Дәріс №68
Тақырыбы: Жазу жұмыстарына қойылатын талаптар.
Жоспар : Жазу жұмыстарына қойылатын талаптар
ЖАЗУ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Бұл жұмыстардың мақсаты – балаларды көркем, анық, дұрыс жазуға үйрету. Ол үшін жазуға мынадай шарттар қойылады:
Әріптердің негізгі элементтерінің және сөз ішіндегі әріптердің бір-бірінен қашықтығы біркелкі болуы.
Әріптердің биіктігі біркелкі болып шығу.
Әріптердің негізгі элементтерінің біркелкі келбетпен жазылуы.
Сопақша және жарты сопақша құрсау түріндегі әріп элементтерінің, сондай-ақ қисық, түзу сызықтан құралатын әріп элементтерінің бір-бірімен кілт жалғастырмай, бірте-бірте созылыңқырап барып, жіңішкеріп жалғастырылуы.
Әріптердің кескіні қабылданған үлгіге сәйкес, дұрыс жазылуы.
Сөздерді жазғанда әріптердің дұрыс жалғастырылуы.
Жазуға үйретуде көзделетін тағы бір мақсат – балаларды шапшаң жазуға үйрету. Өйткені практикада шапшаң оқудың қандай маңызы болса, шапшаң жазудың да сондай маңызы болады.
Жазу барысында орындалуға тиіс ережелерді мұғалім балаларға оларды жазуға үйретуден бұрын көрсетіп, түсіндіреді: мысалы, екі аяқ тік бұрыш қалыпта бүгіліп немесе жазылыңқырап еденге (столдың кергішіне) тіреліп тұрсын; жазғанда көкіректі столға тақап тіремей, столдың шетінен 3 см қашықтық ұстап түзу отыру керек.
Екі иық кеуде мен бірдей, түзу тұруға тиіс. Жазғанда оқушы тым еңкейіп, столға көкірегін тіреп отырса, дәптерге көзі тым жақындап, жақыннан көруге үйреніп кетіп, бірте-бірте алыстағыны көре алмайтын болады.
Дәптерге жарық стол жақтан түсіп, қолы жазуды көлеңкелемейтін болсын. Екі қол шынтаққа дейін стол үстіне қойылсын. Дәптерді сол қолмен ұстап, жазу төмен түске сайын жоғары жылжытып отыру керек. Қолдың қалам ұстаған жері көкіректің дәл орта тұсында болу керек. Дәптер де оқушының көкірегіндегі дәл ортасында жатсын. Әйтпесе басты оңға я солға қисайту немесе дәптерге көздің қиығымен қарауға тура келеді.
Жазуға үйретуден бұрын бірнеше рет дайындық жаттығулар жүргізіп, балалардың қолын қимылға, көзін шамалауға үйрету керек болады. Дайындық кезеңінде балаларды жазу сабағына қажет материалдармен және жазу аспаптарымен таныстыру, партаға қалай отыру, дәптерді қалай қою, қаламды қалай ұстау ережелерімен таныстыру, саусақтарды қимылдатуға бүгуге, жазуға жаттықтыру, білекті қимылдатуға жаттықтыру керек. Әріп элементтерінің, әріп кескіндерін дұрыс меңгеріп, жазу әдістеріне төселе бастаған кезде балалар бірте-бірте қолды жүргізіңкіреп, такт бойынша жазуға үйренулері қажет.
Оқушыларды дұрыс жазуға үйрету барысында мұғалім мыналарға көңіл бөлуге тиіс: материалдың тәртіппен өтіліп, жазуға берілетін мәтін алдын ала таңдалады. Каллиграфиялық жағынан дұрыс жазу үлгілерін мұғалім тақтаға, оқушылардың дәптеріне жазып көрсетіп отырады. Балалардың дәптерлері күн сайын қаралып, тексеріліп, кемшіліктері, оны қалай түзету жолдары көрсетіліп отырылады. Айына бір рет болса да байқау жұмысы жүргізіледі. Жазу сабағы шамамен мынадай жоспар бойынша жүргізіледі.
Жазу сабағы шамамен мынандай жоспар бойынша жүргізіледі:
Жазғанда партаға қалай отыру ережелерін балаларға ескертіп, өзі аралап көріп, дұрыс отырмағандарын дұрыстап отырғызады.
Сабақтың мақсатын, алда тұрған міндеттерді көрсетіп, мұғалім жаттығуды, әріп элементтерін сөзді, фразаны тақтаға жазады, оқушылар мұғалімнің қолының қалай қимылдау жайына қарап, бақылап отырады.
Мұғалім оқушылардың алда тұрған міндеттерді қаншалықты ұққан- ұқпағандарын анықтап алып, жазуға кірістіреді.
Мұғалім партаны аралап жүріп жазу процесін бақылайды.
Жазу аяқталғаннан кейін оқушылардың кемшіліктері мен жіберген қателіктері айтылады, түзетіледі, жақсы жазғандары жарияланады.
Бастауыш мектеп оқушылары үшін орфографиялық танымның әсіресе алғашқы басқышы ерекше рөл атқарады. Олар сан алуан сөздермен олардың формаларының әсерінен аз да болса білім, тәжірибе жинақтайды. Кейбір сөздерді дұрыс жазу дәрежесіне жетеді. Бірақ неге олай жазғанын әлі айтып бере алмайды. Мұндай құбылысты кейде орфографиялық сезім деп те атап жүр. Кейінірек грамматикалық білім алғанда мұндай, орфографиялық құбылыстарды саналы түрде түсініп, сауатты жазуға дағдыланады.
Достарыңызбен бөлісу: |