Жеке тұлғаға және оның эстетикалық талғамының қалыптасуына қолөнердің әсері



бет1/3
Дата15.09.2017
өлшемі450,27 Kb.
#33912
  1   2   3
Жеке тұлғаға және оның эстетикалық талғамының

қалыптасуына қолөнердің әсері.
Әрине «өсер елдің бірлік екен, қай кезде де қалауы» демекші бұл шара ең алдымен мемлекет тарапынан ұйымдастырылып, мектеп қабырғасынан үйретілген жөн деп ойлаймын. XXI ғасыр - жастар ғасыры емес пе? Оқушыларға технология пәнінен көненің көзі саналатын қолөнер түрлерімен таныстырып, жасалу жолдарын меңгертсек, ескі дүниемен қазіргі жаңа әдісті пайдаланып, керемет қолөнер туындыларын ойлап шығаратындықтарына кім шүбә келтіре алады? Мысалы, еңбек пәніне 51 сағат бөлінсе,оқушылардың жас шамасына қарай қолөнер бөлімін де ұтымды пайдалана білуге болады. Егер кітаби жоспарды құру менің үлесіме тисе, бұл сағаттарды мен мына түрде жүзеге асырар едім, мәселен, 7-сыныптың сабақ жоспарын төмендегідей ұйымдастырған тиімді деген сенімдемін: Сұраныс бар жерде, қолөнердің өріс алып, өркен жаятыны сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғалы қолөнер біршама еленіп, өз беделіне ие бола бастады. Қазақ өзінің ұлан байтақ жеріндегі ежелден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, байытушы, жаңғыртушы. Қорыта айтқанда нағыз әсем өнер ғана адам жанына рухани азық болады, адамның эстетикалық сезімін оятып, ізгілік, парасаттылық қасиеттерін қалыптастырады.

Адам сезімін тәрбиелеу проблемасы бірқатар факторлармен шешіледі, өның ішінде өнер басты рөл атқарады. Өнер арқылы адам өзінің шын мәніндегі өз ішкі көңіл – күйін білдіреді. Олай болса осы ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты – ол адам баласының барлық әрекетіндегі сергек сезімталдықты қалыптастыру.

Ғылыми ой тікелей санамен байланысты болса, ал өнер санамен тек сезім арқылы байланысады. Оймен елестетіп, образбен көрсетуге сүйенеді. Өнер атаулы жас ұрпақтың сұлулықты қабылдауын, әсемдікке деген көзқарасын, әдемілікке деген талғамын қалыптастырып, осы тұрғыда мол тәжірибе жинақтауға жағдай жасайды. Тұлғаның творчестволық қабілетін дамыта отырып, оның даралық қасиетінің көзін ашып, жан – жақты, барынша дамуына бағытталады.

Әр халықтың эстетикалық дүниетанымы, көркемдік мәдениеті, өзіне тән өнер туындыларымен ерекшеленетіні өмір шындығы. Ұрпақ тәрбиесінде, туған халқымыздың ұлттық өнерін, оның нәзік те көркем сырын тұлғаның дамуында әсемдікті түсіне білуге баулу құралы екені сөзсіз. Сондықтан қалыптасушы тұлғаның өнерге деген қызығушылығын қалыптастыруда бейнелеу өнерінің сан – алуан түрлері жайында қарапайым түсініктер беру көзделеді.

Адамның рухани дамуы белгілі дәрежеде сұлулқты қажетсінудің пайда болуымен байланысты. Ал, рухани қажетсіну практикалық іске тікелей белсенді араласу нәтижесінде туады. Сондықтан жаңа қоғамның азаматын тәрбиелеуде практикалық іске қатысудың өзі адамның дұрыс шын мәндегі әдемілікке, әсемдікке деген көзқарасын қалыптастырады. Бұл жерде, себеп пен салдардың өзара ықпал етуі пайда болып, өнерді қабылдауда творчестволық процесс белгілі дәрежеде практикалық әрекеттен туып, ал практикалық әрекет өнерді творчестволықпен қабылдап, оның сұлулыққа деген қатынасының өзгеруін туғызады/1.3 – 5/.

Бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерінің бірі ретінде адамды өнердегі ұлттық айшықты, ерекшелікті сезіне білуге баулып, оның шебердің қолынан шыққан ағаштан, темірден, матадан, теріден, жүннен сондай - ақ сүйектен жасалған бұйымдар арқылы халық тұрмысын білуін, ақылмен ойластырған еңбек нәтижесін көріп, қоршаған ортаға үңіле қарауын, ой қиялын дамытып, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын, көркемдік талғамын қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Демек, тұлғаның көркемдік талғамын ұлттық қолөнер негізінде қалыптастыру мәселесі арнайы зерттеуді талап ететіні ақиқат. Сол себептен де қазақ халқының тәлім – тәрбие, мәдениетінің бастауы болатын – халықымыздың қолданбалы өнерді күнделікті тұрмыста пайдалануын өзек етіп, басшылыққа ала отырып «Жеке тұлғаның эстетикалық талғамын ұлттық қолөнер негізінде қалыптастыру» деген мәселені арнайы зерттеуді ұйғардық.

Жеке тұлға ұғымы тереңнен тамыр алады. Бұл сөзді айғақтаушы біздің заманымыздан неше мың жыл бұрын өмір сүрген грек ойшылдары Платон, Аристотель сынды ғалымдардың тұлға мәселесін өз еңбектерінің негізгі мәселесі етуі. Бертін келе бұл мәселені американдық психолог Э.Торндайк та зерттеген. Сол сияқты Э. Роттердамский,

Я. А. Коменский, К. А. Гельвецкий, Д. Дидро, К. Д. Ушинский,

А.С. Макаренко, Л.И. Божовичтар еді. Ал еліміздегі тұлға мәселесі жайын сөз еткенде ең алдымен зерттеушілер арасынан қомақты жұмыс атқарып жатқан жетекшілік етуші Ж. И. Намазбаева және оның шәкірттері, яғни Л. О. Сәрсенбаева, Р. Ш. Сабірова, Л. В. Пилипчук, С. Ж. Өмірбекова, Г. Т. Бекмұратова және тағы басқалардың ғылыми зерттеу еңбектері бүгінгі таңда белсенді түрде дамуда.

Қазақ қолөнерінің «алтын кезеңі» болып есептелген XVII-XVIII ғасырлар өзге ұлт ғалымдарын да елең еткізбей қоймады. Орыстың атақты тарихшысы Я. К. Палтароцкая Алтай, Тарбағатай елді мекендерінде болып, аталмыш өнер саласына байланысты эерттеулер жазып, соның ішінде бас киімнің түрі сәукелеге арнайы тоқталады. Мұндай ғажап дүниені бұрын – соңды кездестірмегендігін айтып, аса жоғары бағалайды. Сондай – ақ Г. Н. Потанин, В. В. Стасов, Э. Масанов, Р. Ходжаев, И. Захарова еңбектері де зор үлес қосты.

Бертін келе қолөнердің өте жақсы зерттеліп, дамуына байланысты бірнеше оқулықтар басылып шықты. Солардың ішінде көлемді әрі көркем жазылған А. Тәжімұратовтың «Қолөнер шеберлігі – жалпы халықтық қазына» атты өнертану – этнографиялық сипаттағы алғашқы кітаптардың бірі ретінде қазақ халқының сәндік – қолданбалы өнеріне терең ғылыми талдаулар жасалады. Бұл кітаптың көрнекіліктері жақсы безендірілген және ұлттық ою - өрнек жайлы көптеген мәліметтер алуға болады. Сол секілді

Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері», М.Мұқановтың «Қазақтың үй тұрмысына арналған қолөнері», Ө.Жәнібекковтың «Жаңғырық» атты еңбектерін атап өту орынды.

Қолөнер тарихы туралы тағы бір топ ғалымдардың қалдырған еңбектері баға жетпес дерек болып табылады. Олар: А. Янушкевич,

И. Ф. Русанов, Н. М. Ядринцев, П. И. Лерх, Д. Львович, А. И. Якоби,

Г. Н. Потанин

Жеке тұлғаның жалпы дамуына, ұлттық тәрбиесіне, көркемдік талғамына үлкен мүмкіндік беретін халықтық қолданбалы өнердің табиғатын, оның адам, қоғам өміріндегі атқаратын қызыметінің мәнін зерттеген орыс ғалымдары: И. Я. Богусловская, В.Б. Воронов, С. М. Темерин тағы басқалар өз еңбектерінде бұл өнердің өміршеңдігін, қайталанбас көркемдік құндылығын айқындай отырып, оның тәлім – тәрбиелік маңызына да баса назар аударды.

Жалпы рухани – эстетикалық тәрбие мәселесін ұлттық үрдісте қарастырып қолданбалы өнер бейнелеу мәдениеттерін соңғы жылдары зерделеп елеулі үлес қосқан ғалымдар: Б. Әлмұхамбетов, Ж. Балкенов, О. Сатқанов, Е. Асылханов, Қ. Болатпаев.

Дәстүрлі өнер табиғаты, өзіне тән даму жолдары, адам өміріндегі атқаратын қызметі жағынан бейнелеу өнері басқа түрлерінен ерекшеленеді. Сондықтан, дамушы тұлғаның жасына, танымдық мүмкіндіктеріне сәйкес, әрі қолданбалы өнер туындыларын қабылдаудың, оның мәнерлілік құралдарын меңгертудің өзгеше оқу – тәрбие жүйесі жасалғанда ғана көркемдік талғамының қалыптасуы нәтижелі болады.

ұлтық қолданбалы өнер арқылы жеке адамның көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие берудің ғылыми – педагогикалық, әдістемелік негізін анықтау;

- көркемдік талғам табиғатын, оны қалыптастырудың эстетикалық тәрбие мен көркемдік білім жүйесіндегі мәнін анықтау;

- ұлттық өнер арқылы көркемдік талғам қалыптастырудың мүмкіндіктерін анықтау.

жеке тұлғаның қоршаған өмір шындығына эстетикалық қатынасын қалыптастырудағы бейнелеу және ұлттық қолданбалы өнердің, шығармашылық іс - әрекеттің маңызы туралы философиялық, эстетикалық, ілім негіздері; педагогиканың, психологияның және эстетикалық тәрбие теориясының қоғамдық мұраттарға байланысты даму заңдылықтары; жас ұрпаққа имандылық – эстетикалық тәрбие беру ісін жандандыруға бағытталған мемлекеттік ресми құжаттар, педагогикалық нұсқаулар, тұжырымдар мазмұны.

қазақ дәстүрлі қолданбалы өнер арқылы қоршаған орта мен өнердегі сұлулық жарасымдылығы туралы алғашқы сезімдік, танымдық түсініктерін көркемдік талғам деңгейінде қалыптастыру.

Жеке тұлға туралы түсінік.
Адам жалпы тектік ұғым ретінде нақты индивиттерден тұрады. Адам жер бетіндегі тірі организмдердің дамуының ең жоғарғы түрі, еңбек процесінің субъекті, ой санасы және сөйлеу тілі бар биопсихоәлеуметтік жан ретінде жалпылыма анықталса, индивид қоғамның мүшесі – жеке адамды білдіреді. Бұл сөз латын тілінен алынған және оның қазақша баламасы – «жекелік». Ұғым ретінде бұл сөз адамзат тұқымының еш қасиеттері ескірмеген бір өкілін білдіреді. Бұл орайда әрбір адам индивид болып табылады. Одан басқа тағы да «личность» деген ұғым бар. Қазақ тіліне орыс тілінен енген бұл термин көп уақыт бойы сол күйінде алынып келген. Ал соңғы кезде оны «тұлға» деп атайтын болдық/2.21-22/. Әр адамның өз алдына жеке өмірі болғандықтан, тұлға ұғымына жеке сөзі үнемі қосылып отырады. Осының салдарынан ғылымда «Жеке тұлға» деген сөз пайда болды. Жеке тұлға бұл интегративті жүйе, әлдебір ыдырамайтын тұтастық. Алайда, жеке тұлғаны зерттеумен айналысатын ғалымдар бұл тұтастықтың «өзегі» бар деп мойындайды, олар оны «Мен – жүйе» немесе жай ғана «Мен» деп белгілейді. Жоғарыда келтірілген жеке тұлға туралы түсінік жалпылама ұғым болып табылады.Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері – оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір – қасиеті, даралығы. Жеке түлғаның маңыздылығы оның қасиеттері мен іс - әрекеттерінде қоғамдық прогрестің тенденцияларының, әлеуметтік белгілер мен қасиеттердің айқын және спецификалық көрініс табуы арқылы, оның іс - әрекетіндегі шығармашылық қасиетінің деңгейі арқылы анықталады. Бұл орайда «адам», «жеке тұлға» деген ұғымдардың қатары «даралық» деген ұғыммен толықтырылуы қажет/3. 40-50/.

Жалпы «тұлға» деген пікір мұнымен ғана шектеліп қоймайды, ол әр ғылым саласында, әр ғалымның түрлі көз қарасымен қалыптасып, сол ғылымның тілінде сөйлейді. Ғылым салаларының ең маңыздылары болып саналатындарының ішінде диссертация тақырыбына сай өнермен тығыз байланысты философия, педогогика, психология және өнердегі тұлғаны қарастырамыз.

Философия ғылымында «Тұлға – қоғам мүшесі ретіндегі әлеуметтік даралық сапасындағы адам, қоғамдық қатынастардың жиынтығы айқындап тұратын биопсихоәлеуметтік мәнділік, әлеуметтік өмірде болып жатқанның барлығын жинақтап, өз бойына сіңіріп алып жүрген» деген анықтама беріледі. Тұлға мәселесін философтар былай да қарастырады: «Тұлға іс - әрекеттің, қарым – қатынастың, сана мен өзіндік сананың, дүниеге деген көзқарастық субьекті. Адам өзін - өзі басқара білу өзінің әуесқойлығы мен құштарлығын жеңе білу қабілеттеріне ие болғанда ғана тұлға дәрежесіне көтеріле алады. Тұлға – адамның қоғамдық қатынастары мен қызметінің жеке адам бойында шоғырлануының көрінісі, құқығы мен міндеттерінің, эстетикалық және басқа әлеуметтік нормалардың шоғырланған бірлігі. Тұлға әрдайым әлеуметтік тұрғыда жетілген адам болып табылады. Адамды тұлға жасайтын ең алдымен оның әлеуметтік психологиялық ерекшеліктері/4. 21 – 22/. Бұл жайында педагог ғалымдар өз салаларында арнайы зерттеулер жүргізіп, педагогика ғылымында тұлғаны былай қарастырады: егер адам сана және өзіндік санаға ие болып, өз бетінше жаңғыртушы іс - әрекет орындауға қабілеті болса онда ол адам тұлға деп аталады. Адам тұлға болып тумайды, ол қасиеттік дәреже даму барысында қалыптасады. «Адам» ұғымынан өзгеше «тұлға» түсінігі – адамның қоғамдық қатынастар, басқа адамдармен араласу ықпалында қалыптасқан әлеуметтік сапа қасиеттерін білдіреді. Тұлға ретінде әрбір адам әлеуметтік жүйеде мақсат бағдарлы және ойластырылған тәрбие барысында қалыптасады. Әрбір тұлға, бір жағынан, қоғамдық тәжірибені игеру деңгейімен, екінші жағынан, материалдық және рухани құндылықтар қорына қосқан қоғамдық үлесімен танылады. Тұлға болып жетілу үшін адам өзіне табиғаттан берілген және өмір мен тәрбие желісінде қалыптасқан ішкі қасиеттерін нақты практикалық қызметте аша білу шарт деп түсіндіреді педагогика ғалымдары/5. 23 – 28/.

Психологияда «жеке тұлға» деген ұғымның әртүрлі түсіндірмелері бар, бірақ олардың көбісі мына түсінікке келіп тіреледі: жеке тұлға дегеніміз әлеуметтік қатынастар мен саналы іс - әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Бұл ғылым саласындағы жеке тұлғаның ең басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы және әлеуметтік функцияларды атқаруы. Жеке тұлға,

сондай – ақ, психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие (темперамент, мінез – құлық, қабілеттілік, ақыл – ой дамуының деңгейі, қажеттіліктер, мақсат – мүдделер)/3. 40 – 50/. Бүгінгі таңда тұлға – психологиядағы ең өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Өйткені қоғамымыздың қарқынды әлеуметтік дамуы белсенді, жасампаз тұлғаны қалыптастыруға жоғарғы талап қояды. Ал қоғамның қазіргі жағдайында, елдің саяси, мәдени, әлеуметтік – экономикалық жақтарын жаңарту кезінде – жас ұрпақтың болашақта ізгі ниетті азамат болып дамуына олардың тұлғасының дұрыс қалыптасу үрдісі үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да тұлғаның теориялық зерттеулеріне, жалпы ұғымына сарапталған талдауларға зер салайық.

Психологтар арасында тұлғаға байланысты бірыңғай қөзқарастардың болмағандығынан 300-ден астам анықтамалар жүзеге асуда. Тұлғаның анықтамасы сияқты оның құрылымында бітұтас көзқарастар жоқ. Жеке тұлғаның тұтас психологиялық құрылымы белгілі бір өмірлік стиль мен мінез – құлық арқылы анықталады. Жеке адамды психологиялық тұрғыда мына қасиеттер толығырақ сипаттайды: 1) идеялық; 2)мақсаттылық; 3)моральдық жағынан тәрбиелік; 4) жеке тұлғаның жан дүниесінің байлығы; 5)байсалдылығы; 6)белсенділік; 7)қайталанбайтын даралығы. Сонымен осы айтылғандардың бәрін жинап психологиядағы тұлға дегенге мынадай анықтама беруге болады: жеке тұлға дегеніміз – қоғамның мүшесі ретіндегі адам/6. 95 – 99/.

Тұлға мәселесіне байланысты ұлы психологтардың ойларын қарастырсақ Л. С. Выготскийдің пікірі бойынша, адамның тұлғасы өзінің енген қарым – қатынастардың кешенді әсерінің нәтижесінде дамиды. Тұлға – бұл қоғамдық – тарихи дамудың өнімі. Ол тұлғаның қалыптасуы адамның мінездемесі үшін маңызды орын алады, яғни оның мінез – құлық пен іс - әрекетінің жоғарғы саналы формаларын қамтамасыз етіп, оның ақиқатқа байланысты барлық қарым – қатынастарының бірлігін құрайды дейді/7. 140/.

Ал, А. Н. Леонтьевтің пікірі бойынша, тұлға – бұл адам өмірінің қоғамда туылуының ерекше түрінің психологиялық тұрғыда құрылуы. Тұлғаның жүйелі қасиет ретінде пайда болуы – индивид басқа индивиттермен біріккен іс - әрекетінде, ақиқатты өзгеріп соның арқасында өзінде өзгертіп, тұлға дәрежесіне жетеді деп тұжырымдайды/8. 487 - 29/.

Қазақстанда психология ғылымы саласынан тұлға мәселесі Ж. И. Намазбаеваның жетекшілігімен және оның шәкірттерінің, яғни Л. О. Сәрсенбаева, Р. Ш. Сабірова, Л. В. Пилипчук, С. Ж. Өмірбекова, Г. Т. Бекмұратова және т. б. ғылыми зерттеу еңбектерінде белсенді түрде дамуда/6. 95 – 99/.

Сондай – ақ өнердегі тұлғаның өзіне ғана тән мәні, объектісі бар болмысты бейнелеудің, танудың мағыналы құралы. Өнер ішіндегі бейнелеу өнерінде тұлға динамикалық түсінік болып табылады. Ол өмір ағынында даму деп аталатын өзгеріске ұшырайды. Адамның жеке қасиеттері өмір жолында дамып, қалыптасатын болғандықтан, жеке тұлғаның «дамуы» мен «қалыптасуы» ұғымдарының мәнін ашу педагогика үшін маңызды мәселе болып табылады.

Даму табиғатқа, қоғамға және әрбір жеке тұлғаға тән жалпы қасиет болып табылады. Даму дегеніміз – төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге қарай қозғалыс: сатылай эволюциялық ауысу немесе революциялық секіріс түрінде жүзеге асатын жоғары сапалы күйге қарай спиральды өрлеу процесі. Даму кезінде барлық философиялық заңдар жүзеге асады: өзгеру, сананың сапаға ауысуы, бір сапаның басқа бір сапаға ауысуы. Бұл қозғалыс, өзгеріс жеке тұлғаның дамуының қозғалыс күші болып келетін қарама – қайшылықтар күресі арқылы жүзеге асады.

Жеке тұлғаның дамуы дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Тұлға көптеген әлеуметтік тұрмыстық және моральдық біліктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Алайда, адамның жеке тұлға ретінде дамудағы ең бастысы – оның бойында болып жатқан сапалық өзгерістер (танымдық, сезім, моральдық – жігерлік т. б.). Мінез – құлықтың реактивті формалары белсенді түрде қалыптасып келе жатқан іс - әрекеттілікке айналады, дербестік пен өз мінез – құлқын билей алу қабілеттілігі артады. Осы және басқа да өзгерістер адамның жеке тұлға ретінде даму процесін сипаттайды.



Педагогика мен психологияда жеке тұлғаның «қалыптасуы» термині жиі қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді және оның пайда болып, тұтастыққа, бір қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын білдіреді. Қалыптастыру дегеніміз – бір нәрсеге пішіні мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақты түр беру. Бұл тұрғыдан алып қарағанда қалыптастыруды әр қилы жолмен пайдалануға болады. Мысалы, тұлғаның өнер арқылы эстетикалық талғамын қалыптастыру секілді өзекті мәселе. Бірақ ең алдымен бұл мәселені қарастырмас бұрын өнер жайлы мәліметтер беріп өткен абзал.

Қазақ халқының ұлттық қолөнері және эстетикалық талғам.
Сонау ықылым заманда, адам пенде болып жаратылған кезде осы жер бетінде нендей дүние бар еді? Қара жер, көк аспан, түйдек – түйдек тастар, сахара, шөл далалар емес пе? Пендені екі қолды етіп ерекше жаратқандықтан,осы табиғи денелерді игеріп,өз қажеттеріне жарату адамның қолында еді. Сонау миллиондаған жылдар бұрын олар осы мүмкіндікті пайдаланып , сұлулыққа сұқтана, жаңа нәрселер ойлап шығаруға тырысады. Біртіндеп тастан, ағаштан, саз балшықтан, теріден, кейіннен темірден күнделікті тұрмысқа қажетті құрал – жабдықтарын жасап шығарған. Оған дәлел Қазақстан жерінде бұрын – соңды жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталған ежелгі мәдениеттің үлгілері. Уақыт көшімен алға бір қадам баса отырып, ұсақ заттан ірі заттарға дейін ойлап шығаруға адамдардың мүмкіндіктері де, әрі логикалары да жеткілікті еді. Бірте – бірте адамдар арасынан ата-бабалардан қалған қолөнерге мұрагерлік жасап, мал өнімдерін өңдеп, ағаштан түйін түйіп, металдан алуан түрлі бұйымдар даярлайтын, әр түрлі құрал – жабдықтар жасауға ептілері іріктеле бастады. Жалпақ тілде оларды шеберлер деуге болады. Халқымыздың терең ойды аядай қалыпқа сыйғызған «он саусағынан өнер тамған шебер» деген бейнелі сөзді жиі қолданылды. Міне, ойлап қарасақ бұл даналықтың басты айшығы ретінде шебер сөзімен өнер деген ұғым да айтылады. Сонда бұл екі атау сөздің бір- біріне қатысы қандай? Жалпы «өнер» сөзі нені білдіреді, «өнер» дегеніміз не? Өнерді пір тұтқан ата- бабамыз «Өнер- таусылмас азық, жұтамас байлық»,-деген жолдар арқылы өнердің тіршіліктің тұтқасы екенін кейінгі ұрпаққа сездіруді мақсат еткен. Өнер адамзат өмір қамының ең ертедегі формаларының бірі болып табылады. Оның шығу этнонимі де өз алдына бөлек тарих,сол себепті де бұл сөзді өмірде қолданбас бұрын әр азамат оның әуелгі жайын білуі абзал. Өнер тарихына үңілген, еліміздің аты әйгілі профессоры Б.Ғ.Нұржанов өнер терминін екі мағынада, яғни кең және тар мағыналарда қолданады. Кең мағынада өнер адамның барша шығармашылық жасампаз әрекетін білдіреді және бұл мағынада өндірісте, тіпті «дін» де өнер формалары болып табылады. Әсіресе осы мағынасында ол ежелгі грек тілінде көбірек қолданылады: орыстың «искусство» деген терминінен аударғанда ‘poesis’ сөзі ежелгі гректерде «білім», «туынды», «сана» ұғымдарын да білдіреді. Адам әрекетімен байланысты және осы әрекеттің өнімі болып табылатын барлық нәрселер ‘poiesisia’ – адамзат саласына жатқызылады және ол адамзат жаратпаған табиғи салаға – “Physis’y” қарсы қойылады. Өзінің тар мағынасында өнер әр түрлі формадағы көркем шығармашылық нәтижелері, үрдістері болып табылады. Дәл осы мағынасы қазіргі кезеңде негізгі болып саналады/4. 302 – 323/. Өнер адам баласын сан түрлі біліммен қаруландырады, жанын нәзік сезімге бөлейді. Өнер сүйген қауым адам баласына тән ізгі қасиетті,шынайы достық пен махаббатты, әсем мінез–құлықты қастерлейді. Адамның асыл, нәзік қасиеттерінің бірі эстетикалық сезімді оятып, өсіретін, эстетикалық талғам мен көзқарасты қалыптастырып, кісінің эстетикалық мәдениетін дамытатын, жетілдіретін факторлардың ішінде ең үлкен орын алатын, шешуші рөл атқаратын өнер екендігінде дау жоқ. Байқағанымыздай, өнердің эстетикалық тәрбиеде атқаратын қызметі баға жетпес. «Эстетика» - гректің «эстетиз» деген сөзінен алынған, «сезімдік», «сезіммен қабылдайтын дарындылық» деген ұғымды білдіреді. Тұңғыш рет «эстетика» ғылыми термин ретінде 1750 жылы неміс философы Баумгартеннің кітабында қолданылды, бірақта ғылым ретінде ол өте ерте дәуірде, құлдық қоғамда Египет, Вавилон, Индия және Қытай елдерінде пайда болды.

Эстетика жайлы неміс, ағылшын, француз, орыс тілінде жазылған қыруар еңбектер бар. Соның өзінде эстетика ғылымының ерекшелігі туралы айтыс осы күнге дейін толастаған жоқ: «әсемдік» дегеніміз не? Өйткені оны заттық тұрғыдан сезінбейсің.

Әсемдік – бұл адамның қажеттілігі, көзқарасы, мақсатымен сәйкес келетін жоғары дәрежедегі терең сезім. Ерте дәуірдегі суреттерге зер салсақ біз еңбек процесін көреміз: әркім өзінің айналысқан ісіне орай сурет салған, - аң аулау, жермен айналысу т. с. С. Соған орай «өмір деген тамаша» афоризмімен келіспеуге болмайды. Бірақта «әсемдік» жайындағы түсінікте субъективтік те кездеседі. Себебі «әсемдік» жайындағы ұғымды анықтауды көптеген маңызды әлеуметтік – психологиялық факторлардың ықпалы болған: дәуір, ұлттық және расалық, діни және таптық қатынас, сән, сонымен бірге тұлғаның жеке – дара психологиялық ерекшелігі. Дегенмен де әсемдік жайында жалпы адамзаттық өлшем бар: ол табиғат турасындағы суреттер, классикалық музыка және т. б.

Әсемдікті тану (эстетика) – табиғатта, қоғамда, адамның іс - әрекетінің қай түрінде болмасын, оның қарым – қатынасында, әсіресе, өнерде заттардың және құбылыстардың мәні мен даму заңдылықтары жөніндегі философиялық ғылым боп табылады.

Ежелгі тас дәуірінен бастап XIX ға дейінгі Қазақстанда маңызды орын алған адамның материалдық және рухани мәдениеттің негізгі екі кезеңдері туралы ғылыми таңдамалар П. Аюпов пен М. Қадырбаевтың «Ежелгі Қазыналары» атты кітабында орын алған. Бұл кітап 1979 ж Алматыдағы «Жалын» баспасында шығарылған.

Осы сөздің түйіні ретінде «өнер мен эстетика егіз» деген тіркесті негізге алуға болады. Себебі, олар адам санасы мен жан жүйесіне ерекше әсер ететін таптырмас құрал. Шынай өнердің адам атаулының мінез-құлқына игі әсер ететінін ұлы ойшылдардың көбі-ақ айтқан. Француз ағартушысы, философ,жазушы Дени Дидроның пікірінше, «өнер- өмір мен табиғатқа еліктеушілік» болып табылады. Ал, қазақтың шалқар шабытты және зор бақытты жазушысы Мұхтар Әуезов өнер туралы былай дейді: « Өнер атаулының барлығы қай елде, қай түрде туса сол ортаның шартынан, өз топырағының қалпынан туады. Өнердің ғылымнан айырмашылығы осы. Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл анасының ұрпағы болып қана туады. Солай болып туса ғана өсіп - өніп дәурен сүреді. Елінің тонын киіп, елінің өз ішінен шықпаса, өнер ерте күннен өрістен айырылып, тығырыққа қамалып, өлімге қарай бас иді деу керек». Неткен ғажап пікір десеңші? Бұл өсиеттер біз үшін баға жетпес эстетикалық құндылық болып табылады. Рас, өнер осылай тамырын тереңнен алып, кең құлаш жая, осы күнге дейін дамымаса сылдыр сөз, білімді практика жүзінде іске асырмаса, өмірде не мән, не сән болар еді?

Өнер өзінің нақты түрлерінде өмір сүреді: әдебиет, театр, кескіндеу, мүсін, би, графика, саз, бейнелеу, қолөнер. Аталмыш өнер түрінің ішінде ең көне, өзге ұлттарға, сонымен қатар қазақ еліне тегіс тараған қолданбалы өнер болып табылады. Қай халықта және қашан да болса мұқтаждықты жою,баршылықты молайта түсу, халықтың тұрмысын жақсарту, қолөнер бұйымдарын тиімді, қолайлы, сәнді етіп пайдалану әр халықтың бәріне бірдей ортақ мүдде, ортақ арман еді. Соның нәтижесінде біздің ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақ үшін көптеген қолөнер мұраларын қалдырды. Олар біздің өміріміздің зейнетті болуы үшін күрескенде, неше түрлі азапты от пен судың тар жол, тайғақ кешулерінен өтті. Сөйте жүріп өз елінің тарихында мәңгілік өнер өрнектерінің мұрасын қалдырды. Сол мұралардың бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының рухани да материалдық қазынасының қомақты бөлігіне айналды. Бұл миллиондаған жыл бұрын қалыптасқан өнер екендігін жоғарыда айтып кеттік. Оны айғақтайтын көне көшпенділердің жасаған әшекей бұйымдары, үй тұрмысына қажетті заттары. Формасы жағынан реалды, мазмұны жағынан мифтік тұрғыдағы бейнелеу өнері мен қолөнердің түйіндесуін қамтамазыз етті және қазақ халқының қолданбалы өнерінің ең алғашқы тарихи бастамасы болды/10. 66 – 72/. Еліміздің қолданбалы өнері олардың көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс жағдайы негізінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты болды. Мысалы, әйелдер қой жүнінен жіп иіріп, ол жіптен өрмек тоқып,шекпен, шалбар сияқты сырт киімдер, қапшық, қоржын, аяққап, киіз үйдің түрлі бауларын дайындаған. Қой жүнінен киіз үйге жабатын түрлі- түрлі киіз басып, оны оюлап жақсы текемет басып,сонымен қатар шиден бас киім секілді заттарды да ойлап тауып отырған. Соның дәлелі ретінде ата- бабамыздың аяулы алақанынан туған мына бір қолөнер түрлерінің басты-бастысына тоқтала кетуге жөн көрдім:------------------------№

Көптеген шетел ғалымдары қазақ ұлтының тарихын, тұрмыс – тіршілігін,киім үлгілерін әсіресе археологиялық бұйымдарын зерттеуге көңіл бөлген және қолөнер тарихы туралы аса құнды деректер жазып қалдырды. Мәселен, А. Янушкевич, И. Ф. Русанов, Н. М. Ядринцев, П. И. Лерх, Д. Львович, Э. Ю. Петри, М. И. Манаев, А. И. Якоби, Г. Н. Потанин сынды ғалымдар. Әсіресе XVII – XIX ғасырдағы қазақ қолөнерінің гүлденіп, мазмұны байып, шарықтау шегіне жеткен шағы еді. Бұл жайында академик Ә. Марғұланның : «Қазақтар тек қолөнер әлемінде ғана өмір сүреті», - деген сөзі осының айғағы іспетті. Осы ғасырларда жұртшылықтың керек – жарақ мүлкі, үй жабдықтары, киім – кешек, әшекейлері ел байлығына айналды. «Алтын кемел белге сән, асыл жиһаз елге сән» деген халық нақылы осы кезеңнің көрінісің суреті тәріздес. Сірә, бұл кезде асыл тастарды қолдана бастаса керек.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет