Есім хан реформасынан кейінгі шежірелер
Есім хан біраз жыл Моғолстан ханы Абд ар-Рахим хан қасында болып, одан жылыстап қырғызадарға келіп хан болады. Одан біртіндеп, Ұлы жүз тайпаларына билігін жүргізді. Кейіннен Тұрсын Мұхаммед оған Түркістанды билеуді тапсырады. 1625 жылы Есім хан Түркістанда болғанын Әбілғазының жазбаларынан білеміз [32, с. 220]. Есім ханның Түркістанда отыруы Тұрсын хан үшін тиімді болған жоқ. Өйткені, ол өзінің желкесіне, туысы болғанымен басқа тариқатты қолдайтын хан ол үшін қауіпті еді. Ол қалайда өзі мен өзіне тірек болар қазақ даласы арасындағы кедергіні алып тастауды дұрыс санаса керек. Ол Есім хан жорықтан қайтып келе жатқанда оған шабуыл жасайды. Бірақ жеңіліп Ташкентке қашады [32, с. 221]. Махмуд ибн Валидің «Бахр ал-асрар» атты еңбегі қазақ сұлтандары арасындағы тартыстың немен аяқталғанын былайша баяндайды: Ол кезде (1036-1628/27) Есім хан қалмақтарға жорыққа аттанды. Тұрсын хан осыны пайдаланып Түркістанға әскер жіберіп Есім ханның ордасын шапты. Сөйтіп, Есім ханнан құтылуға әрекет жасады. Дәл осы кезде, Әндіжан билеушісі Абылай сұлтан Бұхара ханы Имамқұлимен бірігіп, Ташкент билігіндегі Піскент, Шахрухийа сияқты жерлерді тартып алды. Осыны пайдаланған Есім хан әскермен келіп, Ташкентті қоршап, Тұрсын Мұхаммедті өлтіріп, оның соңына ерген қатаған жұртын қырып жіберді [29, с. 497].
Осы тарихи оқиға қазақ шежіресінен біршама орын алғанын көруге болады және Есім ханның осы жорғына қатысқан кісілердің кім екендігін де анықтауға мүмкіндік береді. Есім ханның діни-идеологиялық саясаты нақшбандийа тариқатының қазақ арасыны дендеп енуіне мүмкіндік берді. Ру, тайпалардың бір бөлігі йасауийа тариқатында қалса, екінші бөлігі нақшбандийа тариқатына бет бұрды. Есім хан өз саясатын жүргізгенде осы ру, тайпаларға арқа сүйегенін көруге болады. Оның дәлелі ретінде Есім ханның төңрегінде топтасып, оның қызметінде болған батырларға Есім хан Тұрсын Мұхаммедті өлтірген соң, оның Айбике, Нұрбике, Қоңырбике атты қыздарын сыйға тартады. Сол оқиға Шәкәрім қажының «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресінде» былайша баяндалады: «Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы Бахадур хан туысқандарымен хандыққа таласып, Үргеніштегі өзбектер бұзылып, үшке бөлініп кеткенде, осы Есім хан қолына келіп тұрдым дейді. Сонда Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, Қатағанды шапты дейді. Жәрдем көремін деп келген хандардың жайы былай болған соң, Есім ханнан рұқста алып, қайттым дейді. Бұлай болғанда біздің тоғызыншы атамыз Сарының қатыны Қоңырбике сол 1628 жылы келген болатын... Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз Кішік пен Мәмбет сопы туыпты, [19, 24-25 бб.] - дейді. Біздің шамалауымызша, тобықтылар сол кезеңде Алматы маңын жайлаған. Оған дәлел ретінде біз Қалқаман-Мамыр оқиғасы мен олардың атына байланысты жер атауларының Алматыда болуы дәлел бола алады. Оның үстіне Есім ханның алғаш таққа отырып, билік жүргізген кезі де осы қырғыздардан басталғаны, қатарлас жатқан қазақ рулары да осы кезде Есім ханды хан ретінде мойындағаны тарихтан белгілі. Есім хан Тұрсын ханды осы қырғыздардың көмегімен жеңгенін тарихи деректер айғақтайды [30, с. 103]. Ал, Қазанғаптың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанында, Есім ханның Ташкент билігін қырғыздарға бергені баяндалады [35, 205-206-бб.]. Бұл мәселені тәптіштеп жазып отырғанымыздың мынадай себебі бар. Алғашында нақшбандийа тариқатын қабылдағаннан қауіп көре қоймаған қазақ рулары, нақшбандийа тариқатының дәстүрлік ерекшеліктері халық санасына сіңіп, қазақ дәстүріне қайшы оқиғалар орын ала бастағанда өзге мәдениетке негізделген сопылық жолдың қазақ мәдениеті үшін қаншалықты қатерлі екендігін сезіне бастады. Сондай оқиғалардың бірі Қалқаман-Мамыр оқиғасы еді. Шариғатқа қайшы емес деп, ағайынды кісілердің балаларының қосылуы халықты дүрліктіріп, Мамырдың өлтіріліп, Қалқаманның жараланып, қашып құтылуының соңы тобықтылардың көтеріле көшіп кетуімен аяқталды. Алдымен Сырға барып, одан Жем, Сағыз, Ор өзендеріне дейін барып, Жоңғарды талқандағаннан кейін барып қазіргі Семей жеріне орналасқан екен.
Есім хан Тұрсын ханның үлкен қызы Айбикені Жиенбет жырауға береді. Осы Жиенбет жырау ұрпақтары қазір Қоңырат ішінде рулы ел болып отыр. Жиенбеттің кіші әйелі Айбикеден тараған атасы бар. Олар өздерін Жиенбет ішіндегі Айбикеміз деп атайды. Ал Жиенбет жыраудың Кіші жүзден екендігі, Есім ханның қасындағы сенімді серіктерінің бірі болғандығы, Тұрсын ханға барып, Ташкентті қоршағанда,
-Қатағанның хан Тұрсын,
Хан Тұрсын сені ант ұрсын – дейтін де,
Есім хан Жиенбетті жазалап, айдауға жібергенде Есім ханға
Есім хан сені есірткен,
Есіл де менің кеңесім – дейтін де Жиенбет жырау осы Жиенбет. Жиенбеттің Қоңырат ішіне сіңуі шежіреде былай баяндалады: Мақының баласы Қарақұдайбердінің алты ұлы болады. Үлкені Жаулыбайдан Қоңырсопы, кішісі Қошқарбайдан Жиенбет туылады. Бірақ Жиенбет өз үйінде емес, нағашыларының қолында дүниеге келеді. Бірде Қоңырсопы аулын жау шауып, мал-мүлкін талап әкетеді. Қошқарбайдың да аулын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Қощқарбайдың әйелі Барқын үш жасар ұлы Борайды жетелеп, қашып, қалың қамысқа тығылып қалады. Содан кейін Барқын баласы Борайды қайнағасы Аққошқарға қалдырып, өзі төркініне, бағаналы Наймандарға кетеді. Төркініне барған соң босанып ұл туады. Атын Жиенбет қояды. Көп ұзамай Барқын да өледі. Жиенбет нағашыларының қолында жетім өседі. Жиенбет ержетіп, ат тжалын тартып мінетін күйге жетеді. Оның батыр бала деген аты шыға бастайды. Бұл хабар Қоңырсопының құлағына да жетеді. Ол азамат болып, қатарға қосылып жүрген Борайды шақырып алып, інісі Жиенбетті іздейтін кез жеткенін айтады. Қоңырсопы мен Борай барып Жиенбетті алып қайтып, үйлендіріп, енші беріп шығарады. Шежіреде Тұрсын ханның қызы Айбике қалмақ ханының қызы еді деп айтылады [36, 5-43-бб.]. Кейіннен Қоңырсопы, Борай, Жиенбет анттасып, мәңгі тату болуға келіседі. Ал Қоңырсопыға қатысты мәліметтерден оның нақшбандийа тариқатының өкілі болғандығын көреміз. Бұдан Есім ханның тұсында діни-идеологиялық саясаттың өзгеруіне байланысты рулық, тайпалық жүйелерде қайта топтасу үдерісі басталғанын көруге болады.
Мұндай қайта топтасулар тек қоңырат тайпасында ғана емес, басқа тайпаларда да болғандығын көреміз. Мысалы, найман тайпасындағы қайта топтасулар да осы кезеңде болды. Сөзіміз нақтырақ болу үшін М. Тынышпаевтың мына жазғандарына жүгініп көрелік: «Менің марқұм әкемнің айтуынша, он алтыншы атам өз заманында белгілі кісі болып, өз руының басшысы болған. Оның сүйегі Өзгенттегі қожалар қорымында жатыр. Төлегетай шаяндық Мәді Мағзұмның айтуынша, белгілі қожаның (Қылышты Ата) қызына үйленген. Оның айтуына қарағанда, Самарқанды билеушісі Имамқұли ханның әскербасы, алшын Жалаңтөс бахадүр Өзгент қожаларының қызына сөз салады. Қожалар оған қара қазаққа пайғамбар ұрпақтарының қызын беруге болмайтынын айтып, қайтарады. Сонда Жалаңтөс Төлегетайды мысалға келтіргенде, қожалар Жалаңтөстің Төлегетаймен теңесе алмайтынын айтып қайтарады [37, 436-437-бб.]. Аңыздарға қарағанда, Төлегетай Қылышты қожаның қызын алған. Сейіт қожалар шежіресінде Қылышты атаның атақты Мағдуми Ағзамның ұлы екендігі айтылады [38, 48-49-бб.]. Ал, Мағдуми Ағзам саййид Ахмад Қожа ибн Жамал ад-дин Касани Дахбиди (1542 ж. қ.б.) Мауараннахрдағы діни, әрі саяси тұлға, нақшбандилар тариқатының жетекшісі. Есім ханға пір болған Қашқардағы Аппақ қожа да осы Мағдуми Ағзамның ұрпағы. Бұл деректер Төлегетай басшылығындағы наймандардың нақшбандийа тариқатын мойындап, сол нақшбандилер жолын қабылдағанын білдіреді. Бұл оқиға найман тайпасында осы кезеңде күрделі құрылымдық өзгерістер болғанын көрсетеді. Бұл оқиға найман тайпасының шежіресінде толық көрініс тапқан: Найманнан Кетбұға (терістаңбалы), Сарыжомарт (ергенекті), Төлегетай туылады. Төлегетайдан – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл [12, 97-б.]. Бұл шежіренің осындай тағы да екі нұсқасы бар. Олардың бәріне тоқталып жатуды артық санадық. 1600 жылдар шамасында өмір сүрген Төлегетайдан қалың найманның таралуы мүмкін бе? Жоқ. Мәселе - өздерінің діни бағытын өзгертіп, басқа тариқатты қабылдаған ру, тайпалардың қайта топтасуында жатыр. Төлегетай сол кезеңде сол діни-саяси реформаны іске асырушы тұлға.
Найман тайпасының өзге аталарын нақшбандийа тариқатын қабылдады ма, жоқ па? Біз ол жағын біле алмадық. Жезқазған өңірін мекендеген наймандар арасында кезінде Йасауи жолы өкілдері болған қожалардың араласа отыруы, олар сол кезеңде нақшбандийа тариқатын қабылдамаған болуы керек деген ой түюге мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқатын қабылдамаған тек найман ішінде емес, қоңырат тайпасы ішінде де болды. Мысалы, Құрбан Атадан тарайтын рулардың Сыр бойынан қуылып, Теріскей асып кетуі Есім хан тұсындағы діни-идеологиялық үдерістер мен саяси қысымға байланысты болғандығы анық. Аңыздағы Құрбан Атаның Теріскейде жатқан Қарабура әулиені барып паналауы соны байқатады. Қарабура әулие Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті болған, әрі жаназасын шығарған тарихи тұлға. Бұл Есім ханның діни-идеологиялық саясаты қазақ халқын діни танымына қарай жіктелуге мәжбүр етті. Ру, тайпалар арасында тіке-тірес басталды.
Есім хан нақшбандийа тариқатын жай қолдап қойған жоқ. Өзінің бұл діни-идеологиялық саясатын заң жүзінде бекітіп берді. Ол заң көпке белгілі «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Бұл заң қазақ қоғамына, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына толығымен қайшы келетін заң еді. Бұл заңды қабылдаудағы мақсат – қазақ халқының дәстүрлі мемлекеттігінің құрылымдық жүйесі-ру, тайпалар мен жүздік құрпылымдарды ыдыратып, мемлекетте ханға абсолюттік билік беретін монархиялық билікті қалыптастыру болды. Йасауи жолы мемлекеттік идеология болып тұрған кезде абсолюттік билікке қол жеткізу мүмкін емес еді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер Йасауи жолының тармақтарын құрады және әрбір рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды йасауийа тариқатының өкілдері билер басқарды. Билер ханды сайлап қойды және хан тағына кімнің отыратынын да Билер Кеңесі анықтады. Бұл хан үшін тиімсіз болды. Ал нақшбандийа тариқаты болса, парсы мәдениетіне негізделген, мұнда рулық, тайпалық жүйелердің қажеті жоқ. Парсыларда мемлекеттік билік жүйесі абсолюттік билікке негізделген, билеушінің өз еркінше әрекет етуіне мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқаты Есім ханға осынадай жүйені қалыптастыру үшін қажет болды. Ең бастысы бұл тариқат «ахл ал-сунна уа-л-жама‘а» тариқаты деп аталды. Өйткені, бұл тариқатта араб дәстүрі негізінде қалыптасқан шариғат үкімдерін орындау қатаң түрде талап етілді. Ал, Йасауи жолында шариғат үкімдерінің жалпы ислам халықтарына ортақ негізі қалдырылып, түркілердің шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптық ерекшеліктері толығымен қолданылатын. Бұл түрік халықтарының рухани, мәдени дербестігін сақтап қалуға мүмкіндік берген болатын. Нақшбандийа тариқаты болса осы ерекшеліктердің бәрінен бас тартуды талап етті. Ең бастысы некелік қатынастарды өзгертуге баса мән берді. Эгзогамдық сыртқы некенің орнын эндогамдық ішкі некеге ауыстыруды қолға алды. Йасауи жолында жеті атаға дейін қыз алысуға тыйым салынған еді. Егерде жеті атаға жетпей үйлену жеке адамдар тарапынан бұзылатын болса, олар өлім жазасына кесілетін. Ал, мұндай жағдай ру ішінде жалпылама сипат алған жағдайда ол ру жүз құрамынан шығарылып тасталатын. Бұл рулық, тайпалық жүйелердің іргесінің шайқалмауының, ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесінің сақталуының кепілі еді. Егерде некелік қатынас өзгеріп ішкі некеге ауысар болса, рулық, тайпалық жүйелер өздігінен ыдырауға түсетін. «Есім ханның ескі жолын» қабылдаудағы мақсат осы болатын. Бұл саясат Есім хан тұсында пәрменді жүргізілді. Нақшбандийа шайыхтарына Сыр бойынан уақфтық жерлер бөлініп беріле бастады. Бұған Есім ханның өз қолымен берген құжаттары дәлел бола алады. Ол құжаттар Сығанақ құжаттары деген атпен белгілі. Сонымен қатар, Есім хан тұсында Қазақ хандығының мемлекеттік құжаттары қайтадан парсы тілінде жүргізіле бастайды. Көп ұзамай Есім де көз жұмады. Бірақ, Есім ханның Тұрсын Мұхаммедке, қатаған халқына жасаған қатыгездігін қазақ халқы кешіре алмайды. Сол себептен де оның ұлы Жәңгір сұлтан 1628 жылдан, 1643 жылға дейін хан тағына отыра алмады.
Ұлы жүз тайпаларының біразы Есім хан мен бұрыннан Ұлы жүзге пір болған, кейіннен нақшбандийа тариқатына өтіп, солардың сойылын соққан қожа әулеттерінің алдауына түсіп, нақшбандийа тариқатына өтті. Ал Тұрсын Мұхаммедті қолдаған йасауийа тариқатындағы қатағандардың бесіктегі баласына дейін қырылуы, Ұлы жүз құрамындағы йасауийа тариқатындағы кейбір тайпаларды Орта жүз құрамына өтуге мәжбүр етті. Мысалы, «Өзбек шежіресі» / XIV-XV ғғ./ атты шежіреде Ұлы жүз құрамында болған қатаған, шанышқылы руларының кейбір аталары қазіргі шежірелерде Орта жүз Қоңырат құрамында жүруінің басты себебі де осы болса керек.
«Есім ханның ескі жолы» мен нақшбандийа тариқатынның ықпалын толық мойындаған, араб-парсының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қабылдаған қазақ рулары жүздер құрамынан шығарылып тасталды. Қазір қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы Есім ханның қазақ арасына нақшбандийа тариқатын күштеп енгізуімен тікелей байланысты. Бұлардың арғы тегін зерттей келгенде олардың көпшілігі кешегі қазақ руларына баратынын осы мәселеге қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарымыз дәлелдеді. Мысалы, қазір Түркістан маңындағы Қарнақ қыстағында 100% өзбек тұрады. Шыққан тегі жағынан солардың 95% қазақ екендігі анықталды [39]. Ал, Қарашық қыстағын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге Қыпшақ тайпасының Көкмұрын тармағынан үш жүз үйді отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін сол жердегі халық біледі және олар әлі күнге өздерінің шыққан тегін ұмытпаған. Оған біздің сол қыстақтарда 1998-2002 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көзіміз жетті [40]. Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың да үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.
Осы кездерде Түркістан маңында нақшбандийа өкілдері мен «азизан» қожалар өкілдері пайда бола бастайды. Өз шежірелерін Али ибн Абу Талибтің ұлы Имам Хусейннен бастайтын нақшбандийа өкілдері өздерінің Йасауийа шайхтарынан қан жағынан артық екенін алға тартып, Түркістан маңындағы халықтарды нақшбандийа тариқатына тарта бастайды. Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ қаласы нақшбандийлер орталығына айналады. Сол жерде үлкен медресе ашылып, нақшбандийа жолын уағыздаушы дін өкілдері дайындала бастайды. Қазақ хандарының оқып, білім алатын орталығы осы көне Қарнақ қаласы болды. Сыр бойындағы халықтың «қазақ», «сарт» болып бөлінуі осы кезден басталды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оған дейінгі жазбалардың ешқайсысында «сарт» сөзі кездеспейді. Нақшбандийа тариқатын мойындап, сол жолға түскен рулардың, халықтың «сарт» деп атала бастағанын байқаймыз. Мысалы, сол «Қарнақ тарихы» деп аталған жергілікті ақсақалдар жазған қолжазбада, Қарнақ қаласы халқының дені жергілікті қазақ руларынан тұратынын, тек екі әулеттің ғана Бұқарадан келген тәжіктер екені жазылған. Сондай-ақ, Абылай ханмен Қара Керей Қабанбай әзілдескенде, Абылай ханды «сарт» деуінің өзі қазақ хандарының нақшбандийаны бұрын қабылдағанынан хабардар етсе керек. Ал, атақты Шортанбай ақынның Асан Бұғамен айтысындағы мына сөздер біздің бұл пайымдауымыздың айқын дәлелі:
Шортанбай: Жетпіске келді бұл жасың,
Дүниелік болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай елдің едің қожасы...
дегенде Асан Бұға Шортанбайға былай деп жауап береді:
Менің түбім сарт десең,
Неге атандың қызылбас.
Екеумізді пір тұтып,
Заман қалай бұзылмас [41, 123-124-бб.].
Бұл жерде Шортанбай өзінің қазақ қожасы екенін, қазақтың белгілі руына тән екенін айтса, Асан Бұғы өзінің «нақшбандийа» өкілі екенін мойындай отырып, йасауийа тариқатының да негізі VIII ғасырда пайда болған қайсанийа-мубаийдийа ағымында жатқанын меңзеп отыр. Бұл айтылғандар Сыр бойын мекендеген халықтардың этникалық құрамы әр түрлі болды, қалалардың негізгі халқы «сарттар» немесе көне соғдылықтар еді деген кейбір зерттеушілер пікірінің негізсіз екенін дәлелдейді [42, с. 49].
Енді сөзді қайтадан Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанға бұрайық. М.Тынышпаев 1635 жылы Жәңгірдің сұлтан аталғаны туралы, 1643 жылы Батыр хонтайшының 50 мыңдық әскеріне 600 сарбазбен қарсы шығып, Орбұлақта Кіші жүз Әлім, Самарқанд әкімі Жалаңтөс Бахадүрдің көмегімен қалмақтарды жеңгеннен кейін ғана халық Жәңгірді хан сайлады,- дейді [43, с. 158]. Бұл жерде де сол кездегі Қазақ хандығы ішіндегі тіке-тіресттен йасауийа мен нақшбандийа арасындағы қарама-қайшылықты көруге болады. Жәңгір ханға қазақ жәрдем бермегенсін, Самарқанд әкімі нақшбандийаны мойындаған Жалаңтөс бахадүр бастаған Кіші жүздің Әлім руының 20 000 әскермен келуі біздің пікіріміздің дұрыстығының айқын дәлелі. Осы соғыста жеңгеннен кейін ғана, Жәңгір сұлтан хан атала бастайды.
Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, нақшбандийа тариқаты өкілдері йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл «Жеті жарғы» заңының қазақ қоғамына енгізген басты жаңалығы осы болатын. Ал әдет, ғұрып, салт-дәстүрдің «Жеті жарғыдан» да бұрын солай болғанын А.И. Левшин былай баяндайды: «Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки.
Киргизы Большой и Средней Орды утверждают, что народные законы их гораздо древнее хана Тявки ...» [44, с. 367]. Демек, Тәуке хан қазақ қоғамына оншалықты өзгеріс әкелмегенін көреміз. Тек, билер институтының құрамы ауыстырылды. Бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сакральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жекжаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығы мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып «сарт» атандырды.
Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді.
«Жеті жарғының» тағы бір жаңалығы әр жүздің басына хан сайлануы еді. «Жеті жарғыдан» бұрын әр ру, әр тайпа, әр жүздің басында тек биі болатын болса, енді әр жүздің басына бимен қоса хан сайланды. Бұл бір жағынан Шыңғыс ұрпақтарының саясаттағы ролін күшейткенімен, екініші жағынан елдің ішкі тұтастығына зиянын тигізді. Бұрын Шыңғыс хан ұрпағының қайсысының таққа отыратынын билер шешетін болса, ендігі кезекте бұл қарадан шыққан билер қолына берілді. Ең бастысы «Жеті жарғыда» рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды бірте-бірте ыдырату тетіктері қарастырылып, болашақта хан билігінің абсолюттік билікке жету жоспары жасалынғанмен, ол абсолюттік билікті қамтамасыз ететін құрылымдар мәселесі қарастырылмады. Оны Тәуке ханның өзінде де, одан кейінгі хандардың ешқайсында, көне түркілік мемлекеттікті басқару жүйесі ыдыраған кезде орнын басатын хан мен оның уәзірлерінен тұратын бюрократиялық аппарат пен ханның жалдамалы әскері де, сот жүйесі мен ішкі қауіпсіздікті қорғайтын құрылымдық жүйелері қалыптастырылмады. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» заңының мемлекеттің көне түркілік жүйесін ыдыратуға ықпалы болғанымен, жаңа жүйені қалыптастыруда ешқандай ықпалы болған жоқ. Қысқаша айтқанда, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейінгі қазақ қоғамы бұрынғы басқару тетігі, рухани, мәдени тұтастығы бар халықтан, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына еріп, рухани, мәдени тұтастығы бұзыла бастаған, әр ру, тайпа билерінің соңына ерген тобырға айналды. Бұл айтылған сөздер жалаң болмас үшін нақты мысалдарға көшейік. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы жүзде Төле би өлген соң Ташкент маңындағы қазақ ру, тайпалары билікке таласып, келісімге келе алмай, билікті Шайхантаур ұрпағы Жүніс қожаға тапсырғаны тарихтан белгілі.
Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Есім хан кезінде ру, тайпалар ішіндегі басталған қайта топтасулар заңдастырылып, шежіре қайта бекітілді. Бұрынғы шежірелер қазақты Нұх пайғамбардан, Өзбек ханнан, Алаша ханнан, Әбілхайыр ханнан таратқан болса, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін түзілген шежіре қазақты 92 баулы сарттан таратады. Сарт деп қазақтың кімді атағанын ескерер болсақ, онда Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» кейін жалпы қазақ ру, тайпалары толығымен нақшбандийа тариқатын қабылдағанын білдіреді.
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының көбесі сөгіле бастады. Оның тағына отырған Қайып хан 1718 жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Полат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының қазақ арасынан шығарылуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында өзара тақ үшін күрес басталды. Төрелердің ішкі араздығы, Йасауи жолының өкілдері қолындағы рухани биліктің киелілігімен бірге хан билігінің де киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп
Боларын осы апаттың болжап кетті;
Төреден Әйтеке би безін деді,
Қазақты батыр, көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді;
Хан-сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді;
Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл,
Басқарар енді уақыт жеткен деді [45, 103-б].
Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетеді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін қайта сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М. Мағауин былай суреттейді: « ... Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді» [46, 108-б.]. Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпаларда қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады [47, с. 32.]. Бұл жалпы қазақ жұртына түгел жайылмады. Оның үстіне қолында шоғырланған биліктен ажырағысы келмеген ру, тайпа билері әрқайсысы өз білгенінше әрекет етті. Бұл әрекеттердің соңы Абылай ханның мезгілсіз қайтыс болуына, Қазақ хандығының күйреуіне ықпал еткен басты себеп болды. «Абылай аспас Сары бел» атанған оқиға Қазақ мемлекеттігінің күйреуінің басы болды. Қазақ қоғамында киелі саналған хандық биліктің қадірі кетті. Қазбек бидің ұлы Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады [48, 50-53-бб.]. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Мысалы, Асан Қайғының Алтын Орданың ханы әз-Жәнібекті тастап, Алаш мемлекетін құруы, немесе Жұмадық хан мен оның беклербегі болған Ғазы бидің озбырлығына шыдамаған халықтың Жұмадықтан бөлініп, жас Әбілхайырды хан сайлауы, Әбілхайыр антты бұзып өзге діни ағымды қабылдап, Уаққас биді, ал Қара қыпшақ Қобланды Дайыр-қожа-Ақжол биді өлтіргенде Әбілхайырды тастап, Керей мен Жәнібекті әкеліп, хан сайлауы, Қазақ хандығын тарих сахнасына шығаруы бұл халықта рухани бірлік пен Билер институтының аса қуатты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді. Қазір тарихта жазып жүргендей Қазақ хандығын Жәнібек пен Керей құрған жоқ. Шыңғыс әулетінен кімнің таққа отыратынын Едігенің «Жасасы» мен «Төресінен» соң хан болатын тұлғаны таңдау да, сайлау да толығымен билердің қолына өткен болатын. Оны Мұхаммед Шайбани мысалында көруге болады. 1472 жылы Едгенің немересі Мұса мырза Мұхаммед Шайбаниді шақыртып, оны хан көтеруге әрекет етеді. Алайда, Мұхаммед Шайбанидің пиғылын білген билер Мұсаға: «Көне дәуірден бері маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса жолы ашық» [14, с. 104.]. – дейді. Мұса билердің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниді хан көтеруден бас тартады. Ал, Абылай хан билігінің соңғы кезеңінде мұндай билер институты толығымен ыдырап біткен еді. Мұны белгілі этнограф Ж. Артықбаев былайша тұжырымдайды: «Абылай мен Бекболаттың келіспеушілігінің тамыры әріде. Үш жүздің баласына талабы жетіп тұрған хан өз билігінің қалтықсыз қабылдануын Орда билерінен талап етуі заңды. Бірақ заманның өзгергені аян. Баяғыдай жаугершілік, ірегден төнген жау жоқ, ел мимырт тіршілік кешіп жатыр. Оның үстіне Кіші жүз бен Ұлы жүз ішінде Орда биі атағы келмеске кеткен уақыт, хан билігі де татымсыз. Береке бірлікті ұстап тұрған тек Орта жүз – не өзінің билігін, не Орда билігін жоғалтпай» [49, 227-б.]. Алайда мемлекетке тірек болады деген Бекболаттың өзі Абылай хан ордасының үстіне әскер әкелсе, билер институтының қай деңгейде болғанын көрсетеді.
Абылай арқадан кетіп, Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамның әкімінің бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі болатын. Ата-баба жолынан бас тарту – «Жеті жарғыға» дейін киелі саналып келген рухани билік пен саяси билік өкілдерінің киесінен айырлуына әкелді, Пайғамбар ұрпағы, Шыңғыс хан ұрпағы деп ғасырлар бойы басына көтерген тұлғалардың халық алдындағы абыройын кетірді. Бұрындары «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ержүрек халық Абылайдай арысын қорғап қала алмады. Өйткені, оның қадірін білмеді. Қорғамақ түгіл ордасының үстіне ат ойнатты. Қазақ хандығында Абылай кеткен соң қолына мемлекеттік билікті ұстап тұра алатын ешқандай саяси күш болған жоқ. Бұрынғы ынтымағы берік рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар болғанда Қазақ хандығы күйрер ме еді? Сан ғасыр мемлекеттің тірегі болған билер институты немесе мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі «Жеті жарғының» ықпалымен ыдыратылды. Нәтижесінде хан өлген соң мемлекет иесіз қалды. Абылайдың орнына отырған оның ұлдары орыс отаршылдарының қолындағы қуыршаққа айналғанына да тарих куә. Егерде соңында тіреп тұрған халқы болса, олар сондай күн кешер ме еді? Бұл қазақтың қасіретті тарихы. Қазақ мемлекеттігінің осылай күйреуіне Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғы» заңының шешуші ролі болды. Одан кейінгі кезеңде де қазақ даласында рухани тіке-тірес осы йасауийа мен нақшбандийа тариқаттары арасында жүргенін көруге болады. Мысалы, Дулат, Шортанбай, Майлықожа, Қашаған, Шәді төре сияты ақын-жыраулар шығармалары бұған толық дәлел болады. Мысалы, Майлықожа ақынның мына өлеңі соның айқын дәлелі:
Болыс, бидің қыдыры ұры боп жүр,
Қолдайтын Бәһәуәддин пірі боп жүр.
Зекеті жоқ байлардың жиған малын,
Жең ұшында парамен құрыр боп жүр [50, 514-б.].
Өкінішке орай, біз бұл қасіретті тарихтан сабақ ала алмадық. Бүгін еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғанда сырттан сандаған ағымды әкеліп сайрандатып отырмыз. Ертеңгі күні бұл қазақтың шілдің тезегіндей бытырап кететінімен ешкімнің жұмысы жоқ. Қауіп, әсіресе, ислам атын жамылып келіп жатқан уахаббилер, салафилер, таблиғтар, ахмадийа, ағымдары тарапынан туындап отырғаны жасырын емес. Тарихтың, тарих ғылымының басты қызметі бұрынғы өткен ата-бабалар тарихының жеңісін үлгі етіп, жеңілісінен сабақ алдыру болса керек. Бізде осындай болған деп құр жалаулатқанмен ешнәрсе ұтпаймыз. «Жеті жарғының» қазақ тарихындағы ролінің жағымсыз жақтарын айтудағы мақсат – қазақты тұқырту емес, керісінше, сол қателікті енді қайтып қайталамасақ деген игі мақсат болатын. Ал, оған біздің ақыл-парасатымыз жете ме? Ол басқа әңгіме.
Қорыта айтқанда, қазақ шежіре нұсқаларының пайда болу кезеңдері қазақ халқы тарихындағы ірі саяси өзгерістермен байланыста туатынына көз жеткіздік және ол кезеңдердің бір-бірінен қандай айырмашықлықтары барлығына тоқталдық. Бұл айымашылықтардың барлығы түрік қоғамындағы діни-рухани үдерістермен тығыз байланыста жүргеніне көз жеткіздік. Түріктерде өрлеу де, әртүрлі этникалық жіктелулерге түсіп, өшуінің түпкі себебі сайын даланы мекендеген қаһарман халықтың өзінің діни, рухани тұтастығын сақтай алмауымен байланысты болғандығына талдау жасадық. Бұл оқиғалардың ешқайсысы шетжерлік тарихшылардың жазбаларына түспесе де, қазақ халқы өзінің шежірелерінде бұл оқиғалардың бірде бірін назардан тыс қалдырмапты. Біздің бүгінгі замандасымыздың сол шежірелерде баяндалған тарихты түсіне алмауы қазақ халқының тәуелсіз тарихи жадының әлі күнге қалыптаспауына ықпал етіп отыр. Басқаша айтқанда, қазақ халқы осы күнге дейін өзінің кім екенін тани алмай келеді. Оны қазіргі қоғамдағы ру, тайпа, жүз деген өз дәуірінде біздің мемлекеттігіміздің тірегі болған құрылымдық жүйелерге көзқарасымыздан-ақ көруге болады. Оны біреулер өзінің саяси, материалдық мүддесін қорғайтын құралға айналдырса, екінші бірі – ру, тайпалар мен жүздер қазақты жіктегеннен басқа ролі жоқ. Сол себепті, одан арылу керек деген пікірді алға тартып жүр. Ал, шындығына келгенде бұл құрылымдар қазақ мемлекеттігінің тірегі болатын. Ру, тайпалар мен жүздік құрылымдар өзінің қазақ қоғамында атқаратын ролінен айрылған күні мемлекеттігінен де айрылды. Ол оқиғалардың барлығы қазақ шежірелерінен көрініс тапты. Біз оны шамамыз жеткенінше сол шежірелердегі деректерді ашып көрсетуге күш салдық. Алайда бұл бағыттағы жұмыс осымен қортындыланды дегенді білдірмейді. Әлі біз білмейтін қазақ шежіресінің құпиясы барлығына дау жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |