазақ әдебиеті тарихындағы орны);

әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

музыка (Құрманғазы, «Кішкентай» күйі), электрондық оқулық− Махамбет туралы телесабақ;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: «Бес ғасыр жырлайды» кітабы;

5) Сүйінбай Аронұлы «Бөрілі менің байрағым», «Ту алып жауға шапсаң сен», «Бала Жамбылға бата», «Датқалар» өлеңдері, «Сүйінбай мен Қатаған» айтысы−3 сағат (Сүйінбай – ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі өкілі, ақын шығармалары мазмұнының өз замандастарына ұқсастығы және ерекшеліктері, оның толғаулары, айтыстары, дастандары, Сүйінбай шығармаларындағы замана шындығының көркем бейнеленуі, Сүйінбай – айтыс өнерінің шебері және қазақ, қырғыз елдеріне өткір тілі, озық ойымен кеңінен танылған ақын. Қатағанмен айтысуының себептері мен жеңіске жетуінің негізгі мәні, Қатағанмен айтысындағы уытты уәж бен көркем сөз кестелері)

әдебиет теориясы: айтыс туралы ұғымды кеңейту;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы.

өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жолдасбековтің «Асыл сөздің атасы» - Алматы, 1996;

6) Қашаған Күржіманұлы (1841-1929 жж.) «Есқали сұпыға айтқаны», «Осы күні жолдас болдым сексенменен» өлеңдері, «Адай тегі» дастаны−2 сағат (Қашаған өмір сүрген кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдай және ол дүниеге келген өңірдегі ақындық дәстүр.

Оның өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы. Адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы, адамның жас ерекшелігі туралы толғамдары. Дастандарында халықтың көне тарихы мен шежіресін жырлауы. Қашағанның қазақ әдебиеті тарихында ірі ақын, айтыскер жырау болғандығы);

әдебиет теориясы: толғау туралы ұғымды кеңейту.

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: « Бес ғасыр жырлайды» ІІ том, - Алматы, 1989;

7) Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906 жж.) «Үш қиян» толғауы мен «Сарыарқа», «Қарасай – Қази» дастандары− 2 сағат (М.Мөңкеұлы поэзиясындағы елдің азаттығы, жердің бүтіндігі туралы толғамдары. «Үш қиян» толғауы «Зар заман» дәуірі әдебиетінің үздік туындысы. Шығармаларының идеялық мазмұны, көркемдік ерекшеліктері. Ақынның эпикалық дастандары. Тақырыбы мен идеясы. Тарихи негіздері. Мұрат – айтыс өнерінің шебері);

Әдебиет теориясы: эпитет, метафора, теңеу;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Б.Омарұлы, М.Мөңкеұлы - Алматы, 1993;

8) Шоқан Уәлиханов (1835-1865 жж.) «Ыстықкөл күнделігі», «Жоңғар очерктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері» - 4 сағат (Шоқанның өмірі мен шығармашылығы. Шоқан – қазақ халқының әлемдік деңгейдегі тұңғыш ғалымы, шығыстанушы, әдебиет зерттеушісі. Шоқан – қазақ, қырғыз ауыз әдебиетін жинап зерттеуші. Қашқария саяхаты);

әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғам өміріндегі маңызы;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, театр− С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә. Марғұлан «Шоқан және Манас» Алматы, 1971;

9) Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.) «Жаз», «Азған елдің билері» өлеңдері, «Атымтай Жомарт», «Мейірімді бала» әңгімелері, «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы− 4 сағат (Ыбырайдың өмірі мен қызметі. Тәлім алған ортасы, демократиялық-ағартушылық көзқарасының қалыптасуы. Ыбырай – қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Өлеңдерінің идеялық мазмұны. Әңгімелерінің тәрбиелік мәні. «Қазақ хрестоматиясының» қазақ рухани әлеміндегі маңызы);

әдебиет теориясы: әңгіме туралы түсінікті дамыту;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, технология;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә.Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» - Алматы, 1994;

10) Абай Құнанбайұлы (1845-1904 жж.) «Жаз», «Күз», «Желсіз түнде жарық ай», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Мәз болады болысың», «Сегіз аяқ» өлеңдері мен «Ескендір» дастаны−10 сағат (Алтыншы, он тоғызыншы, жиырма бесінші, жиырма тоғызыншы, отыз үшінші, отыз жетінші қарасөздері. Абайдың өмірі, шығармашылық жолы. Ұлы ақын өлеңдерінің идеялық мазмұны, көркемдігі туралы. Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары. Ақынның тіл байлығы. Абай қарасөздерінің көтерген мәселелері, даналық ойлары, ой-пікір жағынан өлеңдерімен тығыз байланысы. «Ескендір» дастаны. Дастанның тақырыбы, идеялық-көркемдік маңызы);

әдебиет теориясы: әдебиеттің халықтығы туралы. Лирика ұғымын кеңейту.

пәнаралық байланыс: музыка (Абай әндері), бейнелеу өнері (Ә.Қастеев. «Жас Абай»), электрондық оқулық («Дара Абай – Дана Абай» телесабақ);

өзіндік ізденіс жұмыстары: З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» – Алматы;

11) Жамбыл Жабаев «Өтеген батыр» «Сұраншы батыр» дастандары −4 сағат ( Жамбылдың эпикалық дастандары. Жырдың бас кейіпкерлері Өтеген, Сұраншы батырлардың өмірде болған тарихи тұлғалар екендігі. Ақынның Өтеген батырдың Жоңғар шапқыншылығында көрсеткен ерлігін эпикалық сарында көркем бейнелеуі. Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі қазақ халқының ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығына қарсы күресі екендігі);

әдебиет теориясы: айтыс өнері туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: мұғалімнің таңдауы бойынша.

12) Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жастарға», «Дүние мен өмір», «Ақындарға», «Кәрілік туралы» өлеңдері, «Еңлік – Кебек» дастаны −6 сағат (Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы. Шәкәрім шығармаларының Абай шығармаларымен үндестігі. Лирикасындағы адамгершілік, ар-ождан мәселелері. «Еңлік-Кебек» дастанының тақырыбы мен идеясы. Поэманың сюжеттік желісі, композициялық құрылымы. Поэмаға арқау болған тарихи шындық және көркемдік шешім. Поэманың көркемдік ерекшелігі);

әдебиет теориясы: дастан туралы ұғым;

пәнаралық байланыс: кинофильм («Шәкәрімнің соңғы күзі»);

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ш.Қ.Сәтбаева, Шәкәрім Құдайбердиев - Алматы, 1990, Б.Әбдіғазиұлы− Шәкәрімтану мәселелері;

13) Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931 жж.) «Шайтанның саудасы», «Гүлшат – Шеризат» мысал өлеңі мен дастаны, «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабы −3 сағат (Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы мағлұматтар. Мәшһүр-Жүсіп қазақ фольклорын жинап, жеткізуші. Ақынның шығармашылық мұрасы. 1907 жылы Қазанда басылып шыққан кітаптары. Ондағы көтерілген саяси-әлеуметтік мәселелер. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабындағы ел тарихы туралы, жер мәселесі туралы ойлары. Мәшһүрдің жыр-толғаулары, ондағы заман, қоғам, адам туралы философиялық толғамдары. «Гүлшат – Шеризат» дастанының көтерген тақырыбы, идеясы);

әдебиет теориясы: дастан туралы;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы.

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ. Мәшһүр Жүсіпов «Көркем сөздің құдіреті», 2000 жыл;

14) Нарманбет Орманбетұлы «Көпті көрген көнемен», «Шал қайғысы», «Замана», «Сарыарқа сайран жерім-ай», «Бала қайдан?» өлеңдері − 3 сағат (Өмірі мен шығармашылығы. Отарлық езгі, отаршылдық өктемдікке қарсы үн көтерген ақын екендігі. Ақын шығармаларындағы Сарыарқа образы. «Сарыарқа сайран жерім-ай» толғауында ұлт басына төнген ауыр халді суреттеуі. «Шал қайғысы» өлеңінде халық бойындағы бойкүйездік пен жалқаулықты сынауы. Нарманбет өлеңдерінен ұлы Абай жырлары рухының аңғарылуы. Н. Орманбетұлы мұрасының көп уақыт жабық жатуы);

әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні;

әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

15) Әнші-сазгер ақындар шығармашылығына шолу, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әнші-ақындар поэзиясы −5 сағат (Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу, Әсет, Мұхит, Мәдилердің тума талант, табиғи дарын иелері екендігі. Әнші ақындардың шығармашылық ерекшеліктері. Олардың басқа халықтарда кездесе бермейтін көптеген өнер түрлерінің басын қосып ұстауы. Ыбырайдың «Гәкку», «Жиырма бес», «Қалдырған», «Арарай» әндері. Балуан Шолақтың «Ғалия», «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Қынжыл», «Кенже қоңыр» әндері. Арқаның әншілік өнерін дамытуы. Балуан Шолақтың махаббат лирикасы. Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», «Көк аршын», «Сұрша қыз», «Хаулау», «Сәулем қыздар» өлеңдері. Әнші-ақынның дәуір, замана жайларын, өз өмірінің шындығын, ел басқарған әкімдердің іс-әрекеттерін көрсететін әлеуметтік тақырыптағы шығармалары. Әсеттің «Адамның жасы жөнінде», «Тоты», «Қисмет» әндері. Дастандары: «Пушкин», «Салиха-Сәлмен», айтыстары);

әдебиет теориясы: махаббат лирикасы туралы ұғымды кеңейту;

пәнаралық байланыс: С.Мұқанов «Балуан Шолақ» романы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: А.Жұбанов « Замана бұлбұлдары» - Алматы, 1975;

16) Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897жж.) «Жамбас сипар», «Ләйлім шырақ», «Жанбота» әндері −2 сағат (Біржанның өмірі мен шығармашылығы. Лирикасы мен айтыстары. Шығармашылық өнеріндегі синкреттілік сипат. Әншілік дәстүрі. Біржан әндерінің белгілі бір жағдайға, тақырыпқа байланысты туғандығы);

әдебиет теориясы: элегия;

пәнаралық байланыс: театр М.Төлебаев «Біржан – Сара» операсы, кино «Біржан сал»;

өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әуезов «Абай жолы» романынан үзінді;

17) Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913 жж.) «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман», «Құлагер», «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» өлеңдері (2 сағат) (Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы. Білім алған ортасы. Ақан – қазақтың әнші-ақындар тобының көрнекті өкілі. Ақан – ақын, әнші, сазгер. Ақанның эстетикалық таным-түсінігі, әлеуметтік өмірге көзқарасы, заман жайлы толғаулары, жастарды өнерге үндеуі. «Құлагер» ақын трагедиясы. Ақынның өзіндік сөз саптауы);

әдебиет теориясы: махаббат лирикасы туралы ұғымды кеңейту;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, электрондық оқулық Әсет әнін орындаушы – Ж.Кәрменов, телесабақ;

өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Жүнісов «Ақан сері» романы;





  1. Оқу пәнінің 11-сыныптағы базалық білім мазмұны

15. 11-сыныпта «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытуға 68 сағат бөлінген, оның ішінде, шығармаларды оқып, талдауға – 60 сағат, шығармашылық жұмыстарға -6 сағат, сыныптан тыс оқуға – 2 сағат.

16. Курстың мазмұны мынадай тақырыптарды қамтиды:

1) Жалпы шолу −1 сағат (ХХ ғасырдағы Қазақстанның тарихи-әлеуметтік жағдайы. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму сипаты. Әдебиеттің жанрлық, мазмұн мен түр, тақырып пен идеялық жағынан жаңа сатыға көтерілу себептері. Қазақ тіліндегі басылымдардың жарық көруі және оның елдің рухани дамуына әсері. Алғашқы қазақ романының өмірге келуі. Драматургияның пайда болуы. Проза жанрының классикалық үлгіде дамуы. Әдеби ағымдар мен бағыттар. Әдебиет теориясы: әдеби ағымдар мен бағыттар туралы түсінік);

әдебиет теориясы: әдеби ағымдар мен бағыттар туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі туралы;

2) Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» жинағы мен «Әдебиет танытқыш» зерттеу еңбегі2 сағат (Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы аса ірі тұлға, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы. «Маса» жинағындағы өлеңдердің мазмұны мен мәні. «Әдебиет танытқыш» – қазақ тіліндегі әдебиет теориясы туралы алғашқы еңбек екендігі. А.Байтұрсынов қазақ тілінде тұңғыш рет әдебиеттану терминдерін қалыптастыруы. «Әдебиет танытқыш» еңбегінде көркем шығарманың сыры мен сипаты, жанрлық ерекшеліктері, композициялық құрылымның жан-жақты қарастырылуы. Аталған еңбектің сөз өнерін танып, пайымдауымыздағы рөлі);

әдебиет теориясы: әдеби жанр туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, электрондық оқулық− А.Байтұрсынов мұражайлық телесабақ, 2009;

өзіндік ізденіс жұмыстары: әдебиеттану терминдер сөздігі, З. Ахметов, Т. Шаңбай– Алматы, 1996;

3) Міржақып Дулатұлы. «Оян, қазақ» жинағы, «Бақытсыз Жамал» романы2 сағат (Өмірі мен қоғамдық қызметі. «Оян, қазақ» жинағындағы ұлт-азаттық идеясы. Ақын өлеңдерінде бостандық, тәуелсіздік рухының жырлануы. «Бақытсыз Жамал» – қазақ роман жанрындағы алғашқы шығарма. Шығарманың жанрлық ерекшелігі. Романда суреттелген әлеуметтік теңсіздік мәселелері және қазақ әйелінің тағдыры. Жамал бейнесінің реалистік сипаты, автордың образ сомдау және адам психологиясын суреттеу шеберлігі);

әдебиет теориясы: роман, эпикалық жанр;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: М. Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» повесі;

4) Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы −2 сағат (Өмір жолы, шығармашылық мұрасы, қоғамдық-әлеуметтік қызметі. Жүсіпбек Аймауытов – дарынды жазушы, драматург, ғалым, аудармашы, көсемсөз шебері. «Ақбілек» романы. Романның тақырыбы. ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік жағдай және шығармада суреттелген өмір шындығы. Адамдардың сана-сезіміндегі өзгерістерді бейнелеудегі жазушының суреткерлік шеберлігі. Ақбілек образының ұлттық сипаты және психологиялық күйзелісінің шығармада көркем жинақталуы. Романдағы басқа да кейіпкерлер. Жазушының пейзаж бен портрет жасау ерекшелігі);

әдебиет теориясы: мінездеу;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ж. Аймауытов пьесалары;

5) Сұлтанмахмұт Торайғыров «Туған еліме», «Сарыарқаның жаңбыры» өлеңдері, «Қамар сұлу» романы −2 сағат (С. Торайғыровтың өмірі мен ақындық жолы. Ақын лирикасының көркемдік ерекшеліктері. «Қамар сұлу» романындағы әйел теңсіздігі және оның эпикалық шығармаға көркем жинақталуы. Көркемдік ерекшеліктері. Отбасылық тәрбие мәселесі. Қамар – типтік образ);

Әдебиет теориясы: авторлық және объективті идея;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Т.Жомартбаев «Қыз көрелік» романы;

6) Мағжан Жұмабаев «Жазғы таң», «Толқын», «Туған жер», «Сен сұлу», «Шолпы», «Мені де өлім, әлдиле» өлеңдері, «Қойлыбайдың қобызы» поэмасы −2 сағат (Өмірі мен шығармашылық жолы. Мағжан өлеңдеріндегі азаматтық рух, ағартушылық-демократтық сарын. Мағжанның табиғат, махаббат лирикасы. Мағжан лирикасындағы ақындық «Мен». Поэзиясындағы бейнелілік, суреттілік. Метафоралық қолданыстар. «Қойлыбайдың қобызы» поэмасының тақырыбы. Жанрлық ерекшелігі. Эпикалық дастан мазмұнындағы романтикалық сарын. Тіл көркемдігі. Образ сомдау шеберлігі);

әдебиет теориясы: лирика жанры;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, музыка;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қасым Аманжолов өлеңдерімен салыстыра талдау;

7) 1930-1960 жылдардағы әдебиет. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу −1 сағат (Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті және социалистік реализм әдісі. Әдебиеттің кеңес идеологиясының құралы ретіндегі қызметі. Ел тарихындағы іргелі оқиғалардың көркем шығармашылықта бейнеленуі. Әдеби-мәдени даму бағыттары. Жаңа тақырыптардың пайда болуы. Өндіріс тақырыбы. Қазақ әдебиеті екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында. Тың игеру. Жеке басқа табынушылық зардаптары. Поэзияның дамуы. Проза мен драматургиядағы соны бетбұрыстар. Жаңа бағыт пен бет. Әдебиеттегі көркемдік ізденістер);

әдебиет теориясы: әдеби ағымдар;

пәнаралық байланыс;

8) Сәкен Сейфуллин. «Сыр сандық» өлеңі мен «Көкшетау» поэмасы −1 сағат (Өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, ұстанған бағыты. Өлеңдерінің реалистік сипаты, демократтық-ағартушылық бағытта және Қазан төңкерісі туралы жазған шығармалары. Ақынның табиғат лирикасы. Сыр сандық лирикасының көркемдік ерекшелігі. Суреткерлік шеберлігі. «Көкшетау» поэмасының тақырыбы, композициялық құрылымы. Ертегі, аңыздарға негізделген оқиғалар жүйесі. Тұтқын қыз, Адақ образдары. Поэмадағы Абылайхан бейнесі. Сәкен – қазақ мәдениеті мен тарихында қайталанбас өзіндік орны бар азамат, күрескер ақын, тоталитарлық қоғам құрбаны); әдебиет теориясы: аллегория;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: С. Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» өмірбаяндық романы;

9) Бейімбет Майлин. «Күлтай болыс» әңгімесі, «Шұғаның белгісі» повесі −1 сағат (Б.Майлиннің өмірі мен қызметі. Поэзияда қол жеткізген табыстары. Б.Майлиннің прозасы. Шығармашылығының басты тақырыбы – қарапайым еңбек адамы, қазақтың қалың бұқарасының қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі жаңалықтарға байланысты сана-сезімдегі өзгерістері. Майлин – әңгіме жанрының шебері. Күлтайдың жаңа заманға бейімделуі. Автордың мінез сомдау шеберлігі. Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінің баяндау стилі, образ жасау шеберлігі. Шығарма тіліндегі суреттілік, бейнелілік, дәлдік);

Әдебиет теориясы: шағын көлемді эпикалық жанр туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, тіл білімі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Б. Майлиннің әңгімелері (мұғалімнің ұсынуы бойынша);

10) Ілияс Жансүгіров. «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері» өлеңдері, «Құлагер» поэмасы −2 сағат (Өмірі мен әдеби-шығармашылық қызметі. Ілияс лирикасының негізгі тақырыптары. Табиғат лирикасы. Ақын лирикасындағы суреттілік, бейнелілік. «Құлагер» поэмасының тақырыбы, сюжеті, көркемдігі, тіл айшығы. Поэмадағы Ақан мен Құлагер бейнесі. Күреңбай сыншы мен Батыраш образдары. Ақынның мінез сомдау шеберлігі. Поэманың композициялық құрылымы. Идеясы. Автордың көркемдік шешімі);

әдебиет теориясы: әдеби жанр туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, музыка, кино («Ақан сері»);

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ақан серінің «Құлагер» өлеңі;

11) Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет −1 сағат (Лирика Ж.Жабаев, Қ.Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов, т.б., публицистика Б.Бұлқышев, Б. Момышұлы, т.б., көркем проза Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ә. Нұрпейісовтің «Курляндия», М.Әуезовтің «Абай жолы» романдары. Поэма жанрында қалам тартқан көрнекті қаламгерлер: Қ.Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз», Х. Ерғалиев «Әке сыры», т.б. Драматургияның дамуы: Ғ. Мүсірепов «Амангелді», С. Мұқанов «Шоқан Уәлиханов», Ә.Әбішев «Достық пен махабат»);

12) Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» драмалары −5 сағат (Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі. М. Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны. Проза және драматургия жанрларын өркендетуге қосқан үлесі. «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген шығарма екендігі. Эпопеяның тарихилық, этнографиялық сипаты. Романдағы Абайдың азаматтық, ақындық бейнесі. Абай образының өсу, даму динамикасы. Абай жолындағы әйелдер бейнесі. Сөз өнерінде сәтті сомдалған образдың бірі – Құнанбай образы екендігі. Тарихи шындық және көркемдік шешім. Романның композициясы. Сюжет пен характер. Кейіпкер тілінің даралануы. Шешендік сөз үлгісі. М.Әуезов бейнелеген пейзаж бен портрет. Драматургия саласындағы еңбектері. «Еңлік-Кебек» пьесасының өмірге келу тарихы, «Қарагөз» драмасының тақырыбы мен идеялық ерекшелігі. Адам мінезін ашудағы психологиялық ізденістері);

әдебиет теориясы: образ туралы түсінік, «классика» ұғымы;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, электрондық оқулық (Бөрілі мұражайы);

өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әуезов Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) (Монография), жиырма томдық шығармалар жинағы – Алматы: Жазушы, 1985;

13) Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасы2 сағат (С.Мұқановтың өмірбаяны, шығармашылығы (ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі). «Сұлушаш» - өлеңмен жазылған роман, ақынның шоқтығы биік шығармасы екендігі. Сұлушаш образын сомдаудағы қаламгердің көркемдік ізденістері. Романның басқа кейіпкерлері);

әдебиет теориясы: айтыс өнері туралы түсінік;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, география, электрондық оқулық С.Мұқанов мұражайы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Мұқанов «Өмір мектебі» романы;

14) Ғабит Мүсірепов «Оянған өлке» романы −2 сағат (Ғ. Мүсіреповтің өмірі мен қызметі. Шығармашылық еңбектеріне шолу. «Оянған өлке» романы және ондағы өндіріс тақырыбының көтерілуі. Романдағы Игілік пен Жұман образдары. Кейіпкерлер арасындағы психологиялық тартыс. Жазушының портрет пен пейзаж, монолог пен диалог жасаудағы шеберлігі. Қаламгердің өндіріс тақырыбын меңгеру жолындағы ізденістері. Жазушының адам портретін жасау шеберлігі, тіл көркемдігі, стилі);

әдебиет теориясы: әдебиеттің ұлттық ерекшелігі, реалистик бейне; пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, электрондық оқулық Ғ.Мүсірепов мұражайы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ.Қайсенов «Жау тылында» романы;

15) Ғабиден Мұстафин «Дауылдан кейін» романы −2 сағат (Ғ. Мұстафиннің өмірі мен жазушылық қызметі. Шығармашылығына шолу. «Дауылдан кейін» романындағы адамдар арасындағы тартыстың әлеуметтік тартысқа ұласуы. Аман образының көркем жинақталуы. Жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі);

әдебиет теориясы: стиль туралы ұғым;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ғ.Мұстафин «Қарағанды» романы;

16) Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы −1 сағат (Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы. Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңдегі шығармашылық ізденістері. Соғыстан кейінгі жылдары жазылған өлеңдері. Лирикасы. Поэмалары. Ақын поэзиясындағы романтизм мен реализм. Поэзиясындағы достық пен махаббат, елдік пен ерлік мәселелерінің көркем жинақталуы);

әдебиет теориясы: поэма туралы ұғымды тереңдету;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ.Аманжолов «Дариға, сол қыз» өлеңі;

17) 1960-1990 жылдардағы әдебиетке жалпы шолу 60-жылдар – қазақ әдебиетіндегі жаңа бетбұрыс кезеңі −1 сағат (Оның себептері мен салдары. Поэзиядағы тың ізденістер. Жаңа толқын ақындардың өлеңдеріндегі нәзік лиризм, жаңа ойлар мен соны тақырыптардың игеріле бастауы. Өлең өріміндегі жаңалықтар. М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, т.б. ақындардың алғашқы қадамдары. Проза мен драматургиядағы жаңалықтар. Шағын әңгіме мен повестерде революционер коммунистің образын сомдаудан алшақтап, жеке адамның психологиялық болмысын танытуға ұмтылуы. Тарихи тақырыптың игеріле бастауы І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, М.Мағауин. Ұлттық құндылықтарға мән беруі А.Сүлейменов, Т.Әбдіков, Д.Исабеков, О.Бөкей, Б.Нұржекеев);

әдебиет теориясы: сентиментализм;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: І. Есенберлин «Қаһар» романы;

18) Әбділда Тәжібаев «Портреттер» толғау-эссесі −1 сағат (Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Жазушының поэзия, драматургия және әдебиеттану ғылымы саласында қатар еңбек етуі. Лирикасы, поэмалары. Толғауларындағы замана жайлы ірі ойлары. Шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері. Комедия жанрындағы ізденістері: «Дубай Шубаевич» комедиясы. Әдебиеттану саласындағы зерттеу еңбегі: «Өмір және поэзия»); әдебиет теориясы: образды жинақтау мен даралау тәсілдері;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә. Тәжібаев «Майра» драмасы;

19) Мұқан Иманжанов «Алғашқы айлар» повесі −1 сағат (М. Иманжановтың өмірі мен қызметі. Повестің тақырыбы мен сюжеттік даму ерекшелігі. «Алғашқы айлар» повесіндегі жас ұстаз Жақыпбектің және оның оқушы-шәкірттері Сапар, Сейтен, Жарқын образдарының көркем жинақталуы. Шығармадағы мектеп өмірі, бала тәрбиелеу жұмысының қиыншылықтары мен қуаныштары, өзіндік ерекшеліктері. Жазушының балалар мінез-құлқын суреттеудегі ізденістері мен жетістіктері. Шығарманың идеялық мұраты);

әдебиет теориясы: образды жинақтау мен даралау тәсілдері;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: мұғалімнің таңдауы бойынша;

20) Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын» поэмасы −1 сағат (Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Ж.Молдағалиев – эпик ақын. Поэмадағы халық тарихы, ұлт болмысы. «Мен - қазақпын» поэмасының жанры, ондағы публицистикалық сарын. Тіл көркемдігі, сюжеттік даму сипаты, ұйқас үйлесімі, екпін мен ырғақ ерекшелігі. Поэманың идеялық мұраты);

әдебиет теориясы: екпін;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әлімбаев «Менің Қазақстаным» поэмасы;

21) Сырбай Мәуленов «Шөңге», «Қаратау», «Торғай қақпасы», «Ізгілік», «Ілияс» өлеңдері −1 сағат (Өмірі мен шығармашылық жолы. Кеңес дәуірі әдебиетіндегі С.Мәуленовтің орны. С.Мәуленов – лирик ақын. Табиғат лирикасы. Ақын өлеңдеріндегі соғыс суреттері. Сырбай өлеңдеріндегі сыршыл сезім. Сырбай өлеңдеріндегі ұйқас, ырғақ, тіл көркемдігі);

әдебиет теориясы: силлабикалық өлең;

пәнаралық байланыс: қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Тоқаш Бердияров поэзиясы;

22) Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін» романы −1 сағат (Жазушының өмірі, шығармашылығы. «Шырағың сөнбесін» романының тақырыбы, идеясы. Нәзира бейнесі. Кейіпкердің ұлттық болмысы. Шығарманың реалистік сипаты. Соғыс адамзат баласына не берді, ол туралы авторлық көзқарас);

әдебиет теориясы: тақырып пен идея;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә.Шәріпов «Партизан қызы» повесі;

23) Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романы −2 сағат (Жазушының өмірі мен шығармашылығы. «Соңғы парыз» романының көтерген тақырыбы – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Арал теңізінің экологиялық тағдыры, балықшылар өмірі, адамдар арасындағы тартыс. Шығарманың жанрлық сипаты. Шығармадағы Жәдігер, Бәкизат, Әзім, Сары шая образдары - типтік бейнелер. Жазушының мінез сомдау шеберлігі);

әдебиет теориясы: сарказм, ирония;

пәнаралық байланыс: география, экология, кино («Қан мен тер» кинофильмі);

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясы;

24) Зейін Шашкин «Теміртау» романы −1 сағат (З. Шашкиннің өмірі мен қызметі. Теміртау романының тақырыптық ерекшелігі. Шығарманың реалистік сипаты. Шығарманың сюжеті мен композициясы. Қаламгердің монолог пен диалог құрудағы ізденістері);

әдебиет теориясы: мінездеу түрлері;

пәнаралық байланыс: тарих, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: З. Шашкин «Доктор Дарханов» романы;

25) Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» романы −2 сағат (Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы. Ә.Нұршайықовтың очерк жанрының шебері екендігі. «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы, оның жанрлық ерекшелігі. Романның жазылу тарихы. Шығармадағы Бауыржан Момышұлының батырлық бейнесі. Жазушының кейіпкер мінезін диалог арқылы суреттеу ерекшелігі. Көркемдік сипаты);

әдебиет теориясы: монолог пен диалог;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, кино («Москва үшін шайқас»), электрондық оқулық (мұражайлық телесабақ);

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә. Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар» романы;

26) Қалтай Мұхамеджанов «Көктөбедегі кездесу» пьесасы −1 сағат (Қ.Мұхамеджановтың шығармашылық өмірбаяны. Пьесаларының тақырыптық сипаты, жанрлық құрамы, сюжеттік желісі, көркемдік ізденістері. Ш.Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасындағы образдар жүйесі, тартыс табиғаты. Ондағы Қазақстан шекарасы, адамзатқа ортақ мәселелер. Адамның қандай жағдайда да адам боп қалу мәселесінің көтерілуі. Көктөбедегі достар. Олардың қуанышы мен қайғысы. Драманың кейіпкерлері – Досберген, Исабек, Өсіпбай. Олардың шындық жолындағы айтыстары. Айша апайдың қатынасы, көзқарасы);

әдебиет теориясы: драма, пьеса;

пәнаралық байланыс: театр;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ. Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы;



27) Зейнолла Қабдолов «Ұшқын», «Жалын» романдардан үзінді− 2 сағат (Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Романның көтерген тақырыбы мен идеясы. Сюжеттік даму желісі. Шығармадағы көзқарастар қайшылығы. Адамдар арасындағы психологиялық тартыс. Тайман, Қабен, Жанар, Сардар бейнелері. Портрет пен пейзаж жасау шеберлігі. Шығарманың тілі);

әдебиет теориясы: өндіріс тақырыбына жазылған роман туралы;

өзіндік ізденіс жұмыстары: мұражай материалдары, деректер;

28) Мұқағали Мақатаев «Махаббат диалогі», «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңдері, «Дариға, жүрек» поэмасы −1 сағат «Өмірі мен шығармашылық қызметі. Лирикасы мен поэмалары. Мұқағали өлеңдерінің өзге ақындар шығармаларынан өзгешелігі. Табиғат лирикасы. Лирикасындағы ақындық «мен». Тілінің көркемдігі, оралымдылығы, тілге жеңілдігі, ойға тереңдігі, айшықты суреттілігі т.б. Поэмаларының тақырыптары. «Дариға, жүрек» поэмасының сюжеті, композициялық құрылымы. Ұйқас, ырғақ ерекшелігі) Әдебиет теориясы: баллада, сонет;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, электрондық оқулық («Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» телесабақ);

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ш.Айтматов «Жәмилә» повесі;

29) Қадыр Мырза Әли «Домбыра», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау» өлеңдері1 сағат (Қадыр ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясындағы философиялық лириканың ірі өкілі. Қ. Мырза Әли – балалар ақыны. Ақынның тапқыр ой, тың теңеу, соны сурет салуға шеберлігі. Өлеңдерінің тәрбиелік мәні. «Домбыра» өлеңінің идеялық мұраты. Қ. Мырза Әли поэзиясының көркемдік ерекшелігі. Қадыр поэзиясының ұлттық сипаты); Әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ. Мырза Әли «Дала дидары», «Бұлбұл бағы» өлеңдер жинағы;

30) Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламаты» өлеңі, «Танакөз» поэмасы −1 сағат (Өмірі мен шығармашылық қызметі. Ақын өлеңдерінің құрылымдық ерекшелігі. Т.Айбергенов пен М.Шаханов поэзиясы арасындағы байланыстар. Шаханов поэзиясына тән өршілдік, қызу интонация, жоғары пафос мәселелері. «Ғашықтық ғаламаты» өлеңінің идеялық мұраты. Мұхтар поэзиясына тән сюжеттілік. Шығармаларында тартыстың оқиға соңында ерекше шешімін табу сипаты. Шаханов лирикасындағы көне дәстүр мен жаңашылдық. «Танакөз» поэмасындағы биік адамгершілік, мораль мәселесі); Әдебиет теориясы: метонимиялық қолданыстар;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Т. Айбергенов «Аруана бауыр дүние...» өлеңі;

31) Сәкен Жүнісов «Заманай мен Аманай» повесі −1 сағат (Өмірі мен шығармашылық жолы. «Заманай мен Аманай» повесінде туған жерге деген перзенттік махаббат пен Отанға деген сүйіспеншіліктің суреттелуі. Балзия, Атымтай, Заманай мен Аманай образдары. Повестің тақырыбы мен идеясы. Сюжеті мен композициясы. Шығарманың тілі, көркемдігі. Өмір шындығы мен көркемдік шешім);

әдебиет теориясы: сюжет пен композиция;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, музыка, «Заманай» көркем фильмі;

32) Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романы −2 сағат (Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы. «Тағдыр» романында көтерілген ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері. Бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі. Демежан бейнесі. Оның тарихта болған тарихи тұлға екендігі. Жазушының тіл көркемдігі. Кейіпкер, портрет, пейзаж жасау ерекшелігі. Шығармада суреттелген ұлттық этнографиялық әрекеттер мен бояулар айшығы);

әдебиет теориясы: пейзаж бен портрет;

пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ. Жұмаділов «Соңғы көш» роман-дилогиясы;

33) Әбіш Кекілбаев «Үркер» романынан үзінді −2 сағат (Өмірі мен шығармашылығы туралы. «Үркер» тарихи романы. Тақырыбы, идеясы. Композициясы. Тарихи негізі. Романдағы халықтық бейнесі. Әбілқайыр тұлғасы, тарихи шындық және көркемдік шешім. Жазушының тіліндегі тың теңеулер, метафоралық қолданыстар, айшықты бояулар мен соны тіркестер. Адам мінезін сомдаудағы суреткерлік шеберлігі);

әдебиет теориясы: метонимиялық қолданыстар;

пәнаралық байланыс: тарих, география;

өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә. Кекілбаев «Шыңырау» повесі, «Аңыздың ақыры», «Бір шөкім бұлт» әңгімелері;

34) Оралхан Бөкей «Қар қызы» повесі −1 сағат (О. Бөкейдің өмірі мен қызметі туралы мәлімет. Қаламгердің алғашқы әңгімелері мен повестері. «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизмнің араласып келуі. Повестің образдар жүйесі. Сюжеті мен композициясы. Повестің тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер. Әдеби сында бағалануы. Жазушы шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы);

әдебиет теориясы: суреткер қиялы;

пәнаралық байланыс: қазақ тілі;

өзіндік ізденіс жұмыстары: О. Бөкей «Атау кере» повесі;

35) Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет. Поэзия −3 сағат (Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы даму бағыттары. Ұлттық рухани жаңаруы және сөз бостандығы. Ұшқыр жанр лирикадағы ел егемендігінің жырлануы. Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы. Поэзиядағы тың тақырып, жаңа идеялар мен соны теңеулер. Эпикалық жанрдағы тың ізденістер, қол жеткен табыстар. Поэзияда дәуір шындығының көркем жинақталуы. А.Бақтыгерееваның «Наурыз» лирикасы. Ақын лирикасындағы ата дәстүрді аңсау, тарихи жадтың қайта оянуы. «Наурыз» жырының көркемдік ерекшелігі, ұйқас пен ырғақ мәселелері. Жарасқан Әбдіраш поэзиясының көркемдік сипаты. Иранбек Оразбай поэзиясындағы шеберлік үрдістер. Лирикалық пафос, интонациялық қызулық. Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулетов, Серік Ақсұңқарұлы, Рафаэль Ниязбек, Несіпбек Айтұлы поэзиясындағы автор тұлғасы және өлеңдеріндегі бейнелілік. Темірхан Медетбек лирикасының тақырыптары, жанрлық ерекшеліктері. «Мінез», «Бір уыс топырақ» лирикаларындағы отаншылдық рух. Ақын поэзиясындағы көне түркілік сарын. Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы уақыт пен кеңістік. Жұматай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахимов, Исрайыл Сапарбаев, Ғалым Жайлыбай, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбаева, т.б. ақындардың өлең-жырларындағы ел тәуелсіздігі, азаттық, бостандық сияқты ұғымдардың көркем жинақталуы, отаншылдық рух. Адам бойындағы нәзік сезім иірімдерінің сөзбен кестеленуі);

36) Проза −3 сағат (Кеңес дәуірінде жабық тақырып болып келген қазақ халқының басынан өткерген ашаршылық С. Елубаевтың «Ақ боз үй» трилогиясы, саяси қуғын-сүргін Д. Досжановтың «Алыптың азабы» романы, тоталитарлық дәуірдің шындығын Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», К. Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар», З.Қабдолов «Менің Әуезовім», Ә.Таразидің «Жаза», Б. Мұқайдың «Өмірзая» романдары, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» повесі, шет ел өмірін Т. Нұрмағамбетовтің «Айқай» повесі) суреттейтін шығармалардың дүниеге келуі. Барлық әдеби жанрларда егемен еліміздің жеткен жетістіктері мен жеңістерінің суреттеле бастауы. Ұлттық құндылықтардың негізгі тақырып ретінде алға шығуы М. Сәрсекеевтің «Сәтбаев», Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Б. Нұржекеұлы «Жау жағадан алғанда» романдары. Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысы А. Кемелбаева. Көркем прозадағы жаңа көркемдік ізденістер. Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы. М. Мағауиннің «Жармақ», Т. Әбдіковтің «Парасат майданы» туындылары. Тарихи тақырыптың қайта сарапталып, өмір шындығының нақты материалдармен толығып, көркем жинақталуы Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Т.Жұртбайдың «Дулыға» романдары. «Мәдени мұра» бағдарламасы және әдебиет);

37) Қазіргі драматургия −1 сағат (Драма жанрының өзіндік ерекшеліктері. Қазақ драматургиясының пайда болуы мен қалыптасу кезеңдері туралы қысқаша шолу. 60-90-жылдарға дейін драматургия саласында қалам тартып келген қаламгерлер (Қ.Мұхамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, т.б.). Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі. Драматургияда қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғаларды баяндайтын пьесалар Ә.Кекілбаев «Абылай хан», И.Оразбаев «Мен ішпеген у бар ма?». Тәуелсіздік жылдарында жазылған драмалық шығармалардың тақырыптық ерекшеліктері (Д.Исабеков, О.Бодықов, Н.Оразалин, И.Сапарбаев, Б.Мұқаи, Р.Мұқанова, Е.Аманшаев). Комедиялық жанрда жазылған драмалық шығармалар. С. Балғабаев («Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар»). Көркемдік-идеялық деңгейі. Трагедия табиғаты. Конфликт пен характер мәселесі. Драма жанрының қазақ әдебиеттануында зерттелуі);

Әдебиет теориясы: элегия, сонет, трагедия, комедия;

38) Әдебиеттану мәселелері −1 сағат (Әдебиеттану – сөз өнерін зерттейтін ғылым. Ол әдебиеттің тарихын, әдебиет теориясын, әдебиет сынын қарастырады. Әдебиеттің тарихы - халық тарихы. Әдебиет сынының әдебиет тарихы және теориясымен байланысы);




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет