ЖҰмыстың жалпы сипаттамасы



бет2/4
Дата04.11.2016
өлшемі0,76 Mb.
#211
1   2   3   4

Автордың   бейнесі    – әдеби   шығармадағы   жазушының   өз   тұлғасының      көріну   қалпы.   Автордың   идеялық   нысанасы,   көзқарасы,   ұғым-түсініктері  ,   наным-сенімдері, көркемдік   принциптері,   суреткерлік   шеберлігі   бәрі   кең,   толық   мағынасында, әрине,   шығарманың   өн   бойынан,   бүкіл   құрылыстар   бітімінен,   идеялық-көркемдік   сипатынан   танылады [22,30].

  Бұл   жөнінен   келгенде,   Мырза     Хайдардың   лирикалық   бәйіт-өлеңдері   автор   бейнесін   сомдауға, оның   ішкі   жан   дүниесін   тереңірек   сезінуге   мол   мүмкіндік   береді,   қаламгердің   суреткерлік   шеберлігін   тануға   көмектеседі.

        Әрине, ғұмырнамалық   шығармада   автордың   жеке   тұлғасына   мейлінше   көңіл   бөлінетіні   мәлім,   ал  егер   бұл   эпикалық   сарындағы   көлемді   эпопея   болса,   онда   қаламгердің   өзі   туралы   “ештеңе   бүкпестен”,   өмір   тарихының   әр   кезеңін   тәптіштей   әңгімелеп   беруіне   жағдай   бар.  А.  Байтұрсынұлы: “Өмірбаян   жазудағы   мақсат – белгілі   болған  адамның   өмірі   қалай   басталып,  қандай   күйде  өткенін   көрсету» [25,399] деген   болатын.   Осыған  орай,   Мырза   Хайдардың   да   жеке   басына   қатысты   жақсылы – жаманды   оқиғалар   мен   мінез-құлқындағы  артық-кем  қасиеттерін   жасырмай   жазып  отырғанын   көреміз.   Мәселен, “Тарих-и   Рашидидің”  41-42  беттерінде  автордың  ата-тегі,   өскен   ортасы,   моғол  ханының   өз   отбасыларына   деген   көзқарасы   және    Мырза   Хайдардың   жеке  кісілік,   кәсіби  һәм   жауынгерлік   қасиеттері   сипатталады.

            Мырза   Хайдар Саид ханның балаларымен өзтуыстарынан шеттетіліп, қатты қуғындалғанын жазса да,оларға   деген   қандастық,   адами   сезімін   жоғалтпайды.  Ағайындарының   қатыгездігі  туралы   бәйітінде:

        Сен   жұмаққа   бет   алсаң, соңыңа  ертіп  халықты,

Кейбіреулер   сен  үшін   дайындайды   тамұқты, – десе,  олар  жайындағы   өз   ниетін:

         Сенің   шерің  һәм  құсаң – уайым, қамым  ол  менің,

         Қаталдықтың өзімен   сүйеу  болып  келгенің.

         Көзің  түсті – мен  үшін  соның  өзі   зор   бақыт,

       “Бұл  да   менің   тұтқыным” деп  білгейсің  бір уақыт [10, 41 б.]  – деген   өлең   шумағымен   білдіреді.   Жоғарыда   келтірілген   үзінділердің   өзінен-ақ,  Мырза  Хайдардың   қандай  әулеттен   шыққандығы,   ғылым-білім  мен  кәсіптерді   меңгеру  жайынан,  әскери   істерге   қатысы,  сондай-ақ,  өнері   мен   ақындық,  жазушылық   қабілетінің   деңгейінен  жеткілікті   мәлімет   береді.      

Автор оқиғаларды баяндау барысында, өз кейіпкерлерінің образын тереңірек ашу мақсатымен өлең жолдарын да пайдаланып отырған. Мәселен, қаламгер Сайд ханның, мырза Әбу Бәкірдің, әкесі мырза Мұхаммед Хұсейіннің, Әбдірашид ханның образдарын кейіптеуде белгілі шығыс шайырлары Фирдаусидің, Сағдидің, Әнуаридің, Жәмидің, Бабырдың, Науаидың туындыларымен қоса, өзі біраз бәйіт, рубаилар шығарып, пайдаланған. Еңбектің поэзиялық бөлігін түрлі әдеби тақырып және жанрлары бойынша жеке тарауларға бөліп жазған едік. Сондай-ақ, «Мырза Хайдар және оның исламдық дүниетанымы» атты тарауда автордың саяси ұстанымын барынша дәйекті түрде қарастырдық, оның діни идеалдарын сопылармен қарым-қатынасына орай айқындадық.

Шығарманың басты ерекшелігінің бірі – Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымында жатыр. Екіншіден, Мырза Хайдар өз кейіпкерлерінің қадір-қасиетін, ішкі психологиялық ахуалын бейнелеуде, тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты өз көзқарастарын танытар тұста Құран аяттарын басты өлшем ретінде алады. Исламдық тұрғыдан баға береді. Бұл жалпы шығыс әдебиеті стиліне тән ерекшеліктің бірі.

Мырза Хайдар шығыс әдебиетінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі - «тәзминді» (қазақшалап айтқанда «кепіл сөз» деп аталады) пайдаланған. Бұл тәсілде автор басқа бір ақынның өлең жолдарын, мақал-мәтел немесе ел ішіне кеңінен тараған қанатты сөздерді өз ойын айқындауға, әсерлілігін арттыруға әңгіме арасында келтіріп отырады.

Шығарманы баяндаудың тағы бір стильдік ерекшелігі – «Тәлмиһ», қазақша айтқанда, ишаралау тәсілін пайдаланғанымен айшықталады. Негізінде «Тәлмиһ» көзбен ишаралау деген мағынаны білдіреді. Көркем шығарма ілімінде ақын, айтушы яки жазушы өзінің сөзінде не баяндауында бір хикаяға немесе Құран Кәрім аяттарына, хадиске яки халық арасында танымал болған өлең жолдарына сілтеме жасап, өз ойын қуаттай түседі.         Автор «Тарих-и Рашидидің басталуы» атты бірінші тарауында Тоғылық Темір ханның ататегінің шежіресін тізбелеп келе, оның атасын Аланқуа деп атайды. Аланқуа Көріктің ұлы. Көрік пәк әйел болған. «Оның ішіне нұр сәулесі еніп, жүкті болатыны» туралы аңызды «Зафарнамеден» келтіреді. Көріктің күйеусіз жүкті болғанын Мариям ұлы Исаның күйеусіз-ақ дүниеге келгенін салыстыра мысалдап, сол оқиғаға ишаралайды. Онда: «дәл осылай Жебрейілдің дәнекерлігімен Имранқызы Мәриям да күйеусіз жүкті болған еді. Екі оқиға да Алланың құдіретімен болған жай» [10, 44 б.] деп түйіндейді. Осы тәріздес әдеби тәсілдер шығыс әдебиетінде «тәлмиһ» (ишаралау) деп аталады.

Оның шығармасында көрініс тапқан қазақ сөздері бүгін де сол күйінде, сол мағынасында пайдаланылады. Бұған дәлел ретінде «қоналқы», «сауын», «талқан», «олжа», «жар», тағы сол сияқты сөздерді келтіруге болады.

Қорыта айтқанда, Мырза Хайдар өз еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап қана қойған жоқ, сонымен бірге барлық ұлы ғалымдар сияқты өзі зерттеген тақырыпта жақсылық пен жамандықтың, білім мен надандықтың өзара мәңгі үзілмес егесін де баяндады. Ойшыл ғалым: «Парасатты ақыл - нағыз ерліктің жол сілтеушісі. Ақылдылық пен парасаттылықтың пайдасы оқ пен семсерден артық. Жебе қаншалықты айбатты болғанымен, нағыз жеңіске тек ақыл ғана жетелейді», - деп жазған. Сондықтан «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тарихи құндылығымен қатар философиялық тұжырымдары да өте маңызды. Шығарманың даналық сөздері Мырза Хайдардың шығармадағы философиялық ойлар мен орайласып жатуы да оның жазу стилінің ерекшелігін байқатады.

                                «Тарих-и Рашидидің» көркемдік табиғаты» атты тарауда шығарманың поэтикалық ерекшеліктері жан-жақты талданады.

Академик З.Қабдолов: «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады» [27, 31 б.] деп жазған болатын. Демек, Мырза Хайдар еңбегінің көркемдік-эстетикалық маңызын осы тұрғыдан қарастыра отырып, ғұлама шығармасына тән поэтикалық әдіс-тәсілдердің асыл тегін автордың өз заманындағы қоғамдық-әлеуметтік көзқарастары мен  ақындық ортасынан сол дәуірдегі әдебиеттің даму заңдылықтарынан іздеген жөн.

Шынында да Мырза Хайдар Дулат аса талантты жан болғандығы мәлім. Ол туралы өзінің туған бөлесі тамаша тарихшы әрі шайыр, даңқты падиша Бабыр: «Он саусағынан өнер тамған жігіт. Ақындық дарыны да бар еді» [11, 31 б.] деп тегін   жазбаса керек. Сұлтан Мырза Хайдардың «тегіне тартып, өнерлі азамат болғанын көреміз. Сірә, біраз уақыт жанында жүріп, Мырза Хайдар Бабырдан біраз тәлім-тәрбие алған болатын.

Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиде» өз дәуірінің бірталай белгілі шайырларына тоқталып, олардың әрқайсысының ақындық машығы мен шығармашылық ерекшеліктеріне соғып өткен. Ол әсіресе, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи, Шейх Ахмед Сухали, Хұсейін Әлі  Жалайри, Хилали, Бинаи, Сейфи, Мұхаммед Бахши, Мәулана Камал т.б. ақындардың есімдерін құрметпен еске алады [10, Б.224-230]. Мырза Хайдардың «… Ақындарға арналған кітап бөлімін қайтадан Хазірет Маулана Жәми есімімен бастаған жөн, сондай-ақ Хорасан әулиелері жайындағы бөлімде әулие кісілердің басы, атақтылардың атақтысы, адамзаттың мақтанышы Мәулана Нұраддин деген Әбдірахман Жәмидің есімімен бастау лайық болмақ» [10, Б.224] деген пікір де оның Жәмиді аса қадірлеп, өзіне ұстаз тұтқанын көрсетсе керек. Сонымен бірге Науаи мен Бабырға да ілтипатпен қарап, шығармашылық жолында олардың еңбектерін әрдайым үлгі ретінде ұстанғаны байқалады.

Әйтсе де, «Тарих-и Рашиди» жанры жағынан ғұмырнамалық, тарихи мемуарлық шығарма болғандықтан, оның сюжеттік құрылымы жөнінен парсының белгілі тарихшысы Шарафуддин Әли Издидің әйгілі «Зафар-намасына» көбірек ден қойғанын байқау қиын емес. Бұл орайда Мырза Хайдардың өз кітабының он жеті тарауын аталмыш еңбектің үзінділерімен толықтыруын осы ойымызды растай түседі.

Зерттеу барысында Орта ғасырлық көптеген ғұмырнамалық және тарихи– прозалық шығармалардағы секілді «Тарих-и Рашидиде» қара сөзбен баяндалатын әңгімелер арасында «қыстырма» бәйіттер мен ғазалдардың» яки  рубаилар мен жекелеген мисралардың жиі ұшырасатынына назар аудардық. Бұл – осы жанрда жазылған шығыстық жәдігерлердің көпшілігінде кездесетін тұрақты құбылыс, әдеби заңдылық. Мұны ғұмырнамалық шығарма жазушылар әдейі қолданатын ерекше көркемдік әдіс десе болғандай. Тарихи оқиғаларды баяндау барысында өзінің не болмаса, өзге бір шайрдың өлеңдерінен үзінді келтіріп отыру – «Бабырнамаға» да тән. Әдетте бұл тектес қысқа бәйіт не ғазалдың мағынасы суреттеліп отырған оқиға мазмұнымен үндес, астарлап келеді. Мысалы, Бабыр сұлтанның аталған шығармасында оған сатқындық жасаған Хасан Жақып мырза түнгі шайқас кезінде өз адамдарының бірінің жебесінен қаза табады. Автор: «Ол қашып кете алмай өз ісінің құрбаны болды» дей келіп:

Бір зұлымдық жасасаң, тартасың бір зардабын,

Өзгерте алмас ешкім де табиғаттың заңдарын [11, 47 б.],

 - деген бәйітті келтіреді.

Мырза Хайдар да сөз арасында басынан кешірген жағдайлардың ретіне, ыңғайына қарай сол оқиғаға қатысты тарихи тұлғалардың, ұстаздары мен замандастарының, әрине, көбінесе өзінің өлеңдерінен үзінділер беріп отырған. Ол Сұлтан Саид ханның сарайында жиырма төрт жыл қызмет еткен және оның мәрттігі мен поэзияға құштарлығына тәнті болған. «Сұлтан өлең шығарғанда оның күш-қуаты мен дарынына тең келер адам өте сирек кездесетін. Ол ешқашан өлеңді ойланып отырып жазбайтын, ылғи шабыттанып айтатын» - дей келе Мырза Хайдар ханның бірнеше бәйіттерін мысалға келтіреді:

Қай гүлзарға барсаң да гүл кездеспес тең саған,

Сен гүл болсаң, мен бұлбұл шын ғашығын аңсаған.

Мен жәннаттан іздеймін өзің туған төркінді,

Көрсін халық нұрыңды, көрсін сенің көркіңді [10, 138 б.].

Мырза Хайдардың жазуынша Сұлтан Саид хан өте білімді, арабша нәсх және насталик жазу үлгілерін жетік меңгерген әрі түрлі жанрдағы шығармаларды құштарлана оқитын білімдар кісі болған. Бұған қарағанда, «Тарих-и Рашиди» авторының сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін оятқан да осы – Сұлтан Саид хан деп түюге негіз бар.

Жалпы аралас стиль жөнінде айтқанда, бұл әдеби құбылыс тек ортағасырлық түркілік мұраларда ғана емес, біртіндеп өмір сүрген Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, т.б. қазақ қаламгерлерінің шығармашылығында сирек те болса кездесетінін атап айтқан жөн. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің арасында тілдік тұрғыдан да, тақырыптық-идеялық жағынан да терең байланыс барын сеземіз. Бұл жөнінде академик Р.Cыздықованың: «Абай сияқты гуманист ойшыл суреткер өз заманы, өз замандастарының мінез-қылықтары, ондағы қайшылықтар туралы күңірене толғаған ойларын көркем сөздің бір ғана тәсілі - өлеңмен ғана білдіріп қоймай, оған қоса прозамен де қайталай түсуі немесе керісінше, қара сөзбен айтқан ойын екінші қайыра, жанына жақын поэзия тіліне аударуы әбден заңды нәрсе» [28, 242 б.] – деген пікірлерінің жаны бар.

«Тарих-и Рашиди» авторына өзі сөз етіп отырған ақсүйек яки әміршінің тіршіліктегі бірер ғана кісілік істерін не оның кемшілік қасиетін айтудың өзі әлгі адамның «кім екендігін» айқындауға жетіп жатыр. Мысалы, Мырза Хайдар Дос Мұхаммед хан туралы: «Оның жасы он жетіде болатын. Ол  парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын, бір сәтте мастықтан есін жиған емес» [10, 115 б.] деп жазды. Бар болғаны екі сөйлем. Осыдан-ақ аталған әміршінің кісілік дәрежесі қандай екенін пайымдау қиын емес. Әдебиеттанушы З.Қабдолов жазғандай, «деталь – затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтыс, түгел және бірден, шапшаң танытатын нақты штрих» [27, 98 б.].

Жалпы, Мырза Хайдар шығармасының көркемдік құндылықтары Исламдық шығыстың даналық иірімдерінен бастау алатындығы ерекше назар аударады. Бұл орайда зерттеуші В.Т.Поляковтың: «Мырза Хайдар әдебиетке Алла образы мен Ислам құндылықтарын енгізе отырып, әміршілердің әрбір қадамын шариғат пен имандылық талаптарына орай өлшестіре пайымдаған» [23, 55 б.] деген тұжырымына біз де қосыламыз.

Ортағасырлық қаламгердің ғұмырнамалық шығармасындағы бейнелеу тәсілдері де негізінен автор жастайынан оқып, тәлім алған, барша қағидаларын тал бойына терең сіңірген Құран ережелеріне және сол дәуірдегі айрықша белең алған сопылық ағымға тән астарлы сарындар мен аллегориялық әдістерге көбірек сүйенгені де тегін емес еді. Бұл дәстүр – Сағди, Хафиз, Фирдауси, Жәми, Науаи, Низами, Лутфи, Хоремзи, Сараи, Йасауи, Бақырғани т.б. парсы-түркі шайырларынан бастау алып, ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Абай, Шәкәрім, Әбу Бәкір, Мәшһүр-Жүсіп сынды қазақ ақындарының шығармашылығына дейін үзілмей жеткен ғажайып құбылыс, діни сарындар мен адами аңсарлары үндескен ұлы сыршыл поэзия мектебі.

Мұсылман әлемінде, әсіресе Шығыс поэтикасында әуелгі басқышқа табан тірейтін мұндай тәсіл Қазақ әдебиетінде де берік орын тепкені мәлім. Басқасын айтпағанда, ақын Абайдың: «Әуелі, Аят, хадис – сөздің басы» деуі [10, 31 б.] осы пікірге толық дәлел.

«Тарих-и Рашидиде» Құран аяттары мен Хадис сөздер өте жиі ұшырайды, тіпті шығарманың барлық тарауларында бар деуге болады. Сондықтан, көркемдік тәсілдердің өзге түрлеріне тоқталайық. Мәселен, мына бір үзіндіден Мырза Хайдардың суреткерлік талантының кемелдігін айқын танимыз: «Әлем билеушісінен жол сілтер самал әрдайым есіп тұрса, онда жүректің раушан гүлзарында Иман қауызы ашылар еді» [10, 43 б.]. Бұл сөйлемдегі асты сызылған сөз тіркестері күрделі метафора – ауыстыруға жатады.

Мырза Хайдар шығармасының өн бойы осындай күрделі, бейнелі тіркестермен, айшықты ауыстырулармен көмкерілген кейіптеулерге, көркем сөз маржандарына толы. Мына мысалдар осыған айғақ: «Батырлығына келсек, қаһармандық орманы – арыстан іспеттес. Ал буырқанған теңізде аждаһаны жұтып қояр акула сынды көрінеді. Шешендігі - әсемдік теңізінің бірегей жауһарындай әрі көз жауын алар гауһармен айшықталған ғажайып сандықшадай көрінетін. Алуан түрлі саз аспаптарын шебер жандандырып орындайтыны соншалық, оның жанында Шолпан һәм саз бағында сайраған бұлбұлдар әуені көмескі тартып қалатын. Шарапатты шабыты қара сөздің өзін жақұт жырға айналдыратын» [10, 168 б.]. Ондағы қаһармандық орманы, әсемдік теңізі – метафораға жатса, қалғандары «көз жауын алғандай» теңеу, айқындаулар. Дегенмен, автор Әбдірашид ханның бейнесін аталған көркемдік құралдары арқылы сомдай отырып, портрет пен кейіптеудің ерекше әсерлі үлгісін ұсынған.

Ал «Тарих-и Рашидидегі» эпитеттердің, яғни нақты айқындауыш сөздердің өзі бір төбе. Оларды түске, сапаға, қасиетке және сын-сипаттық, т.б. мағынасына қарай топтастыруға болады. Мысалы мұндай эпитеттерге: жапырақсыз гүл, тақуа имам, діндар әмір, арсыз маңдай, ғұлама ғалым, мүбәрак жүз, құлын дене, бал ерін, шикі ой, құрма бой, лағыл ерін, гауһар тас, азапты өлім, кең пейілді ілтипат, сарғайған жүз, нұрлы әлем, көктемгі қызғалдақ, жетімдік мұңы, жоқшылық азабы, жібек белбеу, бал шарап, бақытты жан, алтын тостаған, күміс белбеу, алтын тақ, ақша бұлт, сәуір күні, қалың қосын, қара бұлт,  көк аспан, сәулелі жүрек, ер жүрек, жомарт жанды, ақылды жан, шын ғашық, буырқанған теңіз, әлсіз қалам, алтын ай, сұлу бұрым, т.б.

Жоғарыдағы мысалдардан ақсүйектер сарайына тән салтаннатты тұрмыс пен Моғолдардың жауынгер бектерінің өмірін шынайы әрі биік рухта бейнелейтін әсерлі де әдемі тіл өрнектерін аңғару қиын емес.

          Ортағасырлық мұраның көркемдік бедерін ажарлау тәсілдерінің бірі – теңеу. Мырза Хайдар Шаһибек хан мен Хұсрау шаһ арасындағы қақтығысты баяндай келе: «Ол келесі жолы келгенде [Хұсрау шаһтың адамдары] қолын бір сілтегеннен – ақ дастархан үстіндегі шыбындай бытырай кететінін түсінді»  [10, 148 б.], - деп жазған болатын. Автор әскердің қашар сәттегі көрінісін жай шыбындардың емес, дастархан үстіндегі құжынаған шыбындардың қалай шошып ұшқанына ұқсатып, тың теңеулермен соны сурет жасаған. Мырза Хайдар қаламы – жүйрік, қиялы ұшқыр. Ол кез-келген құбылысты әсерлі суреттермен безендіріп, көріністерді салыстыруда жоғары шеберлік танытады. Сондай –ақ, оның теңеулері де кейде қалыпты қолданыстағы – дай, -дей тұлғасынан басқа да тілдік оралымдар арқылы жасала береді. Мысалы, автор өз әкесінің Хорасанның сол кездегі орталығы  - Герет қаласына келген кезін «Әкем жәннатты еске түсіретін қалада үлкен құрмет пен іззетке, түрлі сый – сыйапатқа бөленді» [10, 236 б.] деп сипаттайды. Бұл жерде жазушы Герат шаһарының сұлу келбетін жәннат бағына теңеу арқылы аталған қаланың ғажайыптығын қайталанбас образ арқылы жарқырата ашқан. Мұны – ежелгі шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде кең қолданыс тапқан «табу» - жасырын бейнелеу әдісіне де жатқызса артық емес. Мәселен, мына тұста жазушы Шаһибек ханның Хоросан жерінде әкесін, яғни Мырза Мұхаммед Хұсейінмен Сұлтан Махмұд ханды өлтіріп, көптеген ақсүйек әулеттерін және олардың сарбаздарын қалай қырғынға ұшыратқанын былайша сипаттайды: «Ол қысқа уақыт аралығында соншама көп мемлекет басшыларын, лауызымды адамдарды құрдым желіне тозаңдай ұшырды, олардың көкке ұшқан күлінен аспанға шаншылған бағана көтерілді, ал олардың күрсініс желінен сол далада құйын ұйытқыды» [10, 249 б.]. Бір қарағанда осы көрініс ұлғайтудың ғажайып үлгісі, тіпті айшықтаудың тағы бір түрі, градацияға (дамыту) жақын тұр. Автор өзінің Шаһибек ханның зұлымдығынан аман қалғаны үшін Алла тағалаға көп шүкіршілік, мадақ айта келіп: «Егер Алла ерік бермесе [қандай бір іске болсын]... Жендеттер де пенденің басындағы бір тал шашын да қисайта алмайды, қырық аяқтың бір аяғын да кеміте алмайды» [10, 249 б.] деп жазады. Мұнда, керісінше, автордың бір тал шаш, қырық аяқтың бір аяғы секілді сөз тіркестерін кішірейту – литота тәсіліне қоланады, сөйтіп айтайын деген ойы мен өзінің әлгі оқиғаға байланысты көңіл-күй толғаныстарын әсерлі жеткізе білген.

         Осындай бейнелі сөздер Сұлтан Саид хан мен Мырза Әбу Бәкірдің арасында Қашғар маңында өткен соғысты суреттеуге пайдаланылған. Мәселен сол көріністегі тұлпар аттың образына қазақтың «Қобыланды» жырындағы Тайбұрылдың шабысы көзге елестейді:

 Тұяғынан тұлпардың айналды сол заматта,

                        Аспан алты, жер жеті, таулар тоқсан қабатқа [10, 337 б.].

Немесе: «Қалын қосын аспанды найзаменен тірепті», «Осыларды көргенде күнің қашып, Ай батты» [10, 338 б.] деп келетін өлең жолдарындағы ұлғайту мен дамыта әсірелеудің айрықша көркем нұсқаларын оқыған жанның тамаша эстетикалық әсер алары даусыз.

Ғұмырнамалық шығармада орын алған көркемдік тәсілдердің бірі – шендестіру, егіздеу (параллел) әдісі болып келеді. Фигураның (айшықтау) бұл түрлері адам өмірі мен табиғатты, құбылыс пен затты, кереғар ұғымдарды салыстыру арқылы жасалады. Мәселен, егіздеудің синтксистік, психологиялық және фәлсафалық үлгілері ұшырасатыны мәлім. Мысалы, «Ертеңгісін Шығыс күні ұстарадай семсерін Көкжиек қырына суырып алған кезде, оны шұғыласының сәулесі әлемді тұрландырып жіберді, нұрлы әлем ханның көз алдында қараңғы тартты» [10,260]. Мәтінді шола отырып, оның мағынасы психологиялық егіздеуге құрылғанын, яғни Сұлтан Махмұд пен Сұлтан Халел Шаһибек ханнын түрмесіне қамалып, ал Сұлтан Саид ханның өзіне де осында «сый» әзірленіп жатқан сәтте оның көз алды тұманданып, жарық дүниені қараңғыдай сезінуі әбден заңды емес пе? Мына бір үзінді де жазушы қиялының ұшқырлығы тағы байқалды: «Мен оған қазір ажалдың шәрбет кесесін думан кесесімен ластау – адамгершілікке жат, қорлау деп қаншама айтқаныммен пайда болмады... Қызғылт шарап Шаһибек ханның үкімінен сары аурудай сарғайған жүздерді раушан гүлі  мен  көктемгі қызғалдақтай қызартып алаулатты» [10, 261 б.].

Автор кей тұста қарама-қарсы ұғымдарды антитезалық реңде шебер шеңдестіреді: «Әйтеуір кісі өлетін анадай жоқшылық пен тоуқыметтен, жанныңды шүберекке түйген қапастан кейін мынадай дархандық – аста-төк молшылық пен тыныштыққа кенеледі деп кім ойлаған» [10, 269 б.]. Мәтінде асты сызылған сөздер антонимдік қатар түзе отырып, Мырза Хайдардың азапты күндерден кейін Саид ханның сарайына – салтанатты өмірге тосыннан тап келген кезін өте тамаша сипаттаған. Жалпы кітаптің өн бойында осы тектес антонимдік контрасқа негізделген шебер шеңдестірулер мол. Мына бір бәйттен де осыны аңғарамыз:

Достық бағын бағып күт, бұлбұл сайрап береді,

Қастандықтың талын жұл, бұл да қайрат береді [10, 271 б.].

Осындай тәсілмен «Зұлымдықтың ащы дәмі» мен «Дүниенің тәтті дәмі», «Тозақ терезесі» мен «Жұмақ есігі», «Ақиқат пен өтірік», Қайғы мен қуаныш», «Ақ пейіл мен қара пейіл», «Жеңіс пен бақытсыздық», «Мұсылман мен кәпір», «Сағыныш пен жек көру», «ажырасу мен қауышу» т.б. әр алуан ағымдардың тіркесуі нәтижесінде антоним арқылы егізделген, шендескен күрделі әрі айшықты суреттер беріледі. Бұл қатардағы бейнелі қолданыстарға синонимдік  (мағыналас, ұғымдас сөздер) тіркестер де жатады. Мысалы: «Ақ бөкендей ағызып, құйындайды киіктей» деген бәйіттің жолында түз тағысы екі түрлі аталса да, оның бір ғана «киікті» айтып тұрғанын және осы қайталау арқылы жырдың экспрессивтік қуатын күшейтіп тұрғанын байқаймыз.

Мырза Хайдар еңбегінде табиғат пейзаждары да ұшырасады. Ол айнала қоршаған әлемді өзі сипаттап отырған оқиғаларға қатыстыра отырып, ғажайып көріністерді көз алдыңа әкеледі. Мысалы: «Жұлдыздар әміршісінің жалауы шығыс жиегінен желбірей көтеріліп, аспанның көк күмбезі түн қараңғылығын сейілте бастаған кезде олар жорыққа аттанды» [10, 341 б.]. Тұнық түн, таңғы аспанның бейбіт шапағы және соғысқа аттанған моғол жауынгерлерінің дабылы қайшыласқан өмірдің шынайы, контрасты бояуын танытқандай. 

Мырза Хайдар шығармасында бұл айтылған көркемдік әдістерден басқа идиомалар (тұрақты тіркестер), даналық сөздер, мақал – мәтелдер, сондай –ақ Ислам дінінің имандылық негіздерінен мәлімет беретін, әрі фәлсафалық ойға құрылған көптеген астарлы сөздер, эвфемизмдер т.б. ұшырайды.

Тұрақты тіркестердің қатарында мынадай үлгілер кездеседі: Жанын шүберекке түйіп жүрген; құралайды көзге атқан; алауыздық пайда болды; ат құйрығын кесісіп, кірпік қақпастан; ат басын тіредік; қой үстіне торғай жұмыртқылаған заман; мұрнының ұшынан артық жерді көре алмайтындар; тасқа таңба басқандай, құйрығын қысты; көңілдері су сепкендей басылды; шаш ал десе ,бас алған; қара қылды қақ жарған; төбесі көкке жетті; т.б.

А.Байтұрсынұлының: «Діндар дәуірде насихат айтушылар насихатын шариғат жолына тіреп айтқан» [25, 437 б.] деген пікірі Мырза Хайдардың Ислам дінінің тірегі Алла мен Құран сөзі, Пайғамбар хадистері мен мұсылман ғұламаларының даналық өсиеттерін мүмкіндігінше кең пайдаланғанына орайласады.

«Тарих-и Рашиди» кітабында кезігітін эвфемизм – яғни «сыпайылап айту» үлгілері де көркемдік әдіс ретінде кеңінен орын алған. Бұл әдеби тәсілдің өзі де ілкіде сөз еткендей, ислам мәдениеті мен біте – қайнасып жатқан, шығыс халықтарының оның ішінде Орта азия түркілерінің әдет-ғұрып, тұрмыс –тіршілігімен сабақтасқан ежелгі дәстүрдің ізі екенін көреміз. Расында, «ығысын тауып, ыңғайымен қолданған жағдайда эвфемизмдердің де әп-әсем роль атқаратыныны даусыз» [27, 243 б.] деген қазақ ғалымының пікірі осыған айғақ.

Жоғарыда келтірілген мысалдар адам баласының өмірден өткенін бейнелейтін және қазаны сыпайылап жеткізетін тәсілдердің яки тілдік-психологиялық тәсілдердің тек бір бөлігі.

Жазушының поэтикалық шеберлігін шыңдауға әсіресе, парсының классикалық әдебиеті мен оның аса көрнекті өкілдері: Хафиз Ширази, Әбдірахман Жәми, Сағди, Шейх Аттар т.б. ақындардың шығармашылығы зор үлес қосты. Мырза Хайдардың өзі осылардың арасында Әбдірахман Жәмидің және түркі шайыры Әлішер Науаидің есімін ерекше атап, олардан поэзия жөнінен көп нәрсе үйренуге болатынын айтқан еді. Мәселен, ол Абдолғафур Ларидің «Нафахат әл-унс» туралы түсіндірмесінен мына деректі мысалды келтірген:

«Мәртебелі Маулана [Жәми] өмірінің басынан соңына дейін тұспал (аллегория) бейнелер әлемінде ғұмыр кешті, әрі үнемі оның жүрек патшалығында махаббат әуенінің сазы үкімет дабылын қағып жататын-ды» [10, 225 б.]. Осы үзіндінің өзі Мырза Хайдар шығармаларындағы біз айтып өткен аллегориялық образдар мен тылсым бейнелердің жасалу тәсілдерінде Жәмидің поэтикалық еңбектерінің де ролі айрықша болғандығын айғақтайды.

Әрине, Орта ғасырдағы түркі дүниесі, қазақ, моғол басқа да бұрыңғы Алтын Ордадан бөлінген ұлыстары мен кәрі Азия құрлығының көптеген аймағында Жошы, Темір, Шағатай ұрпақтары арасында өзара билік пен жиһангерлік соғыстары жүріп жатқан алмағайып шақта Мырза Хайдар шығармасы бірыңғай сопылық ағымның тізгінінде кетті деуімізге де болмас. Академик С.Қирабаев өзінің Мағжан Жұмабайұлы жайында қайшылықты дәуірде өмір сүрген ақын шығармашылығы оқырманын қаншалақты ауыр сезімге бөлесе, соншалақты қазақ халқының жүрегінен жылы орын алады. Ол – сол дәуірдің әдеби процесінің бөлінбейтін бөлігі болып табылады» [2, 134 б.] деп жазған болатын. Дәл осы пікірді өзгертпестен Мырза Хайдар шығармашылығына байланыстыра айтсақ, еш артық еместей көрінеді.

Қазақтың тырнақалды төл прозалық мұрасы – «Тарих-и Рашидидің» тілі мен көркемдік табиғатында өз ұлтымыздың әлеуметтік және мәдени өмірінен сыр шертетін әдемі де әсерлі көріністерді шығармадан көптеп кездестіреміз. Әсіресе, күн сайын нығайып келе жатқан, қазақ хандығы мен оның баһадүр билеушісі Қасым хан сахара көшпелілерінің жауынгерлік рухы, елдің этнографиясы туралы баяндаулары ерекше көркем, бояуы қанық нақышты бейнелеулермен назар аударады.

«Тарих-и Рашиди» ғұмырнамалық шығармасының әдеби ерекшеліктерін, оның жанрлық сипатын саралау жұмыстары енді басталады. Көптеген Орта Азия және Қазақстан зерттеушілері Мырза Хайдар еңбектері туралы ғылыми-зерттеу ізденістерін жүргізуде. Қазақ ғалымы, профессор Ж.Смағұлов «Абайтану белестері» атты еңбегінде: «Абайға баратын жол – ұзақ жол. Ол ешқашан таусылмайды. Заман өзгерген сайын сезіміне еркіндік самалы есіп, ақыл-есі желпінген сайын ұлы ақынның өлмес мұрасы да жаңа  бір қырынан ашылып, жарқырай түспек [29, 129 б.] – деген болатын. Сол сияқты Мырза Хайдар шығармасының әдеби-жанрлық, тарихи-эстетикалық жақтарын зерттеу мұнымен тоқтамаса керек.  

Төртінші бөлім «Тарих-и Рашиди» шығармасындағы поэзия жанрлары» деп аталады.

          «Рубаи» тарауында аталған өлең жанрының Мырза Хайдар шығармасында атқаратын әдеби қызметі талданған.

Рубаидың басты ерекшелігі – төрт «мысрадан» тұрады. Бірінші, екінші, төртінші мысралары ұйқас келеді. Рубаидың үшінші мысрасы да басқа мысралармен  ұйқасса, әрине, рубаидың әуенділігі арта түседі. Төрт мысраның ұйқасы бірдей келетін рубаилар да парсы поэзиясында жеткілікті түрде жырланған. Оны сопы ақындар Әбдолла Әнсари және Фәрид-ед-дин Шейх Аттар Нишабуридың шығармаларынан көре аламыз [4, 40 б.]. Төрт мисрасы, яғни шұбыртпалы ұйқас (аааа) рубаи «тұйық» деп аталады [30, 435 б.].

Рубаи мазмұндық тұрғыдан, көбінесе, философиялық, сопылық және лирикалық тақырыптарын қамтиды. Философиялық үлгілерін Омар Хәйямның рубаиларынан, сопылық сарынын  Әбусаид Әбу-л-Хайыр, Фәрид-ед-дин Шейх Аттар Нишабури, Абдолла Әнсари және Маулана Руми сынды сопы ақындардың рубаиларынан, лирикалық рубаиды Рудаки сынды шығыс шайырларынан таба аламыз [26, 288 б.]. Омар Хәйямның рубаилары философиялық түріне жатады. Бірақ та философ, ұлы хаким, математик, данышпан Хәйямның ел ішінде, әсіресе, Еуропа мен Ресейге тараған рубаиларының көбісі өмірдің мағынасыздығын дәріптейді.

Парсы ақындары рубаиды аруз ережесі бойынша жырлайды. Бұл негізінен: «мәфуло, мәфаило, мәфаилон, фә» уәзініне сәйкес келеді. «Уәзін»  деген сөз өлең ырғағының үйлесімін реттейтін өлшемге айтылады. Парсы поэзиясының уәзіндік өлшемі дыбыстың созыңқы және қысқа болуына байланысты. Мәселен, рубаидың жоғарыда айтылған уәзіні былай жіктеледі:

Созыңқы (-), қысқа (ү) дыбыстарды мына шартты белгілермен көрсеттік.

Мәфуло: - , - , ү.

Мәфаило: ү - - ү

Мәфаилон: ү - - -

Фә:  -


Пішін (форма) жағынан рубаиға ұқсас екі бәйіттік өлең түрі бар. Бұл парсы әдебиетіне тән  өлеңді арабтар «әдду бәйіт» деп өздерінің  поэзиясына енгізген. Оның рубаидан айырмасы «мәфаилон, мәфаилон, фәулон» уәзінімен жырлануында:

Мәфаилон: ү - - -

Мәфаилон: ү - - -

Фәулон: ү - -

Парсы әдебиетінде рубаимен қатар төрт жолдан тұратын бір шумақ өлең түрі бар. Оны «добәйти» (екі бәйіттік) деп атайды. Кейде оны да рубаи деп атай береді. Мәселен, Баба Тәһирдың мына «добәйтиі»:

Көктем еді жастық та, өтті де кетті,

Бедел бізде болған-ды, өтті де кетті.

Достық болған арада біз бен сіздің,

Ол да жаңа көктемдей, өтті де кетті [26, 289 б.].

«Добәйтидің» авторы белгісіз. Ел арасына, әсіресе, ауылдықтар мен шопандар арасына кеңінен тараған түрлері бар.

Жалпы алғанда рубаи өзіндік ерекшелікке ие. Онда рубаидың бастапқы үш мысрасы алғы сөз іспеттес те, төртіншісі, яғни соңғы «соққы мысра» айтар ойдың нәтижесі болып шығады. Мәселен, Шейх Аттардың сопылық сарынындағы рубаиы:

Шарықтап құпия әлеміне  ұшқан құс едім мен,

Төмендесе кей құсың биіктетіп беремін мен.

Жан таппадым сырласуға көп кірген есігімнен

Жанымды жеп мұң-қайғы қайта сыртқа шығамын мен [26, 289 б.].

Төрт мысрасы да ұйқасқан бұл рубаи сопылық дүниенің сырына қанық Аттар сынды шығыс жұлдызының поэзиясы. Мұнда Жаратушының сырлы әлемінен пыр етіп келген жан, пәни өмірінің еңісінен қаншалықты биіктегенімен, жүрген жолының құпиясын ешкіммен бөлісе алмайтынын жырлай келе, қайта шыққан тегіне жол тартқанын айтып түйіндейді.

Түйіндеп айтқанда, парсы әдебиетінде төрт жолдық шумақ «мәфуло, мәфаило, мәфаилон, фә» өлшемімен жырланса «рубаи» аталады. Рубаи жанры Мырза Хайдардың шығармасына да өзек болған.

Мырза Хайдар еңбегінің «Әкем Мұхаммед Хұсейін Гургеннің <Алла тозақ отынан құтқарғай> Шаһибек ханнан Хорасанға қашып баруы және оған қатысты бірнеше әңгіме» [10, 210 б.] атты тарауында сопылардың пәк иманын сөз етеді. Сонымен қатар Қожа Абдолла Әнсаридың гауһардай сопылық өсиетін тілге тиек етеді. Әрі өзінің ұлық сопыларды қалай сыйлай алатынын өлең жолдарымен өрнектейді.

Рубаи:

Жаным, сенің есімің мәңгі өшпесін есімнен,



Жүрек сорлы: "Сүйгенім – жалғыз өзің" десін де.

Менің бүкіл тірлігім өзің болып көктесін,

Әрбір сөзің, лебізің құлағымнан кетпесін! [10, 213 б.] –

деп  таза сопылардың  мәңгі құрметке лайық екендігін жырлайды.

Мырза Хайдар өмір тәжірибесіндегі оқыған-тоқығандарының арқасында  адамнан, жалған дүниеден опа көре алмайтынын сезіп, Аллаға сиынады.

Рубаи:


Алғыс айта алмадым – тұрса да ол миымда,

Кешір дер ем сол үшін, ол бәрінен қиын да.

Алғыс айтпай өзіңе үнсіз қалсам, қиналам

Сол қиналу мазамды ап, ауыр тиді шынында [18, 321а]!

Мырза Хайдар еңбегіндегі рубаилардың мазмұны да жанрына сәйкес автордың дүниетанымын әрі философиялық ойларын жыр етеді.

«Рубаи» жанрының үлгілері түркілердің арасында кеңінен тараған. Түркінің төрттағаны - пішіні шағын да сұлу, мазмұны терең де асау, әрі қарапайым сөздермен өрнектелген тартымды өлең түрі. Оны біз Махмұт Қашғаридің «Түрік сөздігі» кітабындағы «Алып Ер тоңаны» жоқтау шумағынан  анық көре аламыз.

- Алып Ер Тоңа өлді ме?

Жалған дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар [31, 70 б.]

Немесе:

Көркем тоңды өзіңе,



Тәтті асыңды өзгеге.

Қонағыңды құрметте,

Даңқың жайсын еліңе [31, 74 б.]

Тіпті, Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің бір сыпырасы түркілік төрттаған негізінде жырланғанын айтуға болады. Намық Кемал Зейбек  «Қожа Ахмет жолы және таңдамалы хикметтер» атты кітабында Йасауидың «төрттаған» және «қосарланған төрттаған» түрлерін көп пайдаланғанын көрсетеді. Мысалы:

Рахметіңнен мақрұм қылма мендей ғаріпті,

Тынбай, жылап дұға қылайын таң сәріде.

Түн болғанда безер болып таң атқанша,

Ілмей көзді, жылап дұға қылайын саған [32, 245 б.].

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (1882-1939) өмір туралы бірқатар төрттаған [33, Б.453-454] өлеңдерін рубаи пішінінде жырлады. «Оқ» атты төрттағанда:

Жасыңда жаңа соққан пышақтайсың,

Қаржалып, қартайған соң, ұсақтайсың.

Өкпеңнен өлім оғы өткен күні –

Көз жұмып, қара жерді құшақтайсың, –

деп өмірдің философиялық ой-түсінігін аңғартады. Расында, рубаи деп аталып кеткен бұл өлеңдер қазаққа ежелден мұра болып қалған төрттағандар десек жөн болар. Өйткені, Тұрмағамбет төрттағандарды ежелгі түркілік жәдігер ретінде жатсындырмай, әдебиетімізге қайтарып алып келген ұлы ақындарымыздың бірі екені мәлім.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет