Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап, Төк қағазға барыңды, І. Жансүгіров Алғысөз



бет1/2
Дата19.12.2016
өлшемі1,37 Mb.
#4171
  1   2


Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап,

Төк қағазға барыңды,

І.Жансүгіров


Алғысөз

Әдебиет – адам жанының рухани азығы десек, поэзия оның ішінде ең тәттісі. Болашағы зор, бай тарихы бар қазақ әдебиетін жасаушылардың тума таланттар екені даусыз, соның ішінде қазақ әдебиетіне асыл дүниелерін тарту еткен жыр дүлділі Ілияс Жансүгіров.

Қазақтың ауыз әдебиетімен ауызданған І.Жансүгіровтің сөз бейнелеуі, теңеуі, шығармасындағы ойы, әдемі тіркестері оны ерекшелендіріп тұрады.

І.Жансүгіров- ақын, бірақ әдебиеттің басқа да жанрларына қалам тартып, әңгіме де, мақала да, роман да, фельетон да, сықақ әңгіме де, драмалық шығармалар да жазған.

Құдіретті поэзия мұхитының асылын терген, асау өзен арнасын таңдаған ақын еліне үлкен дүниелер сыйлады. Ақындық шеберлігі мықты, түйдегімен төгілген жырларының мағынасы терең. Қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзиясына ерекше құнды, асыл дүниелер қалдырып кеткен арыны мықты, дарабоз тұлғаның жауһар дүниелерінің мазмұны мәңгі.

Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы ақынның туғанына 120 жыл толуына орай «Сұлу сөздің сүлейі» атты әдістемелік ұсыныс құрастырып отыр.

Ұсыныстан ақынның өмірі мен шығармалары туралы мағлұмат алып, тылсым табиғатқа арнаған өлеңдерінен өрілген поэзия кешінің сценарийін, көрменің үлгісін және ақын туралы айтылған естеліктерді оқи аласыздар.

Деректеме
Қазақ әдебиетін қалаушылардың бірі, сөз зергері Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында, қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келді.

Сен туғанда жасарды кәрі жасым,

Өсті өркенім, теңіздей ықыласым.

Ай ма екен, жұлдыз ба екен, әлде күн бе,

Құз қабақ жота мұрын – Ілиясым,- деп әжесі Тоқтық пен атасы Берсүгір басқа балалардан бөлек, өзі бір төбе болып тұрған ақынды еркелете тербетеді екен. Шешесінен жастай жетім қалған ақын әке бауырында өседі. Атасы Берсүгір де өлеңді ойдан төгетін болған. Әкесі Жансүгір сауатты, кітап жинаған, жыр-дастандарды, арғы-бергіні жақсы білетін білімдар адам болған.

Ақын дүниеге келмей тұрып әкесі Жансүгір ақсақал замандасы Молықбай атаға: «Құрдас-ай, менің дүниеге келгелі жатқан тұңғышымның қуанышына ортақ бол. Сен сияқты халқым деп аңырар ма екен!»-деген екен. Сонда қобызшы ата ұл болса атын Ілияс қой! Қыдыр Ілияс пірім сақтап, қолдай жүрер деген екен.

«...Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,

Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.

Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,

Қазақтың мұны тартқан күйші шалын», - деп ақын өзі жырлағандай, «Күйші» поэмасының тууына арқау болған қобызшы Молықбай ақсақал ақынның болашағын тура болжаған екен.

Қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелген Ілияс Жансүгіров әкесінің үйретуімен әріп танып, ауыл молдасының алдын көріп, Қарағаш ауылында мектепке барып, жәдитше сауат ашқан. Алғашқы өлеңін 1912 жылы жазады. 26 жасында Алматыға келіп мұғалімдік курсты бітіреді, 1920 жылы Ташкент қаласындағы қысқа мерзімді курста оқиды, 1925-28жж. Мәскеуде Коммунистік журналистика институтында оқып, бітіреді, 1928-1932 ж. «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері, 1932-34жж. Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру комиссиясының төрағасы,1934 жылы Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болып сайланады. Жас әдебиетімізді қалыптастыру С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, І.Жансүгіров сынды қайраткерлердің үлесіне тиді. Осы жолда еңбектеніп, әдебиет дамытуға бар ынта-ықыласымен берілген ақын әдебиеттің барлық жанрларына қалам тартты. Орта мектепке оқулық жазу, ауыз әдебиетін жинақтап шығару, көркем аударма, әдеби сын, сатира, драмаға да ат салысты. Ұлы Абайды үлгі тұтқан ақын өз поэзиясында өзекті мәселелерді көтере білді.

Ақынның алғашқы баспа бетін көрген туындылары «Сарыарқаға», «Тілек» өлеңдері, 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі жарияланады, осыдан кейін ақынның қаламы ұшталып, әдебиетке жай келсе

де терең мағыналы дүниелері бірінен соң бірі келе береді. «Сағанақ» атты алғашқы жинағы 1928 жылы жарық көрді.

Тарихи тақырыпта «Кек» (1931), «Түрксиб», «Исатай-Махамбет» (1936) атты драмалық шығармалар жазды, «Жолдастар» романы (1935) жарық көрді.

Әдеби сын мен аударма саласында да өз еңбегін сіңірді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдерін, «Евгений Онегинді» қазақ тіліне алғаш толық аударды. (1937), М.Ю.Лермонтовтың «Ақынның өлімі», «Тұтқын», «Қанжар», Н.А.Некрасовтың «Темір жол», М.Горькийдің «Дауылпаз», В.В.Маяковскийдің «Лениншілер» сияқты туындыларын аударды. Он беске жуық поэма жазды. «Рүстем қырғыны» (1926), «Байкал» (1937), «Мақпал», «Исатай» (1937), «Кәмпеске» (1928), «Мәйек» (1929), «Жаңа туған» (1933), «Жорық» (1934) поэмаларында тың тақырыптарды көтерді. «Күй» (1929), «Дала» (1930), «Күйші» (1934), «Құлагер» (1937) атты поэмалары да ақындығын танытқан шығармалары.

1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке тұрады. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланады. 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. 1958 жылы ақталды.

Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орнына ақынның аты беріліп, мұражайы ашылған.


«Ұлы дала жыршысы»
(І.Жансүгіровтің шығармашылығына арналған көрменің үлгісі.

(Көрменің виртуалды түрін жасауға болады.)


1-бөлім: «Жыр жауһарының кені»

(Бұл бөлімге ақынның төл туындылары қойылады)



Дәйексөз:

«Мен өзім бізде Абайдан соң І.Жансүгіровтен артық ақын бар деп ойламаймын. Егер Абайда бірде бір поэма болмаса, Ілияс өрісі кең эпик ақын еді. Егер Ілияс Жансүгіров поэмасының көркемдік биігіне осы күнгі ақындарымыздың көбісі, тіпті ешқайсысы да жете алған жоқ десем, маған ешбір ақын өкпелемес деп ойлаймын»



Ғ.Мүсірепов
2-бөлім: «Даланың дара дарыны»

(Бұл бөлімге ақынның шығармашылығы туралы ой-пікірлер, арнау өлеңдер қойылады)


Дәйексөз:

«...Тұтас алғанда Ілияс поэзиясы терең ойдың, үлкен сезімнің поэзиясы. Ол өрен жүйрік, асқан ақынның тегеурінді талантынан туған жоғары идеяны, шыншыл, ұшқыр қиялды, қуатты поэзия, салмақты, салиқалы поэзия, бұл поэзияның мазмұны заман құбылысын қамтуы, оның жырлағаны – халқы»



М.Қаратаев

3-бөлім: «І.Жансүгіровтің аударма жауһарлары»

(Бұл бөлімге ақынның аудармалары қойылады)
Дәйексөз:

«Ілияс Жансүгіровтың сан қырлы қасиеттері бар, бірақ солардың шоқтығы биік ең тамашасы оның музыканы бүкіл жан-тәнімен түсіне, сүйе білетінінде, оны жыр жолдарын аудару шеберлігінде еді. Оның күллі шығармалары өзінің музыкалық ырғағымен оқырмандарды баурап алады.»



К.Алтайский


Ақын туралы...
«Ілияс Жансүгіровтің ақындық мұраларының ішінде «Дала», «Күйші», «Құлагер» атты поэмалары қазақ поэмасының екі үлгісін аңғартады. Бір алуаны – лирикалық – философиялық, екіншісі, уақиғалы, сюжетті поэма үлгісі. Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа танытады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы, ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас – барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік кенелуі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады. Жансүгіров поэмалары сезім сырына да толы. Ал, өлең үлгісіндегі мәдениет те басқа»

М.Әуезов
«Қазақтың әрідегі ауыз әдебиеті бар ма, Бұхар, Махамбет, Шерниязы бар ма, берідегі Абайы, Әсеті, Сүйінбайы, Сұлтанмахмұты бар ма, Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Мұхтар секілді замандастары бар ма – соның бәрін Ілиястың білетіні былай тұрсын, керемет сүйетінін көрдім. Сол туралы есіле де, егіле де сыр шертетінін көрдім»

М.Қаратаев

«І.Жансүгіровті суреткер мен уақыт мәселесі жиі толғандырған. Әділет пен махаббатты әспеттеп кең даланы әнмен тербеткен де тебіренткен Ақан сері трагедиясы оның творчествосында аса айрықша орын алады. Поэмада Құлагер сипаты қалай суреттелген десеңізші! Бұл тұлпар атаулыға қойылған тұғыры биік ескерткіш қой. Мұндай сипаттау өзінің құдірет-күші жағынан біздің поэзиямызда біреу болса, осы шығар»



О.Сүлейменов

«Ілиястың өзіне ғана тән өзгеше өнері қазақ халқының сарқылмас жыр бұлағынан бастау алды. Халық поэзиясының інжу-маржанынан нәр алған ол социалистік реализмнің жазбаша жаңа әдебиетіне лайықтап, оның принциптерін, образдарын, сөз нақышын ілгері дамытты. Ақын әлі бұғанасы қатпаған жас қазақ әдебиеті үшін орыс әдебиетімен туысқандық тығыз байланыстың қаншалықты зор мәні бар екенін айрықша ұғынып, аударма мәселесіне мейлінше назар аударып отырды.»



З.Кедрина

«Мен өзім бізде Абайдан соң І.Жансүгіровтен артық ақын бар деп ойламаймын. Егер Абайда бірде бір поэма болмаса, Ілияс өрісі кең эпик ақын еді. Егер Ілияс Жансүгіров поэмасының көркемдік биігіне осы күнгі ақындарымыздың көбісі, тіпті ешқайсысы да жете алған жоқ десем, маған ешбір ақын өкпелемес деп ойлаймын»



Ғ.Мүсірепов

«Жүйрік екі түрлі. Бірі – шу дегеннен шығандап озып шығып қара үзіп кетеді де, біраздан кейін қарқындап, желігі басылады. Екіншісі – шу дегеннен бірқалыпта байсалды шауып, ілгерілеген сайын жүрісін ешбір бәсеңдетпей үдей береді, өрлей береді. Ілиястың ақындық сапары соңғы үдей шабатын, қанаты мен құлашы кең тұлпардай жүйріктің тұлғасына ұқсайды»



Е.Ысмаилов

«Сұлу сөздің сүлейі»
(Ілияс Жансүгіровтің туғанына 120 жыл толуына орай өтетін поэзия кешінің үлгісі)

Зал безендіріледі, көрме (көрменің виртуалды нұсқасын экраннан көрсетуге болады) қойылады)

Кешті табиғат аясында, саябақта өткізуге болады.
Кеш күймен ашылады.
Кітапханашы: «Өмір таңы балалық қой, оны еске алсам өскен жерім көзіме елестейді. Тауда ала қарлы асқар, жазық жайлау, ойда боз дала, бұла құм, олардың ортасынан бөліп аққан иір өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн, қамыс, тал, жаңғыл жиде. Қыры теріскей, қара жусан. Ойы ши, ұсақ, құрақ. Құмы сағыз, селеу, қылша. Қырда құм шінде, өлкеде өзен бойында шоқ-шоқ қыстау. Табиғат – анаң, оны сүю керек. Сонда оны жазбасқа шамаң болмайды»-деген екен арқалы ақын І.Жансүгіров.

Қаламынан тек маржандай тізілген жыр өрнегі туған ақынның өлеңдері бірнеше кешке арқау болары сөзсіз.

Құрметті оқырман қауым біз бүгінгі поэзия кешін ақынның туған даласына, табиғатына, жыл мезгілдеріне арнап жазған жыр жолдарына арнаймыз.

Ендеше ақпа ақынның жырларымен сусындаңыздар!

Ұлы даланың дара жыршысы І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасымен таныс боларсыздар, бүгін Сіздер ақынның әсем жырларымен қатар әдемі күй сазына да бөленесіздер.
(Жыр оқуға оқырмандардан немесе кітапханашылар арасынан 2-3 адамды таңдап алса болады, күй орындауға арнайы күйшімен келісуге немесе таспадан тыңдауға болады.)
1-оқушы: Алғашқы туындыларының бірі, 1912 жазылған
«Күзгі гүлге»:

Сарғайдың, тоғайда гүл, күзгі тұрым,

Жайылып жапырағың тұрған бұрын.

Ара бал, көбелек сөл жұтқан сеннен,

Ол қайда маса, сона, шіркей-шыбын.
Саяңда сан құбылып салқындаған

Сүліктей сұлуың жоқ қырлы мұрын.

Тоғайдың маңайынан басталдырып,

Шайқаған самалың жоқ таппай тыным.


Қиғаш қас, қырғи мойын, құбылма шаш,

Қарасы қандыратын көздің қыбын.

Қалмапты ажар, шырай, сүреңіңіз,

Сүзек пе, сүзілме ме сенің мұның.
Зорлығы табиғаттың бұл әуресі,

Төрт бөліп, түрлендірген жылдың күнін.

Қар қатып, пәк денеңе мұз тұрса да,

Жазды күт, жабырқама күзгі гүлім.



2-оқушы: Енді табиғат күйлері өрілген «Ағынды менің Ақсуым» атты өлеңін тыңдаңыздар:
Ағынды менің Ақсуым

Ақырап әлі ағасың,

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын

Қарасаң қайран қаласың,

Жалғыз бір кеште,

Жағаладым жағасын.

Тұнжыраған торғын түн

Төндім сұлу суына.

Таңырқап тау-тас тамсанып,

Жымиды жұлдыз мұңыма.


Сүмиген сүңгі сұрша тал,

Шомылды таудың суына.

Таймаңдаған тайпақ ай,

Желегі ме, туы ма?

Шүйке шарбы бұлтты

Қалақай қалды қылмия.


Аспанды, ай алтын құшағы,

Қусыра қайың құшады.

Қарамай қайың қалайша?

Қаужиған құшсын бұтаны.

Қайың мен сәуле сүйіссін,

Сүймегенді нысабы:

Итмұрыны мөлдіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.

Бауырлаған ағынның

Сумаңдап суы сылдырайд

Құдиған қоңы құрақтың

Саусағы суда сырылдайд;
Суға төнген бір шыбық

Дірілдейд, суда сырылдайд;

Оған қонған бір шымшық

Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...


Кітапханашы: Қазақ әдебиетінің жанрын молайтуға аз үлес қоспаған ақын 15 поэма жазған екен, соның ішіндегі бірегейі «Күй» поэмасы оқыған жанды елітері сөзсіз. Енді құлақ құрышын әсем күймен қандырыңыздар:
1-оқушы:_«Жазғытұрым»'>«Боз інген» күйі орындалады.
1-оқушы: «Жазғытұрым»

Ой балалар, балалар!

Жылы-жылы жел соқты,

Жылғалардан су ақты.

Қаңқыл-қаңқыл қаз кепті,

Жер қарайды – жаз кепті.

Желкілдейді көкмайса,

Желіндейді мал жайса.

Ауыл көшті қыстаудан.

Әне! Апамдар қой сауған.

Құс ұясын түзеді,

Тайымды ағам күзеді.

Ел ешкісін қырқыпты,

Егіндерін жыртыпты.

Ой, балалар, балалар!

Ойналық та күлелік,

Қос басына мінелік.
2-оқушы: «Жазғы шілде»

Ой, балалар, балалар,

Шілдем, шілдем – шілде айым.

Жырлап торғай күн сайын.

Шұбар ала шешектер,

Шудаланған көк шөптер.

Жапырақтар жалпайды,

Жас қозылар марқайды,

Ұшты көкек сай құлдай,

Сайда пісті таң қурай.

Құрт-ірімшік қайналды.

Құлындар да байланды.

Нәйім, нәйім бауырсақ.

Ағын суға шомылсақ.

Ой,балалар, балалар,

Ойналық та күлелік.

Үйретіп тай мінелік.

1-оқушы: «Күз»

Ой, балалар, балалар,

Қоңырқай күз болыпты.

Қурап жапырақ солыпты.

Ел егінін алыпты,

Ақ үзіктер жауыпты.

Ел күйекті шешіпті.

«Есепші айтты» десіпті.

Ел мектебін күтіпті.

Енді мая салыпты,

Ел күзекке қоныпты,

Қойшы қойды тоғытты.

Ауыл күзем алыпты.

Тоқтышақ тон бітіпті.

Ой, балалар, балалар,

Ойналық та күлелік.

Енді оқуға кірелік.
2-оқушы: «Қыс»

Табиғатты құбылтып,

Денеге суық ұрынтып,

Бұл мезгілде қыс қожа.

Басындағы шалмасы,

Үстіндегі салмасы

Кіршіксіз аппақ тап-таза.

Киімсіз, жайсыз жалаңаш,

Қабағы салық, қарыны аш,

Сүмірейген сулы көз.

Олардың жаттап жүргені:

«Іш-шай-алдай»! деген сөз.

Қожекеңе бұл наза.

Жылмайған жылы күнінен,

Жылдамырақ айрылып,

Аһлап ауру әнімен,

Қабағын жауып қайғырып,

Жерге жетті бір қаза,

Аяз қызыл үскіріп,

Бетіне жаман түс кіріп,

Осы қожа қақап тұр.

Науқасы тым-ақ беймаза.

Сырты ажарлы, іші-жау,

Тәрізі жаман тамақсау.

Азығы-шөбі аздарға,

Еңбексіз жалқау наздарға,

Құлқынды қожа, оңаза,

Жинақты жылпың шаруаға,

Жем, шөбі көп қораға

Қожаның аузы ораза.


Кітапханашы: Халық ертегілеріне, жыр-дастандары мен қиссаларына сусындап, қанығып өскен ақын осы халық қазынасынан нәр алып, ұлтына, болашаққа мәңгі өшпес рухани дүниелер қалдырды. Бүгін Сіздер ардақты ақынның жырларымен ғана емес дала күйлерімен де жансусайсыздар.
«Терісқақпай» күйі орындалады.
Кітапханашы: Табиғаттың бір әсем белгісі бақта сайраған бұлбұлдар емес пе! Осы құс патшасына да ақын жыр арнаған.
1-оқушы: «Бұлбұлға»

Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,

Тамсандым, таңдайымның суын жұтып,

Толқытып, толықсытып, емірентіп,

Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық.

Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп,

Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып;

Қанды қозғап, тамырды солқылдатып,

Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп.

Малда дыбыс, көлде шу, жерде ызыл жоқ,

Маңайды манаурадым мүлде ұмытып;

Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ,

Басқаны қойдың әншәм, тақа құртып.

Шырқатып, шыңғырасың шымырлатып,

Төмендеп түсіресің сыбырлатып;

«Мұңдым-ау! Мынау сенің мұңың ғой»- деп,

Маған да әкелесің қыңырлатып,

Жіберіп жер астына ызылдатып;

Қайтадан көтересің сыбырлатып;

Жүрегім, қаным, миым, көмейім де,

Қосылтып, қос құлақты шыңылдатып.

Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде!

Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде.

Қаныма қосып кеттің бір ауыру,

Осындай сайрамасаң күнде-күнде.
Кітапханашы: Жыл мезгілдеріне арналған өлең жолдарынан көңіл мен өмір күйлері қатар төгілген ақын табиғатты сүйген, сезген, табиғатпен сырласқан, мұңдасқан.

2-оқушы: «Жаз»

Жерің анау,

Жасыл жолақ кілемдей.

Желің мынау,

Жігіт айтқан өлеңдей.

Көңіл анау,

Тоңып жатқан ауылдай.

Күнің мынау,

Елжіреген енеңдей

«Күз»

Жерің анау,

Шала илеген терідей.

Желің мынау,

Дарымшының деміндей.

Көлің мынау насыбайлы түкірік,

Күнің мынау ауылнайдың мөріндей.
«Қыс»

Жерің анау, ақ кебенек, кебіндей.

Желің мынау,

Ел күңіренген өлімдей.

Көлің анау,

Көк пияла темірдей.

Күнің мынау,

Тұманды, түк көрінбей.



Кітапханашы: Сипаттау, әрлі теңеу, жүрекке жетер жылы сөздер, сұлу өрнек ақынға тән қасиет. Ауыз әдебиеті, дала жырына қанығып өскен ақынның табиғатты бұлай әсем жырламауы мүмкін емес еді. Табиғатты сүйді, сырласа білді, табиғаттың керемет құдіретін ұғынды, жанымен қабылдады. Тіпті, тасына да өлең арнады.
1-оқушы: «Тас»

Көгілдір, мөлдір көк аспан-

Көлеңке,сәуле ойнағы.

Ойнаса онда жылпың жел,

Жыртылад шарбы, қаймағы.

Жел қуалау, бұлт қашу-

Жігіт-қыз айтта, тойдағы.

Көк күмбезде күнде ойнақ,

Ойнады да қоймады.

Бұлт бір мезгіл бұрқырап,

Астарлады аспанды.

Асқарға соққан асқақ жел,

Тас сүзді де жасқанды.

Нөпір нөсер шүмектеп,

Жасылдан жалтыл басталды.

Балбыраса да барлық зат,

Тас күйінде тас қалды.
«Тәттімбет» күйі орындалады.
2-оқушы: «Жас Бұлбұлдарға»

Ал сайра, жас бұлбұлдар, мұңды үнмен,

Көңілің көтеріңкі көгілжімнен,

Еркін таң, маңайғы жан көз тігіп тұр.

Сайра әнмен, сайра күймен, сайра мұңмен.
Қара құс, қаршығаның қанаты жоқ...

Солқылдат, хауіпің жоқ енді ешкімнен.

Солқылдат, бақытыңа кез болып тұр,

Зарыққан неше жолғы қызыл гүлден.


Жас бұлбұл, құлағыңа салдым мұны,

Халыққа айт, білдір, сайра алдыңғыны.

Ем болсаң ғарып көңіл нашарларға,

Жабығып жатқан жалпы жарлың міне.


Солардың мұңы менен мұқтажын айт,

Атқанын қышқыр еркін таңның міне.

Көргенді, көк қанатты, күйлі құсым,

«Бос сөз» деп көре көрме қалжың мұны.


Қайыспас қанаттарың қия тастан,

Құтылдың сусыз шөл мен қу ағаштан,

Қарасаң жанның бәрі кетіп жатыр,

Қу шөлден, қараңғылық тұман басқан.


Дауыстап «ел мұндалар», ер таба алмай,

Адасқан таянып тұр өлуге аштан.

«Соларды маңайына тартады» деп

Сайрасын дейтұғын сөз қарлығаштан.


Кітапханашы: Ақберен ақын тылсым табиғатпен Абайша, табиғатты бөлек жырлайды.
1-оқушы: «Бұлт»

Түнгі жаймен жуынып

Көгілдір көк күлімдер

Шөгіп шоқ-шоқ тұман бұлт,

Шоқы сүйіп, дірілдер.
Көк мұнарлы белбеуін

Алып тау бел буына;

Сәлем беріп бұлт керуен,

Таңда тауға жығыла


Қабағы мұз, суық шал

Қолын алып, қас қаға.

Желде, құзда несі бар,

Қалғыды тас жастана.


Бұлт-бөбек, тау – ана,

Ана төсін аймалай,

Ұйықтай тұрсын ол бала,

Шыққанынша жел қалай.


2-оқушы: «Жанар тау»

Зәулім-зәулім заңғар тау

Шығыс-батыс шегінде,

Лапылдақ жалын, іші қау,

От ойнақшыл тегінде.
Қарындай кепкен қампайып,

Борсып, бықсып, булыққан.

Ашылып аузы аңқайып

Түтеткен түтін, бу шыққан.


Ұшқыннан от бұлқынып,

Күрс-күрс, быж-быж оқ...

Жалаңдап жалын жұлқынып,

Айнала түскен қызыл шоқ.


Лаба жалын жандырды

Тас, қоқыр, тікен, сіріні.

Тұншыққан жылан түтінге,

Көзінен ақты іріңі.


Қызыл жалын тазалап.

Қуарған қорданы өртеді.

Жас балдырған жаңалап,

Жайқала шықты өртеңі.


Жанардың жанған жалыны,

Жердің жүзін жарық етер.

Жарылқар жалшы-жарлыны,

Жаңа жұрт жасар, қарық етер.



Кітапханашы: Қазақ әдебиетін қалаушы қуатты толқынның бірі, талғампаз ақын, қаламының ұшы қайрылмаған, еліне талантын сарқып берген арынды Ілияс Жансүгіровтің ұшқыр поэзиясының бүгін бір бөлшегімен ғана таныстық, тыныстадық. Астарлы теңеулермен табиғат құбылысын сан түрлі ғып жырлаған ақынның жырлары кірсең шыққың келмейтін иран бағы тәріздес, құмарың қанбай тыңдай бергің, оқи бергің келеді.
1-оқушы: «Жазғасалым»

Күркіреп, күңіреніп ұласып аспан,

Сіркіреп, бұлт тұмшалап, жаңбыр жауар.

Дүркіреп жауқазындар жарар гүлін,

Үлбіреп өсер шөптер, құлпырар қыр.
Жалтылдап жүнін тастар тай-талағы,

Бықылдап, көлде қиқу – шағала, қаз.

Былқылдап малға толар қырдың қойны.

Сылқылдап әзілдесер, күлер сылқ-сылқ.


Желіндеп төлді түлік көкке тояр,

«Кәні!» деп шал асатар уызынан.

Жеңілдеп көшетін ел қояр жүгін,

«Егінші» деп егіншілер жабдыр жабдық.


Сылдыр су, тал тамылжу, құрақ қудыр,

Ізі-шу, ию-қию көшеді ауыл.

Ит ұлу, сиыр мөңіреу, бота боздау,

Құр-құру! Кә-күшік-кә, айғай, дырду.


Жарысып тайлы ұландар ашамайлы,

Тайы ұшып, тепкішегі жалп-жалп етер.

Қайысып, қайынсіңлі қайта оралса,

Майысып кербез келіншек аттанады.


Кітапханашы: Ақынның атақты «Құлагерін» кім білмес, жалпы барлық шығармасын алып қарасаң да табиғатты төгілте жырлайды. Ендігі кезекте осы аталмыш поэмасының «Туған жер» бөлімінен үзінді тыңдаңыздар.
2-оқушы:

Көк орман, көркем тоғай маужыраған,

Сұлудың көзіндей көл жаудаған.

Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас

Төгіліп көл жиекке саудыраған.
Көк кілем балаусасы балбыраған,

Көк жібек жапырағы жалбыраған.

Ақ қант аспандағы сонда жауып,

Бал бұлақ таудан, тастан орғылаған.


Бұл тауды іздейміз бе біздер шеттен,

Талайы осы таудың бізге біткен.

Мақтауға, мақтануға тұратын жер

Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен;


Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,

Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.

Қия құз, жақпар сарай, бура тастар

Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен.


Кавказдай таласпайды аспан-көкпен,

Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен;

Алтайдай асу бермес асқар емес,

Жөңкедей жолсыз емес құж-құж біткен.


Көкшетау жер жаннаты жеке біткен,

Бұл сұлу кең далада бойын күткен.

Жомарт тау дастарқанды, момақан тау.

Шипа тау тазартатын барлық дерттен.



Кітапханашы: Қазақ әдебиетіне салмақты, салиқалы поэзия сыйлаған, әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан эпик ақын І.Жансүгіровтің поэзия кеші аяқталды. Поэзияның жаны тіл болса, осы сөз жауһарларын халқына сарқып берген ақынның дүниелері қазақ әдебиетінің біртұтас қабырғасы іспетті. Ендеше ақынның сөзі өлмейді! Өлеңі де өлең, өзі де өлеңге айналған кешегі «Құлагерлердің» жалғасы жас ақын Бауыржан Әліқожаның мына өлең жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіздер.
Ақындарға мектеп боп - жыр әлемі,

Қалпын сақтап қазақы тұр әдемі!

Дара келдің шашаңа шаң жұқтырмай,

Қара өлеңнің қанатты – Құлагері.


Сұлу сарай тұрғыздың сөзіңменен,

Болып кеттің бұл күні өзің де - өлең.

Жанды маздап ойларың, қанды қозғап,

Жан-дүниені балқытқан сезімменен.


Озып жырмен уақыттан тостың алдан,

Көкірекке шоқ сөзбен қостың арман.

Кестеленген өмірі десте өлеңмен,

Бәйтеректің тамыры тасты жарған.


Нелер істі ұлт үшін жүйеледің,

Халық өзі жанашыр сүйеді ерін.

Мол мұрасын төгілткен – домбырасың,

Жыр тіліне аударған күй өнерін.


Мұныңда да қаншама жатыр астар,

Парасатқа патшасың, ақылы – асқар.

Ғасырларға жол тапқан Құлагерсің,

Екпініңе шыдамас «Батыраштар»



Шығармалары туралы:

«Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» ақын шығармашылығының төрт тағаны іспеттес. Бүгінгі ұрпақ І.Жансүгіровті ғұлама Абайдан кейін әдебиетке жаңа леп әкелген ақын деп жоғары бағалайды. Әдебиетке қосқан үлесі шексіз.

Поэмалары...

«Мақпал» поэмасы 1927 жылы жарияланды. Поэма аяқталмаған. Сол заманғы әйел теңдігі туралы.


«Рүстем қырғыны» Ақынның көзі тірісінде жарияланбаған. Поэма бітімгершілікке келе алмаған қазақтардың алауыздығын, Үйсін-Найман арасындағы жауластықты баяндайды.
«Кәнпеске» 1928 жылы «Еңбекші қазаққа» басылды. Елде болған кәмпеске туралы
«Күй» 1929 жылы жарық көрген бұл поэмасында жастайынан санасына сіңіріп өскен шежірелерден түйілген саналы ойларынан туындаған қобызшылық дәстүр мен күйшілік өнер туралы жазады.
«Мәйек» 1929 жыл жарық көрген. Бұл халықтың жағдайы түзеліп, совет үкіметінің орнаған тұсындағы колхоздастыру кезеңін баяндайды.
«Дала» 1930 жылы жарияланған. Тарихи-философиялық ұзақ салалы туынды. Қазақ елінің басынан кешкен белестері, елеулі оқиғалары суреттеледі.
«Жаңа туған» 1934 жарық көрді. Революциядан кейін қазақ даласында болған жаңашылдық, өзгерістер туралы.
«Күйші» 1935 жылы жарияланған. Бұл поэмасы ақынның ақындығын айқындай түскен керемет дүниесі. Поэмада қамауда отырған күйшінің халі, оның шерткен тоқсан күйі туралы ажарлы, әсерлі теңеулер арқылы береді.
«Жорық» 1935 жылы жарық көрді. «Челюскиншілер» жорығы туралы.
«Құлагер» 1936 жылы жарияланды. Атақты Ақан сері трагедиясын жырлаған. Ауқымы кең, поэмаларының ішінде шоқтығы биік тұрған шығармаларының бірі.

«Көбік шашқан» 1937 жылы жазылған, поэма атақты күйші Құрманғазыға арналған.


«Исатай» 1937 жылы жарияланды. Исатай би туралы.
«Байкал» 1937 жылы жарық көрді. Сібір ертегісінен алынған.

Қаламгер әдебиеттің бар жанрына қалам тартты десе болады.

«Жолдастар» романы проза жанрындағы ең бір іргелі туындысы. Шығарма қазақ даласындағы Ұлы Октябрь революциясына дейінгі болған таптық-әлеуметтік кезеңді айшықты суреттейді.
«Балалар әдебиеті – жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым – осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу. Бізде, әсіресе, техника, өнер туралы шығармалар туған жоқ» -деген екен ақын. Осы балалар тақырыбына да «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәутеннің шәркейі», « Жұмбақ», «Одақ» сияқты т.б. дүниелер жазды.
Әдебиеттің ең бір күрделі саласы – драматургия.

Ақынның ең бірінші жазғаны «Кек» пьесасы Жетісудағы тап тартысына байланысты бір оқиғаны баяндайды. Осыдан кейін де ақын драматургия қазынасын «Турксиб», «Райхан», «Мін де, шап», «Колхоз тойы», «Мектеп», «Исатай-Махамбет» атты мазмұнды, оқиғалы, желілі пьесаларымен толтырды.


«Менің бір сүйетін жұмысым – сын мәселесі» - деген екен ақын. «Сыйға сый, сыраға бал», «Шалқыбай», «Басын көруге нәсіп болмады», «Қарындастың қапшығынан» сияқты көптеген сықақ әңгімелерді, «Бақтың әдісі», «Құйрықты базар», «Құқ», «Қаңғырған хат», «Қуыршақ» сияқты т.б. фельетондарды жазды.
Очерктері мен мақалалары да өз алдына бір қазына боп тұр.

«Қазақ күйлері жиналсын», «Театр туралы», «Ән, әншілер жайында», «Абайдың сөз өрнегі», «Асан туралы», «Жемісті жыл», «Баспасөзді қалай көтермелеу керек» атты сан түрлі тақырыпта жазылған мақалалары қай кезде болмасын құндылықтарын жоғалтпайды.


І.Жансүгіров аударма саласына да көп еңбек сіңірді. Өлеңнің айналасының «жұп-жұмыр» болуына асқан шеберлік керек. Ақынның аударғаны «Евгений Онегині» аударманың бір жауһарына айналды десек артық айтпаймыз. М.Лермонтовтың, Н.Некрасовтың, И.Гетенің, В.Гюгоның, Г.Гейненің өлеңдерін ана тілімізде сөйлетті.

Қазақтың бар сөз байлығын орнымен, әдемі өрілген гүл дестесіндей пайдалана білген сегіз қырлы, бір сырлы ақынның шығармалары әдебиет тарихының алтын парақтары болып қалады.




.


І.Жансүгіров

Жары Фатима




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет