1.3 Фразеологизмдердің стильдік қызметі
Тіл мәдениетінің бастауы – фразеологизмдер. Әрбір қазақ үшін – тіл мәдениетін меңгеру міндеттерінің бірі – дұрыс сөйлеу, образды сөйлеу дағдысын қалыптастырудағы тұрақты тіркестердің рөлі ерекше. Бұл ретте фразеологизмдер белгілі бір тілдік мұқтаждықты өтейді [25, 269 бет].
‟Фразеология” дегеніміз, біріншіден, ‟тілдегі барлық фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы”, екіншіден, ‟фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы”. Ал фразеологизм дегеніміз – құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын тұрақты сөз тіркесі. Мұнда тіркес құраушы сөздер өздерінің бастапқы тура мағыналарынан мүлдем немесе жарым-жартылай айырылып, өзара жымдаса келіп, бір ғана фразеологиялық жалпы мағынаға ие болады. Бұл мағынаға ауыспалылық пен бейнелілік тән.
Қазақ тілі қазынасындағы тұрақты тіркестердің релеванттық қасиетін айқындау, қазақ фразеологизмдерін іштей саралап бөлу, сондай-ақ фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, фразеологизмнің құрам сипаты және компоненттердің байланысу түрлері, фразеологизмдердің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдердің сөзден және мақал – мәтелдерден айырмашылығы мен оларға ұқсас тұстары, фразеологизмдердің грамматикалық сипаты, бірнеше фразеологизмдердің жасалуына арқау болатын ұйытқы сөздер, фразеологиялық калька сияқты фразеологияның көкейтесті мәселелерін қазақ тіл білімінің күн тәртібіне қойып, қазақ фразеологиясының бағыт – бағдарын саралаған, осы саланың дербес пәнге айналуының негізін қалаған ғалым академик І.Кеңесбаев болды. А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздықова тәрізді қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері қазақ фразеологиясының дербес пән болып қалыптасу, даму жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге ат салысты.
Фразеологизмдерді топтау мәселесі І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Жайсақовалар қазақ фразеологизмдерінің құрамдық сипатын ашып, семантикалық – тақырыптық аясын белгілеп, топтастыру принциптерін айқындады. Р.Сыздықова Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазақ фразеологизмдерінің поэтикалық тілдегі жұмсалу өрісін зерделеп, авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің жасалу механизмін көрсетті. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев еңбектерінде қазақ фразеологиясының теориялық мәселелері жинақтала сөз болды. Р.Сәрсенбаев зерттеулерінде фразеологизмдердің мақал – мәтелдермен, нақыл сөздермен ара – қатысы айқындалды.
Бүгінгі қазақ фразеологиясында зерттеудің үш түрлі бағыты орын алып отырғаны байқалады. Біріншісі – қазақ фразеологизмдерін таза тілдік тұрғыдан бір тіл аясында зерттеу. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе фразеологизмдерді лексикографиялық өңдеуден өткізудегі І.Кеңесбаевтың ‟Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” (Алматы, 1977), Ә.Қайдаровтың ‟Мың әсерлі де бейнелі орамдар” (Астана, 2003) сияқты еңбектерін, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін, т.б. архитектоникасын талдап ашып берудегі С.Сәтенованың ‟Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты” (Алматы, 1997) атты зерттеуін, фразеологизмдердің варианттарын көрсету, синонимддік қатарын анықтаудағы Г.Смағұлованың ‟Фразеологизмдердің варианттылығы” (Алматы, 1996), ‟Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық – мәдени аспектілері” (Алматы, 1998) тәрізді еңбектерін атап айтуға болады. Р.Сыздықованың ‟Сөздер сөйлейді” (Алматы, 1994), Н.Уәлиевтің ‟Фразеология және тілдік норма” (Алматы, 1998) сияқты еңбектерде көптеген фразеологизмдер этимологиялық тұрғыдан талданып, олардың құрамындағы мағынасы күңгірттенген, тіптен мүлдем белгісізденіп кеткен сөздердің мән – мағынасы ашылды. Қазақ фразеологизмдері фразеологиялық бірлікті жасауға ұйытқы болатын сөздер негізінде соматикалық фразеологизмдер, фитофразеологизмдер, сан – мөлшер фразеологизмдері, зоофразеологизмдер, антропонимдік фразеологизмдер деп семантикалық – мағыналық топтарға, тақырыптарға топтастырып арнайы қарастырылуда.
Қазақ фразеологиясындағы үстем болып отырған екінші бағыт – қазақ тілінің фразеологиялық бірліктерін орыс, ағылшын, неміс сияқты болмыс бітімі, құрылымы бөтен тілдердің фразеологизмдерімен салғастыра зерттеу ісі. М.Х.Абилғалиева, М.А.Сыздықова, М.А.Жақсыбаева, т.б. зерттеулерінде тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді айқындау, интернационалдық фразеологиялық қорды анықтау, салғастырылушы тілдер фразеологиясындағы ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерді саралау және ұқсастықты тудырушы факторларды айқындау мәселелері көрініс тапты. Бұл орайда Г.Сағидолданың қазақ және монғол фразеологизмдерін тіларалық деңгейде салыстырған ‟Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны” (Алматы, 2003) атты еңбегін түркі – монғол салыстырмалы фразеологиясын қалыптастырудағы алғашқы бастама ретінде атап айтуға болады.
Қазақ фразеологиясындағы үшінші бағыт – фразеологиялық бірліктерді когнитивтік,этнолингвистикалық,лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттың дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным – түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тілі арқылы танып білуде аса маңызды.
Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағыттылған үшінші бағыт – ХХІ ғасыр ғылымының басты парадигмасы – антропоцентризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі [6, 57 – 60 бет]
Ғалым Ш.Сейітова өзінің 2009 жылы қорғаған ‟Қазақ этнонимдерінің тарихи – лингвомәдени жүйесі” атты докторлық диссертациясында орта жүздегі алты арыс ел – арғын, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат, найман, яғни Шығыс Қазақстан аймағында қоныстанған осы ру – тайпаға қатысты қалыптасқан атаулар мен тұрақты тіркестердің тарихи – тілдік табиғатын, уәждену ерекшелігін қарастырады. Ру – тайпа атауларынан, тарихи тұлға есімдерінен қалыптасқан тұрақты тіркестерді таксондық тұрғыдан жіктеп, лингвомәдени, этнолингвистикалық сипатын анықтайды [26, 4 бет].
Ғалым Р.Үрімова өзінің 2009 жылы қорғаған ‟Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдерінің этноқұрылымдық сипаты” кандидаттық диссертациясының ‟Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдері” атты тарауының ‟Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдерінің зерттелу жайы” деп аталатын бөлімінде диалектілік фразеологизмдердің зерттелуі жайында айтып өтеді. Қазақ диалектологиясында тұрақты тіркестерге алғаш көңіл аударып, олардың жеке аймақтарға тән сипаты профессор С.Аманжоловтың, Ж.Досқараевтың еңбектерінде ашылып көрсетілді. Диалектілік фразеологизмдер туралы ой – пікірлердің жалғасы Қостанай қазақтарының тілдік ерекшеліктерін зерттеген А.Байжоловтың (1963), Орда қазақтарының тілдің ерекшеліктерін зерттеген Ә.Бөрібаевтың (1964), Маңғыстау сөйленісіндегі тұрақты тіркестерді зерттеумен айналысқан С.Омарбековтің (1965), жоғары оқу орнына арналған ‟Қазақ диалектологиясы” оқулығындағы құрамында әдеби тілде жоқ сөздер кездесетін тұрақты тіркестерге ерекше тоқталған Ғ.Қалиев пен Ш.Сарыбаевтың (1991), қазақ тілі сөйленістерінің батыс тобындағы аймақтық сөз тіркестерін синтаксистік ерекшелік ретінде көрсеткен Ә.Нұрмағамбетовтің (1974), оңтүстік сөйленіске жататын Түркістан тұрғындарының ерекшеліктерін қарастырған Б.Жүсіпованың (2003) еңбектерінде берілген. Сонымен қатар, Қ.С.Қалабаева (1997), М.Атабаева (2006) еңбектерінде диалектілік фразеологизмдерге жүйелі талдау жасалған.
М.Атабаева диалектілік фразеологизмдер жайында былай дейді: ‟Диалектілік фразеологизмдер пайда болу, жасалуы жағынан алғанда, тілдің тарихымен өзектес, сондықтан диалектілік фразеологизмдерді жинау, зерттеу, сипаттау аймақтық лексиканың құрамы мен көлемі мәселесін ғана шешпейді, біріншіден, диалектілік тұрақты тіркестер – тіл тарихына қатысты шешімі табылмай жүрген сұрақтардың жауабын табуға септігін тигізе алатын сенімді дереккөз, олардың бойында дыбыстық, грамматикалық құрылыстың көне элементтері тұнып қалған. Екіншіден, диалектілік фразеологизмдер бойынан аймаққа тән сөзжасам және сөздердің түрлену жүйесі айқын көрінеді, үшіншіден, диалектілік тұрақты тіркестер әдеби тілдің фразеологиялық құрамын байытуға азды – көпті үлес қосады, төртіншіден, фразеологиялық тіркестер семантикасы ауқымды, терең, олардың мазмұнында этностың рухани мәдениетінің айшықты мағлұматтары жинақталған” [27, 9 – 10 бет].
Ғалым А.Нұржанова өзінің 2010 жылы қорғаған ‟Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды” деп аталатын кандидаттық диссертациясында қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдерді ‟тіл және адам” проблематикасы тұрғысынан өзектей отырып, олардың мазмұн межесін қазақ этносының дүние бейнесінде бекіген әлем туралы білімінің, өмірлік іс – тәжірибесінің соматикалық коды тұрғысынан зерттейді және ‟қарабайыр” санада орын тепкен ‟адам және оның дене мүшелері” туралы көне ұғым – түсініктердің тілдік көрінісін айқындайды [28, 5 бет].
Ой айқындылығы – әр сөздің орын – орынымен жұмсалу, құлаққа жағымды естілуі мен көңілге әсерлігі. Ана тілінің байлығы мен әуезділігін анықтауда фразеологизмдердің алатын орны ерекше.
Тіліміздегі фразеологизмдер халықтың өзімен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан көне дүниелер. Осындай ұзақ уақыт кемелінде фразеологизмдердің ішкі мазмұны да сыртқы құрылысы да сан түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Қалай десек те, өзге тілдік единицалар сияқты фразеологизмдерді де белгілі қызметіне қарай қолдану орны бар. Мынау фразеологизмнің варианты деп ауызекі тілде емін – еркін сөйлеп, әдеби тілде көсіліп жаза беруге болмайды.
Фразеологизмдер тілдегі тиянақты тіркестерді тексеріп зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Тілдегі барлық фразеологизм тіл байлығының тұтас жиынтығы. Фразеологизмге жатқызу үшін басты үш белгі болу шарт:
Достарыңызбен бөлісу: |