Жандарбек з



бет1/3
Дата05.11.2016
өлшемі0,66 Mb.
#915
  1   2   3
ӘОЖ 94(574)04/.05
ЖАНДАРБЕК З.

Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ, т.ғ.к.


ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ПАЙДА БОЛУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Аннотация

Мақала қазақ халқының тарихи жадының өзегі болған шежірелердің қай кезеңдерде қалыптасқандығы туралы мәслелерді қарастырып, шежірелердің қалыптасуы Евразия даласында өмір сүрген мемлекеттердің мемлекетті басқару жүйесімен сай түзілгендігін, сол кезеңдердегі сол мемлекеттердің құрамында болған рулық, тайпалық жүйелерді қамтитынын, бір мемлекет ыдырап, келесі мемлекет қайта құрылғанда шежірінің қайта түзілетіндігін нақты тарихи деректер негізінде баяндайды. Өзбек ханнан басталатын шежіре Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесімен сай келеді. Алаша ханнан басталатын шежіре – Алаш мемлекетінің тарих сахнасына шығу кезеңіне сай келеді. Ал, Әбілхайыр ханнан басталатын шежіре Өзбек ұлысы тарихымен сабақтас қалыптасқандығын көруімізге болады. Және бұл үдерістердің барлығы қазақ даласында болған діни-рухани үдерістермен сабақтаса өрбігені, бұл мемлекеттердің тарихтан кетуіне сол діни-рухани үдерістердің тікелей ықпалы болғандығы туралы мәселелер қарастырылған.



Түйін сөздер: Йасауи жолы, Өзбек хан, шежіре, Жәнібек хан Алаша хан, Әбілхайыр хан, Қасым хан, Есім және Тәуке хандар, тоқсан екі баулы сарт, Абылай хан.
Қазақ шежіресі қазақ тарихи жадының өзегі десек артық айтқандық емес. Алайда, сол қазақ шежіресі қазақ тарих ғылымында әлі күнге өз орнын ала алмай келеді. Өйткені, шежіре өз дәуірінде қандай қызмет атқарды, несімен құнды болды, халық санасынан әлі күнге өшпей келе жатуының себебі неде?-деген сұрақтарға қазіргі тарих ғылымының жауап беруге қауқары жоқ. Қазақ шежіресі осы күнге дейін қанша зерттелсе де өзінің ішкі мәнін ашпай келеді. Оның себебі, зерттеушілердің шежірені бір ғана тұрғыдан – этникалық үдерістер тұрғысынан қарастыруы, сол бойынша байлам жасауы болып табылады. Ал, шежіре тек этникалық үдерістермен ғана байланысты емес, қоғамдағы барлық үдерістермен тығыз байланыста қалыптасқандығын, атап айқанда: діни, саяси үдерістер шежірелердің түзілуіне ықпал еткен факторлар болғандығы ескеріле бермейді. Оның үстіне шежірелердің бірін-бірі қайталамай, әртүрлі болып келуінің өзі зерттеушілерді адастырары немесе зерттеушінің шежірені тарихи құжат екендігіне күмәнмен қарауына ықпал етері анық. Алайда, шежірелердің әртүрлі болып келуі астарында қазақ (түрік) халқының басынан өткерген тарихи кезеңдердің сырлары жатқандығын қазақы дүниетанымнан хабарсыз, танымы евроцентристік көзқараста қалыптасып, тарихқа материалистік тұрғыдан баға беретін тарихшы қазақ шежіресінің ішкі мәні мен мазмұнын танып-білуі қиын немесе мүмкін емес.

Қазақ шежіресінің пайда болуы қазақ халқының қоғамдық құрлысымен, мемлекеттік жүйесімен тікелей байланысты және сол шежіре түзілген дәуірдегі қоғамның құрылымдық жүйесінің сызба түріндегі бейнесі, әрі негізгі реттеуші басты құжаты болуымен байланысты.

Қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің қашан түзілгендігі туралы бізде нақты дерек жоқ. Бір шежіре Өзбек ханнан басталса, екінші шежіре Алаша ханнан бастау алады. Үшінші шежіре Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханнан басталады. Ал төртінші шежіре әріге кетіп, Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы Аннас сахабадан бастау алады. Алайда, сол шежірелердің ішкі мазмұны сырттай қарағанда бірдей болып көрінеді. Сонда қайсысы дұрыс? Бұл шежірелерді бір-бірінен ажыратып тұрған не нәрсе? Бұл да әлі қазақ шежірелерінің ашылмаған құпиясының бірі.

Қазақ шежіресінде күдік тудырып жүрген тағы бір мәселе – ол Ата Қазақтан қазіргі біздің замандасымызға дейін ары кетсе 22 ата немесе 11-13 атамен шектеліп жатады. Мұны жылға шағар болсақ, 600-360 жыл шамасында. Сонда, оған дейін қазақ қайда болды? Қайсы халықтан бөлінді? Әлде жер бетіне шежіреде көрсетілген кезеңде түсті ме? Неге бұлай? Бұл сұрақтар жауап беруді талап етеді. Бұл сұрақтарға жауап берілмейтін болса, онда біз шежірені ешқашан таныдық деп айта алмаймыз. Сондықтан, қазақ шежіресін тану жолындағы ізденісімізді біз бұрынғы зерттеушілер жүрген жолмен емес, басқа бағытта жүргізгенді дұрыс санаймыз. Ол қазақ халқының басынан өткерген діни, рухани үдерістер тарихы мен олардың қазақ шежіресімен байланысын анықтау бағытындағы ізденістерге ден қоямыз. Әрине, осы күнге дейін қазақ шежіресін зерттеп жүрген зерттеушілердің қазіргі қазақ халқы құрамындағы ру, тайпаларды көне дәуірдегі ру, тайпалармен байланыстырып, солардың тікелей ұрпақтары екендігін дәлелдегісі келетін ойлары да бар. Алайда, бұл тұжырыммен толық келісе қою қиын. Қазіргі рулар мен көне дәуірдегі рулардың арасындағы генетикалық байланысты толығымен жоққа шығаруға болмас, дегенмен солардың тікелей ұрпағы еді дегенді айту артық болары сөзсіз. Өйткені, араб, парсы жазбаларында аталатын түркілердің көптеген ру, тайпа аттары қазіргі қазақ немесе өзге түркі халықтары арасынан кездестіре алмаймыз. Мысалы, X-XI ғғ. араб деректеріндегі оғыздар құрамындағы 24 ру, тайпаның қайсысы қазақ халқы құрамында бар? Жоқ немесе ірі рулық, тайпалық құрылымдар ішінде кішкентай аталарды ғана құрайды. Ал кейбір ру, тайпалардың аты сол кезеңнен бері әлі күнге өшпей сақталып келеді. Бірақ, сол атауды сақтап келе жатқан руларды сол көне дәуірдегі халықтың тікелей ұрпақтары, ізбасарлары деп атау қиын. Оның есесіне қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ірі тайпалардың атаулары негізінен Шыңғыс ханмен бірге келген ру, тайпа атаулары екендігін де естен шығармауымыз керек. Бұл жерде тағы да «Сонда қалай, біз мына қазіргі қазақ жеріне Шыңғыс ханмен бірге келгенбіз бе?», - деген заңды сұрақ туады. Олай болса, осы күнгі «Қазақ автохтонды халық емес [1, с. 58]», – деп жалаулатып жүрген кейбір тарихшылардың айтқандарының дұрыс екендігін мойындаудан басқа шара қалмайды. Сол себепті, қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің түзілу заңдылықтарын түсініп алмайынша, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шежіренің де, ру, тайпалардың да халқымыз тарихындағы орнын анықтай алмаймыз. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін халқымыз VIII-XII ғасырлар аралығында басынан өткерген тарихи оқиғаларға талдау жасаудан бастағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз қазақ шежірелерінің Шыңғыс ханнан кейін бастау алу себептерін түсінеміз.



Түркілер ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдады. Алғаш рет осы кезеңде түркі-ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты. Ол Қарлұқ-Қарахан, Оғыз мемлекеттері еді [2]. Бұл мемлекеттердің дүниеге келуімен ислам діні түркі халықтарының дәстүрлі қоғамына өз ықпалын біртіндеп тигізе бастады. 951 жылы Сатуқ Бұға хан Абд ал-Каримның ислам дінінің араб дәстүршілдігі бағытын қабылдауы түркілерді ислам әлемінің құрамдас бөлігіне айналдырды [3, с. 41]. Түркілер өзінің тілі мен дәстүрлі мәдениетінен ажырай бастады. Дәстүрлі түркі қоғамының ішкі қатынастарын реттейтін жүйенің өзгертіліп, шариғат үкімдерімен алмастырылуы түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығуына әкелді. Көнеден келе жатқан экзогамдық (сыртқы) некелік қатынас өзгертіліп, оның орнын эндогамдық (ішкі) некелік қатынас басты. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастардың түркі қоғамына енуі дәстүрлі түркі қоғамындағы рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді [4, 18-19-бб.]. Бұл өз кезегінде түркі мемлекетінің құрылымдық жүйесінің күйреуіне, ыдырауына ықпалын тигізді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер түркі мемлекеттігінің іргетасы болатын. Біртіндеп түркілерде мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі қалыптасып, абсолютті билік жүйесі орнады [5, с. 369]. Бұл үдеріс кезінде арабтың тарихшылары мен географтары жазып қалдырған ру, тайпа аттарының халық санасынан өшуіне әкелді. Халық өзінің тегін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам дінін қабылдаған түркілер XI-XII ғғ. қарсаңында өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толық немесе жартылай ажырап, парсылану үдерісін басынан кешіріп жатқан болатын. Осы түркі халқының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаның тарих сахнасына шығып, ислам дінінің түркілер арасында өмір сүру формасын жасауы, араб, парсының мәдениетін қабылдамай-ақ мұсылман болу мүмкін екендігін түркі баласына дәлелдеп берді. Дін тілінің түркі тілінде сөйлеуі ғылым, білім, мәдениет, әдебиет тілінің түркіленуіне әкелді. Мемлекет тілі де түркі тілінде сөйлей бастады. Түркі қоғамынан аластатылған сыртқы неке қайта қалыптастырылды. Рулық тайпалық жүйелер біртіндеп қайтадан қалпына келтіріле бастады. Сол кезеңдегі Қарахандық билеушілердің өзі Қожа Ахмет Йасауи жолының дұрыстығын мойындап, түркі мәдениетіне қайта бұрылды. Түркілердің өзінің дәстүлі мәдениетіне оралуы ислам орталықтарында үлкен қарсылыққа тап болды [3, 26-48-бб.]. Алғашында Йасауиді ілім жолымен тоқтатпақ болған әрекеттен нәтиже шықпаған соң, Хорезмшах Мұхаммед түркілерді күшпен қайтадан парсы мәдениетіне мойынұсындыру жолын ойластырды. Біз сендерді қарақытайлықтар езгісінен құтқарамыз деген сылтаумен, Қарахандық мемлекеттер территориясына әскерін кіргізді. Түркілер үшін Хорезмшах езгісі қарақытайлықтардан асып түсті. 1210 жылы Отырардың билеушісі Білге хан ибн Хасан ибн Абд ал-Халық хан Хорезмшах Мұхаммедке қарсы көтеріліске шықты. Күрес Отырар ханының жеңілісімен аяқталды. Білге хан тұтқындалып, Нисаға жер аударылып, сол жақта өлтірілді. Отырарға билеуші етіп Қайыр ханды тағайындады [6, 130-135 ққ.] Түркілер бұл бұғаудан шығудың жолын қарастыра бастады. 1216 жылы Құлжа өлкесінде (қазіргі Алматы облысының территориясы) кішкентай иелікті дүниеге келтірді. Бұл мемлекет түркі тарихындағы ислам дінінің түркілерде өмір сүру формасы – Йасауи жолын ұстанған алғашқы түркі-ислам мемлекеті болып қалыптасты. Бұл кішкентай иелік билеушісі Тоғрыл хан әйелі мен ұлы Сұғнақ тегінді, Майқы би бастаған билерді Шыңғыс ханға жіберіп, өзінің оған мойынұсынатынын жеткізіп, оны хан көтерді [2, с. 433]. Түркі мемлекеттігі мен түркі мәдениетінің қайта жандануының басы осы кезден басталды. Шыңғыс ханның Түркістан жеріне келуінің астарында оның тек соғысқұмарлығы емес, сонымен бірге, түркілердің Хорезмшахқа, жалпы парсы мәдениетіне мойынұсынудан бас тартуы, рухани тәуелсіздікке деген ұмтылысы жатты. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін Түркі даласында Жошы ұлысы атты мемлекеттің пайда болуы бұл түркі мемлекеттігінің шын мәніндегі қайта жандануы болатын. Бұл тарих оқырманға түсініктірек болу үшін Жошы ұлысы тарихына кеңірек тоқталып, ондағы діни, саяси үдерістерге талдау жасап, олардың Жошы ұлысы құрамындағы түркілердегі этникалық үдерістерге қаншалықты ықпалы болғандығына тоқталайық.

Шыңғыс хан Евразия кеңістігін жаулап алғаннан кейін өзі мойынұсындырған жерлерді Бөртеден туылған төрт ұлына бөліп берді. Қазіргі Қазақстан территориясы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының иелігіне тиді [2, с. 59-60]. 1236-1242 жылдар аралығында Жошының ұлы Бату ханның Батысқа жорығы кезінде Жошы ұлысының территориясы Дунай өзеніне дейінгі аралыққа кеңейтілді. Жошы ұлысының билеушілеріне тірек болған негізгі халқы түркілер болғанымен олардың арасында рухани, мәдени тұтастық жоқ еді. Олардың бір бөлігі Жошымен моңғол жерінен келген әлі ислам дінін мойындай қоймаған, көне тәңірлік дінде болса, екінші бөлігі христиан дінінің неосторияндық бағытын ұстанатын, үшінші бөлігі будда дініне мойын ұсынса, Орталық Азия түркілері ислам дінінде, оның ішінде Йасауи жолындағылар да, кубравийа тариқатындағылар да, толығымен парсы мәдениетін мойындаған түркілер де бар еді. Ал, 1236-1242 жылдар арасындағы Бату ханның Батыс жорығынан кейін мемлекеттің ішкі рухани ахуалды мүлде күрделендіріп жіберді. Бұрынғы діндер қатарына енді христиан дінінің православие және католик тармақтары қосылды. Бату хан Батыс жорығынан кейін Жошы ұлысын аймақтарға бөліп, оларды басқаруды өзінің 14 туысқанына басқаруға берді [7, сс. 312-313]. Ол аймақтарды билеп отырған Жошы ұрпақтары біртіндеп өздері билік жүргізіп отырған халықтың діни, мәдени ерекшеліктеріне икемделе бастады. Мысалы, Бату ханның інісі Берке ислам дінін, оның ішінде кубравийа тариқатын қабылдаса, Батудың ұлы Сартақ христиан дінін қабылдады. Бұл мемлекеттің іштей діни-мәдени ерекшеліктеріне қарай жіктелу ықтималдығы бар екенін көрсетіп берді. Осы діни таным негізінде алғашқы қақтығыс осы екі тұлғаның арасында болды. Оқиға былай болған еді. Бату хан өзі қартайған шағында өз орнына ұлы Сартақты отырғызуды ойлап, оны Ұлы хан Мөңкеге аттандырып, одан Жошы ұлысын билеу құқын беретін жарлық алып келуге жібереді. Мөңке хан Сартақты жылы қабылдап, Жошы ұлысының тағы мен әскеріне, қол астындағы елдеріне билік жүргізетін жарлық шығарады. Бірақ Бату хан Сартақ келмей тұрып, қайтыс болады да, хан тағына Берке отырып алады. Сапардан оралған Сартақ бұлхабарды есіткен соң, Беркеге бармай басқа жаққа бұрылып кетеді. Берке хан оған кісі жіберіп: «мен сенің әкеңнің тағына отырдым. Сен болсаң жат адам секілді қайрылмай кеттің», – дейді. Сонда Сартақ: «Сен мұсылмансың, мен христианмын. Мен үшін мұсылманның жүзін көрудің өзі бақытсыздық», – деп жауап береді. Мұны естіген Берке хан оңаша жерге барып, «Мұхаммед (а.с.) дінің хақ екені шын болса, онда менің дұрыстығымды дәлелде», -деп жаратушыға жалынады. Үш күннен соң сол жерге Сартақ келіп, асқазаны ауырып, қайтыс болады. Одан кейін Берке хан өзіне қарсы келген Сартақтың анасы мен оның жақтастарын жазалайды [8, с. 19]. Ислам дінін, оның ішінде кубравийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Жошы ұлысының әр аймағына кубравийа тариқаты өкілдерін жіберіп, бұл сопылық жолды жалпы халықтық сенімге айналдыруға күш салды. Алайда, түркілердің көпшілігі кубравийа тариқатын қолдай қойған жоқ. Өйткені, бұл тариқат парсы мәдениетіне негізделген болатын [4, 58-59-бб.]. 1266 жылы Берке хан өлеген соң оның орнына отырған Менгу Темір бұл жолдан бірден бас тартты. Ол моңғолдардың көне дінін қалпына келтірді. Бірақ, Менгу Темір де, одан кейінгі хандар да ислам дінінен толық бас тарта алған жоқ. Өйткені, Жошы ұлысының негізгі одақтасы болған Мысыр мемлекеті мен жергілікті ислам дінін қабылдаған халықтың ықпалы күшті болатын. Оның үстіне хан сарайындағы бүкіл құжаттардың дені мұсылман қызметкерлердің қолымен дайындалатын. Мұның өзі хандардың біртіндеп, ислам дінін қабылдауына әкелді. Мысалы, Тоқты хан атынан шығарылған теңгелерде оның атына «Амир ал-муминин» деген атақтың қосылғанын көреміз [4, 60-64-бб.].
Өзбек ханнан басталатын шежіре

Жошы ұлысында түбегейлі өзгеріс жасап, ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан болды. 1312 жылы Тоқты хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек хан Жошы ұлысының тағына отырды. Ол ұзақ жылдар бойы Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиеленіп, солардың көмегімен Жошы ұлысының тағына отырды. Өзбек ханды таққа тотырғызуда Хорезм әмірі Темір Құтлық пен оның туыстары Сарай Темір мен Мұхаммед қожа, Исабек, Алатай атты әмірлер белсенді әрекет жасады. Ол таққа отыра салысымен ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған жоқ. Мемлекеттік билікті толық қолына алып, қарсыластарын бас көтерместей еткен соң ғана 1320 жылы ислам дінін, оның ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолды мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Бұл оқиға Өтеміс қажының «Шыңғыс–нама», Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы», Қадырғали Жалайиридың «Жылнамалар жинағында» баяндалады. Оның үстіне қазақта «Ислам Өзбектен қалған» деген қария сөз бар. Өзбек хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп қойған жоқ. Сонымен бірге, осы мемлекеттік идеология негізінде мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертіп, қайта құрды. Бұрын қандық, туыстық бірлікке негізделген рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, олардың орнын рухани бірлік приципіне негізделіп, қайта топтастырылған рулық, тайпалық жүйелер басты. Қандық бірлік жеті ата деңгейінде қалдырылып, одан жоғарғы аталардың барлығы рухании бірлік негізінде топтастырылды. Осылай Жошы ұлысы құрамына кіретін барлық ру, тайпалар араластырылып жіберілді. Мысалы, керей Орта жүздің белді тайпасы, қаракерей найман тайпасы ішіндегі белді ру, Кіші жүзде керейт деген атаумен Жетіру бірлестігі құрамында жүр. Сол сияқты киікші Орта жүзде найман тайпасы құрамында, қоңырат тайпасы құрамында, Кіші жүзде Адай тайпасының құрамында бар. Мұндай қазақ руларларының үш жүздің құрамында араласа келуі сол Өзбек хан жүргізген діни идеологиялық саясаттың нәтижесі болатын. Сол себепті, қазақ халқында «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең, қарын бөле шығасды», деген аталы сөздер бар. Бұл араласулар қазақ ру, тайпаларын қамтып қоймайды, өзге түркі халықтары арасынан да кездестіруімізге болады. Татар, башқұрт, ноғай, тіпті орыстар ішінде қазақ руларының аттарын кездестіреміз. Мысалы, Орта жүз қыпшақ тайпасы құрамында «тоқсоба» деген ата бар. Осы тоқсоба атауын Кіші жүз құрамынан да кездестіреміз. Сонымен бірге, «тоқсобалардың» орыстар арасына «токсобичтер» деген атаумен сіңгенін көруге болады. Мұндай араласулар қазақ арасында көптеп кездеседі. Бұл Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құрғанының нақты дәлелі. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Жошы ұлысын исламдандыру мен рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастыру үдерісі қатар жүргендігін айтады. Ол сол кезеңдегі Жошы ұлысында болған қайта құруларды былайша тұжырымдайды: «Қыпшақ даласындағы көшпенділерге қатысты ескерткіштерді саралай отырып, мынадай екі жақты, қарама-қарсы екі ағымның қатар жүргенін байқадық: бір жағынан ескі рулық, тайпалық қатынастардың бұзылуы, олардың қаса-қана жойылуы, бұрынғы ру, тайпа басшыларының ықпалын жою; екінші жағынан, негізінде моңғол шапқыншылығына дейін ғасырлар бойына қалыптасқан, олардың этникалық бірлігіне негізделген бұрынғы рулық, тайпалық құрылымдардан да мықты құрылымдар пайда болды. Осы қарама-қарсы екі қозғалыстың синтезін, басқаша айтқанда, Алтын Орда көшпенділерінің даму баспалдағын айқын көрсетіп берді [9, сс. 62-63]». Бұл жерде зерттеуші Жошы ұлысында болған қайта құруларды дөп басып айтып отыр. Қазіргі қазақ халқын құрап отырған рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар осы Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты негізінде мемлекеттік жүйені реформалаудың нәтижесінде дүниеге келді. Өзбек хан өзінің саяси реформасын жүргізгенде бұрынғы рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратып, олардың орнына жаңа рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастырды. Реформаға дейін әр ру, тайпаны сол ру, тайпаның өз ішінен шыққан беделді тұлға басқаратын. Енді бұл реформаның нәтижесінде әрбір ру, тайпаның басына Йасауи жолы өкілдері әрі рухани басшы, әрі саяси басшы ретінде тағайындалды. Қазіргі күні бізге жеткен шежірелердегі әр ру, әр тайпа басында тұрған «қожа», «сопы» атаулардың пайда болуы осыған байланысты. Осы реформа нәтижесінде бұрынғы ру, тайпа басшылары ғана емес, Шыңғыс хан әулеті өкілдері де саяси билік жүйесінен ығыстырылды. Қарсы шыққандары өлтірілді немесе жер аударылды. Тек Орда Ежен ұрпақтары мен Шибан ұрпақтары ғана қалдырылып, олар Алтын Орда ханына тікелей бағынатын болды [4, 64-76-бб.].

Жүздік құрылымдар осы кезеңде алғаш рет тарих сахнасына шығып, рулық, тайпалық жүйелерді біріктірген мемлекеттік құрылымдық жүйе ретінде қалыптасты. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.А. Федеров-Давыдов қазақ жүздерінің қалыптасуы Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты қалыптасқандығын айтып, ойын былайша тұжырымдайды: «Қазақ жүздері XII-XIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі халықтың тайпалық-патриархалдық жүйесінің бөлшегі емес. Бұл бірлестіктер бұрынғы рулық, тайпалық жүйенің сарқыншақтарын сақтап қалғанымен, жаңадан құрылып, көшпелі ұлыс ретінде біріктірілген бір немесе бірнеше ханның иелігіндегі бірлестік [9, с. 62-63]. Демек, жүздік құрылымдардың алғаш қалыптасуы ретінде біз осы кезеңді айта аламыз. Өзбек ханның осы реформасы бізге дейін жетіп келген Өзбек ханнан бастау алатын шежіреде толық көрініс тапты. Шежіре тізбегінде аттары аталған кісілердің аңыздық кейіпкер емес, сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалар екендігін ескертуіміз керек. Олардың көпшілігінің тарихи тұлғалар екендігіне қолымызда жинақталған деректер дәлел бола алады. Енді соларға кезегімен тоқталып өтелік.

Біз бұл жерде алдымен қазақ халқының үш жүзге бөліну себебіне тоқталып өткеніміз абзал. Өзбек ханнан басталған шежіреде үш жүздің мемлекеттің құрылымдық жүйесі ретінде шежіреге енгенін, әр жүздің басында сол жүздің атасы ретінде тұрған «арыс» немесе «шора» атанған тұлғаларды көреміз. «Шора» сөзі Батыс түркілерінде «чор» деген нұсқада кездеседі және бес тайпа бірлестігінің басшылары осылай аталғанын көреміз. Ал, Талас жазуында кездесетін Қара-чор атты кісі хан әулетінен шыққан ханзадалардың рухани тәрбиесімен айналысатын түркі-манихей дінінің өкілі,сонымен бірге, «чорлар» түркі мемлекеттік жүйесінде жоғарғы лауазым иесі болған [10, 33-34-бб.]. Ал, «шора» сөзінің қазақ тіліндегі тағы мағынасы «құл» дегенді білдіреді. Ал, сопылық жолда «құл» болу, «топырақ болу» сопылық дәрежеге, Жаратушыны табу жолындағы рухани сатыларға жатады. Демек, жүздер басында тұрған «арыс» немесе «шоралар» рухани сала өкілдері, басқаша айтқанда, сол жүздік құрылымдардың жетекшілері дегенді білдіреді. Неліктен үш жүзге бөлінді, не себепті Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атанды? Бұл сұрақтарға жауапты сол кезеңдегі Жошы ұлысындағы діни-идеологиялық үдерістермен бірлікте қарастырғанда ғана жауап бере аламыз.

Йасауи жолы негізінен үш тармақтан тұрады. Ол үш тармақ Түркістан жеріне ислам дінін әкелген үш тарихи тұлғаға барып тіреледі. Біріншісі, Исхақ баб – («Насаб-нама» деректері бойынша) шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы, Түркістан жеріне ислам аша келген тұлғалардың бірі. Ал, Ибн ан-Надимнің «ал-Фихрист» атты шығармасындағы дерекке қарағанда Али ибн Абу Талибтің ұлы Хусейн әулетінен тараған, 742 жылы Хорасанда дарға тартылған Йахийа ибн Зайдтың ұлы, әкесі тұтқындалған кезде түркілер арасына келіп паналаған. Сол себепті, арабтар оны Исхақ ат-Түрік деп атайды [11, 115-б.]. Қожа Ахмет Йасауи осы Исхақ бабтың 13-ұрпағы. Йасауи жолының бір тармағын осы Исхақ баб атымен байланысты қожа әулеттері құрайды. Бұларға кезінде Исхақ баб әулетінен өзге Али ибн Абу Талибтің басқа ұрпақтарының келіп қосылғанын көруге болады. Сол себепті, бұл қожалар әулеті «Саййид» әулеті деп аталады [4, 131-б.]. Өзбек ханның саяси реформасы кезінде бұл әулет Ұлы жүзге (пір болу) және хан әулетіне пір болу қызметі тиді. Қазақ шежіресінде «Ақарыс» деп аталған тұлға Йасауи жолының шежірелерінде осы Исхақ бабтан бастайтын қожалар әулетінің өкілі.

Йасауи жолының екінші тармағы өз шежірелерін Абд ар-Рахим бабтан бастайды. Абд ар-Рахим баб - шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы. Исхаб бабтың әкесі Абд ар-Рахман бабтың інісі. Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. Қазіргі Қазақстан тарихындағы 766 жылы Қарлұқ хандығының негізін қалаған тұлға. Атақты Қарахандық билеушілер осы Абд ар-Рахим бабтан тараған әулет болып табылады. Осы әулеттен шыққан Отырардың соңғы ханы Білге хан 1210 жылы Хорезмшах Мұхаммед сұлтан тарапынан өлтірілді. Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін бұл әулет өкілдері рухани салаға ауысып, Йасауи жолының бір тармағын құрап, Қарахандық қожалар деп аталды. Орта жүзге пір болған Жанарыс - осы әулет өкілі [4, 110-б.].

Йасауи жолының үшінші тармағы өз шежірелерін Абд ал-Жалил бабтан бастайды. Абд ал-Жалил баб - Хорасан Ата - шежіре бойынша Абд ал-Жалил баб та Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы болып табылады. Исхақ бабтың інісі. Бұл да ағаларымен бірге Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. «Насаб-нама» деректеріне қарағанда Сырдарияның орта және төменгі ағысында VIII ғ. екінші жартысында дүниеге келген Оғыз мемлекетінің негізін қалаушы осы Абд ал-Жалил баб-Хорасан Ата. Қазақ арасындағы қожалардың бір әулеті осы Хорасан қожалар. Кіші жүзге пір болған Бекарыс осы Хорасан қожалар әулетінің өкілі [4, 110-б.].

Өзбек ханның діни-саяси реформасы кезінде Йасауи жолының осы аталған үш тармағының жетекшілері үш жүзге пір болды. Ортағасырларда ру, тайпа бірлестіктері жүз деп аталған. Ал, олардан дәрежесі төмендер тайпаға, олардан дәрежесі төмендер руға, одан төмендер Ата мен ауылдарға пір болды. Осылай Жошы ұлысындағы түркілердің рухани бірлігі қалыптастырылды. Жүзге, ру, тайпаларға пір болған тұлғалардың барлығы дерлік Өзбек ханнан басталған шежірелерде аттары жүр. Қазіргі күні сол тұлғалардың тарихта болғандығы дәлелденіп отыр.
Алаштан басталатын шежіре

Қазақ халқының басынан өткен осы оқиға Алтын Орда мемлекетіндегі күрделі өзгерістерге себеп болды. Асан Қайғы соңына ерген халық Жәнібек ханнан бөлініп шығып, өз алдына ел болудың қамын жасады. Әлі күнге қазақ тарихынан орын ала алмай келе жатқан Алаш мемлекеті осы кезеңде дүниеге келді. Жәнібек ханнан бөлінген халықты тек Асан Қайғы бастап әкеткен жоқ. Оның қасында Алаша атанған тұлға болды. Олар соңына ерген халықты ұйыстырып, Алаш атты мемлекетті дүниеге келтірді. Бұл оқиға қазақ халқының Алаша ханнан басталатын шежіресінде толық көрініс тапты. Бұл оқиға 1350 жылдар шамасында болған еді. Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы қарама-қайшылық мемлекетті екіге бөлді. Асан Қайғы Жәнібек ханнан өзі кеткен жоқ, оның соңынан жүздік құрылымға кіретін түркі тайпалары бірге кетті. Бірақ бұл оқиға Алтын Орда тарихына қатысты бірде-бір жазба деректерде кездеспейді. Соған қарағанда, Алтын Ордағы ішкі қайшылықтар сырт көздердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мүмкін олар Сарайдағы бұл қайшылықтың ішкі сырын түсінбеген болуы да ықтимал. Оның есесіне бұл оқиғалар түркі халықтары арасына тараған аңыздарда, шежірелерде, сол кезеңде өмір сүрген жыраулар поэзиясында толық көрініс тапқан. Алаш пен Алаша ханға, Айса ұлы Әметке қатысты аңыздар, ол аңыздарда аттары аталатын тұлғалардың қазақ шежірелеріндегі тұлғалармен бір болып келуі осы кезеңде Алаш пен Алаша ханның жалпы қазақтың алғаш тарих сахнасына шыққанын көрсетеді. Және олардың барлығы бұл оқиғалардың Алтын Орда кезеңінде болғандығын меңзейді. Бұл Евразия түркілері тарихындағы діни-идеологиялық үдерістер ықпалымен болған топтасудың Жошы ұлысы құрылғаннан кейінгі екінші кезеңі еді. Ендігі кезекте осы Алаш мемлекетінің тарихына қатысты деректерге талдау жасап, ол мемлекеттің құрамында қайсы ру, тайпалар болды? Олардың жетекшілері кім еді?- деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.

Алаш мемлекетінің тарих сахнасында болғандығы, мемлекетте болуға тиіс бүкіл құрылымдық жүйенің Алаш мемлекетінде де толық қалыптасқандығы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан.

Қазақ шежірелерінің алғашқы нұсқасы Өзбек жүргізген саяси-құрылымдық реформаға сай қалыптасқандығын, рулық, тайпалық жүйенің қалыптасу принциптерін талдағанда толық айтып өткен болатынбыз. Сол жүйе Жәнібек ханның жүргізген саяси-идеологиялық бағыты мен мемлекетті басқару жүйесінде жүргізген реформасы Өзбек хан құрған мемлекеттің басқару жүйесін күйретті. Өзбек хан құрған мемлекеттік жүйе осы Алаш мемлекетінде қайтадан толығымен қалпына келтірілді. Шежіреде осы процесс толығымен көрініс тапқан. Ерекшелігі шежіре басында Өзбек хан орнына Алаша хан тұрғанын көреміз. Бұл қазақ халқының тарихындағы тағы бір саты осы Алаш пен Алаша ханмен байланысты екендігін көрсетеді. Бұған мысал ретінде З.Сәдібековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабында келтірілген шежірені алып көрелік: «Нух пайғамбардың он үшінші ұрпағы Алаш, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс [12, 22-б.].

Қазақ тарихында қазақ халқын қайта топтасуға мәжбүр еткен күрделі кезеңнің бірі – Алтын Орда мемлекеті ыдыраған кезең болатын. Бұл қазақ шежіресінің соңғы жазылуы болмағанымен, қазақ халқының құрамын толық анықтаған кезең еді.

1419 жылы Едіге бидің Тоқтамыс ханның ұлы Қадырбердімен болған соғыста қаза табуымен Алтын Орда мемлекеті бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетті. Еділ өзенінен батысқа қарай және Еділ бойындағы отырықшы халықтар Йасауи жолынан, тариқат жолынан бас тартып, шариғат жолына бет бұрды. Бұл қоғамдық қатынас пен мемлекетті басқару жүйесінде өзгерістерге әкелді. Түркілік жүйе қолданыстан шыға бастады. Рулық, тайпалық жүйелер бұрынғы ролінен айрылып, ыдырай бастады. Ал, Еділден шығысқа қарай созылған қазақ даласы мен Шығыс Сібір аймағында Орда Ежен мен Шибан ұрпақтары билеген бірнеше хандық пайда болды. Солардың ішіндегі Шайбанилер әулетінен шыққан Жұмадық хан билігіндегі хандық болашақ қазақ мемлекеттігінің негізі болды. Осы Жұмадық хан мемлекеті құрамындағы ру, тайпалар болашақ қазақ халқының негізін құрады. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт – Еділдің шығысындағы хандықтарда діни-идеологиялық бағыт Йасауи жолы болатын және әрбір ханның жанында Едігенің ұлдары мен немерелері беклербегі қызметінде отырды. Ал, ру, тайпалардың билігі Йасауи жолы өкілдерінің қолында болды. Бұл жүйемен жүруді абсолюттік билікті жақтайтын хандар қолдай қойған жоқ. Олар өздерінің билеуіне ыңғайлы болады деген діни-идеологиялық бағытты іздеумен болды. Сол кезеңде Мауараннар жерінде билеушіге абсолюттік беретін, парсы мәдениетіне негізделген, түркілшік дүниетаным жүйесін толығымен өзгертіп, жаңа дүниетаным қалыптастыратын, түркілердегі қоғамдық қатынастарды өзгертіп, мемлекеттің басқару жүйесінің негізің болған рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды ыдыратуға мүмкіндік беретін сопылық жол – нақшбандийа тариқаты қалыптасып үлгерген еді. Хандар қалайда есебін тауып, осы сопылық жолды өз хандықтарында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруге бар күшін салды. Бұл жолды алғаш Орыс ханның ұрпағы Барақ хан қабылдағанға ұқсайды. Ол өзінің қасында беклер бегі болған Мансұр биді Хиуаны шапқаны үшін қинап өлтіруі соның айғағы [13, 94-б.]. Ал, Жұмадық хан болса, өзінің беклербегі болған Ғазы бимен бірігіп, Ата жолды бұзғаны үшін, халыққа көп қиянат көрсеткені үшін ру, тайпа басшалары Ғазы биді өлтіріп, өздері Жұмадық ханнан қашып кетеді [14, с. 141.]. Әрине, бұл жерде Жұмадық хан мен Ғазы бидің Йасауи жолынан бас тартқаны туралы нақты айтылмайды. Бірақ Ғазы бидің халық кешірмейтін күнәсі болмаса, халықтың оны жазалауға батылы бармаған да, Едігенің өзге ұлдары мұндай бассыздыққа жол бермеген де болар еді. Мысалы, Барақ хан Мансұр биді Хиуада өлтіргенде Едігенің ұлдары Кіші Мұхаммедтен әскер әкеліп, Барақ ханды майдан даласында өлтіргені белгілі. Ғазы би өлтірілгенде Едігенің балалары ешқандай әрекетке барған жоқ. Соған қарағанда, Ғазы бидің кешірілмес күнә жасағаны анық.

Жұмадық хан болса, өзінен бөліне көшкен халықты жазаламақ болып, соңынан қуа барып, ұрыс салғанда майдан даласында өліп, хан тағы билеушісіз қалады. Халық сол кезде билердің басшылығымен он жеті жастағы Әбілхайыр ханды таққа отырғызды. Осы оқиға қазақ тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Едіге өлген соң бірлігі ыдыраған халық, қайтадан ел болып, бас біріктіріп, туын көтерді. Осы оқиға қазақ тарихындағы шешуші кезеңнің бірі болды. Осы Әбілхайырды таққа отырғызғаннан кейін мемлекеттік жүйені қайта құру шаралары жүргізілді. Рулық, тайпалық жүйелер реттеліп, жүздік құрылымдарға біріктірілді. Өзбек хан тұсындағы мемлекеттік жүйе толығымен қайта қалпына келтірілді. Бірақ бұл жолы Өзбек хан кезіндегі Жошы ұлысының бар халқы бұл мемлекет құрамына ене алған жоқ. Өйткен, Жәнібек ханнан кейінгі кезеңде діни-рухани үдерістер мен соның салдарынан болған саяси оқиғалар түркі халықтарының батыс бөлігін Шығыстағы қандастарынан оқшаулап үлгерген еді. Бұл кезең халқымыз тарихындағы шешуші кезеңнің бір болғандықтан шежіре уақыт шындығына орай қайта түзілген болатын.

Осы оқиға «Өзбек шежіресі» атты шежірелерінде былайша кескінделеді: Нұх пайғамбардан Алашқа дейін он Ата, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Қазақ, Қазақтан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр. Ал, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс болып, қазақтың үш жүзі тарайды [15]. Енді осы шежірені тарқатып, талдар болсақ, онда осы тізбекте аты аталған тұлғалар артында нақты тарихта өмір сүрген кісілер тұрғанын көруге болады. Бірақ әзірге біз олардың анық қайсысының кім екенін ашып айтып бере алмаймыз. Алайда, сол кезеңге қатысты тарихи деректерді саралар болсақ, онда сол аты аталған кісілер ішінен кімнің кім анықтау мүмкіндігі бар. Бұл шежіренің бұдан алдыңғы кезеңдерде жазылған шежірелерден басты ерекшелігі – мұнда Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейінгі этникалық үдерістердің нақты көрсетілуі. Мысалы, Алаштан басталатын шежіреде «Алаштан Жайылхан, Сейілхан» – деп бөлінеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей Әбілхайырдан басталатын шежіреде Алаштан тарайтын Сейілхан аты аталмайды. Демек, бұл шежіре осыған дейін бірге болған түркімендердің Әбілхайырды хан көтеріп, қайта топтасқанда түркімендердің бөлініп кеткендігін көрсетіп тұр. Ал, Жайылханның баласы Қазақ, Қазақтан Жұман. Осы Қазақ құрамында әлі этникалық жіктелуге түспеген қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ халықтары бар. Бұл жердегі Қазақ демектің мәнісі Жәнібек ханның діни-иделогиялық саясатына қарсы шығып, Йасауи жолын берік ұстанған халық ретінде өзінің діни-рухани, мәдени еркіндігін сақтап қалған халықты көрсетуінде болып отыр. Шежіре тізбегіндегі Жұманның Жұмадық хан екендігі айтпаса да түсінікті.

Бұл шежіредегі қазіргі қазақ шежірелерінен ерекшелігі - бүгінгі қазақ халқы құрамында кездеспейтін ру, тайпалардың жүздер құрамында болуы. Қазіргі Ұлы жүз құрамында жоқ «мың», «жүз», «қырық» рулары мен қарақалпақ халқы жеке тайпа ретінде осы жүздің құрамында жүр. Ал, «мың», «жүз», «қырық» руларының башқұрт халқының құрамында бар екендігін Р.Кузеев жазған болатын [16, с. 48-57]. Ал, Оңтүстіктегі «мың», «жүз», «қырық» руларының өзбек халқының құрамына сіңіп кеткенін көреміз. Қоқан хандығының негізін қалағандардың бірі Нарбота бидің осы «мың» руынан екендігін тарихи деректер растайды [17, с. 113]. Ал, қарақалпақтардың Тұрсын Мұхаммед ханның заманында Түркістанда бүлік шығарып, қазақ халқы құрамынан қуылғаны, одан басқа этникалық бірлікке айналғаны тарихтан белгілі [17, 406-б. ]. Мұндай саяси, этникалық үдерістер астарында діни, рухани үдерістер жатқанын әлі күнге тарихшылар есепке ала бермейді. Сол себепті, біз ендігі кезекте діни-рухани үдерістердің Өзбек ұлысы тағдырына қаншалықты ықпал еткеніне тоқталып көрелік.

Ол мемлекет туралы ортағасырлық тарихшы Махмуд ибн Уали былай деп жазды: «Жәнібек хан өлген 758/1356-57 жылдан 835/1428-29 жылға дейінгі аралықта Дешті Қыпшақтағы патшалық тағына ақылды, әрі табанды басшы табылмады. Соның себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожырады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қиналғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын жарық қылатын, дін мен мемлекет ісін қалпына келтіретін жаңа жұлдызды көкжиекке шығарды. Ол Әбілхайыр хан еді. Дүние қайта жарыққа толды. Бүлінген дүние қайтадан қалпына келді. Қоғамның барлық мүшесінің мүддесі қайтадан қалыпқа түсірілді. Қоғам қайта гүлдене бастады. Әйгілі Ахметтің жолының заңдары мен Мұхаммедтің діні қайта гүлдеді [14, с. 346.].» Осы бір кішкене үзіндінің өзі ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолының Алтын Орда мемлекетінде қандай роль атқарғандығын, Әбілхайырдың сол жолды қайтадан қалпына келтіргендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, бұл Жошы ұлысындағы халықтардың басын біріктірген негізгі арқау Йасауи жолы болғандығын, рухани фактордың шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сол Әбілхайырды таққа отырғызып хан көтерген кімдер еді, соған тоқталайық. Мас‘уд ибн ‘Усман Кухстанидің «Тарих-и Абу-л Хайр-хан-и» атты еңбегінде мынадай кісілердің аттары аталады: «Барлық әскербасылар, даңқты Пайғамбар әулетінің өкілдері, «Та» және «Йа-Син» (сопылар) өкілдері болды. Олардың ішіндегі ең даңқтылары Құл Мұхаммед сейіт және Қара сейіт(Алла олардың қабірін жарық етсін.) және Бұзұнжар би қият, Уаққас би маңғыт, Шайх софы оғлан, Сатұғ би, Сүйініш би, Қара Кедей дүрмен, Ақ Софы найман, Шайх Софы найман, ... Жүсіп Қожа өкіреш найман, Қажы Мырза шат, Бахты Қожа ұйғыр, Орыс қоңырат тағы басқа ұлы адамдар қуатты әміршінің сарайына келіп, оның жеңімпаз әскерлері мен қызметшілерінің қатарынан орын алды» [14, с. 141-144.]. Бұл дерек сол кездегі Қыпшақ даласын мекендеген түркілер құрамындағы рулар мен тайпалардың басындағы басшылардың барлығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетіп тұр. Демек, ол кезеңде ру, тайпа басында алдымен рухани басшы болғандығын нақтылай түседі. Бұл жерде «сопы» мен «қожа» атауларының дінге қатысы барлығына күмән жоқ. Ал «би» сөзінің түпкі мағнасына күмән келтірушілер табылуы мүмкін. Бірақ «би» - деп орта ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және ол қазақ даласындағы діннің өмір сүру формасы болған Йасауи жолымен тікелей байланысты екендігін қазақтың көнеден қалған аталы сөздері дәлелдейді. Мысалы:

Батыр деген барақ ит,

Екінің бірі табады.

Би деген ақ шариғат,

Ілуден біреу табады [18, 378-380-бб.].

Немесе «Елге бай құт емес, би құт» деген мәтелдер-ақ бидің қазақ қоғамында аса жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Бұл деректер Әбілхайыр хан басқарған Өзбек ұлысында Йасауи жолы салтанат құрғанын дәлелдейді. Әбілхайыр хан Йасауи жолына адал болған кезеңде оның тасының өрге домалап, ешкімді бет қаратпағаны тарихтан белгілі. Алайда, 1446 жылы Әбілхайыр ханның Сыр бойындағы қалаларды жаулап алуы, Сыр бойындағы Сығнақ қаласына өзінің ордасын орнатуы оны мемлекетті басқару саясаты мен мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертуге итермеледі. Өйткені, ол осы жерде нақшбандийа тариқаты өкілдерінің ықпалына түседі. Бірақ жазба деректерде Әбілхайыр ханның Сығанақта кіммен кездескені туралы нақты дерек жоқ. Бірақ бүкіл Өзбек ұлысындағы саяси жағдайдың күрт өзгеруі; Әбілхайыр ханның ұзақ жылдар бойына тірегі де, серігі де болған Едігенің немересі Уаққас биді өлтіруі, Арқада Қара қыпшақ Қобландының арғыннның биі – Дайыр қожа-Ақжол биді өлтіруі [19, 24-25-бб.], одан кейін көптеген ру, тайпалардың Әбілхайырдан бөліне көшуі, халық алдында хан тарапынан кешірілмес күнә жасалынғандығын дәлелдейді. Ата жолдан аттап, Антты бұзбаса, Йасауи жолынан бас тартпаса халық оншалықты қатал шараларға бармаған болар еді. Осы оқиға Өзбек ұлысын үшке бөліп, тарих сахнасына үш мемлекетті: Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекетін, Ноғай ордасын шығарды. Өзгенің рухани ықпалын қабылдамаған, түркінің өршіл рухының өзегі болған Йасауи жолындағы халық қазақ атанып, Ата жұртқа ие болып қалды. Ал, нақшбандийа тариқатын қабылдап, соғды-тәжік мәдениетіне мойын ұсынған халық Ата жұртқа сыймай, Мауараннахр жеріне кетуге мәжбүр болды. Ал, ноғайлар болса, қазақ даласының батыс өлкесіне қарай ығысты.

Оған дейін де ноғайлар өз алдына еркін өмір сүргенімен, өздерін шет жерлерге жеке мемлекет есебінде танытқан емес. Өйткені, Едіге ұрпақтары әлі де болса Жошы әулетінен билікке лайық тұлға шығар деген үмітпен, мемлекеттегі саяси билікті хан ұрпағының өкіліне сақтап келді. Өкінішке орай, ондай тұлға шықпақ түгіл, Әбілхайыр ханның, керісінше, нақшбандийа тариқатын қабылдап, абсолюттік билікке ұмтылуы, олардың Жошы ұрпақтары ішінен лайықты тұлға табамыз деген үмітін үзді. Өйткені, Әбілхайыр ханның нақшбандийа тариқатын қабылдап, Йасауи жолынан бас тартуы бұл тек діни-рухани, идеологиялық саладағы өзгеріс емес, сонымен бірге, мемлекеттің бүкіл болмысы мен құрылымдық жүйесіне өзгеріс әкелер күрделі қадам еді. Өйткені, Өзбек ханнан бері қалыптасқан мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен өзгеріске түсу керек болатын. Мемлекетті басқарудың негізгі тетігі саналған билер институты мен олар арқа сүйеген рулық, тайпалық жүйелер өзінің осы күнге дейін атқарып келген саяси мәнінен айырылды. Бар билік хан мен хан әулетінің қолына шоғырлануы тиіс болды. Бұл Қыпшақ даласын жайлаған түркі халықтарының мемлекеттігіне үлкен қауіп төндірді. Мемлекеттің басқару жүйесін құраған хан мен рулық, тайпалық жүйе басшылары – билер арасында туындаған бұл қарама-қайшылық – мемлекетті басқру жүйесін дағдарысқа ұшыратты. Нәтижесінде, Әбілхайыр ханның бұл талабына көнбеген ру, тайпалар басшылары Жәнібек пен Керей сұлтандарды шақырып, Қазақ хандығының іргесін қалады. Бірақ неге екені белгісіз, Ноғай мырзалары Жәнібек пен Керейге ел тізгінін беруге құлықты болмады. Мүмкін, олар Жәнібек ханның әкесі Барақ ханның өз ордасының беклербегі болған Мансұр биді Хиуаны шапқаны үшін көзіне қорғасын құйып өлтіргенін кешіре алмаған болар. Қазір біздің қолымызда нақты дерек жоқ. Алайда, Барақ ханның Мансұр биді өлтіруінде біз біле бермейтін бір себеп бар. Ноғай Ордасын билеген Едіге ұрпақтарының Жәнібек пен Керей сұлтандарды мойындамауына қарағанда, Барақ хан сол XV-ші ғасырдың басында нақшбандийа тариқатын қабылдаған жоқ па деген заңды сұрақты туындатады. Өйткені, сол XV ғ. басында Хорезм жері нақшбандийа тариқатының негізгі орталықтарының бірі болып үлгерген еді. Ал, Ноғай мырзалары одан кейін қанша уақыт Жошы әулеті өкілдерін хан қылмақ әрекетінде болды. Олардың соңғы үміті Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани еді.

1472 жылы Мұхаммед Шайбани Бұхарада болып, Сығанаққа қайта оралғанда, оны Мұса мырза шақыртып алады. Мұса оны хан сайламақ пиғылы барлығын жасырмайды. Ноғай мырзалары Мұхаммед Шайбаниға ханға көрсетілетін барлық құрметті көрсетіп, қарсы алады. Мұхаммед Шайбанидың Мұса мырзаға келгенін есіткен Қазақ хандары оларды ұстап әкелу үшін Бұрындық бастаған 1000 кісіні Дешті Қыпшаққа аттандырады. Алайда, жеңіліп кері шегінеді [20, с. 44.]. Осы соғыстан соң, Мұса мырзаның Мұхаммед Шайбаниға ықласы өзгеріп, оны хан көтеруден бас тарты. Ол әмірлерімен ақылдасқанда, олар: «Көне дәуірден бері қазіргі күнге дейін маңғыт билері сайлаған хан маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса, жолы ашық [14, с. 104.]», – дейді. Мұса өз билерінің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниды хан көтеруден бас тартты.

Бұл бір жағынан ноғай мырзалары осы оқиғаға дейін саяси билікті қолдарына алуға әлі шешім қабылдамағанын көрсетсе, екінші жағынан, осыған дейін Қыпшақ даласында бірнеше мемлекет қатар өмір сүргенімен, ол хандықтар құрамындағы халықтар арасында бірнен-бірін ерекшелейтін ешқандай этникалық ерекшеліктердің әлі туындамағанын көрсетеді. Әбілхайыр ханның өзге сопылық жолды – нақшбандийа тариқатын қабылдауы Қыпшақ даласын мекендеген түрі тайпаларының одан әрі этникалық бірліктерге жіктеген басты оқиға болды. XVI ғасырдағы қыпшақ даласының этносаяси құрылымын суреттеген Фазаллах ибн Рузбехан Исфахани былай дейді: «Үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Олар Шыңғыс хан иелігіндегі ең мықтылар. Қазір олардың бірі – шибанилер; екіншісі – қазақтар. Олардың даңқы күші мен батырлығының арқасында әлемге тараған. Үшіншісі – маңғыттар. Бұлардың хандары бір-бірімен әр кезде егесіп келеді, бір-бірінің иелігіне қол сұғумен келеді. Олар бірін-бірі жеңсе, қолға түскендерін құлдыққа сатады, тұтқынға алып кетеді» [21, с. 47-48]. Бұл жерде автордың сол кезеңдегі саяси этникалық процестерді дәл суреттегенін көреміз.

Одан кейінгі кезеңдерде Шыңғыс хан ұрпақтарынан толық күдер үзген Едіге ұрпақтары мемлекеттік саяси билікті толығымен өз қолдарына алып, мемлекетті жеке билеуге көшті. Бірақ оларға өздері йасауийа тариқатында бола тұрып, мемлекеттік билікті қолға алуы рухани-адамгершілік тұрғысынан қатты қинағанға ұқсайды. Өйткені, йасауийа тариқатында хан билігі әр кезде киелі саналды. Ол тек Шыңғыс хан ұрпақтарына тиесілі болатын. Ол шектен ешкім асып кете алмайтын. Сол себепті, Едіге ұрпақтарының Ноғай Ордасының тағына отыруы заңсыз болып саналды. Олардың бұл жағдайдан шығуының бір ғана жолы болды. Ол жол олардың Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдауы еді. Сөйтіп, олар да Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдайды. Олардың нақшбандийа тариқатын қабылдағанын князь Юсуповтар әулетінің «Поколенная запись» атты шежіресіндегі деректерден көруге болады. Ол шежіреде олардың арғы аталары Баба Туклас-Баба түкті Шашты Әзиздің Пайғамбар халифасы Абу Бакр Сыддық әулетінен екендігі жазылған [22, с. 94-97]. Ал, нақшбандийа тариқаты өздерінің рухани бастауын Мұхаммед Пайғамбардың халифасы Абу Бакр Сыддықпен жалғастыратынын ескерсек [23, с. 367], онда Едіге ұрпақтарының да нақшбандийа тариқатын қабылдағанына көзіміз жетеді. Өйткені, кейінгі ғасырларда нақшбандийа тариқатын қабылдап қазақ жүздері қатарынан шығарылған этникалық топтар да өз шежірелерін осы Абу Бакр Сыддықтан тарататынын көреміз. Ал, Едіге би мен оның арғы атасы Садр ад-дин шайх Баба Тукластың Қарахандық билеушілер әулетінен шыққан Отрардың соңғы ханы Хасан ибн Абд ал-Халық ханның төртінші ұрпағы екендігін қарахандық қожалар әулетінің шежіресінде жазылған[6, 136-139 ққ]. Осылай Әбілхайыр ханның нақшбандийа тариқатын қабылдауы Қыпшақ даласындағы рухани тұтастықты бұзып, халықтардың рухани-мәдени жіктелуіне ықпал етті. Ол өз кезегінде Қыпшақ даласын мекендеген түркі тайпаларының этникалық картасының өзгеруіне әкелді. Қазіргі күнгі өзбек, қазақ, ноғай халықтарының кезінде бір халық болғандығын олардың құрамындағы ру, тайпалардың біртектілігінен, халық санасында сақталған халық ауыз әдебиеті үлгілерінен-ақ көруге болады.

Ата жұрттан қуылып, пана таппаған Мұхаммед Шайбани мен інісі Махмуд Сұлтан көп жылдар бойы Орталық Азияны шарлап, бірде моғолдық билеушілерді, бірде Әмір Темір ұрпақтарын, бірде Хажы Тарханды паналай жүріп, XV ғасырдың соңғы ширегінде Темір ұрпақтары арасындағы қайшылықты пайдалана отырып, Мауараннахрдағы билік үшін күреске белсене араласты. Темір ұрпақтарының ши‘алық бағыттағы кубравийа тариқатына бет бұруы Мауараннахр халқының Темір әулетінен теріс айналуына әкелді [20, с.69]. Осы жағдайды өз пайдасына шеше білген Мұхаммед Шайбани XV ғасыр соңында Мауараннахр тағына ие болды. Оның үстіне нақшбандийа тариқатын қабылдап, парсы мәдениетін мойындаған Мұхаммед Шайбани да [20, с. 80-81.], оның соңына ерген халық та Мауараннахар халқы үшін оншалықты бөтен бола қойған жоқ. Алғашқы кезеңде түсінбеушілік болғанымен, Темір ұрпақтарының өз бетінен қайтпауы Мауараннахр халқын Мұхаммед Шайбани билігін мойындауға мәжбір етті. Осы күрестің нәтижесінде Мауараннахр жерінде Шайбанилер мемлекеті тарих сахнасына шықты. Шайбанилер мемлекетінде бар билік хан әулеті өкілдерінің қолына шоғырландырылды. Бұл бір жағынан Шыңғыс хан кезіндегі мемлекетті басқару жүйесін қалпына келтіру болып көрінді. Хан өлсе, оның орнын сол әулет ішіндегі жасы үлкені хан тағына отыруға тиіс болды. Бірақ бұл ішкі мазмұны жағынан мемлекетті басқарудың ирандық жүйесін қабылдау еді.

Ру, тайпа басшылары қолында бұрынғыдай мемлекеттік іске араласу құқы мен қоғамның ішкі қайшылықтарын реттеуші қызметі болмағанымен, олардың еркіне өз қандастарына билік жүргізу құқы қалдырылды. Олардың бүлік шығармауы үшін хандар ру, тайпа басшыларымен санасуға мәжбүр болды. Бірақ мемлекет билігі толығымен хан қолына шоғырландырылды. Мұхамммед Шайбанидың түпкі мақсаты орындалып, абсолюттік билікке қолы жетті. Алайда, Мұхаммед Шайбани де, оның соңына ерген халық та біртіндеп өз ата-бабаларынң дәстүрлі мәдениетінен, түркінің өршіл рухынан біртіндеп айыла бастады. Қыпшақ даласынан келіп, Мауараннахр жеріне сіңген, сол мәдениетті қабылдаған өзбектің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын XIX ғасырдағы орыс зерттеушісі В. Наливкин былайша суреттейді: «Узбек-кочевник всегда гордившейся своим образом жизни и относившиися с пренебрежением ко всякому другому роду занятий, кроме войны и скотоводства, с совершенно таким же пренебрежением стал относиться и к тому своему собрату-единоплеменнику, который презрев обычаи отцов, бросил войлочную юрту, поселился в глиняной хижине, стал пахать и сеять, разводить деревья, ткать, делать глиняную посуду и т. п.; самом же непродолжителном времени оседлый узбек стал в отношении узбека-кочевника, являвшего собою тогда еще громадное большинство, каким-то отщепенцем, к которому относились свысока, с пренебрежением, всегда давая чувствовать свое превосходства, выражавшееся и большой свободе действий, и в большой войнственности, поддерживавшейся особенностями образа жизни и, накоец, в истекшем отсюда же несравненно большем политическом значении. Эта быстро установившаяся, сначала бытовая, а затем и нравственная, рознь была настолько велика, что всем осевшим узбекам, не взирая на то, из какого узбекского рода они происходят, было дано общее нарицательное имя сартов, которое впоследствии распростронилось на все вообще оседлое туземное население, т. е. одинаково как на оседлых узбеков, так равно и на таджиков. Нередко случается и теперь слышать в разговоре, что такой-то киргиз (казах)сделался сартом» [24, с. 32].

Бұл жерде біз үзіндіні зерттеушінің ойы бұрмаланбауы үшін, қазақ тіліне аудармай сол күйінде бергенді жөн көрдік. Өйткені, автор Түркістан жеріндегі этникалық процестерді барынша дәл, әрі шынайы бергенін көреміз. Алайда, автор халық санасындағы мұндай өзгерісті тек өмір салты мен экономикалық жағдайының өзгеруімен ғана байланыстыруы жеткіліксіз екендігін түсіне бермейді. Қыпшақ даласынан келіп Мауараннахр жеріне орналасқан көшпелі өзбек өзге халыққа айналу үшін ең алдымен өзінің діни танымын өзгертіп, түркілік мәдениеттің өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдауы керектігін түсіне бермейді. Кез-келген адам өзінің діни танымын өзгертпейінше, өзінің рухани-мәдени қайнарларынан қол үзбейді. Оған мысал ретінде, жүздеген жылдар қалаларда тұрып, әлі күнге қазақ халқының құрамында қалған Сыр бойындағы көне қалалар тұрғындарын айтуға болады.

Шайбани хан мен оның соңына ерген көшпелі өзбектер Қыпшақ даласынан кетіп қойған жоқ, сонымен бірге, олар өздерін Қыпшақ даласымен байланыстырып тұрған рухани көпірді де бұзды, сөйтіп басқа мәдениетке бет бұрды. Бірақ олар ол кезде бұл Мауараннахр жеріндегі Шыңғыс ұрпақтарын мемлекеттік биліктен айырар жалпы түркі халықтарының мемлекеттілігіне қауіп төндірер жол екенін сезген жоқ. Мұхаммед Шайбани хан Мауараннахр тағына отырған кезден араға жүз жыл салып, оның соңына ерген өзбектер өздерінің дәстүрлі мәдениетінен толық қол үзген кезде Шыңғыс хан әулеті билігінің киелілігі туралы ұғым да өз маңызын жойды. XVII ғ. басында Шайбанилер мемлекетінің іргесі сөгіліп, Шыңғыс хан ұрпақтары Мауараннахр жерінде саяси биліктен кетуге мәжбүр болды.

Өзбек ұлысының үшке бөлініп, жеке хандықтарға айналуы ру, тайпалардың іштей бөлініп, жіктелуіне әкелді. Ұстанған діни бағытына қарай кімді, қайсы діни-саяси топты қолдайтынына байланысты ру, тайпалар іштей жіктеліп, осы үш мемлекет құрамына бөлініп кетті. Біз оны қазіргі қазақ, өзбек, ноғай халықтарының құрамындағы ру, тайпалардан көре аламыз. Бұл Өзбек ұлысы халықтары ішіндегі жіктелу жоғарғы билік жүйесі өкілдерін ғана емес, сонымен бірге, жай халық арасын да қамтығандығын көрсетеді. Мысалы, қоңырат, қаңлы, қыпшақ, найман, қыпшақ тайпаларының өкілдері қазақтың құрамында да, өзбектің құрамында да, ноғайдың құрамында да бар. Егерде бұл рухани жіктелу Өзбек ұлысындағы билік жүйесі өкілдерін ғана қамтыған болса, онда белгілі тұлғалар соңынан соларға қарасты ру, тайпалар ғана ілесіп, ру, тайпалар іштей бөлінбеген болар еді. Бұл сол кезеңдегі діни-идеологиялық тіке-тірестің жалпы ұлыс халқын түгел қамтығандығын көрсетеді.



Өзбек ұлысының ыдырап, үш халыққа бөлінуі мемлекеттің басқару жүйесінің негізгі тірегі болған билер институтына да кері ықпалын тигізді. Билер институты күрделі өзгерістерге ұшырады. Ол өзгеріс Едіге ұрпақтарының, олармен бірге жалпы Орта жүзге рухани жетекші болып, билік жүргізген Қарахандық билеушілер әулет өкілдері – қарахан қожалардың халықтан бөлініп, Едіге ұрпақтарының соңынан кетуі Орта жүздің ру, тайпаларының мемлекеттік билік жүйесіндегі мүддесін қорғайтын өкілдерісіз қалдырды. Бұл мәселе сол кезеңдегі Йасауи жолының негізін құрайтын Ысхақ баб ұрпақтары тарапынан оңтайлы шешілгенін көруге болады. Бұдан кейінгі кезеңде Орта жүзге пір болу Ысхақ бабтан тарайтын Бақсайыс қожа әулеттерінің қолына тиді. Бұл оқиға «Темір-нама» атты киелі тарихта былайша баяндалады: «Бірде Саййид Ата ұйықтап жатқанда түсінде Зеңгі Ата аян беріп, «Дешті Қыпшаққа барып, халқын исламға кіргіз!- деп бұйырады. Саййид Ата ертесіне шәкірттері Қасым шайх, Хадым шайх, Бақсайысты алып, Дешті Қыпшаққа аттанады. Дешті Қыпшақ ханы Құсырау Құлалға келіп, өздерінің пірлері Зеңгі Атаның бұйрығымен Дешті халқын ислам дініне бет бұрғызуға келгенін айтады. Құсырау Құлал ислам дінін қабылдамас бұрын өзінің бұларға қояр үш шарты барын айтады. «Егерде үш шартты толық орындасаңдар, ислам дінін қабылдайық. Бірінші шартымыз – бір палуанымыз бар, оны жеңесін; екінші шарт – бір есі ауысқан қызымыз бар, оны жазасын; үшінші шарт – біреулеріңіз біздің дінбасымызбен бірге тандыр ішіне түсіп, отта отырасыздар,» – дейді. Саййид Ата үш шартты да қабыл алады. Қасым шайх палуанмен күресіп, оны жеңеді. Хадым шайх тандырға түсіп аман шығады. Саййид Ата өзі есі ауысқан қызды жазып, сауықтырады. Хан бүкіл халқымен Саййид Атаға мүрид болып, қызмет қылады. Бір күні Саййид Ата Бақсайсты ертіп, Хұсырау ханмен бірге аңға шығады. Сол кезде Саййид Атаға Хұсырау ханның аттан құлап, өлетіні аян болады. Саййид Ата Бақсайысқа ханды құлатпай көтеріп алуды бұйырады. Бірақ ханның жүрегі жарылып, бір сағат өліп, қайта тіріледі. Саййид Атаның бұл қызметіне риза болған Хұсырау хан Сахып Жамал атты қызын Саййид Атаға нәзір қылады. Саййид Ата қызды Бақсайыс Атаға қосып, өзін Дешті Қыпшаққа қалдырып, өзі кері Хорезмге қайтады [24]». «Темір-нама» қолжазбасындағы Дешті Қыпшақты исламдандыру жөніндегі деректер осы. Әрине, біз бұл жерде айтылғандардың тарихи шындығынан көрі аңыздық сипаты басым екендігі анық. Дешті Қыпшақта Хұсырау Құлал атты ханның болмағаны да тарихтан белгілі. Алайда, бұл тұлғаның Қасым ханның прототипі болу ықтималдығы жоқ емес. Ал, Қасым шайх, Хадым шайх, Бақсайыс Аталардың тарихта болғандығы күмән тудырмайды. Олар туралы «Ламахат» сияқты йасауийа тариқатының тарихына арналған шығармаларда баяндалады. Оның үстіне олардың жерленген жерлері, олар жөніндегі киелі аңыздар халық арасында жиі айтылады. Мысалы, Қасым шайх пен Бақсайыс Атаның жерленген жері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы территориясында. Ал Хадым шайхтың жерленген жері әзірге белгісіз. Осы үш шайхтың қазақ шежірелеріндегі Қазақ хандығы өз алдына отау құрып, жеке ел болған кезеңдегі қазақтың үш жүзіне пір болған шежірелердегі Байшора, Жаншора, Бекшора болуы әбден ықтимал. Бақсайыс Атаның Дешті Қыпшаққа пір болуына қарағанда, Орта жүзге пір болған Жаншора деп атауға болады. Өйткені, Бақсайыс қожалар әулетінің өкілдері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Орта жүздің жиырма алты руына діни қызметкерлерді Бабата медресінде дайындап келгені тарихи шындық [24]. Олай болса, бұл «Темір-намадағы» деректің тарихи негізі барлығын көрсетеді.

Бұл айтылғандар Қазақ хандығының алғашқы жеке мемлекет болып, шаңырақ көтерген кезеңі оншалықты оңай болмағанын байқатады. Бұл жерде Йасауи жолы өкілдерінің халықтың рухани тұтастығын сақтау жолында күрделі қадамдар жасағанын көреміз. Әдетте, Ысхақ баб әулеті өкілдері Ұлы жүз бен хан әулетіне пір болатын. Ал, Қарахандық билеушілер әулеті өкілдері Орта жүзді тастап кеткен кезде, Ысхақ баб әулеті өкілдерінің түркінің рухани тұтастығын сақтау үшін өз өкілдерін Орта жүзге апарып, халықтың одан әрі жіктелуіне мүмкіндік берген жоқ. Осы кезеңде хандар да билер ықпалынан шықпады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің ішкі жағдайының тұрақталуына мүмкіндік берді. Ең бастысы қазақ халқы түркінің діни-рухани, мәдени болмысының өзегі-Йасауи жолын сақтап қалды. Алғашқы кезеңде Керей хан да, Жәнібек хан да бұлғақтамай Қазақ хандығының нығаюына, өркендеуіне қызмет етті. Бұл кезеңдегі рухани жіктелушілік туралы қазақ шежірелерінде де, өзге жазба деректерде де мәлімет жоқ. Жәнібек ханнан соң таққа отырған Бұрындық ханның халықпен сыйыса алмай шайбанилерге кетіп қалғандығы айтылады. [14, с. 222]. Оның орнын Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан басты. Әдік сұлтаннан соң қазақ хандығының тағына Қасым хан отырды. Қасым ханның Қазақ хандығын нығайту жолындағы жанқиярлық еңбегі мемлекетті Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттің біріне айналдырды. Осы Қасым хан кезінде «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң қабылданып, сол атаумен тарихқа енді. «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдануы туралы академик Ә. Марғұлан былай дейді: «Қасым хандық құрған кезде (1511-1523) ел басқару ісінде қолданылған әдет-ғұрып заңдарының ережелері. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. 15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде жүргізіп, шариғат қағидасына бойұсынуды уағыздайды. Бірақ уақыттың көбін мал бағумен өткізетін халық бұқарасына шариғат қағидалары қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл тарихи уақиғаларды жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «жарғы» заңын жаңадан күшейтті [27, 104-б.]». Бұл жерде академик Ә.Марғұланның сол кезеңдегі діни-рухани ахуалды дәл анықтағанын, «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдану себептерін толық түсінгенін көруге болады. Бұл мемлекет туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиде» былай деп жазады: «Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақты бағындырды. Жошыдан кейін ешкім бұлай (Дештіні) бағындырған жоқ еді. Мысалы, оның мың-мың (миллион) әскері болды [28, с. 349]». Сондай қуатты мемлекетке айналып үлгерген Қазақ хандығы Қасым хан өлгеннен-ақ, іргесі сөгіліп, ыдырай бастады. Бұл жөнінде де М.Хайдар Дулати жазбаларында: «924/1518 жылдан соң Қасым хан мәңгілікке аттанған соң қазақ сұлтандары арасында күрес басталды. Қасым ханнан соң Манаш хан болып еді, ол бір соғыста тұншығып өлді. Одан соң Әдік сұлтанның баласы Тахир хан тағына отырды. Ол өте қатал қайырымсыз адам болды. Оның қарамағында 400 мың адам бар еді. Бәрі бірден теріс қарап, кетіп қалды. Ол қырғыздардың арасында жалғыз қалды, қайыршылықта өлді. Отыз мыңдай адам Моғолстанға қайта жиналды. Бұйдаш оларға хан болды. Міне, төрт жыл болды олардан ешкім қалмады. 930/1524 жылы миллион халықтан 944 жылы ешкім қалмады, – деп жазылған [28, с. 349]. Қазақ хандығы басына түскен мұндай қиындықтың себебі неде? Ханға не болды, халыққа не болды? Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. «Қазақстан тарихында» да бұл сұраққа толық жауап жоқ [29, с. 375-377]. Бұл сұрақтарға орта ғасырлық тарихи жазбаларға сүйене отырып жауап беру қиын. Өйткені, ол жазбалар көбіне тарихи оқиғаларға мән беріп, соларды тізіп жазғанымен, сол тарихи оқиғалардың туындауына себепші болған рухани процестерді ескере бермейді. Мысалы, біз жоғарыда атап өткен йасауийа тариқатының қазақ халқының тарихи тағдырындағы орнына байланысты жазған пайымдауларымызды бірде-бір тарихи жазбалардан кездестіре алмаймыз. Тек, «Шыңғыс-нама», «Темір-нама» сияқты қолжазбалар мен қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадындағы деректерге қарап рухани процестердің қазақ тарихындағы күрделі бетбұрыстарда шешуші фактор болғанын айқындай аламыз. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт, йасауийа тариқатының қазақ ру-тайпаларымен біте қайнасып кетуімен, сол ру-тайпалардың ажырамас бөлігіне айналуымен ерекшеленеді. Қазақ рулары қазақ даласына тараған қожа әулеттерімен тығыз байланыста болды. Рудың әрбір мүшесі йасауийа тариқатының да мүшесі еді. Әр рудың, жүздің рухани басшысы, пірі болатын. Қазақ даласындағы бүкіл билік сол билер қолында болды. Ол билікті шариғат заңдарына сай жүргізіп отырды. Себебі, бұл мәселе Алтын Орда дәуірінен қалған, қалыптасқан жүйе болатын. Ал, шариғат заңдарына қайшы келетін хан жарлықтарының өзі іске аспай қалатын. Сол себепті, Қазақ даласында билер сөзі әр кезде шешуші мәнге ие болды. Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханның билер талабын орындамағаны үшін қандай жазаға тартылғаны, халықтың көпшілігі ханға теріс қарап, Жәнібек пен Керей хандар соңына еріп, Қазақ хандығын құрғанын жоғарыда айтып өттік. Өкінішке орай, Қазақ хандары Әбілхайыр хан қателігінен сабақ алмады, халықтың иман бірлігімен ойнауға болмайтынын түсінбеді. Қасым ханның жіберген бір қателігі бүкіл халықтың, мемлекеттің тағдырына кері әсерін тигізді.

Бұл жерде Йасауийа мен нақшбандийа тариқаттары арасындағы тартыс Қазақ хандығының тағдырына кері әсерін тигізген негізгі фактор болды десек артық айтқан болмаймыз. Жоғарыда айтқан Қасым ханның жіберген қателігі осы нақшбандийа ағымын қазақ даласына әкелуімен, таратуымен байланысты болды. Ол жөнінде Мұхаммед Талибтің «Матлаб ат-Талибин» атты шығармасында мынадай деректер келтіріледі. Онда 1512 жылы Сефифидтік Иранның Наджи-сани бастаған әскері мен Бабыр бастаған әскер Бұхара қаласына баса-көктеп кіргені, одан қашқан джуйбарий шайхы Ислам қожа Қасым ханды келіп паналағаны, Қасым ханның сол кезде нақшбандийа шайхы Абу Бакр Са’дтың мүриді болғаны жазылған [30, с. 103]. Міне, осы кезден бастап, нақшбандийа ағымы қазақ даласына тарала бастайды. Қасым хан өлген соң, халық оның ұлы Мамаштан бастап хан деп танудан бас тартады. Тахир, Бұйдаш хандардың Қазақ халқына билік жүргізе алмай қырғыздарға барып хан болу себебі осыған байланысты. Мұхаммед Хайдардың да «Қазір бір де бір қазақ қалмады», -деп жазуы да сондықтан. Қазақ халқы Хақназар тұсында қайтадан топтасып, қуатты күшке айналды. Соған қарағанда, Хақназар хан қайтадан Йасауийа шайхтарына мойын бұрған болса керек. Ал, Шығай хан мен оның балалары Тәуекел мен Есім сұлтандардың толығымен нақшбандийа тариқатына мойын ұсынғанын жазба деректер растайды. Мысалы, Шығай хан тағына отырған Тәуекел өзінің 120 баласымен нақшбандийа шайхы Қожа Исхаққа мүрид болғанын жазады. Бірақ, кейіннен ол ойынан бас тартып, қайтадан Түркістандағы Йасауийа шайхтарының біріне мүрид болғаны жазылған [31, с. 97].

1598 жылы Тәуекел Мұхаммед хан Бұхара қаласы үшін болған соғыста жарақаттанып, көп ұзамай қайтыс болды. Оның орнына хан тағына Есім хан отыруы керек еді. Бірақ, Есім хан сайланбай, оның орнына Тұрсын Мұхаммед хан сайланады [32, с. 213]. Қазіргі күнге дейін тарихта Тұрсын ханның шыққан тегі туралы қалыптасқан пікір жоқ. Оның қайдан шыққандығы туралы жазба деректердің өзінде де пікір бір ізді емес. Оны бірі аштарханидтер әулетінен, Йар Мухаммад ханның ұлы десе, енді бірі Қасым ханның ұлы Жалым сұлтанның баласы делінеді. Бірақ әлі күнге нақты дерек жоқ [32, с. 213-215]. Бірақ, Тұрсын Мұхаммед ханды Тәуеккел Мұхаммед ханның ұлы деп айтуға негіз бар. Мысалы, Әбілғазы 1625 жылы Хорезмнен қашып, Түркістанға, Есім ханға келіп паналағанда, Есім оны ертіп Тұрсын ханға апарады. Сонда Есім хан Тұрсын ханға «Бұл Әбілғазы Жәдігер хан әулетінен. Бұлардан ешкім әлі күнге бізге қонақтап келген жоқ. Біздер оларда көп болдық. Сондықтан бұл сіздің қасыңызда болғаны дұрыс» – деп, Тұрсын ханның қасында қалдырады. Бұл жерде Есім ханның сөзіне қарағанда екеуінің арасында туыстық қатынас бар екендігін аңғару қиын емес. Сонымен қатар, Тұрсын ханның йасауийа тариқатында болуы да оның Тәуекел Мұхаммед ханның ұлы болу мүмкіндігін күшейтеді. Өйткені, Тәуеккел Мұхаммедтің өзінің 120 ұрпағымен қайтадан йасауийа тариқатына өткенін еске алар болсақ, онда Тұрсын Мұхаммедті осы әулет өкілі деп тануға болады. Бұл жерде Есім сұлтанның хан сайланбай, орнына Тұрсын Мұхаммедтің хан сайлануында сұлтандардың діни көзқарасының шешуші роль атқарғанын көруге болады. Есім сұлтанның қазақ халықына жат, нақшбандийа шайхтарына мүрид болуы, қазақтардың одан бас тартуына әкелген сияқты. Одан кейін Есім сұлтан болса қазақтарға өкпелеп, Моғолстан ханы Абд ар-Рахим ханға кетуге мәжбүр болады [14, с. 410-418]. Кейіннен қырғыздарға барып хан болады. Тұрсын Мұхаммед хан әкесі Тәуекел Мұхаммед ханның діни бағытын жалғастырғанын тарихи құжаттар айғақтайды. Тұрсын Мұхаммед Йасауийа шайхтары мен «Әзірет Сұлтанның» уақфтық жерлерін мойындаған санаулы хандардың бірі. XIX ғасырдағы орыс зерттеушісі П. Лерх 1867 жылы Түркістанға келген сапарында шайх ал-ислам Насрулланың қолында хижраның 1035 жылы Тұрсын Мұхаммед ханның Қожа Ахмед Йасауи ұрпақтарына берген уақфтық құжаттары бар екендігін көріп, ол туралы өз жолжазбасында жазады [33, 30-б.]. Оның үстіне Тұрсын Мұхаммед ханның нақшбандийа шайхтарының қазақ даласына өтуіне тыйым салуы, Тұрсын Мұхаммедтің йасауийа тариқатында болғанын, өзге діни ағымның ел ішіне келуге тыйым салу арқылы елдің рухани бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөлгендігін көрсетеді [30, с. 59].

Бірақ, Тұрсын Мұхаммед ханның қарсыластары қарап жатпайды. Нақшбандийа шайхтары Ұлы жүз бен Кіші жүз руларының біраз бөлігін өз ықпалдарына өткізеді. Нақшбандийа ағымының қазақ рулары арасына тез таралуына «азизан» қожаларының ықпалы көп болды. «Азизан» қожалар йасауийа шайхтарының Мауараннахрға келіп, сол жердегі халықтың рухани сұранысына бейімделген, жартылай нақшбандийа тариқатының жолын мойындаған топтан шықты. Бұл топтың алғаш негізін салушы Илмин Баба атты мауараннахрлық йасауийа шайхы болатын [34, с. 77-79 ]. Олар тарапынан Қожа Ахмет Йасауидің Жүсіп Хамаданиге шәкірт болғандығы жөніндегі жалған өмірбаяны шығарылды. Бұл хожағанийа-нақшбандийа тариқаты мен йасауийа тариқатының шыққан негізі бір, хожағанийа-нақшбандийа тариқатының негізін салған Абд ал-Халық Ғыждуани де, Қожа Ахмет Йасауи де Жүсіп Хамадани шәкірттері, сондықтан бұл екі тариқат арасында айтарлықтай ерекшелік жоқ деген қағиданы алға тартты. Бұл жағдай қазақ рулары арасында нақшбандийа ағымының Ұлы жүз бен Кіші жүз арасындағы ықпалының артуына әкелді. Оның үстіне кейбір Йасауийа шайхтарының нақшбандилер қатарына өтуі олардың соңына ерген халықтың өзінің дәстүрлі діни танымынан ажыратып, адастырды. Әсіресе, Мауараннахрмен шектес жерлерді мекендейтін Ұлы жүз, Кіші жүз тайпалары осындай алдауға түсті. Халықтың көп бөлігінің арасында Тұрсын Мұхаммед ханның ықпалы төмендей бастайды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет