ЖАПОНИЯНЫҢ ҮЛКЕН БАСЫЛЫМДАРЫ. Жапон газеттерін географиялық принципке сай әрі таралымына қарай жалпыұлттық және жергілікті деп бөлуге болды. Ал жергілікті басылымдардың өзі іштей региональдық және префектуралық деп жіктеледі.
Жалпыұлттық газеттер: «Асахи», «Иомиури», «Майнити», «Нихон хэйдзай симбун», «Санкэй». Бұл газеттердің бас редакциясы Токиода орналасқан, бірақ басқа қалаларда да басылады. Бұларды әлемдегі ең таралымы жоғары газеттер деп атауға болады (7,5 млн. мен 10 млн. дана аралығында). Региональдық газеттер деп жалпыұлттық және префектуралық басылымдар аралығындағы басылымдарды айтамыз. Олар бірнеше префектураға таралды. «Хоккайдо симбун», «Тюнити симбун», «Ниси Ниппон симбун» атты региональдық газеттер шығып тұрады. Бұлардың тиражы 700 мың мен 2 млн. дана аралығында. Жергілікті газеттер өз префектураларының жаңалықтарын шұғыл түрде жариялап отырған. Осының арқасында, жалпыұлттық басылымдардан қалыспай, қызметтерін жалғастыруда.
Бұл газеттерден басқа спорттық және ағылшын тілінде газеттер, ауыл шаруашылығына, балықшыларға, металургтерге арнаулы газеттер шығып тұрады. Ағылшын тілінде шығатын «Тһіs jараn Тіmеs», «Тһе Dаіlу Үоmіuгuі», «Маіnісһі Dаіlу News», «Аssаһі Еvеnіng News» газеттерінің оқырмандары - жапонның іскер тобы, кәсіпкерлері. Газеттер тиражының өсуі, көлемінің көбеюі - газет тарату ісіне біраз қиындықтар әкелді.
Жапонияда газеттердің 90 пайызы жазылу арқылы таратылады. Газет таратумен айналысатын арнайы мекемелер бар.
«АСАХИ СИМБУН» - ең көне газеттердің бірі. 1879 жылдың 25 қаңтарынан бастап Осакода Рюхэй Мураяма мен Риити Уэно шығара бастаған. 1888 жылы «Асахидің» Токиодағы филиалы ашылды. Мураяма мен Уэно токиолық «Мэдзамаси» газетін сатып алып, «Токио асахи симбун» деп атады. «Асахидің» иелері Жапониядағы газет саласындағы алғашқы кәсіпкерлер еді. «Асахидің» өрісі бірте-бірте кеңейіп, ірі концернге айналды.
«Асахидің» ісін реттеп отыратын арнаулы бюро кұрылған. Бюроның бір бөлімі мерзімді басылымдармен айналысады, екіншісі кітап шығару, таратуды қадағалайды, ұйымдастырады. Әр бөлім өз ішінде бірнеше секцияға бөлінген. Бұл бюро жыл сайын 5млн. иен көлеміндегі баспа өнімдерін сатады. Айына, кварталына, жылына шығатын басылымдарды есептемегенде, үзбей шығарылатын 18 апталық басылымы бар: «Сюкан асахи» (1922 жылы), «Асахи гурафу» (1923 жылы), «Асахи дзянару» (1959 жылы) т.б. 1954 жылы «Асахидің» 75 жылдығына орай, ағылшын тілінде «Асахи ивнинг ньюс»атты кешкілік газет дүниеге келді.
«Асахидің» Жапонияда 61 регионалдық, 226 жергілікті бюросы бар. Сондай-ақ, шетелде де бірнеше бюролары жұмыс істейді. «Асахи» респектабелді газет. Редакция айқай-шу тудыратын тақырыптардан, шаншу сөздерден бойларын аулақ салып, қалыпты тыныштық ұстағысы келеді. Өкіметті сынап-мінесе де, жаймашуақтатып жеткізуге тырысады. «Асахидің» басқалардан ерекшелігі - ақпаратты жан-жақты тексеріп, нақтыланған кезде ғана басуға рұқсат етеді.
«Асахидің» оқырмандары - зиялы қауым, қалталы адамдар. Айтулы компаниялардың осы газетте жарияланатын жарнамаларының оқырман тартуға септігі мол.
Достарыңызбен бөлісу: |