Жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар Шерқала тауы Орналасқан жері



бет19/19
Дата26.06.2018
өлшемі2,57 Mb.
#44231
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Зерттелуі: Қорым алғаш рет 24.10.1987 жылы Халық депутаттарының Маңғышлақ облыстық советі атқару комитетінің №496 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Қысқаша анықтамасы: Қорымда әр кезеңді және әр типті 150 аса құрылыстар бар. Қорым композициялы солтүстіктен-оңтүстікке қарай созылған. Қорымдағы ескерткіштердің басым бөлігі сағанатамдардан тұрады. Қорымның батыс бөлігінде екі күмбезді кесене орналасқан, біреуі қорым батыс жағында, екіншісі оңтүстігінде. Қорымның орталығында құлпытас, қойтастар қатар орналасқан. Құлпытастар жебелі бітімге ие қарапайым пішінді болып келеді. Ескерткіштердің орналасуына қарағанда қорым негізгі дамуын (20 ғ.) алған. Ескерткіштер сұлбалық етіп көк, лағыл, қызыл түстермен боялып, жалпақ бедерлі оймамен өрнектелген.

Аңыз-әңгіме: Құлбарақ батыр әулие (1790-1832) Маңғыстаулық беріш (қаратоқай) руынан шыққан, оның бейіті екеу, бірі Хиуа өңіріндегі Махмұт палуан деген кісінің күмбезінде, мұнда батырдың басы жерленсе, ал екіншісі өзінің атымен аталатын Құлбарақ қорымында. Мұнда батырдың денесі жерленген. XIX ғ-дың 30 жылдарында болған қазақ пен хиуалық түрікпендер (яғни адай мен жәуміттер) арасында Маңғыстаудың Бозашы-Қабақты деген жерінде отырған Сүйінғараның ауылын Хиуа ханы Аллақұлдың Сүйінпұшық деген уәзірі бастап келген қалың қол шауып кетеді. Қазақ батырлары оларды қуып келіп, Қарнау деген жерде үлкен шайқас болады. Осы Қарнау қырғынын Абыл ақын өз жырында, яғни Қырғынсай деген жерде болған оқиғаны ерекше сипаттайды. Осы қақтығыста түркмендер “Сүйінғараның басын алып келіңдер” деген Аллақұл ханның жарлығын орындаймын деп жүріп, Сүйінғара мен Құлбарақты шатастырып алғандықтан, Құлбарақ батырдың басын кесіп алып кетіпті. Аңыз бойынша басты хан алдына әкеліп көрсеткенде әлгі бас миығынан күліпті. Құлбарақ әулиенің екі жердегі бейітіне де зиярат етушілер көп. Ел сыйынған әулие бабамыз туралы тарихи деректер маржан сөздің жауһарлары - Абыл, Мұрат Мөңкеұлы секілді ақындардың еңбектері арқасында осы күнге жеткізілді.

Құлбарақ әулие басына қонғанда тек Құлбараққа ғана емес, сол қорымдықтықтағы Құсан әулие мен Бекжан әулиеге де шырақ жағылады. Бүгінде қорым басына Құлбарақ әулиеге арналған түнемелік үй салынған.



Дерек көзі:

  1. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» кітабы 2007 ж.;

2. Маңғыстау МТМҚ ММ мұрағатының материалдары.


Мұрын жырау кешені




Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко Е.Өмірбаев көшесі, №10.

Зерттелуі: Ескерткішті Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесі 2004 жылы зерттеген. Алғаш рет 24.06.1985 ж. Халық депутатырының Маңғышлақ облыстық кеңесі атқару комитетінің №208 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген

Қысқаша анықтамасы: Ғимарат XX ғасырдың басындағы Маңғыстау өңірінің тұрғын үйлеріне тән сипаттағы «Г»- әрпі тәрізді құрылыс түріне салынған. Іргетасы мен қабырғасы ұлутастан қаланып, қабырғалары сыланған. Терезелері тікбұрышты. Үйдің дәл жанында ұстахана «дүкені» орналасқан. Қазіргі таңда Мұрын жыраудың үйі және шеберханасы мұражай ретінде сақталған. Мұражайда Мұрын жыраудың өмірде пайдаланған заттарынан жастағашы, шапаны, кілемі қойылған.

Аңыз-әңгіме: Мұрын жырау — Тілеген Сеңгірбекұлы (1859-1954 жж.) жырау. Қашаған жырау мен Нұрым жыраудың шәкірті, аталмыш жыраулардан Қырымның қырық батыры эпопеясын үйреніп, біздің заманымызға дейін жетіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген қайраткер. XX ғ. қазақ ауыз әдебиетінің ең жарқын өкілдерінің бірі. Мұрын Сеңгірбекұлы Қазақ халқының рухани асыл қазынасының бірі «Қырымның қырық батыры» жырын Сыпыра жыраудан бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға ұластырған ұлы жыршы. 1859 жылдың 16 қаңтарында өмірге келген, 23.08.1954 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеден қайтқан. Мұрынның әкесі айтулы зергер болған адам. Жас кезінде Мұрын да әкесінің жолын қуып, зергерлікпен айналысқан. Бала кезінен халық поэзиясынан сусындап, көптеген жырларды жатқа білген. Қарақалпақ, Түркімен, Өзбек, Тәжік жерлерінде Мұрын қазақтың батырлар жырын айтып таратқан. 1941 ж. А.Хангелдин "Қырымның қырық батырынан" отыз жеті жыр үзіндісін жазып алғаннан бастап Мұрын жырау Республика деңгейінде таныла бастайды.
1942 ж. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы президенті Қаныш Сәтбаев пен Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Нығмет Сауранбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа Мұрын жырауды шақырту және оған арнайы жағдай жасау хатын жолдайды. Мұрын Сеңгірбекұлы 1942 жылдың 11 шілдесінде Алматыға келеді. Біраз тынығып алғаннан кейін филармонияда алпыс шақты кісі алдында "Орақ-Мамай", "Қарасай-Қази" жырын айтады. Тыңдаушылар арасында Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев, Ғабиден Мұстафин, Ахмет Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан т.б. қазақтың зиялы қауым өкілдері болған. Сол жылы "Қырымның қырық батыры" қағазға түседі. Стенаграфист болып – Мәриям Исаева тағайындалды, ал жырларды – Мәриям Хәкімжанова жазып алып отырды. 1947 ж. И.Ұйықбаев арқылы Ғылым академиясы қорына өмірбаянының толық нұсқасы мен төрт батыр жайлы жырды жібереді. Сол жылы Мұрынды Республикалық Халық шығармашылық үйі Алматыға шақырады. Көпшілік алдында жырлап, біршама күн Алматыда болады. Осы уақытта оның жырларын жазып алған деседі. 1948 ж. 28 сәуірде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің "Мұрын жырау мұраларын жазып алу, жинау, жүйелеу" туралы жарлығы шығады. Сол кезде хатқа түсірілген «Қырымның қырық батыры» жыры қазіргі таңда ҚР ҒА қолжазбалар бөлімінде сақтаулы. Аталған үйде Мұрын 1906 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін тұрған. Мұрынның туыстары 1970 жылдардың соңында Атырау облысына қоныс аударып, бұл үйді қалдырып кетеді.

Дерек көзі:

  1. Қырымның қырық батыры. - Алматы, "Арыс" баспасы, 2005. - 544 бет;

  2. Сәкен С. "Қырымның қырық батыры" және Ноғай Ордасының тарихы туралы шежіре деректері/ Абай. - 2011. - №3.- 53-59 бет.


Ержан хазрет жерленген жер
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 30 км солтүстік-батыс бағытта орналасқан.

Қысқаша анықтамасы: Аса көрнекті дінбасы Ермұһаммед Төлегенұлы, халыққа танымал есімі – Бектеміс Ержан Хазрет, 1887 жылы қазіргі Маңғыстау облысының Керел жерінде дүниеге келген. Бастапқы білімді жергілікті мектептен алады, кейін Бұқара қаласындағы «Көкілташ» медресесіне түсіп, оны 1926 жылы ұстаздық мамандығы бойынша бітіреді. Осы жылдан бастап туған өлкеде ағартушылықпен айналысады.

Кеңес өкіметі тарапынан үнемі қуғын көреді, 1932, 1936, 1937 және 1941 жылдары тұрғындар арасында Кеңес өкіметіне қарсы насихат жүргізгені, дін таратумен айналысқаны үшін бірнеше рет сотталады, соңғы соттың үкімімен еңбекпен түзеу колониясына он жылға жіберіледі. Өмірінің соңына дейін арнаулы ұйымдардың астыртын және жартылай жария қадағалауында болады.

Ұстаудан босанып келген соң жергілікті тұрғындардың өте жоғары дәрежедегі сұранысына сай өкімет тарапынан рұқсат етілген бірден-бір діни дәстүр – қаза болғандарды мұсылман шариғатына сай жерлеу ісімен айналысты. Өмірі бойы өз білімін өсірумен болды, көп жерлерден діни кітаптар алдырды. Айналасына білімге ұмтылған азаматтарды жинады, олармен кездесу жақын-жуықтық сылтауымен, немесе үлкенге сәлем беру дағдысының тасасында ұйымдастырылды, көбінесе жасырын жағдайда, түн мезгілдерінде өтті. Діни ғұрыптарды атқаруға, білімді көтеруге арналған нұсқауларды, көмекші құралдарды үнемі дайындап, қолжазба күйінде таратты.

Ислам дініне өте терең сенімде болды, мұсылман әдебіне сай қарапайым, кішіпейіл мінезді еді, бірақ адамдар арасындағы руханиятсыздыққа мүлдем ымырасыздық та көрсетті. Көп сөйлемейтін, бірақ ретті жерде тауып айтатын. Қасиетті Құранның ережелерін, ұстаздарының талаптарын мүлтіксіз орындайтын. Мысалы, нақышбандийа тарихатының басты қағидаларының бірі – отбасыңда отырып Отаныңды, тіпті Әлемді ойла талабын өзі де атқарды, айналасына да еге білді, тыныш да бақытты өмір сүру үшін көрші халықтармен тату болуға үгіттеді. Ол сексенге қараған шағында қайтыс болғанда арнайы қарасына жиналған Маңғыстауда тұратын кавказдықтар Әулиенің мүрдесін қорымға көтеріп апару құрметін сұрап алды. Хазреттің өмір сүру дағдысы, оның ұстанған бағыты, қалдырған сөздері Маңғыстаулықтар үшін аталық өсиет, қасиетті қағидат болып қалыптасты. Жасы ұлғайған шағында Хазрет Шақпақ атадағы жартастан қашалған көне сопылық жайдың маңынан қоныс тепті.

Бұл мекен Каспий теңізінің жанындағы биік шыңды таулармен көмкерілген кең алқапта орналасқан. Осы бір айрықша табиғаты бар жерге адамзат баласы өте ерте дәуірлерден бастап ұмтылған екен, археолог ғалымдар бұл маңнан Қазақстандағы ең көне қонысты тапты, онда өмір сүрген неандерталдықтар жергілікті кремнийді өңдеп, тас құралдарын дайындаған.

Шақпақ ата мекені көне де киелі жерге орналасқан, оның осындай жартастан қашалған аналогтары оңтүстіктегі көрші республикалардан табылып зерттелгенде олардың б.д.д. V-IV ғасырларда пайдаланылғаны ашылған. Қазақстан ғалымдары жүргізген зерттеулер осы жайдың Алтын Орда заманында, яғни XIII-XIV ғасырларда тұрғызылғандығын, болжаммен нақышбандийа сопыларының тарапынан, көрсетті. Ортадағы залдан тарайтын төрт үлкен де биік бөлмелерден тұрады, оңтүстіктегі бөлмеде Меккеның тұсында михраб ойылған. Ортадағы залдың төрт бұрышында капителдері әртүрлі безендірілген колонналар бар, ол колонналар бірімен бірі аркалармен байланыстырылған, төбесінде дөңгелек терезе бар, ол тыстағы бір кезде күмбезі болған төрт қабырғалы ғимаратқа қаратылған.



Жайдың қабырғаларында араб әріптеріндегі Қасиетті Құраннан сүрелер, сопылық қағидаттар, шығыс эпостарынан үзінділер қашалған. Мысалы, бір өлеңде бұ дүниедегі адамзат ғұмырының мәңгі жолдағы бір бұзық керуенсарай іспеттес екендігі, бірақ сол ғұмырдың бір-ақ рет берілетіндігі себепті, оны парасатпен, Аллаға сеніммен өткеру керек екендігі жазылған. Бір жазбада қиыншылық кезінде қабір иелерінен жәрдем сұрау қажеттігі айтылған. Тағы бір жазуда туған жер Маңғыстаудың болмысы бөлек мекен екендігі тасқа қашалыпты. Мешіттің айналасында жартастан ойылған өте көне қойылымдар бар, бұлардың ішінде ең соңғысы болып көрнекті рубасы Қыдыршаның (XVIII ғ. аяғы-XIX ғ. басы) қабірі есептеледі. Қасиетті мекен-жайды айырықша тартымды табиғи ландшафт қоршап тұр. Биік-биік жартастар, жыңғыл өскен аңғар, олардың арасындағы соқпақтар оңаша ойлы серуенге жетелейді, тез өтетін өмір жайлы пайым жасауға шақырады.

Дерек көзі: Өлкетанушы А.Еділхан деректері.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет