И н т р а л и н г в и с т и к а. Мұндағы интра — латын тілінен ауысқан префикс. Мағынасы — ішкі. Интралингвистика тілдің ішкі жүйелік құрылымын, жүйе элементтерінің бір-бірімен қарым-қатысын зерттейді. Кейбір әдебиеттерде бұл терминнің орнына микролингвистика, ішкі лингвистика дейтін атаулар да қолданылады. Интралингвистиканың негізгі салалары — фонетика, лексикология, грамматика.
Э к с т р а л и н г в и с т и к а—екі сөзден құралған термин. Экстра — латын тілінен алынған префикс. Мағынасы — сыртқы, сыртқары. Экстралингвистика тілдің сыртқы дүниемен, қоғаммен байланысын зерттейді. Сондықтан оны социологиялық лингвистика, металингвистика (мета — грекше жарты), сыртқы лингвистика деп, немесе оның тілдің қоғамда, ойлау процесінде атқаратын қызметін зерттейтініне қарап функциялық лингвистика деп те атайды. Экстралингвистика социолингвистика, менталингвистика дейтін екі салаға бөлінеді. Менталингвистика деген термин құрамындағы мента — латын тілінде ойлау, ақыл деген мағынаны білдіреді. Менталингвистика тіл мен ойлаудың қарым-қатысын, тілдік мағынаның теориясын, сөйлеу әрекетімен, жағдаймен байланысын зерттейді.
Тіл білімінзерттеудеқолданылғанәдіс-тәсіліне, зерттеушінің ұстанғанбағыт-бағдарларына қарай да жіктеушілік бар. Ондай жіктеулер қатарына салыстырмалы-тарихи, типологиялық, ареалдық, структуралдық, психологиялық, этнографиялық, эстетикалық, синхрондық, диахрондық, қолданбалы (прикладтық) лингвистика жатады.
Кейбір зерттеушілер еңбектерінде фонетиканың дыбыстардың физикалық, физиологиялық жақтарын зерттейтін саласын интралингвистикадан бөліп алып, предлингвистика деп атаушылық та бар. Сондай-ақ, әр тілдің дыбыстық мәнерлерін, экспрессивтік, эмоциялық, көркемдік мүмкіндіктерін зерттейтін саланы паралингвистика деп жіктеу де бар. Бұл салалар жеке тілдер туралы ғылымның да, жалпы тіл білімінің де қарауына жатады. Әрине, әрқайсысында әр түрлі көлемде сөз болады.
Жалпы тіл білімінің жоғарыда аталған негізгі проблемаларымен қатар ол қарастыратын басқа да біраз мәселелері бар. Соның бірі — лингвистикалык, ой-пікірдің қалыптасу, даму жолдары жөніндегі мәселе, яғни ғылымның өз тарихы. Өзінің пайда болу, даму жолдарын қай ғылым да ескерусіз қалдыра алмайды. Өйткені өткенді білмейінше жаңаны тану, ілгері басу мүмкін емес. Жаңаның жаңалығы өткенмен салыстыра қарағанда ғана байқалады. Осы жағдайды ескеріп, жалпы тіл білімінің негізгі проблемаларын сөз етпестен бұрын лингвистикалық ой-пікірдің қалыптасу, даму тарихына қысқаша шолу жасаған жөн.
Пайдаланылған негiзгi әдебиеттер мен оқу қолданбалар тiзiмi
Хасенов Ә. Тiл бiлiмi. Алматы, 1996