Жұмыс мазмұны Ғылыми жоба тақырыбы



бет5/9
Дата16.01.2022
өлшемі0,52 Mb.
#129380
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Ғылыми жоба-1

Зерттеу бөлімі

1.Тіл мен қоғам байланысы
Тіл – қоғамның басты тетігі. Тілсіз қоғам да болмайды. Қоғамның дамуы мен құлдырауы, өсуі мен өшуі осы тілге байланысты. Себебі, қоғамның қарым-қатынасы мен байланысында тілдің алар орны орасан зор. Соның ішінде қазақ қоғамындағы тіліміздің қолданысы да маңызды.

Қазақ тілін құрметтеу – кез келген жүрегі қазақ деп соғып тұрған азаматтың басты парызы. Тіліміз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» мәртебесін 1989 жылы 22 қыркүйекте иеленгені белгілі және осы жылы «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» заңы ресми түрде қабылданды. 1995 жылдың 30 тамызындағы референдумда қабылданған конституцияның 7-бабында қазақ тіліне байланысты «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» және «Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Содан бері қазақ жерін мекендеп келе жатқан барша азаматқа қазақ тілін үйрену мен меңгеру мәселесі қарастырылған, түрлі курстар ашылған. Халықты бір жерге ұйыстырудың басты шарты – мемлекеттік тілді дамыту. Тілдің өмір сүру ортасына қарай халық та сол жерге топтасады. Осы мәселені алғышарт ретінде қараған еліміз Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың 2011-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қазақ тілін меңгеру бойынша шаралар жүргізілген еді. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы мемлекет тұрғындарының 80%-ы қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс болса, ал биылғы жылы сол көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарланған. Алайда, бұл шара тек сандармен ғана жұмыс істеуге көп көңіл бөлген сияқты.

Бір өкініштісі – бұл жоспардың аты дардай болғанымен, қазіргі қазақ қоғамының бейнесі дәл осы көрсеткішке сай келеді деп айту қиын. Егер бұл цифрлар шындыққа сәйкес келсе, қазақ тілінің төңірегінде өзекті мәселелер көтерілмейтін еді, барша тіл жанашырлары БАҚ беттерінде өз ойларын айқайлап жеткізбейтін еді. Тіл тақырыбы көтерілген кезде жан жүрегімен жаны ашитын жандардың қоғамдағы әрекетін де байқамайтын едік. Міне, сиқырлы сандарға ерік беріп, шынайы нәтижеге жете алмай отырмыз. Тіл мамандарының бүгінгі қазақ қоғамындағы тілдің қолданысы, мемлекеттік тіл ретіндегі дамуы жайында айтқан алып-ұшпа пікірлері мен көрсеткен деректерінің салдарынан тіл төңірегінде түрлі мәселелер туындап жатыр. Олардың сөздерін шынайы қабылдаған қарапайым халық, расында қазақ тілінің жағдайы өте жақсы екен деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, қазіргі қазақ қоғамындағы тілдің қолданыс аясы тарылып барады.

Ал қазақ тілінің барша қадір-қасиетін, ерекшеліктерін жоғалту – үлкен проблема болып саналады. Қазақ тілі төңірегінде ел еңсесін тіктеген шақтан бастап түрлі дау-дамайлар болып келеді. Тіпті, тіл жанашырлары ашық айқасқа да барып, тілдің аман қалуы үшін шырылдап жүргенін көзіміз көрді. Бұл қазіргі таңдағы тіл тақырыбындағы үлкен проблемалардың бірі. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесі болғанымен, оның таралу, қолдану аясы жылдан жылға тарылып бара жатқанын байқап жүрміз. Қазіргі қазақ қоғамында аты қазақ, тегі қазақ болса да, қазақ тілінде сөйлеуге арланатын жандар саны көбейіп барады. Алматының өзінде орысша сөйлескен қазақ балаларын көргенде, жүрегің езіліп кеткендей болады. Қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы қолданысы өте ауыр жағдайда екенін бәріміз біледі. Біздің қоғамда қазақ тілінен гөрі орыс тіліне басымдық берілген. Егер орыс тілін үйренетін болсаң, болашағың жарқын болады деген секілді сөздер де бар екенін жасыра алмаймыз. Тіпті, елімізде орналасқан алпауыт компаниялардың өздері де ең бірінші кезекте жұмысшыларынан орыс, ағылшын тілін жетік меңгеруі керектігін талап етеді. Ал тек қазақ тілінде сөйлей алатын болсаң, алысқа бара алмайсың. Бұл бүгінгі күннің үлкен кеселі.

Егер біз өз ана тіліміздің өсіп-өнуі мен өркендеуін ойлайтын болсақ, ең алдымен қазақ тілінің беделін көтеруіміз керек, қазақ тілін меңгеруіміз керек. Ал ағылшын мен орыс тілдері белгілі бір қажеттіліктер үшін қажет. Осыдан біршама жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет көлемінде «Үш тұғырлы тіл» саясатын енгізген еді. Бұл реформаның басты мақсаты – еліміздегі ағылшын, орыс тілдерінің деңгейін көтеріп, қазақ тілінің дәрежесін төмендету емес. Дана да ақылгөй халқымыздың «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сүбелі сөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл саясатының мәнін тереңдету үшін айтылғандай. Осы реформа қабылданғаннан кейін елімізде түрлі талқылар бола бастады. Қызу пікір-таластардың нәтижесінде қарапайым халық та өз наразылығын білдіре бастады. Ал бұл саясатты кері жамылып, өз ыңғайына пайдаланғандар қазақ тілінің деңгейін түсірді. Ал «Үш тұғырлы тіл» саясатының негізгі мақсаты – халық арасында ағылшын, орыс тілін меңгеруді қалыптастыру, әлемге өзгеше көзқараспен қарауға қалыптастыру, білімнің көкжиегін кеңейту еді. Орыс тілінің үстемдігі туралы айтатын болсақ, көп жағдайда біз «Біршама жыл бойы Ресей империясының боданында болдық» деген сылдыр сылтаулар айтылады. Алайда, біз бүгінгі күнмен өмір сүруіміз керек. Бүгінгі күні еңсесі тіктелген егемен елміз, қазақ тілін үйренемін деушілерге түрлі курстар мен арнайы орталықтар бар.

Сонымен қатар қазақ тілді адамдардың арасындағы басты проблема – ақпаратты орыс тілінде іздеу. Интернет желісінен бір ақпаратты іздегісі келген адам қазақ тілден гөрі орыс тіліндегі мәліметтерге жүгінеді. Бұл қазақ тілді ақпараттардың аздығымен қатар, қоғамның бейнесін айқын көрсетіп тұр. Сондай-ақ, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған мәтіндерді де кездестіріп қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл аудармаларды тұтынайын десе, мәтін сапасы өте нашар, түсініксіз. Кейде біз қазақ тілі бай, қазақ тілінің шұрайлылығына әлемнің ешбір тілдері жетпейді деп жатамыз. Алайда, осы бір аудармаларды көргенде, өзіңнің ойыңнан айнығандай боласың.

Тіл мен қоғам байланысы – аса жауапкершілікті қажет ететін дүние. Адамдардың арасындағы қарым-қатынас тіл арқылы жүзеге асатындықтан, бұл мәселеге аса ұқыптылықпен қараған жөн. Жоғарыда біз көтерген мәселелердің шешілу жолына аса мән беруіміз керек. Себебі тілдің тазалығын қоғам арасында сақтайтын болсақ, ұлттың жаны да таза болары сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет