Жеке кәсіпкер болу үшін не істеу керек?



бет6/7
Дата03.02.2017
өлшемі1,52 Mb.
#8666
1   2   3   4   5   6   7

Ғимарат. Ғимарат шағын болуы мүмкін. Ғимаратты жалға алмай жұмыс істеуге де болады, бірақ клиентпен қалай және қай жерде келісетініңізді, жұмыс істеу орнын алдын ала шешіп алу қажет. Шағын, бірақ жақсы жабдықталған ателье бизнестің тиімділігін арттырады және қосымша модельдерді арнайы тапсырыссыз сатуға мүмкіндік береді.

Құрал-жабдықтар. Тігін машинасы және шағын үстел.

Технология.

а) Жұмсақ ойыншықтарды тігу үшін төмендегі заттар қажет:

- мата, тері, былғары, тағы басқа жұмсақ материал қалдықтары.

- фурнитура – түймелер, ілгектер, моншақтар немесе жұмсақ ойыншықтың көздерін, мұрнын жасау үшін қолданылатын арнайы фурнитуралар;

- инелер, өлшемі жұмсақ ойыншықтың көлеміне байланысты: ойыншық неғұрлым көлемді болса, ине де соғұрлым үлкен болуы тиіс;

- тігін қайшысы мен оймақ;

- біз, кемпірауыз, сым, картон – ойыншық каркасын жасауға және фурнитураны монтаждауға арналады;

- арнайы бор, сызғыш, метр, ойыншықтың пішінін дұрыс жасау үшін көшірме қағаз;

- үтік, тігудің алдында әр бөлшекті жақсылап үтіктеу үшін;

- тігін машинасы мен жіптер;

- қосымша материалдар, мысалы, мақта, синтепон, поролон.

Жұмсақ ойыншықтарды дайындау әдістері:

1) пішуден тігуге дейін барлығын қолмен жасау;

2) маманданған журналдар мен сайттардың кеңестері мен дайын үлгілерінің көмегіне жүгініп, бар нәрселерден ойыншық тігу;

3) жұмсақ ойыншықтар тігу үшін дүкеннен арнайы материалдар жиынтығын сатып алу – онда мата, дайын үлгілер, ойыншық ішін толтыратын арнайы материалдар, фурнитура мен тігуге қатысты нұсқаулар, кейде құралдар да болады.



б) Тоқылған ойыншықтар. Егер сіз тоқи алсаңыз, ойыншықтарды қиналмай жасауға болады. Ол үшін  ши мен жіп қана қажет. Бұларды арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алуға болады.

Қызметкерлер. Егер сіз тіге алмасаңыз немесе тоқи алмасаңыз, онда кәсіпорныңызға жұмысшылар жалдауға тура келеді. Ол үшін газетке немесе интернетке жарнама беру керек. Жұмысшылар тапсырыстарды үйінде орындап, дайын ойыншықтарды сізге әкеліп тұрады.

Өткізу нарығы.  Тұрақты сұраныс жағдайында қолдан жұмсақ ойыншық жасау, мысалы, туристерге кәдесый ретінде, шынайы отбасылық бизнеске айналып кетуі әбден мүмкін. Дайын өнімдерді жеке дүкендерге немесе шағын балалар дүкеніне сатуға беруге болады.

Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
- мата – 2 000-3 500 теңге (матаға байланысты ).
- фурнитура – 1 000-1 500 теңге.
- тігін  машинасы  (болмаса) – 14 000 теңге.
- қосымша  материалдар, жіптер – 2 500-3 000 теңге.
- 1 ойыншыққа төлем– 1 500 теңге x 5 дана  = 7 500 теңге айына.

Барлығы: 29 500 теңге.



Табыс: 1 ойыншықты сату 3 500 – 6 000 теңге (аймаққа байланысты), күніне 4 ойыншық x 3 500 теңге x 24 жұмыс күні = айына 336 000 теңге.
Кілт жасау, құлып жөндеу

Кілт жоғалту – өте кең тараған құбылыс. Адамдар оларды  жиі жоғалтады және де көбіне таппайды. Сәйкесінше, кілт жасау бизнесінің қызметі әрдайым біршама сұранысқа ие. Мұндай қызметті жиі қажетсінетін клиенттер тұрақты тапсырыс берушілерге айналатыны әбден мүмкін.

Потенциалды клиенттер ретінде кабинеттері көп, сәйкесінше кілттері де көп әртүрлі мекемелерді атауға болады. Олар – ауруханалар, мектептер, қонақ үйлер, балабақшалар, салық ұйымдары және т.б. Клиенттердің біраз бөлігін қарапайым адамдар да құрайды.



Ғимарат. Кілт дайындау ісімен айналысу үшін көлемі 4 м²-дей шағын ғимарат жеткілікті. Ол кез келген адам көп өтетін, тіршілігі қызу  орында орналасуы мүмкін. Ондай жерлерге автобекеттер, теміржол вокзалдары, сауда орындар, базарлар, супермаркеттер, дүкендер, көлік базарлары және т.б. жатады. Сондай-ақ бұл бизнеске орын таңдаған кезде сол маңайда бәсекелестердің болмауын ескеру керек.

Құрал-жабдықтар. Кілттер жасау және оларды кодтау  үшін арнайы құрал-жабдық қажет. Мұндай жоғары сапалы құрал-жабдықтарды итальяндық өндірушілер ұсынады, бір станоктың бағасы 150 000 теңгеден кем емес. Қытай өндірушілерінің станоктары 75 000 теңгеден 120 000 теңгеге дейін тұрады, бірақ олардың сапасы төмен болып, қызмет көрсету мерзімі бір жылдан аспауы мүмкін. Тағы бір бағасы сапасына сай құрал – жабдықтың түрі – ресейлік өндірушілердікі, оны алу біршама қолайлы.  Сонымен, үш станоктан тұратын жиынтық 140 000 теңгеден де асып кетуі мүмкін. Ресейлік станоктарды пайдаланудың бірнеше артықшылығы бар. Солардың бірі ретінде ауыстыруға қажет бөлшектерге деген қол жетімділікті атап өтуге болады. Қажет болған жағдайда оларды алып келу аса бір қиындық тудырмайды.

Технология. Біркілтті дайындаудың өзіндік құны бар болғаны шамамен 50 теңгені құрайды. Дайын кілт бағасына әдетте 600%-дан кем емес үстеме ақы қосады. Оның үстіне, бір кілтті жасау үшін оның күрделілігіне қарай 1- 3 минуттай ғана уақыт кетеді.

Атап өтетіні, кілт жасаумен қатар тағы бірнеше қызмет түрлерін көрсетуге болады, мысалы, түрлі құлыптарды жөндеу мен сату, оларды орнату, пышақтар мен қайшыларды қайрау.

Кілттерді жасау үшін қажетті материалдарды станок жасайтын фирмалардан сатып алуға болады. Әдетте оларды қамтамасыз етуші бір фирма сатады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
- станок – 140 000-150 000 теңге.
- 4 м² ғимаратты жалға алу– 6 000 теңге.
- кілт жасау үшін қажетті материалдар – данасына 30-150 теңге.

Барлығы: шамамен 180 000 теңге.



Табыс:
Мысалы, егер Сіз сағатына 10 кілт жасайтын болсаңыз, онда 6 сағаттық жұмыс күні ішінде 300 теңгеден 60 кілт дайындай аласыз, ал бұл күніне 18 000 теңге болады.
Құрылыс бригадасы

Қазіргі құрылыс нарығы – қаржылық жағынан мүмкіндігі зор жақсы дамыған индустрия. Бұл салада жөндеу бойынша жеке қызметті ұсынудан бастап арнайы бригадаларды ұйымдастыруға дейінгі қызмет түрлерімен айналысып, мол табысқа кенелуге әбден болады.

Жөндеу-өңдеу жұмыстарын жасайтын құрылыс бригадасын құру қиын емес. Тек жөндеудің мынадай болатынын ескеру керек: косметикалық, күрделі және еурожөндеу.  Косметикалық жөндеу – орын-жайды өңдеудің ең қарапайым түрі. Күрделі жөндеу – мынадай жұмыстардың жиынтығынан тұрады: бұрынғы өңдеуді алып тастау, негізгі құрылғыларды (қабырға, еден, төбе) толық тегістеу, инженерлік коммуникацияларды ауыстыру. Еурожөндеу – қазіргі жоғарғы технологиялық құрылыс және өңдеу материалдарын қолданып, еуропалық (аты содан шыққан) стандарттарға сай жаңа жөндеу түрі.

Ғимарат. Алғашқы кезеңде арнайы кеңсені жалға алмай-ақ, тапсырыстарды үйдегі телефон арқылықабылдауға болады.Сонымен қатар,өзіңіздің құрылыс материалдарын сақтайтын жеке қоймаңыздың болуы да міндетті емес. Белгіленген тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын керек кезде алып отыруға болады.

Технология. Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру мен оның технологиясы жалпы теориялық және практикалық негіздерге сүйенеді.

Жөндеу жұмыстарын білікті мамандар орындау керек. Барлық жұмыстар тапсырыс берушінің келісімімен атқарылуы тиіс. Қызметтің алуан түрін көрсету мен кеңес беру тұрақты клиенттерді табуға мүмкіндік береді. Әдетте, құрылыс бригадалары құрылыс материалдарын тиімді бағамен қайдан алу керектігін біледі. Осындай жерлерді біліп алып, жұмыстарға қажетті материалдарды сол орындардан сатып алатын боласыз.

Жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізудің жалпы ережелері. Жөндеуді бастар алдында келеңсіз жағдайларға тап болмас үшін төменгі қабатта орналасқан көршінің пәтерін қарап шығу керек. Электрик электр сымдарын қабырға мен төбе бойымен өткізеді. Сантехник жылу жүйесімен айналысады. Содан кейін сылақшылар жұмыс жасай бастайды. Түзу бұрыштар өлшеніп, сылақ қабаты жағылады. Сылау жұмыстары біткеннен кейін еден жөнделеді. Еденді құю кезең-кезеңімен жүзеге асуы мүмкін. Осы кезде терезе блоктары мен терезе алды орнатылады. Жылу радиаторлары орналастырылып, су құбыры мен асүйдегі сантораптағы  кәріз монтажы жасалады.

Сылақ пен еден құю жұмыстары біткеннен кейін аспалы төбе монтажы мен бояу жұмыстары жүргізіледі. Сантехникалық жұмыстар аяқталғаннан соң плиткашылар жұмысқа кіріседі. Қабырға мен төбені бір сылап (нақыштау, грунтау) алғаннан соң, плиткалар төселіп болғаннан кейін, паркет төсеуші жұмысқа кіріседі. Салынған паркет тегістеліп, лактың алғашқы екі қабаты жағылады.  Одан кейін қорытынды сылау жұмыстары – қабырғаны мен төбені бояу, тұсқағаз жапсыру, сантехникалық құрал-жабдықтарды іске қосу, есіктер орнату жұмыстары жүргізіледі. Тоқ сұққыштар (розеткалар) мен электрқұралдарының монтажы жасалады.



Соңғы жұмыс ғимаратты тазалау, құрылыс материалдарының қоқысын шығару болып табылады.

Қызметкерлер. Жұмысшылардан (тақташылар, сылақшы-бояушы, сантехник, электрик және т.б) бөлек, жасалған жұмыстарды қадағалайтын, тапсырыс берушілермен келісетін бір адам болу керек.  Тексеруші жұмысын өзіңіз де атқара аласыз.

Өткізу. Біздің елімізде ең жақсы жарнама – ол жеке нұсқаулар.  Интернет-сайты мен жергілікті газеттерге жарнама беруге болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:Құрылысқа қажет құрал-жабдықтар алуыңыз керек, ол шамамен 15 000 – 20 000 теңге тұрады. Тапсырыс берушілердің өздерінің материалдар болатындықтан Сізге ол жағынан шығындалудың қажеті жоқ. Жұмысшыларға жалақы ретінде жалпы сомадан түскен белгілі бір пайызды төлеп тұруға болады.

Табыс: Жөндеу көлемі мен күрделілігіне байланысты бағаланады: Косметикалық жөндеу 60 000 – 80 000 теңге, 5 – 7 күн ішінде жасауға болады. Күрделі жөндеу 100 000 – 180 000 теңге, 1 не 1,5 айда жасауға болады. Еурожөндеу 200 000 – 300 000 теңге, 2 – 2,5 ай ішінде жасауға болады.

Бөлме өсімдіктерін өсіру

Әдемілікті әрдайым тану адам психикасына жақсы әсер ететіні ғылыми дәлелденген. Айналаны әдемі етудің ең оңай тәсілі – кеңсеге немесе үйге декоративті өсімдіктер сатып алу. Бөлме гүлдері кеңсенің, үйдің сәні болып табылады. Олар жалпыға қол жетерлік, олардың көптүрлілігі де бөлме интерьеріне cәйкесін таңдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда оны арнайы салондар мен гүл сататын дүкендерден алуға болады. Бірақ әдемі гүлдердің бағасы баршаға қол жетімді бола бермейді. Ал сол гүлдерді үй жағдайында-ақ арзанға өсіруге болады ғой! Әрине, ол үшін бөлме өсімдіктеріне күтім жасай білу керек, ал бұл жағдайда интернеттен түрлі ақпарат алудың мәні зор.

Өсірілген өсімдіктерді жекелеген клиенттерге, өз кеңсесін арзан бағаға жұпар иісті тірі гүлдермен толтырғысы келетін түрлі компания басшыларына сатуға болады. Өзіңіз тұратын қаланың жағдайына байланысты аталған бағыттардың бірін таңдап немесе екі бағытта да жұмыс істей аласыз.

Технология. Егер сіз бөлме өсімдіктерін өсірумен ешқашан айналыспасаңыз, тәжірибені кактус өсіруден бастаған жөн. Олардың басқа гүлдерге қарағанда бірқатар басымдықтары бар:

- Күтімді көп қажет етпейді. Бұл ерекшелікті өзіңіз қалай бағаласаңыз, потенциалды сатып алушы да солай бағалайды. Бөлме өсімдіктеріне күтім жасау үшін көп адамның мүмкіндігі бола бермейді. Ал кактус күтімді аз қажет ететін  өсімдік.

- Өте аз орын алады. Басқа өсімдік түрлеріне қарағанда кактустар көлемді ыдысты қажет етпейді. Орташа кактус диаметрі 20 см-лік ыдысқа оңай орнығады, ал кішігірім түрлерін одан да аз көлемдісінде өсіруге болады.

- Үй мен кеңселердің түрлі интерьерлеріне оңай сәйкес келеді.

Кактустар электромагнитті толқындарды (оған компьютерді жатқызуға болады) сіңіру қасиетіне ие. Дәрігерлер компьютермен жұмыс жасағаннан бастары ауыратын адамдарға компьютердің қасына кактус қоюды кеңес етеді. Жағымсыз жағдайларда кактустар өздерін жайлы сезінеді және бұл олардың жақсы өсуіне септігін тигізеді.

Егер сіздің бөлме өсімдіктерін өсіру бойынша тәжірибеңіз болмаса, алғашқы уақытта жаңадан отырғызылған өсімдіктерді сатып алып, оларға тек күтім жасап көруіңізге болады. Ал кейін тұқым алып, өсімдіктерді өсіруге көшесіз.



Өткізу нарығы. Сізге  тұрғылықты жеріңіздегі түрлі салондарға, дүкендерге, банктерге, компанияларға, т.б. өз қызметіңізді ұсынуға болады. Дұрыс жұмыс жасаған жағдайда сіздің тауарларыңызға деген сұраныс арта түседі. Ауылда немесе кішігірім қалада тұрсаңыз, онда да өз үйін бөлме гүлдерімен безендіргісі келетін адамдар міндетті түрде табылады.

Болжамды есептеулер.

Кактусты алатын болсақ, кішкентай кактустың бағасы  шамамен 400-500 теңгені құрайды, ал үлкен кактус өзінің түрі мен ыдыс диаметріне байланысты 4 000-5 000 теңгеге дейін барады.


Аяқ киім жөндеу

Аяқ киім  – көп уақытқа шыдамайтын, жөндеуді үнемі қажет ететін зат. Біріміз үшін ол мәселе болса, енді біріміз үшін табыс көзі. Аяқ киім жөндеу – табысты бизнес, көбіміз аяқ киімді бір мезгіл ғана киіп, лақтырмаймыз, керісінше бірнеше рет жөндетеміз. Егер сіз аяқ киім жөндей алсаңыз, не оны үйренуге және өзіңіз үшін жұмыс істеуге ниетті болсаңыз (үйрену үшін етікшінің шеберханасына жұмысқа тұруыңызға болады) ең бастысы, табысты бизнеспен айналысамын десеңіз, онда осы салаға бағытталғаныңыз дұрыс.



Ғимарат. Тұрғын үйдің бірінші қабатынан орын алуыңызға болады. Қала орталығында шеберхана ашудың қажеті жоқ, алайда мүмкіндік болып жатса, олай істеуге де болады. Бизнесін жаңадан бастап келе жатқан етікші кез келген шағын ауданда жұмыс істеп ақша таба алады. Жақын маңда орналасқан үйлердің тұрғындары міндетті түрде сізге келетін болады. Қосымша жұмысқа отбасы мүшелерін тартқан жөн.

Аяқ киім жөндеу шеберханасының қызметтері мынадай:  өкшелерді жөндеу мен ауыстыру, аяқ киімдік кездеме бедерін қою, табан жөндеу, қонышты жөндеу, мүйістерді сақтандыру, супинатор мен ұлтарақтарды, фурнитураларды ауыстыру, аяқ киімді кәсіби тазалау. Ұсынатын қызмет түрлеріне байланысты отандық не шетелдік құрал-жабдықтар жиынтығы қажет.

Аяқ киім жөндеуге арналған құралдар: кескіш, қосымша құралдар, сонымен қатар, кіші механизация саймандары.

Пышақтар. Аяқ киім жөндеуге арналған бірнеше пышақ түрлері бар, олар мыналар: аяқ киім материалдары мен олардан жасалған жартылай фабрикаттарды өңдеуге, аяқ киімді ашуға арналған пышақтар, оқыстан кесуден сақтайтын сақтандырғышы бар пышақтар, іріктеп алуға арналған пышақтар – ол қалыңдықты кесу мен тері сыздығын түсіру үшін, кранц  жасау үшін арналған,  өкшені кесуге арналған пышақ.

Аяқ киім бөлшектерін капрон не зығыр жіппен  жалғау үшін біздер керек. Біздердің екі түрі бар: түзу және қисық.



Түрпілер. Жөндеу барысында екі түрлі түрпі қолданылады: қисық және түзу. Қисық түрпілер аяқ киімнің ішкі жағын өңдеуге  арналған (шпильканың түбін кесу мен шегелерге), ал түзуі – аяқ киім өкшесі мен табанын өңдеуге арналған.

Егеулер. Аяқ киім жөндеуде жалпақ (табан мен кездеме бедері бетінен шпилькаларды егеу үшін) және ұшбұрышты (құрал-сайманды ұштауға арналған) егеулер пайдаланылады.

Сонымен қатар, аяқ киім жөндеу үшін балталар, дөңгелекшелер, шеге шығарғыштар, клещтер, тістеуіктер керек.



Аяқ киім жөндеу шеберханасына арналған жабдықтар шеберхана көлеміне, қызметкерлер санына, станоктар мен автоматтардың, қажетті жиһаздың бар-жоқтығына байланысты. Аяқ киім шеберханасына қажетті негізгі құрал-жабдықтар: етік орындығы, үстел,  стеллаж.

Етік штуцері – құрал-жабдықтардың ішіндегі негізгі элементтердің бірі. Бұл – үлкен негізге бекітілген болат труба. Трубаның үстіне (шпилька не бұрандада) аяқ киім негізіне салынатын металл штуцер орналастырылады. Штуцер аяқ киім негізіне тығыз орнығу керек.

Шеберханаға қажетті жабдықтарға мыналар да жатады: қайрақ шеңбер және сым ерошка. Қайрақ шеңбер диаметрі 150-200 мм болатын ағаш барабаннан жасалады. Ол кесу құралын ұштау үшін қолданылады. Ерошка сымы жапсырылатын бетті (тері, резеңке, теріволон)  көтеру үшін қолданылады. Ол қатты болат сымнан жасалады. Сонымен қатар, жөндеу барысында табан жабыстыруға арналған баспалар, өкшелерді орнататын құралдар қажет.

Болжамды есептеулер. Шығыстар: - орын жалға алу – 10 м² x 1000 = 10 000 теңге.

- шикізат пен фурнитура сатып алу – 10 000 теңге.

- құрал-саймандар алу– 10 000 теңге.

- құрал-жабдықтар алу– 25 000 теңге.



Жарнамаға шығындалудың қажеті жоқ, жергілікті газеттерге жарнама тегін орналастырылады. Сонымен қатар, үйлердің кіреберісіндегі қабырғаларға, автобус аялдамаларына хабарландырулар ілсеңіз болады. Ал ең бастысы – сапалы қызмет көрсете білу.

Барлығы: 55 000 теңге. Табыс:Бір жөндеу шамамен 500-600 теңге. Сізде  күніне кемінде 3-4 тапсырыс болса x 500 теңге x 30 күн = айына кемінде 60 000 теңге табыс таба аласыз.

Шағын наубайхана

Тамақ өнімдері ішіндегі көшбасшылардың бірі болып нан пісіру саласы саналады. Оның өнімі ең керекті және оған деген сұраныс әрдайым жоғары болып табылады. Басты нан шығарушылар – үлкен нан зауыттары мен комбинаттар. Кішігірім нан пісіретін наубайханалар  стандартты ақ нан мен қара нан өндірісі бойынша үлкен зауыттармен бәсекелесе алмайды, бірақ олардың сирек кездесетін нан түрлерін (мысалы, диеталық, ұлттық, эксклюзивті және т.б. нандар) пісіру бойынша нарықтан орын алып, жақсы табыс табуы әбден мүмкін, себебі олар кішкентай болғандықтан өте мобильді.

Ғимарат. Нан өнімдерін пісіру бойынша бизнес ашу үшін бастапқы капитал ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 31 қаңтардағы № 94 бұйрығымен бекітілген  №4.01.064.03 «Нан, ұннан жасалатын тағамдар, макарон және кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру бойынша санитарлы-гигиениялық және эпидемияға қарсы талаптар» атты санитарлық ережелер мен нормаларға сай, кем дегенде 50 м²-лік ғимарат керек.

Шағын наубайхана ашу бойынша кішігірім бизнесті бастау үшін сауда нүктесінің орналасу орнын дұрыс таңдау өте маңызды. Бастысы, оның жанынан адамдар көп жүретін болуы керек. Яғни сауда нүктесінің аялдамалар, вокзал, әуежай, өндіріс заттарын сататын дүкендер, базарлар т.б. жерлердің маңында болғаны дұрыс. Сату орны стационарлы немесе жылжымалы (тонар) болуы да мүмкін.

Сату нүктесінің орналасатын жері белгілі болғаннан кейін, онда сауда жасауды жүзеге асыру үшін СЭС қорытындысын алу керек. Жұмыс жасайтын сатушылардың әрқайсысында санитарлық кітапшаның болуы міндетті.

Құрал-жабдықтар. Бизнесті ұйымдастырудағы келесі кезең – құрал-жабдықтар алу. Кішігірім наубайхана үшін мыналар қажет: конвекционды пеш (бағасы 100 000 теңгеден жоғары), шкаф (70 000 теңгеден жоғары), дайын өнімдерді қоятын жылы сөрелер (40 000 теңгеден жоғары), тот баспайтын болат противиньдер (1500 теңгеден жоғары), мұздатқыш ларь (шамамен 75 000 теңге). Құрал-жабдықтарды кәсіби технологтар орнатады.

Технология. Дайын өнімдер шығару үшін жартылай фабрикаттар керек болады. Айта кететін жайт, қазіргі кезде дайын өнімдердің мұздатылған түрлері бар, яғни оларды пайдалану үшін жылытатын микротолқынды пеш қажет. Бірақ олар дәмі мен сапасы жағынан жаңа піскен тағамдардан аса алмайды.

Өнім дайындау технологиясын игеру қиын емес. Ол бар-жоғы екі бөлімнен тұрады:

1) мұздатқыштан жартылай фабрикаттарды шығарып, жалғамалы шкаф ішіне 40-60 минутқа қою.

2) осы өнімді 15-20 минутқа пешке салу.

Бір кішігірім наубайхананың өнім шығару көлемі тәулігіне, шамамен, 0,5 – 1 тонна.  Алайда күніне 10-12 тонна өнім шығаратын наубайханалар да бар.

Қызметкерлер. Бір наубайхананың жұмысы үшін 2-4 адам қажет. Ережеге сәйкес, наубайханадағы жұмыс кезекпен ұйымдастырылады, сондықтан да, әдетте қызметкерлер саны кезектің пропорционалды санына қарай көбейіп отырады. Нан пісірушілерден басқа, бизнесті жүргізу үшін кем дегенде бухгалтер мен жүргізуші керек.

Өнімді өткізу. Бизнесті дамыту үшін маңызды фактор тұтыну нарығын тиянақты талдау болып табылады. Бәрінен бұрын, өндіретін өнім түрлерін дұрыс таңдап, баға белгілеу саясатын сауатты жүргізу керек. Өнім бағасы сатып алушылардың басым бөлігіне қолжетімді болуы қажет. Бұған қоса, тұтынушылардың санын көбейту үшін және бизнесті кеңейту үшін пісірілген өнімді үйге немесе жұмыс орнына жеткізіп беру іспетті қосымша қызмет көрсетулерді ұсынуға болады. Әрі қарай бизнесті бір ғана сату нүктесінен тұтас бөлшек сауда жүйесіне айналдыру мәселесін қарастыруға болады.

Болжамды есептеулер.                                 

Шығыстар:
- 50 м²ғимаратты жалға алу – ай сайын 115 000 теңге .
- құрал-жабдықтарды сатып алу – 320 000 теңге.
- шикізат – 100 000 теңге.
Барлығы: 535 000 теңге.

Табыс:

Қарапайым нанның өзіндік құны 36 теңгені құрайды, ал сатылу бағасы (сату аймағына байланысты) 60 теңге. Орташа есеппен күніне кем дегенде 400 нан сатуға болады (сату аймағына байланысты), ал бұл күніне 24 000 тенгені құрайды.



Кеңселерді, тұрғын үйлерді, кіреберістер мен аулаларды тазалау бойынша қызмет көрсету (клининг)

Тұрғын үйлер, пәтерлер мен кіреберістерді жинау шектеулі қаржылық ресурсы бар, тазалықты ұнататын және талапшыл кәсіпкерлер үшін таптырмас бизнес. Бұл бизнес түрін өзіңіз тұрып жатқан ауданда бастағаныңыз жөн. Алғашқы кездері өзіңіздің үй техникаңызды қолдансаңыз, бірінші күннен бастап-ақ табыс таба аласыз.



Ғимарат. Аталған бизнес түрін жүзеге асыру үшін арнайы орынды жалға алудың қажеті жоқ. Жабдықтарды (сыпыртқы, қалақ, күрек, шалғы, т.б), қажетті материалдарды (шүберек, шаруашылық тауарлар) өз үйіңізде сақтай аласыз.

Құрал-жабдықтар. Тазалау мен жууға арналған шүберектер, швабра, пластик шелектер, қыста қар жинауға арналған күрек, тырма. Аталған қажетті заттарды жаппай сатып алу керек.

Технология. Сіз жергілікті ПИК-пен келісім-шартқа тұрып, кіреберістерді, аулаларды жинай аласыз. Немесе тікелей тұрғындармен, мысалы, коттедж иелерімен келісім-шартқа тұрып жұмыс істей аласыз. Сонымен қатар, сіз бірінші қабатта орналасқан кеңселерге де өз қызметіңізді ұсына аласыз.

Тазалау жұмыстарын сапалы жасау керек. Жалпы тазалаудың мынадай түрлері бар: күнделікті тазалау, бір реттік тазалау, сонымен қатар, тұрақты тазалау мен кешенді тазалау.



Күн сайынғы тазалау – орын-жайды (тұрғын үй, кеңсе, өндірістік, медициналық орын-жайлар)  күнделікті тазалықта ұстауға мүмкіндік береді. Тазалаудың осы түрін жүзеге асыру үшін тазалаушылар күнде кешке, не күні бойы орын-жайда болып, жұмыспен айналысады. Мұндай қызмет түрін көбінесе кеңселер, дүкендер, емханалар мен сауда орталықтары пайдаланады. Ондай орындарда адам көп болатындықтан,  тазалаудың мұндай түрі оларға өте қажет. Таза сауда орны немесе кеңсе – кез келген мекеменің келбеті. Жақсы имидждің сақталуына күнделікті тазалау жұмыстары септігін тигізеді.

Кешенді тазалау дегеніміз мынадай қызмет түрлерінің жиынтығы: терезе жуу, кілемдер мен жұмсақ жиһазды тазалау, еденді жуу, сантораптар мен асүйді жуу, дақтарды кетіру, өсімдіктерді күту және т.б. Кеңселер мен коттедждер үшін мұндай тазалаудың маңызы зор. Оны 2-3 айда бір жасап тұру керек. Мұндай тазалау жұмыстары нәтижесінде кеңселер, коттедждер таза, жарқын және жайлы болады.

Жөндеуден кейінгі тазалау – кез-келген орын-жайда жүргізілетін қажетті тазалау жұмыстарының жиынтығы. Жөндеуден кейінгі тазалау жұмыстары төбе, еден, қабырғадағы құрылыс шаңы мен кірді тазалауды, терезелерді жууды, ванна плиткасын құрылыс материалдары қалдықтарынан тазалауды қамтамасыз етеді. Байқаусызда жаңадан жасалған қымбат интерьерді бүлдіріп алмау үшін жұмысты білікті мамандар жасауы тиіс.

Құрылыстан кейінгі тазалаудың жөндеуден кейінгі тазалаудан айырмашылығы жоқ, бірақ мұнда тазалау процесі қиынырақ, тазалаудың бұл түріне, мысалы, қосымша мына жұмыстар кіреді: үй фасадын тазалау, үй ауласын жинау.

Қызметкерлер. Қызметкерлердің арнайы біліктілігі болу керек, яғни олар жууға арналған химиямен жұмыс жасауда тәжірибесі бар, мамандандырылған жабдықтарды қолдана білетін мамандар болуы тиіс. Сіз өзіңіз де бұл іспен айналыса аласыз немесе жұмыстың көлеміне қарай қызметкерлер жалдауға да болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
- бастапқы кезеңде сіз 4 адам аласыз делік. Қызметкерлердің жалақысы – 30 000 теңге х 4 қызметкер = 120 000 теңге.
- шаруашылық тауарларды сатып алу  – 10 000 теңге.

Табыс:
Кіреберістерді жинау -1 м²=100 теңге. Бес қабатты үйдің бір кіреберісі 50-60 м² х 100 теңге = бір кіреберіс үшін 5 000 теңге. Бір үй 5 кіреберістен тұрады х 5 000 теңге = бір үйден айына 25 000 теңге. Ал егер ПИК-пен келісіп, бірнеше үйлерге қызмет көрсетсеңіз, онда табысыңыз да жоғары болады.
Аула клубын ұйымдастыру

Аула клубтарын аймақта тұратын балалар мен жасөспірімдердің бас қосатын, шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын және бос уақыттарын тиімді өткізетін негізгі орынға айналып келеді. Қызығушылықтар бойынша клубтар балалар мен жасөспірімдерге арнап мәдени шаралар мен бос уақыттарын өткізуді ұйымдастыру  арқылы оларды даладағы зиянды нәрселерден аулақ ету үшін құрылады.  Аулалық клубты ашу – пайдалы бизнес-идеялардың бірі, өйткені оның басты мақсаты  жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын өткізуді, шығармашылық қызығушылықтарын қолдауды, салауатты өмір салтын насихаттауды, жастарды ұлттық өнерге баулуды, мәдени шараларды өткізуді ұйымдастыру болып табылады. 



Ғимарат. Егер өзіңіздің жеке орын-жайыңыз болса, тіптен жақсы. Ал жоқ болса, онда жалға алуға тура келеді. Бұл бизнесті ұйымдастыру үшін шамамен 60 мкөлемді орын қажет. Ең дұрысы – тұрғын үйден бір орын-жайды жалға алу, бұл балалардың келіп тұруына жеңіл болады. Оған қоса, ғимараттың көлемі мен балалардың санына байланысты үстелдер, орындықтар, ойыншықтар (доптар, секіргіштер және т.б) керек.

Технология. Балалар мен жасөспірімдер тұрып жатқан аймақтағы аулалық клуб жақсы жұмыс істесе, онда балалар үшін ол демалатын, достарымен бас қосатын тиімді орын болмақ. Өз бос уақытын дұрыс өткізу олардың тұлға ретінде қалыптасуы мен  шығармашылық және спорттық жағынан дамуына көп септігін тигізеді.

Клубтың басты бағыттары мынадай бола алады :

Дамыту бағыты – үйірмелер: «Шебер қолдар», вокал, сурет, шет тілдерін оқыту;

Шахмат, шашка, үстел теннисі мен футбол сынды спорт түрлерінен жарыс өткізу дәстүрлі бағыт болып табылады;

Аталған клубтағы істермен балалар шама-шарқынша айналысуы керек, яғни олардан аса бір білімділік, физикалық дайындық, эмоционалдық толқу мен шеберлілік талап етілмеуі тиіс. Өткізілетін іс-шаралардың балаларға қызық, нақты көрінетін нәтижесі бар, жаңалыққа толы болуы керек. Сонда ғана балалардың шығармашылық қабілеті артып, ішкі сұраныстары қанағаттандырылады.

Үйірмелерге келетін балалардың жасы 7 мен 18 аралығын қамтиды.

Қыста есік алдына мұзайдын, ал жазда спорттық ойындарға арналған стадион жасауға болады.

Қызметкерлер. Балалар мен жасөспірімдерді аулалық клубта дамыту мен оңалту сапасы олармен күнделікті жұмыс жасайтын тәрбиешілер пен педагогтардың дайындығына байланысты болады. Педагогикалық білімі бар 3-4 қызметкер алу керек.

Өткізу. Сіз жарнаманы қала бойынша сауда орталықтарына, балалар емханаларына іліп, визиткалар таратуыңызға болады. Сонымен қатар, жарнаманы жергілікті газет пен журналдарға да берген дұрыс. Жергілікті мектептерге барып, клубыңыз жайлы хабарлап айтуыңызға болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

- Орын-жайды жалға алу, 60 м² х 1 000 теңге = 60 000 теңге.

- Балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, 1 жиынтық = 10 000 теңге х 10 жиынтық = 100 000 теңге.

- Кеңсе тауарларын жаппай сатып алу – 30 000 теңге.

- Сананы дамытуға арналған ойындар мен ойыншықтар (шахмат, шашки, паззл және т.б) – 40 000 теңге.

- Қызметкерлердің жалақысы – 4 қызметкер х 40 000 теңге = 160 000 теңге.



Барлығы: 390 000 теңге.

Болашақта спорттық жабдықтар сатып алып, оларды жалға беріп тұруға болады  (коньки, шаңғы және т.б).



Табыс:

Орталықтың жұмыс тәртібі – 12.00-20.00 сағат, яғни күніне 8 сағат.

Сабақтар аптасына 3 рет 1-1,5 сағат өтеді, онда айына 12 рет. Үйірмелердің бір айға ақысы шамамен 5 000 – 6 000 теңге деп білгілеуге болады (аймаққа байланысты).

Айына клубқа 30-35 бала келсе, онда х 5 000 теңге = 150 000-175 000 теңге шығады.



Қолдан жасалған сабын өндірісі

Сонғы кездері танымал болып келе жатқан сабынды қолдан жасау– көп ғасырлардан бері белгілі кәсіп. Бұрынғы кезде сабынды қолдан қажеттілік үшін ғана жасаған болса, қазір  бұл адамдарға қуаныш әкелетін өнерге айналған. Қолдан сабын дайындау бизнесінің идеясы өте қарапайым және де бастаушы кәсіпкерге сай.

Қолдан жасалған сабын несімен тартады?

- бұл экологиялық таза өнім. Оның негізі – табиғи балаларға арналған сабын, глицерин, эфир майы, шөптер.

- тазартудан бөлек (негізінен сол үшін қолданылады) ол косметикалық тұрғыдан да әсер етеді. Ал бұл әр адам үшін өте маңызды.

- қолдан жасалған сабынның сыртқы пішіні де тартымды. Бұл дүкендегі ұсқынсыз, химиялық хош иісті сабын кесегі емес, оның әр шығарылымы өздігінен қызықты әрі ерекше.

- сабынды қолдан жасау барысында клиенттің қалауы мен қажеттіліктері ескеріледі. Құрамы, түсі, көлемі, пішіні- барлығы да арнайы тапсырыс бойынша  жасалына алады.

- қолдан жасалған сабын жас балаларға да, жасы үлкендерге де ерекше сыйлық бола алады.

Дайындау технологиясы. Қолдан сабын жасау бизнесін ұйымдастыру үшін  көп қаражат қажет емес. Ғимаратты жалға алудың және арнайы құрал-жабдықтар сатып алудың қажеті жоқ. Сабынды үй жағдайында  жасаймыз. Сабынды қолдан жасаудың жеңіл тәсілдеріні бірі манадай:

Дайындау үшін не қажет?

- сабын (мүмкіндігінше балаларға арналған сабын болғаны дұрыс, оның қатты иісі жоқ әрі қымбат емес);

- майлар: миндаль, кедр, бүрген. Бастысы – иісі қатты шықпау керек;

- эфир майлары (лимон, лаванда, шай ағашы және т.б.);

- толықтырушылар (кептірілген гүлдердің жапырақтары);

- сабын массасын араластыру үшін су;

- булау үшін ыдыс;

- формалар (мүмкіндігінше шыныдан болмауы керек).

Процесс.

1)  Сабынды майда үккіштен өткізіңіз. Көптеген сабын жасаушылар   сабынды алдын ала күннің астына немесе ыстық батарея үстіне қойып алуды жөн көреді. Өйткені үккіштен өткізу кезінде сабын шаңы көп шығады

2) Майлардан 1 қасықтан (егер май біреу болса, 2-3 қасық) және глицериннен 1 қасық алыңыз. Барлығын араластырыңыз. Ыдысты буға қойыңыз.

3) Майды қыздырыңыз. Сабынды салыңыз. Мүмкіндігінше барлығын бірге емес, кішкентайдан. Май тезірек еруі үшін ыстық су құйып отырыңыз.

4) Сабын сұйық қамырға ұқсай бастағанда, бірнеше тамшы эфир майларын құйыңыз. Эфир майының әр тамшысынан кейін жақсылап араластырыңыз.

5) Толықтырғыш қосып, араластырыңыз. Кейбіреулер толықтырғыш ретінде ұнтақталған кофені қолдануды дұрыс деп есептейді, бұдан  сезімтал тері үшін ерекше жұмсақ әрі табиғи скраб шығады. Көбісі үккіштен  өткізілген тропик жемістерін қолданады, мысалы: банан.

6) Сабынды формаларға құйып шығыңыз. Суыған кезде мұздатқышқа қойыңыз. Дайын сабынды бүтіндей алу үшін форманы ыстық су құйылған ыдысқа қойыңыз, бірақ көп уақытқа емес, әйтпесе сабын ери бастайды.

7) Кептіріңіз (1-2 күн).



Өткізу нарығы. Бизнестің қарқынды даму үшін жолға қойылған маркетинг пен жақсы жарнама қажет. Сәтті үлгілердің барлығын суретке түсіріңіз, портфолио жасап қойыңыз, әрбір суреттің қасына өнімнің  құрамын жазыңыз, әйтпесе сіздің қызық әрі ерекше өнім ұсынып отырғаныңызды түсіндіру қиын болады. Алғашқы клиенттеріңіз ретінде таныстарыңыз, аулада қыдырып жүретін балалары бар аналар мен бірге жұмыс істейтіндер болады. Сіздің өнімдеріңізді косметика және парфюмерия дүкендері, сұлулық салондары және т.б. сатып алуға әрқашан дайын.

Өнімді мерекелер алдында жарнамалаған дұрыс болады. Табиғи қайың иісі бар шырша түріндегі сабын немесе гүл түріндегі соған лайықты иісі бар сабын – бұл қайталанбас әрі арзан сыйлық. Сіз алдын ала бірнеше сабын жасап, кеңселік мекемелерге барып өнімді ұсынып, тапсырыс алуыңызға болады. Сыртқы қорапшасын ойластыруды ұмытпаңыз.



Болжамды есептеулер.

Шығыстар. Шығындарға сабынды дайындау үшін қажетті қоспаларды сатып алу кіреді. 8-10 бөлік сабын жасауға орташа есеппен, 3000-5000 тенге кетеді. Барлық қажетті қоспаларды кез-келген дәріханадан сатып алуға болады.

Табыс. Бірінші кезекте өнімге кеткен шығынды есептеп, өз өніміңіздің құнын анықтаңыз. Мысалы,  өнім құрамында табиғи заттардың болуын, қолдан жасалғанын ескере отырып, бір сабынның құны 700 теңге немесе оданда жоғары болуы мүмкін. Өзіндік құны бірнеше есе арзан болғандықтан қолдан жасалған сабынды дайындау бизнесінің кірісі мол болатыны айқын.

Жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру (картоп, қызанақ, қияр, сәбіз, пияз, бұрыш, асқабақ, алма, алмұрт, алша, шие, жүзім, қызылша, қырыққабат, кәді (баклажан)

1. Жалпы ақпарат. Белгілі бір жағдайы жасалған жер учаскелері бар адамдар үшін көкөніс өсіру жақсы кәсіп болуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде бұл өнімдердің нарығы өте кең, жеміс-көкөніс дақылдарын тек қарапайым тұтынушылар ғана емес, түрлі өндірістің өкілдері, базарлар мен супермаркеттер де сатып алады. Жеміс-көкөніс дақылдарын тек жаңа піскен күйінде ғана сатып қоймайды, оларды маринадтайды, мұздатады, сондықтан да қазіргі уақытта жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру секілді бизнес идеясы – бұрынғыдан да өзекті.

2. Көкөніс дақылдарын жіктеу. Жеміс-жидек және көкөніс дақылдарын таңдау мен орналастыру – жер учаскесін игерудегі аса жауапты міндеттердің бірі. Жеміс ағаштары мен жидек бұталарын  бақша дақылдары мен бүлдіргендерге  көлеңке түсірмейтіндей етіп орналастыру қажет.

Жеміс ағаштарын ең дұрысы учаскенің солтүстік, солтүстік-батыс немесе солтүстік-шығыс бөлігіне орналастырған жөн. Дақылдарды бөлек отырғызу барысында олардың жарық сүйгіштігін ескеру керек және өсімдіктер оңтүстіктен солтүстікке  қарай өсуі керек. Учаскенің солтүстік жағына алма және алмұрт ағаштарын, олардың арасына орта бойлы көшеттерді – шиені, алшаны, жидек бұталарын отырғызған дұрыс болады.  Жидек бұталарын бақша  қатарларының арасына, жүзімді  – бақшаның оңтүстік немесе оңтүстік шығыс шекарасына қарай, шарбаққа жақын отырғызу керек.

Жерді жырту алдында органикалық және минералды тыңайтқыштар себу қажет. Құмдауыт және қатпарлы болып келетін топыраққа қайта жырту алдында көң себу керек. Көктемде учаскені екі-үш рет тереңдігі 18-20 см етіп қайта өңдеп немесе күрекпен қайта қазып шыққан жөн, бұнымен қоса  тамыр кеміргіш арамшөптердің тамырларын, зиянкестер жұмыртқаларын (саратан қоңыз, бұзаубастан және т.б.) мұқият теріп шығады.  Көкөніс дақылдарын өсіру барысында жақсы тұқым себудің маңызы зор, бұл көп жағдайда өнім көлемін ғана анықтап қоймайды, оның тұтыну құндылығын да білдіреді. Тұқым алуды кейінге ысырып, соңына қалдыра бермей,  ерте бастан ойлау керек. Оның негізі ретінде әрбір дақылдарға жоспарланған жер көлемін алу қажет. Тұқымдарды көп мөлшерде сатып алмаған жөн, өйткені (қиярды қоспағанда) барлық дақылдарды жаңа ұрықтардан өсірген жөн. Алынған ұрықты жылы жерде, кеміргіштер зиян келтіре алмайтын жерде сақтаған керек.



Картоп – еліміздің барлық өңірлерінің ұжымдық шаруашылықтары мен үй жанындағы бақшалары арасында кеңінен таралған дақыл. Картоп егуге дайындықты күзден бастау керек. Ең дұрысы – картопты қияр мен қырыққабаттан кейін отырғызу. Картопты қызанақ пен кәдіден кейін егуге болмайды. Ең жақсы тұқым материалы – жазғы егістен және екі өнімдік дақылдан алынған картоп түйнегі.

Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Негізі, өніп жатқан түйнектер, топырақта жатып үнемі ауаны  қажетсінетіндіктен картоп түбін ұдайы қопсытып отыру керек. Отырғызу алдында түйіндерді жақсылап әзірлеп, өсімдіктер мен топырақты дұрыс баптаған жағдайда көктемгі егілген картопты қазуға маусымның 1-онкүндігінде кірісуге болады. Көктемгі отырғызылған өнімді ең дұрысы –жаз бен күзде пайдалану. Қазан айының аяғы мен қарашаның басында картоп өне бастайды. Қысқы және көктемгі кездерде пайдалану үшін картопты жазда отырғызу керек. Өндірістік мақсаттар үшін тұқымға жартылай піскен сорттарды таңдап,  картоп егуді 20-25 маусымда бастау қажет. Картопты тұрақты қоймаларда – жер қоймада, жертөледе, үй асты қоймасында  85-90% ылғалдық шеңберінде сақтаған дұрыс.



Қиярлар да біздің елімізде кеңінен тараған көкөніс өсімдіктерінің бірі болып табылады. Оны егу мамырдың бірінші онкүндігінде жүргізіледі, ал уақытша жабында өссе, сәуірдің соңында отырғызуға болады. Олар қатарлап егіледі. Ерте пісетін сорттар үшін қатарлар арасы – 70 см, орташа және кешірек пісетіндері үшін  – 90 см. Көктегенге дейін қатарлар арасын қопсытып, арамшөптерден бірден тазартып тұру керек. Қияр өнімін олардың пісіп жетілуіне қарай теріп отыру қажет, себебі піскенерін уақтылы жинамау салдарынан басқа да жемістердің өсуі тежеледі. Шілде айында, жеміс салу күшейген кезде, өнім жинауды әрбір 1-2 күн сайын жүргізу керек. Қияр өнімін жинау барысында жемісті пышақпен кесіп алған жөн, жұлып алу өсімдікке зиянын тигізуі мүмкін, ал ол өз кезегінде өнім беруді азайтады. Сонымен қатар, сабақтарын басып кетпеуге тырысу керек.

Көкөніс өсімдіктерін келесі негізгі топтарға бөледі:

1) жемістілер (қызанақ, қияр, кәді (баклажан), бұрыш, кәдіш (кабачок), асқабақ, асбұршақ, ірі бұршақ (бобы), үрме бұршақ (фасоль), соя және т.б.);

2) тамыржемісті және түйнекжемістілер (сәбіз, шомыр (редька), шалғам (редис), шалқан (репа) және т.б.).

Жеміс-көкөніс өнімдерінің ішіндегі тағы бір танымал түрі – алма.

Алма көшеттерін отырғызатын шұңқырларды ертерек әзірлеу керек, топырақтың отыруына уақыт қалдыру үшін оларды кем дегенде көшет отырғызардан бір ай бұрын дайындаған дұрыс. Шұңқырларды тереңдігі 60 см-ге дейін, диаметрін 1-1,2 м-ге дейін, көшет отырғызылатын орынннан алынған топырақтарды органикалық тыңайтқыштармен араластырып қазады.

Қазақстанда өсіру үшін мынадай сорттар ұсынылады:

1) жазғы – Суйслеппер (алқызыл столовка),  Ажар,  Мельба, Ақ алма, Алақоржын;

2) күздік – Ренет Бурхартда (жаз лимоны), Титовка;

3) қысқы – Апорт, Жетісу ренеті, Алтын арай, Сары Бельфлер, Пепин Черненко, Теміртас, Кандиль-синап, Ақ розмарин.

Алмалардың піскенін екі белгісі бойынша анықтайды: ең алдымен бұл жемістердің сорттарына байланысты түсі мен дәмінің сипатына қарай; екіншіден – сау алмалардың үзіле бастауына қарай. Сақтау үшін алмалардың барлық сорттары жарай бермейтінін ескеру керек. Тек күзгі және қысқы сорттар ғана жақсы сақталады. Олардың толық пісуі өнімді жинап алғаннан соң белгілі бір уақыттан кейін келеді: сортына байланысты –  күзгі сорттары 15-30 күннен кейін, ал қысқылары –  2-6 айдан кейін тұтынуға әбден лайық болады.  Алма желдетілетін, ауа температурасы 3°С, ауа ылғалдылығы шамамен 85-95%  орындарда жақсы сақталады. Бұндай жағдайлар жертөле немесе үй астындағы қоймаларда жасалуы мүмкін.

Алма ағзаның тазаруына жәрдемдеседі – олар ішекте холестериннің, ісіп-қызару үдерісі мен ас қорытудың бұзылуы нәтижесінде қалыптасатын зиянды өнімдермен, уыттармен және басқа да улы заттармен бірігу арқылы оларды ағзадан сыртқа шығарады.

3. Технология. Жер учаскесін игере бастағанда еңбек құралдарын да ойластыру керек. Топырақты өңдеу үшін еңбектің дәстүрлі құралдары күрек, тырма, түрлі құрылымдағы қопсытқыштар мен отауыштар және т.б.  пайдаланылады.

Технологияның барлық элементтерін тиімді пайдаланбай, жоғары өнімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсіл табу мүмкін емес. Бірақ кез келген көкөністі өңдеу технологиясына тән бірқатар заңдылықтар бар.

Жеміс-көкөніс дақылдарының көпшілігіне ортақ талап –  олардың мөлшерлеріне қарай ұрықтарын жұқа етіп жабу болып табылады (ұрықтарды бастырудың тереңдігі әдетте ұрық диаметрінен 3-4 есе үлкен болады. Бұл егістік топырағының қатпарын (2-4 см) өте тиянақты әзірлеуге ғана қатысты емес, ұзақ мерзім бойы ылғалдылықтың сақталу әдістерін қолдануға да байланысты (ұрық әдетте 2-3 аптадан соң өсіп шығады), еккеннен кейінгі суару қажеттілігі де осыдан туындайды. Көктемде тез қызатын, мейлінше жеңіл (құмдауыт немесе сазды) топырақ пайдалырақ, ал екінші жағынан көкөніс дақылдарының көпшілігі ылғалды жақсы көреді және тұқым өне бастағаннан өнімнің қалыптасуы үшін ылғалдылық аса қажет.

Топырақтың ылғалдылығы басым, жылу жетіспейтін аймақтарда  жерді күзде емес көктемде аударған дұрыс (жерді күзде аудару оңтүстіктегі қуаң жерлер үшін пайдалы). Жылу мөлшері өте көп, ылғалдылық жетіспейтін қуаң өңірлерде топырақты күзде өңдеген дұрыс, өйткені жер күзгі-қысқы жауын-шашыннан ылғалды мол сіңіріп, көктемге жеткілікті түрде нығыздалуы керек. Бұлай жасаған уақытта көктемде ылғал аз буланып,  топырақ температурасы да тез көтерілмейтін болады.

Осылайша, көкөніс дақылдарының биологиялық ерекшеліктерін (немесе олардың сорттары мен гибридтерін) ескере отырып, технологияның барлық элементтер кешенін мұқият орындау арқылы ғана өсімдіктің өсуі мен дамуы үшін және мол өнім алу үшін оңтайлы жағдай жасай аламыз.


Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет