Орхон ескерткіштерінің текстін зерттеген қазақ ғалымы Аида
Отандық түркология тарихында соқтықпалы соқпақсыз заманда тыңға түрен салған, жасқанып мұқалып қалмай, өз бетімен өрге ұмтылып, табанды ізденістерге барған, Орхон мұраларының қазақ тіліне қатысын зерделеп ізашар еңбек жазған, көрнекті ғалым, тіл білімінің алдыңғы алыптар буыны өкілдерінің бірі – бүгіндері 100 жылдық мерейтойы аталып отырған, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғұбайдолла Айдаров. Ол отандық түркологияда көне түркі бітік жазбаларын алғаш зерттеп, мезгіл өзгерісінің хабаршысы болған қарлығаштардың бірі еді. Ғұбайдолла Айдаровтың еңбектерінде түркологияның лингвистикалық, атап айтқанда, морфологиялық, лексикалық, фонетикалық қыр-сырларын айқындауға, қазіргі түркі тілдерімен байланыстарын ашуға ерекше көңіл аударылды. Әлбетте, Ғ.Айдаров өзінен бұрынғы зерттеушілердің еңбектерінен хабардар болды. Айталық, түркиялық ғалым Хусейін Намык Орхун, В.В.Радловтың көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты ғылыми еңбектерін толық көшіріп, түгелімен қазіргі түрік тіліне аударып 1936-1941 жылдары жариялады. Ал бүкіл ресейлік түркологияның көне түркі жазба ескерткіштерін жайында үстелдегі бірден- бір хрестоматиялық оқу құралына айналған әйгіл түрколог С.Е.Маловтың «Көне түркі жазба ескерткіштері» атты іргелі еңбектері (1926, 1936, 1951, 1952, 1959 жылдары жарыққа шығарды) де бар еді.
С.Е. Маловтың да түркі тілдерін топтастырғанда «тірі тілдер» және «өлі тілдер» деген «жасанды» шарттарды, оған қоса «көне тілдер» (оғұз, ұйғыр, тофа, тыва, хакас, шор), «жаңа тілдер» (әзербайжан, құман, қыпшақ, түркі, түркімен, т.б.), «жап-жаңа тілдер» (башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, татар, ойрат, чуваш, якут) қойған болатын. Бұл түркологияда тарихи-лингвистикалық дәстүрлі сабақтастықтарды жоққа шығарған «идеологиялық мәселе» болатын. Сондықтан да, белгілі қазақ ғалымы Сәрсен Аманжолов «Ежелгі түркі жазба ескерткіштері және олардың қазіргі түркі тілдеріне қатысы қандай» деген өзекті мәселелерді көтерген еді.
Сайып келгенде, көне түркі жазуына әрі сол ежелгі тілде сөйлеушілерге «жап-жаңа тілдер өкілдерінің қатысы жоқ» деген кеңестік шовинистік пиғыл, астыртын шектеу бүркемеленіп жатқан еді. Сол себептен Қазақстанда түркология саласының, әсіресе жазба ескерткішті оқитын мамандар даярлауға мәскеулік билік рұқсат бермей келген еді, тіпті ескерткіштерге барып көзбен көріп зерттеуге мүлдем тыйым салған еді. Бұл бөгеттерге қарамастан, ағысқа қарсы жүзген Ғ.Айдаровтың «Тониукук ескерткішінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы туралы» атты ғылыми кандидаттық диссертациясы «өлі тілдерді» тірілткен алғашқы қадам, байыпты талдау болатын.
Осы саланы кеңейтіп, докторлық диссертация етіп «Енисей-Орхон және Талас ежелгі түркі жазбасы тілінің лексикасы» атты тақырыпта түркологияның дәстүрі үзіле қоймаған, әйгілі Түркологиялық бірінші конгресс өткен, кейіннен 1970 жылдардан «Советская тюркология» журналы жарық көре бастаған Әзербайжан астанасы Баку қаласында әзери тілінде қорғап шығады. Ресми оппоненттері Әзербайжан ҒА-ның корреспондент-мүшесі А.М.Демирчи-Заде, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Э.И.Фазылов, М.А.Хабичев, Т.И.Гаджиев бастаған ғалымдар ғылыми еңбекке жоғары баға береді.
Ғ.Айдаров түркология туралы айтқан сұхбаттары мен естеліктерінде «Біз осында... менің зерттеу салам бойынша үш-ақ адамбыз. Ал бұл жастарды ойланту керек емес пе?!» деуі осы салаға мамандар аса қажеттігін ескерткен дабылы еді. Қазақстандық «рунологтер» қатарында Алтай Аманжолов, Адай Есенқұлов сынды саусақпен санарлық қана ғалымдар көне түркі жазбаларын зерттеуді нысан еткені белгілі.
Ғ.Айдаров көне түркі жазбаларына қатысты «Язык Орхонского памятника Бильге-кагана» (1966), «VIII ғасырдағы көне түркі жазулы Орхон ескерткіштерінің тілі» (1971), «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1986), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991), «Күлтегін ескерткішінің тілі» (1995) сынды оншақты монографиялық және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтардың, 250-ден астам зерттеу мақаланың авторы. Ол ЖОО-да оқытылатын студенттерге арнап көптеген оқу бағдарламасы мен оқу құралын дайындап жариялаған, ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығына жіті назар аударып зерттеген ғалым.
Достарыңызбен бөлісу: |