Жасампаздық қиырында



бет10/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43
ЕКІНШІ БӨЛІМ


КІШІ ӘЛЕМ КЕҢІСТІГІНДЕ ДАЙЫНДЫҚ АЛДЫНДА

Белгіленген уақыт болған кезде кеме ішіндегі шамдар жыпылықтап, дабылдар берілді. Бұл жұлдызаралық кеменің өздері көздеп келе жатқан жұлдызға жақыңдағанының белгісі еді. Ғалым-ғарышкерлер енді қарбаласа бастаған. Бұдан бұрын өздері қонып, онда біраз болған Қызғылт ғаламшарға жақындағанда дәл бұлай әбіржімеген еді. Өйткені ол ғаламшар тіршіліксіз болса да, тап Жердей үлкен әрі қыртысты еді. Сондықтан да оған қону оңай болды. Ал ендігі көрініс пен жағдайдың жөні мүлдем бөлек. Бір шөкім бұлттай ғана болып көрінген жұлдыз жүйесі қай қайсысын да о бастан-ақ өзіне баурап алған-ды. Мұндай сұлулықты олар тек маржаннан ғана көрген еді. Маржандай сұлу деп бекерден бекер айтпаса керек, дана қазақ. Ал мына көрініс кеңістіктің бір түкпірінде ұмыт қалып қойған маржан тастар сияқты. Жылт-жылт еткен көріністері көз қарықтырады. Жас кезінен жылт-жылт еткен әдемі жұлдыздарға қараудан жалықпай өскен Тәкен тіпті де тебіреніп кетті. Ол кезде санасы әлі жетілмей тұрса да сол өзі туып өскен ауылда түн мезгілінде жарық жұлдыздарға ерінбей-жалықпай ұзақ қарайтын. Соларды бір көріп қызықтау үшін түн ұйқысын да төрт бөлетін. Ол жұлдыздардың аттарын, Жерден қандай қашықтықта екенін, олардың табиғи қасиеттерін білмей тұрса да соларға қарай ұшып кеткісі келіп қарай беретін, қарай беретін. Оның жұлдыздарға деген махаббаты есейген сайын күшейе түспесе, бір әлсіреген емес-ті. Сол жұлдызды әлемге қарай ұшып барсам деген құштарлық өзін ғарышкерлікке сүйреген. Енді міне, сол жастайынан арман еткен жұлдызаралық сапарында келеді. Бейнебір ертегідегі кейіпкердің орындалған арманы сияқты. Ал ең ғажабы мына көз алдындағы жылтылдаған жұлдыздар мен ғаламшарлардың кішкентайлығы. Кеме қаншама жылдамдықпен зымырап ұшып келе жатса да олар ұлғаяр емес. Сол қалпында жылт-жылт етіп көздің жауын алады. Ғалым-ғарышкерлердің ойларына енді бір кезде кеңістікте болатын нейтрино да түскен. Әдетте, нейтри, но немесе нейтроннан да кіші бөлшектер деген ұғымға ие болған майда бөлшектер жұлдызаралдар тобын түзетін. Ондайлардан ғаламшарлардың түзілуі мүмкін емес делініп келген. Ал мына көрініс ол ойларды көпе-көрнеу жоққа шығарғандай.


Ғалым-ғарышкерлер Ғаламның бір шетіндегі осы бір кіші әлемге жақындаған сайын қарбалас күйге түсті. Тіпті әрқайсысының бойында Жерге қайтып оралғандай да бір сезім пайда болған. Ал екінші жағынан бөтен жұлдызды жүйені, бөтен елді ертерек көруге деген құмарлық та уақыт санап күшейіп барады. Адам баласы қашан да қандай да бір саяхатқа шығуға, жаңа жер, жаңа ғаламшар ашуға құмар. Ғарышкерлердіңбойларында ондай қасиет болмаса, өздері көздеп келген, өздері Қызғылт ғаламшар деп ат қойған ғаламшардың тіршіліксіз екеніне көз жеткізген соң-ақ Жерге қайтып кеткен болар еді. Ұлудай адамнан оның жұлдызды жүйесі, тұратын ғаламшары жайлы жол-жөнекей де, Жерге жеткен соң да біле жатар еді. Жоқ, ғарышкерлер өйтпеді. Қайтпас қайсарлыққа салып, Ғаламнан бір жаңалық таппай қайта оралуды, осыншама уақытты босқа еткізуді намыс санаған. Сол намыс өздерін қамшылап-ақ келген.
Кіші әлемге жақындаған сайын Тәкен ұлудай адамнан оның ғаламшары қандай екенін сұрай түскен. Бұл кезге дейін одан көп нәрсені білсе де, бәрібір, бөтен жердің ой-шұқыры көп дегендей, толғана түскен. Бірақ сұрақ шіркін біте ме. Сағат, минут санап, сұрақтары жауындай жаудыұлудай пендеге. Онымен қоса ендігі негізгі уақыттары да мына басқару пультіне ойысқан. Ұлудай адам да ерекше ширап, пысып, Тәкен қойған сұрақтардың кез кегеніне тез жауап қатумен тұр. Өзі де көп нәрсені айтады. Тек оған мына алапат кеме өзінің ғаламшарынан сәл ғана үлкен болып көрінгендіктен сәл де болса толқиды. Олай толқуына негіз де бар. Стадион пішінді «Ақлағыл» жұлдызаралық кемесінің диаметрі 700 метр болатын. Ал мына кіші әлемдегі ең үлкен деген ғаламшардың диаметрі бір шақырымнан әрең асады. Ал ұлудай адам үшін ол бір ғаламат үлкен ғаламшар. Жер ғаламшары да адамның үлкендігімен, жүру жылдамдығымен салыстырғанда ғаламат бір аспан денесі. Бірақ адамдар Жер шарын ғарыш кемесімен санаулы уақыттың ішінде орай ұшып шыға алады. Бар келбетін анық көреді. Ұлудай адамдар да сондай. Олар тіпті, ғылыми-техникалық прогресс жағынан да жерліктерден асып түседі. Олар кеңістікте, бүлінген кеменің бір бөлігінің ішінде кетіп бара жатып осы кеменің қармағына іліккен жоқ па еді. Ол бөлшек сол бағытпен зымырап ұшып кете бергенде, кім білсін, бәлкім, бір заманда Жермен де ұшырасып онан өз жұлдыз жүйесін бақылап та көрер ме еді. Ұлудай адам үшін кез келген жылы жер тіршілік ортасы емес пе? Оның қазақ ертегілеріндегі, эпостарындағы алып батырлар алып жүретін қалқан сияқты қалқаны да бар. Қорғану қажет болған жағдайда ол арқасына жабысып тұратын қалқанның ішіне сәл жиырыла еніп, қорғана, тыныстай алады.
Ғалым-ғарышкерлер ұлудай адамның ондай қабілетін алғаш рет кеменің қабылдау, ұстап қалу құрылғыларының арнайы жасалған камерасынан көрген. Оның қалқан-қабыршағы сонда қалған еді. Сол қалқан- қабыршаққа мұқият қараған адам онан спиралға ұқсаған жұлдызаралдарды көз алдына елестетер еді. Бірақ ұлудай адам жұлдыз аралдан емес, оның шалғай шетіндегі шөкім бұлттай ғана жұлдыз жүйесінен болып шықты Ол жұлдыздардың бәрі де ергежейлі. Ал ең кереметі, Күн жүйесіндегі тоғыз ғаламшар өз айналым жолдарымен айнала қозғалса, мұндағы ғаламшарлар тобымен айнала қозғалады екен. Бұл да ғарышкерлер ешқашан көрмеген нәрсе. Рас Күн жүйесіндегі ең алып Асқақ ғаламшар маңындағы топтана айналып өздерінше астероидтар белдеуін құрайтын астероидтар бар екені белгілі. Олардың көбінің грек мифологиясындағы кейіпкерлердің есімдеріне сай аталатындары да ғарышкерлерге жақсы белгілі. Бірақ олардың бірінде де тіршіліктің нышаны жоқ. Бәрі де беті бұжыр, пошымы әрқалай жаралған тас болып келеді. Сонысына қарамастан гректер оларды аңызға енгізіп жіберген. Сондықтан да олар осындай бір аңызды көзге елестеткендей болады. Астрофизик Сәрсенбі Сапарұлының кез алдына мына көріністерден сол аңыз елес бергендей болып та кеткен еді.
- О, ғажап-ай! Қандай әлем!-деді ол өз тебіренісін жасыра алмай жеңіл күрсініп, - егер осылай қарай ұшпағанымызда мұны ешқашан да көрмейтін екенбіз бұл дүниеде! Дүниенің ең қызығы да көруде ғой). Бәрін көру! Бәрін саралау, табиғатын білу! Енді міне, біздің сондай арманымыз орындалуға жақын!
- Ендеше, дайындығымызды ширатайық, - деді Тәкен де алдағыдан көз алмай тұрып.
- Бір мынандай алапат кемемен ол ғаламшарға ешқашан да қона алмаспыз, - деді геолог Азамат.
- Ол өз өзінен түсінікті нәрсе, - деді Тәкен.
- Ғаламдағы мұндай ғажайып жаратылысқа қонып жатпай-ақ, оны осылай дәл жанынан бір көрудің өзі маған ұмытылмас оқиға, - деп қойды осы кезде өзінше бір ойға кеткен философ Сейдолла Тұрсынұлы да енді сәл сергігендей болып.
- Ал енді уақыттан ұтылмайық! Жер бетіндегі жайлы жеңіл колік ішінде келе жатқандай болмайық, достар! Әрбір секундтың бәлшегі қымбат! Кемені тежеуді күшейте түсіңдер!
- Түсінікті! - деді оған жалт қараған астрофизик Сәрсенбі, - кемені тежеуді бастағанымызға да аз уақыт болған жоқ. Соның өзінде де кеме жылдамдығы аса азаяр емес!
- Ауасыз кеңістікте тежеу мұндай қиын болса, ауасы бар жер бетінде тежеу қандай болар еді? - деп Тәкен астрофизикке қарап сәл ғана езу тартты.
- Біріншіден, жер бетінде мұндай жылдамдық ешқашан да алынбайды. Болған күнде оны тежеу еш мүмкін емес. Кеме жоқ болып кетеді!
- Түсінемін мен оны, - деп қойды Тәкен басқару пульті үстіндегі шыны қорапты қолына алып, - мына азаматтың ауылына қалай қонамыз? Туған-туысқандарымен қалай тілдесіп, үйлерінен қалай дәм татамыз?
- Енді оны бара көрерміз де, - деп Сәлмен шыны қорапты саусағымен шертіп қойды.
Сол кезде бірдемені түсініп қойғандай шыны қорап ішіндегі ұлудай адам есігін ашып, сыртқа шықты да, алақандай ғана пластмассаның үстінде әрі-бері жүрді. Соңғы кездері ол ғарышкерлеге әбден үйреніп алғандықтан қалаған жағына бара беретін. Енді Тәкен оны ерекше қадағалай бастады. Өйткені ол алапат кеменің ішінде оп-оңай жоғалып кете алады. Содан соң байланыс жүйесі қаншалықты жақсы болса да оны тез таба қою қиын іс. Бірақ осы кезге дейін ондай жағдай болып көрген емес. Ешбір іздеу жүйелері іске қосылған да жоқ. Ғалым-ғарышкерлерсонысына сүйсінеді. Ал егер ол кемеден кең кеңістікке шығып кетсе, ол-қиын. Оны қайта тауып алуға деген үміт те жоғалады. Оның үстіне ол осыншама жылдамдықта ұшып кетіп бара жатқан кемеден сыртқа шыққан бетте мерт болады.
Ал ең негізгісі ол да ғарышкер болғандықтан өзінің жұлдызды жүйесін жақсы біледі. Әрбір ғаламшарда болмадық дегені, әйтпесе, ғарышкерлер олардың ешқайсысына қонбай-ақ кемедегі күрделі жүйелер арқылы ол ғаламшардың табиғатын жақсы біліп алған. Кішкентай жұлдызды онан да кішкентай жеті ғаламшар топтасып айнала қозғалып жүр. Солай айнала жүріп олар бір бірін де айналады. Сол жетеудің үшеуінде ғана тіршілік бар. Қалғандары әлі тіршілігі оянбаған, тіршілік ортасына енді-енді ғана айналып келе жатқан ғаламшарлар. Ұлудай адам сол тіршілікті үшеудің ортадағысынан болып шықты. Ал ең ғажабы, сол үшеу бір бірін айнала қозғалып, бейнебір аспанда би билеп жүрген бикелердей әсер береді. Оның өзі де бір ғажайып көрініс!
Тәкен, уақыт жылжыған сайын оларды бақылау, есептеу жұмыстарын жиілетті. Маржандай болып жылт-жылт етіп, көз тартқан тамаша әлемге мейлінше жақындауға деген үміт те жоқ емес-ті. Кіші әлем жұлдызды жүйесі де менмұндалап тұрғандай әсер береді. Ғарышкерлер дайындыққа кіріскен бетте ұлудай адам да тыныш қала алмаған. Туып-өскен жер оңай ма? Өз ғаламшарынан жаңалық ашқандай куанды. Кіп-кішкентай адамның осындай әрекеттері ғалым-ғарышкерлерге қызық та еді. Кеме жылдамдығы азая түскен. Көз алдарындағы майда ғаламшарлар да бейнебір мына кеңістікке шашылып түскен моншақтардай. Олардың біреуі жоғары қарай, енді бірі төмен қарай ағып ұшып кетіп бара жатқандай да болады. Жұлдызаралық сапарда ешқашан болып көрмеген адам көрсе мұнан шамалы болса да шошынып қалар ма еді. Білмейтін адамға ғарышкерлердің мұндай сапарлары жас баланың ойыншық кемеге мініп алып «сапар шеккеніндей» ғана бір көрініс болып көз алдына елестер еді. Немесе, бүгінде жиі қолданылатын дүрбіге ұқсас, адамға жұлдызаралық сапарда болғандай әсер беретін «Болашақ» құралының алдында отырған адамның алған әсеріндей болмақ. Ал шын мәнінде жұлдызаралық сапардан өткен қатерлі сапар жоқ бұл жарық та жылы дүниеде. Мұндай сапардағы адам тағдыры секундтың бөлшектерімен есептеледі.
Соның өзінде де адам пенде өзінің қиын-қыстау жұлдызаралық сапарда екенін ұмытып, тіршілік мәселесін ойлап кетеді. Ойламасқа шарасы да жоқ. Тағдыры келте болса, үлде мен бүлдеге оранып отырған адам да болмайтын бір себептен о дүниелік болып кете барады. Ажалдыға себеп көп. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген ұлағатты сөз де ел арасында бекерден бекер тарамаған болар. Қатер әрбір секунд қана емес, секундтың бөлшегіндей уақыт аралығында бола қалатындай сезілсе де, ғарышкерлер өз тіршіліктерін жасап жүр. Кеме ішінде Жердегідей тіршілікті өмір өтіп жатыр. Тіпті, кеме жылдамдығы да сезілмейді. Тек кеме ішіндегі күрделі жүйелердің жай дыбысы мен түрлі-түсті шамдардың жыпылықтары көңіл аудартады. Ғалым-ғарышкерлер алапат жұлдызаралық кеменің кеңістікте секундына қанша шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқандарын тек сол жүйелер арқылы ғана біліп отырады. Оның өзі де жай бір салыстырмалық уақыт немесе жылдамдық сияқтанып сезіледі. Ал қазіргі уақытта ғалым-ғарышкерлердің басты назарлары жылдамдықта да, тежеуде де емес, алдарындағы ғажайып кіші әлемде. Соны жан-жақты зерттеу, сондағы саналы тіршілік иелерімен жүздесіп, мүмкіндігінше тілдесу. Тәкен соңғы минуттарда кеме ішіндегі барлық негізгі жүйелерді мұқият тексеруден өткізді. Кеменің ұшу жылдамдығы азайған сайын кіші әлемнің көрінісі де бірте-бірте өзгеріске ұшырағандай болған. Қарсы алдарындағы жұлдыздар да қозғалыс жылдамдығын алғашқысынан азайта түскендей көрінеді. Ғалым-ғарышкерлер ендігі әрбір қызықты көріністі қалт жібермеу үшін кемедегі бейнефильм түсіретін барлық жүйелерді іске қосып қойды. Жерден ұшып шыққалы бері түсіріліп алынған бейнефильмдер болса да жетерлік. Жерге аман-есен оралар күн туса, ол ғылыми мәліметтердің бәрі де елге үлкен олжа болмақ. Жердегі кейінгі ұрпақтар ол ғылыми мәліметтер арқылы Ғаламға сапар шекпей-ақ көптеген құпия-сырды ашатын болады. Тәкен де, басқа ғалым-ғарышкерлер де ол жағын қашан да ойлап келеді. Әрбір көрініс, әрбір түсірілген сурет пен бейнекөріністер ғарышкерлердің қай қайсысына да ерекше қуаныш. Қай кезде де адам баласының алдында үміт етер бір мақсат тұрмаса, оның өмір сүре түсуге деген құштарлығы да болмас еді. Әзірге ғалым-ғарышкерлер қанағат тұтып келе жаткан нәрселер де осы қызықты көріністер мен маңызды ғылыми мәліметтер еді. Кіші әлемге енуге таяған сайын ғарышкерлердің қай қайсысы да ширай түсті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет