Жазу және тілді дамыту 1 жазуғА Үйретудің маңызы



бет4/4
Дата01.01.2022
өлшемі32,74 Kb.
#107523
түріСабақ
1   2   3   4
Байланысты:
Дәріс Жазу
физика 100 сұрақ
Дәріс №70
Тақырыбы: Жазуға байланысты жүргізілетін жұмыстар

Жоспар : Жазуға байланысты жүргізілетін жұмыстар

ЖАЗУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖҰМЫСТАР

Орфографиялық ережелерді түсіндіруден бұрын балалардың алдына олар шешуге тиісті мәселе қойылуы керек (мысалы, отпен ойнама, от пен судан сақтан мысалдардың арасында қандай айырмашылық бар? «пен» қайсысында бөлек, қайсысында бірге жазылуға тиіс? сияқты). Мұндай жұмыс балалардың зейінін сабаққа жұмылдырып, бұрын оқығандарын еске түсіруге көмектеседі.

Жазуға байланысты жаттығу жұмыстары әр түрлі факторларға негізделеді:


  1. Көру, қимыл факторларына негізделетін көшіріп жазу.

  2. Есту арқылы қабылдауына сүйенетін мәтінді жазу (мұғалім оқып берген немесе оқушы оқыған тексті жазу. Бұған диктант, мазмұндама жұмыстарын алуға болады).

  3. Орфографиялық тапсырмалар бар жаттығулар: қалдырылып кеткен әріптерді тауып жазу немесе түзетіп жазу т.б.

Жазу жұмыстарының бұл көрсетілген түрлері бір-бірімен тығыз байланысты, яғни таза біреуінің қолданылуы мүмкін емес. Мысалы, диктант есту қабілетіне негізделгенімен, көру қимылсыз іске аспайды т.б. Сондықтан, жоғарыдағы сияқты топтау тек шартты түрде, жаттығудың қай түрінде негізгі мәселенің қайсысы екендігіне мұғалімдер көңілін аудару мақсатында ғана көрсетіліп отыр.

Жазу дағдысын нығайта, жетілдіре түсетін, сонымен бірге іс жүзінде сыналған жаттығулардың негізгі түрлері мынадай:



  1. Грамматикалық-орфографиялық талдау («грамматикалық талдауды» қараңыз). Бұл – оқушыларды граммтикалық және орфографиялық құбылыстардың ара қатынасын түсінуге, орфографиялық қиыншылықтарды таба білуге, басқалардың арасынан оқыған құбылыстарын таба білуге дағдыландыру. Бұл талдау өз алдына жаттығу ретінде бөлек немес басқа жаттығулардың элементі ретінде де жүргізіледі (мысалы, көшіріп жазуда, диктантта т.б.).

Оқушылардың белсенділігін көтеру мақсатында карточка жүргізіледі. Бұл үшін әр оқушы алдын ала карточка дайындайды. Мысалы, зат есімнің септік жалғауларын талдау барысында мұғалім бір септік жалғауының қалай жазылатынын сұрағанда оқушы тиісті карточканы көтереді. Сонан кейін жазады. Бұл мұғалімге оқушылардың білім жөнінде біраз мәлімет береді.

  1. Көшіру. Алғашқы, Ісыныпта, ІІ сыныпта сөзбе-сөз, механикалық көшіру іске асырылады. Кейін бірте-бірте: деформаланған ммәтінді (картинадағы рет бойынша) көшіру, сөз теріп көшіру, қалдырылған сөздерді қойып көшіру, толық көшіру т.с.с. ұйымдастырылалды. Көшіру жұмыстарында керекті әріптердің, сөздердің, сөз тіркестерінің астын сызу, сөз табын анықтау, қосымшасын, жағын, шағын анықтау, жақшаға көрсету т.с. белгіленеді.

Балалар көшіру техникасына үйретіледі (әуелі оқып шық, буындап оқы, ойлан, мағнасына түсінесің бе, қалай жазылатынын байқа, есіңде сақта, жазып болған соң тексер т.б.). Жазғандарын түп нұсқасымен салыстырып, қатесі болса, түзейді. Көшіруге арналған материал қызықты, түсінікті болуға тиіс.

Есте ұстау арқылы көшіру. Мұнда тақтаға жазылған мәтін оқылады, талданады, содан соң жабылады. Оқушы есінде оқығандарын жазады. Кейде мәтін талданғаннан кейін үйге беріледі. Жазып болғаннан соң мұғалім мәтінді ашып, жазғандарын салыстырып, тексеруге мүмкіндік береді. көшіріп жазудың бұл көрсетілген түрі диктант болғандықтан мұны көру диктанты деп атайды. Бұл әсіресе «қиын» сөздердің жазылуы өткенде пайдалы. Әдетте жазылуы қиын сөздердің тізімі оқулықтардың соңында беріледі мұндай сөздердің жазылуыан есте қалдыру үшін мұғалім мынадай әдіс тәсілдер қолданады:

1. Зейін қойып іштерінен және дауыстап оқып шығыңдар. 2. Мағынасына көңіл бөліңдер; үй жануарларын білдіретін сөздерді бір топқа тізіңдер Т.с.с. 3. Буындап оқыңдар және жазыңдар. 4. Әсіресе сөздің қай бөлімін есте сақтағыларың келеді, сол бөлімнің астын сызыңдар. 5. Жазғандарыңды сөздік бойынша тексеріңдер. 6. Сөзді екі-үш рет қайта жазыңдар немесе екі-үш түбірлес сөз ойлап жазыңдар. 7. «Я» әріпі бар сөзді топтаңдар т.б.

Жазылуы қиын сөздер жаттығуларға кірістіріледі, бірнеше рет қайталанады. Жаттығулардың ішінде әсіресе сөздік жасауға байланысты жүргізілетін жұмыстар қиын сөздердің орфограммасы есте қалдыруға жақсы жәрдемдеседі (сөздік дәптері бірнеше бөліктерге бөлініп, цифрмен белгіленеді (1, 2, 3, ...). Мысалы оқушылардың дәптерлерінің бесінші бетінде «в» әріпі кездесетін сөздер кездеседі.

Еркін көшіру. Балалар әуелі мәтінді оқып шығады, талдайды, сонан соң кітапты жауып қойып, мәтіннен есте қалғандарын, қалай ұғынса солай жазады. Грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру. Сөздің немесе сөйлемнің бір бөлігі өзгеріссіз сол қалпында, екінші бір бөлігі өзгертіліп көшіріледі: қалып қойған жерін ойлап тауып немесе қосып, өзгертіп жазады: қалып қойған әріптер мен буындарды тауып қосу, сөздерді тауып қосу немесе сөйлемдерді аяқтау, берілген сөйлемнің немесе сөздің тұлғасын өзгертіп жазу сияқты тапсырмалар орындалады.

Мұнда мәтінді көріп қабылдау жеткіліксіз, сонымен қатар оны ойлап, талдау-жинақтау жасау керек. Көшірмес бұрын балалар алдарында тұрған міндетпен танысады, мәтінді іштен дауыстап оқиды, тапсырманы әуелі ауызша шешіп алып, жазуға соңында ғана кіріседі. Жұмыстың бұл түрін кейде бақылап көшіру деп те атайды.Қазіргі оқулықтарды жаттығудың бұл түрі кең алынып жүр.

Көшіру жұмыстары тіл дамытумен байланысты, сұрақтарға жауап беру (жазбаша) түрінде кездеседі. Бұл жұмыс балаларды мазмұндама мен шығарма жазуға дайындау мақсатында қолданады.

Балалардың орфографияға үйренген дағдылары мен шеберліктерін байқау мақсатында диктант жаздырылады. Мұнда мұғалім мәтінді, сөйлемдерді немесе жеке сөздерді оқиды. Оқушылар оны аяғына дейін тыңдап, естерінде ұстайды, жазады.



Диктанттың бастауыш мектепте жүргізілетін түрлері:

  1. Ескерту диктанты. Мұнда мұғалім мәтінді тұтас оқып шығады. Балалар жақсылап тыңдап отырады. Содан кейін түсініксіз деген сөздердің мағынасын түсіндіреді. Мұғалім әрбір сөйлемді қайта оқып шығады, оқылған сөйлемдер балалардың қатысуымен тыңдалады. Сөйлемді жазбас бұрын мұғалім балалардың зейінін ондағы қиын сөздердің жазылуына, өтіліп отырған ережеге аударады. Оқушылар тиісті дыбыстарды көрсетеді, ережесін айтып береді, олардың қателескен жері болса түзетеді. Осындай жұмыстардан кейін ғана балалар сөйлемді жазуға кіріседі. Алғашқы кезде әр сөйлем оқылып, талданып барып жазылады. Кейін балалар жұмыстың бұл түріне дағдыланған кезде, бірнеше сөйлем бірден оқылып, олардың ішінен мағынасы түсініксіз сөздер мен жазылуы қиын деген сөздер ғана талданады, ал одан әрі мәтін тұтас оқылады да, сөздер іріктеліп алып талданады, содан соң мұғалім әр сөйлемді оқып, балалар жазады. Егер балалар белсенділік көрсетіп, сөздердің қалай жазылуын, талдануын сұрап, сөздіктен қарайтын болса, онда диктанттің тиімді болғаны.

  2. Іріктеу диктанты. Мұның ескерту диктантынан айырмашылығы – балалар мұғалімнің айтқан сөздерінің барлығын жазып отырмайды, оның ішінен белгілі бір ережеге қажетті сөздерді немесе сөз тіркестерін іріктеп жазады. Диктанттың бұл түрінде уақыт үнемделеді, қажетті сөздер мен сөйлемдер көбірек жазылады, ең бастысы оқушылар мәтінді аса зейін қоя тыңдап отыруға мәжбүр болады.

  3. Түсіндіру диктанты. Мұнда мәтін жазылып болғаннан кейін ғана талданады, қателері түзетіледі. Диктанттың бұл түрін жазуға кірісерде қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұны ескерту диктантынан бақылау диктантына өткел ретінде жүргізілетін жұмыс деуге де болады. Түсіндіру диктантының бір түрі ретінде жүргізілетін жұмыс деуге де болады. Түсіндіру диктантының бір түрі ретінде сөздік диктантын да жүргізуге болады. Онда сөйлем де, мәтін д е емес, жеке сөздер айтылады. Бұған оқушыларға қиындық келтіретін немесе ережелерге бағынбайтын сөздер алынады. Сөздік диктант ұзақ болмайды, 5-10 минут шамасы, көбінесе сабақтың аяғында жүргізіледі. Мұғалім жеке сөздерді айтады, балалар жазады, жазғандарын сөздіктен қарап түзетеді. Үнсіз диктант ұйымдастырылады. Онда мұғалім қажетті суреттер көрсетеді (аю, сиыр, жылқы, қоян, қозы, трактор, комбайн т.б.), ал балалар бірден жазады немесе керекті әрпі бар карточканы көрсетіп, сонан соң жазады. Сөздік диктант 10-15 сөзден аспауы тиіс.

  4. Творчествалық диктант. Мұғалім тақтаға қажетті сөздерді жазады. Кейде сурет немес бір серия картина беріледі: балалар бір тақырыпта сөйлемдер құрайды. Шамамен қолданылатын ережелер беріледі (еске түсіріледі). Балалар сөйлемдегі сөздерді дұрыс тұлғада тұрған-тұрмағанын байқайды, қажет болса, өзгертеді. Жұмыстың бұл түрін таза диктант деуге болмайды, сөйлемді балалардың өздері құрастыратын болғандықтан мұны шығарманың кіріспесі деуге болады.

Творчествалық диктант балалардың тілін дамыту үшін де өте қолайлы, өйткені оқушылар мәтін құрауға белсенді қатысады, сөздерді де өздері ойлап табады.

  1. Ерікті диктант. Бұл мазмұндама деп аталады. Бірақ мазмұндамадан оңайлау. Диктант деу себебі – мұғалім мәтінді оқып тұрады, ал ерікті дейтініміз – балалар әдеттегі диктанттай, мәтінді мұғалімнің оқуы бойынша сөзбе-сөз емес, естерінде қалғандарын ғана жазады. Мәтін оқылмас бұрын қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұғалім мәтінді әуелі тұтас, сонан соң оның 5-6 жолын оқиды. Әрбір оқылған үзінді оқушылар жаттау алатындай, өте қысқа болмауы керек. Оқушылар оқыған үзіндінің естерінде қалғанын ғана жазады. Диктанттың бұл түрі де тіл дамыту жұмысымен ұштасады.

Осы көрсетілген жұмыстардың барлығы орфографиялық дағдыны автоматтандыру мақсатын көздейді.

  1. Бақылау немесе тексеру диктанты. Бұл балалардың алған білімдері мен қалыптасқан дағдыларына тексеру мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушы өзі білетін ережені қолданып, өз күшін өз бетімен байқай алады. Мұғалім қандай да болмасын бір орфографиялық ережені оқушылардың қалай меңгергендері жөнінде мәлімет алады. Қандай ереже қайталану керек, кімге қандай көмек керек – соны анықтайды. Егер диктанттың нәтижесі бүкіл класс бойынша нашар болса, қайталау диктанты жүргізіледі. Мұндай жағдайда сол мәтіннің өзі қайтадан алынады немесе соған ұқсас мәтін алынып, қайталанады, диктант жаздырылады.

Жұмыстардың жүйесі: Орфографиялық жаттығулардың бірнеше кезеңі бар: а) алғашқы кезеңде, әдетте, оқулықтағы немесе тақтаға жазылған дайын материал алынады. Бұл материалдар мұғалімнің көмегімен талданады, оқылған ереже бойынша, жазылған сөздер табылады, нақты үлгі бойынша балалар ереженің практикада қалай қолданылатынын түсінеді. Мұнда оқылған орфограммаға сай, жеке сөздер, сөз тіркестетері немесе сөйлемдер ғана беріледі. Мұны дағдыны бекітудің алғашқы кезеңі деуге де болады.

ә) Екінші кезеңде де дайын мәтін: сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер беріледі. Мұнда оқылып отырған орфограммаға сай, сөздерінің ішінде басқа ережелерге де жататындары болады. Ұсынылған материалдардың ішінен балалар керектісін, оқылып отырған ережеге сай келетіндерін іріктеп, тауып, алады; неге ол сөзді алды, ол сөз бұл ережеге сай келе ме дәлелдейді. Бұған қосымша, балалар сұрақтарға жауап қарастырады, ескерту диктантын жазады.

Бұл кезеңдегі ең көп қолданылатын жаттығулар: көшіріп жазу, үлгі сұрақ бойынша, сөзді, сөйлемді аяқтап жазу. Бұл – орфограмманы білу кезеңі деп аталады. Балалар ережені қолданып үйрене бастайды, жазғандарын дәлелдеп, негіздей алады. Сөздердің жазылуын әуелі дәлелдейді, сонан соң ғана жазады.

б) балалар өздерінен басқа құбылыстардың ішінен оқылып отырған ереженің объектісін тауып бере алады. Мұнда жеке сөйлемдер де тұтас мәтін де беріледі. Балалар мәтінді көшіреді: қалдырылып кеткен сөздерді үлгі, сұрақтарсыз, өздері тауып жазады; бұл кезде ескерту, түсіндіру, іріктеу диктанттары жаздырылады. Бұл үйрену кезеңі деп аталады.

в) орфографиялық дағдының автоматтана бастау кезеңі. Мұнда балалар орфография туралы ғана емес, жазу жұмыстарының басқа жақтары (мазмұны, лексика, синтаксис, жоспар) жөнінде де ойланады. Бұл кезеңде балалар грамматикалық-орфографиялық тапсырмаларды орындап, көшіріу жұмыстарынан басқа, ескерту диктанты, түсіндіру, ерікті, шығармашылық, бақылау диктанттары, түрлі мазмұндама, шығармалар жазады.

г) қалыптасқан дағдыларды жетілдіру кезеңі. Жазылуы бірыңғай сөздерді байланыстырып, оларға тән ортақ заңдылықты, жалпылықты анықтау; түбірлес сөздерді табу. Бұл кезде диктанттың барлық түрі жазылады, оқылған ережелер бойынша қалыптасқан дағдылар толық автоматтанады, сондықтан мәтінді алдын ала талдаусыз жаздыра беруге болады. Сөздіктен қарауға, мұғалімнен сұрауға рұқсат етіледі.

Жоғарыда көрсетілген жүйені өзгертуге болмайды деп түсінбеу керек. Нақты жағдайларға: балалардың жас ерекшеліктеріне, дайындық дәрежелеріне, алған білімдері мен сөйлеу дағдыларына қарай өзгеріс болуы мүмкін. Алайда, мұғалім осы көрсетілген жұмыстардың жүйесінің толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай, материалдарды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар да бірден-бірге лексикалық, синтаксистік жағынан күрделене түсуге тиіс. Материал таңдауда әсіресе мына жағдайлар ескеріледі:



  1. Грамматиткалық немесе орфографиялық құбылыстарды түсіндіру кезінде бақылау үшін анағұрлым жеңіл, анық материалдар алыну керек. Бұл кезде оқушылардың зейінін оқылып отырған ережеден басқаға алаңдататын нәрселер болмағаны жөн. Оқушылар бақылағандарынан дұрыс қорытынды шығара алатындай болсын.

  2. Жаттығуға арнап материал таңдағанда тіл дамыту мен жазу жан-жақты ескерілуге және бұрын өтілгендерді үздіксіз қайталау есте болуға тиіс.

  3. Жұмыстың әртүрлі кезеңдерінде бір тектес (сөздік, фразалар немесе мәтін) материалдарды қайталап отыру дұрыс болмайды. Мысалы, алғашқыда «қала» сөзіне түбірлес сөз тапқанда «қалалар» десе, кейінгіде «қалалы, қалашық, қалашыл т.с.с.» сөздер айтқызылады.

Қазіргі кезде орфографияны меңгеру үшін көру мен есту органының (көшіру мен диктанттың) қайсысы маңыздырақ деген мәселе жөнінде талас жоқ. Сауаттылыққа үйренуде сезім анализаторларының барлығы да: есту де, көру де қол қозғалысы да қатысуы керектігі зерттеліп анықталды. Оның үстіне көшіру немесе диктант сияқты жазу түрлерінің қазіргі кезде әр түрлі нұсқалары шыққанын жоғарыда айтылғандардан байқағанбыз.

Мұғалім қандай да болмасын, бір сезім органына жаттығудың қай түрі дұрыс келеді деген мәселеден гөрі, бір жаттығуда таным қызметінің қандай операцияларды орындауы жайлы, олардың комплексті қатысуын қалай қамтамасыз етуге болатыны жайлы көбірек ойлауға тиіс: талдау, жинақтау, жалпылау, ұқсастық пен айырмашылықты табу, абстракциялау, топтау, жүйелеу т.б.

Сөйтіп орфографиялық немесе пунктуациялық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруда оқушылардың зейінін, ойы-есін, қиялын т.б. таным қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың ауызша, жазбаша тілін дамытуыға көп күш салу қажет.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Орфограмманы түсіндіру тәсілдерін көрсетіңіз. Бұл үшін бір ережені мысалға алып, сол арқылы түсіндіріңіз.

2. Орфографиялық жаттығуларыдың түрлері қандай? Олар қалай жүргізіледі?

3. Орфографиялық жаттығулардың барлық түрін қалайша жинақтап, топтар едіңіз?

4. Диктанттың қандай түрлері бар?

5. Жаттығу жұмыстарын қандай жүйемен жүргізуге болады?

6. Жаттығу материалдарын таңдауға қойылатын талаптар қандай?

7. I, II, III, IV сынып оқулықтарындағы орфографиялық жаттығулар қалай жүйеленген? Оларға, сіздің пікіріңізше, қандай өзгерістер енгізуге болар еді?

8. I, II, III, IV сынып оқулықтарындағы орфографиялық жаттығу материалдары қалай талданғанын байқаңыз.



9. Мектепте жазу сабақтарына қатысып, оны талдаңыз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет