ІІІ. МАЗМҰНДАМА
Жазба жұмыстарының бір түрі – мазмұндама жұмысы. Балалардың мектепке келіп түскен кездегі психикалық және дене даму ерекшеліктері жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, мазмұндама екінші сыныптан бастап жүргізуге мүмкіндік бар екендігі анықталды.
Мазұндама жұмыстары балалардың психикалық процестерін (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял, сезім, ерік) күшейтеді, әсіресе ой қызметінің белсенділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығында өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін тудырады.
Мазмұндамаға дайындалу барысында, әсіресе екінші сынып оқушыларының психикасында 1-ші сигнал системасының қызметі мен эмоция басым болғандықтан, балалардың өмірде көрген-білгендеріне, заттың тікелей өзін көрсетіп, сол жөнінде қабылдауларына, уақиғаны бақылау қабілеттеріне сүйену керек.
Мәтінді алдын-ала синтездеу жұмысына ерекше назар аударған жөн. Өйткені мәтінді алдын-ала синтездеудің, яғни жазбас бұрын мәтінді жобалап алудың, қате жібермеу үшін де тигізер пайдасы мол. Жазу процестерінің аналитикалық жағы неден көрінеді десек, ол әңгімеленгелі отырған уақиғаға сай келетін сөздерді таңдап алу, аналитикалық процеске жатады, ал осы сөздерді мәтіннің ішіне енгізу синтетикалық процесс болып есептеледі. Субъектілер мен предикаттарды және заттың белгілерін көрсететін сөзді іріктеп алу анализ болса, ал синтез – осыларды сөйлемнің ішінде орын-орнына қойып орналастыру болады. Мәтінді бірнеше бөлімге бөлу анализ болса, ал синтез – сол бөлімдерді бір-бірімен жалғастыру. Мәтінге жоспар жасау жұмысы кезінде анализ іске асса, синтез сол жасалған жоспар бойынша, құрастырып айту, не жазып беру жұмысы болып саналады.
Психология оқулықтарында бастауыш мектеп балаларының қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады. Сондықтан мазмұндауға алынатын мәтіндер балаларда болатын көңілділік, сенгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқты қасиеттерге сай іріктелуге тиіс.
Сөйтіп, мазмұндама жазу процесінің психологиялық негізі жөнінде аздап болса да мағлұмат алу – оның жүйесін жасап, методикалық тәсілдердің қолайлысын таңдап алуда жол-жоба көрсете алады.
Оқушыларды мазмұндама жазуға үйретуде дидактиканың негізгі талаптарына сүйенген жөн. Бастауыш мектептерде мазмұндамаға үйрету жұмыстарында басқа пәндердегі сияқты, оның ғылымилығы, теорияның практикамен байланысы, көрнекілігі, саналылығы, оқушылардың белсенділігі және жүйелілік пен беріктік принципі ескеріледі.
Мазмұндама оқушылардың жас ерекшелгіне сай бірте-бірте күрделене береді. Жоғары сыныптарда мазмұндама жұмыстары көп жүргізілмейді. Өйткені жұмыстың бұл түрі кең көлемді шығарма жазуға дайындық ретінде қолданылатындықтан, ендігі жерде шығарма жазуға ауысады.
Достарыңызбен бөлісу: |