1931-1933 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ҚАРСАҢЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҚАНША ЕДІ?
Бұл сұрақ ашаршылық тарихын зерттеушілер үшін аса маңызды, тіптен басты мәселе деген болар едік. Осы жылдардағы ауыл халқының, оның ішінде қазақтардың санын бұрмалап көрсету тарихи шындықтан адастыратынын кез келген зерттеуші ұмытпауы тиіс. Қазақ халқының 1930 жылдың басындағы нақты санын білмей ашаршылықтан қырылғандардың пайыздық үлесін анықтау мүлде мүмкін емес.
Бұл мәселеде мұрағат қойнауларында қажетті деректер сақталғанын да атап көрсетеміз. Негізінен бұлар Бүкілодақтық санақ көрсеткіштері. 1926 жылдың соңында Кеңестер Одағындағы қазақтардың саны – 3 млн. 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар – 2 млн. 862 мың адам, ал 1939 жылдың басындағы санақта – 3 млн. 842 мың адамды құрады. Ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алып, оларды салыстырмалы түрде талдайды. Олардың арасында шетелдегі Роберт Конгвест, Робер Дэвис, Стивен Уиткрофт, Никола Пианчиело және тағы басқалар да бар.
Дегенмен де, зерттеушілер үшін негізгі деректерді құрайтын бұл санақтарда қазақтардың саны бұрмаланып көрсетілгені ешкімді ойландыра қоймайды. Мұны дәлелдеу үшін 1897 жылғы халық санағына жүгінейік: бұл кезде қазақтардың саны – 3,5 млн. адамды құрады. Осыны бастау етіп алар болсақ, 1921-1922 жылғы ашаршылықта қазақтардың 30 пайызы қырылғанын ескергеннің өзінде де, 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағының қазақтардың санын толық қамтымағанын байқау қиын емес. 1916 жылғы патша үкіметінің есепке алу санағынан қаймыққан қазақтар 1926 жылғы санақтан жасырынып қалуға тырысты. Зерттеушілер осы мәселені ескере бермейді. Ал 1937 жылға қаңтардағы және 1939 жылғы қаңтардағы санақтардағы қазақтар санын салыстырғанда, кейінгі санақ көрсеткіштерінің қазақтарда орын алған ашаршылық құрбандықтарын азайту үшін адам санын асырып көрсететінін байқау қиын емес. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, 1937 жылғы санаққа жауапты адамдар (санақ басқармалары басшылары) түгелдей атылған соң, 1939 жылғы санақты жүргізушілер ашаршылық жалмаған аймақтарда адам санын (оның ішінде қазақтардың) үстемелеп көрсетуге амалсыздан барды. Бұлай болмаған жағдайда соңғы санақты жүргізушілер де алғашқылардың қасіретті тағдырын құшатын еді.
Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш Бүкілодақтық санақ мәліметтері 1930-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санын анықтауда негізгі дерек көздері бола алмайды. Оларды мұрағат қойнауындағы әртүрлі мекемелердің ресми мәліметтерін талдауда қосымша, жалпылама және жанама деректер ретінде ғана пайдалануға болады. Өкінішке қарай, шетелдіктерді айтпағанда өзіміздің зерттеушілерміз де осы санақтардағы олқылықтарды ескере бермей жүр.
Шындықты іздестірер болсақ, басты деректер қатарына Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Отырықшыландыру жөніндегі республикалық комитеттің техникалық кеңесінің ресми мәліметтері де есепке алынуы тиіс. Осы мекеменің 1931 жылы 14 желтоқсандағы мәжілісінде мемлекеттік жоспарлау мекемесінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екендігі атап көрсетіледі. Олардың 42 мыңы, яғни 5 пайызы ауқатты қожалықтар еді. Бұл дегеніңіз, сол жылдары осы мекемеде қызмет жасаған М.Г.Сириустың есебі бойынша, 4 млн. 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы барлық ауыл халқының (басқа ұлттарды қосып есептегенде) саны – 5 млн. 800 мыңнан асып түсетін.
Бірақ бұл деректердің де кемшілігі бар: біріншіден, мұнда ашаршылықтың алғашқы жылында қырылған қазақтар есепке кірмей қалған; екіншіден, мұнда тек көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының саны ғана есепке алынған. Әйтсе де, бұл көрсеткіш сол жылдардағы қазақ халқының 90 пайызға жуығы болып табылады. Отырықшы қазақтарды есептемегенде, осы жылдары қазақтардың 6 пайызға жуығы қалаларда тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл жылма-жыл өткізілетін, біршама шынайы қала халқының санағында көрсетілген. Алайда қазақ халқының саны 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастағанын ескеруге тура келеді. Бұл мәселеде де бізде нақты мұрағаттық дерек бар. Ол бойынша 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны – 826 мың (яғни 4 млн. 800 мыңнан астам адам) екенін көреміз. Бұлардың 120 мың қожалығы отырықшы болса, 700 мыңнан астамы көшпелі және жартылай көшпелі еді. Міне, қасіретті зобалаң қарсаңындағы қазақтың нақты саны осындай.
1937 жылдың 14 ақпанында республика санақ басқармасының бастығы (Қазнархозучет) Саматовтың Мәскеудегі бастығы Кравальға және Мирзоянға жолдаған мәліметі бойынша, 1930 жылы 1 маусымда ауыл халқының саны – 5 млн. 873 мың адам (оның ішінде қазақтар 4,5 млн-нан асып түсетін) болатын. Осылайша, ресми деректер ашаршылық қарсаңындағы Қазақстандағы қазақ және басқа халықтардың ауыл шаруашылығындағы санын анықтауға мүмкіндік беретінін ескергеніміз жөн. Бұл айтылғандарды дәлелдейтін жанама ресми деректер де баршылық. Олардың ішінде Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатындағы» ( Ғ.Исқақов, И.Қаболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, У.Жандосов (Ораз Жандосовтың ағасы)) ресми мәліметтер де бар. Онда хат авторлары Қазсовнаркомның мәліметі бойынша 800 мың қазақ шаруашылығынан (4 млн. 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылықтары (2 млн. 250 мың қазақ) қалғанын атап көрсетеді.
Босқындардың саны қанша?
Бұл мәселеге байланысты мұрағат қойнауларында деректер өте көп. Өйткені кезінде Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың арнайы тапсырмасымен Қазақстан басшылығы үкімет жанынан Босқындарды шаруашылықтарға орналастыру комитетін құрған болатын. Оның өкілдері қазақтар босып кеткен Кеңестер Одағының аймақтарында жұмыс жасап, босқындар санын анықтаумен және оларды Қазақстанға қайтарумен айналысты. Осыған қатысты құжаттар мұрағат қойнауларында сақталған.
Босқындар саны Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталинге жазған екінші хатында да әртүрлі аймақтар бойынша біршама нақты көрсетілген. Сонымен бірге Батыс Сібірдегі, Орта Еділдегі, Қырғызстандағы, Орталық Азиядағы қазақ босқындары туралы мәліметтерді сол аймақтың басшылары да Мәскеуге және Қазақстанға жолдаған ресми және жедел хаттарында нақтылай түседі. Олардың бәрін тарихи салыстырмалы түрде талдар болсақ, 1932 жылдың 1 ақпанына дейін қазақстандық 1млн. 500 мың адамның босқыншылыққа ұшырағанын байқаймыз.
Бірақ босқыншылық 1933 жылдың шілде айына дейін созылды. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген ресми мәліметтеріне қарасақ, 1931-1933 жылдары Қазақстан бойынша ауыл халқының саны – 2 млн. 600 мың адамға кеміген. Бұл негізінін қазақ қожалықтарына қатысты. Жылдар бойынша қарастырар болсақ, 1930-1931 жылдары (маусым айындағы есеп) ауыл халқы 759 мың адамға кемісе, 1931-1932 жылдары 1 млн. 887 мың адамға, 1932-1933 жылдары 733 мың адамға, барлығы – 3 млн. 379,5 адамға кеміген. Атап көрсетер бір нәрсе, бұл мәліметтер қайтыс болғандарды да, тірі босқындарды да қамтиды. Яғни, мұрағат қойнауындағы деректерде аштық құрбандары мен тірі қалған босқындар сандары көбіне бірге көрсетіледі. Мұның өзі босқындар санын ашаршылық құрбандарынан бөліп көрсету қажеттігін туғызады. Өйткені тірі қалған босқындарды анықтамай, аштан өлгендердің санын нақтылау мүмкін емес.
Санақ мәліметтерін талдағанда, көрші республикалардан Қазақстанға қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам адам екенін аңғара аламыз. Қазақстанның өз ішіндегі босқындарға келетін болсақ, бұл мәселеде де нақты деректер бар. 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстандағы шаруашылық, өндіріс орындарына орналастырылған босқындар саны – 628,2 мың адам (139,6 мың қожалық). Жалпы 1933-1934 жылдары Қазақстанда 640 мың адам (160 мың шаруа қожалықтары) босқындарға көрсетілген көмектің нәтижесінде Қазақстанға орналастырылды. Жалпы босқындардың Қазақстаннан шығып кеткен 500 мыңнан астамының 200 мыңдайы Қазақстанға қайтып оралды. Л.Мирзоян өзінің 1933 жылы 23 наурызда Сталинге және Молотовқа жазған хатында республика ішіндегі босқыншылыққа ұшыраған халықтың санын – 300 мың адам ( 90 мыңнан аса қожалық) деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Қазақстанның 30 ауданында босқыншылық орын алғаны туралы Голощекиннің 1932 жылға 9 қыркүйекте Мәскеуге жазған хатында нақты атап көрсетіледі. Жанама және ресми деректерді талдау нәтижесінде алапат ашаршылықта 1930 жылы қазақ босқындарының саны жалпы алғанда ( шетелдегілерді қосып есептегенде) 1 млн. 100 мыңнан асып кетті.
Босқындар санын толығырақ көрсету үшін шет елге өткен қазақтар санын анықтап алуымыз керек. Бұл мәселенің осы уақытқа дейін едәуір бұрмаланып келгенін де айтпасқа болмас. Тағы бір айта кетер нәрсе, Қазақстан тарихына байланысты іргелі зерттеулерде Қазақстанда аштан қырылғандар шығынын аман қалған босқындар есебінен жауып, осылайша ашаршылық құрбандарын азайтып жіберетіндер де бар. Мысалы, Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудандарынан Батыс Қытайға 200 мың қазақ көшіп кетті десе, ал ресейлік тарихшылар Ю.А.Поляков, В.Б.Жиромская, И.Н.Киселев олардың санын 1,3 млн. адамға жеткізеді. Әсіресе соңғылардың Қытайға өткендердің санын ешбір негізсіз тым ұлғайтып көрсетулері Қазақстанда аштан қырылған қазақтардың сандарын көпе-көрнеу азайтып көрсетуге алып келетінін айтуға тура келеді.
Өкінішке қарай, Қытайға кеткен қазақтар санын 500 мыңдай адам деп көрсететін қазақстандық тарихшылар да (Б.Төлепбаев, В.Осипов) бар. Мұның өзі кейбір зерттеушілерді аштық қасыретіне байланысты қате қорытындылар жасауға итермеледі. Егер 1930-1933 жылдары Қазақстанда қысқарған ауыл халқының саны босқындарды қосып есптегенде – 3 млн. 379,5 мың деп есептесек, қазақтарды шет елге көптеп көшіріп жіберу аштан қырылғандарды азайтады. Мұндай қорытындылар, сөз жоқ, ашаршылық жылдарындағы тарихымыздың шындығын көлегейлейді. Айта кетер бір мәселе, Қытайға кеткен қазақтар саны ОГПУ-дың шекаралық бөлімдерінің мәлімдемелерінде және Қытайдағы КСРО барлаушыларының құпия баяндауларындағы деректерде нақты көрсетілген. Олар бойынша тіптен Қытайға көшкендердің әлеуметтік құрамы да нақтылана түскен. Мысалы, 1930 жылы Қытайға 15 мың 302 қазақ өткен болса (олардың 3 510 – байлар, 5039 – орташалар, 40463 – кедейлер, 2290 – колхозшылар), ал 1931 жылы Қытайға өткендер 36 965 адам (олардың 7542 – байлар, 3606 – орташалар, 14 840 – кедейлер, 8469 – колхозшылар) екенін көреміз. Яғни екі жылда Қытайға өткендер саны барлығы – 49 мың 759 адамды құрайды.
Сонымен қатар шекарадан өтерде ұсталғандарының да саны деректерде атап көрсетілген. Мысалы, 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықта ғана шекарадан 14 мың 412 адам ұсталған. Шекараны бұзып өтпек болған босқындардың қанды қырғынға ұшырағандары да тарихи шындық. Ресми мәлімет бойынша 1930 жылдың өзінде ғана Іле округінің шекарасынан Қытайға өтерде 1000-нан астам қазақ босқындары өлтірілген. Дегенмен де, Батыс Қытайда 1931 жылдың 1 қарашасынан бастап шекара күзеті барынша күшейтілді. Дәл осы кезеңде Кеңес үкіметі тарапынан да шекараны күзетуге байланысты қосымша шаралар қолға алынды. Өз кезегінде Батыс Қытайдың Үрімші және Чигучак губернаторлары 1932 жылдың наурыз айында Қытай шекара күзетіне КСРО-дан өтіп келген босқындарды жедел кейін қайтару туралы арнайы нұсқаулар берді. Бұл бойынша босқындарды жасырған Қытай шекрашылары жауапкершілікке тартылатын болды.
Айта кетер нәрсе, 1930 және 1931 жылдардағы Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халықтың қысқаруы туралы Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің мәліметі де бар. Ол бойынша осы кезеңде Қазақстанның шекаралық аудандарында халық саны – 87 мыңдай адамға қысқарған. Сонымен қатар Қытайдағы барлаушылардың мәліметтері бойынша Батыс Қытайда осы жылдары Қазақстаннан көшіп келген 60 мың адам өмір сүріп жатты. Осыларды және 1932 жылы шекарадан өткендерді және шекара бойындағы қарулы қақтығыстарда қайтыс болғандарды қосып есептейтін болсақ, Қытайға өткен қазақтардың санын 70 мыңның айналасы деп көрсетер едік. Бұларға Ауғанстанға және тағы басқа шет елге өткендерді қосып санағанның өзінде күштеп ұжымдастыру жылдарында шет елге өткендер саны шамамен 100 мыңның айналасын ғана құрайды. Шекаралық ОГПУ органдарының мәліметтерінде қазақтардан кейін Қытайға көп көшіп жатқан ұйғырлар болып табылатыны атап көрсетіледі. Олар негізінен Жаркент және Октябрь аудандарынан көшіп кетті. Қытайға кеткендер арасында дүнгендер мен орыстар да бар. Бұлар Жаркент, Лепсі, Үржар және Зайсан аудандарынан көшіп кеткендер болатын. Ресми мәліметтерде Қытайға қазақстандық дүнгендердің жартысынан жуығы көшіп кеткені атап көрсетіледі.
Дегенмен де, Қытайға өтушілердің негізін қазақ босқындары құрады. 1931 жылы Қытаймен шекаралас аудандардың саны 11 ( бұрын 16 еді) болды: Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары. Сонымен қатар Талдықорған және Ақсу аудандары да шекараға жақын орналасты. Шекаралық аудандардың халқы 1931 жылы 505 мың адамнан асып түсті (бұл Қазақстан халқының 7,33 пайызы болатын). Шекаралық аудан халықтарының 66,10 пайызы қазақтар (334 мың 268 адам) болды. Бұдан байқайтынымыз, шекаралық аудан халқының өзі жарты миллионнан сәл ғана асатындықтан Қытайға бұл кезеңде 1 миллионнан астам адам көшіп кетті деуге ешбір негіз жоқ. Оның үстіне 1930 жылдан бастап Батыс Қытайда халықты паспорттық жүйеге тіркеу қолға алынған еді. Мұның өзі Қытай жағының сырттан келген босқын қазақтарды арнайы есептеуіне алып келді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстаннан сыртқа шығып кеткен босқындарды және Қазақстанның өз ішіндегі босқындарды есептегенде, олардың жалпы санының 1 миллионнан асып түсетінін (нақты санақ бойынша 1 млн. 149 мың адамнан асатынын) аңғара аламыз.
Ашаршылықтың басты себептері
Қазақстандағы халықтың ашығуына байланысты тарихи әдебиетте әртүрлі көзқарастар орын алып келеді. Шетелдік зерттеушілер мұның басты себептердің бірі ретінде Қазақстанда осы жылдары болған табиғи құрғақшылықты және оның нәтижесінде орын алған жұтты алға тартады. Айта кетер бір нәрсе, осы жылдары егіннің шықпай қалуы және жұттың орын алуы туралы көзқарастың бастауында Ф.Голощекиннің өзі тұр. Ол қазақ ауылында орын алған ашаршылықтың басты себебін осылардан іздеген болатын. Сонымен бірге жұқпалы аурулардың таралуын да ашаршылықтың басты себептерінің бірі ретінде көрсететіндер бар.
Қазақстандық тарихшылардың көпшілігі жалпылама түрде, 1930-1933 жылдардағы ашаршылыққа күштеп ұжымдастыру науқанын кінәлайды. Мұндайда күштеп ұжымдастырудың бүкіл елде орын алғанын, алайда ашаршылықтың Қазақстан, Украина, Еділ бойы тәрізді жекелеген аймақтарда ғана орын алғанын ұмытпаған жөн. Ұлт зиялыларының арасында мұрағат қойнауларындағы деректермен терең таныспай, үстірт пікірлер айтатындар да бар.
Жекелеген саяси – шаруашылық науқандарды да ашаршылықтың басты себебі ретінде ұсынып жүргендер бар. Біз бұларға қарсы тұжырымдар айтудан аулақпыз. Бір ғана газет мақаласында бұл айтылғандардың негізділігін немесе негізсіздігін дәлелдеп шығу мүмкін емес. Десек те, мұрағат қойнауындағы нақты құжаттарға жүгінер болсақ, қазақтың аштан қырылуының негізгі және басты себебі – дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуі болып табылатынын айқын байқаймыз. Дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуді 1930 жылдан басталған қазақтарды жаппай жоспарлы отырықшыландыру саясаты өршітіп жіберді. Жоспар бойынша Қазақстанда барлығы – 400 мың көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар отырықшыландырылуы керек еді. Бірақ ашаршылықтың басталуы бұл науқанды сәтсіздікке ұшыратты және отырықшыландыру науқаны 1932 жылдан бастап шын мәнінде босқындарды шаруашылықтық орналастыру науқанына айналып кетті. Дегенмен де, 1930-1932 жылдары Қазақстанда 264 мың шаруа қожалықтары отырықшыландырылды.
Отырықшыландыру барысында негізінен адамдарды емес, малды «отырықшыландыруға» баса көңіл бөлінді. Сондықтан да алғаш тұрғын үйлер емес, мал қоралары салынды. Ф.Голощекиннің логикасы бойынша бұрын өз аяғымен еркін жайылған малды қораларда қамап ұстаған жағдайда көшпелі немесе жартылай көшпелі қазақ шаруасы амалсыздан мал қораларының жанына қоныстануға, яғни отырықшылануға мәжбүр болатын еді. Бірақ мұндай әрекет дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп қана қоймай, малдың арасында жұқпалы аурулардың жандана түсуіне жол ашты. Ветеринарлық көмек әлі жолға қойылмаған ауыл шаруашылығында мұның өзі малдың ғана емес, халықтың да әртүрлі ауру-сырқауға шалдығуын күшейтіп жіберді.
Мал шаруашылығы қазақтар үшін халық шаруашылығының басты желісі болып табылатын еді. 1925 жылдың өзінде-ақ республика халқының 75 пайызы мал шаруашылығымен айналысып, ол халық шаруашылығындағы барлық өнімнің 50 пайызын берді. Қазақтардың 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысты, яғни мал шаруашылығы Қазақстан үшін ұлттық мәселе еді. 1928 жылғы қазақ байларын тәркілеу қарсаңында мал шаруашылығы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің 66,6 пайызын, ал тауарлы өнімнің 70,5 пайызын берген болатын. Қазақстанның мал шаруашылығының тауарлы өнімдері Одақтың өнеркәсіпті аудандарын, астаналар – Мәскеу мен Ленинградты, Орта Азияның мақта өсіруші аудандарын етпен асырады. Қазақстанның мал өнімдері Қиыр Шығысқа да жөнелтіліп отырды. Егер де 1926 жылы Қазақстанда 25 млн. 729 мың бас мал болса, ол көрсеткіш 1933 жылы – 37 млн. 327 мыңға, 1936 жылы – 44 млн. 347 мың басқа, ал 1941 жылы – 61 млн. 871 мың басқа артады деп жоспарланды. Алайда 1928 жылдан бастап мал басының кемуі орын ала бастады.
1930 жылы қазақ қожалықтарын жоспарлы түрде жаппай отырықшыландыру және бай-кулактарды тап ретінде жою науқандары мал басының күрт құлдырауына жол ашты. 1930 жылдың көктемінде Ораз Исаев бастаған мемлекеттік комиссия мал басының 30 пайызға кемігенін анықтады. 1929-1930 жылдары бай-кулактар малының 40 пайызына жуығын колхоз-совхоздардың тартып алуы, мал басының кемуіне тікелей себепкер болды. Осылайша, социалистік секторды (колхоздар мен совхоздарды) жекешелердегі мал басын қысқарту есебінен өркендету мал шаруашылығын апатты жағдайға алып келді. Нәтижесінде, Қазақстандағы мал басы 1929 және 1933 жылдар аралығында 16 есеге азайып кетті. Совхоздардағы малды есепке алмағанда Қазақстандағы мал басы 1929 жылы – 39 млн. 394,1мың бас болса, ал 1933 жылы – 2 млн. 428,2 мың басты ғана құрады. Жалпы алғанда Қазақстанда 40 миллионға жуық малдан 1933 жылдың ақпан айында 4 млн. бас қана мал қалды.
Мал басының қысқаруына 1929 жылдан бастап күшейген Қазақстандағы ет дайындау науқандары жағымсыз әсер етті. Алайда алдын-ала айта кетер нәрсе, Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин мал басының қысқаруының негізгі себебін – «малды жыртқыштықпен қырудан және кулактар мен байлардың оны сатып жіберулерінен» іздестірді. Мұндай дәлелдің қисынсыздығын ресми деректерден байқау қиын емес.
Қазақстанда ет дайындау науқанының өршіп кетуіне 1929 жылы 20 желтоқсанда Мәскеудегі Партияның Орталық комитетінің «Ет проблемасын шешеуге байланысты шаралар» атты Қаулысы шешуші ықпал жасады. Онда «жекеше кедейлер мен орташалар шаруашылығының ет дайындаудағы тауарлылығының төмендігі және олардың болашағының жоқ» екендігі атап көрсетілді. Осы Қаулыны басшылыққа алған Бүкілодақтық «Союзмясопродукты» акционерлік қоғамы 1929 жылы 25 маусымда ірі қалаларды, оның ішінде Мәскеуді, Ленинградты, тағы да басқа өндіріс орталықтарын етпен қамтамасыз етуді Қазақстан басшылығынан үзілді-кесілді талап етті.
Ашаршылықтағы адам шығыны
Қазақстанның Егіншілік Халық Комиссариатының (Наркомзем) мәліметтері бойынша 1930-1932 жылдары Қазақстандағы ауыл халқының кемуі 1 млн. 831441 адам деп көрсетіледі. Мұнда бірақ, 1933 жылғы мәлімет көрсетілмеген. Осы жылдардағы Қазақстанның санақ басқармасы (Казнархозучет) бастығының орынбасары Н.Мацкевичтің мәліметіне қарасақ, бір ғана 1933 жылы қысқарған ауыл халқы 1 млн. 70,5 мың адамды құрайды, яғни, ауылда 1930-1933 жылдары азайған халықтың саны 2 млн. 900 мыңнан асып кетеді.
Тағы бір сенімді дерек – М.Саматовтың 1937 жылдың басында (1937 ж. 5 наурыз) Л.Мирзоянға және Мәскеудегі өзінің бастығы Кравальға жазған хаты. Онда мынандай жолдар бар: «...біз әр жылдардың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгеріс қатарын жасап шықтық. Бұл қатар төмендегідей:
1 маусым 1930 ж..........5873,0 мың
1931 ж..........5114,0 мың
1932 ж..........3227,0 мың
1933 ж..........2493,5 мың
1934 ж..........2681,8 мың
1935 ж..........2926,0 мың
1936 ж..........3287,0 мың
Халық санының бұл қатарына байланысты мынаны ескерте кеткен жөн: маусымдағы есеп, ең бастысы, мал сандарын және басқа да заттарды, сондай-ақ, ауылдық жердегі қожалықтар сандарын толық қамтуға бағытталғандықтан, халықты кемірек мөлшермен санаудың қазірге дейін орын алып отырғаны табиғи нәрсе.
Біз бұл кемсанау 8-10 процент аралығында деп мөлшерлейміз: мұның өзі 1937 жылғы қаңтардағы халық санының барысы туралы жедел хабарламаның алдын-ала мәліметтерімен де расталды. Бірақ салық есептерінің мәліметтерінде халық санындағы өзгерістер бағыты азды-көпті дұрыс берілген. Мысал үшін, 1930-32 ж.ж. орын алған асыра сілтеулермен байланысты босқыншылық және басқа да жайттар (аштан және жұқпалы аурулардан өлу – Т.О.) 1933 жылдың шілдесіне қарай толастады және келесі жылдары халықтың саны өсе бастады».
Көріп отырғанымыздай, аштық ауқымын халық саны негізінде сипаттау – қазақ жерінің сол жылдардағы ауыр қасіретінен едәуір толық хабардар етеді.
Жоғарыдағы ауыл халқының санының қысқаруы туралы мәліметтерге назар аударар болсақ, 1930-1933 жылдар аралығындағы халық санының кемуі 3,379,5 мың адамды құрайтынын аңғарар едік. Бұл кему негізінен қазақ халқына қатысты. Өйткені осы жылдары қазақ халқының 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысып, 6 пайызы ғана қалалық жерлерде тұрды. Оның үстіне бұл жылдары қала халқының өсуінің қазақтарға қатысы жоқ. Босқын қазақтарды қалалар тіркеуге алмады.
Қазақтардың жоғарыда көрсетілгендей көлемде кеміп кетуі Қазақстанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы (Казнархозучет) бастығының орынбасары Н.Мацкевичтің Л.И.Мирзоянға 1935 жылы 23 қыркүйекте жазған едәуір көлемді құпия хатында да көрсетілген. Ол бойынша ауыл халқының 1930-33 жылдардағы кемуі 3 млн. 559,8 мың адам. Егерде мұрағат қойнауындағы «алтаудың» И.Сталинге (көшірмесі Л.Мирзоянға) жазған мәліметтеріне назар аударар болсақ, 1930 жылғы 4 млн. 800 мың қазақтан (800 мың қазақ шаруашылықтарынан) 1932 жылдың көктемінде 2 миллионға жуық қана қазақ (450 мың қазақ шаруашылықтары ғана) қалғанын аңғара аламыз. Яғни, 1930 жылдан 1932 жылдың көктеміне дейін қазақтар саны 2 млн. 575 мың адамға қысқарған. Әрине, бұлардың бәрі өлгендер емес, мұнда босқындар да бар. Алайда бұл деректе ашаршылық асқынған 1932 жылдың жаз және күз айларындағы және 1933 жылдың алғашқы жартысындағы қырылғандар есепке тіркелмеген. Жанама санақтар ашаршылықтың соңғы жылдарында ауылда тағы да 1 миллионға жуық адамның қысқарғанын, яғни 1930-33 жылдардағы ауыл халқының кемуінің 3 млн. адамнан асып кететінін мойындайды.
Ал ашаршылық 1933 жылы да жалғасып, осы бір жылдың ішінде ғана Қазақстандағы ауыл халқының кемуі жоғарыдағы М.Саматов көрсеткен мәлімет бойынша 723,5 адамды, ал Н.Мацкевич көрсеткен мәлімет бойынша 1070,5 адамды құраған. Мұндағы алғашқы көрсеткіш негізінен қазақтарға қатысты, ал кейінгі көрсеткіш жалпы ауыл халқын бейнелейді деп қарастырар болсақ, қазақтардың 1930-33 жылдардағы аштан қырылу көрсеткіші 2 млн. 200 мың адамнан асып кететінін тағы да атап көрсетуге тиіспіз. Жанама санақтар деректері де ашаршылық жылдары осынша адамның қырылғанына көзімізді жеткізе түседі.
Алайда осындай нақты деректер қолымызда тұрса да, бүгінгі тарихымызда аштық құрбандықтарын біржақты демографиялық жолмен ғана үстірт есептеп, 1930-33 жылдардағы өлген қазақтар санын негізсіз бұрмалай көрсету орын алып отыр. Мысалы, Р.Конквест оларды 1млн. адам көлемінде деп көрсетсе, Р.Дэвис пен С.Уиткрофт қазақтардың 1931-33 жылдардағы құрбандықтарын 1 млн. адамнан астам, ал басқа ұлттарды қосқанда бұл көрсеткіш 1,3-1,5 адам шамасында деп ойлайды. Ал қазақстандық тарихшылардың бір тобы (Б.Төлепбаев, В.Осипов) осы аштықта 1,5 млн. адам қырылғанын, тарихшыларымыздың және бір тобы (М.Қозыбаев, Ж.Абылғожин, М.Тәтімов) – 1 млн. 750 мың адамның өлгенін айтады. Бұл деректер болжамдар түрінде айтыла тұрса да, олар Қазақстан тарихынан жазылған іргелі зерттеулерге ғана емес, мектеп оқулықтарына да нақты көрсеткіштер түрінде еніп кетті. Осылайша, 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың демографиялық салдарлары туралы ғылыми қорытындылардың көпе-көрнеу бұрмалануының куәгерлері болып отырмыз.
Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,
профессор, ҰҒА Құрметті академигі
Достарыңызбен бөлісу: |