Балмұздақ сату
Балмұздақ – үлкендер де, балалар да жақсы көретін тәттінің бірі. Балмұздақ сату – табысты, шығыны аз істің бірі. Дүңгіршектерде сату – жас бизнесмен үшін таптырмайтын бастама. Балмұздақ сату әкімдік пен СЭС мемлекеттік органдарының санитарлық-эпидемиологиялық шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Ғимарат. Жазда балмұздақ сататын арнайы орынның қажеті жоқ, өйткені сату далада да жүзеге асады. Ал қыста дүкен немесе супермаркеттен орынды жалға алуға тура келеді.
Құрал-жабдықтар. Ең қажетті құрал-жабдық – мұздатқыш қобдишалар. Мұздатқыш қобдишалар дегеніміз – мұздатылған өнімдерді көпке дейін сақтайтын және оларды сату үшін көрсетіп тұратын тоңазытқыштың бір түрі.
Оларды жалға алуға болады, бірақ мұның бір қиындығы – келісім-шартқа сәйкес бұл мұздатқыштардан басқа өндірушілердің балмұздағын сатуға тыйым салынады.
Технология. Балмұздақтың 100-ден аса түрлері бар. Бүгінгі күні «эскимо», «вафли қосылған брикет» сынды балмұздақтарға деген сұраныс едәуір төмендеді, оларды тек орта жастағы адамдар ғана алады. Өмір сүру деңгейі жоғары ірі қалалардағы жастар мен балалар өте талғампаз, олар үнемі жаңа нәрсенің дәмін татқысы келіп тұрады.
Балмұздақ өндіруші немесе көтерме саудамен айналысатын балмұздақ жеткізуші компаниямен қайта сату мақсатында балмұздақ алу жөнінде келісім-шартқа тұруға болады. Бір ғана шартты ұстану қажет – сұранысы жоғары тауар түрлерімен тоңазытқышты толтыру. Сату нүктелері қаншалықты көп болса, соншалықты сату да дұрыс жолға қойылады.
Жұмыс күні аяқталғаннан соң, қобдишаны алып кету керек. Таңертең апарып, кешке алып кететін «газельді» жалға алуға болады. Алайда бір тоңазытқышты алып жүру «газельге» тиімсіз, сондықтан кемінде 5 дана болғаны дұрыс. Балмұздақ сату бизнесін клиенттердің үйіне жеткізуді ұйымдастыру арқылы кеңейтуге болады.
Қызметкерлер. Қажетті қызметкерлер – сатушылар. Бес сату нүктесі болса, әрқайсысында екі сатушыдан десек, 10 адамды жұмысқа қабылдау керек.
Сату. Бәрі дайын болғаннан соң, яғни жабдықтар мен сатушылар табылса, онда бизнесті бастауға болады. Бизнестің табысы сату орнына байланысты. Қолайлы сауда нүктелері – кинотеатрлар, сауда-саттық орталықтары, мейрамханалардың жаны. Орын таңдалғаннан соң (сатуға арналған жер учаскесі тек санитарлық-эпидемиологиялық шешім бар болса ғана беріледі) қасында орналасқан дүңгіршекпен электр энергиясы жөнінде келісу қажет.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
Мұздатқыш қобдишаны жалға алатын болсаңыз, онда аталған өндірушінің өнімін ғана сата аласыз. Тауар түрлерін өздеріңіз таңдайсыз. Минималды тапсырыс – 5 000 теңге. Сауда жақсы жүруі үшін тауардың сан алуан түрі болу керек, егер 5 сауда нүктеңіз болса, онда 50 000-60 000 теңгеге шығындаласыз.
Егер мұздатқыш қобдишаны сатып алатын болсаңыз, оның бағасы 60 000 теңге. Мұндай жағдайда тауардың түрлері де әркелкі болады, өйткені өндірушілер әртүрлі. Өнімнің шығыны – 50 000-60 000 теңге.
Барлығы: 50 000-60 000 теңге (мұздатқыш қобдишасыз), 110 000 теңге (мұздатқыш қобдиша + тапсырыс).
Табыс:
Бизнесіңіздің табысы орынға, тауар түрлері мен сатушыға байланысты. Табыс 35 %-ды құрайды.
Тәжірибе көрсеткендей, жазда бір сауда нүктесі 20 000-25 000 теңге табады, яғни айына = 4 апта * 20 000 теңге = 80 000 теңге. Қыста табыс аздау болады, бір сауда нүктесінен түскен апталық табыс 5000-10 000 теңге, яғни 4 апта * 5 000 теңге = 20 000 теңге.
Сондықтан балмұздақ сатуда жақсы пайда табу үшін 40 шақты сауда нүктеңіздің болғаны абзал.
Кондиционерлерді орнату
Аймақтарда бұл бизнес түрі жақсы дами бастады. Климаттық техниканы сатумен айналысатын көптеген сауда компаниялары олардың монтажымен айналысқысы келмейді. Ал бұл өз кезегінде жеке кәсіпкерлердің бұл бизнес түрімен айналысуына жақсы мүмкіндік тудырады деген сөз.
Тапсырыстардың көп бөлігі көктем мезгілінде басталып, жаз бойы болады. Бұл бизнес түрімен айналысуды көктем айларында бастаған жөн. Аймақтарда адамдардың көбісі алғашқы кондиционерін сатып алуда, ал астанада адамдар бұрынғы кондиционерлерін заманауи, қазіргі эстетикалық тұрғыдан дұрысырақ сплит-жүйелерге ауыстырып жатыр.
Кондиционерлерді орнатудың екі нарығы бар: ол ұжымдық және жеке тапсырыс берушілер. Ұжымдық клиенттер көп жағдайда кешенді қызмет көрсететін компанияларға жүгінеді, өйткені оларға кондиционерді бір жерден алып, басқа жерден орнату тиімсіз. Сондықтан да кондиционерді орнату бизнесімен айналысамын десеңіз, онда жеке клиенттермен жұмыс жасауыңыз керек.
Ғимарат. Бұл бизнес түрі үшін арнайы бір орынды жалға алудың қажеті жоқ, өйткені сіз клиенттеріңізге өзіңіз барасыз. Ал тапсырыстарды үйде отбасыңыздың бір мүшесі қабылдай алады.
Құрал-жабдықтар. Сізге керегі – монтаждауға арналған құрал-саймандар мен материалдар. Құрал-саймандардың бірінші тобы – бұл электр құралдары: перфоратор, штробкескіш, алмаз дискілерінің жиынтығы. Екінші тобы – тоңазытқыш құралы және тоңазытқыш контурын жұмысқа қосуға арналған жабдықтар. Үшінші тобы – құбырлық құралдар: құбыркескіш, вальцовкалар, шабровкалар. Төртінші тобы – жалғауға арналған жабдықтар.
Технология. Кондиционерді орнату үшін не істеу керек? Алдымен кондиционердің ішкі және сыртқы блоктарын орналастыратын жерді таңдау қажет. Кондиционерді бос қабырғаға орналастырған жөн, сонда ауа бөлме ішінде біркелкі таралады.
Келесі кезең – кондиционердің ішкі және сыртқы блоктарын байланыстырушы құбырлар үшін қабырғаға тесік жасау. Кейде коммуникацияларды қабырға ішіне жібере алмаған жағдайда, оларды арнайы пластик қорапқа салып, қабырғаға жапсырып қояды.
Кондиционерді орнатуға байланысты тағы бір айта кететін жайт – жиналып қалған суды шығаруға арналған дренаж жабдығы. Дренажды шланг басқа коммуникациялармен бірге монтажды қорапқа салынып, сыртқа шығарылады. Сонымен қатар, кондиционерді орнату үшін оған бөлек тоқ сұққыш жабдық керек және де электрқалқанға жеке автомат жасаған дұрыс.
Сервистік қызмет қосымша табыс түсіре алады. Сервистік қызмет көрсету келісім-шартын бірнеше жылға жасауға болады, себебі кондиционерді, әдетте, жылына екі рет тексереді.
Біраз уақыт өткеннен кейін, бизнес табыс әкеле бастаған кезде кондиционерлерді сатумен айналысуға да болады. Не болмаса инженерлік жүйелер күтімімен айналысуға болады. Мұндай бизнес өте табысты, кәсіпкер тапсырыстарды жыл бойы ала алады. Кондиционерлерді орнату бизнесі компанияның одан әрі басқа да салаларда дамуы мен өсуіне мүмкіндік береді.
Маркетинг және өткізу. Жарнамаға ерекше көңіл бөлу керек. Алғашқы кезеңде жеке клиенттермен жұмыс жасайтындықтан жарнама оларды тарту үшін қолданылады. Сіздің кондиционерлер сататын, алайда орнату жағынан қызмет көрсетпейтін дүкендермен келіскеніңіз тиімді болады. Белгілі бір көлемдегі төлем үшін дүкендердің тапсырыстарды сізге беріп тұруы жөнінде келісіп алған да жөн. Сауда нүктелері қаншалықты көп болса, тапсырыстардың саны да соғұрлым артады. Баспада шыққан жарнама аз да болса өз көмегін тигізеді. Аймақтарда кейбір компаниялар өздерін теледидар арқылы жарнамалайды. Сонымен қатар Интернет арқылы, жеке интернет-сайт немесе блог ашып, клиенттерді тартуға да болады. Жарнамалық мәтін жазу барысында бәсекелестерде жоқ қызмет түрін жазуыңызға болады. «Арзан және тез» деген сөздер клиенттерді жалықтырды, сондықтан жарнаманың мәтінін құрастыру барысында оған үлкен мән беріңіз.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
- Монтажға арналған құрал-саймандар– 200 000 теңгеден жоғары.
- Жарнама – 3 000 теңге.
- Басқа да қажетті материалдар – 40 000-50 000 теңге.
Барлығы: 250 000 теңге.
Табыс:
Бір кондиционерді орнату (монтаж) 15 000 теңгеден жоғары, жұмыс көлемі мен қабатқа байланысты. Уақыт бойынша 2-3 сағат алады, яғни күніне 2-3 кондиционер орнатуға болады. Күн сайын 30 000-45 000 теңге таба аласыз. Бір айдан кейін-ақ сіз шығыстарыңызды ақтайсыз.
Гравирлік (бедерлік) жұмыстар
Гравирлеу дегеніміз - механикалық әдіспен немесе қолмен шыны, ағаш, тас, металл беттеріне жазулар, өрнектер, суреттер салу. Бұндағы суреттер дөңес (рельефті) немесе ойыс болуы мүмкін.
XXI ғасырда «лазерлік гравирлеу» деп аталатын жаңа технология пайда болды.
Сізге қандай өнім қажет? Металдан ба, ағаштан ба, шыныдан ба, пластиктен әлде теріден бе? Құрал-жабдықтар көмегімен қызмет көрсетудің кең спектрін орындауға болады. Мысалы: жарнамалық немесе сувенирлік өнімдерге фирмалық белгілерді, логотиптерді салу, зергерлік бұйымдар мен неке жүзіктерін, ноутбуктер мен компьютерлердің пернетақталарын, телефондарды гравирлеу, өндірістік маркировка, жапсырмаларды жасау, теріні лазерлік гравирлеу, лазерлік кесу, ағашты лазерлік гравирлеу, кеңселік тақталарды дайындау, бейдждерді дайындау, мөр дайындау, т.б.
Ғимарат. Бұл бизнесті жүзеге асыру үшін сізге ауданы шамамен 20-30 м² бөлме қажет. Дүкеннен, сауда немесе бизнес орталығынан орын жалға алып, гравирлік шеберхана ашуға да болады.
Құрал-жабдықтар. Сізге лазерлік гравирлеу қондырғысы қажет. Олардың сан алуан модельдері бар. Бұндай қондырғылардың бағасы 4 000- 30 000 доллар аралығында.
Алғашқы кезеңде минималды құны 2 000 долларды құрайтын кішігірім лазерлік гравирлік қондырғы алсаңыз жеткілікті. Мұндай модельмен кішігірім бөлмеде жұмыс істеуге болады. Аталған лазерлік қондырғы түрлі металл емес беттерді өңдеуге мүмкіндік береді (ағаш, пластик, тас (табиғи және жасанды), тері және т.б.). Мөр, штамп және зергерлік өнімдерді жасауда кең қолданылатын бұл модельдер лазерлік гравирлеу қондырғылары ішінде ең арзаны болып табылады.
Технология. Гравирлік жұмыстар арнайы шығармашылық қабілет пен кәсіби біліктілікті қажет етпейді. Бұндай жұмыстарды орындау үшін қолдың ептілігі ғана қажет.
Гравирлеуді қола, мыс, темір, латунь және алюминий бұйымдарына, алқа, тұмар, жетондарға, құттықтау және естелік жазуға, қалам, ақша, қысқыш беттерін гравирлеуде, пышақ, қылыш тектес зергерлік қаруларға жазулар жазуда қолдануға болады. Жергілікті жиһаз жасаушыларға да өз қызметіңізді міндетті түрде ұсыныңыз. Бұл жағдайда жұмыс үлгісін орындайтын гравирлік машина мен қажетті материалдарды сатып алып, олардың шеберханасында жұмыс істеу керек.
Өткізу. Гравирлік қондырғыларды сатып алып, біраз үлгілер жасап алғаннан кейін зергерлік дүкендерді, фотосалондарды, сувенирлік дүкендерді аралап шығу қажет. Сөйтіп әріптестікке келісіп, жұмыс үлгілері бар стендтерді шығарамыз.
Сонымен қатар, клиенттер іздеп табудың тағы бір жолы – сайыстар, кәсіби конференциялар мен көрме ұйымдастырушыларына өз қызметіңізді ұсыну. Әдетте мұндай мерекелерде жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар беріледі. Ал бұл заттарда сіздің қолыңызбен жасалған естелік жазулар болсын.
Болжамдық есептеулер.
Шығыстар:
- жұмыс орнын жалға алу – 50 000 теңге.
- құрал-жабдық – 400 000 теңге.
- үлгілер жасау үшін қажетті материалдар – 50 000 теңге.
- басқа да шығын материалдары – 60 000 теңге.
Жалпы: Шамамен 560 000 теңге.
Табыс: Гравирлеу бойынша бағалар:
- материал – пластик, шыны, тері, ағаш – 10 теңге/см².
- материал – тас – 20 теңге/см².
- 20 х 25 см өлшемді мақтау қағаздары мен дипломдар – данасы 3 000 теңге.
- ұялы телефон – данасы 1 500 теңге. Өткізілген экспресс-зерттеу нәтижесі бойынша кішігірім гравирлік шеберхананың ай сайынғы табысы шамамен 200 000 тенге.
Сәндік бұйымдарды қолдан жасау
Егер сіз тіге алсаңыз, жасанды гүлдер жасай білсеңіз, былғары, бисер және қауырсынмен жұмыс істей алсаңыз, онда сіз дизайнерлік заттарды қиындықсыз шығара аласыз. Алдымен адам өз брендіне, сосын бренд адамға қызмет етеді.
Қолдан жасалған сәндік бұйымдардың кең тарауы бұл бизнес түрінің дамуына жол ашты.
Ғимарат. Бұл қызмет түріне арнайы ғимаратты жалға алудың қажеті жоқ. Бастапқыда бұл бизнеспен үйде айналыса аласыз.
Кейінірек, бизнесіңіз дамып, тұрақты клиенттер пайда болған кезде сәндік қолөнер бұйымдарын жасауды үйрету орталығын ашуыңызға болады. Бұл сіздің қосымша табысыңыз. Оның үстіне шәкірттеріңіздің жұмыстарын көрмеге шығарып, сатуға болады. Бұл кезде адам санына байланысты арнайы ғимарат қажет.
Ең дұрысы 10-12 адамнан тұратын топтар құру, сабақ 2 сағат жүруі керек, арасында 30 минут үзіліс жасасаңыз болады. Сонда орталық 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істесе, жалпы 10 адамнан тұратын 4 топқа сабақ беруге әбден болады. Сонда ай сайынғы табыс: егер оқу құны 500 теңге/сағат болса x 40 адам x 24 жұмыс күні = 480 000 теңге.
Құрал-жабдықтар. Бұл бизнес түріне арнайы құралдар-жабдықтар қажет емес. Бірақ, сіз бисер, жіп, тастар және т.б. қажетті материалдарды артығымен алып қоюыңыз керек.
Технология. Әшекейлерді жасау жөніндегі идеяларды эксклюзивті тауарлар сайтынан немесе қолөнер форумдарынан алуға болады.
Алдымен, 10-20 дизайн-жобаны құрып, оны потенциалды клиенттерге ұсыну керек. Сатып алушылар көтерме фирмалар, бөлшек дүкендер, жеке клиенттер болуы мүмкін. Түрлі жерлерге жарнамалар беріңіз.
Арнайы дүкендерге барып, ондағы тауарларды зерттеп жүріңіз.
Өткізу. Сіздің бизнесіңіздің дамуы және тауарларыңыздың көтерме бағамен сатылуы үшін өз жұмыстарыңыздың портфолиосын жасау керек. (жұмыс үлгілерін жинау). Арнайы мамандарға барып, сапалы суреттерге тапсырыс беріңіз, бұл сіздің визиткаңыз болмақ.
Әр шебердің өзінің арнайы сайты болады. Немесе ең соңғы коллекция, үлгілер жиналған жалпы сайттар бар. Оларды күнде қарап отыруды өз жұмыс кестеңізге қосыңыз. Бұл сіздің табысты жұмыс істеуіңізге септігін тигізеді.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
- портфолио құру, ол үшін сізге кәсіби фотограф көмегі керек. Оның қызметі шамамен 13 000-15 000 теңге.
- қажетті материалдар = 10 000-12 000 теңге.
Барлығы: 30 000 теңге.
Табыс:
Мысал ретінде табиғи тастардан жасалған моншақты алсақ. (Ұзындығы– 60 см. Ілгіш ұзындығы – 3,5 см.) Құны – 6 700 тенге.
Қарапайым әшекейлер бағасы 2 500 теңге.
Тапсырысқа перде тігу
Қазіргі кезде үй-жайды перде сияқты маңызды құрамды бөліксіз елестету мүмкін емес. Олар өзіндік әдемілігі арқасында декордың өте функционалды және пайдалы элементтері болып табылады. Сонымен, қонақтарға арналған бөлмедегі перделер өзінің сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп қана қоймай, дыбыс бәсеңдету, көше шаңы мен ас үй ысынан және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Перделер интерьердің артықшылықтары мен стилін айқындап, қонақтардың назарын аударып тұратын немесе керісінше, бөлмедегі басқа да қалған заттармен сәйкестенетін элемент ретінде қарастырылады.
Тапсырысқа перде тігу бизнесі қомақты бастапқы салымды, ғимарат пен құрал-саймандарды жалға алуды қажет етпейтіндігімен тиімді. Егер сіз тіге білсеңіз, онда өз еңбегіңізбен ақша табуыңызға болады.
Перде түрлері:
- классикалық перделер
- француздық перделер
- аустриялық перделер
- римдік перделер
- жапондық перделер
- орама перделер
- плиссе перделері
- бамбук перделері
- ламбрекен
- маркиз
Ғимарат. Бастапқы кезеңде бұл бизнеспен сіз үйде отырып айналыса аласыз. Алайда, барлық келушілер кез келген уақытта кіре алатын, шағын перде тігу ательесін ашсаңыз пайдалы болады. Барлығы сіздің бастапқы капиталынызға байланысты екенін атап өтуіміз керек. Егер ателье ашуға ақшаңыз болмаса, онда, әрине, алғашында перделерді үйде тігуге әбден болады. Ал сіздің бизнесіңіз жақсы табыс әкелген кезде, ателье ашып аласыз.
Құрал-саймандар. Тігін машинасы, маталар, жіптер, аксессуарлар.
Технология. Пердеге мата мен фасонды таңдамас бұрын бірнеше негізгі ережелерді білу керек. Біріншіден, перделер түсі мен стилі бойынша берілген ғимарат интерьеріне сәйкес болуын қадағалау қажет. Болашақта перденің қандай болып шығатынын көз алдыңызға нақты елестете алу өте маңызды, содан соң, қағаз бетіне қарындашпен эскиз жасауға болады. Перде тігуге мамандандырылған журналдар мен интернет сайттарынан дайын үлгілерді табуға болады.
Сәйкес модельді таңдап, қажетті матаны сатып алған соң перделерді тіге беруге болады. Маталармен жұмысты бастамас бұрын оны жақсылап сулап алу керек және дұрыстап үтіктеу қажет. Себебі кейбір маталар өндіріс кезінде өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін.
Пердені пішу кезінде матаның беткі жағын жоғары қарату қажет. Содан соң перденің төменгі шегін анықтап, матаның жанама бөлігіне перпендикуляр сызық жүргізу арқылы оны біркелкі ету керек. Матаны осы сызық бойынша кеседі. Содан соң перденің ұзындығын белгілеп, жанама бөлікке перпендикуляр сызық бойынша матаны кесеміз. Перденің екінші бөлігін матаның суреттерін келтіріп алғаннан соң аналогиялық түрде үлгілеу керек. Перденің екі бөлігі дайын болған кезде оларды астынан тігеді, ал үстіңгі шетіне перденің карнизге бекуі үшін арнайы лента жасалады. Содан кейін дайын пердені кесте, шілтер, қылқалам, әшекейлі тоқыма баулар арқылы сәндеуге болады.
Перде тігу кезінде үш негізгі өлшем қолданылады, олар стильді және фасонды таңдау кезінде шешуші рөл атқарады. Перделер үш ұзындықта болады – А, В, С. А ұзындығы терезе алдына дейін болады, В ұзындығы одан 15 см төмен, С ұзындығы – еденге дейін.
Қызметкерлер. Бастапқыда қызметкерлер көмегінсіз жұмыс істеген жөн. Сіз бірнеше эксклюзивті перделер жасап, оларды өз ательеңізге іліп қоюыңызға болады. Сатушы ретінде жанұя мүшелерін тартыңыз.
Өнімді өткізу. Перде тігу бизнесіне байланысты БАҚ-тағы жарнамалар тиімді саналады, парақтарды тарату арқылы немесе «ұзынқұлақ» механизмі көмегімен жарнама жасау қолайлы болып табылады. Жарнама негізгі және қосымша клиенттерді тартады.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
- материал сатып алу, орта есеппен, метріне 250-1500 теңге, (матаның түрі мен сапасына байланысты), жалпы сомасы 30 000 теңгеге материалдың әр түрін сатып алуға болады.
- ғимаратты жалға алу – 10 м² х 1 500 теңге = айына 15 000 теңге.
- аксессуарлар, қосымша материалдар – 10 000-15 000 теңге.
- тігін машинасы, (болмаса ) – 13 000-15 000 теңге.
Қорытынды: 68 000-75 000 теңге.
Табыс:
Пердені тігу күрделілігіне байланысты 3 000-8 000 теңге тұрады. Бір күнде 5-6 перде тігуге болады х 3 000 тенге = 15 000 тенге х 24 жұмыс күні = айына 360 000 теңге.
Декоративті тас өндіру
Жасанды тас – қаптаушы тас ретінде қолданылатын ерекше өңделген құрал. Декоративті тасты бүгінгі күні шебер-көркемдеушілер кеңінен қолданады. Сыртқы және ішкі қаптау жұмыстарға жасанды тасты пайдаланатын шеберлердің саны күннен күнге өсіп келеді.
Жасанды декоративті тас өндірісімен айналысудың бір артықшылығы арнайы орын-жайды жалға алудың қажеті жоқ, өзіңіздің саяжайдағы үйіңіз ыңғайлы орын бола алады. Сізге керегі – өлшеу құралы, дрель мен форма. Бұл заттарды құрылыс материалдарын сататын дүкендерден таба аласыз.
Жасанды тас өндіру үшін виброүстел керек. Өндірістің мұндай әдісі «виброқұйма» деп аталады. Алдын ала дайындалған қоспа аппараттағы формаға салынады, содан кейін одан әрі дайындау үдерісі жүреді. Декоративті тас түрлі-түсті болып шығу үшін бояғыш ұнтақ қосу жеткілікті.
Құрал-жабдықтар. Аталған бизнес идеяны жүзеге асыру үшін сізге мынадай құрал-жабдықтар керек: виброүстел, виброелеуіш, бетон араластырғыш, декоративті тас өндіруге арналған формалар.
Өндіріс технологиясы. Технологиясы мүлдем қиын емес: бетон қоспа пластик формаларға салынады. Форма виброүстелге қойылады (үстіңгі қабаты үнемі қозғалып тұратын арнайы үстел), сол жерде біраз тұрады. Бетон қоспасы формада біраз тұрғаннан кейін, форма үстелден алынып, 48 сағатқа жылы жерге қойылады. Содан кейін ішінен дайын өнім шығады.
Дайын декоративті тасты жақсылап кептіру керек. Өнім деформацияланбас үшін оны жалпақ қатты жерге қою керек.
Виброқұйма барысында сұйық бетон қолданылады, оған пластик қосымшалар қосылады. Бұл арқылы бетон өнімдері өте мықты болады – виброқұйма әдісі арқылы төзімділігі жоғары жаяужол плиткалары, басқа да бетон өнімдері жасалады. Өндіру барысында «виброқұйма» әдісін қолдану декоративті эффект алу үшін қажет. Технология вибрацияға негізделген, ал бұл технология нәтижесінде бетон қатты тығыздалады. Аталған әдіс арқылы мықтылығы жоғары күрделі бетон құрылыстарын жасауға болады.
Өткізу. Клиенттерді жергілікті газеттерге жарнама беру немесе түрлі жерлерге хабарландырулар іліп қою арқылы табуға болады.Адамдармен жұмыс жасау барысында түрлі-түсті буклеттер таратқан дұрыс. Клиенттермен жұмыс жасау үшін жұмыстарыңыздың үлгілері бар фотоальбом, каталог жасаған жөн.
Декоративті қапталған тас өндірісін осы салаға қатысы бар компаниялармен бірігіп, тапсырыс бойынша жолға қоюға болады. Олар қажетті материалдарды жеңілдікпен ұсынады, кейіннен сол затты өздері сізден сатып алады.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
- виброүстел – 90 000 теңгеден жоғары.
- виброелеуіш – 20 000 теңге.
- бетонараластырғыш – 30 000 теңгеден жоғары.
- декоративті тас өндіруге арналған формалар – 8 000 теңге.
- цемент – 1 кг х 300-400 теңге х 100 кг = 30 000-40 000 теңге.
құм – 14 кг х 110-120 теңге х 100 кг = 11 000-12 000 теңге.
Барлығы: 189 000 теңге.
Табыс:
1 м ² декоративті тастың өз бағасы – 30-45 теңге, нарықтағы бағасы – 250-300 теңге. Осылайша, күніне 20 м² жасасаңыз х 250 теңге х 30 күн = айына 150 000 теңге табыс таба аласыз.
Қолдан жасалған ойыншықтар өндірісі
Біз, әрине, аю, қоянды үнемі сатып ала береміз, бірақ адамдар қолдан жасалған ойыншықтың жалғыз үлгісін иемденгісі келетіні туралы жиі ойланады.
Қолдан жасалған заманауи ойыншықтар кішкентай балалардың жүрегінен маңызды орын ала алатыны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |