Жұлын жүйкелері (лат. nervi spinales; nervus — жүйке, spinalis — жұлын) - жұлыннан шығатын жүйке талшықтарынан құралған. Жұп жұлын жүйкелері адамда жұлынның алдыңғы (қозғалтқыш жүйке талшықтарынан құралған) және артқы (сезімтал жүйке талшықтарынан құралған) жұлын түбіршіктерінің, ал жануарларда жоғарғы (сезімтал жүйке талшыктарынан құралған) және төменгі(қозғалтқыш жүйке талшықтарынан құралған) жұлын түбіршіктерінің қосылуынан пайда болып, омыртқа өзегінен оң және сол омыртқааралық тесіктері арқылы шығады.
Құрамында сезімтал және қозғалтқыш жүйке талшықтары болғандықтан, жұлын жүйкелерін қызметі жағынан аралас жүйкелерге жатқызады. Бұлардың құрамында симпатикалық жүйке талшықтары да болады. Жұлын жүйкелері омыртқа өзегінен шыққан бойда-ақ байланыстырғыш (симпатикалық) және жұлын қабықтарына арналған қайтарма (сомалық) тармақтарды бөліп, сұр байланыстырғыш (симпатикалық) тармақтарды қосып алып, содан соң, адамда алдыңғы және артқы, жануарларда вентральды және дорсальды (сомалық, симпатикалық жүйке талшықтарынан құралған) тармақтарға ажырайды. Жұлын жүйкелерінің дорсальды тармақтары (адамда — артқы тармақтар) омыртқа бағанынан жоғары (адамда — омыртқа бағанының артқы жағында) орналасқан дене бөліктерін (сүйектер, бұлшықеттер, буындар, тері, олардың тамырлары), ал вентральды тармақтар омыртқа бағанынан төмен (адамда — алдыңғы жағында) жатқан дене бөліктерін жүйкелендіреді. Аталған тармақтар өз кезегінде латеральды (беткей орналасқан мүшелерге) және медиальды (терең жатқан мүшелерге) тармақтарға тарамдалады. Жұлын жүйкелері омыртқа бағаны бөлімдеріне сәйкес: мойын, көкірек, бел, құйымшақ және құйрық жүйкелері болып бөлінеді. Олардың саны мойында 8-жүп, құйрықта 5-6 жүп, қалған бөлімдерде адам мен жануарлардың омыртқалар санына сәйкес келеді. Алдыңғы (қол) және артқы аяқтарды жүйкелендіретін жүйкелер жұлын жүйкелерінің вентральды (адамда — алдыңғы) тармақтары түзетін: иық, бел және құйымшақ жүйке тораптарынан шығады.
Бас миы
Ми.
Орталық нерв жүйесінің негізгі бөлігі – ми. Ол ми сауытында орналасқан. Ересек адамда мидың салмағы 1400-1450 грамм құрайды. Мидан 12 жұп жүйкелер тарап, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келген ақпаратты миға жеткізеді. Бұларға I - иіс, II - көру, III - көз қимылдатқыш, IV - шығыршық, V – үшкіл, VI – бұру, VII – бет, VIII – дыбыс, IX – тіл-жұтқыншақ, X – кезеген, XI – қосымша, XII – тіласты жүйкелері жатады. Ми артқы ми, (сопақша ми мен варолий көпірі), мишық, ортаңғы ми, аралық ми жєне екі ми сыңарларынан тұрады.
Иіс және көру (I, II) нервтерінің орталықтары алдыңғы ми сыңарларымен байланыста болса, көз-қимыл және шығыр (III, IV) нервтері — ортаңғы мимен; ал үшкіл, әкеткіш, бет және кіреберіс-ұлу (V—VI— VII—VIII) нервтері — артқы мидың көпір бөлігімен, тіл-жұткыншақ, кезеген, қосымша және тіласты (IX— X—XI—XII) нервтері— сопақша мимен байланыста жатады.
Ми нервтері құрамы мен атқаратын жұмысына қарай сезімтал, қозғалтқыш және аралас нервтер деп бөлінеді. 12 жұп ми нервтерінің I, II, жұп нервтері соматикалық — сезімтал, III, IV, VI, XI, XII жұп нервтері соматикалық — қозғалтқыш, ал қалған (V, VII, IX, X) нервтері — аралас нервтер қатарына жатады.
I—иіс нервісі — сезімтал нервтер, ол (16—20) иіс нерв талшықтарынан түзілген. Иіс талшықтары мұрын қуысының кілегей қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне тор сүйегі арқылы еніп, иіс жолының нейрондары жатқан иіс жуашығына жетеді. Бұл нейрондардың талшықтары иіс жолы арқылы иіс бұрышына, одан белдеу, теңіз жылқысы қатпарының ілмегіне (иіс орталығына) келіп аяқталады
II— көру нервісі — сезімтал нервтер, бұл көз алмасының торлы қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне сына сүйектің көру каналы арқылы енеді. Онда көру нервтерінің кейбір талшықтары айқасып (оңнан-солға, солдан-оңға), көру айқасын түзіп, көру жолы арқылы қыртысасты көру орталықтарына барып аяқталады. Қыртысасты көру орталықтары ортаңғы мидың жоғарғы қос төмпешігінде, сыртқы тізелі денеде және көру төмпегінің көпіршігінде орналасқан. Қыртысасты көру орталығындағы кезекті нейрондар талшықтары үлкен мидың шүйде бөлігіндегі тепке қатпарының аймағына (жоғарғы көру орталығына) барып аяқталады.
III—көз-қимыл нервісі — негізінде қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның құрамында қарашықты тарылтатын және көздің әр түрлі қашықтықтағы заттарды көруін қамтамасыз ететін еттерге баратын парасимпатикалық талшықтары да болады. Бұл нервтің орталығы (ядросы) ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде (ортаңғы мидың су өткізгішінің түбінде) жатады. Нервтің өзі, ми сабақшаларының арасынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасының ішіне еніп, көз алмасының жоғарғы, төменгі, ішкі тік еттері мен төменгі қиғаш етін жүйкелендіреді.
IV—шығыр нервісі —қозғалтқыш нервтер. Нерв ядросы (орталығы) көз-қимыл нервісі ядросының қасында, ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде жатады. Бұл нерв, ортаңғы мидың төменгі қос төмпешігінің астыңғы жағынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының жоғарғы қиғаш етін нервтендіреді. Маңдай сүйектің ілгектеніп тұрған өсіндісінен, жоғарғы қиғаш етке тік түсіп тұруына байланысты оны шығыр нерв деп атаған.
V—үшкіл нерв —аралас нерв болып саналады. Нерв орталығы ромба ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінде жатады. Көпір бетіне үлкен және кіші түбірлерімен шығады. Үлкенін — сезімтал түбір, кішісін— қозғалтқыш түбіршік деп атайды. Сезімтал түбір айшық түйінін түзгеннен кейін түбіршікпен қосылып барып үш тарамға бөлінеді: көз, жоғарғы жақ және төменгі жақ нервілеріне. Осыған байланысты бұл нервті үшкіл нерв деп атайды.
Көз тарамы жоғарғы көз саңылауы арқылы, көз шарасына еніп, көз жасының безіне, көз алмасына, жоғарғы қабақ пен маңдай терісіне және мұрын қуысының кілегей қабықшасына талшықтарын береді.
Жоғарғы жақ тарамы ми сауытынан шығып, көзасты канал арқылы бетке тарамдалады. Бұл жоғарғы тістерді, мұрын қуысының кілегей қабықшасын, жоғарғы жақты және бет терісінің орта бөлігін нервтендіреді
Төменгі жақ тарамы сына сүйек арқылы ми сауытынан шығып, сезімтал және қозғалтқыш талшықтарына вегетативтік нерв жүйесінің түйіндерімен байланыста тарамдалады. Сезімтал талшықтары ұрттың, тілдің алдыңғы бөлігінің кілегей қабықшасын, төменгі жақтың тістерін, беттің және самай бөліктерінің терісін нервтендіреді. Ал қозғалтқыш талшықтары, негізінде, шайнау еттеріне тарамдалады. Үшкіл нервтің талшықтары вегетативтік нерв, жүйесінің түйіндерімен байланыста жатады
VI—әкеткіш нерв — қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Бұл нервтің де ядросы (орталығы) ромба ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінің тұсында жатады. Нерв түбіршігі сопақша мидың пирамидасымен көпір аралығынан ми бетіне шығады. Жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының сыртқы тік етін жүйкелендіреді. Бұл ет жиырылғанда көзді сыртқа қарай әкетеді (тартады), сондықтан бұл нервті әкеткіш нерв деп атайды.
VII—бет нервісі —аралас нервтерге жатады. Құрамында жақасты және тіласты сілекей бездеріне баратын парасимпатикалық талшықтары болады. Бұл нервтің де ядросы ромба ойысының жоғарғы бөлігінде (ми көпірінде) жатады. Бет нервісі сопақша мидың олива тұсынан ми бетіне шығып, самай сүйегінің тасша бөлігіндегі ішкі есту жолы арқылы жүріп отырып, ми сауытынан сыртқа теуіп, бетке тарамдалып, барлық ымдау еттерін жүйкелендіреді. Нервтің сезімтал талшықтары тілдің алдыңғы бөлігіндегі дәм сезгіштігін қамтамасыз етеді.
VIII— тепе-теңдік, есту нервісі — соматикалық сезімтал нервтер қатарына жатады. Бұл нерв жеке кіреберіс, ұлу деген екі бөліктен тұзілген. Ұлу бөлігі есту толқынын ішкі құлақтан мидың самай бөлігіндегі жоғарғы есту қатпарына жеткізсе, кіреберіс бөлігі қозуды ішкі құлақтың тепе-теңдік органдарынан мишыққа береді
Нервтің ұлу бөлігі ішкі құлақтың ұлу бөлігіндегі бұранда түйін клеткаларынан басталады. Бұл клеткалар есту жолының бірінші нейрондары болып саналады. Олардың ұзын талшықтары осы нервтің ұлу бөлігін түзеді. Ұлу бөлігі одан әрі самай сүйегінің тасша бөлігіндегі ішкі есту жолы арқылы оливаның артқы жағымен миға еніп, көпірдің тұсында жатқан ромба ойысының жоғарғы бөлігіндегі ядроға келіп аяқталады. Ал бұл орталықта жатқан клеткалар, есту жолының екінші нейрондары болып саналады. Олардың ұзын талшықтары ортаңғы мидың төменгі қос төмпешігімен, ішкі тізелі денеде жатқан үшінші нейрондарға жетеді. Бұл нейрондар талшықтары жоғарғы самай қатпарында жатқан есту анализаторының орталығына бағыт алады
Нервтің кіреберіс бөлігі жарты иірім каналдармен ішкі құлақтың кіреберіс бөлігінің рецепторларынан басталады. Олар дененің жазықтықтағы жағдайын қабылдап, самай сүйегінің тасша бөлігінен ішкі есту жолы арқылы оливаның артқы жағынан миға енеді. Нерв талшықтары ядроларына жетіп, одан мишыққа бағыт алады.
IX— тіл-жұтқыншақ нервісі — аралас нерв болып саналады. Бұл нерв құрамында шықшыт сілекей безін нервтендіретін парасимпатикалық нерв талшықтары болады. Нерв ядросы ромба ойысының төменгі бөлігінде сопақша мида жатады. Ми бетіне олива артынан шығып, шүйде сүйектің мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан сыртқа тебеді. Нервтің талшықтары тілдің артқы бөлігімен жүмсақ таңдайдың кілегей қабықшасын, жұтқыншақты, көмей бездерін, ал қозғалтқыш талшықтары — жұтқыншақтың еттерін нервтендіреді.
X— кезеген нерв —аралас нервтер қатарына жатады. Бұл нерв құрамында, көкірек қуысы мен құрсақ қуысында жатқан мүшелерді нервтендіретін парасимпатикалық талшықтар болады. Бұл нервтің де ядросы ромба ойысының төменгі бөлігінде, сопақша мида жатады. Ми бетіне оливаның артқы жағынан шығып, мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан мойын бөлігіне қарай бағыт алады. Бұл нерв мойын бөлігінен көкірек қуысына, одан құрсақ қуысына өтеді. Мойын бөлігінде — тіл түбірінің кілегей қабықшасын, көмекей еттері мен кілегей, қабықшасын, жүтқыншақ еттерін; көкірек қуысында — жүректі, өңешті, өкпелер мен бронхыларды; құрсақ қуысында — ас қорыту мүшелерін тік ішекке дейін жүйкелендіреді. Сол себептен кезеген нерв, парасимпатикалық нервтердің ішіндегі ең ірісі және ұзыны болып саналады.
XI— қосымша нерв — қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның ядролары сопақша ми мен жұлынның жоғарғы сегменттерінде жатады. Осыған байланысты нервтің ми және жұлын бөліктеріндегі түбірлерді айырамыз. Нервтің төменгі жұлын түбірлері шүйде тесігі арқылы ми сауытына етіп, жоғарғы ми түбіршіктерімен қосылады. Осы қосылыстан пайда болған қосымша нервтің негізгі сабағы, кері ми сауытынан шығып, трапеция тәрізді және төс-бұғана-емізік еттерін жүйкелендіреді.
XII— тіласты нерв —қозғалтқыш нерв. Ядросы сопақша мида орналасқан. Бұл нерв сопақша ми пирамидасы мен олива арасынан ми бетіне шығып, шүйденің тіласты каналы арқылы ми сауытынан тілге қарай бағыт алады. Тіласты нерв тіл еттері мен мойынның алдыңғы бетіндегі кейбір еттерін жүйкелендіреді.
Әдебиеттер: