4. Онтологиялық нормадан прагматикалық ауытқу. Онтология – ақиқат дүниенің тілдік бейнесі, болмыстың жалпы адамзатқа тән, я болмаса белгілі бір мәдени-тілдік қоғамдастыққа тән құрылымдары, заңдары, формалары. Мысалы, қазақ қоғамындағы мәдени, тұрмыстық санада құда “сыйлы адам”, “мыңжылдық жекжат”. Осы түсінік құрмаласқан құда, құшақтасқан дос, т.б. сөз орамдары арқылы репрезентацияланады. Тілдік ұжымның санасындағы ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңіндегі мына жолдар дәлме-дәл береді: Қазақ – осы құда бол деп қинайтын, құдаларын құдайдай-ақ сыйлайтын. Ұлы Абай өзінің “Қыс” деп аталатын өлеңіндегі осы онтологиялық норманы прагматикалық мақсат көздей отырып бұзған. Ақын қысты әлекке түсіретін кәрі құда түрінде сипаттау арқылы, яғни параонтологиялық тәсіл арқылы оқырман зейініндегі автоматизмді бейтараптандырады.