Жертөледегі жазу



бет20/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ҚАРАҢҒЫДА ҚАБАН КҮРКIРЕП
1
Қалың топ таудан төмен қарай сорғалаған түп-түзу кең көшенi бұрғылап өрлеп келедi. Ауа буған шыңылтыр аяз қарсыдан соққан суық желмен өткiрленiп бет шабақтайды. Сол ызғырықтың екпiнiмен алыстағы әлдеқандай ұлы сарынның жаңғырығы үздiк-создық құлаққа ұрып, тез жет деп асықтырғандай, бұлар ентелей түстi.
Абай көшесiнiң жоғарғы бетiндегi Алаңға кiрер ауызды жағалай қоршаған милиция мен әскерилер. Бiрақ бұларға бөгет жасаған жоқ, «барыңдар, барыңдар, көрейiк әуселелерiңдi» деген, барынша өзiне сенiмдi, менмен түр. Алаң бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Кемерiнен асып-төгiлiп лықсыған айдынға буырқанып тағы да бiр асау толқын құйылды. Көз көрiм айнала құмырсқадай жыбырлаған қара құрым халық. Бiр тұсы «Атамекен» әнiн айтып күңiренiп, ендi бiр тұсы: «Бiз пленум шешiмiне наразымыз!» «Әр ұлтты өз көсемi билесiн!» «Бiздiң алдымызда Димаш аға сөйлесiн!..» деп ұрандап алға қарай лап бередi де, iле керi серпiледi. Арна тепкен жойқын қара толқын қай тұстан лақ етерi белгiсiз теңселiп тұр.
Делебесi қозып ентелеген албырт топ дөңгеленген ұлы майданға сыналай енiп сiңiп жоғалған. Әзиз-Сұлтанның қасында таныстан Қосымханнан басқа ешкiм қалмапты. Екеуi Алаңның шетiмен жағалап келедi, ойлары – айналып барып трибуна жақта не болып жатқанын көру.
Әзиз-Сұлтанның бiрден байқағаны: майдан ортасында жүрген кiлең жастар екен. Үлкендер жағы Алаң шетiндегi бетон бардюрден берi аттар емес. Құдды бiр, тасыған өзенге қарап жағада үрпиiп тұрған адамдар секiлдi. Денi – омырауында орден-медаль самсаған ардагерлер, «От пен судың талайын толарсақтан кешкен батырмыз, мiне» деген мақтаныш па, әлде бiреу-мiреу мұнда неғып жүрсiздер деп ежiрейсе, «шырағым, бiзде шаруаң болмасын, мынаны көрдiң бе!» деп айбынту үшiн тағып алды ма екен? Әйтеуiр, барын киiп, бақанын асынып алған. Өз қолдарынан келмейтiндi өзгелердiң iстегенiне қызыға қарайтындай, жымсиған жанарларында жарайсыңдар деп құптаған жылы ұшқын жылтырайды. Бiрақ қанша тiлеулес болғанмен берi қарай аттап басар емес.
Неге үлкендер осынша үрейшең, жалтақ? «Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, мына он екiде бiр гүлi ашылмаған өндiрдей ұл-қыздардан жанымыз аяулы ма!» деп неге ортаға қойып кетпейдi. Адуынды, албырт топтың алдында сап-сап деп сабырға шақырып сақалды қариялар жүрсе, ана жоғарыдағылар да, мың жерден бiтеу болғанмен, айыл жиып айбынар едi ғой. Әлде бейшаралар талай зұлматты көрiп, заман басқа-көзге төпеп өсiрген соң әбден жасып, су жүрек боп қалған ба?
Алаңда басына әлi ноқта-жүген тимеген бұла жастық шарқ ұрып жүр.
Қолын арқасына айқастырып шалқалаған шартық қарын бiр шал бұларға жақындап келiп:
– Дұрыс, балалар, беттерiңнен қайтпаңдар! – дедi сыбырлай. Кеудесiн қыжыл кернеген Әзиз-Сұлтан, бiр жағы қылжақ, бiр жағы ерегеспен:
– Дұрыс болса, неге мұнда келмейсiз? – деп белiнен шап берiп көтерiп алып едi, шыңыраудың түбiне құлап түскендей зәре-иманы ұшып, кеудесiндегi салпыншақ сөлкебайлары сыңғырлап жалма-жан ернеуге қайтадан атып шықты.
– Өй, көргенсiз, лағынет!..– Жалтақ-жалтақ қарап, пәлесiнен аулақ дегендей, бiр қырындап жылыстай жөнеледi.
«Бұлардан қайран жоқ, – дедi Әзиз-Сұлтан iшiнен. – Сиыр малы көзiне шыбын үймелеген сасық қорадан шығарып, мөлдiр сулы, көк шалғынды өрiске айдағаныңмен мөңiреп ескi жұртына қашады емес пе. Бұлар да сол сияқты. Үйреншiктi қалпын бұзғысы келмейдi. Ескi қораның иiсiне көкiрегi былғанбаған, от пен судан бетi қайтып көрмеген жас ұрпақ қана жаңалықты жасайды».
Бiр айналып қарағанда, қасындағы Қосымханды танымай қалды: қомпиған көк курткасының күләпарасын көзiне түсiре киiп, қоңыр түбiт шарқатын мұрнын бастыра көтерiп, тұмшаланып алыпты, көзiнiң жартысы ғана жылтырайды. Кiм екенiн айырып көр! Әзиз-Сұлтанның ойын айтқызбай-ақ оқыған ол: «Сақтықта қорлық жоқ – дедi дауысы жетi қабат жердiң астынан естiлiп. – Селтеңдеп шетке шыға бермей, ортаға қарай енейiк». Бұл залым неден шошынды деп, жан-жағын шолып едi, анандайдағы солдаттарды тасаланған әлдекiмнiң қолындағы фотоаппараттың шыны көзi шатынап Алаңға қарап тесiрейiп тұр екен.
Қосымханның қаупiне қарамастан, қалың нөпiрдi сыналай жарып алдыңғы жаққа таяған. Қарсы бет шеңгелдеп өрiлген тас қамалдай. Трибунаның қос қанаты жымдаса тiзiлген солдаттар. Темiр қалпақ киiп, кiсi бойы темiр қалқанды тасаланып лек-­лек қарауытады. Одан ары бiр­-бiрiмен тұмсық түйiстiре ұзын­шұбақ тiзiлiп әскери машиналар тұр. БТР-лар мен танкiнiң ұңғысы үңiрейедi. “Мыналардың сұрқы жаман екен! – дедi Әзиз­Сұлтан iштей тiксiнiп. – Бiзбен майдан ашып, соғыспақшы ма!” Әзiрге тыныш. Бұлардың қимыл-әрекетiн қалт жiбермей қатал сұспен түйiле үнсiз бақылайды. Алаң да бейбiт. Мың-сан дауыспен гуiлдей жаңғырығып, баяу теңселгенi болмаса, артық, оғаш қимылы жоқ. Әлдеқайдан “Атамекен” әнiн қосылып айтқан қыздардың дауысы толқып жетедi емiс-емiс. Трибунаға жақын тұрған бiреулер алақандарымен аузын қалқалап, дауыстарын көтере айғай салады:
– Орталық Комитет басшыларының алдымызға шығып сөйлесуiн талап етемiз. Пленум шешiмiне қарсымыз!
– Әр ұлт өз мемлекетiн өзi басқарсын. Лениндiк ұлт саясатының бұрмалануына жол бермеймiз?
– Димаш аға шықсын! Мән­-жайды өз аузынан естiгiмiз келедi...
Әр сөздiң аяғын қалың дауыс iлiп әкетiп, қосыла жаңғырады.
Бiр жiгiт топты кимелей жарып Әзиз-Сұлтандардың қасына келдi. Құндыз құлақшынын қабағына түсiре киген. Пальтосының жағасын тiк көтерiп алыпты. Мұрынының ұшы мен иегi ғана көрiнедi жылтырап.
– Ей, жiгiттер, өстiп тұра беремiз бе? – дедi алға ентелеп. – Аязда мұздап өлдiк қой. Жүрiңдер, Ақүйге басып кiрейiк. Мына боқмұрын солдаттар түк iстей алмайды!
– Дұрыс, сөйтейiк! – Қатар тұрған бiраз адам дүрлiге қостап, елеуреп шыға келдi.
– Тоқта! – Әзиз-­Сұлтан әлгiнiң жеңiнен шап бердi. – Сен, жiгiтiм, мұндай сөздi қой. Жұртты отқа итерме!
– Не, сонда осылай тұра беремiз бе қой сияқты үйiрiлiп?
– Тұрғың келмесе, кете бер, сенi ешкiм ұстап тұрған жоқ. Өзiң кiмсiң? Қай институтта оқисың?
– Менi тергейiн деп пе едiң? Шатағың болмасын!
– Жiгiттер, мынау – провакатор, мұның айтағына ермеңдер!
Анау қолын сiлкiп, Әзиз-­Сұлтанның уысынан босанып шықты да жылыстап, лезде топтың арасына сiңiп жоғалды.
– Мiне, көрдiңдер ме? – дедi Әзиз­Сұлтан жаңағы елп етiп еруге дайын тұрған жiгiттерге қарап. – Сақ болайық. Мұндайларды арамызға әдейi жiберуi ықтимал.
Мән­-жайды ендi түсiнген аңқау топ шулап қоя бердi:
– О, әкеңдi,.. сiлiмтiк!
– Залымын қарашы-­ей!
– Сатқын неменiң теуiп-­теуiп тезегiн шығару керек едi, қап!..
Әзиз-­Сұлтан бұл жерде бас болып, бағыт сiлтеп жүрген ешкiм жоқ екенiн байқады. Отқа­-суға қарамай ентелеп, елiрген жастардың арандап бiрдеңеге ұрынуы бек мүмкiн едi. Жұрттың бәрiне болмаса да айналамызға бас-­көз болайық деген ниетпен бес­-алты естияр жiгiттi қасына жинаған. Әрқайсысы әр тұсқа барып, араларында арандатушылар жүргенiн ескертiп, айналадағы әр қимылды жiтi бақылаумен болды.
Сәлден соң:
– Әне, келе жатыр! Келе жатыр! – дедi жұрт дүрлiгiп. Әзиз­-Сұлтан жалт қараса, келе жатқан партия, үкiмет басшылары екен. Қызыл күрең мәрмәрдан өрiлген биiк трибуна өкiрген асау толқын жағаға атып тастаған ескi кеме сияқты. Қайраңдаған кеменiң не iстерiн бiлмей абыржыған экипажындай, қаз-қатар тiзiлiп тұра қалды. Аласұрған алапат адуынды күшпен бетпе-бет келгенде тайсақтап үрейлене қарайды. Бәрi қазақ. Бiрыңғай киiнген: бастарында құндыз бөрiк, үстерiнде сұр пальто. Бойлары да бiрдей. Бабаларымыз: «ұлың қор болса да, зор болсын» дегендi осындайда айтқан екен-ау! – деп ойлады Әзиз-Сұлтан трибунадағы ажарсыз бастарға қарап тұрып. – Шiркiн, Димаш ағаны айтсайшы, қандай мiнбенiң болсын сәнi едi ғой. Келбетiне көзiң тояды. Қай мемлекеттiң басшысымен қатар тұрса да иығы асып тұратын еңселi тұлғасы мен парасат ұялаған нұрлы жүзiн көрiп, мiне, бiздiң ағамыз қандай деп мақтаныш билейтiн көңiлдi. Мыналардың өздерi де, сөздерi де қораш, күйкі. Сөйлеген сайын бiр­-бiрiне одан сайын ұқсап, егiздiң сыңарындай боп барады. Айналып келiп бәрiнiң езетiнi – “Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы”, “Бабаларымыздың қанымен, терiмен шыңдалған ұлы достыққа сендер сызат түсiргелi тұрсыңдар...” Құдды бiр газеттiң бас мақаласын оқып тұрғандай дәм­-татусыз жылымшы сөздер. Жүрекке жетер жылуы жоқ. Қолдарындағы қағаздан бастарын көтермейдi. Өз беттерiмен бiр­-екi ауыз сөз айтса, сандырақтап лағып кетедi. “Құдай­-ай, осылар да кісі боп бiздi басқарып отыр­-ау!” дедi Әзиз-­Сұлтан iшiнен күйiнiп.
Әне, ортадағы бiреу қолын шошаңдатып сөйлей бастады:
– ...Азаматтар, айтқанды ұғып, тыныштықпен тараңдар. А то, жағдай қиын болады! Сендердiң әрекеттерiң заңға қайшы. Немене, партияның шешiмiне қарсысыңдар ма! Бұл деген позор! Бүкiл Совет халқының алдында жерге қарайтын болдық! Қане, тараңдар! Араларыңдағы арам пиғыл бұзақыларға ермеңдер. Бiз оларды табамыз и аяусыз жазалаймыз!..
Құдды бiр ауыл арасындағы шолақ белсендiнiң дiкiлдек қоқан-лоққысы. Жоғарыдағының нұсқағанын ғана орындап, бiреудiң жазғанын биiк мiнбеден оқып
беруге үйренген бейшара өз ақылымен жол табар қысыл-таяңда берекесi қашып, тiлi тұсалып тұр. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан iнiнен шығады» деген, күш көрсетiп қоқаңдамай, мән-жайды байыппен түсiндiрiп, неге «бауырларым, балаларым» деп iшке тартып сөйлемейдi? Жо-жоқ, құдай сақтасын, қайдағы бауыр, қайдағы бала! Үкiмет басындағы адамға мұндай бұзақы ұлтшылдар бауыр да, бала да болмақ емес. Ана ақ үйдiң iшiнде онсыз да терiсiне симай тырсылдап, тiлмаш арқылы мұндағы сөздiң үтiрiне дейiн қалт жiбермей тыңдап құлағын қайшылап отырған жаңа «Көкесi», бiр жерден ши шығарып алса, бөстегiн арқалатып тентiретiп жiбермей ме! Пәлесiнен аулақ. Қайта, Партиядан, коммунистiк Идеядан жақын ештеңесi жоқ екенiн көрсетiп қалатын жерi осы емес пе!
Топ ортадан гүрiлдеген бiреу айқай салды:
– Пәленше миллион қазақтан өзiн басқаруға бiр адам табылмағаны ма? Өзiң неге Бiрiншi хатшы болмайсың?
– Оны сендерден ешкiм сұрамайды. Партия қалай ұйғарса, солай болады. Орыс болды не, қазақ болды не – бәрiбiр емес пе. Бiзде ұлт жоқ, бәрiмiз – совет халқымыз.
Әзиз-Сұлтан жаңағы гүрiлдек дауыстың иесiн көзiмен iздеп, ызалана жерге шырт түкiрдi: «Көсемiң мынау болса – жырғарсың! Партияның нюхы неткен мықты. Осындай қаны-сөлi жоқтарды қалай тауып алады екен. Қоғамның сұрқайылығы да осылардың ой-санасындағы ұшқынның жоқтығынан шығар...»
– Кәне шуылдамай кетіңдер. Тез арада Алаңды босатыңдар, әйтпесе әскермен қуып таратамыз!
Қадау- қадау дауыстар ашына айғайлады:
– Мына көргенсіздің сөзін қарашы- ей! Бізге кет дейді ғой. Кет десе кете беретін ит пе екенбіз сонша? Сен бізге бүйтіп әкіреңде ме. Дікеңдейтіндей мал қайырып жүрген жоқсың. Көзіңді ашып қара!
– Жоғал ары сорлы! Осылар да ел басқарып жүр-ау!
– Талабымыз орындалмайынша кетпейміз. Табжылмаймыз осы жерден.
– Құры, жоғал!..
Жаңғыра шулап, ысқырып ананы мүлдем бұқтырып тастады.
Дөңайбат, қоқан-лоққыға жұрт ығысар емес. Iштей неге де болса бекiнген түрмен өжеттенiп алған. Әр тұстан хормен айғайлап, ұран тастай күңiренiп, теңселiп-теңселiп кетедi. Жарға соққан толқын ендi бiр ышқынса, қайрандаған кеменi төңкерiп тастардай.
Қасындағының сөзiнен дәрмен болмаған соң, көсемдердiң тағы бірі тамақ кенедi. Дауысы қою, орнықты екен.
– Азаматтар, ақылға келiңдер. Бұл тұрыстарыңда ешқандай мән-мағына жоқ. Қандай талаптарың бар, не мақсат көздейсiңдер – қане, айтыңдар. Көңiлге қонарлық болса, жоғарыға жеткiзейiк, ақылдасайық. Қане, кiм сөйлейдi?
Әрқайсысы өз бетiмен гуiлдеп тұрған жұрт әдепкiде, иә, не айтамыз дегендей, әпiгi басылып тына қалған. Iле топ ортаны бұзып-жарып, денесi құндыз жағалы қара пальтоға симай тырсиған, етжеңдi сап-сары келiншек жұлқынып алға шықты. Желкесiне түсiп кеткен түбiт шәлiсiн түзеп қойып, трибунаға қарай қолын сермеп:
– Мен гастрономда сатушы боп iстеймiн! – дедi, бiреу қайда iстейсiң деп сұрағандай, әлде мен қарапайым адаммын, тiгiсiн жатқызып сөйлей алмаймын дегенi ме екен. – Ойларыңды айт деп тұрсыз ғой, айтайын. Мен Қонаевты алып тастағанына қарсымын. Менi осында намыс сүйрелеп әкелдi. Ұлттық намыс! Осы күнге дейiн жақсы боп келген Димаш аға неге бiр-ақ күнде жаман боп қалды? Қателiк-кемшiлiгiн бұрын неге айтпадыңыздар?
– Ол кiсiнiң жасы келдi, өз өтiнiшiмен босады, – дедi мiнбедегi бас кiрпiк қақпай мелшиген қалпы.
– Өзге шалдар өлгенше отыратын таққа бiздiң Ағамыз неге отырмайды? Олар құсап өлексесiн сүйретiп, ақылынан алжасып отырған жоқ. Ақ үйдiң сыртында тұрсақ та, iшiнде не боп жатқанын бiлемiз. Қонаевты қадырлеп-қастерлеп демалысқа шығарса, пленум, от алып жүргендей, он жетi-ақ минутта бiте ме? Ширек ғасыр көсем болған азаматты ғана емес, оны сыйлаған ел-жұртты да қорлау емес пе бұл. Және орнына әкелген адамды қарасаңшы. Белгiсiз облысты басқарған, белгiсiз бiреу. Өңкей қазақ отырып, бiреуiңiз қыңқ етуге жараған жоқсыздар. Сiздер намыстанбағаннан кейiн қатын болсам да мен намыстанып келдiм осында!
– Дұрыс айтады! Намыс үшiн келдiк!.. – деп айналадағы жұрт жамыраса шулады. Мiнбедегi мықты тыныштал дегендей қолын көтердi:
– Тағы кiм сөйлейдi?
Жұрт тағы да тым-тырыс. Бiрдеңе десеңдершi дегендей бiр-бiрiне қарайды. Белсенiп шығар бiреудiң болмағаны ма? Мiне, «жоғал, тара» деп дiкiлдемей, арыз-арманыңды айт, тыңдайық деп тұр. Бүйтiп тұра берсе, айтары жоқ, айтаққа ерген ақымақ тобыр боп көрiнбей ме. Әзиз-Сұлтанның сөйлеймiн деген қаперiнде жоқ едi; қызынып, жұрттың алдына қалай атып шыққанын өзi де бiлмей қалды:
– Бiр ауыз сөзiм бар! – дедi демi жетпей тығылып. Сәл iркiлiп жүрек тоқтатып алды да, екпiндете сөйлеп кеттi. – Мен мұнда Қонаевтың, не болмаса өз жеке басымның жыртысын жыртуға келгемiн жоқ. Өмiрiмiзге кеңiрдектеп енген, көз шұқып көрiнiп тұрған әдiлетсiздiкке наразылығымды бiлдiруге келдiм, сондай-ақ, мына тұрған көпшiлiктiң де осындай оймен келгенiне шүбәм жоқ. Осы уақытқа дейiн тең ұлттардың гүлденген социалистiк мемлекетiн құрдық деп келдiк. Шынында солай ма? Қазақ өз жерiнде өзi азшылыққа айналса, тiлi мен дiнiн жоғалтса – сол ма теңесiп гүлденгенi? Патша тұсында қазақ байқұсты переселендер шұрайлы жерiнен бiр қуса, совет үкiметi кезiнде қордалы қоныстарынан тағы айрылды: полигонға айналды, тың игеруге келген мыңдаған трактордың табанына тапталды. Америкадағы резервацияларда мекендейтiн аборигендер сияқты, қазақ ауылы экологиялық жағынан аса қолайсыз құм дала, шөлейттерде тұрады. Завод-фабрикалардағы денсаулыққа зиянды, қолмен атқарылатын ең қарабайыр ауыр жұмыстарды iстейтiн кiм? Ауылдан келген қазақ жастары. Прописка мен жатақхананың бiр бұрышынан орын алу үшiн бәрiне көнуге мәжбүр. Өз елiнiң астанасында он бес-жиырма жыл жұмыс iстеп жүрiп үй ала алмайды. Мына тұрғанның бiразы осындай тауқымет шеккендер. Жұрт Қонаев, Қонаев деп жатыр, бiрақ көңiлiне тереңiрек үңiлiп көрсiншi, басты себеп ол емес, әркiмнiң жүрегiнде осы қыжыл бар.
– Бұның бәрi – бұрынғы басшылықтың тұсында жiберiлген кемшiлiктер, – дедi көсем, құдды бiр өзi бұрын қой бағып не егiн егiп келген адамдай бетi бүлк етпестен.
– Жаңа басшылық жұртшылықтың орынды талабын алдағы уақытта ескередi. Ал, қазақ, орыс деп байбалам салуға ешқандай негiз жоқ. Қандайда бiр ұлтты қағажу көрдi деу – қазiргi таңда жала. Совет Одағында ұлт мәселесi түбегейлi шешiлген!
– Ұлт мәселесi шешiлген болса, өз жерiнде жүрiп қазақтар неге өз тiлiнде сөйлей алмайды? – дедi Әзиз-Сұлтан көмейiне лықсып келген сөздiң алдын тежемей. – Орыстан басқа қай халықтың шекесi шеруен атып тұр. Орыс тiлiн бiлу – мiндет hәм қажеттiлiк. Онсыз аттап баса алмайсың, онсыз сен толыққанды адам емессiң, жартыкеш қорсың, мүсәпiрсiң. Сондықтан құдайдан үмiтi бар әрбiр ата-ана балам өз тiлiн бiлмесе, бiлмей-ақ қойсын, орыс тiлiн бiлсе екен дейдi. Нәтижесiнде ана тiлiмiз өмiрдiң өрiсiнен ысырылып, қиыр жайлап, шет қонған ауылдағы қойшы-қолаңның тiлiне айналды. От басы, ошақ қасында еңбектеп, қалт-құлт еткен кәрi-құртаңмен бiрге жыл өткен сайын келмеске кетiп жатыр. Ұлт мектептерiнiң саны жылдан жылға кемуде. Осы ма гүлденiп көркейгенiмiз. Бұның аты – рухани экспанция!..
Әзиз-Сұлтан ат тiзгiнiн еркiн жiберiп, тағы бiраз төбенiң басын шаңдатты.
Бетон бет көсем сөз жарыстырған жоқ, оттай түс дегендей селқос тыңдап, екi жағындағыларға кезек еңкейiп әлдененi сыбырлаумен болды. Оған тiптi Әзиз-Сұлтанның бұлай шалықтап терiс езулеп сөйлегенi қажет боп тұрған тәрiздi. Мiне, бастап жүрген бұзықтың бiреуiн таптық деуге жақсы дей ме екен? Әлде әркiм өстiп-өстiп қыздырмалап сөйлесе, мына бейбiт тобыр елеуреп артық әрекетке баруы ықтимал, сонда бүйтiп шуылдатпай, тәртiп бұзды деген сылтаумен талқан қылып Алаңнан тырқыратып айдап тастаймыз деп бармақ бүгiп тұр ма?
Ауыздан қағар ешкiм болмаған соң бүйiрi қызып алған Әзиз-Сұлтан еркiн сiлтедi. Жүрек басын буған ащы қыжыл отты сөз боп түйдек-түйдек атылып жатыр. Әр көкiректе қордаланған сары запыран. Сөйлеген сайын бойы жеңiлдеп шарықтай түстi. Бiрте-бiрте екпiндетiп, сөзiнiң аяғы өз-өзiнен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенiн өзi де сезген жоқ. Тас түйiлген жұдырығын аспандата сермеп:
– Осындайда айтпаған
Сөз атасы өледi.
Бабалардың дабысы,
Дүлдүлдердiң шабысы
Құлағыма келедi.
Жасығың неткен көп едi,
Асылың неткен кем едi.
Күн астына күркiреп шапқан қазақтың,
Көк найзаны көкiрегiмен қаққан қазақтың
Ұлымын десең – кiм сенедi?
Қылығы қайда қызыңның?
Қызылы қайда жүзiңнiң?
Барыңды бар деп айта алмай,
Әркiмге жаққан сайқалдай,
Өтiрiктi шын деп сызылдың.
Кеудеңдi басқан қара тас,
Жата берсең жарамас,
Бұлқынбасаң – үзiлдiң!!! – деп ентiге тоқтағанда, толқыған Алаң:
– Бұлқынамыз! Бұлқынамыз! Басқызбаймыз кеудемiздi! – деп бір дем, бiр леппен күркiрей жаңғырықты.
Буырқанған дүлей толқын түнере тулап көкке шапшыды. Батқан кеменің бейбақтары асау теңiз жаңқадай iлiп алып жұта салардай зәрелерi ұшып, жан-жақтарына жалтақтай қарайды.
Әзиз-Сұлтан айналасындағы ризашылықпен сүйсiне қараған көздердiң сұғынан ыңғайсызданып, бiрдеңенi қиратып тастағандай қоқиланбайыншы деп, ентелеген топты сыналай жарып орта тұсқа өтiп едi, құлақшындарын баса киген екi жiгiт жағалай жұртқа темекi таратып жүр екен. «Алыңдар, жiгiттер. Ең болмаса, шылым шегiп бой жылытайық» дейдi. «Қазақстанның» аузы аңқиған қорабын бұған да ұсынды. Сары құйрықтың бiрiн суырып езуiне қыстырды, шақпағын ап тұтатам дегенше, көк түтiндi қос танауынан боздата жiберген қасындағы күйек сақал:
– Мынаның дәмi қалай, бiртүрлi ғой өзi! – дедi. Әзиз-Сұлтан секем алып қалды, ернiндегi шылымды жұлып алып, ортасынан бөлiп едi, темекiнiң арасында шөптiң үгiндiсi сияқты көкшiл ұнтақ жүр. Не екенiн түсiнбей аңтарылып қалған. Күйек сақал:
– Мынау наша ғой! – деп баж етiп, аузындағы шылымды жерге атып ұрды да табанымен таптап-таптап тастады. – Жiгiттер, тастаңдар андағыны, темекi емес – наша! Ұстаңдар ана иттiң баласын. Арандатушы!..
Сол-ақ екен, Алаң ортасы құйын соққандай дүр етiп, ию-қию болды да кеттi. Екi сатқынды сол жерде допша тепкiлеп сiлейтiп салған. Сүйреп апарып Алаң шетiне лақтырып жiбердi:
– Алыңдар, мiне, сiлiмтiктерiңдi. Бiздi өйтiп арандата алмайсыңдар!
Ауыздық шайнаған асау топ бұлқынып кеттi: әр жер-әр жерден айқай шығып, бiрiн-бiрi кимелеп, қара толқындай оңды-солды лықсып тұр. Өжеттенiп, неге де болса бел буып шиыршық атқандай. Айбынғаны ма, әлде осысы дұрыс болды деп құнжыңдағандары ма, мәрмәр мiнбенiң қалқасынан қылқиған құндыз бөрiктер жел шайқаған күнбағыстай бiр-бiрiне еңкейiсiп әлдененi сыбырлап жатыр. Iле шұлғыған бөрiктердiң пәтуасын паш етiп, баған басындағы ақшелек – репродуктор саңқылдай жөнелдi:
– Азаматтар, бұларың – бассыздық! Тез үйлерiңе тараңдар, әйтпесе, күшпен тәртiпке шақырамыз!
Бұл шаптықтырып шаптан түрту едi. Пәленi бастап алып, бұның не дегенге, келсең кел деп бiлек сыбанып тұр.
Келесi сәтте Алаңның екiншi шетi тағы дүр ете түстi. Не болды деп Әзиз-Сұлтан жалт қараса, радио үйiнен жоғары өрлеп Сәтбаев көшесiне қарай бiр автолавка үш-төрт қадам сайын бiр жәшiк арақ тастап жайбарақат кетiп барады. Құдды бiр тойға тарту үлестiрiп жүргендей. Жүгiрiп жеткен Әзиз-Сұлтан мен бiрнеше жiгiт «батпан құйрықты» аламыз ба, қайтемiз деп аңтарылған жұртқа, «мұның артында не пәле жатқанын сезбейсiңдер ме? Маскүнем, алқаштар бүлiк салып жатыр деп күйе жақпақшы. Бұлардан неше түрлi сұмдық шығады, сақ болыңдар!» деп шөлмектi жерге бiр-бiр перiп қиратып тастаған.
Арам пиғылдары iске аспаған жымысқылар ендi тура қимылға көштi. Мiнбе алдында лек-лек сiрескен кiсi бойы темiр қалқандарға кенет жан бiткендей лап қойып, Алаң шетiн тықсыра бастады. Төпелей жөнелген резина таяқшалардан жасқанған жұрт үрiккен қойдай ойыла серпiлдi де қас қағымда ес жиып қайта еңсерiлдi. Екi жақ беттесiп сарт-сұрт айқасып кеткен. Қарусыз, жалаң қол болса да тайсалар емес. Жанды жерiне таяқ тиiп бiрнеше қыз-жiгiт әп-сәтте мұрттай ұшты. Сонда да бетi қайтпай өршелене ұмтылуда.
Қаз-қатар сiрескен темiр қалқандар әлдебiр жыртқыштың арсиған тiстерi тәрiздi. Көк сауыр асфальттi қарш-қарш шайнап атылатын сәттi күткендей, қара нөпiр лап қойғанда, арандай ашылған қорқынышты ауыз қарбыта асап, көптiң шетiн қаусатып түстi – қарулы солдаттар ағынның алдын қиып тастап, қалғандарын қалқандарымен тосқауылдап тас қамал боп тұрып алған. Қақпанға түскендердi басқа-көзге төпештеп, шашынан, киiмiнен сүйрелеп, алаң сыртындағы жабық машиналарға қарай әкеттi.
Бейбiт шеруге соқтыға алмай дымы құрыған жымысқылардың құдайы бердi. Ойлары – түртпектеп, шұқылап жүрiп қалай да бiр ши шығару едi. Оларға бұлардың тәртiпсiз, бұзақы болғандары керек-тiн. Ендi, мiне, тәртiп сақшыларына қарсы қол көтердi деп, Алаңнан қанға бөктiрiп қуып шығуға жақсы сылтау табылды. Осыны сезген Әзиз-Сұлтан мен тағы бiрнеше жiгiт топтың алдын бөгеп:
– Жiгiттер, сабыр етiңдер, қақтығысқа бармайық. Бұлар әдейi араңдатып отыр. Қарсылассаң, қару қолданып жазаламақшы! – деп шырылдап арлы-берлi жүгiрiп едi, ашынған жастар тоқтау берер емес. Бiреулерi айналадағы тал-дарақтарды сындырып, екiншiлерi жол жиегiндегi мәрмәр тақталарды жерге бiр перiп күйретiп, таяқпен, таспен қаруланып, жанұшыра қимылға кiрiсiп кеттi. Тас маңдай тажалдай күш бермей бұза-жарып iшке ентелеген темiр қалқандарды таяқ-тастар сарт-сұрт төпелегенде, даңғырлаған дыбыстан аспан жаңғырықты. Кейбiр қайратты, өжет жiгiттер солдаттың қолындағы резинка келтектi жұлып алып, өздерiне қарсы оңды-солды сiлтеп жүр. Айқас ұзаққа барған жоқ, әне-мiне дегенше-ақ темiр қалқандарды тепкiлеп Алаң сыртына серпiп тастаған. Қаhарлы толқын көбiгiн шашып керi лықсығанда, жағаға шыққан балықтай, екi арада талай дене ыңырсып сұлап жатты.
Жүрегi шайлыққан солдаттар қайтып беттер емес.
Алаң екi иығын жұлып жеп, аласұрып тұр. Солдаттарға ендi өздерi соқтығып, кел қане, деп айғайлап, жентектеп қар, кесек атқылап тап-тап бередi. Әзиз-Сұлтандар әлі де басу айтып, шырылдап арлы-берлі жүгіргенмен олардың сөзін тыңдаудан жұрт қалып барады. Арақ ішіп алған әлдекімдер айғай-сүрең салып, солдаттарға ұмтылып, онсыз да соқтығарға қара таппай ашынып аласұрған елдің бүйірін қыздыра түсті.
Орталық комитеттiң үйi мен телевидениенi басып алар деп қауiптендi ме, Алаңның шетiн машиналармен бекiтiп, әр тұстан ағылып келiп жатқан солдаттарды солай қарай шоғырландыра бастады. Лек-лек, толқын-толқын; сызды ауада ызғар шаша қарауытқан темiр қалпақтар қатар-қатар созылған шойын шынжырдың бiр-бiр шығыры сияқты. Шынында Алаң қоршауда қалып едi. Ташкент, Свердловск, Новосибирскiден жедел түрде жеткен ерекше бөлiмнiң әскерлерi бес қаруын сайлап, бұйрық күтiп дайын тұр. Бiрақ қауiптi елең қылмай, өжет Алаң бұлқынып жатты. Ентелеп ортаға еңбек болған бiрнеше милиция машинасы өртелдi; қорқытып-үркiтiп жағы сембей саңқылдаған репродукторды бiр ақ күртелi сидам жiгiт баған басына мысықша тырмысып шығып жұлып алды да жерге атып ұрды...


2
Түс қайта аяз қапқан Алматы аспанын дар­-дар айырып гүрiл қаптады. Орталық аэропорт пен әскери аэродромға өкiрiп-­бақырып самолеттер iлгерiндi­-кейiндi толассыз қонып жатты. Арнаулы отрядтар мен десант бөлiмдерi қаруларын асынып, иттерiн жетелеп түскен бойда дереу машиналарға отырып, лек­-лек Алаңға қарай ағылды.
Геннадий Васильевич жаңа бiр топ қазақ басшыларды үгiт­насихат жүргiзуге Алаңға жiберген. Солардың сөзiн мiне, радио арқылы кабинетiнде тыңдап отыр. Тiлмаш гүпiлдеген бiреу екен, оның үстiне микрофонға аузын тақап сөйлей ме радио қытырлап, жаңғырып кеткенде, жақтырмай қабағын шытып қояды. Бүйректерi бұрар ма екен, қайтер екен деп әдейi аңыс аңдыған. Тiлмаштың сөзiне сенсе, мәндi, дәмдi бiрдеңе айтып жатқан ешқайсысы жоқ. Жадағай, жалпылама сөз. Ұрсып, зекiп тоңқ­-тоңқ етедi. Олардың осындай ұсақ, күйкi болғаны өзiне баб, бақайымен жорғалатып, еркiн билеп-­төстейдi. Көңiлi жайланып, креслоға шалқалай түскен. Шындығында олардың Алаңға барып сөйлеуiне зәру боп отырғаны да шамалы. Онсыз да мына шуылдақтарды бiраздан кейiн күшпен қуып таратады емес пе. Бас хатшының жарлығы солай. Әскердiң алды мiне келе бастады. Тек ертең iс аяғы насырға шауып, неге бейбiт таратуға тырыспадыңдар дегендей болса, мынандай-­мынандай шаралар iстедiк, көнбей қойса қайтемiз дегенге жақсы.
Әдетте жасқана, жайлап ашылатын ауыр емен есiк кенет сықырлап, шалқалай серпiлгенде жақтырмай жалт қараған – дөңкиiп-­дөңкиiп бiр топ әскерилер кiрiп келедi екен. Жүздерi бейтаныс. Өңкей генерал. Жүрiстерi еркiн, өктем. Тек соңдарынан ерген Миронин мен Республиканың iшкi iстер министрi Князев қана аяқтарын имене басады. Меймандар келте сәлемдескен, ұзын столдың екi қапталына қаумалай жайғасты. Топты бастап келген СССР Қорғаныс министрiнiң орынбасары генерал­полковник Денисов екен. Ет жеңдi, жуан. Үстiне шалғын түс десант формасын киген. Аяғында “батальонка”. Алматыдағы уақиғаға байланысты “Құйын” операциясын басқаруды осыған тапсырыпты.
– Иә, генерал жолдастар, қалай жеттiңiздер? Шаршап қалған жоқсыздар ма? Москвада ауарайы қалай боп тұр? – деп төр иесi жайылып әдеттегi мамыражай әңгiменiң ауылына қарай бастап едi, генерал Денисов салбыраған қабақ астынан алая бiр қарады.
– Геннадий Васильевич, бiздiң осындағы уақиғаға байланысты арнайы тапсырмамен келгенiмiздi өзiңiз де бiлiп отырған боларсыз. Сондықтан iске кiрiсейiк.
– Иә, бiлем, бiлем! – дедi кабинет қожасы столға шынтағын тiрей еңсерiлiп. – Әлгiнде ғана Михаил Сергеевичпен сөйлескенмiн! – талтаңдап кiрiсiнен­-ақ генералды ұнатпаған. Мұны бiр қуыршақ көрiп өктемсiгiсi келдi­-ау деймiн өзiнiң. Кiмнiң алдында отырғанын бiлiп, аяғын тарта түссiн деген есеппен Бас хатшының атын алдына әдейi көлденең тартқан. – Сiздердiң келе жатқандарыңызды сол кiсi айтқан болатын. Көмекке он екi қаладан әскер барады, тиiстi мамандар жiбердiк деген. Иә, жағдай өте күрделi. Әйтсе де Михаил Сергеевич тiкелей өз бақылауына алып отыр. Жарты сағат сайын хабарласып тұруға келiстiк...
– Геннадий Васильевич, мұның бәрi жалпылама сөз ғой. Бiзге әрбiр минут қымбат! – дедi генерал орта жолдан кимелеп. – Нақты жағдайды және атқарылып жатқан іс- шараларды бiлгiмiз келедi. Жолдас Миронин, Сiз баяндаңыз!
– Иә, дұрыс, Миронин жолдас сөйлесiн, – дедi Геннадий Васильевич қосанжарланып. – Штаб жұмысын үйлестiрудi сол кiсiге жүктегенмiн! – деуiн десе де, өз қылығына басқалардан бұрын өзi ұялып қалды. Берекесi қашып сонша ұшқалақтағаны несi? Қайта араларында қазақтардың отырмағаны қандай жақсы болды. Әйтпесе абройдан жұрдай болар едi ғой. Ол бейшаралар мұның қабағына қарап, бақайының ұшымен билеп жүрген жоқ па. Бұл қазақ деген түсiнiксiз халық екен. Сырттағы екi иығын жұлып жеп тепсiнген өр мiнез өжет жастар анау. Ал, мына айналасындағылардың бәрi бұраңдаған жағымпаз, жаутаң көз. Әлде пәлесiн iшiне бүккен зымиян ба шетiнен?
Миронин орнынан лып етiп тұрып, сымдай тартыла қалды. Жағдайды әскери нақтылықпен қысқаша тұжырымдап айтып шықты. Алаңдағы жұрттың көңiл ауаны әрқилы: ашынып, тәуекелге бас тiгiп, аласұрып жүргендер де баршылық, көбi дақпыртпен қызық көрiп келiп, қызды­-қыздымен қосылып кеткендер, олардың ешқандай саяси мақсат көздемейтiнiн айтып өттi де:
– Іс-­қимылдарына қарағанда, бұлар стихиялы түрде жиналған алашобыр масса. Ұйымдастырып отырған қозғаушы күш жоқ... – дей берiп едi, генералдың өзiн ауыздан қағып, Миронинге ыңғай танытқанына ширығып отырған Бiрiншi хатшы iлiк тауып шап ете түстi:
– Миронин жолдас, мен Сiздiң бұл пiкiрiңiзбен келiспеймiн. Халықтың iшкi тiлек бiрлiгi, көңiл үндестiгiнен артық қандай қозғаушы күш керек? Неге Сiз бұл әрекеттiң саяси мәнiн жоққа шығарасыз? Мемлекеттiк жүйеге қарсы кез келген бой көтеру – саяси акция. Ондай ұйымдасқан мақсат болмаса, “Орыстар – басқыншылар!” “Колбин кетсiн!” деген ұрандар көтерiп, транспоранттар алып шыға ма? Бiз, әрине, бұл жағын бүркемелеп, бүлiкшiл қылмысты элементтердiң жәй басбұзарлық әрекетi етiп көрсетуге тиiспiз.
Миронин хатшының қарадай шапшып шатақ iздегенiне түсiнбей аңтарылып барып тiл қатты:
– Мен бұл жерде, Геннадий Васильевич, Алаңдағы жастарда бiр орталықтан ұйамдасқан әрекет жоқ екенiн айтып тұрмын. Бiрлiжарым бiреулер әр тұста басалқы болған сияқты болғанмен, негiзiнен әркiм өз бетiмен жүр.
– Сiздiң айтқаныңыз дұрыс, Геннадий Васильевич, – дедi генерал хатшының көңiлiн аулаған сыңаймен. – Бiрақ бұл мәселенiң саяси бағасын кейiн Орталық Комитет өзi бере жатар. Қазiр алдымыздағы нақты мiндетпен айналысайық. – Генерал хатшыға желкесiн бере бiр қырын бұрылып, Миронинге қарай иек қақты:
– Нендей шара қолданып жатырсыздар?
– Бiз өз саламыз бойынша жоғарыдан түскен нұсқауларды басшылыққа алудамыз. Ереуiлшiлердiң тоқсан проценттен астамы қазақ болғандықтан орыс, басқа да славян халықтары қолдау көрсетiп қосылып кетпеу үшiн олардың өшпендiлiгiн қоздыруға тырыстық: “Қазақтар балабақшаға басып кiрiп орыстың балаларын бауыздап кетiптi”, “Кiшi станица жақта бiр топ қазақ жiгiтi орыстың қыздарын зорлап, айуандықпен өлтiрiптi...” деген лақаптар таратылды. Моральдiк­психологиялық әсерi жаман болмаған сықылды. Барлық өндiрiс орындары мен мекемелерде қазақтан басқа ұлт өкiлдерiнен жасақшы топтар құрылып, жеңге тығып ұстауға ыңғайлы солқылдақ арматура шыбықтарымен қаруланды. Сондай­-ақ көтерiлiсшiлердi өз iшiнен iрiтiп, бұзақылыққа итермелеуге күш салудамыз. Екi жүзге жуық ұры мен тұрмыстық қылмыс жасаған тұтқынды келiсiм-­шартпен түрмеден босатып Алаңға жiбердiк. Бiздiң қызметкерлерiмiз бен бiрге олар ереуiлшiлерге арақ, наша таратуда. Солдаттарға қарсы төбелес ашып, провакация жасауда. Арақ iшiп, елiрiп алған жастар қарап тұрсын ба. Төбелес шыққан жерден сюжеттер түсiрiп, қолма-­қол телевизор арқылы көрсетiп жатырмыз. Бүкiл баспасөз құралдарын осы бағытқа жұмылдырып, маскүнемдер мен нашақор, бұзақы элементтер Алаңға шығып, бүлiк салуда деген пiкiр қалыптастыруға тырысудамыз... – деп Миронин iстелiп жатқан жұмыстардың бiр парасын желпiне көзiнен тiзiп шықты. Тағы ненi ұмыттым дегендей ойланып қалған.
– Дұрыс! – дедi генерал қаламының түбiмен столдың бетiн тықылдатып. – Бұл тараптағы жұмыс бiршама ойдағыдай екен. Ендi алдағы операцияға қатысты жайларды нақтылап алайық. Миронин жолдас, өрт сөндiру бөлiмiне бұйрық берiңiз: қаладағы өрт сөндiру машиналарының бәрi цистерналарына су толтырылып сақадай­сай тұрсын... – деп жағалай отырғандарға әртүрлi тапсырма бердi де, өзi алдындағы жайылған картаға әлдебiр белгiлер салып жұмысқа кiрiсiп кеттi.
3
Ұмар-жұмар әр тұста айқас. Ұрып-соғудың тәсiлiне жетiк, арнайы бөлiмнiң жалаңдаған жаналғыштары келген соң арқаланғаны ма, жазалаушылардың қимылы тым батыл. Үстерiне оқ өтпес кеудеше, бастарына бет алды темiр торлы дуылға киiп, үшкүл темiр күрекше ұстаған өңкей бiр еңгезердей дүлейлер тұтқиылдан тап берiп, топтың шетiн ойып алады да, ұрып-соғып иiрiп әкеп, дайын тұрған әскери машиналарға тоғытады. Онымен бiрақ ортайып жатқан Алаң жоқ. Бiр жағынан топырлатып машинаға тиеп әкетiп жатса, екiншi жағынан тасқындап қосылып жатыр.
Осындай қарбалас сәтте КГБ-ның бiр жас офицерi iс-қимылды бақылап отырған штабқа апыл-ғұпыл кiрiп келдi. Өңi қашып, ентiгiп тұр:
– Жолдас полковник, баяндауға рұқсат етiңiз. Масқара болдық!
– Не боп қалды? – Төрдегi жылтыр үстелге шынтағын тiреп тесiрейген жалқақ сары жақтырмай қасын қайшылады.
– Әлгi... Рұқсат қағазына өзiңiз қол қойған оператор бар едi ғой, телевидениеден шақыртқан... Соны өлтiрiп алдық!..
– Қалайша?! – Төбесiнiң жалтырына дейiн лап қызарып полковник ұшып тұрды.
– Иттiң баласы арам екен. Бүлiкшiлердi түсiр, солардың бұзақы әрекеттерiн көрсетуге тырыс десек, бiздi түсiредi. Солдаттар қайдан бiлсiн, тепкiлегенде қарақұсына тиген бе, өлiп кетiптi...
– Балбес! Миғұла! – дедi полковник қалшылдап. – Оны өлтiрген – бүлiкшiлер!
– Жоқ, өз көзiммен көрдiм!..
– Оттама! Ондай көздi ойып алу керек! Сен не, ештеңе түсiнбейтiн соншалық топассың ба, әлде мына бүлiкшiлерге бүйрегiң бұра ма? Пагонды не үшiн тағып жүрсiң?
– Түсiндiм! – дедi лейтенант неге бұл ой басына бұрын келмегенiне кiнәлi үнмен назарын төмен салып. Өзi-ақ тiгiсiн жатқыза салатын нәрсенi дабырлатып бастығының алдында абыройын түсiрiп алғанына өкiнiп тұр.
– Түсiнсең, кiнәлiлердi тез арада табыңдар!
– Құп! – Өкшесiмен шыр айналып, есiкке қарай беттей берген.
– Тоқта, – дедi полковник зiлсiз бұйрып. – Оның фамилиясы кiм едi?
– Якубовский.
– Бәсе!.. Жидовская шкура. Сатқын жойт! Бiрдеңенi түртпектеп бүлдiрмесе жүре алмайды олар. Қайда қарайсыңдар осы, орыс табылмады ма?
– Бәрi алқаш. Iлiкке жарайды деп, телевидение басшыларының тауып бергенi осы.
– Мерзавцы! – дедi полковник тiстенiп. – Бара бер!..
Екi күннен берi құдайдың күнi де қытымырланып қаhарын төгiп тұр едi. Сүйек сорған сары аяз. Кешке қарай ызғырық қатайып, аспан асты тiптен азынап кеттi. Өткiрленiп жалаңдаған дымқыл, жабысқақ аяз ашық жерiңе жыланның тiлiндей қадалады.
Айналадағы қаңқайған үйлер көзден қашықтап, бiрте-бiрте үлкендi-кiшiлi үшбұрыш, куб, квадраттар жайыла тұтасып көмескiлене бердi де, аздан соң көз алдын көлегейлеп қараңғы кеңiстiк қана қалды. Жұлдыз жоқ, меңiрейген бiтеу аспан. Түнерген қараңғылықпен бiрге әлдебiр қорқау пиғыл қорқыныш та Алаңға қарай жер бауырлап жылжып келе жатқандай.
Көз байлана айқас өршелене түскен. Кенет қара түннiң қарыны қақ айрылды – жан-жақтан жарқ етiп көтерiлген прожекторлардың алмас қылышы қараңғылықты айқыш-ұйқыш турай бастады. Қазiр бiр сұмдықты бастаймыз, iргедегi сұғанақ көздер көрмесiн дей ме, қуатты жарық терезелердi оңды-солды осқылап жайқап жүр. Алаң ию-қию. Сарт-сұрт соғылған таяқтар, ақырған, шыңғырған дауыстар. Iле айқай-сүрендi машиналардың өкiрген үнi басып кеттi. Төбесiндегi жалғыз көзi қызыл-жасыл от шашып, ышқына ұлып Сәтбаев жақтан оншақты өрт сөндiргiш машина қаптап келедi. Маңдайын тасқа соққанша тоқтамайтын томырық, дүлей күш қабарып бiржолата аямасқа бекiнген сыңайлы. Iркес-тiркес жеткен бойда тұмсығына бекiткен темiр шүмектi қос шлангадан мұздай су атқылап, әрқайсысы әр тұстан өкiрiп-бақырып Алаңға қойды да кеттi. Қалың топтың етегi қоғадай жапырылды, пәрмен қыла алмай түрiле сөгiлiп, жан-жаққа бытырай қашқан. Қатты қысыммен бұрқырай атылған ақ тасқын оңды-солды осқылағанда тура тиген кiсiсiн мұрттай ұшырып түсiредi; қайрансыз ұйлыққан жұртты қанжардай қақ жарып үңгiп келедi. Шамы жарқырап, тұмсығынан су атқылап азан-қазан өкiрiп-бақырған темiр тажалдар о шетке – бiр, бұ шетке – бiр жүйткiп шығып Алаңды арлы-берлi лезде кескiлеп тастаған. Олардың iзiн ала, иттерiн арсылдатып, күрек-дубинкаларын жалаңдатып сайланып тұрған солдаттар бөлiнiп қалған шоғыр-шоғыр шағын топтарға үйiрлi қасқырдай тарпа бас салды. Сартылдаған сары аязда суға малшынып дiрдек қаққан қауқарсыз қыз-жiгiттердi ұрып-тепкiлеп, Алаң шетiне бөксесiн тiреп дүрiлдеп тұрған жабық машиналарға қойша тоғытуда.
Алаң қанға бөгiп шыңғырып жатыр.
Көппен бiрге бас сауғалап Әзиз-Сұлтан да қаша жөнелген, қуатты тасқын арқасын орай осып өткенде сойылмен салып қалғандай етпетiнен түсе жаздады. Сүрiнiп барып, алдындағы әлдекiмге сүйенiп қайта еңсе тiктеген. Сарт етiп мойнына жыландай орала кеткен суық су тұла бойын тiлгiлеп төмен қарай сырғанай жөнелдi. Су болмаған жерi жоқ. Өкшелеген тажалдан әзер құтылып, ауылшаруашылық министрлiгi үйiнiң қалқасына кеп тығылғанда курткасының етек- жеңiнен су сорғалап тұрды. Жалма-жан құлақшынын шешiп сiлiктi, киiмiнiң етек-жеңiн сықты. Жабысқан су киiм тәнiндегi бар жылуды сорып алып, өзегiне дейiн қалтыратып жiбергендей. Тiсi-тiсiне тимей сақылдап тұр. Биiк екi үйдiң тақасқан тар қысаңынан екiлене үрген үскiрiк лезде шалбары мен курткасының сыртын қоқырайтып қатырып тастады. «Мына түрiммен үсiп өлем» деп ойлаған. Үй-үйдiң арасымен бой тасалап, тезiрек жатақханаға жетiп алуға бекiндi. Бiрақ келесi сәтте Алаң үстiн сипалаған қуатты жарық бiр айуандық суреттi көз алдына тоса қойғанда, ол ойынан қалай айнып шыға келгенiн өзi де бiлген жоқ.
Жан дауысы шығып шыңғырған бiр қызды екi солдат екi жақтап тепкiлеп жүр. Тепкен сайын қара шашы жайылған қыз мұздың үстiнде бөксесiмен шыр айналады. Бұл қорлықтары аз көрiндi ме, iле солдаттың бiрi ұзын шашты бiлегiне орап жiберiп сүйрей жөнелiп едi, екiншiсi: «Тоқта! – дедi ысылдап. – Мынасы да таза алтын екен!» Ағытуға асығып, құлағындағы сырғаны жұлқа тартқанда, қыздың құлындаған дауысы құдайға жеткендей болды. Онсыз да ашынып шиыршық атып тұрған Әзиз-Сұлтан бұрқ етiп жарылды. Қаны шапшып басына шықты. «О, әкеңнiң!.. қорлап-ақ өлтiрдiңдер-ау!..» деп, жол бойындағы жуандығы оқтаудай балапан қайыңды түбiнен бiр теуiп сындырып алды да, бұтағын жүре отап тұра ұмтылды. Жеткен бойда қайырымға келтiртпей екi солдатты екi-ақ салып сұлатып салған. «Ағатай-ай, құтқара гөршi!» деп тұра алмай қиралаңдап жатқан қызды қолтығынан қапсыра құшақтап, Алаңнан аулаққа сүйрелей жөнелдi.
Таяққа жығылғандардан Әзиз-Сұлтанның көргенi де, арашаға түскенi де бiреу ғана болғанмен, қараңғыда көзi шалмағаны қаншама? Алаңнан жұрт сыпырыла жөңкiгенде қаға берiс-қалтарыстарда суға малшынған жансыз денелер томпайып-томпайып қала бердi. Суатқыш машина оңды-солды жүйткiгенде қағып түсiрдi ме, жығылып, топырлай қашқан топтың аяқ астында қалды ма әлде солдаттың соққысы тидi ме – беймәлiм. Мұз сауыт құрсанып қатып жатқан жерлерiнен ертеңiнде жарық түскенде Алаңды күзеткен әскерлер тауып алып ауруханаларға жөнелттi. Айлап, жылдап емделгенмен көбi қайтып адам қатарына қосылған жоқ. Жарымжан, мүгедек боп қалды. Бiрi бес күн өткен соң, екiншiсi бес айдан соң, ендi бiрi бес жылдан соң өлдi. Сол үш күнде жараланғандар мен мерт болғандарды ауруханаларда басқа күнге ауыстырып тiркегендерi сияқты, олар да Желтоқсан құрбандарының есебiне енген жоқ...
Қыз аяғын баса алар емес. «Алла-ай, iшiм-ай, iшiм!..» деп бүк түсiп зарлағанына қарамай иығына көлденең салып ап жүгiрiп келедi. Фурманов көшесiне iлiне бергенде, арт жақтағылар кенет жанұшырта шыңғырып, шулап қоя бердi. Жалт қараса бiр қора овчарка құйындатып қаптап келедi. Алды киiп-жарып ортаға ауыз салып та үлгiрiптi. Жеткен бойда тоқтыдай жерге алып-соғып домалатып талап жүр. Ойбайлап, шыңғырған дауыстан құлақ тұнады.
Әне-мiне дегенше бiр үшкiр тұмсық қара жебедей зырқырап бұған да таяп қалды. Не iстеу керек? Қашқанмен құтқармайды. Жан-жағын қарманғанмен қапелiмде қолына ештеңе iлiнер емес. Қызды жерге түсiрдi де, қара жебеге қарсы қарап тұра қалған. Қандай қанды көз қабаған ит шабынып ұмтылғанда қозғалмай тұра қалсаң не отыра кетсең, бата алмай тұрып қалатын. Бұл да сөйтер деген. Бiрақ кәпiрдiң бетi қатты, тоқталар, айбынар түрi жоқ. Қас қағымда ауаға шапшып көтерiлген қара доға өзiне қарай сорғалап келе жатты. Екпiндей кеп кеудесiнен ұрған жойқын соққы шалқасынан түсiрдi. Қорғанып, қарсыласуға шамасын келтiрместен сақылдап ақсия төнген өткiр тiстер өңiрiнен жұлқа тартып курткасын қақ айырды. Қайрат қылам дегенше алқымынан қылғындыра қауып, екi аяғымен кеудесiнен басып тыпыр еткiзбедi. Оқыс қимылдар болса, қанжардай азу қорқ еткiзiп кеңiрдегiн орып түсердей. Шеңгелiне iлiккендi қалай жұмарлауды кiсiден артық бiлетiн айлакер жауыз қара көлеңкеде от шашқан көзiнiң қиығын бұның көзiне қадап, «құтылып көр ендi» дегендей кiрпiк қаққанын аңдып тесiрейiп тұр.
Әзиз-Сұлтанның тынысы тарылып, құлағы шыңылдай бастаған. Кенет сатыр-сұтыр әлдекiмдер жүгiрiп келдi де, қос бүйiрден жарыса теуiп-теуiп жiбердi:
– Фу! – дедi алқынған күжiлдек дауыс. Иттiң аяғы кеудесiнен түскенмен, оның орнына қышыры ырсиған ұзын қоныш былғары ботинканың жуан табаны қонжиды. Тұрмақ боп ыңғайланып едi, кеудесiндегi дiңгектей қадалған сирақ бар салмағымен жанши теуiп, қайтадан жауырынын жерге шаптады:
– Ложись! Не двигайся, падла!
Бүкiл iш құрылысы лықсып аузына тығылып, тұншығып, көз алды қарауытып кеттi. Есiн жиғанда енгезердей боп екi жағынан төнiп тұрған екi әскеридi көрдi. Бiрi – офицер, бiрi – солдат. Солдат, қыңсылап, жер тарпып, оқыс қимылдаса атылғалы тұрған қызыл көз овчарканы қарғысынан тартып сәл шегiнiп тұрды. Кеудесiн басқан ұзын сирақтың иесi еңкейе төнiп, қолындағы резинка кеспелтектiң ұшымен Әзиз-Сұлтанның иегiн көтердi:
– Ну, калбит, чем ты не доволен советской властью? За то, что она тебя, барана, сделала человеком, да?
– Я был человечнее чем сейчас! Мен бұрын қазiргiден гөрi адам сияқты едiм! – дедi Әзиз-Сұлтан қырылдап.
– Ах, сука! Сонда бiз сенiң кiсiлiк кейпiңдi бұзып жiберген екенбiз ғой! – Әзиз-Сұлтанның кеудесiн басқан жуан бәтеңке шойын құйғандай одан сайын салмақтана түстi. – Сөзiн қара кәззаптың. Кiм едiң сен кеше? Құмның арасында биттеп-құрттап жүрген мал болатынсың. Әлiптi таяқ деп бiлмейтiн жабайы! Аштық, ауру-iндетпен-ақ құрып бiтер ең, құрдымның түбiнен совет үкiметi емес пе суырып алған. Аяғыңнан тiк тұрғызып адам қатарына қосты. Жаппай надандықтан жаппай сауатты халыққа айналдың. Бұрынғы қалпыңда жүре берсең, осы күнi зоопаркте тұрар ең. Совет үкiметiнiң арқасында туалетке баруды үйрендiң, мойныңа галстук байлайтын болдың. Сондағы айтқан рахметiң осы ма! Не благодарные сволочи!..
Әзиз-Сұлтан қорлықтан қалшылдап кеттi. Денесiнiң қанқақсап ауырғанын, қимылдасам ит бассалып не мыналар тағы тепкiлейдi-ау деген үрейдi ұмытты. Бүйтiп мына қорлықты көрiп жатқанша өлгенiм артық деп ойлаған. Кеңiрдегiне қадалған келтектi қос қолымен шап берiп жұлқып қалғанда, төбесiне төнiп зiкiр салған албасты сөзiнiң соңын айта алмай омақаса жаздады. Әзиз-Сұлтан ұшып тұрып шалт қимылдап едi, сiлтеген келтегi дөп дарымай ананың басындағы темiр телпегiн даңғыр еткiзiп ұшырып түсiрдi. Қайырылып қайта соғам дегенше, қалт жiбермей қадалып тұрған қасқыр ит атылып кеп арқасынан ала түскен. Жұлым-жұлым жұлмалаған өткiр тiспен бiрге денесiне таяқ пен тепкi бұршақша жауды да кеттi. Көз алды ұршықша шыр айналып қарауытып бара жатты.
Аяқ-қолын армансыз сiлтеп ентiгiп барып тоқтаған десант командирi хас дұшпанын қанжоса сұлатып салғанына айызы қанбай тұр. Бұдан да гөрi жан қинар қорлықты бiрдеңе iстегiсi келетiндей. Кенет шап берiп ауын уыстай алды да:
– Ах, черт! – дедi өкiнiштi үнмен. – Я только опорожнился же. Серега, ты горячим душом обдай его, а то у «хозяина страны» лицо грязное. Қап, жаңа ғана қуығымды босатып ап ем. Серега, ыстық душпен шайып жiбершi, «ел қожасының» жүзi кiр боп қапты.
– Чо-о? – дедi Серегасы түсiнбей.
– Дундук!.. Помочись на него!.. Шаптыр үстiне!...
Шор етiп жылымшы зәр ес-түссiз сұлық жатқан Әзиз-Сұлтанның бетiне атқақтады...
4
Әзиз-Сұлтан көзiн ашқанда қайда жатқанын аңғарған жоқ. Астан-кестен төңкерiлген дүние. Басы айнала ма әлде жер шайқала ма – белгiсiз. Сәлден кейiн байқаса, тас қараңғы жабық машинаның iшiнде келедi екен. Жолсызбен жүрiп келе ме, шоқалақтап ары – бiр, берi – бiр лақтырады. Айналасы сығылысқан адам. Ыңырсыған, күңiренген дыбыстар. Машина оқыс түйгiштеп қалғанда, жаралары жанына батқан кейбiреулер шыңғырып-шыңғырып жiбередi. Қайдан кеп, қайдан тұрғанын бiлмей аңырған Әзиз-Сұлтан:
– Ау, бауырлар, қайда бара жатырмыз! – деп едi, жанындағы әлдекiм:
– Бейшара жаңа есiн жиды ғой деймiн, – дедi өз-өзiнен күбiрлеп. Шет жақтан бiреу:
– Қажыға бара жатырмын ғой деп пе едiң. Абақтыға апара жатыр! – дедi зiлденiп. «Абақты» деген сөз санасын найзағайдай осып өттi. Ит талап, солдат тепкiлеп жұлым-жұлым жарақаттанған дененiң қанқақсағаны сап тиылып, өзегiн қапқан суық үрей бүкiл болмысын билеп алды. Жылыстап шетке шығып қабырғаны сипалады, тiзерлеп, төбенi жұдырығымен түрткiледi – бәрi шегенделген болат қаңылтыр. Шынымен тар қапасқа түскенi ме? Шiренiп аяғы жеткен жердi теуiп-теуiп жiбердi. Бiрақ оған темiр қорап мизер емес.
Неге екенi белгiсiз алыста қалған бiр сурет көз алдында көлбеңдеп тұрып алды. Одан берi уақыттың талай дауылы мен жауыны ұйтқып, баяғыда-ақ ұмытылған елеусiз оқиғаның аяқ астынан көкiрек түбiнен қалықтап шыға келгенiне қайран.
Ол кезде көкесi совхоздың жылқысын бағатын. Бұл әлi мектепке бармаған бала едi. Сай қолтығындағы шошайған қара қос, шалғын арасында жыландай ирелеңдеп аққан жалтыр бұлақ, қадау-қадау қисық қайың мен жыңғыл өскен жалама беткейде бытырай жайылған қалың жылқы... – бәрi есiнде. Қол созымдағы Қушоқының төбесiнде молланың басындағы сәлдедей үнемi бiр шөкiм ақ бұлт дөңгеленiп тұратын. Жылқы iшiнде бiр ақ танау, жирен құнан болды. Бiтiмi бөлек. Салқам төс, шоқтықты, қақпан бел. Анда-санда өз-өзiнен ойқастап шапқылағанда алшиған сiңiрлi сирақтары серiппедей созылып аспанда қалықтап бара жатқандай болады. Кiсi жуытпайтын саяқ. Мойнын садақша иiп, тостағандай көздерiн төңкерiп анандайдан осқырына қарап тұрғаны. Ылғи да жылқыны бастап, алдына жан салмай көсем жүретiн. Көкесi көрген сайын «Па-па, жануарым-ай!» деп сыртынан сүйсiне қараушы едi. Бiр күнi бұл «үйретiп бер, мiнем!» деп қыңқылдаған. Көкесi: «Бұл – бабы келсе пырақ болайын деп тұрған жылқы. Ерте тақымға түссе, жасып ашылмай қалады. Асықпа, балам. Ең болмаса дөнен шықсын» деген. Бiрақ жүйрiк бұған бұйырмады. Күздiң қара суығында елiк атамыз деп жасанып шыққан бiр топ салтатты сау ете түстi, ауданның, совхоздың дөкейлерi екен. Көзiң шыққыр бiр қара бұжыр сол жерде жирен құнанды көрiп жат та кеп жабыссын. Көкесi сырғақсып едi: «Сен не өзi, үкiметтiң малын әкеңнiң берген еншiсiндей көресiң ғой тiптi. Қотыр тайды сонша бұлдап. Доғар қиқаңды. Әбекең ауылымызға бiрiншi рет кеп отырғанда құр кете ме. Қолына жетелетiп жiберемiз. Соғымға соя ма, үйретiп ат қып мiне ме – өзi бiледi. Ветврачыңа айтып, актыңды шығартып беремiн», деп тiзеге басты.
Жирен құнан көпке дейтiн ұстатпай сарсаңға салды. Белең алып, шығандап қашып жылқыға жуымай қойды. Ақыры сайдың тұйығындағы сел орған биiк жарға табынды айдап апарып қамап сол жерде ұстаған. Сарт етiп оралған жып-жылтыр кендiр арқан қыл мойыннан қылғындыра тартқанда жирен құнан тiк шапшып барып шалқасынан құлады. Шулап кеп үстiне мiне түскен қара тобыр құнжың-құнжың iстерiн iстеп боп қайта шегiнгенде, сiлкiнiп орнынан ұшып тұрған. Жан-жағын қаумалап жалаңдаған мына пәлелерден тезiрек құтылмақ боп тұрған бойда атылып едi, азат басына киiлген тар ноқта тас қып ұстап жiбермедi. Бұл не қорлық? Желдей есiп, бауырында дөңгеленген кең далада өз еркiмен ендi қарға адым аттауға зар боп қалғаны ма? Ендiгi жерде қалай жүрiп, қалай тұруы басындағы екi қарыс қайыстың билiгiнде ме? Бытырай жайылып ұзай берген табынмен бiрге оның бұла, бостан өмiрi де көзiнен бұл-бұл ұшып алыстап бара жатқандай. Сай түбiнде ышқына кiсiнеп қала берген жиреннiң көзiнде тұңғиық қасырет тұнып тұр едi. Кiрiптарлықты сезiну қасыретi! Ендi мiне, сол бiр аянышты жанар Әзиз-Сұлтанның көз алдында тұрып алды. Көзiн ашса да, жұмса да кетер емес. Шарасы жасқа толып, шарасыз мөлдiреген қос жанар қараңғыдан қалқып шығып тесiле қарайды.
Машина шайқалақтап ұзақ жүрдi. Түрмесi түскiр жердiң түбiнде ме – жеткiзер емес. Қала iшiнде орын болмай, шетке алып келедi-ау шамасы. Өр-ылди, шоқалақ-шұңқыр. Жер бедерiне қарағанда, жолсызбен келедi. Түнекке тұншығып бас айналып, көз қарауытты. Бастары жарылып, миына зақым келгендер шайқауға шыдай алмай, iшек-қарындары қотарыла лоқсып жатыр. Ыңырсып, күңiренген дауыстар күшейе түстi.
Бiр уақытта өлдiк-талдық дегенде жетер жерлерiне жеттi-ау әйтеуiр. Тұмшалаған қара түнектiң бiр бүйiрi ақ шаршыланып ойылып – есiк ашылғанда, ысқырған қарлы құйын iшке лап қойды. Айдала. Үңiрейiп үрей шақырған боранды түн. Машинаның артындағы өлеусiреген қызыл шырақтың өтiнде қар ұшқыны шамға үймелеген шiркейдей шыр айналып лыпыл қағады. Есiктiң екi жағына сап түзеп тұра қалған бес-алты темiр қалпақтың бiрi жуан дауыспен зiлдене әмiр еттi:
– Қане, түсiңдер!
Сескенiп ешкiм шыға қоймаған соң, екi солдат қолды қатар салып жiберiп босағаның аузындағы бiреудi сирағынан суырып алып лақтырып жiберiп едi, арғы жағындағы үш солдат қағып алды. Басқа-көзге тепкiлеп, екi жағынан ырғап-ырғап тұрып атып жiбергенде жансыз дене солаң етiп тұңғиыққа сiңiп жоғалды. Машина жар қабаққа ентелей кеп тоқтаған екен. Төменде құрық бойы терең жыра. Бұл сұмдықты көрiп тұрып жан беру оңай ма, қармаққа iлiнген екiншi жiгiт бұлқынып едi, солдаттар тепкiлегенi аздай, аяқ-қолын бүктей аспандата көтердi де, құйрығымен шарқ еткiзiп жерге бiр-ақ ұрған. Бейшара сылқ түсiп қимылсыз қалды. Жансыз дене тағы да қара доға сызып құздың ернеуiнен құлдилады. Үшiншi, төртiншi,.. оныншы... да солай. Мына түрiмен жауыздар бiр-бiрлеп өлiмшi ғып ұрып бәрiн жусатып салмақ, өлсе өлсiн, өлмегенi қайтып адам қатарына қосылмастай, өмiр бойы жанымен қайғы боп өлексе сүйретiп жүретiн жарымжан боп қалсын деген қара ниет.
Әзиз-Сұлтанның тұла бойы қалтырап кеттi. Көре тұрып қорлыққа көнгендерi ме? Не iстеу керек? Айқасып жастықты ала жатуға бас көтерер ешкiм жоқ, бәрi таяққа жығылған, жаралы және қанына қарайған жауыздар жаны қысылып бара жатса, автоматпен жайратып салудан да тайынбас. Басқа ақыл табылмаған соң далбаса үмiттi талғажу ғып:
– Балалар, – дедi сыбырлай, – бiр-бiрлеп түссек, не iстеп жатқанын көрiп тұрсыңдар ғой. Лап қойып тоқтамай бәрiмiз бiр-ақ шығайық. Қолға түскенiмiз түстiк, түспегенiмiз жан-жаққа бытырап қашайық.
Бәтуа осы болып, бас көтеруге жарайтындар бiр шоғыр боп есiкке ентелеп келгенде «Баста!» деп әмiр еткен. Алты-жетi жiгiт апыр-топыр секiрiп түскенде темiр қалпақтар қайсысын ұстарын бiлмей әп-сәтте абыржып қалған. Осы сәттi пайдаланып Әзиз-Сұлтан жерге ыршып түстi де, атылып барып жарқабақтан бiр-ақ қарғыды.
Жыраның алқымы боран үрiп нығыздап тастаған қалың қар екен. Күмп берiп кеңiрдегiне дейiн батты да кеттi. Тiзесiн бүгiп басын да қардың астына жасырды. Қумайтындары белгiлi, бiрақ оқ ата ма деп сескенген. Дем алатындай мұрынын ғана шығарып шалқалап бiраз жатты. Қауiп байқалмаған соң, еңсе тiктемеген күйi қар астымен жанбастай сырғып кеп жардың қалқасына тығылды. Мойынын созып келген жағына қарай қараған. Жар басынан солаң етiп ұшқан жанды-жансыз денелер қар үстiне топ-топ түсiп жатыр. Арсы-гүрсi ырсылдаған, боқтаған, шыңғырған қым-қуыт айқай.
Темiр қалпақты енгезердей көлеңкелер жар жиегiне тағы да жақындады. Қара шашы жайылған бiр қызды сүйрелеп келедi. Сол екпiнiмен бiр-ақ төмен қарай сылқ еткiзiп лақтыра салған жоқ. Жиекке жете бере қалт тоқтап, қызды табанынан тiк тұрғызды. Екi солдат екi қолынан керiп ұстап тұрды да үшiншiсi iшiнен тепкiлей бастады:
– Калбит табатын жерiң мынау ма, сучка! Пусть будет на одного ублюдка меньше!.. – деп ышқына тептi. Қыз шыңғырып аспанға атылды. Құлындаған дауыстан қара түннiң көкiрегi қарс айрыла аhылап, тау-тас жаңғырығып дүние теңселiп тұрды.
Тұла бойы қалшылдап өксiкке булыққан Әзиз-Сұлтан жұдырығын шайнап-шайнап жiбердi. «Құдай-ау, кiп-кiшкене кеудеге осыншама жауыздық қалай сияды екен. Қарсыласқан жоқ, тiлдеп, тиiскен жоқ. Бүйтiп қорлайтындай қаршадай қыз не жазды. Осыдан кейiн қалай «адам – адамға дос, бауыр, жолдас» дейсiң. Өтiрiк. Адам адамға жау, қасқырдан да қатыгез жыртқыш!..» Жанарынан ытып шыққан қос тамшы бетiнiң ұшында бұршақтай боп қатып тұр. Не iстейдi? Шарасыз. Ары қарай қарауға дәтi шыдамай жалт бұрылды. Қалың қарды белуардан омбылап бетi ауған жаққа қаңғалақтап келедi. Қайда бара жатқанын өзi де бiлмейдi, әйтеуiр, осынау қарғыс атқан жерден тезiрек қарамды батырсам екен дейдi. Бiрақ әлгi ащы шыңғырық қанша алыстаса да қыр соңынан қалар емес, құлағында жаңғырып тұрып алды. Жарық дүниеге әлi келмеген, келуге тиiстi, бiрақ ендi мәңгi келмейтiн бiр сәбидiң шырқыраған дауысы осынау сұрқай әлемдi кезiп жүргендей...
Әзиз-Сұлтан өзiнiң империяның өгей ұлы екенiн ендi сезiндi. Ортақ отан, бiр тұтас совет халқы дегеннiң бәрi бос сөз. Жариялылық пен демократия да сандырақ. Әйтпесе бас жарып, көз шығарған жоқ, кез-келген адамға, ұлтқа тән ең қарапайым талапты айтып бейбiт шеруге шыққанға осынша қанына қарайып қатыгездiк жасай ма. Басқасы басқа, дүниеге ұрпағыңды келтiрмеймiн деп көзiне қан құйылғаны қай сасқаны. Әлде, әрбiр тиран өзiнiң жаналғышын алдын ала сезiп, соның көзiн тезiрек құрту үшiн жанталасады дейтiн рас па екен?
Ақсақ Темiр туралы ел аузындағы бiр аңыз есiне түстi. Ұлы Әмiршi дүниеге келерде Жаратушы ием көп пендеге аян берсе керек. Шағатай Ұлысының ханы Қазан-Жота бiр күнi түсiнен қатты шошып оянады. Дереу көрiпкел – сәуегейлерiн жинап ап түсiн жорытады. Сонда отыз жыл жер астында оқып, перғауынға үйленген, жын атасы – Қырықшiлтенмен тiлдескен Шұбар абыз: «Е, Хан ием, қыбылаға қонған қызыл күн – қияметке бет бұрғаның, – дейдi. – Самарқандтың маңындағы Кеш қыстағында, сүйегi – Барлас, Тарағай деген тұрады. Сол жақ жаурынында теңгедей қалы, оң көзiнде ағы бар. Бәйбiшесi Текин ханым айы-күнiне жетiп отыр. Сенiң ажалың сол туған баладан болмақ». Хан: пешенеге жазғанды көрермiз, қайтемiн демейдi. Ешкiмге бас иiп көрмеген өркөкiрек Құдайдың да бұйрығына мойынсұнғысы келмесе керек. Ат шаптырып Тарағай мен әйелiн дереу сарайға алдырады. Кеңесшiлерi ақыл қосып, баланы анасының құрсағында өлтiру керек дейдi.
Сол жерде әйелдi жығып салып нояндар тiзесiмен кезекпе-кезек құрсағын езгiлей бастайды. Бейшара ана көп қиналып жантәсiлiм етедi. Көңiлi жай тапқан Хан шариғатқа шет болмасын деп әрi еңiреп тұрған Тарағайды мүсiркеп, әйелiнiң сүйегiн алып кетуге рұқсат бередi. Текин ханымды оң жаққа салып арулап, ендi жерлеймiз деп отырғанда, ғайыптың күшiмен тiрiлiп кетедi. Толғатып ұл табады. Осынша қинағанда өлмей тiрi қалған не деген жаны темiрдей берiк деп қайран қалып, атын Темiр қойыпты. Бала шашы әппақ боп, тiсiмен туады. Текин ханым аурудан оңалмай төсек тартып жатып қалған соң баланы Тарағайдың тоқалы Қадақ ханым емiзедi. Бiрақ омырауын тiстелеп шыдатпайды. Тарағайдың қолға үйреткен бiр қаншық қасқыры бар екен. Жаңа күшiктесе керек. Бөлтiрiктерiн өлтiрiп, сәбидi соның бауырына салады. Бала үш жасқа дейiн тiлi шықпай, төрт аяқтап жүредi. Қасқырдың сүтiн емген соң қасқырдай қайсар, қатыгез, қанқұмар боп өседi. Он беске келгенде қол бастап, құдайдың жазуынан қашып құтылмақ болған баяғы Қазан-Жота ханның басын алыпты...
Иә, бұл, әрине әфсана ғой. Әйткенмен, көп асқанға бiр тосқан болары анық. Мәңгiлiк үстемдiк те, мәңгiлiк құлдық та жоқ. Бәлкiм, бүгiнгi қанға бөккен қыз-жiгiттердiң жан-тәнiнен жаралып, ыза мен өксiктi емiп өскен кекшiл ұрпақ күндердiң күнiнде мына менмен озбырлықтың түбiне жетпесiне кiм кепiл.
Айнала қараңғы. Алды-артыңды орап ұйтқып соққан жел. Қайдан келiп, қайдан тұрғаны белгiсiз. Жылт еткен жарық не қыбырлаған тiрлiк белгiсi жоқ, тым-тырыс бiр меңiреу түкпiр. Түн қойнынан қасқыр тiстенiп бұлаңытқан жоталардың сұлбасына қарағанда тау баурайы сияқты. Жан-жағы құлама жар, бiр кезде қиыршық тас, шағыл алған үлкен қазан шұңқыр екен. Қабаққа шықпақ боп өрмелесе, құм аралас қиыршық табанға тiреу болмай опырылып түседi. Жар жағалай қалың қарды омбылап жүре-жүре әбден болдырды. Аяқ-қолы салдырап ырыққа көнер емес. Екi аттап, бiр тұрады. Ендi болмаса, бәрi құрысын деп, қардың үстiне қисая кетпек едi, кенет әлдеқайдан қасқыр ұлыды. Өз құлағына өзi сенбей аңырып қалған – мен соның дәл өзiмiн дегендей, iшiн тартып жел жақтан ұзақ-ұзақ ұлыды. Әзиз-Сұлтанның жүрегiн үрей буып, қалай ыта жөнелгенiн бiлген жоқ. Жауыз қанның иiсiн сезiп торуылдап жүр ме? Арттағы соққыға жығылғандарды ойлағанда зәресi ұшты. «Әлгiндегi тепкiден кейiн қыбырлауға қауқарлары болар ма екен бейшаралардың!..» Түйетайлылау бiр тұстан тырбанып жүрiп жарқабақтың үстiне шықты. Қалай қарай бағыт түзерiн бiлмей аңырып айналасын шолған. Анандайда, түннiң қара тақтасын бордай сызып үздiк-создық екi жарық жаңағы өзi келген жаққа қарай ағып барады – тағы да Алаңға барғандарды тоғытып әкеле жатқан шығар. Бiр батып, бiр шығып секеңдеген өткiр жарық қараңғы түннiң қойынын сипалап жүр.
Жол сорабын ежелеп кiшкене төбешiкке көтерiлгенде көз ұшында бұлдырап ұлы шаhардың оттары көрiндi –
аспан астында желбiреген қар шiлтерiнiң арасынан лыпыл қағып тербелiп тұр. Жол iздеп әуре болған жоқ, жыпырлаған жарықты бетке алып тура тартқан. Ойқы-шойқы. Қараңғыда жер бедерiн ажырату қиын. Кейде шұңқырға аяғын тығып ап, кейде түбiр-шоқалаққа шалынып ұшып-ұшып түседi. Ойпаңдағы омбы қардан құтылдым ба дегенде беткейдiң бұта-бүргенi балаққа оратылып жүрiстi өндiрсей-шi. Бiр қырды асса, екiншi қыр жотасын тосып, қол созымдай көрiнген жер дiңкелетiп жеткiзер емес. Толқын-толқын бел-белестi артқа тастап, өлдiм-талдым дегенде жазыққа шығып едi, алдынан боран азынап қоя бердi. Тау арасы саябыр болғанмен жалтаңда ақ қаншық боранның құдайы берiп тұр екен. Етек-жеңiн жұлқылап, шырқ үйiрiлiп үстiне асыла кеттi. Қарсы соққан жел кеудеден итерiп жүргiзсе қане. Аспаннан жауып тұр ма, жерден көтерiле ме – ұйтқыған ұп-ұсақ қиыршық қар шыбындаған аттың құйрығындай шып-шып беттi осып түседi. Құлақшынның бауын тас байлап, куртканың жағасын көтерiп қаусырынса да саулаған қар уыс-уыс мойнына құйылады. Басын тұқыртып, бiр қырындап қарға адым болса да iлби берген мұныкi. Бет алды сыпыра жазық. Жыртып тастаған шоқалақ аңыздың үстiмен жүруiнен сүрiнiп құлауы көп. Жиектегi жал-жал тоғайды жағалайын десе, сiрескен омбы қарға қара санынан батып кетедi.
Әбден сiлiкпесi шығып, көзi қарауытты. Аяғынан әл кетiп шайқалақтап келе жатқанда алдынан «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» – бүйiрiн мал тұмсығы үңгiп қарауытқан бiр мая шөп ұшырасты. Сол-ақ екен буыны одан сайын босасын. Қазiр-ақ жаны ыңырсып рахат табар жып-жылы, жұп-жұмсақ шөптiң қуысын елестетiп маяға таяй берген. Бiрақ шөп iргесiн үңгуге мұршасы келген жоқ – ышқынған боран әлгiндегi ащы дауысты құлағында оятып кеудесiнен итерiп қалғандай болды. Жар басындағы жабайы сурет қайта тiрiлдi: қара шашы қара түн боп жайылған қыз, аяқ-қолын кергiлеп ұстап, жатырдан тепкiлеген жендеттер... Шырқыраған дауыс: «Қалай ғана ұйықтамақсың бұл түнi?» деп тұрғандай. Сансыраған санасы селк етiп оянды. «Қайдағы ұйқы, қайдағы жатқан. Бүгiн тек өлiп барып құлау керек. Бәрiнен бұрын Сәбира қайда екен? Жаңағы қыз сияқты, ол да бiр пәлеге ұшырап жүрмесе игi едi!..» деген қорқынышты ой жан дүниесiн найзағайдай осып өттi. Жығылған- сүрiнгенiне қарар емес. Шайқалақтаған өзi ме әлде қапалақтаған қардың арасынан солай көрiне ме, жер мен көктiң арасында әткеншек тепкен қалың жарықты көз алдынан жоғалтпай iлбiп келедi.
Таң сыз бере шаhар шетiне iлiккен. Әр жерде топ-топ боп қарауытқан күзет. Үш күн бойы бұлқынған бүлiкшiл қала жым-жырт, ұлы сүргiннен кейiн дамылдаған баhадүрдей, талықсып ұйқыға кеткен. Тек аракiдiк қараңғы көшелердi тiнткiлеп күзет машиналары жосып өтедi. Жатақханаға жетем дегенше самсаған сақшының бiрi болмаса бiрiнiң қолына түсерi хақ әрi сiлiкпесiн сүйретiп ары қарай жүруге өзiнiң де қауқары жоқ едi. Көшеге түспей, қаға берiс-қалтарысты сағалап, айналасына ағаш қалың өскен бес қабатты үйдiң жанына келдi. Терезелердiң бәрi қараңғы. Тек ортадағы подъездiң аузындағы өлеусiреген шам ғана шаңытып аяздың өтiнде қалтырайды. Әзиз-Сұлтан жарыққа жуымай есiгi аңқайып ашық тұрған шеткi подъезге енген. Босағаның қалтарысынан ербең етiп әлдене ұшып тұрғанда шошып қалған. Сөйтсе ит екен. Жасқанып тұра безген жоқ. Қыңсылап, бұратылып аяғына оратылды. Кәнден бе, күшiк пе алакөлеңкеде ажырата алмады. Мысықтан сәл қалқыңқы. Жүнi үрпиген. Артқы оң аяғы баурына жабысқан ақсақ. Жоғары көтерiлуге аяқ дыбысынан саққұлақ бiреу шығып шу көтере ме, милицияға хабарлап жүре ме деп қаймықты. Сол жақтағы күлiмсi қаңсық иiс шыққан подвалдың аузындағы торды тартып едi, ашық екен, тот тұтқан темiр топса ойбайлап құлақ қыршыды. Тас тепкiшектi баспалап төмен түсiп едi, күшiк те шойнаңдап iзiнен ердi.
Мауыққан мысықтардың ойнақ салатын мекенi-ау, сiрә, төмендеген сайын дымқыл ызғармен араласып жағымсыз иiс өткiрлене түстi. Тас қараңғы. Басымды бiрдеңеге соғып алмайын деп бұғынып, айналасын қармаланып келедi. Шөлмек, қалбыр сияқты бiрдеңелер аяғына шалынып салдыр-күлдiр еттi. Сипалап жүрiп қабысқан картон қорап тауып алды, аяғының астын арлы-берлi сыпырыстырып, қорапты төседi де «өз үйiм – өлең төсегiм» деп үстiне гүрс етiп отыра кеттi. Аяқтарын алшита көсiлiп, екi қолын сұлқ тастап, қабырғаға арқасын сүйеген күйi көкiрегi ыңырси, терең тартып тәттi есiнедi. Мың жылдық арманына жеткендей бейғам бiр рахат хал. Тыныштық тiлеп талықсыған тәнi әзәзiлдей арбаған ұйқының тұңғиығына шым батып маужырап барады. Бiрақ бұл рахат ұзаққа созылған жоқ. Етек-жеңнен сумаңдап енген ызғар бусанған тәннiң қызуын лезде сорып алып қойды, сүйегiне дейiн суық қармап, әрi-берiден соң қолды-аяққа тұрғызбауға айналды. Аңғал-саңғал подвалдың iшi ызғыған жел. Айналадағы, бозарып таңның көзi сығалаған кiрпiш көлемiндей тесiктерден өзек суырып аяздың демi үрiп тұр. Аяқ-қолын бауырына жиып бiр уыс боп бүрiсiп, бұрышқа қалай тығылса да қамсау болар емес. Қойны-қоншынан сумаңдаған суық соңғы жылуына дейiн жалмап-жұтып, бүкiл денесi бiр кесек мұзға айналып бара жатқандай. Тiсi тiсiне тимей сақ-сақ етедi.
Онша жақындамай қорғалақтап, анадайда тұмсығын бұтына тығып дөңгеленiп жатқан ақсақ күшiк бұл тыпыршып кеткенге не боп қалды дегендей басын көтерiп алған. Күшiкке көзi түсуi мұң екен, Әзиз-Сұлтанның көңiлiнде жылт етiп бiр ой оянды.
– Күшiгiм, кә, кә, келе ғой! – деп қолын созып едi, баяғыдан күткенiм осы едi ғой дегендей күшiк жылмаң қағып орнынан атып тұрды. Бiрден жақындауға бата алмай, сiлкiнiп, құйрығын бұлғаңдатып қыңсылап қояды. Асап жiберетiн бiрдеңе ұсынып тұр деп дәметкен аш қарынның әмiрi ме, төрт тағандап жата қап жер бауырлап жылжып келедi. Тұмсығын жасқана созып қолын жалап-жалап жiбердi. Бiрақ неге алдайсың деп тұра безген жоқ. Алдыңғы аяғының үстiне басын салып, не iстесең де еркiң дегендей бүк түсiп жатыр. Әзиз-Сұлтан еркелетiп құлағының түбiн қасып, жонынан сипап едi, қыңсылаған күйi бұраңдап қолтығының астынан бiр-ақ шықты. Құлқын шiркiн не iстеткiзбейдi, аш бишараны аяп, жалма-жан қалтасын ақтарыстырған, бағана Алаңда үлестiрген тоқаштың бармақ басындай қыртысы жүр екен, алып күшiктiң аузына тосып едi, бiрақ ол, күткенiндей, шап берiп асай салған жоқ, көңiлiң үшiн дегендей бiр иiскедi де басын бұрып әкеттi. Оған тек бұның өзi ғана керек екен, мейiрiмi, жұмсақ алақанымен сипап еркелеткенi керек екен. Бiреудiң бiр кезде төрiнде жылы-жұмсағын жеп еркесi боп жүргенде оқыста адасып кетiп көшеде қаңғып қалған бишара ма, – кiсiге тым үйiрсек. Әзиз-Сұлтан құшақтап бауырына басты. Күшiк басын көкiрегiне сүйеп, қыңсылап жабыса түстi. Бәлкiм, кiшкентай жүрегi өксiп, жалбарынып жатқан шығар. Қолтығына, шабына қолын тықты. Ып-ыстық. Мұздай қолдан денесi түршiгiп дiр еткенмен ыршып түскен жоқ. Сағынып жеткен құшақтан шықпау үшiн неге де болса көнуге пейiл. Тас жабысқан тәндер бiр-бiрiнiң ыстығы мен суығын губкадай сiмiрiп жатыр. Әзиз-Сұлтан күшiктiң үп еткен жылы демiн де сыртқа шығын еткiсi жоқ, жонындағы үрпиген жүнге тұмсығын көмiп, бауырына қыса түстi. Осынау сұрқай, суық дүниеде пана боп көкiрегiн жылытқан жан иесi жалғыз осы жетiм күшiк қана. Пештiң бүйiрiн құшақтағандай, шым-шымдап бойына жылу тарап, сәлден кейiн маужырап қалғып кеткен... Анасы бетiнен сипады. Ып-ыстық, жұп-жұмсақ алақан. Торғындай үлбiреп майда тисе де көлкiлдеген iсiк шаншып-шаншып кетедi. Ауырса да сыр бермейдi, анасының шарапатты қолы аймалай түссе екен дейдi.
– Құлыным-ау, бет-аузыңда сау тамтық жоқ, өлуге аз қапсың ғой.
– Бүйткенше өлгенiм жақсы едi, апа!
– Тек, олай деме. Сонша түңiлетiндей не көрiндi?
– Қорлады ғой, апа! Бiзде ел де, Отан да жоқ екен. Жат, өгеймiз.
– Неге өгейсiң. Өз ата-бабаңның жұртында өмiр сүрiп отырған жоқсың ба?
– Ата-бабам қылышын жастанып көз жұмғаны қашан. Ендiгi қазақта жер де, ел де – ештеңе де жоқ. Галстук таққан, машина мiнген, қарыны шартиған бай, тоқ құлдар. «Бұл қалай» деп басын көтерiп қожайындарының бетiне сәл тiктелiп қарап едi, мiне, сұлатып салды. Терезесiн тең санап құрмет тұтса, дәл бүгiнгiдей итке талатып, басқа тепкiлей ме!
– Не деп кеттiң, жарығым. От басынан озбаған салпы етек әйел ол секiлдiнi қайдан түсiнейiк. Шексiз әлемнiң шырағы – Айдың да жартысы жарық, жартысы қараңғы. Түн артынан Күн шығады. Қашанғы бiздiң басымызға төнiп тұрар дейсiң бұл зауал. Жасыма, қарашығым. Бұл да бiр ай қараңғысы секiлдi мезгiл шығар.
– Апа, сен бақыттысың ба?
– Ол не дегенiң, құлыным. Көз нұрым – сендер аман жүрсеңдер, мен бақытты болмай кiм бақытты болады. Басым аман, бауырым бүтiн – одан артық не ұшпақ керек?
– Адамға бақытты болу үшiн сол жете ме?
– Ол аз емес, қарашығым!..
Апасы бетiнен тағы да сипады. Жо-жоқ, апасы емес. Сипаған қол Сәбираныкi! Еңкейiп жарылған қабағынан, көзiнен өптi. Ып-ыстық демi бетiн шарпиды.
– Қабағыңды сындырып жiберген бе?.. Қатты ауыра ма?
– Жоқ, сен сүйгенде ауырмайды.
– Ендеше сүйе берем, сүйе берем. Мiне, мiне. Жазылғанша сүйем!
–Көз бен қабақтың жарасы жазылар-ау. Ал жүректегi жара қайтып жазылмақ?.. Бүгiн Алаңда болдың ба?
– Болдым. Бүгiн бiздiң құл кеудемiзге кiсiлiк қонған күн. Бұрын жасық, бұйығымыз ба деп көңiлiм толмаушы едi, бүгiн осы халықтың перзентi боп жаралғанымды мақтаныш тұттым. Неткен қаhарлы, қуатты күш. Шiркiн, бастайтын бiр көсемi болғанда ғой!
– Неге болған жоқ, болды. Ақбоз аты арқырап, алдаспаны жарқылдап Кенесары бабам өзi бастап жүрдi. Азаттық деп ақырған айбынды үнi екi ғасырдан соң саңқылдап Алаңға жеттi. Қайран Бабам! Ата жауының қолы от қаруға жеткенде әлi жалаң қылыш ұстап жайбарақат жүрген мешеу ортада туып қор болдың-ау. Дүниеде баяғы бағландық пен батырлықтың, рыцарлықтың күнi өткен едi; небiр жүрек жұтқан баhадүрдi кез келген сiлiмтiк сатқын тасада тұрып-ақ қозының құмалағындай қорғасын оқпен тарс еткiзiп ат үстiнен аудара салатын. Сонда да ер Кенекем қаймыққан жоқ, қайқы қылышпен қасқайып аузынан ажал бүрiккен зеңбiрекке қарсы шапты. Жапырып, таптап өте шыққан қара дауылдың соңынан зәре-иманы ұшып есеңгiреп тұрған орыс офицерi: «Сақтай гөр, жаратқан, бiздiң қаруымызды бұларға бергенде не болар едi!..» дедi шоқынып. Иә, Кенекемнiң қолында ондай қару болғанда бүгiн былай қара жер қауып қансырап жатар ма едi; ата жаудың арам табаны кеудесiн бұлай таптар ма едi!..
– Ол кiсiнiң басы эрмитажда тұр деген рас па?
– Рас, кунсткамерада құбыжықтар ортасында шаң қауып жатыр. Ол – қорланған қазақтың басы. Қорлай берген соң халық ашынбай ма. Бүгiн Хан Кене тiрiлiп кеп Алаңда ұран салды. Ендi қазақты тоқтатып, көр! Әр қазақтың жүрегiнде азаттық аңсаған бiр-бiр Кенесары оянды!..
– Бүгiн ер-азаматтарға тәнтi болдым. Небiр бағлан бар екен. Халқымыздың ер менен еркек сөзiн қатар қолданатыны тегiн емес қой. Ат төбелiндей елдiң осындай ұлан-байтақ жерге қалай ие болып келгенiне ендi көзiм жеттi.
– Мен қарындастарыма қайран қалдым. Ерлерден артық қайрат көрсеттi. Жiгiттердi қорғап, қол ұстаса шеп құрып, солдаттардың алдында жатып алған жоқ па. «Мен-ақ құрбан болайын, мына зұлматтан құтқарса екен құдайым!» деп еңiреген қызды өлсем ұмытпаспын. Ана хайуандар соларға да қол көтердi ғой. Қара шашын жұлып, қардың үстiн қанға бояп тепкiледi-ау!
– Жасымашы, жаным... Түу, көз жасың қандай ащы едi...
– Елiм еңiреп жатқанда неге жыламайым!.. – Өксiкке булығып ояна келсе, қасындағы өбектеген апасы да, Сәбира да жым-жылас. Жалап-жұқтап, сүйiспеншiлiгiн бiлдiрiп жатқан сары күшiк екен. Бетiн сипап едi, бетi – бет емес, шала үрленген баскетболдың добы. Күп боп iсiп көлкiлдеп тұр. Саусаққа жабысқан жылбысқы сiлекейден жиiркенген жоқ. Ит жарасын жалап жазады емес пе, бәлкiм шипасы тиiп, бет-аузындағы iсiк, жара тез жазылар.
Күн шығуға таяп қалса керек, есiктiң саңылауынан қиып түскен жарықтың алмас қылышы қараңғылықтың шекесiн қақ айырыпты. Бетон баспалдақты тықылдатып түсiп-шыққан аяқ дыбысы, матор гүрiлi үздiк-создық құлаққа жетедi. Кеше ет қызуымен бiлiнбептi, соққы тиген денесiнде ауырмайтын сау тамтық жоқ, қоқиып сiресiп қалған аяқ-қолын сәл қозғаса, тұлабойы сұққылап жанын көзiне көрсетедi. Бiрнеше ұмтылып әупiрiммен әзер тұрған орнынан, түймеленген куртканың өңiрiнен басы қылтиған сары күшiк екi аяғымен иығына тастай қатып сонда да жерге түсер емес. Тәлтiректеп есiкке қарай беттедi. Босағада құлақ түрiп тұрды да, аяқ дыбысы толастаған бiр сәтте сыртқа шыққан. Аулада некен-саяқ кезiккендер мән берген жоқ, ит құшақтаған, үстi-басы қырыс-тырыс, бетi көнектей бұған «қаңғыбас, алкаш!» деп жиiркене қарасты.
Былай ұзай бере құшағындағы иттi жерге қоя берiп едi, шойнаңдап бәрiбiр соңынан қалмады. Өмiрде бiр рет көрген жып-жылы құшақтан оп-оңай ажырап қалғысы келмей, бiресе алдын орағытып тағы да көтер дегендей үстiне шапшиды да, онысынан ештеңе өнбеген соң бүлкектеп қайтадан артынан ередi.
5
Әзиз-Сұлтан Сәбираның жатақханасына келдi. Екi көзi екiншi қабаттың оң қанатындағы шеткi терезеде. Қоңыр перде ортасынан жарылып сүйем қарыстай шала жабылған. Алдыңғы күнi солай тұр едi, әлi сол қалпы. Көңiлi алабұртып өз көзiне өзi сенгiсi келмей, бiр уыс қар жентектеп алып терезеге лақтырғанмен, күдiгiн растағандай қоңыр перде бәрiбiр селт етпедi. Сонда да «бәлкiм ұйықтап жатқан шығар» деген әлсiз үмiттiң талын қарманып, аузын қос алақанымен қалқалап айғайлап едi, көкке қарап ұлығандай, жетiм дауысы «Сәбира! Сәбира!» деп жаңғырып, аспан астын кернеп кеттi. Жарты дүние жаңғырыққанмен ол үнi бiрақ Сәбираға жетпеп едi – жиегiн қырау көмкерген әйнек, соқырдың көзiндей селт етпей сұп-суық мелшиiп тұр. Жабырқаған жанары төмен қарай сырғып барып қар үстiнде шаншылған бес тал қызыл райханға жолықты. Алдыңғы күнi өзi әкеп тастап кеткен гүл. Үсiп қарайған жапырақтары қар бетiнде шашылып жатыр. Осы гүлдей бәрi солып бiткендей, жан дүниесiн әлдебiр көзсiз үрей жайпап өттi. «Бәрi тұспал, сандырақ қой, көзбен көрген ештеңе жоқ» деп анталаған күдiктi қалай қуса да, жүрегi құрғыр бiр жамандық сезгендей, өзегi қалтырап ақылға жеңсiк берер емес. Қар үстiнде қарайып шашылып жатқан жапырақтар аты-заты белгiсiз әлдебiр қара суреттi көз алдына тосып тұрып алды. Сең соққан балықтай есеңгiреп не iстеп, не қоярын бiлген жоқ. Басы ауған жаққа қарай сенделiп жүрiп келедi.
Тротуармен ерсiлi-қарсылы ағылып әлдеқайда асығып бара жатқан халық. Мойындарын iшiне тығып, қымтанып-шымқанып бүрсең қағады. Күн соншалық аяз ба? Неге бұған сезiлмейдi? Басы салбырап, былқ-сылқ шайқалақтап келе жатқан бұны мас дейтiн шығар, жолыққандар анандайдан жалт берiп айналып өтедi.
Меңiрейген көзi шиыршықталып жол жиегiнде жатқан газетке түстi. Бiреудiң қалтасынан түсiп қалған-ау. Әуестiк билеп қолына алды. Он тоғызыншы декабрь, яғни бүгiнгi номер. Саяси бюроның социалистiк қоғамды одан ары демократияландыру жөнiндегi кезектi мәжiлiсi. Кейптаунда қара түстiлер мен полиция арасында болған қақтығыста бiр зәңгi өлiп, жетi адам тұтқындалыпты. Осыған орай нәсiлдiк кемсiтудi үзiлдi-кесiлдi айыптап Совет Үкiметi наразылық нотасын жолдаған. Темiртау болат қорытушыларының жылдық тапсырманы мерзiмiнен бұрын орындағаны туралы рапорт. Қостанайдағы мал қыстатудың барысы... Төрт беттi түгел тiнтiп шықты – Алматыдағы оқиға туралы ләм-мим бiр ауыз сөз жоқ. Есесiне Дария жақтағы бiр иттiң тағдыры егжей-тегжей жазылған. Рекстi иесi, басқа жаққа көшетiн болған соң, бiреуге сатып кетедi: Ол томырық, мейiрiмсiздеу жан екен. Басынан сипап, еркелетпейдi, тек гараж күзетуге пайдаланады. Бiрақ Рекс бұрынғы күнiн ойлап жүдеп тамақ та iшпейдi, бөтен кiсiге айбат қып үрмейдi де. Қып-қызыл ақша далаға кеткенге iшi күйген қожайын ашуға булығып тепкiнiң астына алады, таяқпен ұрып, көзiн ағызып жiбередi. Бiр күнi шынжырдан оқыстан босанып шығып қашып келе жатқанда Рекстi машина қағып, артқы екi аяғынан бiрдей мертiгедi. Ай бойы бұта түбiнде жатып әзер басын көтередi.
Осы күнi ел аяғы басылып түн ортасы ауған шақта арса-арсасы шыққан, бiр көзi жоқ соқыр ит жансыз жарты денесiн сүйретiп кеп бұрынғы өз үйiнiң босағасында бүрiсiп жататын көрiнедi. «Неткен қатыгез тас жүректiк!» деп қос өкпесi түсе күрсiнедi тiлшi!..
Әзиз-Сұлтан дар-дар айырып лақтырып жiбердi газеттi. «О, аярлар! Сүмелек сатқындар! – дедi бар дауысымен ышқына айғайлап. – Ит пен биттi жазғанша, қан жұтқан қазақты неге жазбайсың? Неге!!!» Екi қолын көкке жайып жол ортасында айғайлап тұрған бұған ешкiм назар аударған жоқ. Маскүнем не нақұрыс бiреу дей ме, жымия қарап, бастарын бiр шайқап қойып, үн-түнсiз өтiп жатыр.
Жүрек түбiнен қайнап шыққан жан айқайын сұрғылт әлем сылп еткiзiп жұта салды. Айғайламақ түгiл асылып өлсең де маған бәрi бiр дегендей сыз қабағы салбырап меңiрейiп тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет