ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу оның тағылымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүрсе де ғаламдық ой таным дәрежесіне көтерілген Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасының түп қазығы – «ақ жүрек», «таза ақыл», «адал еңбек» иесі түзу адамды қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу. Ар ілімін адамдық сапаның алдына шығарып бүкіл поэзиялық туындыларына өзек еткен Шәкәрім тағылымы бүгінгі күн үшін де аса қажетті әрі көкейкесті мәселе болып отыр. Ұлы Абайдың ізбасары бола отырып, ұстазы жеткен деңгейде қалып қоймай өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі – Шәкәрім ұлылығын айғақтайтын басты белгі. Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – дін тақырыбына қатысты ақынның тұжырым, түйіндерін танып білудің маңыздылығы да дау тудырмайды. Себебі, ғұлама суреткер дін мәселесін шын ақыл мен салқын сана арқылы сараптап, негізгі өзегін өмір игілігіне айналдыра білген. Жаратылысқа деген сенім мен сүйіспеншілікті махаббат пен мейірімнің, жақсылықтың көзі ретінде бағалау арқылы қалың жұртын өмірді сүюге, адамды аялауға үндеген. Күрделі болмыс иесінің шығармашылық мұрасын әр түрлі аспектіде тереңдей, кешенді түрде қарастырудың қажеттілігі де осыдан туындайды.
Зерттеудің өзектілігі. Шәкәрім поэтикасындағы күрделі тақырыптарды дүниетанымдық тұрғыдан көркем бейнелеу үлгісін ғылыми саралау – бүгінгі қазақ поэзиясының бастау көзедерін анықтауға негіз болады. Соны ізденістер арқылы Шәкәрім өлең сөздерін жетілдіріп, рухани әлемімізді жаңа әдіс- тәсілдермен, бейнелік оралымдармен, жаңа сөз тіркестерімен образдық үлгілермен толықтырған. Шәкәрімнің поэтикалық әлеміндегі бейнелі суретті образдардың мәні қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығымен құнды. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Ақын поэмаларының тақырыптық жүйесі, жанрлық түрі, идеялық және мазмұндық негіздері қазақ поэзиясындағы тың үрдісті танытады. Онда дәстүрлі шығыстық сөз саптау үлгісі мен батыстың дамыған әдебиетінің ықпалы өзара үйлесім тапқан. Шәкәрім Құдайбердіұлының көп қырлы шығармашылығы тақырыптық мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі. Оның негізі қай қоғамның да көкейкесті мәселесі болып келген адам тұлғасы мәселесін көтеруде жатыр. Ақын шығармашылығының түп тірегін және шешуші мәнін құрайтын адам мен қоғамның, адам мен тылсымның (жар- жаратушы) мәселелерінің мәнін ашу іргелі зерттеуге негіз боларлық өзекті мәселе. Шәкәрім дүниетанымы өзі өсіп өнген жұрттың ауқымынан асып, бүкіл адамзаттық мазмұндағы ойлармен сабақтасып жататындықтан оның көркемдік әлеміндегі әрбір сөз қолданысы мен ой образының мәні терең. Сөз арқылы адам түзетпек болған сөз зергері шығармашылығының көркемдік поэтикасын ғылыми саралаудың аса маңызды қажеттілігі де осыдан туындайды. Өйткені барлық замандарға тән мәңгілік тақырыптарды (жан мен тән, өмір мен өлім, адам мен жаратылыс) бейнелеудегі поэтикалық үлгілер көнеден күні бүгінге дейін түрлі даму сатыларын басынан өткерді. Бұл жағдай Шәкәрім өмір кешкен аумалы-төкпелі трагедияға толы заманда ғана емес оған дейін де, бүгінгі күні де адамзат үшін аса маңызды тақырып. Ақын қалам тербеген аса елеулі тақырыптарда қоғам, әлеумет мәселелері терең ойшылдықпен көркемделіп ақын поэзиясы философиялық және терең әлеуметтік мазмұнға ие болады. Сонымен бірге руханиятымыздың өзгеше сипатты поэтикалық көркемдік болмысын қалыптастырып, аясын кеңейтеді. Әдебиеттің ежелден бергі обьектісі адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса Шәкәрім бұл тарапта қазақ қоғамының азаматын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін әлдеқешан-ақ сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелеген.
Демек адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген.
Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан соңғы ойлы өлеңнің өрнегін салған суреткер – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығрамашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктерді былайша сипаттауға болады:
Біріншіден, ақын өлеңге өнер ретінде қарап, оны өрелі ой айтудың құралына айналдырған. Сондықтан да өлең жолдарында философиялық таным мен поэзиялық көркемдіктің тұтастықта жарасым тауып, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтерген.
Екіншіден, Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «от жүрек», «тәтті тіл», «таза жан» т.б. көптеген эпитеттік қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.
Үшіншіден, ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап – тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие болған құбылыс екендігін дәлелдеу үшін поэтикалық жүйе жасалды. Осы мәселені шешуде суреткер небір жаңа метафоралар мен ауыстыруды түрлендіре қолданды. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырды.
Төртіншіден, ақын поэтикасы қазақ поэзиясында бұрын соңды қолданылмаған фразеологиялық оралымдармен бейнелі суретті сөздермен дараланады. Мысалы, «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылған іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «залым ғалым», «сұм ақын», «тозған ой», «азат ақыл», «күңшіл мұңдар» сияқты алуан сипатты адам психологиясының суреттерін ашатын сөз образдарымен халқымыздың өлең өрісінде ерекше стиль, мәнер және өлең құрау машығын алып келді. Осындай психологиялық оралымдар ақын кейіпкерінің көңіл күйімен қоса оның рухани ой- дүниесінің терең қалтарыстарын тануға да мүмкідік береді. Мұндай тың талаптарға өлең ұйқасындағы жаңа түр мен ырғақ та сәйкес келеді.
Бесіншіден, ойшыл ақынның шығармашылық поэтикасындағы Алла, жар, жаратушыны жырлау үлгілері дәстүрден ерекше сипатта көрінеді. Алланы дәріптеу, оны әділет пен тазалықтың қайнар көзі ретінде таныту үрдісі арқылы Шәкәрім жалпы адамзатқа ортақ қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып білудің жолын жар, жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Бұл тарапта да жаңа ұғымдар қалыптастырады. Мысалы, тек қана «нұр» сөзінің мағыналық өрісін кеңейту арқылы өлеңнің көркемдік сапасын биіктетіп қоймай жаратушыдан келген негіздің мәнін бүкіл ғаламға таратады.
Алтыншыдан, Шәкәрім шығармашылығының поэтикасы жанрлық, мазмұндық, стильдік күрделілігіне қарамастан қазақ халқының ұғымына сай, қазақи ойлау жүйесіне ұғынықты сипатта жазылды. Мұның өзі аса талантты тұлғаның жалпы адамзаттық құндылықтарды творчестволықпен игере отырып, оны өз жұртының игілігіне айналдыра білген ғұламалығын танытады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бұған дейін де Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы әр түрлі ғылым салалары тарапынан зерттеліп, соңғы жылдары Шәкәрімтану жеке ғылым саласы ретінде біршама жетістіктерге жетіп, қалыптаса бастағаны белгілі. Шәкәрім болмысының күрделілігі мен оның қалдырған мұраларының сан салалы сипаты әр түрлі ғылым өкілдерінің назарын аудартып тың ізденістер тудыруда. Яғни ақын шығармашылығының поэзиямен ғана шектелмейтіндігі философиялық тарихи дерек көздері мен ағартушылық педагогикалық көзқарастарының жүйесін кешенді түрде зерттеудің енді қолға алына бастауы заман үрдісінен туған қажеттілік.
Сондықтан қазіргі кезеңде Шәкәрім шығармашылығын белсенді зерттеумен әдебиетшілермен қоса, философтар, тарихшылар, педагогика және психология ғылымдарының мамандары айналысуда.
Әрине Шәкәрімнің философиялық, ағартушылық, психологиялық ой тұжырымдарын танудың негізі – поэзиялық туындылары. Шәкәрім шығармашылығын зерттеудегі осы ерекшелікті шәкәрімтанушылардың қай-қайсысы да атап көрсетеді.
Қазақ әдебиетінде шәкәрімтанудың негізін салып, іргетасын қалаған Ә.Бөкейханов [1], А.Байтұрсынов [2] сияқты ойшыл қайраткерлері. Шәкәрімнің Абайдан кейін қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтеруші екендігін жан-жақты дәлелдеп, ақын поэзиясының ерекшеліктерін, дүниетанымының күрделігін анықтады. Әлихан Бөкейханов Шәкәрімнің адам, қоғам, дін мәселелеріне ерекше назар аударғандығын алғаш тілге тиек еткен. Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелеріне қатысты Шәкәрім пікірлерін қуаттайтын Ә.Бөкейханов «Түрік, қырғыз, қазақ hәм ханлар шежіресі», «Қалқаман-Мамыр» поэмалары жөнінде жазған сын мақалаларында Шәкәрімнің творчестволық лабараториясына жоғары баға беретін ой- тұжырымдарын шәкәрімтанудың бастауы ретінде қарастыруға болады.
Әдеби процесті зерттеуде кейінгі ғалымдарға үлгі болған Ахмет Байтұрсыновтың Абай шығармашылығы жөнінде жазылған «Қазақтың бас ақыны» мақаласындағы: «Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер» [2, 301], – деген пікірінің шәкәрімтанушыларға да тікелей қатысты екендігі ақиқат. Себебі, Шәкәрім ақын Абай дәстүрін бірден-бір жалғастырушы әрі жалғастырып қана қоймай, оны түрлентіп түлету арқылы жаңа сапаға көтерген ұлы тұлға. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметқанов бұл жөнінде: «Қазір әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда бірегейі», – деп ой түйіндеген [3, 5 б.].
Шәкәрім поэзиясының тақырыптық ауқымдылығын, идеялық тереңдігін, мазмұнының кеңдігін, әлеуметтік қажеттілігін атап көрсеткен М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың қазақ әдебиетінің даму процесіне арналған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында: «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті, айтқанда жерлеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде ащылық бар» [4], – деп, Шәкәрім поэзиясының реалистік сипатына баға берілген. А.Байтұрсынов та Шәкәрім поэзиясында өтірік әсерлеу, утопизм жоқ екендігін тілге тиек етеді. Шәкәрім кейіпкерлері қарапайым адамдар арасында жүріп өздерінің ерлігін, білімділігін, мәдениетін көрсете білген дара адамдар. Ахмет Байтұрсынов мұндай жырларды «әуезе жыр» дей келіп: «әуезе жырлар» тікелей тарихи оқиға шеңберін қатаң ұстамайды, жыр шығарушының қиялы еркін болады. Бірақ, жыр шығарушы адамды орынсыз көркейте, көтере бермейді», – дей келіп: «Әуезе жыр» мысалдары Мұқамбетжанның «Топжарғаны», Шәкәрімнің «Жолсыз жазасы», «Қалқаман-Мамыры», Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты сөздер» [2] –деп ой түйеді.
Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов мақалаларында Шәкәрімнің еңбектеріне оң баға беріліп, Шәкәрімді Абайдың жолын қуған бірден-бір шәкірті және ізбасары деп бағалайды. Мәселен, 1922 жылы «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының «Шолпан» журналының бірнеше санына шығуына М.Әуезов көмектессе, кейін 1935 жылы оның жеке кітап болып шығуына С.Сейфуллиннің сіңірген еңбегі зор. Ол «Әдебиет майданы» журналының редакторы қызметін атқарған кезеңде Шәкәрімнің Пушкиннен «Метель», «Боран» атты аудармасын бастырып шығарды. Пушкиннің көркем сөзбен жазған шығармасын ақын поэзия тілімен аударған. Осы тұрғыдан келгенде, С.Сейфуллин ақынның осы еңбегіне ерекше баға беріп «Ләйлі-Мәжнүн» дастанына да өзіндік көзқарасын білдірді.
Шәкәрімтануға күн санап қосылып жатқан жаңа деректерге сүйенер болсақ, ақын мұрасы кеңестік дәуір тұсында да біршама зерттелгені көрінеді. Оған ақын мұрасы екінші рет ресми ақталған соң шыққан М.Базарбаевтың зерттеуі мысал [5, Б. 52-104]. М.Базарбаев ақынның баласы Ахат Құдайбердіұлымен хат алысып тұрған және мұрасының ақталуына көп септігін тигізгендігін, 1969 жылы жазылған докторлық диссертациясының бір тарауын ақын мұрасын зерттеуге арнағандығын да зерттеушілердің деректерінен танып жүрміз [6, Б. 366-371]. Осындай табылып жатқан тың деректер ақын мұрасының қаншалықты зерттелген сайын толыға түсетінін көрсетсе керек [7, Б. 49-53]. Зерттеушінің осы ойын жуырда жарық көрген белгілі шығыстанушы ғалым Ө.Күмісбаевтың мына сөздері растай түседі: «Мүсілім Базарбаев Шәкәрім туындыларының жарыққа шығу жолында көп бейнет кешкен көрнекті әдебиетшілердің, нағыз жанашыр қамқоршылардың бірі болды. Шәкәрімнің баласы Ахат қаншама қиындық кешті, соның бәрін Мүсілім аға көз алдынан өткізді, тоқырау заманының көп тегеріштерін көрді. Бірақ, шындық, әділеттілік жеңіп шықты. Шәкәрім жеңді. Мүсілім мерейі өсті» [8].
1975 жылы Ы.Дүйсенбаевтің ықпалымен «Краткая литературная энциклопедияның» 8-томына «Худайбердиев Шакарим» атты мақала енгізілсе [9], 1978 жылы М.Мағауин «Поэты Казахстана» деген жинақта ақынның бірсыпыра өлеңдерін жариялады [10]. Осындай іс-әрекеттердің ақын мұрасына тыйым салып отырған кезде Кеңестер Одағының астанасы Мәскеуде жасалуын сол тұстағы көзсіз жасалған үлкен ерлікке балауға болады. Себебі, бұл кезде мұндай әрекетті ақынның өз елінде жасау мүмкін емес еді. Кейін 1988 жылы Ж.Бектұров «Ақын мен жауыз» атты балладасын жазды.
Кеңестік дәуірде коммунистік идеология ақынның әдеби мұрасын жарамсыз етіп тапты. «Халық жауларының» қатарына енгізілген ақын есімін Кеңестік билік қазақ әдебиетінің бетінен алып тастады. Алайда Кеңес Одағының ыдырауы ақын мұрасының қайта қаралуына түрткі болды Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Шәкәрім мұрасының қазақ әдебиетіндегі орнын анықтауда белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметқанов зор еңбек сіңірді. Оның 1988 [11] және 1989 жылдары [12] «Семей таңы» газетінде және сол жылдары наурыз [13], сәуір [14], шілде [15] айларындағы «Қазақ әдебиетінде» жариялаған еңбектерін шәкәрімтанудың жаңа кезеңінің басталуы деп бағалауға болады.
Осы жылдары Шәкәрім мұрасын зерттеуде, оның поэзиясының идеялық, мазмұндық және поэтикалық ерекшеліктеріне үңілген мерзімді басылым беттеріндегі Ш.Елеукеновтің [16], М.Базарбаевтың [17], Ш.Сәтбаеваның Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысында [18], «Социалистік Қазақстан» [19], М.Мағауиннің «Лениншіл жас» [20], «Қазақ әдебиеті» [21], «Білім және еңбек» [22], тамыз [23], қазан [24] айларындағы «Жұлдыз» журналдарында және Ә.Тәжібаевтің [25], М.Мырзахметовтің [26], Р.Нұрғалиевтің «Арай» [27], «Заря» [28] журналдарындағы мақалалары негіз болды.
80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында ақын шығармашылығын зерттеу ісі тереңдей түсті. Шәкәрімтанушылар ойшыл ақынның рухани-философиялық мұрасын әр қырынан жан-жақты сараптап талдауға ден қойды. Шәкәрімтанудың белсенді дамуына М.Базарбаевтың [29], Ш.Елеукеновтің [30], Р.Бердібаевтың «Қазақстан мұғалімі» [31], «Лениншіл жас» [32] газеттеріндегі, Х.Сүйіншалиевтің [33], Т.Жұртбаевтың «Жұлдыз» [34] журналындағы мақаласы мен зерттеуі [35], Ө.Күмісбаевтың [36], А.Қыраубаевалардың [37] тың зерттеулері қомақты үлес қосты.
Шәкәрімнің шығармашылығындағы философиялық толғамдар туралы еңбектерді белгілі абайтанушы Ғарифолла Есім 1994 [38] және 1996 [39] жылғы зерттеулерінде, Абай журналының 1994 [40], 1998 [41] жылғы сандарында бірсыпыра мақалалар жариялады. Ал, ақын шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздерінің тамырларын 1989 [42], 1990 [43], 1992 [44], 1995 [45] жылдары жазған зерттеулері мен мақалаларында жан-жақты қарастырған Балтабай Әбдіғазиев 2000 жылы ақын шығармаларын тұтас зерттеген монографиясын шығарса [46], 2001 жылы «Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады [47].
Сонымен қатар Шәкәрім шығармашылығы көптеген кандидаттық диссертациаларда зерттеу негізіне алынды. Олардың қатарында А.Тілеуханованың [48], А.Айтбаеваның [49], Г.Әбдірасылованың [50], Г.Аюпованың [51] және т.б. кандидаттық диссертацияларын атауға болады. Алайда бұл аталған зерттеулер Шәкәрім мұрасын әр түрлі аспектіде, белгілі бір тақырып аясында қарастырғандықтан, оның күрделі болмысын түгел ашып бітті деуге болмайды. Әсіресе ғұлама ойшылдың дүниетанымдық ілімінің поэзиядағы көркемдік іздерін ғылыми саралау басы ашық тұрған мәселе. Өмір сүрудің мәні – адамның өз болмысына, жан дүниесіне үңілу, сол арқылы жаратушысын тану идеясы Шәкәрімнің ешкімге ұқсамайтын ақындық, әрі азаматтық үні. Осы даралығын поэзия тілімен қандай көркемдік деңгейде жеткізе білгендігі адам мен қоғам, адам мен жаратушы қарым- қатынастарының өлең өрнегінде бедерленуінің жолдарын зерттеу – қазақ әдебиетінің маңызды мәселелерінің бірі, әрі Шәкәрімтану ғылымын жаңа мағлұматтармен байытатын қажетті іс.
Шәкәрім Құдайбердиев шығармашылығын зерттеу мәселелеріне шолу жасай отырып ақынның адам, қоғам, дінтану мәселесі жүйелі түрде жеке зерттелмегенінің куәсі боламыз. Ақын творчествосында Адам – Қоғам – Дін мәселелері ең өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер оның поэзиясының дүниетанымдық және идеялық күретамырлары болып табылады. Ақын мақсаты адамды жөңдеу, қоғамды түзету және Жаратушыны тану. Осы құндылықтарды поэзиялық сипаттау, талдау, түсіндіру, уағыздау арқылы ақын қазақ халқына дұрыс өмір сүруді үйретуге ұмтылады. Ақын поэзиясының осындай терең тақырыптық, идеялық маңызы оның бүгінгі күн үшін, қазіргі халық үшін қажеттілігін анықтайды. Сол себепті, Шәкәрім шығармашылығындағы Адам – Қоғам – Жар – Жаратушы, және дінтану мәселелерінің поэзиялық бейленелуін, көркемдік шешім табуын дара зерттеу қазақ әдебиеті үшін кезек күттірмейтін қажеттілік деп білеміз. Қазақ әдебиеттануында Шәкәрім мұрасына байланысты бұл мәселелер жеке зерттелген жоқ.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының поэтикалық ерекшеліктерін ашу үшін оның дүниетанымына бойлау, ақыл-ойын қалыптастырған негіздерді саралау, сол арқылы қазақтың өлең өрнегіндегі өзіндік нақышын, даралық стилін сараптау міндет болып табылады.
Сөз зергерінің көркемдік жүйесінің қалыптасуындағы дәстүрдің ролін ұлттық фольклор мен жыраулар поэзиясының, сондай-ақ батыс пен шығыс мәдениетінің әсер ықпалын талдау арқылы оның шығармашылық жолының өсу, көркемдік поэтикасының сапалық белгілерінің қалыптасу бағыттарын сараптау.
Ең алдымен қаламгердің Абай шығармаларымен тақырыптық және поэтикалық үндестігін сараптау арқылы ұлы ұстазынан үйрене отырып, өзгеше көркемдік әлем қалыптастырған даралық сипатын анықтау. Екі творчестволық тұлғаның тақырыптық, мазмұндық, идеялық, ұстанымдық және дүниетанымдық сабақтастығынан туындайтын сөз кестелері мен көркемдік амал-тәсілдерінде, өлең өрнектерінде бедерленетін ерекше қолтаңбаларын айқындау.
Адам образын бейнелеуде Шәкәрім поэзиясындағы психологизм сипатын, адамның ішкі жан дүние сапаларын тірілту, жандандыру арқылы ерекше мәнде суреттеу тәсілін қалыптастырғандығы, сол арқылы «адамды түзету» идеясын көздегені, ал жеке адамның ішкі сапасының артуы бүкіл қоғамның болмысын айқындайтындығын шығармалары арқылы баян еткендігі талданады.
Мәңгілік тақырып махаббатты жырлаудағы ой-сезімнің поэтикалық бітімі мен терең сезімі, психологизм мен трагизмнің өзгешелігін сопылық поэзия сарындарын шебер пайдалана білген қаламгерлік ерекшеліктерін саралау арқылы белгілі тақырыпты толғаудағы өзіндік өрнегін айшықтау. Ақын қозғаған махаббат мәселесінің мәні жеке адамдар арасындағы сезім сипатынан асып, адам мен жаратылыс арасындағы үйлесім табиғатымен бірлікте алынуы арқылы өмірдің түпкі мән-маңызын ұқтыруға бағытталатынын айқындау.
Шәкәрім поэзиясындағы қоғам мен әлеуметтің өзекті тақырыптарын саралау арқылы оның поэтикасындағы сыншылдық пен реализм белгілерінің көрінісін тауып, өлең өнерін қоғамды оң бағытқа бұру жолындағы аса маңызды құрал ретінде пайдаланғандығын тұжырымдау. Шәкәрім қалыптастырған осы үрдістің қазақ қоғамындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі маңызын сараптау.
Ақынның көркемдік жүйесіндегі елеулі ерекшелік: оның өлең жүйесіне Жар, Жаратушы ұғымдарын енгізіп, жаратылыс сырын жырға қосуымен сол арқылы ғаламдық дәрежеде ой айта білгендігін дәйектеу. Ақын түсінігіндегі рухани бастау Алладан, жаратушыдан негіз алады, Алланы сүйген, жаратушысын танып шын жүрекпен сезінген адам жаңа сапаға жетуге ұмтылады, сол арқылы адам да, қоғам да түзеледі дейтін ой толғамдары қазақ поэзиясының мазмұндық та тақырыптық та көркемдік кестесінде де жаңа бір түзіліс тудырды. Зерттеуде осы мәселені анықтауға назар аударылады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің қол жеткізген ғылыми жаңалығын былайша сипаттауға болады:
Ең алдымен Шәкәрім Құдайбердіұлының поэзиялық шығармаларының поэтикасы кешенді түрде алғаш рет қарастырылады.
Ақынның поэзиялық мұрасы оның дүниетанымымен сабақтас алынып, адами тұрғыдағы өсіп-жетілу жолының өлең өрнегіндегі іздері алғаш сараланады.
Шәкәрімнің өзіне дейінгі рухани қайнардан үйрену әдісінің ерекшелігі ашылып, олардың ақын болмысындағы көріністері поэзия мысалдары негізінде дәлелденеді. Мысалы, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, шығыс пен батыс әдебиетінің ықпалы.
Абай мен Шәкәрімнің рухани үндестігі алғаш рет терең әрі жан-жақты сарапталып, ортақ белгілерімен ерекшелік, даралық сипаттары: «түзу адам» қалыптастыру, адамды түзеу, махаббатты жырлау, табиғатпен, жаратылыспен үйлесім, гуманизм мен сыншылдық т.б. мәселелер деңгейінде айқындалады.
Ақынның шағын көлемді лирикалық өлеңдері мен кең құлашты эпикалық туындыларындағы тақырып жалғастығы, көркемдік амал- тәсілдердің күрделену жолдары алғаш рет жүйелі түрде зерделенеді.
Шәкәрімнің «түзу адам» қалыптастырудағы психологиялық ішкі сапаны дамытудың мән-маңызын жоғары қойғандығы өлеңдеріндегі көркем жүйе арқылы дәлелденеді. Ақыл, жүрек, сезім сипаттарын жеріне жеткізе әсірелей суреттеу арқылы әрқайсысының жеке-жеке және тұтас қызметінің адам өміріндегі маңызын ұқтырудағы поэзиясының көркемдік қуаты алғаш рет сарапталады.
Ақындық табиғатындағы бөлекше болмысының айқын белгісі ретінде адам мен тылсымның арақатынасына бойлау, сол арқылы адамзаттың көнеден бүгінге дейінгі мәңгілік тақырыптары: өмір мен өлім, жан мен тән мәселелерін қозғау екендігі анықталады. Осы мақсаттағы «Жар», «Жаратушы» ұғымдарының мәнін ашып көрсететін өлеңдері көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет зерттеу назарына алынады. Осы мәселенің ықпал әсерінен махаббат ұғымының да аясы кеңіп, ол адамзатты, жалпы өмірді сүю ұғымына ұласатындығы дәйектеледі.
Ойшыл ақынның күрделі мәселелерді қалың жұртшылыққа ұғынықты, жатық тілде ұқтыра білудегі көркемдік амал тәсілдерді (диолог, монолог, автор сөзі, кейіпкер сөзі, баяндау, т.б.) шебер қолданудағы өрнегі айқындалады. Ақынның тың поэтикалық ізденістерінен туған «жүрек көзі», «көңіл көзі», «ішкі көз», «ақ жүрек», «таза жүрек», «кіршіксіз ақыл», «шын ақыл» секілді эпитеттік қолданыстардың мәні ашылып, олардың қазақ әдебиетінің көркемдік келбетін көркейтудегі рөлі анықталады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: – Ш. Құдайбердіұлының шығармашылық поэтикасы өзіндік ерекшелігі бар күрделі көркем жүйе.
Ақын туындыларының көркемдік келбетін құрайтын компоненттер оның күрделі дүниетанымымен ғаламдық сипаттағы ой-танымымен тамырлас. Өйткені ұлттық құндылықтарды ғана емес, адамзаттық ақыл-ой жетістіктерін еркін игерген ғұлама ойшыл қазақ өлеңінің көркемдік деңгейін де биікке көтере білген.
Шәкәрім поэтикасы қазақтың халық шығармашылығының дәстүрінен, шығыс пен батыс мәдениетінің озық үлгісінен игере тұра өзіне ғана тән айшығы анық көркемдік құрылым ретінде бағалы.
Сөз зергерінің даралық қолтаңбасы рухани ұстазы Абай тағылымымен әрі сабақтас, әрі өзгеше. Шығармашылық еңбегінде ұстазының ұлағатын ұстанған Ш.Құдайбердіұлы оны тың тұжырым, келісті көркемдік нақыштармен толықтырған, жетілдірген, түрлендірген. Сол арқылы рухани үрдістің өткен ғасыр басына дейінгі даму жолын жалғастырған.
Өзгеше поэтикалық болмысты туындылар иесінің бұрынғы ұғымдардың өзін күрделендіріп, тереңдете толғағандығы өмір мен өлім, жан мен тән, адам мен қоғам, адам мен жаратушы қарым-қатынасын өлең сөзбен зерделегенінен көрінеді. Діни таным түсініктердің қалыптасқан қағидаларына шығармашылықпен қараудың нәтижесінде бұл ұғымдардың бәрін жаңа мазмұндағы адам тұлғасын қалыптастырудың жолы ретінде ұсынған. Мәселен, «Иманым» атты өлеңдер топтамасындағы көне замандардан келе жатқан символдық ұғымдардың көркемдік мәнде жұмсалуы осыны айғақтайды. Сондай ақ ақын «түзу адам» қалыптастырудағы жан көріністерінің ішкі сипатын жандандырып «ар», «ақыл», «ынсап», «рақым», «қанағат», «еңбек», «ақ жүрек», «ақ ниет» ұғымдарының поэтикалық образын тудырған. Сөйтіп көркем әдебиеттің тәрбиелік- тағылымдық қуатын жаңа арнаға бұрып, биік белеске көтерген.
Зерттеу нәтижесіндегі негізгі тұжырым түйіні – Шәкәрім шығармашылығында махаббат, сүйіспеншілік сезімдерінің мән- мазмұнының тереңдеп, жалпы ғаламдық, адамзаттық ауқымда алынуы. Махаббат құдіретін адам жанын ізгілікке, мейірімге толтырып сол арқылы оның бүкіл болмысына әсер ететін күш ретінде бейнелейтін сыршыл ақын бұл идеясын адам мен жаратушы арасындағы байланысты көрсетуде одан әрі биіктете түскен. Ақынның жаратушы жайындағы ой-толғамдары өзіне дейінгі әлемдік ілім қағидаларды игеріп, өз таным мен жүрегінен өткізудің нәтижесі. Мұсылмандық мифтегі Жаратушының мейірім мен жақсылықтың қайнар көзі, дүниенің нұрлы сипатының себепкері ретіндегі тұлғасын өз шығармашылығында шебер пайдаланған. Осы арқылы «Жар, Жаратушы» секілді сөз ұғымдарын тудырып және соны тануға ұмтылу арқылы жеке адамның сапалық өзгерістерге түсу жолдарын өлең өрнектері арқылы тағлым еткен. Осы аталған күрделі ой таным белгілері ақынның шағын философиялық лирикалары мен кең тынысты эпикалық туындыларында жан-жақты көрініс тапқан.
Ақын өлең құрылысында (ұйқас, бунақ, тармақ) көркемдік амал- тәсілдерді пайдалануда бұрынғыны жаңартушы, жаңғыртушы ретінде көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |