Диктанттар жинағы: Алматы: «Мектеп», 1976 жыл.
З.Бейсенбаев, Ғ.Жексемалиев. IV-VIII класс.
Бұл диктантар жинағы төртжылдық бастауыш мектептің бағдарламасына сай құрастырылған. Авторлар әр сынып бойынша мұғалімнің күнделікті практика жұмыстарына керекті материалдарды іріктеп, ғылыми-тәрбиелік мәні бар мәтіндерді календарьлық талапқа бейімдеп топтаған. Ондағы мақсат – шәкірттердің білім деңгейін, өтілген материалдарды меңгерудегі жетістік, олқылықтарын айқындауға көмектесу. Қысқа болса да, сөздік пен грамматикалық талдауға арналған сөз тіркестері мен сөйлемдерді меңгерудің жолдары нұсқаланған. Жинақтағы материалдар мына ретпен берілген:
Әліппе кезеңіндегі үйрету диктанттарын жүргізудің жолдары.
«Сөзден» және «грамматикалық талдауларға арналған сөз тіркестері мен сөйлемдерді меңгерудің жолдары.
Сауат ашу және тіл дамыту.
1.1 Диктантты өткізуге қойылатын жалпы талаптар
Диктанттың өткізілетін түрі екі-үш күн бұрын оқушыларға айтылып, оған оқушылардың қалай дайындалуы керек екендігі (қайталау, жаттау, т.б.) ескертіледі.
Диктант үшін ұсынылатын текстер орфографиялық тұрғыдан таныс, яғни өткен сабақ материалдары негізінде алынады. Егер текст құрамында өтілмеген емле, тыныс белгілері немесе айтылуы мен жазылуы қиын сөздер кездессе, олар түсіндіріліп, тақтаға жазылады.
Диктанттың қай түрі болсын текст орфоэпиялық заңға сүйеніп, кідіріс (пауза) жасап, негізінен үш рет оқылады.
Тексті жазбас бұрын оқушыларға оны бар ынта-зейінімен тыңдап, мазмұны бойынша жазу, ауыр тиетін сөздерді қадағалап отыру тапсырылады.
Оқылған дыбыс, буын, сөз және сөйлемнің мән-мағынасын түсініп, іштей қайталап, қалай жазылатынын еске түсірген соң барып жазуға кіріскен жөн. Шала естіп, мағына, мазмұнын түсінбей қалған оқушы мұғалімнің екінші рет оқуын күтеді. Диктант жазу үстінде қасындағы жолдасының дәптеріне қарауға болмайды. Одан немесе мұғалімнен не жазу керектігін сұрап, кедергі жасауға тыйым салынады.
Мұғалім мәтінді ең баяу жазатын оқушының үлгеріп жазу жылдамдығын сақтап оқиды.
Диктант жазылып болған соң мұғалім мәтінді тағы бір рет түгел оқып шығады. Оқушылар жазғандарын мұғалімнің оқығанына ілесе тексеріп, қалып қойған сөз, әріп болса, қол көтеріп сұрап, мұғалімнің қайталауымен толықтырылады.
Ең соңында оқушылар жазған текстерін өз беттерімен тексеріп шыққан соң, диктант дәптерлері жинап алынады.
1.2 Диктант жазудың психологиялық ерекшелігі
Қазіргі жағдайда әр балаға тән ерекшеліктерді есепке алу өте күрделі. Өйткені әр бала – жеке тұлға. Сондықтан да сынып және үй жұмыстарын орындауда білімділікті бекіту әр баланың өзіндік жұмыс жасауына жағдай туғызу үшін жеке-дара тұрғыдан келу маңызды.
Төртінші сынып оқушылары, ең алдымен, жаттап алған тақпақ, өлеңдерді және сөздерді оқиды. Мысалы, оқулықта картофель, капуста, морковь, лук сөздері бар. Әрине аталған сөздердің мәні алдын-ала анық түсіндірілген, ал балалар сөздерді дұрыс айту және жазу мақсатында жаттығу жұмыстарын орындайды. Үш оқушы өлеңді жаттап айтып береді, жеміс-жидектерді қазақшаға аударады. Соңынан оқушылар диктант жазуға кіріседі.
1.3 Үйрету диктанттарының маңызы
Үйрету диктанттарының аты, мазмұны, көлемі әр түрлі болғанымен, олардың алдына қойған мақсаттары бірдей: таныту, үйрету, жаттықтыру, дағдыландыру, меңгерту. Сондықтан үйрету диктанттарында қолданылатын әдіс-тәсілдер көбіне ыңғайлас, ұқсас болады. Үйрету диктанттары негізінен жаңа ғана өтілетін немесе екі-үш күн бұрын өткен материалдарға тән ерекшеліктерді жете меңгертуге ыңғайлы әрі тиімді болып келеді. Мұнда мұғалім қай оқушыға қандай сұрақтар қоятынын алдын-ала ойланып, әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктерді соған орай пайдаланғанда ғана еңбек нәтижелі болмақ, яғни сыныптағы оқушылардың білім олқылықтарын дәл танып жұмыс жүргізу мұғалімнің ізденгіштігі мен байқампаздығын көрсетеді.
Үйрету диктанттарының тағы бір ерекшелігі – оқушыларды ойлануға, ізденуге, өз ойларын салыстыру әдісі бойынша дәлелдеп айта білуге және өз беттерімен жұмыс істей білуге төселдіреді. Бұл оқушыларды құлшындырып, өз ісіне деген сенімділігін арттырады.
Қысқасы, үйрету диктанттары оқушыларды сауатты жазуға ғана баулып қоймайды, алған білімін сыннан өткізіп, тұрақтандыруға, мәнерлеп оқу машығын қалыптастыруға көп септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |