38. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері. Қазақ халқының ою-өрнектері
Қазақтың қазақ болуы өз елінің , өз жұртының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білуінен басталады. Енді ғана тарихымызды тірілтіп, баяғы ұмыт қалғанымызды жаңғыртып, оны өз дәрежесінде зерттеуге зейін қойған сыңайымыз бар, тарихымызбен сабақтас қазақтың қолөнеріне, ою-өрнектеріне кезінде жете мән берілмеді десек артық айтқандық болмас. Қазақ елінің тыныс-тіршілігінде, тұрмысында кеңінен пайдаланып келе жатқан ата кәсібінің тереңдігін, мол мәдениетін танытатын, алайда әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқан өнер саласы.
Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны –ою өрнек өнері. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келеді.
Қазақ халқы үшін ою-өрнек өнері байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең көнесі, әрі ең кең тараған саласы болып саналады. Бұл ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззат сыйлайтын эмоциялық әсері күшті, эстетикалық мәні зор өнер саласы.
Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады .Өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Атаулары: «Қосмүйіз», «Арқармүйіз», «Қошқармүйіз», «ӨРКЕШ», «ГҮЛ», «ТҮЛКІБАС» тб.
Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнкетейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шиден қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді.
Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады.
Қазақ қолөнерінің бір түріне зергерлік өнері жатады, ол өте ерте заманнан келе жатқан өнер.
Достарыңызбен бөлісу: |