Жеке кәсіпкер болу үшін не істеу керек?
Егер Сіз жеке кәсіпкерлікті заңды тұлға ретінде тіркелмей немесе заңды тұлға ретінде тіркелу арқылы бастағыңыз келсе, онда осы екі жағдайдың екеуінде де Сізге тиісті үлгіде тіркеуден өтуге тура келеді. Жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін тіркеуді жүзеге асыратын аймақтық салық басқармасы болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік жеке және бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады:
1. Жеке кәсіпкерлік өзінің құқықтық иелігіне жататын мүлік базасында өз бетінше қызмет ететін бір ғана жеке тұлғадан құрылады. Некеде тұратын жеке тұлғаның жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруы үшін жұбайынан келісім алуының қажеті жоқ. Тек жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін жеке тұлға жұбайы екеуінің ортақ мүлкін пайдаланар болса ғана, екіншісінің келісімін алуы қажет болады.
2. Бірлескен кәсіпкерлік өздеріне тиесілі ортақ меншік құқығына жататын мүлік базасында жұмыс істейтін бірнеше жеке тұлғалардан (жеке кәсіпкерлер) тұрады. Бірлескен кәсіпкерлік барысында жеке кәсіпкерлікке байланысты барлық мәмілелер жасалады, құқықтар мен міндеттер белгіленіп, ол бірлескен кәсіпорынның барлық қатысушылары арқылы іске асырылады.
Бірлескен кәсіпкерлік формалары:
1) Жұбайлардың ортақ бірлескен меншіктері базасында жүзеге асырылатын жұбайлар кәсіпкерлігі;
2) Ортақ бірлескен шаруа (фермер) қожалығы меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік базасында жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік.
Жеке кәсіпкерлікті аумақтық салық басқармасында тіркеу үшін келесі құжаттарды өткізу керек:
1) белгіленген формадағы өтініш;
2) 2 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік тіркеу жинағын төлегендігін растайтын құжат.
Мемлекеттік тіркеу кезінде салықтан босатылатындар:
Шаруа және фермерлік шаруашылықтар;
I, II және III топтағы мүгедектер;
Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейінгі репатрианттар (оралмандар) .
3) жеке куәлік көшірмесі, тұпнұсқасы (салыстыру үшін);
4) фотосурет (3,5 х 4,5);
5) жеке кәсіпкердің тұрғылықты жерін растайтын құжат (азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке меншік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат).
Сонымен қатар, тіркеу кезінде жеке кәсіпкерліктің фирмалық атауын көрсетуге болады.
Салық басқармасы барлық құжаттар тапсырылғаннан соң, 2 жұмыс күні ішінде «жеке кәсіпкер» куәлігін береді.
Осыдан кейін қажеттілігіңізге қарай сіз мыналарды жасай аласыз:
мөр дайындау;
банктен шот ашу;
кассалық аппаратты тіркеу.
Шаруа қожалығын ұйымдастыру. Шаруа (фермерлік) қожалығын жер үлесіне құқығы бар адамдармен қатар кез-келген Қазақстан Республикасының азаматтары ұйымдастыра алады. Ол үшін шаруа (фермерлік) қожалығын ұйымдастыру үшін жер учаскесін бөлу туралы өтініш жазу қажет. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) ауылшаруашылық өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы;
2) шаруашылық басшысының ауылшаруашылық өндірісіндегі еңбек қызметін растайтын немесе тиісті мамандық немесе арнаулы дайындықтан өткенін (шартты жер үлесі құқығына ие емес азаматтар үшін) растайтын құжат;
3) шаруа (фермерлік) қожалығы басшысының салық төлеуші куәлігінің көшірмесі;
4) шаруа (фермерлік) қожалығы басшысының мекен-жайы.
Жеке кәсіпкерліктің артықшылықтары туралы:
адамның еңбекпен қамтамасыз етілу және ақша табу проблемаларын шешеді;
қымбат емес әрі тез арада тіркеуге болады;
мемлекеттік реттеуге аз ұшырайды;
тым көп құжаттар жүргізуді қажет етпейді.
Жеке кәсіпкерліктің кемшіліктері:
мұраға қалмайды;
алғашқы капитал жинау қиындығы;
кәсіпкер жеке мүлкін тәуекелге тігеді:
«Жеке кәсіпкерлер өз міндеттемелері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, өндіріп алуға жатпайтын мүліктерін қоспағанда, өзінің бар мүлкімен жауапкершілікте болады».
Жеке кәсіпкерлік субъектісін тіркеу жұмыстарын әділет департаменті, статистика басқармасы және аумақтық салық басқармасы жүзеге асырады. Заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтпей, қызмет етуге рұқсат етілмейді. Одан бөлек бұл заңмен қудаланады, мұндай жолмен алынған кірістер республикалық бюджет кірісіне жатқызылады.
Заңды тұлға ретінде тіркелу үшін құрылтай құжаттарын әзірлеу: жарғы (егер тіркеу кезінде типтік үлгідегі жарғы ұсынылмаған болса) және де заңды тұлға бір тұлғадан көп адамнан құрылатын болса, құрылтай келісімшарты қажет болады.
Тіркеу реті келесі тізбекті әрекеттерден тұрады:
1) қажетті құжаттар тізімін дайындау;
2) мемлекеттік баж салығын төлеу;
3) тіркеу органына құжаттарды өткізу;
4) мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алу;
5) салық режимін таңдау;
6) қажет болған жағдайда ҚҚС куәлігін алу;
7) мөр дайындау;
8) банктан шот ашу;
9) кассалық аппаратты тіркеу.
Қазақстан Республикасы заңнамаларындағы кіші кәсіпкерлік субъектілер үшін, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында тіркелетін заңды тұлғалар үшін жасалған айтарлықтай мәні бар, жақында ғана күшіне енген өзгерістердің бірі бастапқы жарғылық капиталдың айтарлықтай төмендетілуі болып табылады. Бүгінгі күні бұл 100 теңгені құрайды.
Кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар ғана іске асыруы керек, ал ұйымдар мемлекеттік тіркеу көмегімен шаруашылық субъектісі ретінде заңдастырылады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік тіркеуден өткізбей іске асыру құқық бұзушылық болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 357-1-бабында:
«Тиісті тіркеусіз әрекеттер (операциялар) жасау, сондай-ақ, кәсіпкерлік немесе басқа да қызметтермен айналысу жеке тұлғаларға жиырмаға дейінгі, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға отыздан қырыққа дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге апарып соғады…» делінген.
Шағын бизнесті дамытуға қалай жеңілдетілген несие алуға болады?
Мемлекеттік несиелендірудің мүмкіндіктері
Шағын және орта бизнестің жағдайы мен даму деңгейі мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуын тікелей қамтамасыз ететін негізгі сала болып табылады. Экономиканың дәл осы секторы мемлекеттің экономикалық дамуына тежеу болатын көптеген мәселелердің шешімі болатын өте үлкен әлеуетті мүмкіндіктерге ие. Қазақстан Республикасындағы шағын бизнесті дамыту мәселелері жоғарғы мемлекеттік деңгейде қарастырылуы тиіс ең маңызды санатқа жатады.
«БТА Банк» АҚ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры және Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберіндегі Стресті активтер қоры бизнесті дамытуға несиелер ұсынады.
Қызмет көрсету түрлерін ұсынатын, сондай-ақ тауар өндіру және қайта өңдеумен айналысатын, тұрақты бизнесі бар шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырады.
Несие ұсыну жаңа және жетілдірілген жаңа құралдар алуға; айналым қаражатын толықтыруға; әрекет ететін шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға негізделген.
Сіз 7 жылға дейінгі мерзімге 750 млн. теңге көлемінде несие ала аласыз.
«ДАМУ» қоры аймақтарда басымдыққа ие салалардағы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мақсатты қаржыландырудың ондаған бағдарламасын іске асыруда.
Негізгілер:
- СМСП аймақтық қаржыландыру бағдарламасы;
- «ДАМУ аймақтары II»;
- «ДАМУ өндіріс»;
- «Бизнестің жол картасы – 2020»;
- Лизингтік мәмілелерді қаржыландыру бағдарламасы;
- Әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелеу бағдарламасы.
Аймақтық қаржыландыру бағдарламасы - ауыл шаруашылығы өнімдерін, мал шаруашылығы, аралас ауыл шаруашылығы, балық аулау, акваөнімдер, азық-түлік өндірісі, мақта-мата бұйымдары, киім, мектепке дейінгі білім саласымен айналысатын кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек.
Бизнесті қолдауды тағы бір бағдарламасы – «ДАМУ аймақтары ІІ». Бағдарламаның басым салалары тізбесінде: агроөнеркәсіп кешені, тау-кен саласы, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, туризм, ақпарат және байланыс, білім саласы қызметі, денсаулық сақтау, мәдениет, мәдени қызмет көрсету, спорт және т.б. бар.
«ДАМУ өндіріс» қаржылық бағдарламасы ЖК субъектілері үшін және дағдарыс жағдайынан шығуға арналған несие ресурстары тапшылығын тартып отырған кен байыту өндірістеріне көмек көрсету мақсатында жұмыс істейді. Осы бағдарлама пайыздық мөлшерлемені қайта қарап, 8% -ға төмендету жағына өзгертуге мүмкіндік береді.
«ДАМУ» қоры сыйақы мөлшері төмен – 8%-дық талаптары өте жақсы лизингтік бағдарлама әзірледі және әрекетке енгізді. Кәсіпкер жаңа құралдар алады және несие алушының қаржылық жағдайы тұрақты болған жағдайда қосымша кепілдеме ұсыну қажеттілігі жойылады.
Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелендіру бағдарламасы жұмыс істейді. Онда қаржыландыру саласына шектеу қойылмай, жылына 14%-дан аспайтын несие беріледі. Оны төрт банк жүзеге асырады, олар: «ЦентрКредит» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Дельта банк» және «Евразиялық банк».
Қаржылық емес бағдарламалар – мүгедек-кәсіпкерлерге олардың мәселелері мен қажетті ресурстары (қаржылық, мүліктік, ақыл-кеңестік қолдау көрсету, өзге де қызметтер арқылы көмек беру) туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру жолымен көмек көрсету мақсатында әзірленген арнайы бағдарлама. Қор «ДАМУ-көмек» сайтын жасап, оған өзінің шағын ісін ашқан және көмекке мүдделі мүгедек-кәсіпкерлер туралы ақпараттар орналастырады.
Жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша несие алу үшін кәсіпкерлер банктің несие саясатына сай келуі керек. Сіз өзіңіздің кепілдік мүлігіңізді және бизнес-жобаңызды ұсынуыңыз қажет. Банк оң шешім шығарған жағдайда құжаттар қарастырылуға жіберіледі. Аймақтық үйлестіру кеңесі (АҮК) несие беру мүмкіндігі немесе бас тарту туралы соңғы шешімін шығарады.
Банкке және үйлестіру кеңесіне өз жобасының өміршеңдігін дәлелдей алған кәсіпкерлер жылдығы 14% аспайтын несие алуға мүмкіндік алады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылғы 13 шілдедегі қаулысымен Бағдарламаның бірінші және үшінші бағытына қатысты өзгерістер енгізілді. Осылайша, бірінші бағытында – 12 пайыздық мөлшерлеме сыйақысы кезінде 5% орнына, мемлекет 14% кезінде 7% жабады, ал кәсіпкер бағдарламаның 7%-ынан астамын ғана жабады. Үшінші бағытында экспортқа бағытталған өндірістерге қолдау көрсету бойынша субсидиялау тағы да 14% аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады, олардың 6% экспортер төлейді де, қалған 8% мемлекет өз есебінен жабады.
Неліктен «Даму» қорын таңдау керек деп ойлайсыз? Орташа алғанда бүгінгі күнде коммерциялық несиенің пайыздық мөлшерлемесі 16-21%-ды құрайды. Қаржыландырудың бағдарламасында бұл – 10%, оның үстіне жеңілдік мөлшері бойынша несие алған кәсіпкер басқа мемлекеттік бағдарлама «Бизнестің жол картасына» қатысуға мүмкіндік алады. Бұл жағдайда мемлекет оған сыйақы сомасының 5% жауып береді. Ал егер несие алушы жаңа құралдар алған болса және экспортқа өнім шығаруға жұмыс істесе, онда мемлекет өзіне 8% пайыздық төлемді алады.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жан-жақты ақпаратты Сіз «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалдарынан ала аласыз.
Достарыңызбен бөлісу: |