1.4. Ақпараттық саясат және баспасөз қызметі. Ұғымдар мен түсініктер
Бүгінде біздің елімізде ақпараттық сала мемлекетті басқарудың басты
тетігіне айналып, оның мәні мен мазмұны мемлекеттік ақпараттық саясаттан
көрініс табуда. Бұл коммерциялық, қоғамдық салаларға да қатысты, әр ұйым өз
мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес ақапаратты басқару дербес әзірлей алады.
Сондықтан да баспасөз қызметінің тыныс-тіршілігін нақ осы ақпараттық
саясат аясында қарастырған орынды.
Кез келген коммуникацияны байланысты жүзеге асырудың негізгі тетігі,
жоғарыда атап өткеніміздей, ақпарат болып табылады. Еліміздің
демократиялық құндылықтарға негізделген дамудың жаңа деңгейіне,
азаматтық және құқықтық қоғамға, саяси әралуандыққа көшуі ақпаратқа деген
орасан зор сұранысты туғызып отыр. Осы сұранысты қанағаттандыру қажеттігі
ақпараттық, коммуникациялық үдерістерді, яғни мемлекеттік, саяси-әлеуметтік,
экономикалық құрылымдар мен жұртшылық арасындағы хабар алмасуды
тиімді басқару мәселесін күн тәртібіне қоюда.
Осы орайда «ақпарат» ұғымына қандай да болмасын дерек, мәліметтер мен
білімдер жиынтығы кіретінін атап өткен орынды. Болмыстың адам санасында
бейнеленуі болып табылатын таным процесінің мәні де «ақпарат» ұғымымен
тығыз байланысты. Шығу тегіне байланысты ақпаратты биологиялық
(генетикалық) ақпарат, техникалық ақпарат, геологиялық ақпарат, т.б. деп
жіктеуге де болады. Ақпарат теориясында бұл түсінік сақтау, жеткізу,
түрлендіру объектісі саналатын деректер жиыны ретінде пайымдалады, ал
информатика ғылымы болса, ақпараттың құрылымы мен қасиеттерін, сондай-ақ
оны жинақтауға, сақтауға, іздестіруге, өңдеуге, түрлендіруге, бөлуге және
қызметтің түрлі салаларында пайдалануға қатысты мәселелерді зерттейтін пән
ретінде көрінеді.
Әлеуметтік болмыс құбылыстары мен үдерістерін еркін ақпарат алмасу
негізінде жетік білу қоғамның құрылымдарын ішкі және сыртқы ортаның
өзгерістеріне орай мақсатты түрде қайта құруына мүмкіндік береді, сөйтіп,
оның тұрақты да нық қызметі үшін негіз қалайды. Саяси және экономикалық
өмірдің мәселелері бойынша басқару шешімдерін талдау мен қабылдау процесі
жөніндегі адамдардың жан-жақты хабардарлығын, басқару органдары
өкілдерінің тұрақты есептілігін қамтамасыз етпейінше, демократиялық қоғам
орнату мүмкін еместігін тоталитаризм тарихы тайға таңба басқандай көрсетіп
берді.
Қоғамның өмір сүруінің айырықша қырын бейнелейтін ақпарат түрлерінің
бірі – әлеуметтік ақпарат. Ол қоғамдық өмірдің әлеуметтік құбылыстары мен
процестерінің сан алуан түрін сипаттайтын ақпарттың неғұрлым күрделі де
мазмұнды саласы болып табылады. Ақпараттың кез келген түрі сияқты
әлеуметтік ақпараттың да бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар. Оның
айқындаушы ерекшеліктерінің қатарына мазмұн жатады. Өйткені әлеуметтік
танымның басты объектісі – адам. Қоғамдық қатынастарда адамның алатын
орны, атқаратын қызметі әлеуметтік ақпараттың негізгі мәнін білдіреді.
Басқару субъектісі жөнінде сөз қозғайтын болсақ, оның іс-әрекет негізі білім
болып табылады, ал білім дегеніміз - әлеуметтік болмысты танып-білудің
тәжірибеде тексерілген нәтижесі, нақтылап айтқанда, оның адам санасында
бейнеленуі. Басқару құрылымына енгізілген білім әлеуметтік ақпаратқа
айналады, ал, жүйелендіріліп, қорытылған ақпарат әлеуметтік білімді құрайды.
Білімге негізделетін ақпараттық қоғамның негізгі «құрылыс материалы»
әлеуметтік ақпарат болып табылады.
Әлеуметтік ақпараттың қоғамымызда алатын орны дамудың жаңа белесі-
ақпараттық экономика қыр астынан қол бұлғаған қазіргі кезеңде ерекше артып
отыр. Өйткені шикізатқа емес, ғылым-білімге, ақпараттық технологияларға
негізделетін экономикалық даму үрдісі қалыптасып келеді. Басты міндеттердің
бірі – елдің ақпараттық ресурстарын молайту. Себебі, ақпараттық ресурстар
қоғам дамуы барысында ортаймайтын (табиғи, қазба байлықтар сияқты), қайта
уақыт өте ұлғайып отыратын, сапалық тұрғыдан жақсарып, өзге ресурстарды
тиімді пайдалануға жәрдемдесетін бірден-бір ресурс түрі болып табылады.
Ақпараттық саясат түптеп келгенде, нақ осы ақпараттық ресурстарды ұтымды
пайдалануға және оның тиімділігін арттыруға бағытталады.
Қазіргі кезде әлемдік қауымдастықта біртұтас ақпараттық кеңістік
терминінің ортақ түсінігі қалыптасты. Біртұтас ақпараттық кеңістік деректер
базалары мен банктерінің, оларды енгізу және пайдалану технологияларының,
азаматтар мен ұйымдардың ақпараттық өзара байланысын және олардың
ақпараттық сұраныстарын қамтамасыз ететін біртұтас қағидаттар мен жалпы
ережелер негізінде жұмыс істейтін ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер
мен желілердің жиынтығы болып табылады. Біртұтас ақпараттық:
-
тиісті ақпарат тасушыларда бекітілген деректер, мәліметтер мен
білімдер жинақталган ақпараттык ресурстар;
-
біртұтас ақпараттық кеңістіктің жұмыс істеуі мен дамуын, атап айтқанда
ақпаратты жинауды, өңдеуді, сақтауды, таратуды, іздестіру мен беруді
қамтамасыз ететін ұйымдық құрылымдар;
-
азаматтар мен ұйымдардың ақпараттық өзара байланыс құралдары, атап
айтқанда тиісті технологиялар негізінде ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді
қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдар және ұйымдық-
нормативтік құжаттар сияқты негізгі компоненттерден тұрады.
Технологиялық даму нәтижесінде дүниежүзілік біртұтас ақпарат кеңістігі
ақиқатқа айналды. Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінің барлығы дерлік
ақпараттық қоғам құру және оны дамыту жөніндегі өз саясатын айқындаған.
Мәселен, 1993 жылы қабылданған «АҚШ әкімшілігінің Ұлттық ақпараттық
инфрақұрылым саласындағы іс-жоспары» Б.Клинтон-А.Гор әкімшілігінің
маңызды бастамасы болды. 1994 жылғы шілдеде Еуропалық қауымдастық
комиссиясы «Ақпараттық қоғамға апаратын Еуропалық жол» жоспарын
қабылдады. 1995 жылы Финляндия өзінің «Ақпараттық қоғамға апаратын фин
жолы» бағдарламасын, 1997 ГФР үкіметі «Ақпараттық қоғамға апаратын
Германия жолы» бағдарламасын қабылдады.
2000 жылдан бері қарай мемлекеттердің көпшілігінде осындай
бағдарламалардың үшінші, тіпті, төртінші буыны жүзеге асырыла бастады.
Ақпараттық қоғам құруға жәрдемдесетін бірқатар халықаралық ұйымдар
құрылды. 2000 жылдың маусымында «Үлкен сегіздіктің» кездесуінде ғаламдық
ақпараттық қоғамның Окинава хартиясы қабылданып, онда ақпараттық
технологиялардың
әлеуметтік-экономикалық,
саяси
және
мәдени
қосымшаларын дамытуға жоғары саяси деңгейде басымдық берілді.
Ресейде 1999 жылы «Ресейде ақпараттық қоғам құру тұжырымдамасы»
жасалды, кейіннен ақпараттық қоғам құру бағдарламасы қабылданды. 2002
жылы РФ Үкіметі «Электронды Ресей» мақсатты бағдарламасын бекітті, ол елді
ақпараттандыру жөніндегі бірқатар жобаларды жүзеге асыруды, атап айтқанда,
демократияны дамытуға жағдай жасауды, экономиканың, мемлекеттік басқару
мен жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыруды көздейді.
Қазақстан Республикасының жаңа ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық
дамуы ақпараттық саясатты ұтымды ұйымдастырумен, жаңа үрдістер мен
тәжірибелерді өмірге батыл енгізумен тығыз байланысты. Қазіргі таңда
елімізде ақпараттық қоғамды қалыптастыру және дамыту жолдары
нормативтік-құқықтық тұрғыда белгіленген. Қазақстан ғаламдық ақпараттық
қоғамға кірігуге және ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымға қосылуға
ұмтылыс танытуда. Мұның өзі республиканың технологиялық және
экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің ат төбеліндей тобына саяси
тәуелсіздікті, ұлттық ерекшеліктер мен мәдени дәстүрлерді сақтай отыра
қосылуына, дамыған азаматтық қоғамы бар құқықтық мемлекет ретінде
әлемдік өркениеттік дамуға үлес қосуына мүмкіндік бермек.
Осы
мақсатпен
1997
жылғы
9
желтоқсанда
«Қазақстан
Республикасының біртұтас ақпараттық кеңістігін қалыптастыру туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Мемлекеттік
басқаруда, экономикада, мәдениет пен әлеуметтік салада келешегі бар
ақпараттық
технологияларды,
компьютер
техникасы
мен
телекоммуникация құралдарын пайдалануға негізделетін жаңа технологиялық
үрдістерді қалыптастыру, ақпарат пен білім нарығын жасау, жеке адамның,
қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық
өндірістегі ақпараттық құрылымның рөлін арттыру мақсатында Қазақстан
Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16 наурыздағы №573 Жарлығымен
«Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық құрылымын қалыптастыру
мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.
Ақпарат алу еркіндігі және оны тарату бостандығы ақпараттық қоғамның
ерекше белгісі болып табылады. Бұл демократиялық процедураларды
жетілдіруге, іскерлік белсенділікті арттыруға, адал бәсекені дамытуға,
тұтынушылардың
құқығын
қорғауға
жәрдемдесіп,
экономиканың
«олигархтануына»,
бюрократияның
тиімділігі
төмен
монополистік
құрылымдармен біте қайнасуына, сыбайлас жемқорлық пен шаруашылықтың
құлдырауына тосқауыл қояды. Толық және дәл ақпаратқа сүйене отырып,
саясатта, экономикада, ғылымда, практикалық қызметте дұрыс та сарабдал
шешімдер қабылдауға болады. Ақпараттық қоғам мемлекетті басқаруды
жетілдіру және жергілікті жағдайлар мен ресурстарды ұтымды пайдалану,
өндіріс тиімділігін елеулі түрде арттыру, білім беруді дамыту, табиғат
ресурстарын үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Электронды коммуникацияларды пайдалану білім беру жүйесін түбегейлі
өзгертіп, денсаулық сақтау жүйесін жақсартады. Ақпараттық қоғам - барлық
алдыңғы қатарлы елдердегі негізгі қоғамдық қабат саналатын «орта тапты»
дамыту үшін оңтайлы орта болып табылады.
Ақпараттық қоғамның барлық мүмкіндіктерін есепке ала отырып, сонымен
бірге ол әкелетін проблемаларды да естен шығармау керек. Ең басты қауіп
өндіріс ғаламдануының күшеюі мен әлемдік корпорациялардың әбжілдігі
айналадағы ортаны қорғау саясатына және еңбек пен әлеуметтік қорғау
құқығына жағымсыз әсер етіп отыр. Ғаламдық желілерді жиі пайдалану
жағдайында мәдени агрессияның жаңа формалары пайда болып, тұтас бір
қауымдастықтардың өзіндік мәдени, ұлттық ерекшеліктерін, соның ішінде
тілін жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін. Ақпараттық ғасырдың осы және басқа
қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімді әдістері ғаламдық ақпараттық
кеңістіктен іргені аулақ салуда емес, осы кеңістікті қалыптастыруға өз
тарапынан толыққанды ат салысуда жатыр. Ұмсынғанның қолы жететін ашық
ақпараттық желілер жағдайында әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан
алғанда қауіпті болып табылатын ақпаратты шектеу, дербес деректерді
электронды жолмен тарату, халықтың бір бөлігі ғана жаңа технологиялар мен
ақпараттық ресурстарға кіре алатын ақпараттық элитаризм, авторлық құқық
және электронды ақпаратты өндірушілер құқығы проблемалары туындап отыр.
Ақпараттық қоғам орнатудың негізгі шарттарына:
-
біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастыру;
-
келешегі мол ақпараттық технологияларды, есептеу техникасы және
телекоммуникация құралдарын жаппай қолдануға негізделетін жаңа
технологиялық үрдістердің экономикада қалыптасып, кейіннен басымдықта
болуы;
-
ақпарат және білім нарығын құру;
-
байланыс, көлік, ақпарат инфрақұрылымын жасау;
-
жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету;
-
білім беру, ғылыми-техникалық, мәдени даму деңгейін арттыру;
-
азаматтар мен әлеуметтік институттардың ақпаратты еркін алу мен
таратуға деген құқығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау сияқты
міндеттерді шешу қажеттігі жатқызылады.
Мемлекеттердің біртұтас ақпараттық кеңістігін және планетаның ғаламдық
ақпараттық кеңістігін қалыптастыратын негіз ретінде телекоммуникация және
телерадиохабарын тарату технологияларына деген мемлекеттер мен қоғамдық
ұйымдардың ынтасы күннен -күнге өсіп отыр.
Қазақстан Республикасы біртұтас ақпараттық кеңістігінің техникалық негізі
телерадиохабар және телекоммуникация кешендерінен, баспаханалардан,
пошта байланысы мен алуан түрлі ақпараттық жабдықтан - ақпараттық
кешеннен
тұратын
инфрақұрылым
болып
табылады.
Көрсетілетін
инфокоммуникациялық қызметтердің саны мен сапасының артуына
байланысты телекоммуникациялық және ақпараттық кешендердің біртұтас
ақпараттық-коммуникациялық кешенге кірігуі жүзеге асады.
Мемлекеттік ақпараттық саясаттың ұзақ мерзімдік стратегиялық мақсаты -
елдің біртұтас ақпараттық кеңістігін дамыту негізінде ашық ақпараттық
қоғамды қалыптастыру, ұлттық ерекшеліктер мен мүдделерді ескере отырып,
әлемдік ақпараттық кеңістікке кірігу, қоғамдық, мемлекетішілік және
халықаралық деңгейлерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып
табылады.
Ақпараттық саладағы құқықтық реттеу мәселелеріне арналған нормативтік-
құқықтық актілер және осы пән бойынша өзге құқықтық-нормативтік
актілердегі жекелеген нормалар, сонымен бірге мемлекеттік ақпараттық
саясатты қалыптастырудың негізгі салаларының бірі саналады.
Қазіргі таңда "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы", "Байланыс туралы"
және басқа негізгі ақпараттық заңдар қабылданды. Сөз бостандығының,
ақпаратты еркін алу мен таратудың, цензураға тыйым салудың заңдық
кепілдіктері бар, олар ел Конституциясында, қолданымдағы "Бұқаралық
ақпарат құралдары туралы" Заңда бекітілген. Міне, осының арқасында отандық
медиа-кеңістік қауырт дамып келеді
Ақпарат экономика саласына, индустрия түріне айналды. Оқиғаның
жаңалыққа, ақпаратқа айналу үдерісіне коммуникацияның РR -
жұртшылықпен байланыс (ағылшынша «public relations», қысқаша РR, пиар
деп оқылады) және бұқаралық ақпарат құралдары тікелей атсалысады.
Қоғамдық институттардың – үкіметтік мекемелердің, қоғамдық және
коммерциялық
ұйымдардың
тұрғындармен,
сайлаушылармен,
тұтынушылармен өзара қарым-қатынасы осы РR, яғни жұртшылықпен
байланыс арқылы жүзеге асса, бұқаралық ақпарат құралдары (қысқаша – БАҚ)
- телерадио, газет-журнал, кітап өнімдері екі ортаға дәнекер болады. Бұл
түсініктер ауқымына жұртшылық байланыстарын басқару формалары және
осы байланыстарды ұйымдастырып, бағыттап отыратын құрылымдар ұғымы
кіреді.
Коммуникациялық
саясат.
Коммуникация
мақсаттары.
Мақсатты
аудиторияларды таңдау коммуникацияның тиісті міндеттері негізінде
жүргізіледі,
бұл
сондай-ақ
фирма
хабарландырулары
жолданған
алармандардың күтіліп отырған жауап реакциясын қалыптастыруға да
бағытталады. Коммуникацияның мақсаттарына әдетте:
Хабарлылықтың негізін қалау;
Қажетті ақпараттарды беру;
Тиісті имиджді қалыптастыру;
Жақын тарту сезімін ояту;
Имиджді бекіту;
Таңдау-талғамды орнықтыру;
Сенімділікті нығайтып, қалыптастыру;
Өнімді байқап көруге итермелеу;
Өнімді сатып алуға итермелеу;
Сату көлемін ұлғайту;
Мақсатты
аудиторияның
экономикалық
мінез-құлқын
өзгерту
жатқызылады.
Әрбір мақсат көзделген мақсатты аудиторияның нақты жағдайына сай
келеді және осы аудиторияны келесі күйге көшіруге бағытталады.
|