Жасампаздық қиырында



бет13/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   43
ӘУЕ ШАБУЫЛЫ
«Ақлағылдағылар» кіп-кішкентай ғаламшардан топ-топ болып ұшып шығып, кемелеріне жақын келіп, оны ұзақ уақыт бойына айналып ұшып, енді біреулерінің кеме үстіне қонып, нешетүрлі әрекеттер жасағанын әбден қызықтады. Олардың бұл әрекеттері тап бір омартадағы бал араларының әрекеттеріндей әрекет еді. Олардың үлкендіктері де ұлудан сәл ғана биік. Кемелері ірі қоңызды көзге елестетеді. Жұлдызаралық кемені айналып ұшқан кезде ызындағандай елестеп, тап бір сол бал арасындай, немесе шыбындай болып та кетеді. Егер ғарышкерлерде ұлғайтқыш жүйемен тікелей байланыстырылған бейнекамера болмаса, онда оларды анықтап көру де қиынға соққан болар еді. Ұлғайтқыш күрделі жүйелер бір жағынан олардың ұшу жылдамдықтарын да азайтып көрсетеді. Ол жүйелер арқылы ғарышкерлер олардың кемелерінің ішкі жағын да анық көре алмаған. Ғалым-ғарышкерлер олармен жүздесуден бас тартқан жоқ. Байланыс орната алмады. Ұлудай адамдармен екі арадағы бұл құбылыс адам мен бал арасы немесе шыбынның арасындағы тілсіздік сияқты көрініс болып қана қалды. Соның салдарынан олар қайтадан өз ғаламшарларына оралып, байланысты біраз уақытқа кідіртті. «Ақлағылдың» ішінде де қарбалас әрекет басталған. Ғалым-ғарышкерлердің қай қайсысы да алдағы істің мән-жайын ойлайды. Ендігі басты мақсат та олармен тіл табысу. Өйтпейінше, басты мақсат орындалмақ та емес. Кіші әлемнің кұпия-сырын ашу ғарышкерлердің кай қайсысына да қажет әрі қызық.
Тәкен ұлудай адамдардың жаңағы әрекеттерінен кейін кемедегі қорғаныс жүйелерін күшейтуге нұсқау берді. Мұнда әрбір ғарышкердің орындайтын ісі айдан анық. Сондықтан да мұнда кімнің не жасайтынын алдын ала түсіндіріп жату артық. Кеменің негізгі қызмет атқаратыны, шұғыл жағдайда не істейтіні сонау көгілдір Жерден ұшпай тұрғанда белгілі болған. Тәкен не айтса болды, іште қарбалас әрекеттер басталады да кетеді. Әрекет дегенде, кеменің ішіндегі күрделі жүйелердің қызметтері толығымен автоматтандырылған. Тек ішкі жүйелері ғана емес, сыртындағы газ-тозаң жинағыш, анау-мынау ірілі-ұсақты заттарды қағып ұстағыш, жарық жұлдыздардан энергия көзін алатын панельдер мен түрлі түрлі антенналарды басқаратын, қажетті бағытқа қарай бұратын автоматты жүйелер болса да бар. Солардың бәрі де басқару пультіндегі панель арқылы қадағаланады. Кездейсок апаттан кеме ішінде тірі жан баласы қалмаған жағдайда оның ұшу жылдамдығын азайтып, бағытын қажетті жақа өзгертіп, Күн жүйесіндегі Жерге қарай бұратын да автоматты жүйелер орнатылған. Былайша айтқанда, кеменің өзі де бір адамның саналы әрекетіндей әрекет жасай алады. Тек ол бағдарламаның бәрі де оның есте сақтайтын «ми» жүйесіне алдын ала жазылады.
Бұл жүйелер, болса да, ғалым-ғарышкерлерге таңсық емес. О бастан белгілі үйреншікті нәрсе. Сондықтан да олар әрбір түйменің қызметін жатқа біледі. Қажет дегендерін көздерін жұмып та баса алады. Кемеде қорғаныс қарулары да жеткілікті. Оның қуаты да оңай қуат емес Алдарындағы кіп-кішкентай ғана көгілдір түсті ғаламшарды бір сәтте жоқ етемін десе де түк емес. Бірақ Жер ғаламшарындағы қазақ жерінен, қазақ елінен ұшып келген қазақ ғарышкерлерінің ондай жаман ойлары жоқ. Кемедегі қуатты карулар тек аса қажет жағдайда ғана қолданылмақ Оның үстіне, әдетте, ғалымдар жұлдызды әлемнен бойлары ұзын, денелі. мәдени дамуы жоғары, қатыгездеу адамдарды көзге елестетеді. Ал оған керісінше, мынандай ұлудай ғана адамдар ұшырасады деп кім ойлаған. Бұлармен қару жөнінде сөйлесудің өзі де күлкі тудырмақ. Екінші жағынан сақтанбай, мүлдем алаңсыз қалуға тағы негіз жоқ.
Тәкен жым-жырт қалған ұлудай адамдарды іздегісі келгендеи олар ұшып кеткен жаққа иллюминатор арқылы бір қарап қойды. Содан соң олардың мақсат-мүдделерін білу үшін солай қарай белгілі толқын жиілігіндегі радиодабылды жіберді. Алдарындағы үлкен экранда көрініп тұрған ғаламшар бейнесіне қадала қарады бәрі де. Егер де ғаламшардың үлкендігі Жердей болса, мына экран оның бір аймағын ғана көрсете алар еді. Енді ол кіп-кішкентай болған соң да ғаламшардың бар бет-бейнесі көз алдарында. Кіші ғаламшардың өз өсінен тәуіліктік айналысы да ап-анық білінеді. Тәкеннен басқа ғарышкерлер де оның арқа тұсынан келіп жиналып тұрып қалған. Ұлудай адам болса, Тәкеннің сол алақанының үстінде жер бетінде жүргендей еркін жүр. Экрандағы көрініс болса да ол үнін бір ғаламат көрініс. Ол енді, тіпті, өзін сол өз ғаламшарының үстінде тұрғандай сезініп те кетсе керек.
- Міне, менің туып өскен ғаламшарым!- деп қалды бір кезде ол.
- Сіз білесіз бе, ондағылар не әрекет жасап жатыр?
- Олар осы кемеге шабуыл жасамақ.
- Онда не істедік? Оларға қарсы қару қолданамыз ба?
- Жоқ. Олай етудің қажеті жоқ. Олар тек кемені қоршамақ-
- Содан кейін? „
- Содан кейін ішке еніп, бізбен тілдесуге әрекет жасайтын болады.
- Солай деңіз? .
- Олар майда болғанымен өте көп екен! - деді сол кезде Жақан, бал араларынан қорғану қандай қиын болса, бұлар да сондай шабуыл жасамақ.
- Енді не істейміз? - деп Тәкен достарын көзімен шолып өтті.
- Кеменің сыртқы қабырғасындағы ойшықтарды бейнекамералар арқылы қатаң бақылауға алу қажет.
- Кеме қабырғалары бірнеше қабаттан тұрады.
- Менің айтайын дегенім, әәлгі сырттағы газ бен тозаң, майда тастар мен заттарды сүзіп ұстайтын жүйелер, - деді Жақан жай ғана.
Иә бұл ойың дұрыс. Соларды қатаң қадағалауымыз керек, әйтпесе, олардың сол жүйелер арқылы ішке өтіп кетулері де әбден мүмкін. Сондықтан да бұл жағын естен шығаруға болмайды.
Ғалым-ғарышкерлер шұғыл әрекетке кіріскен. Ұлу адам ғана басқару пультіндегі экраннан көз алмайды. Бір қарағанда оның қалай қарай қарап тұрғанын да ажырту қиын. Ғарышкерлер мұндайда арнайы ұлғайтқыш көзілдіріктерін киіп алады. Сонда ұлудай адам әжептеуір үлкейіп көрнеді.
Ұлудай адамның бір ерекшелігі киім дегенді білмейді. Жартылай жалаңаш денесі жарық түскенде жарқырап тұрады. Аса кішкентай болғандықтан сол жалаңаш денесі өздеріне жарасымды да. Дамудың жоғарғы шегінің бұларды қайтадан алғашқы дауымдық құрылыс тіршілігіне апарып тастағаны көз алдарында дәлелденгендей. Жер ғаламшарында алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдар жартылай жалаңаш жүрді. Кеиінгі даму сатысында ғана киіне бастаған. Киімдерден жалыга бастаған кезде қайтадан жартылай жалаңаш күйге көше бастады. Қысқа шалбар, қысқа көйлек киіп жүрді. Келе-келе онан да жеңілін киюге кіріскен. Ал бұлар киім атаулыдан мүлдем бас тартқан. Жартылай жалаңаш қалған.Ұлы табиғаттың нағыз періштесіне айналған. Хайуанаттар мен құстар бол са да киім дегенді білмейді. Оларға ұлы жаратушы тері мен жүнді бір-жолата сыйлаған. Бұл жарық дүниедегі тіршіліктерін олар сол қалпында жалғастырады. Бірақ дәл қазір ғалым-ғарышкерлерді қатты толғантқан нәрсе, ол емес, олардың өз кемелеріне жасағалы отырған шабуылдары еді. Соған дайындалды. Бір жағынан кіп-кішкентай адамдардан қорқудың өзі де күлкі үйірмек езуге. Бірақ, қалай дегенде де, олардың саны көп. Сондықтан да қанша алапат болса да кемеге зақым келтіруі де әбден мүмкін. Ғарышкерлер ол жағын да ойлаған.
- Ергежейлілерге тап болған Гулливердің арманы жоқ екен, - деді бір кезде Сейдолла Тұрсынұлы, - ол қара жердің үстінде кездесті, қара жерде жатты. Мұхитты көрді! Қайран Жер кең ғой! Ал біз қайда келдік? Қайда барамыз! Мына өзіміз ұлудай ғана деп менсінбейтін адамдар кемемізге зақым келтірсе, тағдырымыз не болмақ? Біз қазір кеңістік қияметінде тұрмыз!
- Оның рас, - деді жеңіл күрсінген Сәрсенбі, - біздің бұл кездесуіміз туралы естіген Жер адамы кеңістік Гулливерлері дер еді. Бірақ тағдырымыз Гулливердің тағдырынан мүлдем бөлек. Ол -ертегі. Бұл - шындық. Енді бізге кемеміз опат болғанда шалқалай төселіп жататын жер де жоқ!Біз қазір кеңістікте ілініп тұрған адамдармыз мына алапат кемемен бірге. Басар жер, шығар тау жоқ. Біздің аяқ басар жеріміз де, тау мен тасымыз да, көліміз бен мұхитымыз да осы - кеме.
- Жарайды, жігіттер, - деді осы кезде Тәкен сәл қатайып, - ғарышкерлер екенімізді ұмытпайық! Уәйімдегеннен енітеме де шықпайды. Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің демей ме? Қарсы әрекетке, қорғанатын әрекетке кіріселік!
- Бәлкім, мына ұлудай адамды оларға елші етіп жіберерміз сол кезде Сәлмен, - олар мұны тез түсінеді ғой!
- Бұл ойың дұрыс. - Тәкен ұлудай адамға бір қарап алды, - Бірақ мұндай шешімге баруға асықпайық. Біз мұның өзін де әлі жақсы білмейміз. Жіберген соң мұның қандай әрекетке көшіп кететінін кім білсін! Онан да мұқият дайындалып, олардың шабуылын күтелік. Мүмкін, кеме сыртындағы ұстағыш жүйелерді қолданып, тағы бір-екі ұлудай адамды қолға түсіріп алармыз?
- Мұныңыз табылған ақыл екен! - деп Азамат Тәкеннің бұл ұсынысын бірден қолдады.
Осы сөзден кейін кеме ішінде тыныштық орнағандай болып еді, кенет іштегі қатерді білдіретін түрлі түсті шамдар жыпылық қаға жөнелді. Бұл енді шын мәнінде сырттан қандай да бір шабуылдың басталғанының белгісі еді. Тәкен дереу қорғаныс жүйелерін тексерді. Ұлудай ғана адамдардың қоңыздай-қоңыздай қаптаған мың-сан кемелері «ақлағыл» төңірегіндегі кеңістікті жайлап, кемені қоршап алыпты. Олардың көптігі сондай, жаңа ғана жарқырап тұрған Күндерінің беті көлегейленіп, тап кәдімгі Жер ғапамшарында болатын Күн тұтылуы сияқты бір көрініс байқалды. Ғалым-ғарышкерлер енді жедел қозғала бастады. Тәкен алдындағы экраннан көз алмайды. Кемедегі ұлудай адам да не істерін білмегендей үлкен иллюминатордың төңірегінде айналып ұшып жүр. Ендігі ең басты қиындық та екі арадағы байланыстың жүзеге аспағаны еді. Сондықтан да қай ғарышкер де өздерін бейнебір алапат кемеге лап қойған бал араларымен айқасып жатқандай бір күй де кешті. Бірақ ешқайсысы да өздеріне тән міндеттерін ұмытқан жоқ.
Астрофизиктің басты міндеті кемедегі жүйелерді қадағалау болмағандықтан дәл қазір сөйлеуге де шамасы келмейді. Аздап маңдайы тершіп те жүр. Бөтен елде, бөтен үйде кім кім де өзін сергек ұстайды. Оның үстіне бұл бірнеше ғарышкерлердің жалғыз үміті. Мұнан айырылса, кеңістік мұхитына тұншығып, опат болмақ. Кеңістік деген де өзінше бір мұхит. Мұнда да арнайы скафандрсыз, қосымша оттегісіз тіршілік ету еш мүмкін емес. Ғарышкерлердің Жері де, елі де, теңізі мен мұхиты да осы кеме. Сондықтан да бұл алапат кемені калай дегенде де қатерден сақтап қалулары қажет. Бір жағынан мұндағы шабуылшылардың кемелерінің көптігінен қорықпауға да болмайды. Олар келіп соққылай берсе, кемедегі бүлінбейді деп саналатын нәрсенің бәрі де төзбейді. Кеменің өзі де солай. Тағы бір қиындығы, оларға қарай оқ жаудыруға болмайды. Ал егер оларға қарай лазерлі сәуле бағытталса, онда олардың біреу емес, ондаған кемелері ә дегеннен жоқ болады. Одан келер ешқандай да пайда жоқ. Зиян бар, өздеріне де, өзгеге де. Мұндайда ақылдылық пен сабырлылық керек. Сабыр бар жерде сана да бар дейді емес пе, дана халық. Бұл ұлағатты сөзді Тәкен әрқашан да сапарластарының естеріне салып отырады.
Кемедегі жүйелер қалыпты жұмыс жасауда. Енді тек кеменің ішіндегі емес, кеме қабырғасының сыртындағы қатер төнгенде белгі беретін түрлі түсті шамдар да тынымсыз жыпылық қаға жөнелген. Әзірге Тәкен кеменің сол сырт қабырғасындағы аса қуатты сәуле бағыттағыш шамдарды қосуға ғана рұқсат етті. Ол бір жағынан мына қараңғылау болып түрған кеңістікте аналар жасап жатқан шабуылды бейнефильмге түсіріп алу үшін де қажет еді. Ал ең бастысы, сол арқылы кеменің кеңістіктеп бағыты мен орнын білу. Кішкентай сары Күнді көлегейлеген ұлудай адамдардың қоңыздай ғана кемелері осы сәуле бағыттағыш шамдар жанған кезде кеңістікке шашылған алтын қоңыздардай жылтылдап кетті. Енді оны бейтаныс біреу сырттан бақылай қалса, ол одан ерекше бөлек әсер алар еді. Ол кемелердің кеңістіктегі ұшуы мен бұрылуы да өте жылдам. Көз ілеспейді. Олардың ұшу мәнерлерін ғарышкерлер кеме ішіндегі арнайы баяулатып көрсететін экран жүйелері арқылы бақылайды. Бұл жүйелер Жерден ұшпай тұрғанда жасалған жүйелер. Бұл ғарышкерлер жұлдызды әлем кеңістігінде өте жылдам ұшып кетіп бара жатқанда айнала-төңірегін мұқият көріп-бақылап отыруы үшін орнатылған кемеге. Осы кіші әлемге ұшып жеткенге дейін ғарышкерлер ол экран жүйесі арқылы қаншама кеңістік тозаңдары мен майда тастарын зерттеді. Енді міне, Жердегілер көрегендік жасағандай бұл экран жүйелерінің пайдасы күн санап көбейіп те келеді.
Сәлден соң ғарышкерлердің құлақтарына арнайы дыбыс күшейткіштерден кеме қабырғасына тырс-тырс тиген әлденелердің дыбысы жетті. Ол соқтығысып жатқандардың әлгі ұлудай адамдардың кемелері екенін ғарышкерлер қарамай-ақ білді. Олардың қай қайсысы да жанып тұрған шамға қарай ұшып келіп соктығысқан түн қоңыздарын көзге елестетті де. Жарық сәулесін қажетті жаққа бағыттағыш шамдар кеме қабырғасының барлық жағында да бар еді. Солардың бәрі бірде жарқырап жанған кезде мына сәл қараңғылау болып тұрған шағын кеңістікті жап-жарық етіп жіберді. Енді ұлудай адамдардың мың-сан кемелері алапат кемемен емес, сол жарық шамдармен шайқасып жүргендей болып та кетті. Тырс-тырс соғылған кемелердің дыбысы минут сайын көбеймесе азайған емес.
Үлкен мен титтейдің шайқасқаны қандай қолалайсыз, күлкілі болса, мына шайқас та ғарышкерлеге бір күлкі тудыратындай көрініске айналып бара жатты. Тәкен де бір кезде еріксіз жымиған. Бірақ, не істесін, оларға «Қойындар, бәрібір бізге әлдерің жетпейді» деп тағы айта алмайды. Олармен кемедегі арнайы күшейткіш жүйелермен іште ғана тілдесуге мүмкіндік бар. Әзірге одан өзге жолы табылған жоқ. Сондықтан да іштегілер одардан арнайы қорғаныс жүйелерімен қорғанумен, оларды бейнефильмдерге түсіріп алумен шектелді. Олар шабуылдарын көпке дейін тоқтатпады.Ұлудай адамдардың да қарап қалмай, өздерінің титтей-титтей кемелеріндегі бейнефильмге түсіретін құралдарымен бұл көріністерді қалт жібермей түсіріп алып жатқан сияқтанады. Іштегілер әрбір соқтығысуды тіркеп отыратын жүйеге де назар аударды. Оның саны мыңнан асып та кетіпті. Бірақ олардың ешқайсысы да алапат кемеге ешқандай зиян жасай алмаған. Енді ғарышкерлер олардың қандай да бір жарылғыш затты қолданбауын қадағалауға кірісті. Кеме ішіндегі өрт тұтана қалған жағдайда оған қарсы шара қолданатын жүйелерді де мұқият тексеріп қойды Тәкен. Бірақ әзірге сырттағылар тарапынан пәлендей қатер төне қойған жоқ. Олар ондай жарылыс жасай қалса, онда ол тек бұл алапат кеме ғана емес, өздерінің көгілдір титтей ғаламшарларына да қатер төнбек. Тек ол ма, ғаламат жарылыс осы ғаламшарлардың айналым жолдарына да зақым келтірмек.Ұлудай адамдар осы жағын да ойлайтын тәрізді.
Шабуыл ұзаққа созылды. Бұл аралықта ғалым-ғарышкерлер олардың қоңыздай-қоңыздай ғарыш кемелерінің ішінен, өздерінің бейнебайланыс арқылы бір бірімен сөйлескендерінен естілген мардымсыз дыбыстары мен дыбыс толқындарын арнайы жазу жүйесіне тынымсыз жазып алып отырды. Бұл әрекеттерде болса да, ғарышкерлер іштегі ұлудай адаммен кеңесіп отырды. Бейтаныс ғаламшардың бір өкілінің кеме ішінде болғаны да ғарышкерлерге бір бақыт еді. Оны құдай жұлдызаралық жолда әдейі кезіктіргендей. Ол ғарышкерлердің өзін өлім жағдайынан құтқарып қалғанын жақсы түсінген. Ұлудай адам болғанына қарамастан алып ғалым-ғарышкерлерге кәдімгідей бауыр басып та қалған. Өзінің туып өскен ғаламшарын көріп жүрсе де оған баруға асыға қоятын емес. Егер ондай шын ықыласы болса, ол әлдеқашан-ақ қандай да бір сылтау айтып кетудің жолын табар еді. Жоқ, ол енді өзін өлімнен арашалап алып қалған абзал алып адамдарға өмір бойы қызмет етуге бел шешкендей.
Ғалым-ғарышкерлер де онысын жақсы түсінген. Егер осы ұлудай адам көп нәрсені ескертіп, көп нәрседен сақтандырмағанда, жаңағы шабуылдан бәлкім, басқаша әсер алып, оларға қарсы қару қолданып та жіберген болар ма еді. Ұлудай адам арқылы бәрін білген соң оларды тек бақылау-зерттеумен гана шектелген.
Дегенмен де, олардан қауіптенбеуге де негіз жоқ еді. Өйткені, олар өздеріндей адамның бұл алапат кеменің ішінде ғарышкерлермен тіл табысқанын білмейді. Білген күнде де оны сатқындыққа балап онан сайын ызылана түсулері де мүмкін. Тап сол ойлары орындала қалғандай сәлден сон олар шабуылдарын үдете түсті. Кемелерінің «Ақлағылмен» соқтығысулары да жиілеп кетті. Кеменің басқару пультіндегі кейбір шамдар жеңіл-желпі болса да кемеде саңылаулардың пайда бола бастауы мүмкіндігін ескерте жыпылық қақты. Кемедегі титтей өзгерістің өзі ғарышкерлерге өте қауіпті. Кеме ішіндегі ауаның құрамы, ауа қысымы, су мен өсімдік, жануарлар мен құстар жақсы жағдайда болуға тиісті. Өйтпейінші, жағдай кенеттен-ақ қиындамақ. Ал мыналар кемені соққылағандарын қоймаса, кемеде адам организміне қатер төндіретін ақаулардың пайда болуы әбден мүмкін. Тәкен де, басқалар да енді ол жағын да ойлай бастаған. Енді бәрі де ерекше бөлек ширап, кеменің ақаулана бастаған жүйелерін мұқият тексеріп, оларды түзеуге кіріскен. Шабуыл тоқтар емес. Арада біршама уақыт өткенде, ол ақауларды алаңсыз қалыпқа келтіру үшін Тәкен алапат кемені уақытша бұл жүйеден алыстау жаққа бұрып әкетуді жөн деп санады. Бұл ұсынысын басқалар да қолдады. Сәлден соң жан-жақтан жасалынып жатқан соққыларға қарамастан алапат кеме жайымен ғана қиыр кеңістікке қарай бұрылып, тез жылжып ұшып кетті. Содан сон ғана әлгі шабуылшылар қалып қойған бір топ бал арасы мен шыбындардай болып сол тобымен өз ғаламшарына қарай бет алды. Бәрі де алапат кемені қуып шыққандарына мәз де сияқты. Ал ғарышкерлер болса, оған сәл ғана жымиысты да қойды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет